Өзiн-өзi тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар:
Ежелгi Месопотамия, Египет мектептерiндегi оқу-тәрбие жұмыстарына сипаттама.
Палестина және Израиль-Иудей патшалығындағы мектептердегi оқу мазмұндарын ашып берiңiз.
Ежелгi Қытай және Үндістандағы бiлiм жүйесiнiң ұқсастығы мен айырмашылығын анықтаңыз.
Конфуций педагогикалық идеяларының мәнi мен мазмұны.
Эллиндiк дәуiрдегi және ежелгi Римдегi мектептер мен бiлiм мазмұндарына сипаттама.
Реферат тақырыптары:
Қосөзен (Месопотамия) мектептерiндегi бiлiм мен тәрбие.
Ежелгi Египет мектептерiндегi бiлiм мен тәрбие.
Ежелгi Үндістандағы мектеп пен тәрбие.
Ежелгi Қытайдағы мектеп және педагогикалық ойдың пайда болуы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Беседы и суждения Конфуция. СПб. 1999.
Джуринский А.Н. История педагогики. - М., 1999.
Древняя культура Египта. – М., 1976.
История педагогики и образования. /Под ред. Пискунова А.И. - М., 2001.
Очерки истории школы и педагогической мысли древнего и средневекового Востока. /Под ред. Салимовой К.Н. - М., 1988.
6. Клепиков В.З Конфуций- выдающиеся педагог древнего Китая // Педагогика, 2001 №3- С.73-80
7. Современный словарь иностранных слов.- М.: ООО Изд. “Аст”, 1999.- 544с.
6. Таяу және Қиыр Шығыстағы орта ғасыр мемлекеттерiндегi
(Араб халифаты, Үндістан мен Қытай) бiлiм беру мен
педагогикалық ойлардың дамуы
Батыс Еуропа мен Византия сияқты орта ғасыр өркениетiн сақтап, ежелгi мәдениетi мен бiлiм дәстүрiн жалғастырып келе жатқан орталықтарының бiрi - Таяу Шығыс.
ҮII-ҮIII ғасырлардың басында Византия қол астында болған Сирия, Египет, Иран, Солтүстiк Африка елдерiн арабтар жаулап, жаңа дiндi исламды алып келдi.
Ислам дiнiн негiздеген, өзiн “Алланың елшiсi” деп атаған тарихи тұлға Мұхаммед пайғамбар (570-632 ж.ж. болды). Мұхаммед және оның iзбасарлары – халифтер ислам дiнiн уағыздауымен қатар, саяси идеяларды таратушы адамдар болған.
Құранмен бiрге қасиеттi кiтап – Сұнна (үлгi-өнеге) жазылды, онда ислам тәрбиесiнiң мән-мазмұны ашылып, мұсылман қауымдастарының нақты реттелген хадистер арқылы дiни және әлемдiк өмiр жолдарын ұстауға бағыттайтын 50 мыңға жуық қысқа тапсырмалар жүктеледi.
Ислам дiнiнің басты құрамдас бөлiгi – шариғат, құқық және құдайға табынудың нормалық жүйесiн реттейдi. Шариғат этикалық мiнез-құлықтарға негiзделген және оны қоғамдық рөлiне қарай заңдармен теңестiруге болады. Шариғат талаптарын орындау адамнан адалдықты және саналылықты талап етедi.
Арабтардың үстемдiгiнде болған мемлекеттер өздерiнiң бұрынғы мәдени және әлеуметтiк мұраларынан айрылмай, салт-дәстүрлерiн және өмiр тұрмыстарын ұзақ жылдар бойы сақтай бiлген. Арабтар қоластында Таяу Шығыстың iрi қалалары: Дамаск, Александрия, Кордова тәрiздес қалалық орталықтар өз тiршiлiктерiн жалғастырумен қатар, Бағдат және Каир (Х-ХIғғ.) сияқты бiлiм ордаларына айналды.
Таяу Шығыстағы орта ғасыр мәдениетi және ағарту iсi, сауда-саттық пен қолөнерi дамып, үлкен қалаларда шоғырланған. Халифат мәдениетiн (арабтардың құрған мемлекеттiң басында халифтер – Мұхамед пайғамбардың iзбасарлары тұрды) мұсылман мемлекеттерiнiң халықтары, яғни арабтармен қатар парсылар, түрiктер, тәжiктер, сириялықтар және басқа жұрттар бiрге таратып, дамытуға үлес қосты.
Үндістаннан Испанияға дейiнгi кең аумақта арабтардың әдеби тiлi, мәдени мұралары, дүниетанымдық әдiс-амалдары сақталып, ислам дiнiнiң тұрақтануына жағдай жасалды. Арабтардың үстемдiгiнде болған мемлекеттерде бiлiм жүйесi де бiркелкi болды.
Араб қалаларының (Мекке, Медина, Иемен, т.б.) халықтары исламға дейiнгi кезеңде балаларды оқытып, хат танытқан. Мысалы, III-IҮ ғ.ғ. арамей әлiппелерiнiң негiзiнде араб жазуы пайда болған. Сирия, Египет, Месопотамия және Иранды арабтар басып алғаннан соң (ҮII ғ.) мұсылмандық жалпы бiлiм беретiн мекемелер-медреселер құрылды. Олар халықтың хат тануына, исламның таралуына ұйытқы болатын басты құрал болатын. Араб тiлдi мектептер ҮII ғасырдың соңында мемлекет қажеттiлiгiн өтеу мақсатында бiлiмдi шенеунiктер дайындауға кiрiстi. Осы мезгiлден бастап барлық құжаттар грек немесе арамей тiлдерiнде емес, араб тiлiнде дайындалатын болды.
Көп жағдайда оқу үрдiсi мешiттер жанында, кейде үйде немесе тапшанда ұйымдастырылып, құранды оқуға, жазу мен есеп-шотқа машықтандырумен бiрге араб тiлi мен грамматикасын, әдебиетiн оқытуға да бiрсыпыра уақыт бөлiнетiн болды. Шәкiрттер аптасына алты күн оқып, жұма күнi жұма намазға қатысқан. Сейсенбi мен сәрсенбi күндерi ертеңгiлiк мезгiлде өткен сабақтарын қайталаған. Ал, сабақтан тыс мейрамды күндерi, оқушылардың мектепке келетiн мезгiлiн мұғалiмнiң өзi белгiлеп отырған.
Оқыту әдiстерiнiң негiзi – оқу және дiни мәтiндерiн жаттау, сонымен бiрге мұғалiмнiң дауыстап оқығанын жазып алу болатын.
Жасы үлкен оқушы, өзiнен кiшi оқушыны оқытуға көмектесуге тиiстi болған, бiрақ ересек оқушы тарапынан қатыгездiк болмасын деген ниетпен оны аракiдiк ауыстырып отыру жөн деп есептеген.
Оқушылардың танымдық қызметiн дамытудың жолдарын көрсеткен Араб философиясының негiзiн қалаған Әбу Юсуп Якуббен Исхан Кинди (шамамен 800-879 ж.ж.) Әр түрлi бiлiм салаларынан 200-ден астам шығармалар жазған, олардың iшiнде педагогикалық мәселелер де қарастырылған. Ақылды дамыту iлiмi төрт түрге, яғни өзектi ойлау, шама-шарықты ойлау, қысқа ойлау және айқындала бастаған ақыл-ойлар деп бөлінген.
Киндидiң дәлелдеуiнше, ғылым дiннен жоғары тұрғандықтан, балаларды тәрбиелеу үрдiсiнде бiлiм, өмiрге зор сенiмдiлiкпен қарауға, яғни жоғары интеллектiнi қалыптастыруға талпындыруы керек. Өйткенi жоғары бiлiмдiлiк адамды адамгершiлiк тұрғыдан өзiн-өзi жетiлдiруге, өз iс-әрекеттерiн басқара бiлуге үйретедi. Адамның алдына қойған мақсатын орындау, еңбектiң нәтижесiн көрудегi басты құрал – ақыл-ой парасаттылығы деп санаған. Кейiнiрек, оның айтқан ақыл-ойды дамыту идеясы Еуропа философы Р.Бэконның теориясында (ХIII ғ.) дамытылады.
Мектептегi бiлiм сапасын көтеруге зиялы қауымдар қатыстырылды. Соның бiрi IХ ғ. араб жазушысы Мұхаммед Ибн Сухнун (817-880 жж.) бастауыш мектепке арнап ''Мұғалiмдердiң мiнез-құлқы'' деген шығарма жазды. Оның педагогикалық ойының мәнi – мұғалiм ешқашанда ашу шақырмай, ауқатты және кедей отбасы балаларына бiрдей қарап, қарым-қатынас жасауы қажет деп мiндеттейдi. Баланың жеке даралық ерекшелiктерiне байланысты жазалау әдiсiн қолдануға болады. Бiрақ, денесiн дүрелеу немесе жан дүниесiне тиетiндей қатал сөздер айтуды өте сирек пайдалану керектiгi, шапалақтаудың өзiн де үштен асырмауды талап еткен. Әсiресе, он жастағы баланы жазалау болмасын, ескерту, кейiс бiлдiру қажет, ал бала тәртiп бұза берген жағдайда, оны оқытып жүрген жасы үлкен оқушыға тәртiпке шақыру тапсырылған.
Халифаттық мектеп практикасында оқушыны жазалаумен қатар мадақтау тәрбие әдiсi де пайдаланылған. Ең тәртiптi, өте жақсы оқитын оқушыны атқа мiнгiзiп, қаланы аралатқан, ал қатар-құрбылары оның үстiне тәттi шашу шашқан.
Бастауыш мектептегі оқушылардың көпшiлiгi саудагерлер мен қолөнершiлердiң және орташа шаруашылық иелерiнiң балалары болған. Ал ақсүйектердiң балаларын үйлерiнде мұғалiм жалдап оқытқан. Үйдегi бiлiм бағдарламаларында құран, намаз оқуға, жазу мен есеп-шотты игерумен қатар, грамматиканы, әдебиеттi (өлең құрастыру, мазмұнды хат жаза бiлу), тарихты оқыту, өзiн ұстай бiлуге үйрету, дене және әскери жаттығуларды (жүзу, атқа мiну, садақ ату, т.б.) меңгерту қарастырылған.
Орта ғасырдағы ақсүйектердiң тәрбие мұраты орта ғасыр Еуропа рыцарлық мәдениетiне ықпалын тигiздi.
Үй жағдайында бiлiм беру қажеттiлiгi мен сұранысына орай орта ғасырдағы Таяу Шығыс ойшылдары мән-мағыналы, бағалы педагогикалық идеяларды ұсынды. Оқушыларға жас ерекшелiктерiне қарай нақты тәрбие беру оларды жалықтырмау, уақытын үнемдей бiлуге, сабақта тапсырманы баланың бұрынғы бiлiмiн ескерiп, берудi талап еттi. Мектепте оқушылардың оқуға деген қызығушылығын тәрбиелеу, бiлiм берудегi жаңа мәлiметтер арқылы баланың одан әрi оқуға ынтасын арттыру керек болды. Алайда, жақсы оқығаны үшiн ата-анасының марапаттай беруi баланы жалқаулыққа, жағымсыз қылықтарға бейiмдейтiнiн ескертедi.
Орта ғасырда жастарды адамгершiлiкке тәрбиелеу ерекше орын алды. ХI ғасырдың әйгiлi ойшылы Әбу Хамид Әл-Газали (1058-1111 ғғ.) баланы кiшкентай кезiнен бастап мейiрiмдiлiкке, имандылыққа, сенiмдiлiкке, адалдыққа, алдамауға тәрбиелеу қажет деп санады. Жас баланы дастархан басында өзiн ұстай бiлуге тәрбиелеу, жеткiншектердi қатты кереуетке ұйықтауға дағдыландыру, оның денесiн шынықтыру, баланың мiнез-құлқын тәрбиелеу, ата-аналар назарынан тыс қалмауы керектiгiн ерекше атап өттi. Газалидiң пiкiрi бойынша, адамгершiлiк қасиеттер басты екi тәрбие әдiстерi негiзiнде – үлгi-өнеге, өзiн-өзi тәрбиелеу арқылы қалыптасады.
Ата-аналар балаларының кiмдермен достық қарым-қатынас жасайтынын бiлуге тиiс, олар оқитын кiтаптарда адамгершiлiк мұратқа қайшы келмейтiн материалдар iрiктелiп алынуы керек. Жеткiншектiң ақыл-есi дами келе оны өзiн-өзi тәрбиелеуге бейiмдеу, қоршаған ортаны өздiгiнен бақылауға, өзiн-өзi тануға талпындыру қажет.
Баланың бойындағы жағымсыз қылықтарды жоюда, оның себеп-салдарын бiлу, егерде оқушының мiнез-құлқында қиқарлық болса, оны басқа әдет-дағдымен алмастырып, өзiн-өзi тәрбиелеуге жағдай туғызу керек.
Әл-Газали оқушыны жазалау мәселесiне келгенде ұстамдылық көрсетудi талап етiп, мүмкiндiгiнше жазалауға бара бермей, оның сенiмiне ықпал жасау керек екенін айтады, әйтпесе тәрбие iсiнде ақыл айта беру баланы мезi қылатынын ескертеді. Тіпті бала тәртiп бұзғанның өзiнде, басқалардың көзiнше оның абыройын түсiрмеу жөнiнде кеңес бередi.
Оқушының жүрiс-тұрысына, қылықтарына мұғалiм жауап бередi. Бiр ата-ананың жазғанындай: ''Менiң балаларымның тәрбиесiнде мұғалiмнiң дербес тәрбиесi күштi болса, орта ғасырлық мұсылман педагогтары айтқандай бiлiмi тәрбиелiгiмен сипатталар едi''. Өйткенi, бiлiм тәрбиелiлікпен ұштаспаса, адам жан-тәнсiз ешкiмге қажетi жоқ дегендi айтады.
Бiлiм берудiң орта және жоғары сатысында дәрiс беру мешiттерде намаз оқудан кейiн, күннiң бiрiншi жартысында жүргiзiлген, көптеген сыныптарда шамамен жүздеген баладан мыңға жуық оқушылар бiлiм алған. Сабақ жерде кiлем үстiнде берiлген, оқушылар мұғалiмдi қоршай отырған. Кей уақытта сабақ оқытушының үйiнде немесе кiтапханада өткiзiлген.
Пәндердi оқыту мазмұны жағынан екi топқа: дәстүрлi және бiлiм беруге бағытталған (рационалды) болып бөлiнедi. Бiрiншi топқа дiни пәндер: Құранды талқылау, Мұхаммед пайғамбардың өмiрi туралы ауызша әңгiме, мұсылмандық құқық, құдайға табыну, сонымен бiрге араб филологиясы (грамматика, өлең құрастыру, әдебиет тану) және мәнерлеп сөйлеу жатқан.
Ал, екiншi топқа кiрген пәндерде: логика, математика, астрономия, медицина және басқа жаратылыстану пәндерiнен бiлiм берумен бiрге, философиялық тұжырымдамалар, әсiресе Аристотельден бастап белгiлi араб философтарының (IХ-ХII ғғ.) еңбектерi талданып отырған.
Оқушылар оқытушының басшылығымен ең атақты шығармаларды философия пәнi бойынша талдағанда немесе оқушы дауыстап оқығанда, оқытушы мәтiндерге назар аударып әңгiмелесу әдiсi арқылы түсiндiрiп, кейде дәрiске айналдырып оқығанда балалар конспект жазып отырған.
Сабақтың соңында өткен оқу материалдары бойынша оқытушы қосымша сұрақтар қойып, оқу материалдарының меңгерiлуiн айқындаған. Оқушылардың оқытушыға сұрақ қоюы, сабақ өз нәтижесiне жетуін көрсетеді деп саналған. Оқушылар курсты бiтiргеннен кейiн оқытушыларынан куәлiк алып, оқыған пәнiнен сабақ беру құқығын иеленген. Кейбiр оқушылар он шақты куәлiктерге иегер болып, Араб халифаты мектептерiнде оқытушылар мiндетiн атқарған.
Халық арасында бiлiм таратуда көптеген кiтапханалар қызмет жасаған, IХ-Х ғғ. ''Ақыл үйi'', ''Бiлiм үйi'' оқу-тәрбие орындары ұйымдастырылған, олар оқу, аударма және ғылыми орталықтарына айналған. Х ғасырдың орта шенiнен бастап Орталық Азия мен Солтүстiк Иранда жоғары оқу орындары - медреселер ашылып (ХI-ХIII ғғ.), бүкiл Таяу Шығысқа тарады. Соның iшiндегi ең iрiсi – Низамийя медресесiн Бағдатта 1067 жылы белгiлi саяси қайраткер Низам аль-Мулк ашқан.
Медреседе тыңдаушылар жатақ орынмен, азық-түлiкпен қамтамасыз етiлiп, оларға ай сайын ақшалай жәрдемақы берiлумен қатар оқытушылары да еңбекақы алып отырған. Медреседе дәстүрлi ғылымдарды оқытумен бiрге мұсылман құқығы бойынша шариғат талабын орындауға ерекше назар аударылған.
Таяу және Орта Шығыстағы орта ғасыр ғалым-энциклопедисi болған, этикалық және әлеуметтiк-қоғамдық көзқарасымен танымал Насыр аддин Туси (1201-1274 ж.ж.) өзiнiң ''Насыр этикасы'' еңбегiнде этикалық категорияларға кең сипаттама бередi.
Адамгершiлiк категориялары жайлы айтқанда әр адам ұнатқан ғылымын меңгеру үстiнде өзiнiң теориялық бiлiмiн жетiлдiрiп, соның негiзiнде өзiн-өзi ұстай бiлу, батылдық, ақылдылық, шыншылдық, адалдық, мейiрiмдiлiк, жанашырлық үлгi-өнегесiн көрсетiп отыруы тиiс деген.
Белгiлi араб ойшылы Насыраддин Туси ''Бiлiм жолындағы оқушыға кеңес және оқушыны тәрбиелеу жайлы'' трактаттарында кең бағалы педагогикалық идеяларды ұсынған.
Бiрiншi трактатында ол шәкiрттердiң адамгершiлiк қасиеттерiн қалыптастырудағы мақсат: ұстамдылық, сенiмдiлiк, көмек көрсету және достық iлтипат, адалдық, жомарттық, жұмсақтық, мейiрiмдiлiк, имандылық, нақтылық, т.б. қасиеттердi тәрбиелеу болатынын түсiндiредi. Аталған қасиеттердiң iшiндегi ең негiзгiсi ақыл-ой тәрбиесi, ал жоғарыда жiктелген тәрбиелiк қасиеттер баланың бойында табылса, онда толық жетiлген адам деп санауға болады.
Сонымен бiрге екiншi трактатында балаларда кездесетiн адамгершiлiкке жат қылықтардың: сараңдық, ашушаңдық, сараңдық, кекшiлдiк, өсекшiлдiк, қызғаншақтық және ұшқалақтық сияқты жеті түрiне сипаттама бередi.
Балаға дұрыс бағдар берiп, жаман қылықтардан құтылуға өздерi күш салғанда ғана биiк адамгершiлiк мiнездердi тәрбиелеуге болатындығын айтады.
Насыреддин көтерген педагогикалық мәселелерiнiң бiрi – мұғалiм мен оқушының өзара қарым-қатынасы. Оқушы мұғалiмнен алған бiлiмi негiзiнде көлемдi тәжiрибе жинақтап, бiлiм алудың жолын үйренiп, бiлiм жинақтайды. Түсiндiрген бiлiмдi қабылдаған соң оны қайталап, есiнде сақтаса, игерген бiлiмiн одан әрi өздiгiнен толықтырса, бiлiмдар болумен қатар тәрбиелi адамдар қатарына қосылатынын айтады.
Мұғалiмнiң педагогикалық шеберлiгiн арттыру мәселесi де белгiлi философ-ағартушының назарынан тыс қалмаған. Мұғалiмге қойылатын басты талаптар: пiкiр-таласты туғыза бiлу, оқушылардың айтар ойларын тиянақты, жалтартпайтын қағидалармен дәлелдей бiлуге үйрету, тiлдiң тазалығы, пән мазмұнының ерекшелiгiн тани бiлуге дағдыландыру. Мұғалiм балалардың сөзiн бөлмеу, сөйлегенде асықпай, сенiмдi, қисынды сөйлеуi және педагогикалық әр жағдайда дауысты көтерiңкi, кейде басыңқы түрде қолдануы керек. Сонымен қатар Туси мұғалiм: “… сөйлеген сөздерiнде тек өмiр фактiлерiне арқа сүйеп, халық арасында кең тараған мақал-мәтелдердi, шешендiк сөздердi, аңыздарды пайдаланып отыруы тәрбие жұмысына көп нәтиже берген болар едi”, - дейдi.
Белгiлi араб ғалымы Ибн Халдун (XIII-XIV ғғ.) ғылымға бет бұрған адамдарға байсалдылық, бәрiн ақылмен шешу, есте сақтау қабiлетiн ұштау, күнделiктi ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тыңғылықты айналысу керектiгiн айтады. Оның түсiнiгiнше ғылыми бiлiм – ұзақ жаттығу арқылы ғана жинақталады, ғылыми iзденiстi жүргiзуге дағдылану барысында қаланады дегендi айтады.
Ибн Халдунның пiкiрi бойынша медресеге келген бала құраннан үзiндi оқығаннан гөрi, араб тiлi мен әдебиетiн игерсiн, жатық оқуға төселгеннен кейiн ғана құран аяттарын талдауға қатыстырылуы тиімді. Себебi, оқуды жаңа бастаған бала құранның аяттарындағы ұғым-түсiнiктердi жете түсiне алмайды. Бұл мұсылман елдерiнде қалыптасқан оқу жүйесiндегi батыл қадам едi. Ибн Халдун балаларды қатал жазалауға қарсы болды, қорқыту, баланың талап тiлегiн басып тастау оны өтiрiк айтуға, қулыққа бейiмделуге итермелейдi. Мұғалiм пәндi әдiстемелiк жағынан түсiндiрудi қамтамасыз етуге тиiс. Оқушының бiр пәндi меңгерудегi әдiс-тәсiлдерiн екiншi пәндердi оқығанда одан әрi жетiлдiруге ұйытқы болады, оқу материалын бiр-бiрiне ұштастыра бiлуге дағдыландыруы ой-санасын дамытады. Оқытудың бастауыш мектебiнде әдебиетпен қатар балаларды есеп-шотқа үйрету, бiртiндеп арифметиканы, алгебра мен геометрияны оқыту қажет. Ибн Халдун математика ғылымын ерекше бағалаған, ол математика өзiнiң логикалық құрылымына сай жастардың интеллектiсiн дамытады, шындықты мойындауға, өзiн тәртiптi ұстай бiлуге тәрбиелейдi дегендi айтады.
Ұстаз алдында тұрған маңызды мақсаттың бiрi оқу құралдырын таңдай бiлу керек дейдi. Кейбiр авторлар өз оқулықтарына барлық ақпараттарды кiргiзуге талаптанып, балалардың түсiнуiне кесiрiн тигiзедi. Яғни, көлемi шағын, қысқа жазылған оқу құралында ғылымның соңғы жетiстiктерiнiң бәрiнен мәлiмет беруге тырысу медресе оқушысының бiлiмге деген ынтасын қайтарады.
Ибн Халдун бойынша оқыту үрдiсi әр уақытта оқуды қабылдаудың жалпы заңдылықтарымен қатар жүргiзiлiп, ешқашанда пәндi түсiндiрген кезде қиын жағынан бастамау керек дейдi. Мысалы, алғашқыда пән жайлы жалпы мәлiмет, екiншiсiнде пән мазмұндарына жалпы сипаттама берiп, содан кейiн оқу материалының түсiнiксiз пiкiр-талас туғызатын бөлiмдерiн оқушылармен бiрге отырып қарастыру, оқушылардың қисынды ойлау ерекшелiктерiн дамытуға болады деп есептейдi.
Жоғары басқыштағы бiлiм берудегi ең нәтижелi оқыту әдiсi – ғылыми мәселелердi талдау, олар бойынша пiкiрсайыстарын ұйымдастыру қажет деген пiкiрдi ұсынды. Оқушы тек тыңдаумен шектелiп, сайысына қатыспайтын болса, оның жүйелi логикалық ойлау қабiлетi ұшталмайды. Сондықтан оқытушы пiкiр алмасуға қатыспаған шәкiрттердi әңгiмелесу сайысына қатысуға дайындауы керек.
Ибн Халдун ертедегi араб елдерiндегi қалыптасқан бiлiм iздеу салтын мойындаған. Әр ел ұстаздарының ғылыми ой-тұжырымдарымен танысу, олардың оқыту әдiстемелерiне көңiл қою, ғылымның мән-мағынасын, амал-тәсiлдерiн үйренуге жағдай туғызады деген пiкiр айтады.
Бұл кезде Араб халифатында IX-XIII ғғ. ғылымның шарықтап дамыған кезi болды, адам және оны тәрбиелеу мәселесi, тәрбиенiң мақсаты мен құралдары, оның мазмұны мен жеке тұлғаны қалыптастырудағы ролi – ғылыми бiлiм әдiстерi, оқытудың ұстанымдары мен амал-тәсiлдерi, оқытушы мен оқушылардың қарым-қатынастары жайлы жалпы педагогикалық және дидактикалық идеялардың мән-маңызы мен әдiс-тәсiлдерi туралы осы құнды тұжырымдамалар жасалды. Таяу және Орта Шығыста IX-XIII ғғ. ислам дiнiнiң және оның дiни догмалары мен мұсылмандық құқығы үстемдiк құрып тұрғанның өзiнде ғалымдар тәрбиенiң гумандық тұжырымдамаларын ұсынып оларды бiлiм және тәрбие беру iсiнде жүзеге асыруға ұмтылды.
XVI ғасырдың басында Таяу Шығысты түрiктер жаулап алып, Осман империясының қол астына кiргіздi. Араб елдерiнiң төрт жүз жыл бойы түрiк иелегiнде болуы, бiлiм берудiң құрылымы мен мазмұнына айтарлықтай өзгерiс әкелген жоқ. Бастауыш мектеп, орта және жоғарғы медреселерде Құран, мұсылмандық құқық, түрiк, парсы, араб тiлдерi мен әдебиеттерiн оқытумен бiрге математикадан қысқартылған бағдарламалар бойынша бiлiм беру сабақтары бұрынғысынша жүргiзiлдi.
Медреселер арасындағы жоғарғы деңгейдегi мамандар (әкiмшiлiк) даярлау Стамбулдағы сегiз медресенiң құзырына берiлдi, ал қалған медреселер хатшы және сот қызметкерлерiн дайындады.
Араб халифатындағы ағарту саласының төмендеуiне IX ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың аяғында христиан дiнiн уағыздаушылардың жорықтары және XIII ғасырдағы монғолдардың шабуылы бүкiл Орта Азия, Иран, Ирак және Сирияны талан-таражға салуы тiкелей әсер еттi. XIV ғасырдың соңында Ақсақ Темiрдiң жорығынан кейiн аттары аталған елдердiң қалалары бос қалып, сауда-саттық және мәдени байланыстар үзiлiп мемлекеттердiң мәдени деңгейлерi төмендеп кеттi. Сонымен, XIV- XV ғасырларда шығыс мұсылман елдерiнiң Батыс Еуропа елдерiне қарағанда әлдеқайда әлеуметтiк-экономикалық және тұрмыстық-шаруашылық жағынан артта қалуы тәрбие жүйесiне де керi әсер еттi. Бiрақ, Араб халифатының мәдениетi, ғылым және бiлiм саласындағы мұның алдындағы мол табыстары Батыс Еуропаның тәрбие мен бiлiм саласына игi ықпал жасады.
Үндістанда ортағасырлық мәдениет пен бiлiм беру Гуптi империясы (V ғ.) құлағаннан кейiн қайтадан жандана бастады. Бiрақ, қоғамдағы касталық жүйе сақталып, халықтың кейбiр жоғары касталық топтары ғана бiлiм алуға мүмкiндiк алды. Брахман балалары дiни қызметкер лауазымына дайындалса, кшатр (әскерилер) мен вайшы (саудагер, дихандар) балаларын практикалық iс-әрекеттерге оқытуға бағытталды. Мысалы, вайшы балалары егiн егу, жердiң құнарлығын, көлемiн анықтау, суландыру, т.б. әрекеттерге үйретiлуімен қатар, мектептерде жағрапия, шетел тiлдерiн бiлу, сауда-саттық операцияларын үйренумен шұғылданды.
Буддистiк бiлiм беру жүйесi демократиялық негiзде болғандықтан касталық бөлiнудi мойындамады. Буддистер үйде оқытудан бас тартып, бiлiм берудi монахтарға тапсырғандықтан, монастрларда балалар мен жеткiншектер 10-12 жыл оқыды. Оқыту дiни-философиялық негiзде жүргiзiлiп, оқыту бағдарламаларына грамматика, лексика, медицина, философия, логика пәндерi енгiзiлдi.
Бiртiндеп брахман және буддистiк педагогикалық дәстүрлер жақындап, бiркелкi мәдени бiлiм беру жүйесi қалыптасты. Бұл жүйе ХI-ХII ғ.ғ. Үндістанды мұсылмандар жаулап алғаннан кейiн төмендеп кеттi.
Мұсылмандарды оқыту мен тәрбиелеудiң басты шарты – араб тiлiнде Құранды оқу. XVI-XVII ғ.ғ. көптеген мектептерде оқыту парсы тiлiнде жүргiзiлiп, мемлекеттiк шенеунiктер мен ғалымдар осы тiлді жұмыстарында пайдаланады.
Мұсылмандардың бiлiм беру жүйесi орта ғасырдағы Үндістанды бүкiл мұсылман дүниесiндегi оқыту жүйесiмен ұқсас болған.
Оқушылар бiлiмдi үй мұғалiмдерiнен және мектептерден алған, ал мектептер болса мешiттердің қарамағында болды. Оқытуды көп жағдайларда жеке оқу орындары мен жалданған мұғалiмдер жүргiздi.
Мұсылмандар мектептерiнiң төрт түрi: бастауыш және жоғарылау бастауыш бiлiм, Құран мектебi (Қасиеттi кiтапты оқу, жазу және есептеу); парсы мектебi (есеп, парсы тiлiндегi Саади, Хафиз поэзия үлгiлерiн оқу және жазу); парсы тiлi және Құран мектебi (алдыңғы екi мектептер бағдарламасы бойынша); ересектерге арналған араб мектептерi (Құранды талдау және оқу, парсы дәстүрiндегi әдеби бiлiм оқушыларға жүйелi исламдық бiлiмдер берген).
Мұсылмандар жоғары бiлiмдi медреседе және монастырлық оқу орындарында - даргабахта алатын. Ең iрi даргаб Делиде, медреселер Хайрабадта, Жампурада, Фирозабадта болып, XVI-XVII ғ.ғ. бұл оқу мекемелер ағарту орталықтарына айналып, атақтары көршiлес мемлекеттерге кең тараған.
Медреселерде оқу парсы тiлiнде жүргiзiлiп, мұсылман-студенттер араб тiлiн оқыды. Оқу бағдарламаларына грамматика, риторика, логика, дiнтану, метафизика, әдебиет, заң негiздерi кiредi.
Оқыту көпшiлiгiнде ауызша жүргiзiлгенiмен, кейiн келе оқу әдебиеттерiнiң көбеюiне байланысты студенттер өздiгiнен бiлiмдерін толықтырып отырды.
Үндістандағы ортағасырлық мұсылмандардың бiлiм берудi реформалауы XVI ғасырға жатады. Оның басы-қасында ұлы Могол әулетiн құрған Бабыр (1483-1530 ж.ж.) мектептерінің алдына қойған басты мақсаты – мемлекетке шын берiлген қызметкерлер даярлау едi. Бұл ұстанымды император Акбар (1542-1605 ж.ж.) және оның сенiмдi кеңесшiсi Абдул Фазл Аллами (1551-1602 ж.ж.) бiлiм беруде және тәрбие жүйесiнде одан әрi жетiлдiрiп отырды.
Император Акбар зайырлы ғылым оқу жоспарларына арифметика, алгебра, геометрия, медицина, агрономия, басқару негiздерi, астрономия пәндерiн енгізіп, мiндеттi түрде оқытуға тапсырма берген.
Акбар мен Алламидың жоспарлары бойынша кастылары мен дiни сенiмдерiне қарамай оқушылардың бiркелкi зайырлы бiлiм алуларына жағдайлар жасауға талпынды. Бiрақ, материалдық-педагогикалық алғышарттардың болмауы, нақты бақылау жүргiзiлетiн бiлiмдi адамдардың аздығы белгiленген жоспарларды iске асыруға мүмкiндiк бермеді.
Қытай тарихында ортағасырлық дәуiр б.з.б. бiрiншi мыңжылдықтан XIX ғасырдың аяғына дейiнгi кең мағыналы кезеңдi алады. Бұл дәуiр бiрнеше кезеңдерге бөлiнiп, педагогикалық ойлар мен мектеп iстерiне байланысты біраз жетістіктерге қол жеткізді.
Мәселен, Цинь патшалығы (б.з.б. II ғасыр) кезiнде жазу таңбалары азайтылып, хат тануды, оқытуды жеңiлдеттi. Орталықталынған бiлiм беру жүйесi жасалынып, үкiметтiк және жеке меншiктi мектептерде бiлiм берiлдi. Бұл жүйе ХХ ғасырдың басына дейiн жұмыс жасады.
Хань патшалығы (б.з.б. II ғасырдан ж. з. II ғасыр аралығы) кезеңiнде қағаз шығып, оқу құралдарының дайындалуы оқу сапасын көтердi. Бұл кезеңде үш сатыдан тұратын бiлiм беру жүйесi – бастауыш, орта және жоғары мектептердiң бет-бейнесi айқындалып, оқытуда үлкен жетiстiктерге жеткен. Iрi қалаларда бiрiншi жоғары оқу орны мемлекеттiк мекеме деп есептелiп, ауқатты отбасылардың балалары оқып, осындай мектептерде 300-ге жуық студенттер бiлiм алды.
Хань дәуiрiндегi тәрбие мен бiлiм берудiң идеологиясы - Конфуцийдiң саяси-әлеуметтiк iлiмi болды. Мектептерде классикалық Конфуций трактаттары басты пәндер ретiнде жүргiзiлдi. Бұл пәндердің толық оқу курсы Конфуций қағидаларын ұғынып, түсiнуді қамтамасыз етті. Курсты бiтiргеннен кейiн білім алушылар емтихан тапсырып оларға ғылыми дәрежелер берiлетiн. Бұл мектептi бiтiрген жастар мемлекет аппаратына қызметке қабылданатын.
Біздің дәуіріміздің III-Х ғ.ғ. ортағасырлық Қытайда мәдениет пен бiлiм беру деңгейi көтерiлiп, “алтын ғасыры” аталып, онда оқу мекемелерiнiң саны өстi. Университет типтес алғашқы оқу орны ашылып, мемлекеттiк емтиханға әлеуметтiк жағдайларына қарамай тiлек бiлдiрген әрбiр адамдар жiберiлдi.
Жоғары оқу орындарында ғылыми атақтар Конфуцийдiң бес классикалық трактаттары бойынша: “Өзгерiс кiтабы”, “Этикет”, “Көктем және күз”, “Поэзия кiтабы”, “Тарих кiтабы” берiлдi.
“Алтын ғасырдың” аяғында бiлiм беру жүйесi практикалық қажеттiлiктi өтей алмайтын күй кештi. Конфуций идеологиясы догмаға, схоластикаға айналды, сондықтан бiлiм берудегi дағдарыстарды жою қажеттiлiгi туды.
Қытайдағы тәрбие мен бiлiм берудегi дағдарысты шешуде философ және педагог Чжу Си (1130-1200 ж.ж.) конфуций идеясын жетілдіруді көздеді.
Монғол әулетi Юань (1279-1368 ж.ж.) кезiнде дәстүрлi қытайлық тәрбие және оқыту жүйесiмен қатар моңғол мектептерi мен жазулары жаппай тарай бастады. Жаратылыс және математикалық ғылымдардың дамуы арқасында математикалық, медициналық, астрономиялық және басқа арнайы мектептер ашылды.
Қытайдың ортағасырлық бiлiм беру тарихында, әсiресе, Мин әулетi (1368-1644 ж.ж.) басқару кезеңiнде жалпыға бiрдей бастауыш бiлiм беру мәселесi көтерiлiп, элементарлық оқу орындарының саны өстi. Пекин мен Нанкинде жоғары әкiмшiлiкке кадрларды даярлау мақсатында жоғары оқу орындары жұмыс жасай бастады.
Манчжурлық Цин әулетi (1644-1911 ж.ж.) кезiнде бiлiм беру саласында өзгерiстер болмай, тәрбие мен бiлiм беру тоқырауға ұшырады. Бiлiм гуманитарлық бағдар алып, сырт өмiрмен қатынасын үзiп, көршiлес және алыс елдер жайлы оқушылар ешқандай ақпараттар алмады. Балалардың санасына “Қытайдан басқа дүние жоқ” деген сенiмдердi қалыптастырды.
Ұл балаларды сауаттануға оқыту 6-7 жастан басталып, мемлекеттiк мектептерде аздаған қаражатқа оқыды, оқу 7-8 жылдарға созылды. Қыз балалар үйлерiнде тәрбиелендi, ал ауқатты отбасыларында мұғалiмдердi жалдап оқытса, кейбiреулерi жеке меншiктi мектептерге балаларын оқуға бердi.
Оқытудың алғашқы кезеңдерiнде 2-3 мың иероглифтердi (әрiптердi) жаттап алулары тиiс едi. Бастауыш мектепте емтихан тапсырғаннан кейiн, мектептің келесi сатысында бiлiмдерiн жалғастырады. Оқу бағдарламаларына философия, әдебиет, тарих, стилистика енгізiлдi. Оқу құралдары ретiнде Конфуцийдiң “Төрт кiтапшасы” мен “Бес кiтапшасын” пайдаланды.
Достарыңызбен бөлісу: |