Педагогтар мен мамандардың өзара қарым-қатынасы туралы түсінік



Дата29.04.2024
өлшемі20.71 Kb.
#500135
Реферат 8


Педагогтар мен мамандардың өзара қарым-қатынасы туралы түсінік

«Баланың психикалық даму деңгейі төмен болған сайын, мұғалімнің білім деңгейі соғұрлым жоғары болуы керек «. (Атақты неміс педагог-дефектолог П. Шуман)




Бұл берілген пікір инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін ерекше білімнің қажеттілігін айқындайды. Себебі, инклюзивті білім беру жағдайында мұғалімнің позициясы өзгереді. Мұғалім өзінің автономдығын жоғалтып, арнайы педагогпен, психологпен, логопедпен, әлеуметтік педагогпен және ата-аналармен өзара тығыз әрекеттестікте жұмыс істейді. Инклюзивті білім беру жағдайында педагог өз әрекетінде білім мазмұнын бейімдеу, тұлға аралық қарым-қатынасты дамыту сияқты т.б. қосымша міндеттер мен қызметтерді атқару керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға бірдей білім беру орталықтарына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады. Осы заң аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыда қамтамасыз ету қарастырылған. Ең бастысы, аталмыш заңда инклюзивті білім берудің негізгі принциптері айқындалды. 2000 жылдардың басында педагогтардың 80%-ы бұл жүйеге қарсы болса, 2007 жылы 49% ғана қолдамаған. Бүгінгі таңда бұл жүйені педагогтар қауымы толықтай қолдауда. Бұл инклюзивті білім берудің дамып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенциясына қол қойып, барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға міндеттенген. Мемлекеттік білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасына бірінші рет инклюзивті білім беруді дамытуды қосқан. Жалпы педагогтың инклюзивті білім беруге кәсіби даярлығы болу керек. Бұл туралы ғалымдар өз пікірлерін ортаға салады. Атап айтсам, ресей зерттеушісі Е.Г.Самарцева «Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын арнайы білімдер, іскерліктер мен дағдылар ретінде көрінетін динамикалық, интегративті, кәсібитұлғалық білім. Инклюзивті білім беру педагогының кәсіби даярлығы құрылымына келесі түйінді, мазмұнды компоненттер кіреді: тұлғалық-мәндік (инклюзивті білім берудің идеологиясын қабылдауға педагогтың рефлекстелген ұстанымы, педагог санасының, ерік, сезімдерінің балаларға инклюзивті білім беруге уәждемелік), когнитивті (балаларға инклюзивті білім беруге қажетті кәсіби-педагогикалық білімдер кешені) және технологиялық (мектепке дейінгі балаларға инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың кәсіби-тәжірибелік іскерліктер кешені)» деп түйіндеп, инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерін кәсіби және тұлғалық даярлықты жүзеге асыруда келесі міндеттер қажет екендігін айтады: — инклюзивті білім берудің не екендігін, оның дәстүрлі білім беру формасынан айырмашылығын түсіну; — инклюзивті білім беру ортасы жағдайында балалардың дамуында тұлғалық жас ерекшеліктері мен заңдылықтарын білу; — дамуы қалыпты және зақымдалған балаларды бірігіп оқыту үшін оқу үрдісін жобалаудың психологиялық және дидактикалық әдістерін білу; — білім беру ортасының барлық субъектілері: жеке және топтағы оқушылармен, ата-аналармен, әріптес-мұғалімдермен, мамандармен, әкімшілікпен жұмыс. Шетелдік ғалым Э.А.Гафари «Даму мүмкіндігі шектеулі оқушылар мұғаліммен мойындалған жағдайда ғана өзіне лайықты орын табады « деп, мұғалімдердің сенімдері, олардың инклюзивті білім берудің философиясы мен саяси бағытын мойындауы инклюзивті білім беруді іске асыруда барлық әрекеттердің нәтижелі болуының маңызды алғышарты екендігін ерекшелейді. Ғалымның пікірі оң көзқарасты қалыптастырып, инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге мұғалімнің тұлғалық дайындығының қажеттілігін дәлелдейді. Литва университетінің доценті A.Galkiene өз зерттеуінде «Мұғалім оқушылардың тек жеке топтарын ғана емес, барлық балаларды ойлай отырып, олардың түрлі мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін жете ұғынуы керек» деп, «Мен өзгешелікті қалыпты жағдай ретінде қабылдаймын» десе, Белоруссиялық зерттеуші В.В. Хитрюк «Педагогтың инклюзивті білім беру жағдайындағы жұмысқа даярлығының құрылымы өзара тәуелді сипаттамалар кешені ретінде көрсетілген. Оның сипаттамалары ішінде маңызды орынды алатын мотвациялық-когнитивті компонент — кәсіби мінез-құлықтық ұстанымды тікелей білдіру (инклюзивті білім беру субъектілеріне қатысты дәйекті мінезқұлық), біліктілікті көрсетуге дайындық болып табылады» деп педагогтың кәсіби-педагогикалық даярлығының құраушысы ретінде инклюзивті даярлыққа әлеуметтік ұстанымдағы (бағалау-адаптивті, гностикалық, интегративті, болжамдық, құндылық-бағдарлық, эгоқорғаныстық) қызметтер, сондай-ақ инклюзивті білім беру жағдайында кәсіби педагогикалық әрекет мазмұнымен, бағыттылығымен анықталатын спецификалық қызметтер (перцептивті-диагностикалық, интенционалды, қозғаушы -эмотивті) тән екендігін айтады. Білім беру жүйесін инклюзивті білім беру үдерісіне дайындаудың ең алғашқы, әрі маңызды кезеңі мамандардың психологиялық және құндылықтық, кәсіби біліктілік деңгейлерінің өзгерісі болып табылады. Осы орайда Қазақстандық зерттеуші И.А.Оралканова «Мұғалімнің педагогикалық әрекетке даярлығы» түсінігін инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын шетелдік мұғалім-практиктер зерттеулерінің нәтижелерін ескере отырып, психологиялық және кәсіби дайындық тұрғысынан мәнді талдау негізінде педагогтардың тұлғалық, теориялық және тәжірибелік даярлығының біртұтастығын көрсететін өзара байланысты психологиялық және кәсіби сапалардың кешені түріндегі даярлық құрылымын анықтады. Аталған түсінікті талдау нәтижесінде, автор «Мұғалімдердің инклюзивті білім беру жағдайында жұмысқа даярлығы» инклюзивті білім беру талаптарын есепке ала отырып, оқу — тәрбие үдерісін ұйымдастыруда кәсіби әрекетті жоғары мотивациялық — құндылықтық деңгейде орындауға мүмкіндік беретін үйлесімді өзара әрекеттесуші, өзара толықтырушы психологиялық және кәсіби сапалардың кешені ретінде айқындайды. Сондай-ақ, қазақстандық зерттеушінің анықтамасы бойынша, психологиялық даярлық бұл мұғалімнің белгілі бір тұлғалық қасиеттерінің кешені, ал кәсіби – дидактикалық білім мен әдістемелік іскерліктер блогы болып табылады. Мотивациялық-құндылықтық компонент, Оралканова И.А. пікірінше, инклюзивті білім берудің құндылығын саналы түсінумен сипатталады. Бұл компоненттің көрсеткіштері: 1) инклюзивті білім беру идеясын құндылық ретінде қабылдау; 2) даму мүмкіндігі шектеулі балалардың тең құқықтығын мойындау және балаларды құндылық ретінде қабылдау; 3) инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін өзін өзі дамытуға және оқуға дайындығы. И.А.Оралканова мұғалімдердің инклюзивті білім беруге психологиялық даярлығының құрылымына келесі білімдерді енгізеді:

— тұлғаның құндылықтық бағдары; — тұлғаның уәждемесі; — толеранттылық; — эмпатия; — педагогикалық оптимизм. И.А. Оралканова пікірінше, мазмұнды компоненттің негізгі көрсеткіштері:


— инклюзивті білім беру негіздерін білуі; — даму мүмкіндігі шектеулі балалардың дене қол жетімділігіне қойылатын талаптарды білуі; — мұғалімнің ақпараттылығын қамтамасыз ететін, даму мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарына қатысты сауаттылықты арттыратын жалпы білім беретін мекемелердің оқу-тәрбие үдерісіне даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қосу туралы нормативті-құқықтық негіздерді білуі; — инклюзивті білім беру жағдайында оқу және тәрбиелеу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерін білу. Яғни, инклюзивті білім беру субъектілерімен коммуникативті байланысты орнату негіздерін білуге мұғалімнің инклюзивті білім беру жағдайында «Мен ғана білемін» позициясынан «Біз біргеміз» және тығыз қарым қатынаста даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен басқаларға ыңғайлы жағдай жасай аламыз деген позицияға ауысу жатады. Зерттеушінің ойынша, операционалды-әрекеттік компоненттің көрсеткіштері келесі іскерліктер мен дағдылардан тұрады: — даму мүмкіндігі шектеулі балалармен және олардың ата-аналарымен коммуникативті байланысты жүзеге асыру іскерлігі мен дағдылары; — мүмкіндіктері әр түрлі балаларды бірге оқыту жағдайында оқу-тәрбие үдерісін құрастыру іскерлігі; — топта жұмыс істеу іскерлігі. Даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтың базалық қасиеттері эмпатия, педагогикалық оптимизм, гумандылық, балаларға сүйіспеншілік, шыдамдылық, даму мүмкіндігі шектеулі баламен және басқалармен қарым-қатынаста педагогтың белсенділігі екендігі анықталды. Инклюзивті мектеп мұғалімі келесі шарттарға сай нәтижелі жұмыс істей алады, егер:


— ол иілгіш болса; — әр қиындықтарға кездескен сайын шығар жолды ізденсе; — ол әр баланың жеке ерекшеліктерін сыйлайтын болса; — ол топтың басқа мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, қолдана алатын болса; — ол сыныпта басқа ересек адам болса да өзін сенімді ұстаса; — ол басқа мамандармен бір топта жұмыс істеуге келісетін болса.


Инклюзивті білім берудің ең басты қағидасы даму мүмкіндігі шектеулі оқушылардың әр түрлі қажеттіліктеріне сай неғұрлым шектемейтін, көбірек ортаға қосатын білім беру орта жасалуы керек. Инклюзивті білім беру идеясын қолдап, оны жүзеге асыра отырып педагогтар инновациялық тәртіпте әрекет етеді. Жалпы ғалымдардың қорытындылауынша, инклюзивті білім беру жағдайындағы жалпы білім беретін ұйымдарда педагог жұмысының басты міндеттерінің бірі даму мүмкіндігі шектеулі баланы және оның отбасын жалпы білім беру ортасына енгізуді реттейтін үдерісті сапалы түрде басқару болып табылады. Бұл бағыттағы алғашқы қадам білім беру үдерісінің барлық қатысушыларын, ең алдымен, өзін өзгерістегі әлеуметтік жағдайға дайындау болуы керек. Педагогтар тыңдауға үйреніп, дәйекті, шыдамды болып, әр баланың оқу мәнеріне, қылығына, мінезіне сыйластықпен қарау керек. Ол үшін:


— әр түрлі оқитынын, әр түрлі қарқынмен білім алатынын мойындап, осы ерекшеліктерді ескере отырып сабақты жоспарлау; — әрекеттерді бекітілген оқу жоспарына емес, жағдайға байланысты жоспарлау; — барлық балалар мектепке келу үшін және оқу үдерісін тиімді ету үшін ата-аналармен өзара әрекеттесу; — сыныптағы барлық балалардың және жеке әрқайсысының сұраныстарын икемділікпен, шығармашылықпен орындау; — әр сыныпта оқушылардың белгілі бір бөлігінің оқуында қиындықтар болатындығын білу. Ғалымдардың айтқанына сүйенсек, балаларға бағдарланған оқытудың белсенді әдістерін қолдану керек. Олар: — барлық балаларға ойнауға, оқуға көмектесу; — оқудағы қиындықтардың дәрежесі мен ауырлығын төмендетіп, қиындықтың ары қарай дамуына жол бермеу; — мінез-құлық проблемаларын шешу; — оқу жоспарында күнделікті өмірде қолданатын дағдыларды пайдалану; — оқуды қызықты түрде жасау; — өткен материалды мектептегі және үйдегі жағдайлармен байланыстыру; — балалардың қызығушылығын сақтау және оларға өздерінің жеке темптерімен сәйкес оқуға мүмкіндік жасау үшін оқыту жылдамдығы мен әдістерін түрлендіру; — сыныпта өзара қарым-қатынасты жақсарту; — мұғалімге өз дағдыларын жетілдіруге көмектесу. Мүмкіндігі шектеулі балаларға жүрегін жаралайтын кейбір сөздерді қолданбаған жөн:


Балаға тікелей қолдануға ауыр сөздер Ауыстырып айтатын сөздер


Соқыр Көру қабілеті зақымданған адам
Саңырау Есту қабілеті зақымданған адам
Мүгедек Мүгедектігі бар оқушы
Жарымжан Дене мүшелері зақымданған бала
Ақыл-ойы кем Интеллектуалды бұзылыстары бар бала
Оқытылмайтын Оқуында қиындықтары бар бала
Инклюзивті білім беру жағдайындағы мектеп мұғаліміне қойылатын тағы бір маңызды талап – медициналық, психологиялық және дефектологиялық саладағы мамандармен бірге әрекет етуге дайындығы мен қабілеті. Бұндай әрекеттестіктің басты мақсаты — даму мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту, оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтендіру екендігін түсіну қажет. Педагогтардың инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге даярлығының компоненттері, көрсеткіштері, критерийлері мен деңгейлері Қазақстандық ғалым И.А.Оралканованың айтуынша төмендегідей болуы қажет:

№ Педагогтардың инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге даярлығының компоненттері, көрсеткіштері, критерийлері мен деңгейлері


1. Инклюзивті білім беру қажеттілігіне сену
2. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың тең құқықтығын мойындау
3. ҚР-да инклюзивті білім берудің идеяларын дамытуға ұмтылу — балаларды құндылық ретінде қабылдау
4. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қабілеттері өзінше ерекше және шексіз екендігіне сену
5. Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін оқуға дайын болу
6. Инклюзивті білім беру жағдайында нәтижелі жұмыс істеу үшін өзін өзі дамыту, білімін арттыру керектігіне сену
7. Инклюзивті білім берудің нормативті — құқықтық негіздерін білу
8. Инклюзивті білім берудің негіздерін білу
9. Даму мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қарым — қатынастың эволюциясын білу
10. Инклюзивті білім беру жағдайында оқыту мен тәрбиелеу үдерісін жасаудың ерекшеліктерін білу
11. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың дене қолжетімділігіне қойылатын талаптарды білу
12. Оқу бағдарламасын қалай бейімдеу керектігін білу
13. Инклюзивті білім беру жағдайында сабақты өткізу ерекшеліктерін білу
14. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үдерісінде жекеленген және дифференциация қағидаларын білу
15. Инклюзивті білім беру жағдайында коммуникативті байланысты орнату негіздерін білу
16. Мүмкіндіктері әр түрлі балаларды бірге оқыту жағдайында оқу — тәрбие үдерісін ұйымдастыра алу
17. Жекеленген және дифференциация қағидаларын есепке ала отырып сабақты өткізе алу
18. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың ата — аналарымен жұмыс формалары мен әдістерін білу
19. Инклюзивті білім беру жағдайында мамандардың қызметтік міндеттерін білу
20. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту міндеттерін басқа мамандардың білімімен бөлісе алу және мамандардың пікірін тыңдай білу
Осылайша, даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты жүзеге асыруға педагогтардың кәсіби даярлығын қалыптастырамыз. Қазақстан Республикасында сапалық жағынан жаңа білім беру жүйесін жалпы және де инклюзивті бағытта құру әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруімен байланысты.

№ Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту негізінде келесі маңызды қарастырылған принциптер мен құндылықтар


1. Әрбір баланың жалпыға білім беру мекемелерінде оқуда және сапалы білім алуда тең құқылы болуы.
2. Әр баланың оқуға қабілеттілігін мойындап, қажетті жағдайлар жасау.
3. Балаларға отбасында дамуға жағдай жасап, барлық мәдени, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің және басқа да қоғамның жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік беру.
4. Ата-аналарды балаларының бірінші мұғалімдері, тең құқылы серіктестері ретінде оқу процесіне қосу.
5. Жеке тұлғалық, жекелік бағыт негізінде құрастырылған оқу бағдарламаларын бейімдеу. Бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың оқу дағдыларын өмір бойы дамытуға әсер етіп, қоғамның өміріне толыққанды қатысу мүмкіндіктеріне бағытталуы тиіс.
6. Инклюзивті білім беруде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жағдайларды жасау қажет екендігін мойындау.
7. Оқытудың инклюзивті моделін іске асыруда заманауи зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижелерін қолдану.
8. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде пәнаралық және топтық бағыттарды қолдану, ол үшін педагогтар, ата-аналар, логопедтер, психологтар, дефектолог-мұғалімдер және т.б. мамандар бірігіп жұмыс жасаулары керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Дүниежүзілік мүгедектер туралы баяндама. — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, 2011г. http://www.who.int/disabilities/world


2. Даму мүмкіндіктері шектелген балаларға кіріктірілген (инклюзивті) білім беруді ұйымдастыру бойынша Әдістемелік ұсынымдар. – ҚР БҒМ Хаты № 4-02-4/450 16 .03.2009 ж.


3. Хитрюк В.В. Формирование инклюзивной готовности будущих педагогов в условиях высшего образования: автореф. дис. … докт.пед.наук. — Калининград, 2015.


4. З.А.Мовкебаева. Роль высших учебных заведений в модернизации процеса образования лиц ограниченными возможностями в развитии// Вестник КазНПУ имени Абая (Серия «Специальная педагогика». — № 1-2 (28-29). – 2012.




5. И.А. Оралканова. Формирование готовности учителей начальных классов.2012г.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет