ПӘні бойынша оқыту бағдарламасы (Syllabus)


Қоршаған ортаның жағдайына жануарлардың бейімделуі



бет2/14
Дата11.06.2016
өлшемі6.76 Mb.
#127552
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Қоршаған ортаның жағдайына жануарлардың бейімделуі

Тарихи дамуының (эволюция) кезеңдерінде жануарлар қоршаған ортаның әртүрлі факторларына біртіндеп бейімделеді. Бейімделу ғылыми тілде адаптация деп аталады. Бейімделуге, яғни адаптацияға қабілеттілік әрбір тірі ағзаға тән қасиет.

Қоршаған ортада тұрақты қайталап тұратын өзгерістер кезінде (жыл мезгіліне, күн мен түнге т.б. байланысты өзгерістер) жануарлардың қалжырамай тіршілік етуіне олардың бейімделуге қабілеттілігі көмегін тигізеді. Жануарларда болатын тұқым қуалау, өзгеру және табиғи жолмен сұрыпталу қасиеттері жануарлардың бейімделу қабілетін пайда болдырады.

Жануарлардың қоршаған ортаның жағдайына бейімделуінің белсенді, енжар және қолайсыз жағдайдан жалтарыну деген үш түрі бар:



Белсенді жолы: қандай бір фактордың әсеріне ағза өзінің қарсылығын жоғарылату, фактордың қалыпты жағдайдан ауытқуына қарамастан ағзаның тіршілігіне қажетті барлық қызметті қалыпты жағдайда сақтау үшін реттеу жүйелерінің қызметін күшейту т.б. белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Мысалы, сыртқы орта шамадан тыс суытқан кезде немесе шамадан тыс ыстық кезде сүтқоректілер мен құстар денесінің температурасын өзгертпей, тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасушаларында жүрілетін биохимиялық реакциялардың бірқалыптылығына жәрдемдеседі.

Енжар бейімделу – жануарлар өзінің тіршілік іс-әрекеттерін ортаның факторларының өзгерісіне бағындыру арқылы бейжай түрде икемделу жолы. Мысалы, тіршілікке қолайсыз жағдайда жәндіктер анабиоз (жасырын тіршілік) күйге түсіп денесінде жүрілетін зат алмасу үрдісін барынша төмендетуі арқылы (жәндіктер мен омыртқалы жануарлардың қысқы ұзақ ұйқыға кетуі) қолайсыз жағдайды бейжай тұрғыда өткізуі.

Қолайсыз әсерлерден жалтарыну – жануарлардың мінезінде және тіршілік айналымының кезеңдерінде қолайсыз жағдайлардан қашқақтау әдеттерінің пайда болуы арқылы қоршаған ортаның қолайсыз факторларына кездеспеуге бейімделуі. Мысалы, жылдың әртүрлі мезгілдерінде жануарлар қоныс аударып қолайсыз мекеннен қолайлы мекенге көшуі. Мұндай мекен ауыстырып көшу жануарлар арасында өте жиі кездеседі. Жылдың суық мерзімінде құстар жылы жаққа қайтып көктемде қайта келуі, және жануарлардың басым көпшілігінің балалап көбею уақыты жылдың жылы мерзіміне сәйкес болуы, кейбір жәндіктер қатерлі жағдайды сезінген кезде өлі заттарға ұқсап қимылсыз, қозғалыссыз (танатоза) күйге түсуі барлығы да қолайсыз факторларға ұшырамау мүмкіндігін тудыратын экологиялық бейімделушілікті көрсетеді.

Бейімделу үш түрлі жолмен жүзеге асады:

  • Морфологиялық бейімделу –жануарлардың дене құрылысы мен пішінінде әртүрлі өзгерістер жүрілу арқылы ортаның жағдайына бейімделуі. Мысал ретінде салқын белдеуде тіршілік ететін құстар мен сүтқоректілердің жүні мен түбіті қыс мезгілі жақындағанда қалыңдап, көктемде күн жылынысымен түлеп, сирейтінін еске түсіріңіз.

  • Физиологиялық бейімделу –ағзада атқарылатын іс-қызметтер жүйесіне өзгерістер жүрілуінің негізінде бейімделеді. Мысалы шамадан тыс ыстық кезде жануарлар демігіп, тыныс алуын жиілету арқылы салқындайды, немесе терлеп, ағзаның ішкі мүшелерінде жиналған ыстықты буландырып сыртқа шығаруы арқылы ыстық ортаға бейімделуі.

  • Этологиялық (мінез-қылықтық) бейімделу. Шөлде, ыстық аймақтарда тіршілік ететін көптеген жануарлар күндіз інде (немесе басқадай салқын, көлеңке жерлерде) тығылып жатып, түнде белсенді тіршілік етеді. Сондай-ақ қысқы ұзақ ұйқыға кету, мезгілге байланысты қорегі мол, жылы мекенге көшу т.б. мінездік құбылыстар арқылы жануарлар фактордың мезгілдік, тәуліктік өзгерісіне бейімделеді

Темперетура факторының жануарларға әсері

Жануарларға ең қажетті фактордың бірі –жылулық.

Ағзалардың температурасы оларды қоршаған ортаның темперетурасына байланысты болады. Өйткені ағзалардың тіршілігінің негізін қалайтын зат алмасу реакцияларының жылдамдығы мен бағыты сыртқы ортаның температурасына байланысты өзгеріп отырады. Ағзаның тіршілігінің барлық іс-әрекеті температураға тәуелді жүріледі. Жер шарының суық белдеуінде тіршілік ететін жануарлар қысқы мезгіл басталарда ұзақ ұйқыға кетуі, күздің аяғына қарай сүтқоректілер мен құстардың жүні мен қауырсынының қалыңдауы, құстардың жылы жаққа қайтуы, кеміргіштер қыстық азық қорын жинап, інінің аузын бітеуі, міне осының бәрі қыстың қытымыр суығынан қорғану үшін жасалады. Жаз басталасымен жануарлар түлеп, жұмыртқалап, төлдей бастауы –жылы мезгіл басталғанының белгісі.

Тірі ағзалардың көбі 0-55°С температураның аралығында тіршілік ете алады. 0°С-тан төмен немесе 55°С-тан жоғары температурада жасуша цитоплазмасындағы белоктар (ақуыздар) ұйып, белоктың құрылысы бұзылатындықтан ағзалар тіршілік ету мүмкіндігінен айрылады. Ағзаның денесінде су азайған сайын температураның қалыпты жағдайдан ауытқуына төзімділігі жоғарылайды. Өсімдіктің тұқымы, кейбір жәндіктердің споралары және бактериялар 120-140°С ыстыққа және -190-273°С суыққа төзе алады. Кейбір жайбасарлар (Tardigrada) мен кішкентай жұмырқұрттар 150°С ыстыққа да, -270°С суыққа да біраз уақыт төзетіні тәжірибе арқылы анықталған. Кейбір жұмырқұрттар да 81°С қайнар бұлақта, кейбір түрлі шыбынның дернәсілі 69°С ыстық арасында, ал ұлулар 47-50°С ыстық бұлақтарда тұрақты тіршілік етіп дамып жетіле алатыны белгіленген. Жануар зерттеуші австриялық ғалым Швейгер Турцияның Анатолия аймағындағы 41-42°С-қа жететін, күкіртті ыстық арасанда еркін жүзіп, бейғам тіршілік ететін балықтың түрін алғаш тауып анықтаған болатын.

Жер шарының ең суық өлкелерінде тіршілік ететін өте суық температуралық факторға төзуге бейімделген жануарлар да кездеседі. Айталық, Антарктика құрлығында дерлік тіршілік жоқ: мұнда тіршілік етуге жылылық жетіспейді, топырақ түзілмеген(түзілуіне мүмкіндік жоқ), құрлықтың беті жаппай мәңгі мұзбен қапталған. Мұнда жылдың көпшілік мезгілінде -80°С, немесе одан да суық болып тұратынына қарасмастан мұз баспаған кішкентай ғана жалаңаш жерлерінде ондаған түрлі омыртқасыз жануарлар мен төменгі сатыдағы қарапайым өсімдіктер кездеседі.

Енжар тіршілік сатысына ауысқан жануарлардың денесінде судың мөлшері азаятындықтан температураның ысып, суып ауытқуына олардың төзімділігі артады. Мысалы, колорадо қоңызы жазғы енжар тіршілігі кезінде 58-60°С ыстыққа бірнеше сағат бойында төзе алады. Қысқы ұзақ ұйқыға кетіп енжар тіршілік сатысына енген шатырқанат көбелектің жұлдызқұртын (дернәсілін) бір тәулік бойында -78°С суықтыққа ұстағанда ол тастай болып сіресіп қатса дағы қайтадан жылы жерге әкеліп қойғанда «тіріліп» тіршілігін жалғастыра бастаған.

Температура факторын қалай қабылдауына байланысты жануарларды термофильдер яғни жылусүйгіштер және криофильдер яғни суықсүйгіштер деген екі топқа бөледі. Жылусүйгіш жануарлар сыртқы ортаның температурасының төмен болуын қалайды, ал термофильдер жылылықты талғап тіршілік етеді.

Жануарлар жылу энергиясын біріншіден, сыртқы ортадан алады (күн энергиясы, жердің ішкі жылулығы). Сонымен қатар зат алмасу реакцияларынан бөлініп шыққан ішкі энергияны пайдаланады.

Денесіндегі жылу теңдестігін (баланс) сақтауға сырттан алатын және ағзаның өзінің ішкі реакцияларының нәтижесінде өндіретін энергия көзінің қайсысы басым болуына байланысты жануарлар екі топқа бөлінеді: экзотермиялы (пойкилотермиялы) және эндотермиялы (гомойотермиялы).

- Экзотермиялы (немесе пойкилотермиялы) яғни салқын қанды жануарлар (грекше «экзос» – сырт, «пойкилос» - өзгермелі, ауыспалы). Салқын қанды жануарлардың денесінің температурасы тұрақты емес, сыртқы ортаның температурасының өзгеруіне байланысты өзгермелі болады.

Құстар мен сүтқоректілерден басқа барлық жануарлар салқын қандылар (пойкилотермиялы) тобына жатады. Салқын қанды жануарлардың жылу алмасуының негізгі ерекшілігі – оларда зат алмасу үрдісі қарқынсыз болатындықтан денесінен бөлінетін ішкі энергияның мөлшері аз, сондықтан жылу энергиясының басым көпшілігін сыртқы ортадан (күн энергиясы және жердің қызуынан бөлінген энергия) алады. Салқын қандылардың денесінің температурасы сыртқы ортаның температурасына тікелей тәуелді болуы міне осыған байланысты. Бірақ та олардың денесінің температурасы сыртқы ортаның температурасымен дәл бірдей емес, азды-көпті мөлшерде өзгеше болады. Суық кезде олардың денесінің температурасы қоршаған ортаның температурасынан жоғары, ыстықта ортаның температурасынан төмен болады. Көбелек, түктіара тәрізді жәндіктердің денесінің температурасы олар ұшпай тыныш отырған кезде сыртқы ортаның 10°С-тық температурасынан 0,4°С-0,8°С қана жоғары (10,4°С-10,8°С) болған. Ал олар жылдам ұшып белсенді қозғалған кезде денесінің температурасы 36-40°С-қа дейін жетіп, ортаның температурасынан (10°С) әлдеқайда артылатыны дәлелденген. Салқын қанды жануарлардың зат алмасу үрдісі қанша баяу, қарқынсыз жүрілсе де одан азды-көпті эндогендік (іштен өндірілетін) энергия бөлініп шығады. Осы энергияның нәтижесінде денесінің температурасы ортаның температурасынан жоғары болады. Ал денесінің температурасы сыртқы ортаның температурасынан төмен болуы – ішкі секреция бездерінен бөлінген гормондардың әсері денесін салқындатып реттеуіне байланысты.

- Эндотермиялы (немесе гомойотермиялы) яғни жылы қанды жануарларға сыртқы ортаның температурасына тәуелсіз, денесінің ішкі температурасын тұрақты сақтайтын жануарлар жатады (грекше «эндос» - ішкі, «гомойос» - ұқсас, бірдей деген ұғымды білдіреді). Бұлар – құстар мен сүтқоректілер.

Гомойотермді жануарларда зат алмасу қарқынды жүрілетіндіктен, оның нәтижесінде бөлінетін энергия да мол болады. Бұл энергия тек ішкі қызметтерді ғана атқаруға емес, денесінің температурасын тұрақты деңгейде сақтап тұруға да жұмсалады. Және денесінің жылуын сыртқы ортаға таратпай ұстап тұруына олардың жүні мен түбіті, қауырсыны үлкен рөл атқарады. Жүні мен қауырсыны сыртқы ортаның суығы мен ыстығын денесінің ішкі мүшелеріне өткізбеуге де көмегін тигізеді. Сондықтан ортаның температурасы өзгерсе де гомойотермді жануарлардың температурасы өзгермей, тұрақты деңгейде сақталады. Олардың денесіндегі жылу теңдестігін сақтауға өзіндегі зат алмасу үрдісінен өндірілген жылу негізгі рөл атқарады, сыртқы ортаның денесін қыздыратын жылу елеулі үлес қоспайды. Сондықтан да гомойотермді жануарларды эндотермді немесе денесі іштен жылынатын (ішкі жылу көзі арқылы денесінің температурасын реттейтін) жануарлар деген қабат атаумен атайды.

Гомойотермді (эндотермді) жануарлар өз денесінен бөлініп шыққан жылумен қамтамасыз етілумен қатар, жылуды қанша мөлшерде өндіріп, қанша мөлшерде жұмсауды кез-кезінде дәлме-дәл реттеуге қабілетті. Сондықтан да олардың температурасының тұрақтылығы өзгермейді. Эндотермділіктің нәтижесінде жануарлар сыртқы ортаның температурасына тәуелді болмай, еркін тіршілік етуіне айтарлықтай жол ашылатындықтан эндотермділік қасиетінің жануарлар үшін маңызы зор.

Осындай реттеуінің нәтижесінде эндотермді жануарлардың денесінің температурасы жоғары мөлшерде болады және тұрақты сақталады. Қалыпты жағдайда құстардың ішкі температурасы шамамен 41°С деңгейінде. Құстардың жеміне және жеген жемінің сапасына байланысты 38-43,5°С аралығында ауытқиды. Сүтқоректі жануарлардың дене температурасы құстардан төменірек (36-37°С) және әртүрлі топтың сүрқоректі жануарларының дене температурасы бірдей емес: біртесіктілердің (Monotremata) тік ішегінің температурасы 30-33°С (ішкі температураны әдетте тік ішектің температурасын өлшеу арқылы зерттейді), қалталылардың ішкі температурасы - 34°С, кеміргіштерде – 35-39,5°С, тұяқтылар мен жыртқыштарда – 35,2 - 39°С.

Гомойотермді сүтқоректілердің кейбіреуі жылдың қолайсыз мезгілінде қысқы ұзақ ұйқыға кетеді. Қысқы ұзақ ұйқы кезінде олардың денесінің температурасы төмендейтіні анықталған (суыр, саршұнақ, кірпі, жарғанат, құстардан – ұзынқанат қарлығаш). Осылайша денесінің температурасының тұрақты жоғарылығы жылдың мезгіліне байланысты ауысып отыратын жануарлар – гетеротермді (heteros – басқа, әртүрлі) немесе әртүрлі (өзгермелі) температуралы жануарлар тобын құрайды



Температура факторына жануарлардың бейімделуі

Қоршаған орта температурасының өзгерістеріне әртүрлі жолмен бейімделу арқылы жануарлар өздерінің температурасының оңтайлы (оптимум) деңгейде сақталуын қамтамасыз етеді. Температура жағдайына әртүрлі жануарлар әртүрлі жолмен, әртүрлі деңгейдегі белсенділікпен бейімделеді. Ортаның температурасының өзгеруіне сәйкес жануарлар денесінің температурасын негізгі үш түрлі жолмен реттеп бейімделеді.



  1. Химиялық жолмен реттеу арқылы бейімделу – ортаның температурасының өзгерісіне сәйкестіріп денесінен жылу өндіру мөлшерін белсенді түрде өзгертеді: ыстықта – жылуды аз бөледі, суытса – көп бөледі.

  2. Денесінің температурасын физикалық жолмен реттеу арқылы бейімделеді. Денесінің (әсіресе жүнінің, түбітінің, терісіндегі қабық, қабыршақтардың жылу өткізу қабілетін, түсін, тыныс алу, қан айналым жүйесін өзгерту арқылы ішкі жылуының сыртқа шығуын шектеп жылуын сақтау, әйтпесе керісінше, денесіндегі артық ыстықты сыртқа бөліп шығару қабілетін жоғарылату арқылы іске асады.

  3. Мінез-құлықтық өзгерістер арқылы реттеп бейімделу. Жануарлар мекен-жайдағы өзінің орнын, орналасу бағытын, пішінін, немесе мінезі мен қозғалысын әртүрлі мөлшерде өзгерту арқылы ортаның температурасын өзіне қолайлы деңгейде қабылдайды. Кейбір жануарлар тек мінездік өзгерістер жасау арқылы ғана денесінің жылу теңдестігін (жылу балансын) өте қарқынды реттей алады.

Гомойотермдік жануарлармен салыстырғанда пойкилотермді

жануарларда зат алмасу үрдісінің қарқыны бәсең, баяу жүрілітіндіктен олардың химиялық жолмен денесінің жылуын реттеу мүмкіндігі аз. Физикалық реттеу арқылы температура өзгерісіне бейімделу қабілеті де төмен. Пойкилотермді жануарлардың өздігінен жылу өндіру қабілеті төмен болғандықтан жылудың тапшылығына қарсы тұра алмайды. Сондықтан ортаның температурасы төмендеген кезде олардың тіршілік іс-әрекеті барынша баяулап, қозғалыссыз сілейген бейнеге айналады. Осындай белсенсіз жағдайда олар суыққа жақсы төзе алады. Бұл жағдайдан қайтадан белсенді тіршілікке ауысу үшін олар сыртқы ортадан белгілі бір мөлшерде жылу сіңіріп алуы қажет. Салқын қанды жануарлар күн көзіне қыздырыну немесе керісінше, көлеңкелі салқын жерге орын ауыстыру арқылы сыртқы ортадан денесіне сіңетін жылудың мөлшерін реттей алады. Олар денесінің температурасын көбінесе мінез-құлықтық өзгерістер жасау арқылы реттейді. Атап айтсақ, денесінің пішіні мен тұрпатын өзгерту, микроклиматы қолайлы орынға ауысу т.б. жолдармен. Көптеген салқын қанды жануарлар күндізгі ыстықта көлеңкелі, салқын жерді жағаттайды да, салқын түссе, күн сәулесі түскен орынды сағалайды. Кесіртке мен жыланның шөлде кездесетін кейбір түрлері күндіз қызған құмнан қашқақтап бұталардың бұтағына өрмелейді. Ал көптеген жәндіктер және жылан, кесірткелердің кейбір түрлері қызған ыстық күннен қорғанып інге кіреді. Құмырсқа, ара тәрізді қоғамдық жәндіктер ішкі температурасы өздерінің тіршілігіне қолайлы түрде реттеліп тұратын ұя жасап алады.

Жылы қанды (гомойотермді) жануарлар қоршаған ортамен жылу алмасу үрдісін қарқынды жүргізу арқылы денесінің температурасын жылдың қай мезгілінде болса да тұрақты сақтайды. Олардың әрбірінде дене температурасын өзіне ең оңтайлы мөлшерде сақтауға жәрдемдесетін әртүрлі амал шаралар дамыған. Атап айтсақ, морфологиялық, физиологиялық және мінез-құлықтық бейімделудің қай-қайсысы көптеген түрде кездеседі. Осыған сәйкес қоршаған орта температурасының өзгерісіне физикалық, химиялық жолмен оңай бейімделе алады.

Денесінің температурасын әртүрлі жолмен реттей алатындықтан ит, мысық т.б. жануарларды 44°С-тық ыстық бөлмеде 7 сағат ұстап, содан соң температурасын өлшеп көргенде олардың тік ішегінің температурасы 40-42°С-тан аспаған. Ал Австралияның шөлейт жазығында мекендейтін қызыл кенгуру мен үлкен сұр кенгурулар сыртқы ортаның температурасы 44°С-қа жетсе де денесінің температурасын тұрақты 38°С деңгейінде сақтайтыны айқындалған. Гомойотермді жануарлар ыстыққа төтенше төзімді екенін дәлелдейтін тағы бір мысал – ағылшындық доктор Ч. Блэгденнің итке жүргізген тәжірибесі. Ол 126°С ыстық және құрғақ камераға бірнеше жолдастарымен және итпен бірге кіріп 45 минут шыдап тұрған. Олардың өзімен бірге камераға алып келген шикі ет пісіп, суық су қайнаған, бірақ адамдардың да иттің де денсаулығына ешбір зақым келмеген (Шмидт-Нильсен, 1972).



Салқын қанды жануарлардың дамып жетілуіне температураның әсері

Қандай бір ағзаның ұрығы дамып жетілу үшін белгілі бір мөлшерде жылулықты қажет етеді.

Жылы қанды жануарларға сүтқоректілер мен құстар жататыны бәрімізге мәлім. Құстардың денесінің тұрақты температурасы сүтқоректілерден де жоғары - 42°С. Олар осы артықшылығын пайдаланып жұмыртқасын басып – денесінің жылуымен жылыту арқылы дамытып жетілдіреді. Сүтқоректі жануарлардың ұрығы анасының құрсағында дамитындықтан олар үшін сыртқы ортаның температурасының әсері мүлдем жоққан тән. Жылы қанды жануар денесінің температурасының тұрақтылығын пайдаланып ұрығының дамып жетілу үрдісін сыртқы ортаның температурасына тәуелділіктен айырғаны – гомойотермділіктің тағы бір артықшылығы деп көруге болады.

Салқын қанды жануарлардың өсіп жетілуі тікелей сыртқы ортаның температурасына тәуелді. Суықта салқын қанды жануарлардың жұмыртқасы да, дернәсілі мен қуыршағы да өсіп жетіле алмайды. Себебі, суықтың әсерінен зат алмасу үдерісі тым баяулап дамып жетілуге энергия жетіспейді. Және ересектері де белсенді тіршілік ете алмайды.

Сыртқы ортаның температурасы белгілі бір деңгейге жетіп жылынған кезде олардың тіршілігі қайта сергіп, дамып жетіле бастайды.

Зат алмасу үрдісі қалыпты мөлшерге жетіп, дамып жетіле бастау әртүрлі салқын қанды жануарларда әртүрлі температурадан басталады. Осылайша белсенді тіршіліктің басталу температурасын табалдырық температурасы немесе дамып жетілудің әуелгі температурасы деп атайды. Сыртқы ортаның температурасы әуелгі (табалдырық) температура деңгейінен жоғарылаған сайын дамып жетілу үрдісі қарқындап жануарлардың әрбір даму сатысы жылдамдайды, тез жетіліп есейеді. Мысалы, патшабалықтың уылдырығы 0°С-тан дами бастайды. Оның уылдырығы, температурасы тұрақты +2°С суда 205 тәулік, +5°С суда – 82 тәулік, +10°С суда 41 тәулікте жетіліп шабақ болып шығады. Майшабақтың уылдырығы +2°С суда 45-50 тәулік, +16°С суда 6-8 тәулік дамып шабаққа айналады. Шөп бақаның уылдырығы +9°С суда 30 тәулік, +21°С суда 8 тәулік дамып бақашабақ жетіліп шығатыны анықталған. Сондай-ақ беде сұркөбелегінің жұмыртқасы ауаның тәуліктік орташа температурасы 18°С кезде 9 тәулікте жетіліп дернәсіл сатысына өтеді, ал тәуліктік орташа температурада 23°С болса екпінді дамып, 7 тәулікте дернәсіл жетіліп шығады.

Келтірілген мысалдардан белгілі бір түрдің дамып жетілуіне қажетті температураның жинақ қосындысы барлық жағдайда бірдей екенін көреміз. Дәлірек айтқанда, патшабалықтың уылдырығы:

а) +2°С-та 205 тәулікте жетіледі температураның қосындысы 410°С.

б) 5°С-та 82 тәулік, қосындысы - 410°С.

в) 10°С-та 41 тәулік, қосындысы тағы да 410°С.

Сонымен, салқын қанды жануарлардың дамып жетілуінің әрбір сатысы жүрілу үшін олар сыртқы ортадан белгілі мөлшерде жылуды өзіне сіңіруі қажет. Бұл жылу қарқынды температуралардың қосындысымен өлшенеді. Қарқынды температура дамуды қолдайтын әуелгі табалдырық температура мен қоршаған орта температурасының айырмашылығы арқылы өлшенеді. Мысалы, судың температурасы +5°С-қа жеткеннен бастап бақаның уылдырығы дами бастайды деп көрсек бұл 5°С температура табалдырық температурасы деп есептеледі. Ал даму барысында судың температурасы жылып 12°С-қа жеткен болса қарқынды температура К=12-5=7 болады. Бұны дамудың тұрақты температурасы деп те атайды. Егер табалдырық температураны t деп, кезіндегі ортаның температурасын Т деп белгілесек, қарқынды температураны К=Т-t деп белгілейтін боламыз. Егер бақаның уылдырығы жоғарыдағы көрсеткіштер бойынша 20 тәулік (С) бойы дамып бақашабақ сатысына жеткен болса уылдырықтан бақашабақ сатысына дейінгі дамуына қажетті қарқынды температуралардың қосындысы х = ( T - t° ). С формуласымен оңай есептей аламыз. Мұндағы х – дамуға қажетті (қарқынды) температуралардың қосындысы, С – табалдырық температурадан артық температуралы тәуліктің (немесе сағаттың) саны. Жоғарыда көрсетілген сандарды пайдаланып дамуға қажетті қарқынды температураның жиынтығын (қосындысын) есептейік: х =(12°С - 5°С )•20=140°С. Ендеше уылдырықтан бақашабақ болып даму үшін 140°С жылу қажет екені белгілі болады.

Қарқынды температура жинағын есептей білудің практикалық маңызы зор. Әсіресе жануарларды жерсіндіру, тоған шаруашылығында балық өсіру, ауыл шаруашылығының, орманның зиянкес жәндіктерімен күресу жұмыстарын тиімді жүргізу үшін олардың дамып жетілуіне қажетті температуралық көрсеткіштерді міндетті түрде ескеру қажет.



Ылғалдылық, оның жануарларға әсері

Жануарлардың тіршілігіне тікелей немесе жанама ықпалын тигізетін негізгі фактордың бірі – ортаның ылғалдылығы. Су ағзадағы зат айналым үрдісін қамтамасыз етіп, ағзаның барлық қызметтерінің қалыпты жағдайда дұрыс жүрілуіне мүмкіндік туғызады. Сондықтан денесіндегі ылғалдың теңдестігін сақтау жануарлар үшін аса маңызды. Жануарлар құрлықта, кейбірі суда тіршілік етеді. Ылғалдық үнемі тапшы болатын шөлді мекендерде тіршілік ететін жануарлар да аз емес. Әсіресе құрлықта тіршілік ететін жануарлар ылғалдың тапшылығына ұшырамауға әртүрлі жолмен бейімделген.

Жануарлардың дене салмағының 70-ке жуық пайызын су құрайды. Әсіресе зат алмасуын үнемі екпінді жүргізетін жүйке жүйесі, бауыр сияқты мүшелердің жасушасының жалпы салмағының 80-85 пайызын су иеленеді. Осының өзі-ақ жануарлар үшін су қанша маңызды екенін баяндайды. Жасушадағы барлық судың 95 пайызын еркін су, 4-5 пайызын ақуыз бен қосылыс түзіп байланысқан су құрайды.

Судың жануарларға қажеттігі оның физикалық, химиялық қасиеттеріне және ағзаға атқаратын қызметтеріне байланысты. Судың ағзаға атқаратын төмендегідей қасиеттері мен қызметтерін атауға болады:

- Су - әлемдік табиғи еріткіштердің бәрінен артық еріткіш: көптүрлі заттарды ерітуге қабілеттілігі тұрғысынан судан артық ешбір сұйық жоқ. Жасушада жүрілетін көптеген химиялық реакциялар суда еріген иондардың әрекеттесіп, әсерлесуіне негізделген. Сондықтан да су заттардың ыдырау, түзілуі жүрілетін негізгі ортаның рөлін атқарады.

- Су тек реакцияларды жүргізетін орта ғана емес, судың өзі әртүрлі реакцияларға тікелей қатысып әртүрлі күрделі заттарды түзеді.

- Су ағзалардың жылуын тұрақтандырушы, жылу мөлшерін реттеуші ретінде үлкен рөл атқарады. Бұл – судың жылу өткізгіштік, жылу сыйымдылық қасиеті жоғары және жоғары температурада (100°С) буланатын қасиеттеріне байланысты. Жылу сыйымдылығы жоғары болғандықтан сыртқы ортаның температурасы қалыпты деңгейден өте азайып, не өте көбейіп ауытқыған кезде, сол ауытқудың ағзаға тигізетін әсерін жұмсартады. Жылу өткізгіштігі – ағзаның барлық мүшесіне жылудың біркелкі таралуына жәрдемін тигізеді. Судың булану температурасы жоғары болғандықтан жануарлардың ішкі мүшелерінде пайда болған ыстық терлеген кезде буланған сумен бірге сыртқа бөлініп шығады да ыстықтаған денесі салқындайды.

- Ағзаға қажетті заттар суда еріген ерітінді түрде жануарлардың әртүрлі ұлпалары мен мүшелеріне тарайды, ал ағзаға қажетсіз зиянды заттар тағы да су арқылы аластатылады. Сондықтан судың тасымалдаушылық рөлі де аз емес.

Ылғалдық сүйгіш қасиетіне сәйкес жануарларды гигрофильдер яғни ылғал сүйгіштер, ксерофильдер яғни құрғақ сүйгіштер, мезофильдер яғни аралық топтар (ылғал сүйгіш пен құрғақ сүйгіш аралық мөлшерінде ылғал талап ететіндер) деген үш негізгі экологиялық топқа бөледі.

Құрлық жануарларының ылғал теңестігін реттеу жолдары

Жануарлар сыртқы ортамен ылғал (су) алмасу арқылы денесіне қажетті судың қалыпты дейгейін теңестіреді. Жануарлардың ылғал алмасуы ағзаның суды сыртқы ортадан қабылдап алуы және оны сыртқы ортаға бөліп шығаруы деген бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі үрдістен құралады.

Суды сыртқы ортадан алудың тікелей бір жолы – оны ішу. Көптеген жануарлар тікелей ішу арқылы судың қажеттігін қанағаттандыруға бейімделген. Суда тіршілік ететін жануарлардың да көптеген түрлері суды ішу арқылы денесіне сіңіреді. Денесінен сыртқы ортаға шығарылатын су нәжіспен, несеппен бірге және булану арқылы шығады. Кейбір жануарлар, әсіресе суда тіршілік ететін жануарлардың көпшілігі суды денесінің сыртқы жамылғысы (терісі) арқылы немесе сіңіріп өткізуге бейімделген арнайы ұлпалар арқылы сіңіреді. Құрлықта тіршілік ететін қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, омыртқасыз жануарлар жауынның шықтың суын және топырақтың, тұманның ылғалын терісі арқылы бойына сіңіріп алады.

Сыртқы ортадан алатын судың тағы бір негізгі көзі – жануарлардың қоректік заттары. Қоректік заттарда судың екі түрлі көзі бар. Балауса жас шөптің массасының 80-ге таяу пайызын су иеленеді. Бұл – қоректегі еркін су. Одан басқа тағы да химиялық қосылыстардың құрамындағы судың қоры бар. Жануарлар қоректің құрамындағы еркін суды қорекпен бірге тура пайдаланады. Олардың жеген қоректік органикалық заттары тотығып ыдыраған кезде (яғни ас қорытылған кезде) зат алмасу суы деп аталатын су бөлініп шығады. Зат алмасу суы кепкен, құрғақ, қоректік заттың құрамында да болады. Ешбір сусыз шөлде мекендейтін сарышұнақтар, шөл егеуқұйрығы, қосаяқтар, қоянның кейбір түрлері, Сахара шөлінде тіршілік ететін феннек атты түлкі, кірпінің түрлері көптеген омыртқасыз жануарлардың барлығы да қоректік заттың құрамындағы суды қанағат етіп тіршілік етеді. Әсіресе жыртқыштардың қоректенетін етінің құрамында су көп болады. Мысалы қоянның 1кг жас етінің құрамында 692г еркін су, 156г зат алмасу суы бар. Сонда 1кг қоян етін жеген жыртқыш 848г сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан біз көптеген жағдайларда жануарлар өзіне қажетті суды қоректен алатынын көреміз. Жеткілікті мөлшерде қоректенген жануарлар семіріп денесіне майдың қорын жинайды. Жиналған майды қажетті кезінде жануарлар, біріншіден жылудың көзі ретінде, екіншіден, зат алмасу суының көзі ретінде пайдаланады.

Құрлықта тіршілік ететін жануарлар өздерінің тіршілігіне қажетті судың (ылғалдың) тапшылығына жиі ұшырайды. Сондықтан олар денесіндегі ылғалды үнемдеуге әртүрлі жолмен бейімделген.

Кейбіреулері ін қазып, көлеңкелі салқын жерлерді паналап, сулы жерлерге жақын мекендеп, немесе ұзақтағы суатқа шұбыру тәрізді мінез-құлықтық бейімделу арқылы тіршілігіне қажетті судың мөлшерін реттейді. Жер бетінде ауа өте құрғақ кездің өзінде індегі ауаның ылғалдылығы 100%-ға жуық болады. Сондықтан көптеген жануарлар ін қазып тіршілік етуге бейімделген. Олардың көпшілігі жаңбырлы, ылғалды күндерде немесе кешкі салқында, түнде ғана інінен шығып, белсенді тіршілік етеді.

Жәндіктердің денесіндегі ылғалын буландырмай қалыпты деңгейде реттеп ұстауға бейімделген морфологиялық қасиеттеріне хитин қабықшасындағы су өткізбейтін эпикутикула қабатын, бауырымен жорғалаушылардың терісінің сыртын қаптаған қатты қабықшасын, құрлық ұлуларының бақалшық сауытын атауға болады.

Ылғалдылығын тұрақты сақтау үшін несеп және нәжіс айыру кезінде денесінен шығатын судың мөлшерін азайту, зат алмасу үрдісінен шыққан суды тұтыну, несептің мөлшерін азайту, ылғалдылықтың азаюына төзімділігін жоғарлату т.б. физиологиялық бейімділіктері көмегін тигізеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет