ПӘні бойынша оқыту бағдарламасы (Syllabus)


Жыртқыш пен жемтік жануардың өзара қатынасы



бет7/14
Дата11.06.2016
өлшемі6.76 Mb.
#127552
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

Жыртқыш пен жемтік жануардың өзара қатынасы. Бір жануар (жыртқыш) екінші жануарды (жемтік) өлтіріп, онымен қоректенуіне негізделген қарым –қатынастың түрі. Мұндай қатынастар, мысалы қасқыр мен қоянның, шортан мен мөңке балықтың, жәндіктерден ханқызы мен бітенің арасында үнемі кездеседі. Табиғи жануарлардың арасында жыртқыштық ең кең таралған қарым-қатынастың түрі. Жыртқыштарда жемтік болатын жануарды іздеп табуға, қуып ұстауға, өлтіруге бағытталып бейімделген көптеген түрлі сипаттар пайда болған. Қасқыр жемін қуып ұстаса, мысық тектес жыртқыштар көрінбей баспалап таяп барып секіріп бас аслу арқылы аулайды. Сусар тұқымдастар жемтік жануарларды қуып ұстаумен қатар олардың ініне кіріп ұстап жейді. Қарлығаш ауада ұшып жүрген жәндіктерді, торғайлар жер бетіндегі жәндіктерді теріп жейді. Өрмекші тор құрып ұстайды.

Жемтік жануарлардың жыртқыштан қорғану тәсілдері де алуан түрлі. Шабуылдаған жыртқышты тістеу, тебу, шағу, өзінен өндірген электр қуатымен соғу (электрлі скат, жайын, т.б. балықтар), денесінен улы немесе жиіркенішті иісті сұйықтар бөліп шығарып шашу арқылы қорғану амалдарын қолданады. Орманның қызыл құмырсқасының илеуін таяқша ағаштың ұшымен аздап қана түртіп көріңіз. Илеуден мыңдаған құмырсқа шыға келеді де құрсағының ұшын сізге бағыттап тұрып сізді сұйық затпен атқылай бастайды. Бұл сұйық- концентрациясы 21-73 пайызға дейін жететін құмырсқа қышқылы. Ол адамның терісіне тигінде дуылдатып күйдіреді, теріне қызартып ісік пайда болдырады. Бұл - құмырсқаның илеуін қорғайтын негізгі құралы. Сусар тұқымдастардан Евразияда кең таралған сасық күзендердің, Американың орталық жіне оңтүстік бөлігінде таралған скунстардың артқы тесігінің жанында өте жағымсыз иісті сұйық бөлетін безі болады. Қауіп төнген кезде олар сасық сұйығын шашып, шабуылдаған жыртқышты жиіркендіру арқылы қорғанады. Скунстың сасық сұйығының бір тамшысы көзге кірсе қандай да жануарды жанарынан айырарлықтай улы болады. Бұл айтылғандар жемтік жануарлар жыртқышқа күш-қуат, әдіс-амал қолданып пәрменді түрде қорғанудың жолдары.

Пәрменсіз қорғаныстың да әр түрлі жолдары бар: қалтарыс жерлерге тасалану, өң реңін, пішінін жыртқыштардың жемейтін затына ұқсату арқылы қорғанады. Мысалы сүйемші көбелектің дернәсілін ағаштың бұтағынан, жасыл өсімдікке жабысып тұрған бақбақыл бақаны немесе шекшекті өсімдіктен ажыратып көру жыртқыштарға оңай түспейді. Жыртқыштардан қорғанудың бір түрі- еліктеушілік. Бұл - мимикрия (гр. mimecry- еліктеу). Кейбір шыбындардың өңі мен пішіні араға еліктегендіктен бұл шыбындардан басқа жәндіктер сескеніп тиіспейді. Жыртқыш емес балықтар жыртқыш балыққа, усыз жыландар улы жыланға еліктеуі арқылы өздеріне шабуылдайтын жыртқыштарды сескендіріп қорғанады. Тауыскөз көбелек қанатындағы жыртқыш құстың көзіне ұқсас «көзше» деп аталатын дөңгелек бедері арқылы кішкене құстарды сескендіріп қорғанады.

9-сурет. Тауыскөз көбелектің артқы қанатының дөңгелек «көзше» бедері мен құрсағының қызғылт өңі жыртқыш құстың көзі мен тұмсығы тәрізденып қорқынышты көрінеді.



10-сурет. Жыртқыш пен жемтіктің өсімінің кезекпен ауытқуы [Либберта (1982) бойынша]


Табиғи жағдайда жыртқыш пен жемтік бір бірімен тығыз байланысты тіршілік етеді. Олар бір-бірінің өсімін кезекпен реттейді. Бұл төмендегідей тізбек бойынша жүріледі жемтіктің көбеюі→ жыртқыштың көбеюі→ жемтіктің санының күрт азаюы→ жыртқыштың санының азаюы→ жемтіктің көбеюі. Уақыт бойынша салыстырып қарасақ, алдымен жемтіктік жануардың көбеюі олармен қоректенетін жыртқыштарының көбеюіне жағдай жасайды, жыртқыштың көбеюі жемтіктік жануардың санын азайтады, оның азаюы жыртқышқа кері әсер етіп, келесі ретте жыртқыштың өсімі төмендей бастайды (10-сурет).

Жемтік пен жыртқыштың арасындағы бұл қатынас қарама-қарсы қайшылықтың негізінде өзара популяцияларының тепе-теңдігін сақтау мүмкіндігін туғызады. Былайша айтқанда мұны сабеп-салдарлы қоректік тізбек қатынасы деуге де болады: жемтіктің санының көбеюі себебінен жыртқыштың саны да көбейеді, ал келесі ретте жыртқыш көбеюінің салдарынан жемтіктік жануар азаяды. Нәтижесінде екеуінің де саны мүлдем азайып, немесе шектен тыс көбейіп кетпей белгілі бір деңгейде сақталады. Олар өзара бір-біріне шектеуші және қорғаушы фактор бола алады.

Жемтіктің популяциясы үшін жыртқыштың пайдалы әсері де аз емес: жыртқышқа жемтік жануардың әлсіз немесе ауру нашарлары алдымен ұсталып жем болатындықтан жыртқыштар жемтіктің әлжуаз нашарларын азайтып, оның популяциясының сұрыпталып сапалануына жәрдемін тигізеді.

Егер жыртқыш пен жемтік екеуінің де популяциясының саны қатар азайса тез көбейетін, бірақ бәсекелесу қабілеті төмен түр (r1- стратегиялы түр) баяу көбейетін, бәсекеге қабілеті жақсы (К- стратегиялы) түрден бұрын санын толықтырып көбейе бастайды. Мысалы, бақшаға инсектицид сепкен кезде алма бітесі (жемтік) мен оны жейтін жыртқыш жабайы ара екеуінің де саны қатар азаяды. Бірақ, популяциясының өсімі r1-стратегиялық жолмен көбейетін алма бітесі (Dysaphis devecta, Aphididae) оны жейтін жабайы арадан (Proctotrupidae) бұрын көбейеді..

Жануарлар әлемінің әрбір тобында жыртқыштық кең өріс алған: қарапайымдардың көбі, ішек қуыстылар, өрмекшілер, қырықаяқтылар дерлік түгелдей, көптеген құрттар, жәндіктер, балықтар, қос мекенділер мен бауырмен жоғалауыштар, құстар мен сүт- қоректілердің көптеген түрлері жыртқыштықпен тауып жейді.

Жыртқыш жәндіктер мен өрмекшілер адамға, малға ауру тарататын, өсімдікті зақымдап өнімін азайтатын зиянкестілерді жеп азайтуы арқылы адамға, шаруашылыққа пайдасын тигізеді. Көптеген жыртқыш құстар мен сүт қоректілер ауыл шаруашылығына зиянкес ұсақ кеміргіштерді жеп азайтуы арқылы адамға пайда келтіреді (мысалы, қарсақ, сасық күзен, аққалақ, т.б.). Жалғыз ғана аққалақ бір жылда 1,5 мыңға жуық кішкене кеміргіштерді жоятыны әйгіленген. Сасық күзен тәулігіне 1-2 сарышұнақ немесе 8-10 тоқалтісті құрытатыны анықталған. Су күзенінің інінен 50 шақты өлтірілген сарышұнақ табылған.

Аю, қасқыр қатарлы ірі денелі жыртқыштар ірі қара және ұсақ малды және қоян, бұғы, елік қатарлы бағалы және сирек аңдарды аулап азайтуы арқылы табиғатқа және шаруашылыққа зиян келтіреді.

Паразит пен иенің өзара қатынасы

Паразит немесе тоғышар жануардың ұзақ мерзім бойында иесін өлтірмей, оны тіршілік ету ортасы ретіне және қоректік көз ретінде пайдалануы п а р а з и т и з м деп аталады. Жануарлар әлемінде тоғышарлық тіршілік кең өріс алған. Жануарлар әлемінің дерлік барлық типтерінде тоғышарлықпен тіршілік ететін түрлер кездеседі. Қазіргі кезде ғылымда 65-70 мың түрлі тоғышар жануар белгілі. Тек адамның денесінде 500-дей түрлі тоғышар жәндіктер тіршілік етеді. Тоғышарлық тіршілік әсіресе қарапайымдарда, жалпақ және жұмыр құрттарда, шаяндарда, өрмекшілерде (кене) және жәндіктерде көп кездеседі. Жануарлардың кейбір класы тұтастай тоғышарлардан құралады. Мысалы, қарапайымдар типінен споралылар класы, жалпақ құрттар типінен сорғыш құрттар және таспа құрттар.Тоғышарлық тіршілікті облигат (лат. obligatus- шүбәсіз, міндетті) немесе н а ғ ы з тоғышар және ф а к у л ь т а т и в (лат. facultativ- мүмкін) немесе ы қ т и м а л тоғышар деп бөледі. Нағыз тоғышарлар тек қана тоғышарлық жолмен тіршілік етеді, олар ие ағзаның денесінен тыс ортада тіршілік ете алмайды. Ықтимал тоғышарлар ие ағзаның денесінде тоғышарлық тіршілік етеді, ал егер қажет болса ие ағзасыз табиғи сыртқы ортада да өмір сүре алады. Тоғышарлардың денесінде тоғышарлықпен тіршілік ететін жануарлар да кездеседі. Олар ү с т е м т о ғ ы ш а р л а р деп аталады.

Ие ағза тоғышарды тек қорекпен ғана емес сонымен қатар тіршілік ететін орынжай, микроклимат, қорғаныш міндетін атқаратындықтан ие ағзаға тоғышар қаншалықты айрылмастай қарым-қытынаспен бейімделсе, соншалықты тоғышардың өсіп өніп, ұрпақ шашуына қолайлы жағдай туады. Тоғышар мен иенің арасында тығыз байланыс жасалуы екі жақты сұрыпталу, басқаша айтқанда, екеуі де бір-бірінің әсерінен қорғануға бейімделу бағытында жүріледі. Тоғышарлар иесін өлімге тез ұшыратпай, оның денесінен өзінің қажеттілігін ұзақ уақыт бойында толық қанымдап пайдаланса бұл тоғышарға тиімді. Сондықтан тоғышардың жыртқыштан айырмашылығы-ол иесін көбінесе өлімге ұшыратпайды, ұзақ уақыт пайдаланып қалжыратады. Ие ағзада да тоғышарға қарсы бейімделулер пайда болатындықтан тоғышар ұзақ уақытпен денесінде болуының нәтижесінде тоғышардың әсеріне сезімталдығы бәсеңдейді. Ие мен паразиттің арасында алғаш шиеленіскен қайшылық түрінде басталған қарым- қатынас эволюциялық даму барысында жұмсарып, кейде тіпті бейтараптыққа, немесе өзара тиімді қатынастың түріне айналады. Эволюция барысында осылайша өзара «райласып» жұмсарған ие мен тоғышар қатынасының мысалы ретінде Африка киіктері мен олардың қанында тоғышарлық тіршілік ететін трипаносома атты қарапайым (Protozoa, Flagellata) жәндікті атауға болады. Трипоносома африкалық киіктерге зиянды әсер көрсетпейді. Ал це-це маса адамды шаққанда масаның сілекейімен жалғасып адамның қанына кірген трипоносома адамды өлімге ұшырататын «ұйқы ауруын» қоздырады. Ғалымдар мұның себебін тарихи ұзақ дәуірлер бойында трипоносома киіктің қанында тіршілік етіп келгендіктен киікпен трипоносоманың арасында антогонистік қайшылық біртіндеп жұмсарып ақырында босаңсыған. Ал трипаносома адамға тоғышарлық ете бастағанына соншама ұзақ дәуір өтпегендіктен ие мен тоғышардың арасында өршіген қайшылық әлі басылмауына байланысты деп шешеді. Бұдан қарағанда тоғышарлардың әсерінен иенің зардап шегіп апатқа ұшырауы әдетте бұл екі ағзаның арасындағы байланыс табиғи сұрыптаудың ұзақ кезеңдерін бірге өткізбеуінің салдарынан олардың қарым- қатынасы әлі тұрақтанбағанына байланысты.

Тоғышар мен иенің өзара қатынасының нәтижесінде олардың әрқайсысында морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктер мен биологиялық ерекше сипаттар пайда болады:

Тоғышар ие ағзаның денесінің ішкі (эндопаразит) немесе сыртқы мүшелеріне орналасып (эктопаразит) табиғи сыртқы ортадан ажырайтындықтан көбінесе олардың дене құрылысында морфологиялық қарапайымдану (регрессия) жүріледі. Мысалы, иенің денесінің ішкі мүшелерінде тіршілік етуіне байланысты эндапаразиттердің сезім мүшелері жойылады. Үнемі бекініп қозғалыссыз болуына байланысты қозғалыс мүшелері, дайын және сұйық жұмсақ заттармен қоректенуіне байланысты ас қорыту жүйесі қарапайымданады немесе түгелдей жойылады. Эктопаразит жәндіктердің қанаты жойылады (М: төсек-орын қандаласы). Балықтың денесіне жабысып тоғышарлық тіршілік ететін ларнеа дейтін ескек аяқты шаянның ересегінің дене пішінінің өзгеруі соншалық оны шаян деп тану мүмкін емес: денесінің бунақтары жойылып құрттарға ұқсас ұзын тұлғадан құралған, басының орнына балықтың денесіне бекінуге арналған көп тармақты өскіндер пайда болған (11-сурет). Оның шаян екенің тек одан туған дернәсілдеріне қарап қана тануға болады. Дернәсілдерінің пішіні мен құрылысы шаяндарға тән сипатынан өзгермеген.

11-сурет. Ескекаяқты лернея шаяны: 1 – науплиус дернәсіл; 2 – дамуының кейініреккі кезеңі; 3 – жұмыртқа түтіктері дамыған ересек ұрғашы шаян

Паразиттердің қан айналым, жүйке жүйелерінің құрылымы да қарапайымданып, атқаратын міндеті босаңсиды. Сонымен қатар ие ағзаның денесінің қарсылық әрекеттерінен қорғануға арналған бір шама ерекшеліктер қалыптасады. Ие ағзаның ас қорыту жүйесінде тіршілік ететін тоғышарларда иенің ас қорытатын ферменттерінің әсерінен қорғануға бейімделіп денесінің сырты кутикула, хитин, известленген қауаршақ тірізді берік және қатты жамылғылармен қапталады. Даму барысында бір иеден екінші иеге ауысу арқылы өсіп жетілетін тоғышарлардың жұмыртқа, дернәсілдері бір иеден сыртқы ортаға шыққан соң келесі ие ағзаны іздеп тауып, оның денесіне кіріп жайғасу оңай іске аспайды. Олар осы кезде өте көп шығынға ұшырайды. Жалпы қандай да бір түр немесе популяция жойылып кетпеуі үшін оның өсімі өлімінен артық болуға тиіс. Жоғарыда айтылғандай тоғышарлардың өлімі көп болғандықтан олардың өсімталдыға да өте жоғары. Мысалы, сиыр таспа құрты тәулігіне 900000-1300000 жұмыртқа туып, сиырдың жапасымен бірге сыртқы ортаға шығарады (Карузина, 1967), адам аскаридасы жылына 50 миллионнан астам жұмыртқа табады. Осынша көп жұмыртқалық (аналық) жасушаны өндіріп дамыту үшін тоғышарлар энергияны көп қажеттенеді. Энергияны ие ағзаның дайын ұлпасымен қоректену арқылы қамтамасыз етеді. Сондықтан ие ағзаның денесінде тіршілік ететін тоғышарлар энергияның да қоректік заттың да тапшылығына ұшырамайды. Жиі-жиі туу және бір ретте көп ұрпақ тауып популяцияның өсімталдығын сақтау міндетіне байланысты тоғышарлардың жыныс мүшелері күшті дамиды және көбінесе қос жынысты болады.

Өзінің иесін міндетті түрде өлтіріп тынатын тоғышарлықтың түрі де кездеседі. Мұндай тоғышарлық әсіресе жұмыртқасы басқа бір жәндіктің жұмыртқасында немесе дернәсілінде тоғышарлық тіршілікпен дамып жетілетін жәндіктерде жиі кездеседі. Мысалы, теленомус, апантелес (12-сурет) афелинус, трихограмма (13-сурет), аммофила (14-сурет), т.б. көптеген жарғаққанатты жәндіктердің тоғышарлық тіршілігінің салдарынан олардың ие ағзалары өлімге ұшырайды. Мұндай тоғышар жәндіктер п а р а з и т о и д т а р деп аталады.


12-сурет. Теленомус шөп қандаласының жұмыртқасына өзінің жұмыртқасын туып паразиттік тіршілік етеді [Н.В. Бондаренко (1978) бойыша]



13-сурет. Трихограмма жұмыртқасын көбелектің жұмыртқасына салып жатқан кезі [Г.М. Длусскии (1969)бойынша]


Тоғышар мен ие арасындағы әр түрлі қарым-қатынастың түрлерін салыстырудың нәтижесінде тоғышарлық тіршілік (паразитизм) қалай шыққанына көз жеткізуге болады. Қысқаша қорытып айтқанда: паразитизм алғаш синойкиялық және комменсалдық тіршіліктің түрінен басталады. Одан әрі қарай синойкиялы немесе комменсалды тіршілік етуші екі түрлі ағзаның бірі уақытша эктопаразиттік тіршілікке ауыса бастайды. Уақытша эктопаразиттар бара-бара тұрақты эктопаразиттікке және одан әрі эндопаразиттік тіршілікке ауысуы арқылы нағыз паразиттік тіршілік пайда болғанын байқаймыз.

Тоғышар мен ие ағзаның арасындағы қарым-қатынастың негізінде олардың әрқайсысының популяциясының саны реттеледі.

Жануарлардың түраралық қарым-қатынасының негізгі сипаты мен мазмұны 2-кестеде қарастырылды.
2-кесте. Түрлердің өзара әсерлесуі

(Ю. Одумнан, С.И. Колесниковтың (2003) сілтемесі бойынша)




Қарым-қатынас

Қатынасуы түрлер

Қарым-қатынастың жалпы сипаты

бірінші

екінші















1

Бейтараптық қатынас (нейтрализм)

0

0

Екі түрдің қай-қайсысы бір-біріне әсер етпейді

2

Өзара тура әсерлесу бәсекелестігі

-

-

Екі түр бір-біріне тікелей қысым көрсетеді

3

Қажетті табиғи қорлар үшін бәсекелесу

-

-

Екі түрдің екеуіне де қажетті қандай бір табиғи қордың немесе қажетті фактордың тапшылығы кезінде екі түрдің жануары бір-біріне жанама түрде қысым көрсетеді

4

Аменсализм

-

0

Бір түрдің жануары екінші түрдің жануарына қысым көрсетеді, бірақ өзі екінші түрдің тарабынан қолайсыз әсерге ұшырамайды

5

Жатыпішерлік

+

0

Бірге тіршілік еткен екі түрдің (популяцияның) біреуі осы бірлескен тіршіліктен пайда табады екіншісіне бұл бірлестіктің пайдасы да зияны да жоқ

6

Өзара тиімділік (мутуализм)

+

+

Екі түрдің (популяцияның) екеуіне де пайдалы және қажетті бұлжымастай тығыз қарым-қатынастың түрі

7

Қарапайм бірлестік (протокооперация)

+

+

Екі түрдің (популяцияның) жануарларының екеуіне де пайдалы, бірақ айырылмастай тығыз байланысты қарым-қатынас емес

8

Жыртқыштық қарым-қатынас

+

-

Жыртқыш ағза әдетте жемтік ағзадан үлкен немесе күшті. Жемтік ағзаның өсімталдығы жыртқыштан артық

9

Тоғышарлық қарым-қатынас (паразитизм)

+

-

Тоғыштар әдетте иеден кіші және өсімтал

Ескерту: (0) – айтарлықтай әсер-ықпал жасамайтынын білдіреді; (+)- түрге немесе популяцияға пайдалы ықпал жасайтынын; (-) – түрдің немесе популяцияның тіршілігін бәсеңдететін тиімсіз ықпалды білдіреді.

2-4 нөмірлі қатынасты «кері әсерлі» тиімсіз қатынас;

7-9 нөмірлі қарым-қатынасты «пайдалы әсерлі, тиімді» қатынас;

5-6 нөмірдегілерді алдыңғы екі қатынастың екеуіне де жатқызуға болады.Әдебиеттер: (3,6,8,9,17).
4-тақырып: Жануарлар тіршілігіндегі маусымдық және тәуліктік құбылыстар, олардың қоршаған орта факторларымен байланыстылығы.


  1. Климат ерекшеліктеріне байланысты тірі организмдердің даму мерзімі.

  2. Фотопериодизм. Жануарлардың жағымсыз маусымдық және тәуліктік құбылыстарға бейімделуі

Жануарлар тіршілігіндегі мезгілдік өзгерістер

Жылдың мезгіліне байланысты жануарлардың тіршілігі айтарлықтай өзгеріске түседі. Әсіресе солтүстік және қоңыржай климатты белдемдерде тараған жануарлардың тіршілік әрекеттерінде мезгілдік өзгеріс айқын байқалады. Жануарлар мезгілдік өзгеріске түсудің нәтижесінде табиғаттың жыл сайын белгілі бір мезгілде қайталап тұратын құбылыстарына бейімделеді.

Жануарлардың өмірінің әрбір кезеңі жылдың сол мезгіліндегі табиғаттың жағдайына сәйкес келетіндіктен жануарлар табиғи ортаның мезгілдік өзгерістеріне төзіп тірі қалу қабілеті артады. Жылдың мезгіліне сәйкес жануарлардың денесінде физиологиялық, морфологиялық өзгерістер жүріледі. Мезгілге сәйкес күннің ұзарып, қысқаруының салдарынан тәуліктегі жарық уақыттың өзгеруі жануарлардың дене құрылысы мен функциялық әрекеттерінің өзгеруіне негізгі сигналдық рөл атқарады. Тәуліктегі жарық уақыттың мөлшері жануарларға температураның мезгілдік өзгерісі туралы алдын ала белгі береді. Сондықтан да солтүстік және қоңыржай белдемде тіршілік ететін жануарлардың дерлік барлығында фотокезеңділік әсерін сезініп оған жауап ретінде жыл мезгілдеріндегі климаттық өзгерістерге бейімделу қабілеті дамыған.

Әсіресе күз мезгілі басталысымен барлық тіршілік ортасындағы тіршілік жағдайы өзгереді: күн қысқарып тәуліктік жарықтың мөлшері азаяды; ауаның және топырақ пен судың беткі қабаттарының температурасы салқындай бастайды. Көптеген жануарлардың іс әрекеті бәсеңдеп, баяулай бастайды.

Бұл кезде қарапайымдардың (Protozoa) көбеюі тыйылып, зат алмасуы баяулайды. Ұзамай қоректенуі түгелдей тоқтатылып, жасушасындағы артық суды сыртқа бөліп шығарады да қатты қабыршаққа (циста) оранып қысқы ұйқыға кетеді. Көктемде қоршаған ортаның температурасы жылынып, оңтайлы жағдай басталысымен қарапайымдар циста қабыршағынан шығып белсенді тіршілікке ауысады.

Күзде суда салқындық сезіле бастағанда гидралар суға аталық, аналық жыныс жасушаларын шашады да өледі. Аталық және аналық жасушалары қосылып ұрықтануының нәтижесінде жұмыртқа түзіледі. Түзілген жұмыртқа бірнеше рет бөлшектеніп көп жасушалы әмбриотека деген ұрықты түзеді. Бұл ұрық (эмбриотека) қатты қабыршақпен қапталып, қысқы суық мерзімді өткереді де келесі көктемде одан гидра дамып жетіледі.

Жауынқұрты жазда топырақтың беткі қабатына таяу тіршілік етеді. Ал күзге қарай топырақтың 2-2,5 метрге дейінгі терең қабатына түседі. Топырақтың терең қабаты қыста қатпайтындықтан олар қыс бойында белсенді тіршілігін тоқтатпайды.

Былқылдақденелердің тіршілік әрекеттері қыста өте баяулайды. Олар қимылсыз мелшиген жағдайда қыстап шығады. Шалшықшы ұлу, тоспа ұлуы, қошқар мүйіз ұлулар сыртқы ортаның жағдайы қолайсыздана бастағанда бақалшығының аузын сілемейлі қақпақпен жауып, белсенсіз тіршілікке көшеді. Аузы жабылған бітеу бақалшық оларды суықтан қорғайды. Сонымен қатар олар мұзбен бірге ешбір жарақатсыз қатып, мұз ерігенде тіршілігін жалғастырады. Су түбінде мекендейтін айқұлақ ұлулар қыста су түбіндегі батпаққа кіріп қыстайды. Құрлықта мекендейтін ұлулар (жүзім ұлуы т.б) бақалшығының аузын сілемеймен бітеп, топырақтың беткі қабатында, жапырақтардың арасынан қолайлы орын тауып қыстап шығады.

Күзгі суық басталысымен жәндіктердің қимыл қозғалысы, өсу даму үдерістері баяулап, ішкі сөл бездері жүйесінің реттеуші әсерінің нәтижесінде қысқы «ұзақ ұйқыға» кетеді. Бұл диапауза деп аталады. Диапауза кезінде жануарлар уақытша физиологиялық іс әрекетін тоқтатып зат алмасудың биохимиялық құбылыстарын ең төмен деңгейге жеткізу арқылы денесіндегі қоректік қорды аса үнемді жұмсап, келесі көктемнің жылы мезгіліне дейін тіршілігін сақтай алады.

Диапауза – жыл мезгіліне сәйкес қоршаған ортада тұрақты қайталап тұратын жағымсыз факторларға бейімделу болып табылады. Әр түрлі жәндіктердің даму сатысының әртүрлі кезеңінде қысқы диапауза басталады. Лимоншы көбелек, қалақайшы көбелектердің ересегі қыстап, диапаузаны басынан кешіреді. Ал шалқан ақ көбелегінің қуыршағы қыстайды. Көп жасты қоңыздарың басым көпшілігінің дернәсілдері қыстайды. Жұмыртқа кезінде диапаузаға кіруді ұрықтық (эмбриондық) диапауза деп атайды. Мысалы шегірткелер, жұпсыз жібеккөбелегі жұмыртқа сатысында диапаузаға кіріп қыстап шығады. Жабайы ара, түкті ара қатарлы қауымдық тіршіліктегі жәндіктердің ұрықтанған аналығы ғана қыстайды, өзгелері күзгі суық басталысымен өледі. Қыстап шыққан аналық ара көктемде жұмыртқалап, жаңа тұқым тобының негізін салады.

Бал арасының басқа жәндіктерден ерекшелігі, олар қыста сіресіп қатып, серейген қалыпқа түспейді. Олар барлығы бір жерге үйіліп, бірін-бірі жылытады. Жаздай жинаған балдарымен қоректеніп, зат алмасу мен қозғалыс, қимылдарын тоқтатпай қыстап шығады. Бірден зат алмасуы тоқтамағандықтан өздерінен де аздаған жылу бөлініп, денесінің температурасы қыста +10°С шамасында сақталады. Күзде жәндіктердің денесінде қыстың қолайсыз климатына төзуге бағытталған дайындық жүріледі. Атап айтсақ, денесіне қоректік заттың қорын (май, көмірсу) көптеп жинап, ұлпаларындағы судың мөлшерін азайтады. Есесіне суықта қатпайтын глицерин тәріздес заттардың мөлшері көбейеді. Қолайсыз мезгілдің басталарын сезісімен жәндіктер қыстайтын жайлы орын табуға қамданып қурап түскен жапырақтың арасына, ағаштың қабығының арасына т.б жылы жерлерге жайғасады. Топырақта тіршілік ететін жәндіктер мен олардың дернәсілдері топырақтың терең қабатына қарай орнын ауыстырады. Жәндіктер қыста мүлдем қатып қалмайды, тоңазыған күйде қыстап шығады.

Қысқы ұзақ ұйқыдан (диапауза) жәндіктер көктемде оянып тіршілік іс әрекеттерін жалғастыра бастайды. Қалақайшы көбелек, лимоншы көбелек, шыбын т.б ересек сатысында қыстайтын жәндіктер сәуірдің басында-ақ жанданып ұша бастайды. Дернәсіл, қуыршақ сатысында қыстаған жәндіктер дамып жетілу үрдістерін жалғастырады.

Денесінің ішкі температурасы тұрақсыз салқын қанды омыртқалы жануарлардың да көпшілігі қысты ұзақ ұйқыда өткізеді. Мысалы балықтың кейбір түрлері, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушыларды атауға болады.

Балықтардың бір жылдық өмірінде жетілу, көбею, қоңдану, қыстан шығу деген бірнеше тіршілік кезеңі ауысады. Бұл кезеңдердің әр қайсысы ортаның әртүрлі жағдайын талап етеді. Бұндай ерекше талапқа сәйкес әртүрлі жағдайлы орталар әрдайым бір-біріне жақын жерден табыла бермейді. Сондықтан балықтар жыл бойында әр жерге қоныс аударып көшіп жүруге мәжбүр болады. Уылдырық шашатын қолайлы мекен іздеп көшу, қоректік зат мол мекенге көшу т.б. Балықтардың басым көпшілігі көбею кезінде қоректенбейді. Уылдырық шашып біткен соң олар өте қарқынды қоректенуді талап етеді.. Сондықтан олар қорегі мол мекен іздеп көшуге тура келеді. Қыста су суыған кезде көптеген түрлі балықтың тіршілік қарқыны бәсеңдеп, кейбіреуі тоңазыған қозғалыссыз күйге де енеді. Осыған байланысты олар тобымен бір жерге қыстап шығуға қолайлы мекен іздеп көшеді. Табан, сазан, көксерке т.б түрлі балықтар үлкен өзендердің құйғанына барып қыстау үшін көшеді. Олар өзеннің құйғанына топтасып терең үйірімдерде қыстайды. Мөңке және т.б бір неше түрлі балықтар су түбіндегі балшыққа кіріп тоңызған күйде қыстап шығады. Алабұға, шортан қатарлы жыртқыш балықтар қыс бойында белсенді тіршілік етеді, алайда қоректену қарқыны қыста аздап бәсеңдейді.

Қоңыржай және суық климатты белдемде тіршілік ететін қосмекенділер қыстың қолайсыз маусымын қысқы ұйқыда өткізеді. Күзде қыркүйек айынан бастап олар қыстайтын орын іздеп қоныс аудара бастайды. Көшуден бұрын шөпбақалар бір жерге жиналып топтасады. Олардың көшуіне күзгі суықтың басталуы ғана емес, сонымен қатар қоректенетін жәндіктердің азаюы да себеп көрсетеді. Шөпбақалар түбіне дейін тағандап қатпайтын суға жиналып су түбінде немесе биік жарқабақтардың түбінде қыстайды. Қысқы ұйқы кезінде бақалар тек терісі арқылы ғана тыныс алады, күзде денесіне жинаған қоректік заттардың қорымен қоректенеді. Қысқы ұйқы кезінде олардың зат алмасу үдерісі күрт бәсеңдейтіндіктен денесінің температурасы да төмендейді. Бақалар денесінің температурасы -1,0 градусқа жетіп тоңазығанға дейін төзе алады. Дене температурасы одан артық суыса өлім қаупіне ұшырайды.

Құрбақа, құйрықты бақа, сүйіртұмсық бақалар құрлықта кеміргіштердің иен інінде, ағаш, бұталардың түбіріне жиналған құрғақ шөп, жапырақтардың астына немесе тастың астына қыстайды. Құйрықты бақалар денесінің -1,5 градусқа дейін тоңазуына төзе алады.

Қосмекенділердің белсенді тіршілігі көктемде ерте басталады. Шөпбақалар сәуірдің бастапқы күндерінен қысқы ұйқыдан оянып, белсенді тіршілік ете бастайды. Құрлықта қыстаған қосмекенділер қыста көктемде суға келіп жұптасып, ұрықтанады. Олар суға уылдарық шашады.

Бауырымен жорғаушылар да қыста тоңазыған күйде, қозғалыссыз өткізеді. Кесірткелер інде қыстайды. Інінің аузын жапырақпен, топырақпен бітеп, қысқы ұйқыға кетеді. Су жыландары күзде құрлыққа шығып, кеміргіштердің 30-40сантиметр терең қазылған ініне кіріп қыстайды. Сұр жыландар жер астындағы үңгір қуыстарға тобымен жиналып барлығы бірге қыстайды. Жер астындағы терең (60-200см дейін) үңгір, қуыстарыды тауып алып қыстайтындықтан қыстақ орнының температурасы +2°С -тан +4°С шамасында болады. Сұр жыландардың қыста топтасып жиналған үңгірін көпшілік халық «жыланның ордасы» деп атайды.

Құстардың тіршілік жағдайы да табиғаттың мезгілдік өзгерісіне тәуелді. Табиғатта жыл сайын бір мезгілде қайталанып тұратын тұрақты құбылыстар мезгілдік ырғақ деп аталады. Құстардың өмірінде де табиғаттың мезгілдік өзгерісіне сәйкес биологиялық ырғақ айқын байқалады. Жылдың әр мезгілінде табиғат жағдайының өзгеруіне сәйкес құстардың тіршілік айналымы көбеюге әзірлену кезеңі, түлеу кезеңі, қысқа дайындық жасау және қыстау кезеңі деген бірнеше кезеңнен құралады.

Көбеюге дайындалу кезеңінде жұптасатын қосарын (жұбын) тауып, ұя салатын мекен орнын тауып иеленеді. Ұя салатын орынды әдетте еркегі тауып иеленеді де соңыра оған ұрғашылары келіп қосылады. Ұя салатын орынды және қосарланатын жұбын табар кезде құстардың еркегі сайрауық келеді. Қазтәрізділер және жыртқыш құстар көбінесе қыста жұптасатын қосарын тауып алатындықтан ұя салар жерін олар жұбымен жүріп таңдайды. Жұмыртқа басып, балапан өсірер кезеңінде құстар отырықты тіршілік етеді.

Түлеу кезеңі әртүрлі құста әртүрлі әрқилы сипатта жүріледі. Түлеу әдетте жұмыртқалағаннан кейін жүріледі. Торғайтәрізділер қатарына жататын құстардың түлеуі баяу жүріледі. Түлеген кезде олар мекен-жайын ауыспайды, бұрынғы мекеннінде, бірақ көзден тасалау жерді талғап тіршілік етеді және ұшу белсенділігі аздап бәсеңдейді. Тауықтәрізділерге жататын құстардың түлеуі қарқынды жүріп тез бітеді. Олар түлеген кезде жасырын тіршілік етеді. Қазтәрізділердің түлеуі өте қысқа уақытқа сыйысып қарқынды жүріліп бітеді. Сондықтан олар түлеген кезде ұзаққа ұша алмайды, ең шалғай мекенге орын ауыстырып, үлкен топ құрып тіршілік етеді.Олар түлеген кезде өте жүдеп, ариды. Қыста жануарлардың, соның ішінде әсірісе құстардың қажетті мөлшерде қорек тауып жеу мүмкіндігі қиындауының салдарынан олардың жалпы тіршілік жағдайы нашарлайды. Жәндіктер қысқы ұйқы кезінде жасырын жерге тығылатындықтан, тұқым, жемістер топыраққа, қарға көміліп қалатындықтан, су қатып,өзен көлдер мұзбен жабылатындықтан және қорек іздеуімен шұғылданатын сөткедегі жарық уақыттың қысқаруына байланысты толық қоректене алмайды.

Сондықтан қысқа дайындалу кезеңінде құстар өте қарқынды қоректеніп жақсы семіреді. Бұл отырықты құстар үшін қыстың қысымшылығына шығынсыз төзуге, жыл құстары алыстағы жылы аймақтарға арымай, жүдемей ұшып жетуіне жәрдемдесетін бейімделу болып табылады.

Құстардың кейбір аздаған түрлері қыста жейтін азық жинап сақтайды. Мысалы самыршы дейтін құс самырсын жаңғағын жинап топыраққа немесе шөптің астына көміп сақтайды. Орманқарғалар да емен жаңғағын осылайша қысқы азығы үшін жинайды. Орман көктекесі еменнің, жөкенің тұқымын ағаштың қабығының жарықшақтары мен қуыстарына жинайды. Шымшықтар шырша, қарағай, аршаның тұқымын және жәндіктер мен олардың дернәсілдерін қысқы азық болдыруға жинап, ағаштың қабығының арасына, ағашқа өскен қыналардың арасына жасырып сақтайды.

Құстардың қыстың қолайсыз жағдайына бейімделуінің тағы бір негізгі түрі-көшпелілік. Көшпелілік сипатына қарай құстарды отырықты, көшпелі және жыл құстары деген 3 топқа бөледі.

Отырықты құстар жыл бойында бір ғана мекенде тіршілік етеді-мекенін ауыстырмайды. Мысалы кәдімгі торғай, ұзақ, көккептер, құр, сұрқұр т.б. Жазғы жылы мезгілмен салыстырғанда қысқы суықта қандай да жануардың денесінен бөлінетін жылудың мөлшері мол болатын белгілі. Денесінен бөлінген энергияның орнын қорек арқылы қалпына келтіреді. Отырықты құстар қыста сөткенің жарық уақытын үнемі жем іздеп қоректенумен өткізеді және жылы мезгілде денесіне жинаған майды тұтынып қыстан аман шығады.

Ұя салып жұмыртқалаған мекенінен қыста ондаған, жүздеген шақырым жерге дейін қоныс аударатын, бірақ көшетін жолы да, қыстайтын жері де тұрақты емес құстар көшпенді құстар тобына жатады. Мысалы шымшық, көктеке, тоқылдақ, таған, т.б көптеген құстар қайда қар аз, қорек мол болса, сонда көшіп барып қыстайды.

Жазда қоңыржай климатты белдемдерге келіп жұмыртқалап, күзгі салқын басталысымен жылы жаққа қайтып кететін құстар жыл құстары деп аталады. Олардың келетін, қайтатын жолдары тұрақты, және олар жыл сайын бірнеше мыңдаған шақырымдық жолды басып өтеді. Олардың көктемде ұшып келетін, күзде қайтатын мезгілі келіп жұмыртқалайтын мекеніндегі табиғатттың жағдайына байланысты. Кейбір құстар, айталық ұзынқанат қарлығаштар күннің жылылығына қарамастан ерте қайтып кетеді. Мұның себебі олар әуеде ұшып жүрген жәндіктермен қоректенеді. Ал бұл жәндіктер аздап ғана салқын түсе бастаса тез азайып, ұшу белсенділігі күрт бәсеңдейді. Қарапайым қарлығаш күзде кеш қайтады. Өйткені олар тек ұшып жүрген жәндіктермен ғана емес, ағаш бұталарда тіршілік ететін жәндіктермен де қоректене алады. Үйректер, шалшықшылардың кей түрлері мұз қататын кезде ғана жылы жаққа бет бұрады.

Жыл құстарының ұшып келу уақытында да әр құстың өзіне тән ерекшелігі бар. Сарғалдақ пен бұлбұлдар ағаштың сұлбасында тіршілік ететіндіктен ағаш, бұталар жапырақ жая бастаған кезде келеді. Қамыста мекендейтін айқабақ су жағасының өсімдіктері өсіп шыққан кезде, қарлығаш, ұзынқанат қарлығаштар ауада ұшып тіршілік ететін жәндіктер шыға бастаған кезде ұшып келіп, ұя сала бастайды.

Сүтқоректілердің жылдық тіршілік айналымы көбеюге әзірлену, балалау және ұрпағын асырау, қысқа әзірлену және қыстау деген кезеңдерден құралады.

Сүтқоректілердің жұптасып ұрықтануы жылдың әр мезгілінде жүрілгенменбалалайтын және ұрпағын асырап өсіретін мезгілі жылдың көктем мен жаз айларына сәйкес келеді. Төлдейтін кезінде ең қолайлы жерді таңдап мекендейді. Төлдері есейе бастағанда төлдеген жерлерін ауыстырып, қорек мол табылатын мекенге ауысады. Мысалы, төлдеген кезде жас төлін жемдеп асырайтын ін қазып мекендейтін түлкі, ақтүлкі, тиін, борша тышқан қатарлы жануарлар інін тастап, қоректің қоры мол жерге ауысады. Інде тұрақты тіршілік ететін саршұнақтар мен суырлар т.б. бірқатар кеміргіштер басқа мекенге ауыспайды.

Көптеген сүтқоректілер табиғаттың мезгілдік өзгерістеріне көшпелілік арқылы бейімделеді. Тундрада тіршілік ететін ақ түлкі, солтүстік бұғысы күзгі суық басталысымен оңтүстікке қарай көшіп орманды тундра, қылқанды орман белдеміне дейін келіп қыстайды. Қысы суық солтүстік аймақтарда мекендейтін қояндар да қыс таяғанда оңтүстікке қарай ауып келіп қыстайды да көктемде солтүстікке қарай кері қайтады.

Таулы өлкенің тұрақты жануарлары (арқар, тауешкі, бұғы, т.б.) жазда таудың биік белдеулерінің шалғынын мекендеп, қыста тау басының қары қалыңдаған кезде төмен түсіп, тау баурайында қыстайды. Оларға ілесіп кейбір жыртқыштар (мысалы қасқыр) бірге көшеді. Жыл мезгіліне сәйкес көшпелі тіршілік ету жарғанат, киттер және ескекаяқтыларға да тән қасиет.

Ал бірақ балықтармен, құстармен салыстырғанда сүтқоректілерде көшпелілік аз кездеседі. Сүтқоректілердің басым көпшілігін құрастыратын кеміргіштердің, ұсақ жыртқыштардың, жәндік қоректілердің арасында көшпелілік бірең-сараңында ғана болмаса, дерлік кездеспейді.

Мезгілдік табиғи өзгерістерге бейімделудің тағы бір түрі – қысқы ұзақ ұйқы. Қысқы ұйқы біртесіктілер, қалталылар, жәндікқоректілер,қолқанаттылар, мүкіттістілер қатарына жататын сүтқоректілерге тән. Мезгілге сәйкес көшіп қоныс аударатын киттер, ескек аяқтылар, тұяқтылар қатарына жататын жануарларда қысқы ұйқыға кету құбылысы болмайды. Көшпелі тіршілік ететін жарғанаттар кейде көшпей, жазғы мекенінде қысқы ұйқыға кетіп қыстау көрінісі байқалады.

Қысқы ұйқы кезінде жануарлардың зат алмасу үрдісі қаншалықты төмендеуіне байланысты бейімдеуші немесе үзілісті қысқы ұйқы және нағыз яғни үзілмейтін қысқы ұйқы деген негізгі екі түрге бөледі.

Бейімдеуші (үзілісті) қысқы ұйқыда қыстың қолайсыз мезгілін өткізетін жануарлардың дене температурасы, тыныс алу жиілігі және зат алмасуының жалпы деңгейі сонша төмендемейді. Қысқы жылылау күндерде немесе шошындыратын болса олар ұйқыдан сергіп, белсенді тіршілікке ауыса алады. Бейімдеуші қысқы ұйқы аюларға, жанат, жанат тәрізді ит, борсықтарға тән. Ақ аюлардың тек буаз аналықтары мен қонжықтары ғана апанға кіріп ұйқыға кетеді. Оңтүстік өлкелердің қоңыр аюлары мен борсықтары қыста ұзақ ұйқыға кетпейді. Қысқы ұйқыдағы аюдың денесінің температурасы +4°С, ауыз қуысының температурасы +35°С болатыны және олар 1 минутта 2-3 рет тыныс алатыны анықталған. (ал қалыпты тіршілік ету кезінде 1 минутта 8-14 рет тыныс алады). Бейімдеуші қысқы ұйқыға кейде климаттың суықтығынан емес, қыста қоректік заттың азаюына байланысты кетеді.

Нағыз немесе үзіліссіз қысқы ұйқы кезінде жануарлар денесінің температурасын реттеу қабілетінен айырылады., жүректің соғысы және тыныс алу жиілігі ерекше азайып, денесінің жалпы тыныс алу деңгейі төтенше төмендейді.




3-кесте. Кейбір жануарлардың физиологиялық жағдайының негізгі көрсеткіштерінің қысқы ұйқы және белсенді тіршілік кезіндегі салыстырмалы мөлшері



Салыстырылған физиоло-гиялық көрсеткіштер

Қандай жағдайда

Жануарлар

кірпі

саршұнақ

аламан

1 минуттағы тыныс жиілігі

Қалыпты жағдайда

40-50

100-360

32

Қысқы ұйқы кезінде

6-8

1-15

8

1 минуттағы жүрек соғысы

Қалыпты жағдайда




100-350

150-200

Қысқы ұйқы кезінде




5-19

12-15

1 сағатта бөлетін жылу (кДж\кг)

Қалыпты жағдайда

3,5

4,5




Қысқы ұйқы кезінде

0,8

0,09




Дене температурасы, °С

Қалыпты жағдайда

34

35-39

38-39

Қысқы ұйқы кезінде

2

1-13

4-5

Ұйқы кезіндегі тыныс жиілігі, жүрек соғысы, жылу бөлу, дене температурасының мөлшерін олардың қалыпты жағадайда белсенді тіршілік ету кезіндегі мөлшерімен салыстырып - кестеде көрсетілді. Кестеден қысқы ұйқы кезінде зат алмасу мүлдем тоқтатылмайтынын көреміз. Зат алмасуды тоқтатпау үшін қысқы ұйқыдағы жануар денесіне жинаған энергиялық қорды жұмсайды.Энергиялық қордың негізі ретінде денесіндегі май және бауырына жиналған гликоген жұмсалады. Осыған орай қысты мезгілдік ұйқыда өткізетін жануарлар жазда денесіне майды мол жинайды. Мысалы, бозсуырдың шел майы мен іш майы маусым айында небәрі 10-15г болса, шілдеде 250-300 г, тамызда 750-800г болып өседі екен. Кейбір жануардың салмағының 25 пайызын май иеленетіні айқындалған.

Қысқы ұйқымен қатар қоректік зат азаю, төтенше қуаңшылық салдарынан жазғы мезгілдік ұйқыға кету құбылысы да кездеседі. Жазғы ұйқы көбінесе кеміргіштердің арасында жиі кездеседі. Жергілікті халық зорман деп атайтын құм саршұнағы маусым- шілде айларында жазғы ұйқыға кетеді. Егер күзде ( тамыз, қыркүйек айларында) жауын- шашын жауып, құнарлы шөп шықпаса олардың жазғы ұйқысы қысқы ұйқыға жалғасады. Мұндайда қысқы шығынға көптеп ұшырайды.

Сыртқы ортаның маусымдық қолайсыз жағдайына төзімділікті арттыруға бейімделудің негізгі бір түрі – қолайсыз мезгілде қоректенетін жемнің қорын жинап сақтау болып табылады. Азықтың қорын жинау әртүрлі систематикалық топтың сүтқоректі жануарларында әртүрлі деңгейде дамыған. Нағыз көшпелі тіршілік ететін жануарлар жемдік азық жинамайды. Бұлар – киттер, ескекаяқтылар, жарғанаттар, тұяқтылар және қыста ұзақ ұқыға кететін жануарлар. Жәндік қоректілердің тек кейбіреулері ғана аздап азық жинайды. Мысалы, кейбір жертесерлер қыс таяғанда аздаған омыртқасыз жануарды жинап сақтайды.

Аулаған жемтігінің артығын көміп сақтап қою әдеті кейбір жыртқыштарда кездеседі. Аққалақ, ақкістер аулаған тоқалтістер мен тышқандарды ініне 20-30- дан қоймалап үйіп қояды. Қара күзен өлтірген бақаларды мұз астына 40-50- ден үйіп қоймалайды. Су күзенінің мұз астына үйіп жинаған балығының салмағы 7-8 киллограммға дейін жетеді. Жыртқыштар қоректік қорын сақтайтын арнайы орын әзірлемейді және жинаған азығын тек жалғыз өзі ғана пайдаланады. Жемтік болғызатын жануарлар азайған қолайсыз суық кезеңді аман өткізуіне жыртқыштардың сақтаған азығы тек азғантай ғана жәрдем бола алады.

Кеміргіштер мен түйеқұлақтардың азықтық қор сақтау тәсілі де жыртқыштардан өзгеше және олар үшін қыстық азықтың маңызы да өте зор. Ұшарлар қандыағаштың, қайыңның нәзік жұмсақ бұтақшалары мен сырғагүлдерін жинап ағаштың қуысына сақтайды. Тиіндер жинаған жаңғағын жерге түскен жапырақ жамылғысының астына немесе топыраққа көміп жасырады. Кейде ағаштың қуысына да жинайды. Сонымен қатар тиіндер саңырауқұлақты жинап ағаштың бұтағына іліп сақтайды. Орманда бір дарақ тиін 150-300 саңырауқұлақ жинап қысқа әзірлеп сақтайды. Ал Қазақстандағы таспа қарағайлы орманда қыста қорек өте аз болатындықтан бір тиін 1500-2000-ға дейін саңырауқұлақ жинап, қысқа сақтайтыны анықталған. Кеміргіштер мен түйеқұлақтар қысқа азықты көп мөлшерде дайындайды және оны арнайы әзірлеген орынға жинап сақтайды. Кейбір кеміргіштер інінің ішінен жем- шөп жинауға арнап кең үңгір қазып «қойма» әзірлейді. Кейбір кеміргіштер тастың үңгір, қуысына тығып сақтайды. Су тоқалтісі қысқа әзірлеп жинаған өсімдіктің тамыр, тамыр сабақ, түйнек, ұрықтың салмағы кей жылдарда 15 кг- ға жетеді.

Құндыз қысқы азық үшін тал, терекетің бұтағын қырқып інінің су астындағы аузына таяу жинайды. Кейде құрлықта, інінің сыртқа шығар аузын бітеп жинайды.

Кеміргіштер жинап сақтаған азығын қыста бір інде бірге қыстаған тұқымдас топтың барлық мүшесі бөлісіп тұтынады.

Қысқы ұйқыға кететін сүтқоректілердің де кейбір түрлері азықтық жем жинайды. Мысалы, борша тышқан, ұзынқұйрық саршұнақтар. Олар қыс басталысымен қысқы ұзақ ұйқыға кететіндіктен жинаған жемін қыста жемейді. Көктемде қысқы ұйқыдан оянған кезінде әлі де жас жем-шөп табыла қоймайтындықтан өткен күзде жинап сақтаған азығымен қоректенеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет