«Педагогикалық деонтология» ОҚУ-Әдістемелік кешені


Тақытып. Педагогикалық деонтологияның пәні (2 сағат. 5-6 апта) Мақсаты



бет3/5
Дата04.07.2016
өлшемі397.5 Kb.
#175999
1   2   3   4   5

3 Тақытып. Педагогикалық деонтологияның пәні (2 сағат. 5-6 апта)

Мақсаты: Педагогикалық деонтология - қарым-қатынас психогигиенасын білім, тәлiм-тәрбие беру мекемелерiнде қолдануды зерттейтін педагог мамандардың әдебі туралы ғылым. 

Жоспар:

  1. Педагогикалық деонтология – ұстаздың кәсіби парыздылығына негізделген мінез-құлқы туралы ғылым.

  2. Педагогтың өз-өзімен қарым-қатынасы

  3. Ұстаздың оқушылар қауымымен қарым-қатынасы

  4. Ұстаздың әріптестерімен қарым-қатынасы

  5. Ұстаздың жалпы ұжыммен қарым-қатынас сипат

Педагогикалық деонтология – ұстаздың кәсіби парыздылығына негізделген мінез-құлқы туралы ғылым. Бұл – ұстаздың қызмет аясында тәжірибелік іс-әрекеттерін реттеуші амалы. Педагогикалық деонтологияға мұғалiмнiң парызына адалдығы мен кәсiбiне сәйкес сана-сезімді болуы және құқықтық ұстанымдар мен ережелер кешенiн сақтай білу қабілет-қасиеттері жатады. Осыдан педагогикалық деонтологияның пәніне педагог іс-әрекетінің, кәсіби мінез-құлқы мен тәртібінің ресми және бейресми нормалар кешенін зерттеу жатады. 
Педагогтың мінез-құлқы кәсіби ойлау мәдениетімен, өз қызметін ғылыми тұрғыда ұйымдастыра алу қабілеттілігімен, өз іс-әрекетін сыни тұрғыда бағалауымен, өз мүмкіндіктеріне талдау жасауымен, дұрыс шешім қабылдауымен, ұжымда жағымды психологиялық жағдай жасай білуімен және т.б. көрінеді. 
Педагогтың кәсіби мінез-құлқы оның өз-өзімен, оқушылармен, әріптестерімен, жалпы ұжымменқарым-қатынас жасау сипатында көрініс табады.
Педагогтың өз-өзімен қарым-қатынасы туралы мағлұматты ұлы Абайдың 15 қара сөзінен бастағанды жөн көрдік: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» [ 41].
Ұстаздың әлеуметтiк ортамен тәрбиеленуi және өзін-өзі тәрбиелеуiмен қалыптасатын маңызды қасиеттерiнiң бiрi – оның жеке тұлғасының дүниетаным сипаты. Жеке тұлғаның дүниетанымы белгiлi мөлшерде оның бағыттылығын, әлеуметтiк бағалы шешiмдерi мен қылықтарының ерекшелiктерiн алдын ала анықтайды. Мұғалiм тұлғасын деонтологиялық негiзде қалыптастыру үрдісінде бағыттылық пен белсенділік маңызды рөл атқарады. Психология гуманистік белсенділіктің маңызды факторы деп жеке тұлғаның болашаққа ұмтылуын, өзін-өзі жігерлендіруін атайды.
Қазіргі кездегі педагогқа көп тапсырмалар жүктеледі, сондықтан бір мезгіл тыныстап, өз ісіне есеп беру үшін оның уақыты да жеткіліксіз. Алайда ұстаз өз бойында келесі әдет-дағдыларды қалыптастыруы тиіс: көрген-білгендерін, оқып-тоқығандарын елеп-екшеп, өз іс-әрекеттерімен қылықтарына талдау жасап, ой елегінен өткізу қажет. Бұл жүйедегі қарым-қатынасты дұрыс орнату үшін ұстаз кәсіби мінез-құлқының жеке дара қалпын өзін-өзі сынау қажеттілігін ескеру керек. Өзін-өзі сынауды жақсы қалыптастырған адам ғана өзіне, өзінің қылықтарына басқа қырынан қарай алады, өзіне әділ баға бере алады. «Дос жылатып айтады» деген халық даналығы бекерге айтылмаса керек. Өзіне өзі дос болып, өзіне өзі қатал төреші болу – ұстаздың ең қажетті міндеттерінің бірі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халық. Оның жақсылығы сыртқы көрінісінде ғана емес, ішкі дүниесінде, істеген ісінде көрініс табуы керек. Л. Н. Толстой былай деген екен: «Адам математикалық бөлшек сияқты. Онда бөлімінде – адамның өзі жөніндегі пікірі, алымында – адамның құндылығы. Бөлімі өскен сайын бөлшектің мәні азая береді». Бұдан мұғалімнің өзі туралы өзіндік пікірі, өзіндік бағасы әділ болу керектігі туындайды. Өзімшіл, өркөкірек мұғалім қарым-қатынаста демократияшыл стиль ұстанымдарына өзін-өзі бағындыра алмайды. «Егер балалар бірдеңені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» дейді Ыбырай Алтынсарин. Міне, педагогтың өз-өзімен қарым-қатынасы дегенге осының бәрі саяды.
Ұстаздың оқушылар қауымымен қарым-қатынасының мәнділігін ғалым, психолог А. Г. Асмоловтың «Экономикалық дамуына көп көңiл бөлiп, мұғалiм мен бала мүддесiн шеттететiн мәдениеттiң өрiсi оңбайды. Бiрақ бәрiнен де қауiптісі – адам баласының жан дүниесiнiң рухани дағдарысы. Мүмкiн бiз бiр кезде ең бай, экономика жағынан барлық игiлiкке ие болармыз, бiрақ оның қажетi не, егер этикалық жағынан ұлтымыз әлем дамуының жабайы деңгейiнде қалса? Ал тығырықтан шығатын жол қайда? Бұл тығырықтан шығатын жол тек қана жалпы адамзаттық нормаларды сақтау және бала әлемiмен өз тiлiнде қарым-қатынас қалыптастыру арқылы ашылады» деген пiкiрi ашады. 
Оқушылармен ынтымақтаса отырып, адамгершілік және рухани мәдениетті, оның тамаша үлгілерін қарым-қатынас мәдениетіне айналдыру, соның негізінде жеке басқа тән құндылықтарды жинақтап жасап шығару, сол арқылы тәрбиелік үдерісте оқушының жеке басының белсендігін қамтамасыз етіп, әдептілік мінез-құлық нормаларын оның бойына сіңіру, қалыпты дағдыға айналдыру – мұғалімге қойылатын негізгі талап. Баланың білімге деген қызығушылығына, ой-қиялына, азаматтық борыш сезіміне, өз бетінше әрекет етуге тырысушылығына, шығармашылығына сүйенген жағдайда ғана оқушының еркіндігі көрініс табады. Еркін істеген істің, алған білімнің өрісі кең, табысы мол болады. Бұл заңдылыққа сәйкес педагог баланың басқа адамдармен алуан түрлі қарым-қатынаста өзіндік «Менін» саналы түрде көрсетуіне мүмкіндік тудырады, өз-өзіне баға беруіне, іс-әрекетіне сын көзбен қарауға үйретеді. Мұндай қажеттілікке сай қандай қарым-қатынас үлгі бола алады? 
Бір 45 минуттың ішінде қаншама жағымды, жағымсыз жағдайлар туындайды. Қас-қағым сәтте соның бәрін алдын-ала болжап, дұрыс шешім тауып, әрекет жасау терең психолого-педагогикалық білім жүйесін, тапқырлықты, көрегендікті, шығармашылықты талап етеді. 
Мұғалім қарым-қатынастың әр сәтінде өзінің әрекеттерін саналы бақылауды естен шығармауы қажет. Саналы бақылаудың екі түрі бар: белгілеуші бақылау және реттеуші бақылау.
Белгілеуші бақылау дегеніміз – адамның жан-жақта болып жатқан жағдайды көріп, тыңдау кезінде өзінің іс-қимылдарына сырттай көз тастап, белгілеп, санасында, есінде ұстауы. «Өз ісіне өзі есеп беру» қабілеті осындай бақылауға негізделген.
Реттеуші бақылау адамның іс-әрекеттерін басқарып, қылықтарын өзінің түсінігі бойынша заң және мораль талаптарына сәйкес бағындыра білу қабілеттерінде байқалады. Мұнда мұғалімнің деонтологиялық әлеуетінің мөлшері анықталады.
Қорыта келгенде, оңтайлы қарым-қатынасты болдыру үшін мұғалім тұлғасында:
- сырттан келген мәліметті сараптап, бағалай білу ептілігі;

  • дәл бағыттап, айқын, бейнелі сөйлей білу қабілеті,

  • оқушының (не оқушылардың) көзқарасына, қимыл әрекетіне, мәнеріне қарай оның ішкі сезімдерін түсіне білуі, баланың жүзін оқи білу қабілеті,

  • психологиялық күйін меңгере білу, әр алуан психологиялық кедергілерді жеңе білу, әрқашан шат көңілді әрі оптимист бола білу қасиеті,

  • өз мінез-құлқын басқара білуі,

  • бақылаушылық, зейінін басқаға аудара білу қабілеті,

  • гностикалық ептілігі,

  • оқушылармен вербальді, вербальсіз қарым-қатынас жасай білу ептілігі болуы қажет.
    Түйіндей келгенде, педагогикалық қарым-қатынас өнері мұғалім тұлғасының педагогикалық мәдениеті және қарым-қатынас техникасы деген екі құрастырушы бөліктен тұрады.
    Көптеген ғалымдардың (Н.В.Жутикова, Г.М.Кертаева, М.И.Лисина, Л.И.Охитина және т.б.) зерттеулеріне сүйенсек, ұстаздың қарым-қатынастық шеберлігіне байланысты сауалнамалар нәтижесі бойынша олардың көбі өз пәнін түсіндіруімен ғана шектеледі. Басқа мәселелерге қызығушылық танытпайды. Мысалы, ТМД елдерінің білім беру жүйесіндегі әкімшілік органдары өкілдерімен жүргізілген сауалнамаларға оқушылардың берген жауаптарынан мына үзінділер ең жаманы емес, бірақ ең жиі кездесетін көріністі ашады: «Химия пәні бізге қызықсыз, себебі мұғалім сабақ барысында тақырыптан басқа мәселеге көңіл аудармайды. Одан басқасы оны қызықтырмайды», «Біздің сынып жетекшіміз жаңа мұғалімге бір қыз жөнінде: «Бұл ақымақтан ештеңе сұрамаңдар, бәрібір түк білмейді» депті». Бұл нәтижелерден соң «оқушылар көп жағдайларда ұстаздардың өз пәнін жетік біліп, түсіндіруіне емес, балалармен жағымды қарым-қатынас орната алмайтындығына шағымданады» деген пікір туындайды [65]. 
    Халық даналығында: «Айтушы ақылды болса – тыңдаушы дана болады», «Мұғалімге қатаң болған жақсы. Мейірімді болған одан да жақсы» делінсе, А. П. Чехов: «Баланы мейіріммен меңгере алмаған адам қаталдықпен де бағындыра алмайды» деген екен.
    Осының бәрі мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың демократиялық стилін жақтайды. Бірақ күнделікті тәжірибеде ресми қабылданған еркін демократиялық білім берудің мақсаттары мен жиі кездесетін педагогтардың авторитарлы мінез-құлқының арасында талай алшақтық байқалады. Мұның себебі – педагогтардың оқушылармен демократиялық стильде қарым-қатынас орнатуға айтарлықтай дайындықтарының болмауы. Көбіне педагог оқушыларға айтқан ақылды сөзімен емес, күнделікті жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен әсер етеді. Сондықтан қазіргі ұстаз өсіп келе жатқан ұрпақты авторитарлы, антидемократиялық бағдарлар мен тәртіп әдістеріне еліктетеді. Әрине, ол мұны әдейі мақсатпен істемейді. Тек білгені – сол. Бұл – демократиялық, құқықтық қоғам құрылысына зиян келтіретін қауіпті құбылыс. Сол себепті педагогтардың оқушылармен еркін, әлеуметтік, демократиялық қарым-қатынас құруға бетбұрыс жасау қажеттілігі – кезек күттірмейтін мәселе.
    Ұстаздың әріптестерімен қарым-қатынасын қарастырған кезде мінез-құлықтың келесі ережелерін атап көрсеткен жөн:
    - мінез-құлықтың ішкі мәдениет ұстанымдарын бұзбау – еңбек ережелерін, тәртіпті бұзбау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, жылы шырайлылық пен сүйіспеншілік таныту;
    - мінез-құлықтың сыртқы мәдениет ұстанымдарын бұзбау – сыпайылық, әдептілік ережелері, жағымды сыртқы көрінісі (сыртқы тазалық, ұқыптылық, жеке гигиенасын сақтау, далап пен әшекейінде артықшылықтың болмауы). Сыртқы мәдениет ережелеріне сәлемдесу формалары мен әріптестері арасында өзін ұстай білуі, жағдай мен талаптарға байланысты қарым-қатынас орната алу қабілеттілігі жатады. Ең бастысы, ұстамды және әдепті, өнегелі болу маңызды, өзін-өзі ұстай біліп, басқалардың пікірімен санасу керек. Оқушымен, әріптесімен қарым-қатынас орнатқанда, оның ойындағысын айтуға бөгет жасамауы тиіс [65].
    Ұстаздың жалпы ұжыммен қарым-қатынас сипаты. 
    Педагогикалық ұжымның жұмыс барысын дұрыс ұйымдастыра білуі сол мектептің әкімшілігі мен ұстаздардың кәсіби шеберлігіне ғана емес, сонымен қатар сол ұжымның бір-бірімен тіл табысуы мен моральдық-психологиялық ахуалына да байланысты [57]. Егер мекеме қызметкерлері арасында жағымды қарым-қатынас орнатылса, ұстаз еңбегіне әділ баға берілсе, сол жағдайда ғана ұстаздардың жұмыс істеу қабілеттілігі арта түседі. Осындай моралдық-психологиялық ахуалға жөнді көңіл бөлінбейтін ұжымдарда оқытушылар өздерінің барлық күштері мен мүмкіндіктерін сарқа жұмсамайды, өйткені олардың бастамалары мен шеберліктері назардан тыс қалады, алайда осындай жағдайлар оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне жағымсыз әсер етеді.
    И.В.Дубровинаның «адамдар бір-бірімен рухани тұрғыда ғана тіл табыса алса, жақсы ұжым бола алады» [58] деген ойын басшылыққа аламыз. Толыққанды ұжымды тек мақсат қана біріктірмейді, тек адамдардың рухани жақындығын тудыратын жағдай өз септігін тигізеді. 
    Педагогикалық этика мен деонтология мәселелеріне қатысты көптеген басылымдарда педагогикалық ұжым – өздері қызмет атқаратын ісіне барлық күштерін жұмсауға даяр адамдардың тығыз достастығы. Олардың бірігуі «Барлығы да жоғары, сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру үшін!» деген ұстанымға сүйенген және бұл ұран әрбір педагогикалық қызметкердің еңбек тиімділігі мен шығармашылық бағыттылығын қамтамасыз етеді [57]. 
    Педагогикалық ұжымның табысты жұмысы екі негізгі белгіден құралады: 

  • барлық қызметкерлердің еңбексүйгіштігі мен еңбек тәртібі;

  • педагогикалық шеберлік пен оқушыларға деген сүйіспеншілігі. 

Педагогикалық ұжымның мүшелері бұрыннан қалыптасқан әдет-дағдыларын бағалап, дамыта отырып, жаңадан келген қызметкерлерді өз ортасына тартуы тиіс [10].
Сонымен, мұғалімдер ұжымында еңбек тәртібі мәселесіне өз міндеттеріне жауапты, шығармашылық көзқарасы бар әріптес мұғалімдерге жақсы тәрбиелік ықпал жасау, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды және өз тәртібін жақсарту мәселесі ретінде назар аударылуы тиіс. 
Педагогикалық ұжым өкілдерінің арасында сенім, ауызбірлік және өзара сыйластық болмаған жағдайда оның ұжым болып қалыптасуы екіталай. Әр ұстаздың жұмыс барысында қандай да болмасын олқылық, ақаулық, кемшілік пен қателіктер жіберетін кездері болады. Бірақ басты ұстанымы – тәрбиелеушінің жан саулығына, денсаулығына зиян келтірмей, оқытып тәрбиелеу қажеттілігі. Ең алдымен, адамгершілік дәрежесі, оның үстіне мұғалімнің, тәрбиешінің еңбек мәдениеті – бұл оның рухани дамуының деңгейі, басты көрсеткіші, оның мінез-құлқының жоғары өлшемі, өмірге деген көзқарас, оның жеке әлеуметтік белсенділігі мен өмірлік мұраттарының мәселесі. 
Тұлғаның мәдениет жүйесіндегі қажетсінуін әлеуметтік сапаларын, мінез-құлық және іс-әрекет стилінде көрініс табатын оның даму деңгейімен сәйкестендіреді. Сондай-ақ мұғалімнің сыртқы келбет мәдениетіне, өзін-өзі басқару шеберлігіне, моральдық қасиеттеріне қойылатын талаптардың да тәлім-тәрбие жұмысының мазмұны мен сипатына қарай күн өткен сайын өзгеріп, жаңғырып, жаңа сипат алып отыратыны белгілі. Ағартушы педагог ғалымдардың (А.В.Мудрик, С. Қалиев, Ә.Нысанбаев, Ә.Табылдиев, К.М. Левитан, И.Д. Демакова, А.С. Белкин, Л.И. Рувинский, Қ. Жарықбаев, Л.Т. Охитина т.б.) еңбектерінде мұғалім мәдениеті мен шеберлігі, зиялылығы сипатына көңіл бөлінген. Олардың пікірінше, педагогтың нәтижелі қарым-қатынасқа дайындығында үйірсектік (общительность), эмпатия және тосындылық маңызды рөл атқарады. 
Жанасқыштық – басқалармен өзара әңгімелесу кезінде қанағаттану сезіміне бөлену қабілеті; әлеуметтік жақындық – басқа қоғам мүшелерімен тіл табыса білу, альтруистік тенденцияның болуы. Педагог мінезінде өзіне және айналадағыларға білінетіндей үйірсектіктің болуы оның байланысқа бейімділік әлеуетінің молдығын көрсетеді. 
Эмпатия – қарым-қатынас кезінде адамның сезімталдық негізінде басқаны өзіндей түсіне білуі, яғни жағдайды қарым-қатынас жасап тұрған кiсiнiң көзiмен көріп, жан дүниесін түсiне бiлуі.
Тосындылық – дүниені көрінген қалпында қабылдау және оны дәл осы әрбір сәттегі түрімен сезіне білу, бұл қасиет қиялдың даму деңгейіне тәуелді[47].
Қарым-қатынас техникасын игеру үшін оның құрылымын білген жөн: 
қарым-қатынасты талап ететін мәселенің шарттарын (қарым-қатынас мақсатын, пікірлесушінің тұлғалық ерекшеліктерін, т.б.) жетік білу; 

  • қарым-қатынас әрекетінің мазмұнын сауатты жоспарлау; 

  • сұхбаттасу амалдарын таңдау; 

  • сөйлесу үдерісін сапалы өткізу;

  • қарым-қатынас мақсатына жеткен не жетпегенін көрсететін кері байланыс жасау.

Бұл тізбектің бір буыны босап қалса не болмай қалса, қарым-қатынас көздеген мақсатына жетпейді. Қарым-қатынастың табысты болуы осы тізбектегі әрекеттерді шеберлікпен атқаруына байланысты.

Әдебиеттері:

1 А.Д. Михельсон Объяснение 25000 иностранных слов, вошедших в употребление в русский язык, с означением их корней. – М., 1865.
2 Словарь иностранных слов, вошедших в состав русского языка// А.Н. Чудинованың ред.бойынша– М., 1910. 
3 Словарь иностранных слов// Н.Г. Комлеваның ред. бойынша– М., 2006.
4 Новейший философский словарь// И.Ф. Фроловтың ред. бойынша– Р/на-Дону. – 2005.
5 Оксфордский толковый словарь. – Киев, 2002.
6 Словарь по этике/ И.Конның ред. бойынша – М., 1980. 
7 В.В. Самойленко История медицинской деонтологии. – М., 1998.
8 Е. Барштейн Что должен знать врач-стахановец// Правда. – М., 1938.
9 Е.П.Прохоров, Журналистика и демократия. – М., 2001
10 Ғ.М. Кертаева Ұстаз қызметіндегі педагогикалық деонтология. - Монография. Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002,- 224 б. 
4.Тақытып. Педагогикалық деонтология міндеттері, қызметі, және ұстанымдары. (2 сағат. 7-8 апта)

Мақсаты: Мұғалім мен оқушылардың арасындағы нақты рухани, соның ішінде эмоционалды байланыс дұрыс қарым-қатынас

Жоспар:

  1. Педагогикалық деонтология мүмкіндіктерінің ұстаздың адамгершілігі мен оның кәсіби парызы

  2. Педагогикалық деонтологияның негізгі міндеттері

  3. Педагогикалық деонтологияның қызметі.

  4. Педагогикалық деонтологияның ұстанымдары.

  5. Педагогикалық деонтологияның негізгі ұғымдары

Педагогикалық деонтологияда ең бір қиын, ең бір жауапты мәселе – тұлғааралық эмоционалды қарым-қатынас (коммуникация) мәселесі. Оқушының ерекшелігін ескерген қарым-қатынас оған еркін таңдау мен даму жолдарын ұсынады. Педагогикалық деонтология мен қарапайым педагогикалық әдістерді жетік меңгеру оқушыларға дамытушы әсер ететін психоэмоционалды және психоэстетикалық амалдарды зерттеп, қолдануға жол ашады. Қазіргі кезеңде бала жанына сауатты, «зиян келтірмей» әсер етуге білім беру жүйесінде салғырттық байқалады. Мұғалім мен оқушылардың арасындағы нақты рухани, соның ішінде эмоционалды байланыс дұрыс қарым-қатынастан басталады. Қарым-қатынасты біліктілікпен жасау – этикалық әрі танымдық шығармашылық жұмыс. Баланың жан дүниесін түсіне отырып, ұстаз оның жан-жақты даму жолын білуге ынталанып, соған сәйкес әрекет жасауға бағытталады. Оқушының мінезін, әуестігін, алға қойған мақсатын, көңіл-күйін білу ұстазға баланы жеке тұлға ретінде терең танып, оның жанына жайлы педагогикалық әсер етуге көмектеседі. 
Педагогикалық ғылымның дамуы, педагогикалық тәжірибенің толық жетілуі педагогикалық деонтологияға маңызды түзетулер мен өзгертулер енгізеді, себебі ол – формалды түрде шартты емес, қоғамдық қажеттіліктің көрінісі. Педагогикалық деонтологияның негізгі міндеттерінің бірі болып педагогтың түрлі ық ұстанымдар мен ережелерді саналы түрде түсінуі, кәсіби парызының іске асырылуын саналы түрде ұғынуы болып табылады.
Педагогикалық деонтология мүмкіндіктерінің ұстаздың адамгершілігі мен оның кәсіби парызы туралы ғылыми теориясы ретіндегі маңызы өте зор: 
- педагогикалық қызметтің ұстанымдары жекешеленбей, әлеуметтік факторлардан алшақтанбайды; 
- педагогикалық деонтологияның талаптары басқа адам тағдырына педагогтың қатыстылығына ұстаздың кәсіби санасын білім беру саласында ғана емес, адамның тіршілік ету әрекетінің барлық салаларында әділеттілікті орнату мен кәсіби қызметтегі дұрыс қарым-қатынас орнатуға бағыттайды.
Педагогикалық деонтологияның міндеттері тек педагогтың кәсіби парыздылығын ашу, кәсіби қызметтің қорытындылары үшін жауапкершілігі, оқушылармен, олардың ата-аналарымен, әріптестерімен қарым-қатынас үдерісі кезінде ұстаздарға қойылатын талаптар мен қағидалар жүйесін анықтаумен ғана шектелмей, өз қызметінде бұл шарттарды іске асыру барысында талаптарын анықтауда. 
Педагогикалық деонтология шынайы гуманистік ғылым ретінде педагогикалық қызметкерлерге тән тұлғалық қасиеттердің, уәждердің, қылықтар мен түрлі әрекеттердің мән-мағынасын түсіндіреді, осы мамандыққа тиесілі адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына өз ықпалын тигізеді, кәсіби қызметін ұзақ атқару кезінде олардың өзгеруін алдын алады. 
Сонымен бірге педагогикалық деонтология міндеттеріне педагогтың кәсіби мінез-құлқының алғышарттарын қарастыру, кәсіби қызмет үдерісі кезінде пайда болған жағымсыз факторларды, дау-жанжалдарды жою амалдары, педагогтардың білімнің формалды қосымшаларын жоюды, моральдық және кәсіби-маңызды қатынастарды жете түсінудің белсенділігін ояту мен ынталандыру бағыттарын айқындауды, тұлғаның деонтологиялық қасиеттерін тәрбиелеу, ұстаздың алдын ала қалыптасқан кәсіби қызмет ұстанымдарының мәнін айқындауды, педагогикалық мамандықтың беделін жоғарылатуды зерттеу жатады.
Педагогикалық деонтологияның негізгі міндеттері:
- педагогтың кәсіби мінез-құлқы ұстанымдары мен ережелерін зерттеу;
- педагогтың мінез-құлқы мен іс-әрекетін қалыптастыру, реттеу, бағалау;
- педагогтың кәсіби мінез-құлқын анықтайтын сыртқы, ішкі факторлар жүйелерін зерттеу;
- педагогтың маңызды қасиет-қабілеттерін, кәсіби қарым-қатынас аясында педагогикалық үдеріске қатысушылардың бірін-бірі қабылдауын, бағалауын зерттеу;
- педагогтың жеке тұлғалық ерекшеліктерінің қызметінің кәсіби талаптарына сәйкестігін зерттеу;
- педагогикалық қызметте болатын қате іс-әрекеттердің зиянды салдары мен қолайсыз факторларын жою. 
^ Педагогикалық деонтологияның қызметі. Басқа ғылымдар сияқты педагогикалық деонтология белгілі бір қызметтер атқарады: 

  • ұстаз тұлғасын кәсіби талаптарға сай болуға ынталандырар күш;

  • педагогтың кәсіби қызметінде нақты адамгершілік әрекетін тудыратын қабілет;

  • ұстаздың қызмет аясында тәжірибелік іс-әрекетін реттеуші амалы;

  • педагогикалық деонтология оқушының денсаулығына, жан саулығына зиян келтірмей, табиғатына үйлесімді дамуына жәрдемдесудің жолы.

^ Педагогикалық деонтологияның ұстанымдары.
Педагогикалық деонтологияның ұстанымдары – бұл педагогтың кәсіби әрекетінде басшылыққа алатын, парыздылық ұғымына негізделген жетекші идея, іс-әрекетті реттеуші талаптар. 
Деонтологияның педагогикалық іс-әрекет жүйесіндегі ұстанымдарын айқындау үшін Токиода болған ІV Бүкіләлемдік конгресте қабылданған ғаламдық биоэтиканың постулаттарын келтіре кетейік:

  1. Жеке тұлғаның өзін-өзі билеуін (personal autonomy) мойындау, яғни әрбір адам өзіне, өзінің жан дүниесіне, эмоционалдық жағдайына қатысты мәселелерін өзі шешуге құқылы;

  2. Қоғамдық игілікке рұқсат білдіретін әділеттілік (justice);

  3. Адамға зиян келтірмей әсер ету этикалық тұрғыдан дұрыс екенін білдіретін Гиппократтың «Зиян келтірме!» ұстанымы;

Заманауи биоэтикада Гиппократтың «Зиян келтірме!» ұстанымының мағынасы кеңейіп, «зиян келтірмек түгіл, игілік жаса» делінеді. Педагогикалық деонтология ұстанымдарын ғаламдық биоэтика ұстанымдарын басшылыққа алып құрастыруды жөн көрдік. Біздің пайымдауымызша, мұғалімге қойылатын барлық деонтологиялық талаптар төмендегідей 4 негізгі ұстанымға саяды:

  1. Оқушының (тәрбиеленушінің) денсаулығына, жан саулығына зиян келтірмей әсер ету;

  2. Барлық жүрiс-тұрысымен, ой-өрiс, iс-әрекетімен осы ұстанымның кең тарауына және оқушы санасына өзiндiк бақылау дағдыларын қалыптастыруына жол ашу, қарайласу, соған себепкер болу;

  3. Оқушының үйлесімді дамуына жәрдемдесу;

  4. Осы ұстанымдарды бұзудан пайда болатын зиянды салдарды жоюға бүкiл жан дүниесі, сана-сезiмімен ынталану.

Яғни педагогикалық деонтология ғылымы бойынша, ұстаздық әсердiң ең негiзгi мақсаттары: оқушының денсаулығын, жан саулығын сақтауды, нығайтуды көздей отырып, оқушы тұлғасының табиғатына сай дамуына жағдай жасау.
Педагогикалық деонтологияның ұстанымдарын мектеп мұғалiмдерi не болашақ мұғалiмдер қорқытусыз, паралаусыз кәсiби парыздану ықпалымен игерiп iске қосып жатса, бұл надандықтан кетiп, өркениеттiкке жақындағанымыздың дәлелi бола алады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет