14. Әдебиеттер тізімі
Негізгі
1. МұхамбетоваА. Казахская традиционная культура и ХХ век. Алматы.
2.Орынбеков М.С. Предфилософия протоказахов. Алматы.
3.Қаракұзов Ж. Қазақ мәдениетінің космосы. Алматы.,
Қосымша
4..ҒабитовТ. Мәдениеттануға кіріспе. Алматы, 2013
5.Нұрланова К. Адам және әлем. Алматы
Би дегеніміз кім?
Ұлт болып ұйығаннан бері берік қалыптасқан дәстүрлі қазақ қоғамының саяси - әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесін би деп атаған. Зерттеушілердің, олардың ішінде В.В.Бартольдтың пайымдауынша, «Би» сөзі шамамен 14-15 ғасырларда ежелгі түрік тіліндегі «Бек» атауының бір нұсқасы ретінде пайда болған. Сөйтіп, ол басқарушы, ел билеуші мағынасын білдіреді. Уақыт өте келе би сөзі бастапқы сематикалық – тілдік реңкінен ажырады, негізінен, даужанжалды шешетін, кесімді төрелік айтатын, әділ үкім шығаратын адамды бейнелеу, атау үшін қолданыла бастады.
17 ғасырда тірлік кешкен Махмұд ибн Уәли өзінің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «Жоғарғы мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тірліктен азат адамдардың» барлығы би деп аталғанын жазып кетті. Ал қазақтардың дәстүрлі түсінігінде би мынандай төрт түрлі мағынаға ие атау: 1. Ел билеушісі, иелік етуші; 2. Сот, төреші; 3. Батагөй, шешен; 4. Бітістіруші, дипломат, елші.
Иә, қазақтың Майқы биі, Аяз биі, Мөңке биі, Бейсенбі биі, Әнет биі, Бұхар биі, Төле биі, Қаз дайысты Қазыбек биі, Әйтеке биі, Нияз биі (Тілеуліұлы), Шоң биі, Шеген биі (Мұсаұлы), Мамашәріп биі, Беген биі (Азынабайұлы) және тағы да басқа билері осындай данагөй, қара қылды қақ жаратын әділ, ел мен елді, ағайынды бір-бірімен жарастырушы бітімгер, халық қатты құрметтеген тарихи тұлғалар. Тарихи, энциклопедиялық әдебиеттерде оншақты би-шешендер хақында айтылып жүргенімен, әлі де ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқан қазақтың белгілі билері қанша ма!
Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д.Сұлтанғазин өзінің «Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы» атты зерттеуінде былай деп жазады: «...бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын» («Дала уәлаятының газеті», 1888 жыл, № 51).
Біздер Нияз Тілеуліұлы тәрізді атақты билердің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсінуіміз үшін сол кездегі олар өмір сүрген қазақ халқының тарихи-әлеуметтік, даму сатыларының ерекшеліктерін де жете талдап, таразылауымыз қажет. Баршамызға мәлім, 19 ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамыды. Сол заманда ең төменгі – бұқаралық билікті ауыл-аймаққа, ру – тайпаға беделді, өмірлік тәжірибесі бай ақсақалдар атқарды, орта буындағы, яғни, потестарлы билік тізгінін ру – тайпа басылары – билер уысында ұстады. Мемлекеттік және мемлекетаралық дәрежедегі маңызды мәселелерді шешетін жоғары билікті хандар мен сұлтандар иемденді. Алайда Абылай хан Нияз Тілеуліұлы тәрізді айрықша құрметті билерін ханға балап, оларды мемлекеттік істерге де араластырды. Бұл жөнінде академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми еңбектерінде, би-шешендердің мұрасын жинаушы Нысанбек Төреқұлұлының кітаптарында нақты айтылған. Шен қумаған Шеген би арғынан шыққан, «Қырда Беген тұрғанда» деп есімі мақалға айналған Беген би мен қарадан шығып хан атанған Нияз би қыпшақтан шыққан билер болса да, Торғай, Қостанай, Ақмола өңірінде үш жүздің балаларының ар-намысын қорғады. Бұл билердің әділдікте туысына бұрмай тура би атанғаны олардың барлық иісі қазаққа ортақ асыл перзенттер болғанын танытпайды ма?!
Кезінде ру – тайпа басылары – билер мен хан-сұлтандар екі билік жүйесін құрып, бүкіл қазақ қоғамының елдік тұтастығы олардың өзара тепетеңдігі мен бір-біріне қарама-қарсылығы принциптеріне негізделуі заңды еді. Билер мен батырлар халыққа жақын және оның кең қолдауына ие потестарлы билік иелері болғандықтан, хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп отырды. Хандар мен сұлтандар атақты билердің елдегі билігінен қаймықты, олармен үнемі санасып отырды. Сол себепті де Абылай хан Нияз биді ерекше құрметтеп, ханға балады, ол халық арасында «хан Нияз» атанды. Өйтпегенде ше, мұрагерлік салтымен дала жұртын билеген Шыңғыс хан ұрпақтары – төрелер тұқымы хандық биліктің бұлжымауы үшін билердің әкімшілік, әлеуметтік – саяси және мәдени рөлімен міндетті түрде санасты.
Мемлекеттік басқару жүйесінде билердің мынандай кейбір айрықша құқықтары болды: «Жеті жарғы» қағидаларына сәйкес олар өзіне бағынышты ру – тайпа шегінде әкімшілік билік жүргізді. Сот төрелігін жүзеге асырып, соған байланысты ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін терең білуге тиісті болды. Билер ру-тайпаның басшысы болғандықтан, әкімшілік қызметті де қоса атқарды, өз қауымының тәртіп, талабына жауапты болды. Сөйтіп, хандардың халық арасындағы тірегіне айналды. Осыған орай олардың ең данагөй, беделдісі хан жанындағы билер кеңесінің құрамына еніп, ескі қағидаларды жаңғыртып, заңи жосындар қабылдауға қатысты, ханның ішкі, сыртқы саясатына, әскери доктринасына оң ықпалын тигізді.
Билерге тән қасиеттер
Шешендік. Түрлі айтыс-тартыс, дауда билік айтқанда шешендік өнерді меңгере алмаған бидің шешімі әсерсіз, шалажансар болып шығады, лаулаған араздық өртін өшіре алмайды. Қазақ билерінің шешендік мектебі – халық, өздерінің бұл өнерге бейім тума таланты. Шешендік жас талғамайды. Нияз бидің он жасынан шешендігімен, тапқырлығымен билікке араласуы соның айғағы. Ол бір ауыз сөзбен құн кесіп, жалғыз уәжбен дау шешкен. Билердің шешендікпен шебер айтқан ақыл, нақыл сөздері жаратылыста, қоғам өмірінде болған өзгеріс, құбылыстарды жіті көзбен байқап, бақылап айтқан озық ойының жемісі. Әрбір бидің шешендік өнерді қолданғанда сөйлеу мәнері, стилі болған. Жалпы билер қатысқан шешендік дауларды: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы және ар дауы деп беске бөлуге болады. Нияз бидің көп қатысқан айтыс-тартысы негізінен, ел мен жер, ар дауы, құн дауы болыпты.
«Жеке адамдар бірде шешендік сөздердің авторы болып аталса, екінші бір нұсқаларда кейіпкер ретінде айтылады,- дейді Балтабай Адамбаев.- Мысалы, қыпшақ Арғынбай мал мен басқа тапшы, бірақ ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін шешен кісі екен. Сонда бір жиында Қоңырат Жайымбай датқа кемітіп:
- Сөйле – сөйле, құлағы жоқ – шұнақ биім, құйрығы жоқ – шолақ биім! – депті. Сонда Арғынбай шешен: «жақсы айтасың, датқа! Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар. Сен мал мен басқа мақтандың, байлық түбі – бақыл, қазына түбі – ақыл; атадан алтау тусаң да бір жалғыздық бар; Асқа тойған кекірер, басқа толған кетілер. Ешкі егіз тауып қойдан көп болмас, ит сегіз тауып малдан көп болмас. Құлағым шұнақ болса – сұңқар шығармын, құйрығым шолақ болса – тұлпар шығармын. Құдайдың маған берейін десе – баласы жоқ па, саған жіберейін десе – бәлесі жоқ па?» - депті».
Ақындық. Шешендік өнерді меңгерген билер тақпақтап сөйлеген, ойын, шешімін жыр жолдарымен де толғаған. Тек олар өздерін ақынмын деп санамаған. Яғни, шешендік пен ақындықты тең ұштастырып сөйлеу – билерге тән қасиет. Үш заңгер биіміз Төле, Қазыбек, Әйтекенің әрбір сөзі, Шеген, Беген, Нияз билердің шығарған шешімдері жалындап жанған жыр болуы сондықтан ғой. Су төгілмес жорғадай шебер сөйлеген сол билеріміздің айтқандары қазір біздің асыл мұрамыз ретінде тарихта жазылып қалып отыр.
Әрі би, әрі жырау атанған Бұхар Қалқаманұлының (1685-1777) халқымен хоштасар алдында айтқан соңғы сөзін ғана еске алсақ, ол қаншама терең мағыналы, өлең болып өріліп тұрған қанатты сөз десеңізші. Бұхар бидің ақжолтай ақындығын танытып тұрған бұл ой-толғауы мынандай еді:
- Ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсің,
Ақ тәніңнің қадірін жаралы болсаң білерсің.
Бостандықтың қадірін жазалы болсаң білерсің,
Дәулетіңнің қадірін мал кеткенде білерсің,
Тіршіліктің қадірін жан кеткенде білерсің,
Аңдып жүрген дұшпаның дәл жеткенде білерсің.
Заңгерлік. Ел арасындағы даулар билер талқысына салынғанында екі жақтың билерінің бірі – айыптаушы (прокурор), екіншісі – ақтаушы (адвокат) болады және бір би – төрелік айтар төбе би болып тағайындалып, айтыс-тартысты шешуге үш би қатысады. Сол себепті билерді бәріне ортақ атаумен заңгер дегеніміз дұрыс. Себебі, билер айыптауда, ақтауда, төрелік айтуда Заңды білуге тиісті ғой.
Бітімгерлік. Билер ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер дауларды шешумен қатар көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда хандарға кеңесші болған. Абылай ханның Ресеймен қарым-қатынаста Нияз би Тілеуліұлы тәрізді билерді жанына ертіп жүруі, олардың ақыл-кеңесіне арқа сүйеуі соны дәлелдегендей. Ал Абылай хан 1743 жылы жоңғар басқыншыларының қолына түсіп қалғанында Қаз дауысты Қазыбек би Ресей үкіметі жолдаған секунд-майор Миллер экспедициясының құрамында елшілікке барды. Сонда қазақ биінің: «Біз, қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз», - деп тақпақтай сөйлегеніне Қалдан Серен разы болып, Абылай ханның басына азаттық береді. Осындай оқиғаларға байланысты қазақ халқында «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген қағиданың қалыптасқаны анық.
Батырлық. Халқымызда Жәнібек, Малайсары, Наурызбай, Райымбек, Сырым, Мүнасап тәрізді билердің батырлығымен де атақ-даңқы шыққан. Нияз би де жорықтарға қатысқан. Шеген би алғашқыда Кенесарыға малдан көмек көрсетсе, кейін оның қолына қосылмақ болып қарулы жасақ та құрған. Сарыбай би Айдосұлы (1821-1890) Сұраншы батырдың сенімді серігі болған. Кеңгірбай би Жігітекұлы (1720-1808) орыс патшасына тәуелді болмау үшін күрескен. Бұл жөнінде Ресейдің, Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттарында тарихи деректер көп. Билердің батырлығы қолына қару алып жауларға қарсы шабуымен ғана емес, қылышынан қан тамған қаһарлы хан-сұлтандарға, елдесуден кеткен дұшпанына, басқа мемлекеттердің басшыларына қаймықпай қарсы тұрып, ақиқатты ашық айтуымен де бағаланғаны мәлім.
Саясаткерлік. Қазақ елі мен басқа елдер арасында қоғамдық маңызы зор саяси мәселелерді шешуде билер хан, сұлтандарға көмек сөрсетіп, кеңесші болған. Айбатты хандардың өзі «Билер кеңесінде» көпшілік дауыспен қабылданған шешімдерді өзінің жеке билігімен бұзуға дәті бармаған. Тарихи деректер бойынша, Абылай ханның жанында үнемі кеңесшісі болып сегіз би бірге жүрген. Солардың бірі – Нияз би Тілеуліұлы. Оны академик Манаш Қозыбаевтың өзі жазып кетті. Ал енді Әз Тәуке хан «Жеті жарғыны» өмірге әкелгенінде Төле, Қазыбек, Әйтекелердің ақыл – кеңестерін басшылыққа алған дейді, тарихшылар.
1695 жылы Қазақ Ордасында болған орыс елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин билердің ішкі, сыртқы саясатқа тікелей араласатыны туралы кейін былай деп жазыпты: «... Тәуке хан Қазақ Ордасының таңдаулы адамдарын (билерін, М.С.) өзіне шақырып алды да, біздің – Федка мен Матюшкенің – көзімше, әлгілерден мына біздерді ұстап қала ма, әлде жібере ме, Русь қалалары мен слободкаларына соғыс ашып бара ма, әлде бейбіт тұра бере ме, соны сұрап алды».
Ойшылдық, білімпаздық, келешекті болжай білушілік. Билер Күн мен Ай, Жұлдыз бен Көк аспан, Жер мен су, тау мен тастың, жер бетінде қыбырлаған жәндіктердің, жануар, құстардың, қоршаған ортаның табиғатын түсініп, қасиеттерін біліп, ой қорытқан. Ғылымнан, білімнен хабардар болып, пайымды пікірлер айтарда соларды салыстырмалы түрде пайдаланып, қанатты сөздерді ел жадында қалдырған. Әр мәселеде ой түюмен қатар келешекке де болжау жасаған. Нияз бидің өлер алдында балаларын жанына шақырып алып, Ақмола өңірінің Тілеулі ұрпақтарына тарлық ететінін, олардың Торғай өңіріне де барып қоныстануын, сол жақтың оларға жайлы болатынын өсиет етіп айтып кетуі ойшылдығынан, көріпкелдігінен, келешекті болжай білетіндігінен емес пе?
Ал енді Мөңке би Аманұлының (1763-1836) кесім, шешім, билік, шешендік сөздерінің ішінде халықтың болашағын болжан термелеген «Сары азамат» «Сардар бек» деп басталатын толғауы, «Ақырзаман болғанда» деп оның белгілерін дәл тауып айтуы – нағыз, әулие абыздарға тән ерекше көріпкелдік, көрегендік қой.
2007 жылы Балтабай Адамбаевтың құрастыруында «Ана тілі» баспасынан шыққан «Қазақтың шешендік сөздері» деген кітапта Нияз би Тілеуліұлы туралы былай деп жазылыпты:
«Абылай ханның Кенжетай, Нияз деген екі биі болыпты, басқа он биі бұларды күндеп: «Кенжетай мен Нияз ханды қалжақтайды, ал, оларды хан жақтайды», - деп мәтел қылып халыққа таратыпты. Мұны Абылай естіп бір күні күндеуші билерден: «Жердің құты, елдің құты, ауылдың құты, аймақтың құты не? – деп сұрапты. Билер шеше алмайды. Сөйтіп отырғанда Кенжетай мен Нияз келіпті. Келіп отырысымен Абылай: «Белдеріңді шешпес бұрын мына жұмбақты шешіңдер», - деп әлгіні айтыпты. Нияз би: «Меніңше жердің құты – жаңбыр, елдің құты – азамат, ауылдың құты – жақсы әйел, аймақтың құты - әділ басшы», - депті». Нияз бидің бұлайша талдап таразылап, жердің, елдің, ауылдың, аймақтың құтын дәл анықтауы ойшылдығынан, білімділігінен, парасаттылығынан ғой.
Адамның жан-дүниесін түсіне білушілік. Би адамның жан-дүниесін терең түсіне білмесе, ақ пен қараны айыра алмауы мүмкін. Екі жақтың биі болып қарсы пікір таластырғанда, төбе би болып шешім шығарғанда ешкімнің де ар-намысына тимей, ұсақ-түйек кемшіліктерін теріп тізбей, шыққан тегін кінәламай тең ұстап сөйлесу, сезіміне әсер ету психолог – биге тән қасиет. Нияз бидің бойына біткен бір қасиеті қарсыласының жан-дүниесіне үңіліп, оның әрбір қимыл, қозғалысын, дауыс ырғағын үнемі қадағалап, соған сәйкес өзі де дауыс ырғағын біресе жоғарылатып, біресе төмендетіп, қимыл қозғалысы мен бет пішімін өзгертіп, айыпкерге әсер ете біледі екен. Бұл Әбдіғапардың әкесі Жанбосының естелігінен біз білген құнды деректер.
Тәлімгерлік, тәрбиешілік. Әлсіздің жоғын жоқтап, қорлық, зорлық көргендерді қорғап халықты имандылыққа, адалдыққа, әділдікке, тәртіпке шақырған билер өзінен кейінгі ұрпақтың да ел ұйытқысы болғанын қалағаны талас туғызбас ақиқат. Олар өз балаларының бірін немесе елдегі көкірегінде көзі бар жастардың бірін би болуға, ел басқару өнеріне баулып тәрбиелеген. Өзінің ру, тайпасындағы ұл-қыздардың парасатты, елін, жерін сүйген перзент болып өсуін мұрат тұтқан. Ата-бабаларынан қалған ұлағатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен ойлы жырларды жас ұрпақтың құлағына құйып, олардың тәрбиелі жан болып өсуіне ат салысқан. Өзінің әділ билігімен, ізгі істерімен жан-жағындағы адамдарға ой салған. Отбасында, туған-туыстарының арасында, қоғамдық ортада өздерін үлгілі ұстап, жан-жағына шипалы шуағын төккен.
Достарыңызбен бөлісу: |