Патшалық Ресейдің әскери отаршылдық ұстанымы және оның қазақ-қырғыз қарым қатынасына ықпалы



Дата24.02.2016
өлшемі146.42 Kb.
#18117
ӘОЖ 94(574) « 1784 / 1825»

Патшалық Ресейдің әскери - отаршылдық ұстанымы және оның қазақ-қырғыз қарым - қатынасына ықпалы

Махаева А.Ш., Әл-Фараби атындағы , ҚҰУ, Алматы қ.

ХІХ ғасыр үлкен халықтар арасында жер шарын бөлу ғасыры болды. Осынау жер шарының бір бөлігі іспеттес – Жетісу өңіріне ықпал етуге ХІХ ғасырдың басында Қытай, Қоқанмен қатарласа Ресей де ұмтылған-ды. Қазақстанның батыс, орталық және солтүстік шығыс бөлігін бағындырып алған Ресей империясы үшін қазақ даласын отарлаудың біршама «тәжірибесі» жинақталып, қазақтың сырын алғандай болған тұс еді.

1794 жылы орыс генерал-майоры Я.В. Боувердің император Екатерина ІІ жолдаған мәлімдемесінде Абылай ханның ұлдары Уәли – бүкіл Орта жүзді, Әділ сұлтан Ұлы жүздің басым бөлігін алғанын, ал қалған ұлдары олардың өз қарамағынан бөліп берген жерде билік ететінін жеткізген [1, 2-п.].

ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасыр басында Жетісу мен Түркістан қазақтары Абылайдың алты ұлының билігінде болған. Абылайдың 30 ұлының ішінде Шағатай, Тоғай, Сүйік, Қамбар және Әділ оңтүстік өңірге ел билеуге жіберілсе керек. Бір атаның балалары болғанымен олардың саяси ұстанымдары әртүрлі болды. Өздері басқарып отырған рулардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ұлы жүздегі сұлтандардың біреулері – Қытай, екіншілері – Қоқан, үшіншілері – Ресей секілді елдердің көмегіне арқа сүйемек болды.

Саяси бытыраңқылық жағдайындағы қырғыз руларының да ХҮІІІ ғасырдың аяғында сыртқы саясатта бірыңғай бағыт ұстауға және әрекет қылуға мүмкіндігі жоқ болатын. Оңтүстіктегі (ішкілік) қырғыздар Қоқан хандығының, ал солтүстіктегі (арқалық) қырғыздар қазақ сұлтандарының және Қытай мен Ресейдің қолдауына ие болуға ұмтылды.

Ұлы Жүз қазақтары мен қырғыздарға өз ықпалын күшейте түсу үшін Қытай да, Қоқан да, Ресей де өздеріне іш тартқан рубасыларына түрлі шендер беріп, жалақылар тағайындап, сый-сияпат көрсетуден жалықпады. Соның нәтижесінде бір қазақ сұлтаны немесе қырғыз манабы бірнеше елдің шенін иеленді.

ХҮІІІ ғасырдың аяғына қарай патша өкіметі қазақ пен қырғыз руларының билеушілерін өз ықпалына тартуға батыл қадамдар жасай бастады. 1784 жылы Екатерина ІІ қол астындағы қызметкерлеріне Кіші жүз бен Орта жүз хандары жіберген елшілерді жылы қабыл алып, қазақ сұлтандары арқылы көшпелі елдер туралы хабар-ошар жинап тұрудың, әрі оларды ыңғайына қарай орыс ықпалына тарта берудің және тұрақты байланыстар орнатудың қажеттілігін айтып, тапсырма береді.

1785 жылы қазақ сұлтандарының көмегімен алғашқы орыс-қырғыз байланыстары орнайды. Сарыбағыш руының биі Атаке Тынайұлы Ресейге жіберген қырғыз елшілігінің мақсаты Ресейдің саяси қолдауына ие болу және Ресейге Орталық Азия мен Шығыс Түркістаннан қатынайтын сауда керуендерінің бағытын қырғыз жері арқылы өтетіндей қылып өзгертуді сұрау болатын. Қырғыз елшілері – Әбдірахман Кучаков пен Шерғазы патшайым Екатерина ІІ қабылдауына 1 жылдай кіре алмай, көп күтуге мәжбүр болады. 1786 жылдың соңында елшілердің бірі сырқаттанып қалып, қырғыз елшілігі тек 1788 жылы ғана Петербордан аттанып кетеді. Оған дейін, яғни 1787 жылы қазанда Омбыдан М. Агаферов пен қазандық көпес А. Нұрмамедовтің сауда керуені қырғыз елшілерінің өтінішіне қайтарылған жауап хатты алып, қырғыз еліне қарай жол тартады. Орыс керуені Шудан өтіп, Ыстықкөлге жетіп, Атаке биге хатты салтанатты түрде табыс етіп, қырғыздар туралы хабар-ошарды жинай қайтады. Бірақ қайтар жолда олар қазақтардың, атап айтқанда, орта жүздің сұлтаны Құдаймендінің төлеңгіттері Тәңірберді мен Аққошқар тарапынан тонауға ұшырап, жапа шегеді.

Алғашқы елшілердің жайын білуге асыққан Атаке би олар оралмай жатып-ақ екінші қырғыз елшілігін Ресейге аттандырып жіберген болатын. Сатымбай бастаған екінші қырғыз елшілігі Омбыға жеткенде, М. Агаферов бастаған орыс керуенін Атаке бидің балалары тонапты деген қауесет те омбылық басшылардың құлағына жетіп, Петербордан жеткен бірінші қырғыз елшілігі де, екінші қырғыз елшілігі де 1788 жылы көктемде Омбыда қамауға алынады. Тергеу жұмысы 1793 жылы аяқталып, қырғыздардың орыс керуенінің тоналуына қатысы жоқтығы дәлелденіп, қырғыз елшілері кері қайтады. Ресейге барған бірінші және екінші қырғыз елшілігі, осылайша, нақты келісімдерге қол жеткізе алмай қайтады.

ХҮІІІ ғасырдың аяғынан бастап Батыс Қытаймен сауда жасай бастаған орыстар бұл жақтан үлкен пайда түсетінін біліп алған соң, керуен жолдарына үстемдік етуге деген қызығушылығы арта түсті.

ХІХ ғасырдың басында Батыс Қытайға бірнеше ғана керуен жіберілген, бірақ керуен кері оралып, Ресейге аман-есен жеткенде ірі түсім әкелген. 1813 жылы Шәуешек, Ақсуға жіберілген бір керуен 1814 жылы 1 млн. сомның қытайлық тауарды жеткізіп, Кяхта сауда айналымымен салыстырғанда өте үлкен пайда түсетінін көрсеткен [2, с. 770]. Сондықтан орыс үкіметі Шығыс Түркістанға баратын сауда жолдары өтетін Ұлы жүз қазақтары мен арқа қырғыздары жеріне қызығушылық танытып қана қоймай, олардың билеушілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылды.

1813 жылы Сібір желісіндегі әскерлердің бастығы Г.И. Глазенаптың нұсқауымен қазақ даласы арқылы Ыстық көлге және Шығыс Түркістанға М. Ниязов деген көпестің керуені жөнелтілді. Керуен иелерімен бірге арнайы тапсырмамен аудармашы А.Л. Бубеннов та аттанып кетті. Оған керуен жолындағы қазақ, қырғыздарды Ресей ықпалына тарту және мәліметтер жинау тапсырылған болатын. Г.И. Глазенап 1813 жылы қырғыз билеушілеріне және Ұлы жүз сұлтаны Әділ Абылайхановқа хат жазып, Қашқар сауда жолымен жүрген орыс керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және сол үшін барлық жағдайды жасауды сұрады [2, с. 393]. Қырғыздың бұғы руының Шерәлі, Шапақ және Есім сияқты билері орыс керуенін жылы қабылдап, А.Л. Бубенновпен бірге қырғыздың Жақыпбек Ниязбекұлы және Качыбек Шерәліұлы бастаған жаңа елшілігін Омбыға аттандырды. Қырғыз билері Г.И. Глазенаптың хатына орай орыс керуендеріне ешқандай қысым жасамай-тындарын, оларды қорғауға алып, қажет жерге дейін шығарып салатындарын айтып, А.Л. Бубенновтен жауап хаттарын да қоса беріп жіберді. Ал қырғыз елшілері Омбыға барып, «ақ патшаға қарауға қырғыздардың атынан ант беруі» тиіс болды.

Орыс керуендері Семейде жасақталып, Қытай сауда орталықтары болып есептелетін Құлжа, Шәуешекке баратын, бірақ мұндағы сұлтандар олардан үлкен салық алып отырған. Сондықтан оларды Ресей ықпалына көндірудің маңызы зор-тұғын. «Қырғыздың басты және беделді билері Шерәлі мен Ниязбекті саналы түрде көндірген соң, біздің жаққа бет бұрды, біздің керуендерді әрдайым өткізуге, салық алмауға міндеттенді және мұны дәлелдеу үшін өздерінің ұлдарын Шерәлі – Качыбекті, ал Ниязбек Жақыпты жіберді, олар мені өздерінің ордасында орыс адамдары ешқашан болған емес деп сендірді» [2, с. 584],– деп әңгімелейді орыс шенеунігі Г.И. Глазенап. Ол, тіпті, қырғыз өкілдеріне беретін сыйлық болмай қалып, қазақ сұлтандары Сыздық пен Сарт және Әбілғазыларға арналған медаль мен алтын жүзікті сыйлап жібергенін де жасырмайды.

Өз ордаларында ешқашан орыс адамын көрмегендерді «саналы түрде сендіргендер» патша өкіметінің отарлау саясатына қызмет етуші татар молдалары мен саудагерлері болатын.

ХҮІІІ ғасырды соңында татар элитасы мен ресейлік мемлекеттің арасында тарихи ымыраға келуге қол жеткізілді. Исламның ресми статусы мойындалды. Ішкі Ресей мен Сібірдің мұсылмандары барынша шашыраңқы түрде болса да діни автономия алды. Қазақстандағы мұсылман мен басқа жердегі мұсылмандар бір әкімшілік бірлікке қарады. Татар элитасы қазақ даласында, Орталық Азияда және басқа бірқатар мұсылман мемлекеттерінде Ресейдің сауда және саяси тыңшысы қызметін атқарды [3, с. 61-62].

«Патшайым Екатеринаның қазақтарды Орынбор духовный собраниесіне қаратудағы мақсаты, – деп көрсетті Б.Қаратаев, – қазақ арасында ислам дінін тарату емес еді. Ол жалғыз-ақ Қазақ ордасы менен ішкі Россияның бір-бірімен жанасымды, жарасымды болуына ұмтылады, солай болғанда қазақтар өздерінің қарындасы болған татарлардың қызметін пайдаланатын еді» [4, 211 б.].

Орынбор мүфтилігінен келген молдалар тіпті өздерінің рұқсатынсыз мешіт салуға да қарсы болды, мысалы, 1835 жылы Семей қаласында ташкендіктердің өз қаражатына ескі мешітті қайта тұрғызуына барынша қарсылық көрсетіп, 37 жыл бұрын ташкендік, бұхарлық және басқа азиаттықтар қаражатымен салынған мешітті жауып қоюға дейін барған [5, с. 112-114].

Екатерина ІІ Орынбор мұсылмандар Діни басқармасын құруда сыртқы саясатты да көздеді. Мүфти Мұхамеджан Хусеиновке алдын ала Қазақстан мен Орта Азияда ресейлік мүддені қорғау жұмысы тапсырылды. Мұхамеджан өзін «қырғыз-қазақ мүфтиімін» деп атады. Одан өзге елшілер мен барлаушылар ретінде татар молдалараның белсенді тобы тартылды. Оларды қызметіне қарай екі түрге бөлуге болады: молдалардың ірі бөлігі сансыз медреселерде өз білімін көтергенсіп, ортаазиялық қалаларда тұрақтап тұрды да, екінші тобы саудагерлер ретінде олардан алған мәліметтерді ары-бері жеткізіп тұрды. Мемлекет тарапынан діни адамдардың бұл қызметіне мол ақы төленді. Қазақ, қырғыз арасына сенімді молдаларды жіберудегі мақсат ортаазиялық хандықтар тарапынан жіберілген діни адамдардың Ресейге қарсы үгіт-насихатына қарсы тұру болды [6, с. 29].

Орыс-түрік соғысы жүріп жатқанда татар молдалар мен ортаазиялық молдалар арасы қатты шиеленісті. Себебі, мүфти қазақтарды тыныштық сақтауға, Ресейге бағынуға шақырды, ал қазақ билері мүфтидің бұл нұсқауын Бұхара мен Хиуа үлемдеріне сынға салуға жіберді. Олар мүфтидің барлық мұсылмандардың бас азаны – Түрік сұлтанына қарсы әрекетін қатты айыптады [7, с. 30].

Қазақ жүздері үшін молдаларды даярлау, ахундар мен мүфтилердің қызметін бекіту патша үкіметінің отаршыл саясатының нәтижелі әдісі болды [8, 196-п.].

Орынбор мұсылман діни басқармасын құрудағы мақсат мұсылмандардың көңілін аулау, екінші шеті оларға патша өкіметінің билігін бекіте түсу еді.

Жетісудағы қазақтар мен қырғыздарды Ресей жағына тартуда татар молдаларының, көпестерінің саяси тыңшы, үгіт-насихат жүргізуші және идеология таратушы, аудармашы, әрі жол көрсетуші ретіндегі ролі жоғары болды. Мысалы, Жетісуда ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ Ресейге бүйрек бұрған жалайырлардың сұлтаны Сүйік Абылайхановқа татар молдалары мен көпестері Ресейдің қуаттылығы жөніндегі пікір-кеңес беріп, оның патшаға баруына үгіттеген. Әсіресе, 1817 жылы Жетісуға сауда-саттық жасауға келген тобылдық татар көпесі Сапар Құрбанбақиев Сүйік сұлтанды үгіттеуге көп еңбек сіңірген. Епті, әрі іскер С. Құрбанбақиев Сүйік сұлтанмен жақын танысып алған соң, түрлі тартулар жасап жүріп, оның сеніміне кіре білді. Алғашында жергілікті халықпен сауда-саттық нашар жүрді, бірақ бұл қиындықтан да шығудың жолын тапқан С. Құрбанбақиев тауарларын қарызға тарата жүріп, қазақ, қырғыз арасында танымал адамға айналып, бір жылдай тұрады. Өзінің де Құлжа жаққа барғанда қырғыздардың шабуылына ұшырағанын айтып, С. Құрбанбақиев Сүйік сұлтанды қырғыздардың барымтасынан және Орта жүз қазақтары шабуылдарынан орыс боданы болсаң, ақ патша қорғайды деп сендіріп бақты. Ақыры, Сүйік сұлтанды айтқанына көндіріп қайтқанын жеткізу үшін Омбыға келеді. 1818 жылы С. Құрбанбақиевтің айтқандарының растығына көз жеткізіп қайту үшін аудармашы Хасан Сейфуллин Ұлы жүз жеріне жіберіледі. Ол Ұлы жүз жерін еркін аралап, Сүйік сұлтанды және оның қарамағындағы билерді орыс бодандығына өтуге ант бергізіп қайтады. Қайтар жолда Омбыға Сүйік сұлтанның баласы Жанқожаны және бірнеше билерді ілестіре келеді.

1819 жылы Сүйік Абылайханов пен қырғыз билеріне тигізген осы ықпалы үшін бірқатар татарлар: ағайынды Сапар мен Құрбанқұл Құрбанбақиевтер, семейлік көпестер - Әбілғазы Ғұмаров пен Хамит Әміров, аудармашы Хасан Сейфуллиндер алтын медальмен марапатталды және Хасаннан басқасы 10 класты шенге ие болады. Татардың Файзулла мен Сейфулла сияқты саудагерлері де сый-сияпатқа бөленді [8, 6-п.].

ХІХ ғасырдың 20 жылдары қазақтар мен қырғыздар арасында табысты сауда-саттық жасай жүріп, олар ел ішінде Ресейдің басқару тәртібінің пайдалы екенін (1822 жылы Орта жүзде енгізілген «Сібір қазақтары туралы жарғы») және қажет екенін түсіндірумен бірге, қырғыз билері мен қазақ сұлтандарын, соның ішінде Сүйік Абылайхановты, Мәмбет Әліпбековты, Қамбар Ибақовты Ресей бодандығына өтуге және округ ашуға келістірген [9, 6-п.].

Тек Әділ сұлтанның ұрпақтары Ресей бодандығына түсуден қашқақтаған.

Файзулла Сейфуллин қазақ-қырғыз билеушілеріне орыс өкіметі жіберген сый-сияпаттарды, хаттарды әкеліп тапсыру жұмыстарын тыңғылықты орындаумен қатар Омбыға барған қазақ-қырғыз өкілдерінің жол шығынын да өзі көтеріп жүрген [10, 377-п.]. Кейін ол шығыны орыс өкіметі тарапынан қайтарылып берілген. Оның тіпті, 1813 ж. орыс өкіметі атынан қырғыз билерін Омбыға шақырғаны да мұрағат құжаттарында айтылады [11, 21-п.].

Қазақ-қырғыз арасындағы пайдалы жұмысы үшін Файзулла Ноғаев 1828 жылы тархан атағын алады [10, 376-п.]. Оның тархан атағын алуына қырғыз манаптары көп септіктерін тигізген. Қырғыз манаптары өздерінің Омбы облыстық бастығы С.Б. Броневскийге жолдаған хаттарында Файзулланың қырғыздың бұғы руымен орыс өкіметі арасындағы байланысты жолға қоюдағы еңбегін ерекше бағалап, марапатталуын өтініп сұрайды [10, 376-377-пп.].

Қырғыздар мен Омбыдағы орыс әкімшілігі арасын жалғауда, қырғыздарды орыс ықпалына тартуда қазақ сұлтаны Сүйік Абылайұлының да еңбегі зор болды. Ол қырғыздар арасында татар молдалары, саудагерлерімен және өзінің ұлы Жошымен, сондай-ақ Әли сұлтанның өкілі Үйсінбай Шүкірұлымен бірге көп үгіт жұмыстарын жүргізді. Сүйік сұлтан қырғыздардың Ресейге елшілік жіберуіне өзінің себеп болғанын 1824 жылғы хатында нақтылап көрсетеді [10, 93-103-пп.]. Қырғыздардың билері де: «Осы үш кісінің (Ф. Сейфуллин, П.А. Пиленков және Әли төре Әділұлының атынан келген өкіл – Үйсінбай Шүкірұлының) үгітіменен біздің ел-жұртымыз балаларын, өкілдерін елшілікке жіберді» [11, 246-п.], – деп баяндайды.

Министрлер кабинеті татар молдалары мен саудагерлерін ғана емес, олардың айтқанымен жүріп, қазақтар мен қоса қырғыздарды да орыс ықпалына тартуға, икемдеуге өз жәрдемін аямаған, орыс билігіне көп үміт артқан Сүйік Абылайхановқа 1819 жылы 18 қаңтарда 8 класты шен, көгілдір баулы алтын медаль және бөрік пен шапан (кафтан), Жанқожа Сүйікұлына Александр ленталы алтын медаль тапсырады [10, 100-п.].

Қазақ даласында өз ықпалын күшейте түсу үшін 1775 жылдың 24 наурызынан бастап патша үкіметі өзіне керек болар деген хандар мен сұлтандарға әскери шен беріп, орыс князьдерімен теңестіріп, көптеген жеңілдіктермен қамтамасыз ете бастады. Орыс әскери шенін алған қазақтар кәсіпқой әскерилер болмаса да мемлекеттік қызметті әскери тұрғыда атқарды.

Қазақтар арасынан ең алғаш орыс әскери шенін иеленген секунд-майор Серғазы Қайыпов болуы мүмкін деген ғылыми болжам да бар [12]. «Ал Ұлы жүз қазақтары арасында алғаш рет орыс әскери шенін алған Абылай ханның кенже ұлы – Сүйік сұлтан Абылайханов болды [13, 172 б.], – деп әңгімелейді Қ. Халид .

Ресей империясындағы әскери шен кіші офицерлік, аға офицерлік және жоғарғы офицерлік болып 3 топқа бөлінді. Ал 1814 жылы қырғыз елшілері – Качыбек Шерәліұлы мен Жақыпбек Ниязбекұлы және 1819 жылы Сүйік сұлтан Абылайханов алған капитан шені аға офицерлік топқа жатқан.

«Сүйік Абылайхановтың мешіт салу туралы өтінішін орындау оның Ресейге деген сенімі мен адалдығын бекіте түседі және Ұлы жүз қазақтарының ақыл-ойына лайықты әсер етеді» [10, 100-п.] деп шешкен Әскери Министрліктің шекаралық істер бөлімі 1821 жылы қазына есебінен Қасиетті Құранды сатып алу үшін 191 сом 15 тиын бөледі, ал бірақ мешіт салу ісі кейінге қалдырылады.

1821 жылы Әділ сұлтанның ұрпақтары атынан Ерәлі Әділов, Мұхамедәлі Ибақов және Орта жүздің найман руының сұлтаны Сайбақ Жабаев Омбыға келіп, өздерінің орыс патшасы қарамағына өтетіндіктерін және ант қабылдау үшін бір молданың жіберілуін сұраған. Бұл өтініштің анық-қанығын білу үшін 1823 жылы аудармашы Крайкин мен Тасболат молда Бекболатов бастаған 5 кісі Ұлы жүз жеріне келіп, 14 сұлтаннан және бірнеше билер мен беделді кісілерден, барлығы 33 адамнан ант қабылдап қайтады. Олардың өтінішін Александр І патша 1924 жылы 13 мамырда арнайы жарлықпен бекітеді. Сыртқы істер министрлігінің меңгерушісі болып қызмет еткен К. Нессельроденің мәлімдеуінше, Әділ сұлтанның ұрпақтары қарамағында 165 мың ер кісі, 630 мың ірі қара мал және 3 млн. ұсақ мал болған.

1824 жылы жаздың басында Омбыда бірнеше күн болған Сүйік Абылайханов өзі басқарып отырған үйсіндердің көп малын айдап әкеткен көршілеріне шағым жасап, қайтарып беруге жәрдем сұрайды. «Осы сәтті қалт жібермей, – делінеді мұрағат құжаттарында, – Омбы облыстық бастығының қызметін атқарушы полковник Броневский Сүйікті даладағы басқару тәртібінің пайдасы жөнінде әңгімеге тартып, оның қонысында сыртқы округ ашуға келісуге шақырды. Сұлтан бұл ұсынысқа сыпайы түрде келісті және өзіне қарайтын үйсіндерді құрайтын халықпен (50 мыңнан асатын ер азаматы бар) Ресей басқаруына кіруге тілек білдіріп, 200 адамдық әскер жіберуді өтінді [14, 100-п.]. Бұл құжаттың екінші қыры Броневкийдің Ұлы жүз жерінде сыртқы округ ашуға Сүйікке ұсыныс жасап, бірінші болып бастама көтергенін көрсетеді. Құжатта Сүйіктің бұл әңгімеге дайындығы бар екені де айтылады. Сұлтанды «дайындаған», әрине, жоғарыда айтылған татар саудагерлері мен татар молдалары болатын. Сүйіктің қызметіндегі Мұсағид Иманов пен Абдулла Маклюкев секілді екі молда да, үкімет тарапынан сыйлық алуларына қарағанда, аз еңбектенбесе керек.

Қытайдың Аягөзге дейінгі жерге өз меншігі деп қарап, шекаралас қазақ, қырғыздан жылқы алып отырғанын білетін патшалық Ресей үкіметі көршілес империямен қарым-қатынасты бірден шиеленістіріп алмай, мәселені асықпай шешуді ұйғарды. Сондықтан Азиялық департамент Броневскийдің Жетісу жерінде тездетіп округ ашу керек деген ұсынысын қабылдамай тастады.

Алайда Сүйік сұлтанның орыс әскерлерінің Жетісуға келуіне келісімі алынған соң, орыс үкіметі енді маңызды керуен жолдары өтетін Ұлы жүз қазақтары жеріне әскери экспедиция жіберіп, бекініс салуды және онымен көршілес қырғыз жеріне де ықпал етуді ойластырады.

«Ұлы жүз қазақтары істеріне араласуды қабылдау туралы» атты полковник Броневскийге 1825 жылдың 2 мамырында генерал-губернатор Капцевичтің бекітуімен берілген нұсқауда былай деп көрсетіледі:

«...Егер Орта жүз қазақтарына немесе қырғыздарға қарсы бұрынғы тоналғандарын айтып, әскер сұраса, онда тоналған нәрселеріңіз округ ашылғанда толық қайтырылады деп сендіре беру керек. Егер сіздер барған кезде барымта болса, онда жыртқыштардың соңына жайлап түсіңіздер» [14, 4-6-пп.]. Осыған үндес нұсқаулар қырғыз билеушілеріне де қатысты беріледі.

Сүйікпен қатар қырғыз билеріне де, «Ресей тарапынан сіздерге де қорғау қажет болса, өздеріңіздің кісілеріңізді жіберіңіздер, халықтың қажетін ашық айтыңыздар және керектеріңізді сөзсіз аласыздар» деген мазмұндағы хат [14, 33-п.] жіберілді.

Ұлы жүзге шығуға әскери отряд даярланып жатқанда, яғни 1824 жылы Омбыға қырғыздардың бұғы руының Ақылбек Олжабайұлы, Әлғазы Шерәліұлы, Әлімбек Жапалақұлы сияқты үш биі және 4 беделді кісілері де келіп, Ресей боданына өтуге ниет білдіріп, олар Омбыда 5 қаңтардан 25 мамырға дейін болады [14, 76-п.].

Сұлтан М. Ибақов атынан келген қазақ елшілері мен қырғыз елшілері 1825 жылы 26 мамырда Ф.К. Шубин бастаған 120 казактан 2 зеңбірегі бар әскери экспедициямен бірге жолға шығады. Шубин отрядындағы казактардың қырғыз-қазақ елшілеріне қандай да бір жәбір көрсетулерін болдырмауға, олармен өзара сөйлесуіне, әсіресе, округтердің ашылуы туралы әңгімелесуіне жол бермей, қатты қадағалау қажеттігі отряд басшысына қатаң ескертілді. Өйткені, округ ашудың зиянды екенін біліп қойса, елшілер де, олардың жерлестері де айтқандарынан айнып қалар деген қауіп те болды.

Орыс әскери экспедициясының бастығына қазақ, қырғыз рулары жерімен Үндістанға және басқа Азия елдеріне баратын керуен жолдары туралы нақты да толық мәлімет жинап қайту міндеті аса маңызды тапсырма ретінде жүктелді.

Сүйік Абылайхановтың қонысы болып есептелетін Қаратал бойына Ф.К. Шубин отряды 1825 жылы 9-шілдеде келіп жетеді. Отрядтың басты күші Ұлы жүз жерінде қалып, хорунжий Т.В. Нюхалов пен дәрігер Ф.К. Зибберштейн бастаған топ қырғыз жеріне, Ыстықкөл маңына, мұндағы ыңғайлы керуен жолдары туралы мәлімет алуға жіберіледі. 1825 жылы тамыз айында Т.В. Нюхалов пен Ф.К. Зибберштейннің қатысуымен Жырғалаң өзені бойында Олжабай бидің ауылында бұғы руы қырғыздарының Құрылтайы өтіп, онда қырғыз елшілері әкелген П.М. Капцевичтің хаты оқылып, көпшіліктің талқысына салынады. Осы кезде қоқандық елшілер мен сарбаздар да бұғы руын өз жақтарына өтуге үгіттеп жүрген болатын. Бұғы руы орыстарға қарай ыңғай танытады. Қырғыздардың келісімін алған соң, орыс экспедициясы П.М. Капцевичтің арнайы тапсырмасы бойынша қазақ, қырғызды жинап, «азияттық талғамдағы ерекше мереке – бәйге» өткізуге кіріседі. Орыстардың қазақтар мен қырғыздар үшін бәйге беруінің мақсаты мұндағы халыққа Ресей империясының әскери және экономикалық күш-қуатын көрсетіп, оларды орыс ықпалына икемдеу және орыс қаруынан имендіру болса, екінші шеті, қытайлықтардың да Ұлы жүз жерінде жүрген орыстардың іс-әрекетіне көзін үйрету болды.

Шубин Қараталға келгеннің үшінші күні қазақ рубасылары төбе көрсете бастайды. 16 шілде күні Сүйік келіп, Ресейді жақын тұтатынын білдіреді. Абылай (халық Құлан деп те атаған) сұлтан бастаған Әділ төре әулеті бір шешімге келе алмай, алғашқы шақыруға келмей (оларға ротмистр Верщинин жіберілген), қарсылықтарын орыстар ұсынған сыйлықты алудан бас тартуымен білдіреді. Екінші рет аудармашы Крайкин мен ахун Ахмет Мұхамедов барып, орыс отряды лагеріне келуге көндіріп қайтады.

Ұлы жүз және қырғыз жеріндегі орыс әскерлерінің әрекеті қоқандықтарды бей-жай қалдырмады. Әділ төре әулетіне қоқандық билеушілер де кісі жіберіп, өздерінің қарамағына өтуді ұсынады. Ұлы жүз билеушілерін қызықтыра түсу үшін өздерімен біріге отырып, жиі барымта жасап, керуендерді тонап кететін қырғыздың сарыбағыш руы ауылдарын шауып алуға шақырады. Қазақтар мен қоқандықтар қолы бірігіп сарыбағыштарды шапқаны да белгілі. Бұл шабуылдың мәнісі керуен жолына бақылау үшін бәсекелестікте жатқан еді.

Шубин отрядының Қараталға келуі Қытай императорына да жетеді. Оған мұны Абылай сұлтан Әділұлы хат жазып, хабарлайды. Қытай жағы да орыс отрядының әрекетіне өз қарсылығын білдіреді.

Орыстардың Қараталға келуі де қазақтардың жағдайын жеңілдете қойған жоқ. Үйсіндер мен наймандардың өзара жер дауы ушыққаны соншалықты бұрынғы қоныстарына баруға қорқып, жалайыр мен шапыраштылардың кейбір рулары Қаратал мен Іледен өтіп кетті, наймандар да жырақ кетейік деп Аягөз өзенінен өтіп, Көксалы және Бақанас шатқалына дейін шегінген.

Наймандар мен жалайырлар арасындағы дау тіпті Шубин бәйге беріп жатқан кезде де болған. Сүйік сұлтанға қарасты Керімбай мен Қабан билер басқаратын қазақтар сұлтан Шанхаевпен ере келіп наймандардың 3 атын тартып алып, содан дау туып, Шубин жалайырларға сотник Карбышев бастаған казактарды жіберіп, аталған билерден жылқылар қайтарылып алынады.

1825 жылы патша үкіметінің Ф.И. Шубин отрядын Қараталға жібере отырып, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарды сый-сияпат жасау арқылы тез арада, әрі қарсылықсыз бағындыра қояйық деген ойы жүзеге аспады. Оған ішкі, сыртқы факторлар әсер етті.

Пайдаланған әдебиеттер



  1. Ресей империясы Сыртқы саясат мұрағаты. 122-қ., 3-т., 3-іс.

  2. Внешняя политика России ХІХ и нач. ХХ века / документы МИД России. – М.: Изд-во политической литературы, 1970. – Т.7. – Серия І. – 872 с.

  3. Хабутдинов А. Миллет Оренбургского духовного собрания в конце ХҮІІІ – ХІХ веках. Казань: Иман, 2000. – 160 с.

  4. Айқап / құрастырушы: Ү. Субханбердина, С. Дәуітов. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1995. – 367 б.

  5. Ислам в Российской империи (законодательные акты, описание, статистика) / сост. Д.Ю. Арапов. – М.: ИЦК «Академкнига», 2001. – 367 с.

  6. Азаматов Д.Д. Оренбургское магометанское духовное собрание в конце ХҮІІІ-ХІХ вв. – Уфа: Гилем, 1999. – 193 с.

  7. Ресей Федерациясы Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты (РФ ООММ). 6-қ., 4-т., 8085-іс.

  8. РФ ООММ. 6-қ., 1-т., 38-іс.

  9. РФ ООММ. 3-қ., 1-т., 419-іс.

  10. Қазақстан Республикасы Орталық мемелекеттік мұрағыы. 338-қ., 1-т., 350-іс.

  11. Әбдіров М. Шенді шекпен // Халық кеңесі. – 1993. – 8 мамыр

  12. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 103-іс.

  13. Халид Қ. Тауарих хамса. – Алматы, 1992. – 304 б.

  14. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 125-іс.

Резюме


В статье рассматриваются вопросы завоевательной политики царской России в Семиречье и ее влияние на развитие казахско-кыргызской взаимосвязи.
In the given clause questions of agressive policy of imperial Russia in Semirechie and its influence on development of the Kazakh-Kirghiz interrelation are consider

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет