Пәні бойынша оқыту бағдарламасының титулдық парағы (syllabus)


Тістің құрылысы және гигиенасы



бет3/6
Дата09.06.2016
өлшемі0.61 Mb.
#124625
1   2   3   4   5   6

Тістің құрылысы және гигиенасы Тістің құрылысы. Әрбір жеке тістің сауыты, мойны және түбірі болады. Тіс сауытының сырты жылтыр кіреукемен (эмаль) қапталған (79-сурет). Кіреуке адам денесіндегі ең қатты ұлпа. Оның бір шаршы миллиметр ауданы 400 килограмдай салмаққа төтеп береді. Кіреукенің бұл қасиеті, оның құрамындағы бейорганикалық заттарға тікелей байланысты. Тіс кіреукесінің 95% кальций фосфатының қосылысынан тұрады. Бұдан басқа оның құрамында фтор, мыс, мырыш, темір, кремний және т.б. заттар кездеседі. Тіс кіреукесінің қалыңдығы да түрліше болады. Тіс сауытының үстіңгі бұдырларында кіреуке едәуір қалың. Балалар тістерінің кіреукесінің құрамында минералдық заттар аз болғандықтан ол жұқа болады. Тістің қызылиектен шығып тұрған бөлігі – тіс сауыты деп аталады. Тістің келесі бөлімі – мойны. Тіс мойны арқылы тіс ұяшықтарына цемент заты арқылы бекиді.  

Тістің үшінші бөлімі – түбірі. Тістің түбірі жақ сүйектеріндегі арнайы ұяшықтарда орналасқан. Күрек және сойдақ тістердің түбірі бір-бірден болса, азу тістердің түбірі екеу (кіші азу тістерде) немесе үшеу (үлкен азу тістерде). Тіс түбірінің ұшында кішкене тесік болады. Осы тесік арқылы тістің ішіне қантамырлары мен жүйкелер енеді. Тістің ішкі қуысы борпылдақ дәнекер ұлпасымен толтырылған. Тістің түбірлері дәнекер ұлпалы талшықтар арқылы тіс ұяшықтарына өте берік бекіген (79-сурет).

Тіске келетін қантамырлар оны қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Тіс ауырғанда немесе тісті жұлғанда ауыратыны жүйкелердің сезімталдығына байланысты.

Тістің көп бөлігін дентин (латынша «dens» – тіс) заты құрайды. Дентин өте тығыз сүйек ұлпасынан түзілген. Оның құрамының 70% фосфаттардан, фтордан және кальций карбонаттарының қосылыстарынан тұрады. Микробтардың әсерінен тістің дентин затының бұзылуынан болатын ауру тісжегі (кариес ) деп аталады (80, a-сурет).

Бүтін, әрі сау тістер адам денсаулығының басты кепілі. Ауырған тістерде ауру қоздырушы микробтар көптеп кездеседі. Тістің бүлінуі тіс кіреукесінің шытынауынан басталады. Тіс кіреукесінің шытынауы қатты заттарды (мысалы, жаңғақ) шағудан және т.б. жағдайлардан да болады. Кейде тым ыстық немесе өте салқын сусындарды бірінің артынан бірін ішу кіреукенің шытынауына әсер етеді. Тіс кіреукесіндегі шытынаған жерлерге микробтар шоғырланып, тістің бүлінуі жалғаса береді. Ауру тістер адам ағзасындағы басқа мүшелерге (жүрекке, бүйрекке, буындарға және т.б.) де зардабын тигізеді. «Ауру ауыздан кіреді» деген сөзде терең мағына бар. «Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді. Іш бүлінді дегенше, іс бүлінді» деген сөздер тістің ауруының ішкі мүшелерге әсерін дәл көрсетіп тұр.

Ауыз қуысына түскен тағам алдымен тістердің көмегі арқылы шайналып ұсақталады да, сілекеймен араласады. Ауызда толық шайналған, әрі сілекеймен шыланған тағам ағзада жеңіл қорытылып, тез сіңеді. Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың «апыл-ғұпыл ішкен ас, асқазанға түскен тас» деген нақылынан өздерің қорытынды шығарыңдар.

Адамның да тістері басқа сүтқоректі жануарларға ұқсас жеке топтарға бөлінген. Тістер күрек, сойдақ, кіші және үлкен азу тістер деп бөлінеді (81-сурет).

Ересек адамдарда 28–32 тұрақты тіс болады. Олар үстіңгі және астыңғы жақ сүйектеріндегі арнайы тіс ұяшықтарында орналасқан. Әрбір жақ сүйектерінде 16 тіс бар. Тістердің пішіні де әр түрлі. Жақ сүйектерінің алдыңғы жағында орналасқан жалпақ тістерді күрек тістер деп атайды. Кейде оларды халық арасында маңдай тістер немесе қасқа тістер деп те атай береді. Жалпы күрек тістердің саны 8. Күрек тістердің екі шетіндегі пішіні үшкірлеу келген сойдақ тістер. Олардың саны 4. Адам күрек және сойдақ тістері арқылы тағамды жұлып алып жейді. Бұл тістерден кейін кіші азу тістер орналасқан. Олардың саны 8. Кіші азу тістерден кейін үлкен азу тістер бар. Олардың саны 12. Азу тістердің үстіңгі беті кедір-бұдырлы болады. Азу тістердің көмегімен тағамды ұсақтап шайнайды.

Сәби дүниеге тіссіз келеді. Сәбидің 6–9 айлығында алғаш рет күрек тістер шыға бастайды. Сәбиде 2 жасқа дейін барлығы 20 тіс шығады. Бұл тістер сүт тістер деп аталады. 6–7 жастан бастап сүт тістер түсіп, орнына тұрақты тістер шығады. «Баланың жетіде тісі түседі» деген нақыл соны аңғартады. Өйткені балалардың жақ сүйектерінің мөлшері мен пішіні ересек адамдардан өзгеше болады. Тұрақты тістердің бастапқы нышаны сүт тістердің түбірінің астында орналасқан. Олар бірте-бірте сүт тістерін ығыстыра бастайды да, сүт тістеріне қоректің келуіне кедергі жасайды. Қорек келмеген сүт тістер бірте-бірте түседі, оның орнына астыңғы жағынан тұрақты тістер шығады. 12–14 жаста толық тұрақты тістер шығып бітеді. Ең соңғы үлкен азу тістер 18–20 (одан да кешірек) жаста шығады. Оларды кеш шығатындықтан «ақыл тістер» деп атайды. Шын мәнінде олардың ақылға ешбір қатысы болмайды.

Тіс гигиенасы. Тісті сау қалпында сақтау үшін әрбір тамақтанғаннан кейін ауызды шайып, тісті тазалау қажет. Күн сайын тісті таңертең және кешке мұқият тазалап жуу керек. Тісті тазалауда белгілі ережені есте ұстау шарт. Алдымен бөлме температурасындағыдай сумен ауызды бірнеше рет шаю; содан соң арнайы тіс щеткасымен тазалау; алдыңғы жағын үйкелей бермей алдыңғы, артқы бүйір тұстарын да мұқият тазалау. Тіс щеткасын тістердің арасымен жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарай ысқылау; тістердің ауыз қуысына қараған ішкі беттерін де тазалау қажет (80, ә-сурет).

 Әрбір адамның жеке басының арнайы тіс щеткасы болуы тиіс. Тіс щетканы пайдаланғаннан кейін жақсылап тазартып жуып, сабындап қою керек. Келесі пайдаланарда сабынын жуып тазартып алу қажет.

 

Қазақ халқының көрнекті ғалымы, әрі алғашқы кәсіби дәрігері Халел Досмұхамедұлы да тістің тазалығына зор мән берген. «Аузыңды таза ұстасаң, тіс ауруының көбінен құтыласың. Тамақ жеген сайын тісіңді мәсуекпен (тіс тазалағышпен) жақсылап тазала. Ішкен-жеген сайын және ертеңінде, кешінде аузыңды тазалап шайып отыр». Ғалымның бұл даналық сөздері әрбір адамның есінде жүрер ережеге айналуы шарт.



Тісті тазалаудың басты құралы – тіс щеткасы (80, ә-сурет). Ондағы қылшықтардың орташа ұзындығы 25–30 мм, ені 8–12 мм болуы шарт. Жаңа тіс щеткасын пайдаланудан бұрын сабынмен, әрі ыстық сумен жуу керек. Тіс щеткасын әрбір 2–3 айда жаңартып отыру қажет. Тіс пасталарын да дұрыс таңдай білу керек. Мектеп оқушыларына «Ну, погоди», «Буратино», «Карлсон», «Детская», «Мятная», «Апельсиновая», «Олимп» және т.б. пасталар ұсынылады. Тістің кіреукесінің беріктігін сақтау үшін құрамында фторы бар пасталар қолданылады. Ондай пасталарға «Чебурашка», «Фтородент», «Флюродент», «Сигнал», «Пепсодент», «Колгейт» жатады.

Тістің бүтіндігін сақтау үлгісін жапон халқының қазіргі кездегі игілікті істерінен айқын көруге болады. Соңғы жылдары Жапонияда «тістің саулығы – ұлттың саулығы» деген ұзақ мерзімді «8020» атты шара қолға алынды. Бұл шара әрбір жапондыққа жақсы таныс. Оның мәні 80 жасқа дейін әр адамда 20 бүтін тіс болуы шарт: ол үшін алдымен тіс щеткасын таңдай білуге ерекше мән береді. Тісті және ауыз қуысын мұқият тазалау – ұзақ өмір сүрудің басты кепілі. Олай болса бұл салада да өзге халықтардың да өнегелі істерінен үлгі алудың ешбір сөгеттігі бола қоймас.


Асқорыту бездері. Асқорыту ферменттері. Сілекей бездері Асқорыту бездері. Асқорыту бездеріне үш жұп сілекей бездері, бауыр және ұйқы безі жатады.

Асқорыту бездерінен бөлінетін сұйықтықты сөл (секрет) деп атайды. Асқорыту бездері сыртқы секреция бездеріне жатады. Олар өздерінен бөлетін сөлді арнайы өзектері арқылы асқорыту мүшелеріне бөледі. Әрбір асқорыту безінің бөлетін сөлінің өз атаулары бар. Мысалы, бауырдан бөлінетін сөл – өт, сілекей бездерінен бөлінетін сөл – сілекей және т. б. (қосымша 211-бет).

Асқорыту бездерінің қызметін фистула әдісі арқылы зерттеуде көрнекті орыс ғалымы И.П. Павловтың еңбегі зор. Ғалымның бұл саладағы еңбегіне физиология ғылымындағы іргелі жаңалық ретінде Нобель сыйлығы берілген. Қазіргі кезде асқорыту мүшелерінің ішкі кілегейлі қабығындағы өзгерістерді зерттеуде эндоскопия әдісі қолданылады. Онда жарықты арнайы оптикалық құралдар арқылы асқорыту мүшелерінің ішкі құрылысын көруге және суретке түсіріп алуға болады.

Асқорыту бездерінен бөлінетін сөлдің құрамында күрделі органикалық заттарды қарапайым заттарға дейін ыдырататын ерекше заттар болады. Оларды ферменттер деп атайды.



Асқорыту ферменттері. Ферменттер химиялық құрамы жөнінен нәруызтектес органикалық заттарға жатады. Ферменттер тірі жасушалардың барлығында кездеседі. Олар жасушада жүретін реакциялардың белсенділігін арттырады. Сондықтан да ферменттерді кейде биологиялық өршіткі – катализаторлар деп те атайды. Ферменттердің белсенді әсер етуіне қолайлы температура +37, 38°С.

Ферменттердің өздеріне тән қасиеттері бар. Біріншіден, әрбір фермент белгілі бір органикалық затты ғана ыдырата алады. Екіншіден, әрбір фермент белгілі бір химиялық ортада белсенді әсер етеді. Мысалы, қарын сөлінің құрамындағы ферменті қышқылды, ұйқы безінің сөліндегі ферменті – сілтілі ортада әсер етеді.

Көптеген ұсақ және ірі үш жұп сілекей бездерінің өзектері ауыз қуысына ашылады. Сілекей бездерінің ең ірісі – жұп шықшыт безі. Ол құлақ қалқанының астында орналасқан. Оның өзегі ұртқа ашылады, салмағы 20–30 г. Астыңғы жақасты сілекей бездерінің салмағы 14–15 г. Оның өзегі тілдің астына ашылады. Сілекей бездерінің ең кішісі – тіласты бездері. Оның салмағы 5 г, өзегі тілдің астына ашылады. Тағамның құрамына байланысты сілекей бездерінен тәулігіне шамамен 1,5–2 литрге дейін сілекей бөлінеді (82-сурет).

Сілекей – тұтқыр, түссіз сұйықтық. Оның құрамында 99–99,5% су, 0,5–1% органикалық және бейорганикалық заттар болады. Бейорганикалық заттардың мөлшері органикалық заттарға қарағанда 2–3 есе аз. Сілекейдің реакциясы әлсіз сілтілі. Сілекейдің құрамында көмірсуларды ыдырататын фермент – амилаза болады. Сілекейдің құрамында бактерияларды жоятын лизоцим болады.

Сілекейдің бөлінуі рефлекторлық жолмен реттеледі. Сілекей бөліну орталығы сопақша мида орналасқан. Тамақ ауызға түскенде ондағы жүйке талшықтарының ұштары (рецепторлар) тітіркенеді де, сілекей бөлінеді. Бұл сілекей бөлінудің шартсыз рефлексіне жатады. Ал сілекейдің тамақтың иісіне, көрінісіне, тамақ туралы айтылған сөздерге байланысты бөлінуі – шартты рефлекске жатады.

Шықшыт сілекей бездері қабынған кезде ісініп, жақпен тұтасып айқын байқалады. Ондай ауру паротит (свинка) деп аталады.

Қарын және ішек сөлі. Бауыр мен ұйқы безінің құрылысы және қызметі Қарын сөлі – қарынның ішкі кілегейлі қабығындағы ұсақ бездерден бөлінеді. Ересек адамда тәулігіне шамамен 2 литрдей қарын сөлі бөлінеді. Бөлінетін қарын сөлінің мөлшері тағамның құрамына, қою-сұйықтығына байланысты. Асқазанның кілегейлі қабығындағы безді жасушалар құрылысына және атқаратын қызметіне байланысты 3 топқа бөлінеді. Бездердің бір тобынан – ферменттер, екіншісінен – тұз қышқылы, үшіншісінен – кілегейлі зат – муцин бөлінеді.

Қарын сөлі түссіз, әрі қышқылды ортада белсенді әсер етеді. Қарын сөлінің құрамы: 97–98% су, 1% органикалық заттар (ферменттер), 0,5% минералдық тұздар, 0,7% тұз қышқылы.

Асқазанның бұлшықеттерінің үнемі жиырылып босаңсуының арқасында тағам қарын сөлімен әбден араласады. Қарын сөлімен араласқан тағамды жентек (химус) деп атайды.

Тамақ ауыз қуысына түскен кезде-ақ қарын сөлі шартсыз рефлекс арқылы көп бөліне бастайды. Мұны И.П. Павлов тәбет сөлі деп атаған. Қарын сөлінің бөлінуі рефлекстік және гуморальдық жолмен реттеледі. Қарын сөлінің құрамын, реттелуін И.П. Павлов өңешті кесіп және қарынға фистула қою және «бөлініп алынған қарынша» әдістері арқылы зерттеді. Қарын сөлінің құрамындағы фермент – пепсиннің әсерінен нәруыздар ыдырайды. Қарын сөлінің құрамындағы тұз қышқылы ферменттердің белсенділігін арттырады және микробтарды, бактерияларды залалсыздандырады.

Асқазанда тамақтың қорытылуына ішімдік пен темекі тарту зиянды әсер етеді. Ішімдік асқазанның кілегейлі қабығындағы бездердің қалыпты қызметін бұзады. Ішімдікті үзбей пайдаланатын адамдарда асқазанның созылмалы қабынуы (хронический гастрит) байқалады. Темекі құрамындағы никотин уы сілекей арқылы асқазанға түсіп кілегейлі қабығының қабынуын туғызады. Кейде никотин әсерінен асқазандағы ұсақ қантамырлар зақымданып, ойық жаралар (язва желудка) пайда болады. Темекіні көп тартатын адамдардың 90%-ға жуығы асқазанның ойық жара ауруына шалдығады.

Ішек сөлі – аш ішектің ішкі кілегейлі қабығындағы көптеген ұсақ бездерден бөлінеді. Аш ішекте астың ары қарай қорытылуы өттің және ішек сөлінің әсерінен жүреді. Ішек сөлінің түсі күңгірттеу сұйықтық. Ересек адамда тәулігіне шамамен 2 литрдей ішек сөлі бөлінеді, оның реакциясы да сілтілі. Ішек сөлінің әсерінен асқазаннан тамақпен бірге келген қышқылды орта жойылады. Ішекке асқазаннан түскен тағамның әсерінен ішек сөлі үздіксіз бөлініп тұрады. Ішек сөлінің құрамында су, органикалық, бейорганикалық заттар және 20-дан астам ферменттер болады. Олар түрлі тағамдарды ыдыратып, денеге сіңуіне жағдай жасайды. Ішек сөлінің бөлінуі рефлекстік және гуморальдық жолдармен реттеледі.

Бауыр – адам ағзасындағы ең үлкен асқорыту безі. Бауыр жасушалары шоғырланып, өте ұсақ бөлшектер құрайды (83-сурет). Ол құрсақ қуысының жоғары бөлімінің оң жағында көкеттің астында орналасқан. Бауырдың салмағы ересек адамда 1,5–1,7 килограмдай, қоңырқай түсті безді мүше. Бауырдың оң жақ бөлігі үлкен, сол жақ бөлігі кішкене. Оның астыңғы бетінде алмұрт пішінді өт қабы орналасқан. Ересек адамның өт қабында 30–50 мл өт болады.

Бауырдың негізі эпителий ұлпасынан тұрады. Бауыр жасушаларына өте көп мөлшерде қан келеді. Бауырға артерия қанымен бірге, аш ішек, тоқ ішек, асқазан, ұйқы безі, көкбауырдан жиналған вена қаны да келеді. Вена қаны бауырдың вена қақпасын құрайды. Вена қанының құрамындағы денеге сіңген тағамдық өнімдер бауырда қайта өңделеді. Өңделген заттардың біраз бөлігі қайтадан қанға өтіп, ұлпаларға, мүшелерге энергия және құрылыс материалы түрінде таралады. Қалған бөлігі бауыр жасушаларында гликоген күйінде қор заты болып жиналады.

Бауыр жасушалары ішімдікке, есірткіге және темекі уына өте сезімтал. Ішімдікті үнемі, әрі ұзақ уақыт пайдаланатын адамдардың бауыр жасушалары тығыздалып, дәнекер ұлпаға айналады. Ол бауырдың өте қауіпті ауруы – бауырдың беріштенуіне (цирроз) соқтыруы мүмкін. Бауырда вирустардың әсерінен болатын жұқпалы бауырдың қабынуы (гепатит) ауруы да кездеседі. Бұл ауруды ауызекі тілде сары ауру (болезнь Боткина) деп атайды. Бауырда паразитті таспақұрт – эхинококктың әсерінен де ауру болуы мүмкін. Оның жұмыртқалары лас судан, таза жуылмаған көкөністерден, не жануарлардан жұғады да, қанмен бауырға келеді. Одан эхинококкоз ауруы пайда болады.

Бауырдың басты қызметі – өт бөлу. Ересек адамдарда тәулігіне 0,5–1 л өт бөлінеді. Бауырдан бөлінген өт алдымен өт қалтасына (қабына), одан өт қабының өзегі арқылы ұлтабарға түседі. Бауыр жасушаларынан өт үнемі бөлініп тұрады. Өт ұлтабарға адам тамақтанған кезде ғана өтеді. Өттің бөлінуі гуморальдық және рефлекторлық жолмен реттеледі.

Өттің құрамының 95–98% су, қалғаны өт пигменттері, өт қышқылдары, холестерин, минералдық тұздар. Өт түсінің сары-қоңырқай, кейде жасыл болуы құрамындағы пигментті заттарға (билирубин, биливердин) байланысты. Өт пигменттері тіршілігін жойған эритроциттердің гемоглобинінен түзіледі. Өттің, зәрдің және нәжістің түстерінің сарғыш түсті болуы да өт пигменттеріне байланысты. Өт әлсіз сілтілі ортада белсенді қызмет атқарады.

Өттің негізгі қызметінің бірі – майлы тағамдарды қорытуға әсер етеді. Майлы етті тағамды пайдаланған кезде өт көп бөлініп, қанның құрамында холестериннің мөлшері артады. Ол ұзақ уақыт ұсақ түйіршіктер (кристалдар) түрінде жиналып, өт қалтасында, өт өзегінде «тастың» пайда болуына әсер етеді. Өт майлар мен майда еритін витаминдердің денеге сіңуіне септігін тигізеді. Ішек сөлінің және ұйқы безі сөлінің ферменттерінің белсенділігін арттырады. Өт ішекте сілтілі ортаның қалыптасуына жағдай жасайды. Өт ішектің қабырғасындағы бірыңғай салалы бұлшықеттердің жиырылуын тездетеді. Қанмен бірге келген микробтарды зиянсыздандырады. Бауырдың ағзада атқаратын қызметі сан алуан. Ол зат алмасудың қалыпты жүруін қамтамасыз етеді. Бауыр қандағы қанттың қалыпты деңгейін сақтайды. Бауырда қанттың артық мөлшері қор ретінде (гликоген) жиналады. А витамині, фибриноген, протромбин нәруыздары түзіледі. Тіршілігін жойған эритроциттер бауырда өттің түзілуіне қатысады. Ішектен бірге түскен зиянды және улы заттар бауырда зиянсызданады.

Бауыр ауруын емдеуде қазақстандық ғалымдар академик, халық қаћарманы Мұхтар Әлиев пен профессор Жақсылық Досқалиевтың еңбегі зор. Олар ұрықтың (түсіктің) бауыр жасушаларын алып, бауыры ауыратын науқастардың бауырына салды. Бұл медицинада дүниежүзілік мәні зор жаңалық болды.

 Ұйқы безі – бауырдан кейінгі кіші асқорыту безі. Ол әрі сыртқы, әрі ішкі секреция бездерінің қызметін атқарады. Ұйқы безі қарынның астыңғы жағында орналасқан пішіні таспа тәрізді. Салмағы 60–80 г. Ұйқы безінің де өзегі ұлтабарға ашылады. Одан бөлінетін сөл нәруыздарды, майларды және көмірсуларды ыдыратады.

Оның сыртқы бөлігі ғана сөл бөледі. Ұйқы безінен панкреатин (латынша «рankreas» – ұйқы безі) сөлі ересек адамдарда тәулігіне 1,5–2 л бөлінеді.

Ұйқы безінің ішкі бөлігінен инсулин, глюкагон гормондары бөлінеді де, көмірсулардың және майлардың алмасуын реттейді.

Қорыта айтқанда, ас асқорыту мүшелерінде ұсақталып, асқорыту бездерінен бөлінетін сөлдердің әсерінен қорытылады. Қорытылған заттар қан мен лимфа арқылы денеміздегі барлық жасушаларға, ұлпаларға таралады. Қорытылмай қалған қалдық заттар сыртқа шығарылады.

 Асқорыту мүшелерінде астың қорытылуы мен сіңуі Ауыз қуысында астың өзгеруі. Ауыз қуысына түскен тағам шайналып ұсақталып, сілекеймен шыланады. Сілекей тағамның бөлшектерін жібітіп, оңай жұтылатын түйіртпектерге айналдырады. Сілекейдің құрамындағы ферменті тек сілтілі ортада көмірсуларға әсер етіп, тағам химиялық өзгерістерге ұшырайды. Ауыз қуысындағы тағам тіл мен жұтқыншақтың бұлшықеттерінің жиырылуы арқылы жұтылады. Тамақ жұтылған соң алдымен жұтқыншаққа, одан өңеш арқылы асқазанға өтеді. Жұту кезінде көмекей қақпағы жабылады. Тамақ жеп, не ішіп отырған кезде адам сөйлейтін болса, тамақ түйірлері көмекейге түсуі мүмкін. Тамақ түйірлері көмекейге түссе, адам шашалады, кейде тұншығады. Сондықтан да, тамақ ішіп отырғанда сөйлеуге болмайтынын естеріңнен шығармаңдар!

Асқазанда астың қорытылуы. Ересек адамдардың асқазанының сыйымдылығы 1,5–2 литр. Асқазанның пішіні мен мөлшері астың түсуіне байланысты үнемі өзгеріп тұрады. Ұсақ бездерден бөлінетін қарын сөлінің құрамында су, тұз қышқылы, ферменттер және т.б. заттар болады.

Асқазанда тағам 3–6 сағаттай уақыт қорытылады да, жартылай қоймалжың сұйық жентекке айналады. Жартылай сұйық жентек белгілі бір мөлшерде оқтын-оқтын аш ішекке өтіп тұрады.



Ішекте астың қорытылуы және сіңуі. Асқазанда жартылай қорытылған ас алдымен ұлтабарға түседі. Ұлтабарға бауырдан келетін өт қабының және ұйқы безінің өзегі ашылады. Бауырдан келетін өттің әсерінен майлы тағамдар ыдырай бастайды. Ұлтабарда негізінен барлық тағамдық заттар қорытылады. Нәруыздар – амин қышқылдарына, крахмал – қантқа, майлар – май қышқылдары мен глицеринге дейін ыдырайды. Ұлтабардан ас белгілі мөлшерде оқтын-оқтын аш ішектің келесі бөліміне өтеді. Мұнда тағамдық заттар ішек сөлінің әсерінен толық қорытылып, еріген қосылыстарға айналады.

Астың сіңуі. Аш ішектің ішкі кілегейлі қабықшасында өте ұсақ тұйық өскіндер – бүрлер болатыны сендерге таныс. Бүрлердің сырты бір қабатты эпителий жасушаларынан түзіледі. Бүрлердің ішкі жағын көптеген қан және лимфа тамырлары торлап жатады. Бүрлер ішектің ішкі кілегейлі қабықшасында өте көп болады. Бүрлер арқылы әбден қорытылған амин қышқылдары мен қант (глюкоза) қанға өтеді. Глицерин мен май қышқылдары лимфа тамырларына өтеді де, тері астындағы шел қабатқа жиналады. Амин қышқылдары мен қант бауырға барып, қайта өзгерістерге ұшырап, бүкіл денеге таралады. Бұл арада, сендер, қоректік заттардың қанға тек еріген күйінде ғана өтетінін есте сақтаңдар!

Тоқ ішекте астың қорытылуы. Астың қорытылуы мен сіңуі негізінен аш ішекте аяқталады. Тоқ ішектің бездерінен бөлінетін сөлде ас қорытатын ферменттер өте аз болады. Оның есесіне тоқ ішекте бактериялар көп. Бактериялардың ферменттері күрделі көмірсу – жасунықты (клетчатканы) ыдыратуға қабілетті. Бактериялар «К» және «В12» витаминдерін синтездейді. Асқорыту мүшелерінің басқа бөлімдеріне қарағанда тоқ ішекке түскен ас қалдықтары ұзағырақ сақталады. Ас қалдықтары тоқ ішектің суды қарқынды сіңіруінің нәтижесінде біртіндеп тығыз зат – нәжіске айналады. Тік ішектің төменгі бөлігінде екі сақина тәрізді бұлшықеттер бар. Осы бұлшықеттердің көмегімен нәжіс сыртқа шығарылады.

Әдебиет: [1-9]

Мультимедиялық құралдар тізімі:

  1. Ащ ишектегі астың қорытылуы.

  2. Асқорыту жүйесінің құрылысы.

  3. Ас қорыту жүйесі бойынша саяхат.


Тақырып 4. Тыныс алу жүйесі

  1. Мұрын қуысы. Көмей.

  2. Кеңірдек және бронхлар. Өкпенің анатомиялық құрылысы.

  3. Ацинус ұғымы. Альвеолалар.

Тынысалу деп мүшелер мен қоршаған ортаның арасындағы газ алмасуды айтады. Жер бетіндегі тіршілік ететін тірі ағзалардың барлығы тынысалу кезінде оттекті қабылдап, көмірқышқыл газын бөледі. Ағзаның әрбір жасушасының жұмысы (бұлшықеттердің жиырылуы, тердің, сілекейдің бөлінуі, қозудың берілуі) энергияны жұмсаумен байланысты. Тынысалу тірі ағзаларға тән қасиет.

Энергия органикалық заттардың тотығуы мен ыдырауынан босап шығады. Тотығуға оттек жұмсалады. Ағзада оттектің қоры болмайды. Ағза тыныс алғанда оттекті қабылдайды, ыдырау өнімдері (көмірқышқыл газы мен су буы) ағзадан сыртқа шығарылады. Тынысалу мүшелері, қанайналым жүйесі, ағза мен қоршаған орта арасында газ алмасуды қамтамасыз етеді. Органикалық заттардан энергия босау үшін оттек қажет. Тірі ағза үздіксіз тыныс алады. Адам оттексіз 1 минут та тіршілік ете алмайды.



Тынысалу мүшелерінің құрылысы. Тынысалу жүйесіне – мұрын қуысы (кеңсірік), жұтқыншақ, көмекей (көмей), кеңірдек, бронхылар, өкпелер жатады (67-сурет). Өкпелерден басқасын ауа өтетін жолдар деп атайды.

 Мұрын қуысының (кеңсіріктің) құрылысы. Ауа танау тесіктері арқылы кеңсірікке барады. Кеңсірікті сүйекті-шеміршекті перде оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Кеңсіріктің қабырғаларын эпителий ұлпасынан түзілген кірпікшелері мен түктері бар кілегейлі қабықша қаптайды. Онда көптеген ұсақ бездер болады. Безді жасушалардан бөлінген шырыш шаң мен тозаңдарды ұстап қалады. Әрі ауа ылғалданады. Кілегейлі қабықша қантамырларына бай. Мұрын қуысындағы ұсақ көптеген қантамырлардың әсерінен ауа біршама жылынып ары қарай өтеді. Қан жасушалары – лейкоциттер мұрын қуысына енген микробтарды жояды.



Кеңсіріктегі ауаны кілегейлі қабықшадан бөлінген заттар ылғалдандырады; капилляр қантамырлары ауаны жылытады; лейкоциттер микробтарды жояды.

 Кеңсіріктің жоғарғы жағында түрлі иістерді қабылдайтын иіс сезу жүйкелерінің ұштары орналасады. Мұрын қуысы ішкі танау тесігі арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Жұтқыншақта асқорыту және тынысалу жүйелерінің жолы түйіседі. Тамақ жұтқыншақтан өңешке, ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ әрі асқорыту, әрі тынысалу мүшелер жүйесіне жатады. (Асқорыту мүшелерін естеріңе түсіріңдер).



Көмекей (көмей) – мойынның алдыңғы жағында орналасқан іші қуыс шеміршекті мүше. Оның ішкі бетін кілегейлі қабықша астарлап жатады. Қабырғасы 3 сыңар, 3 жұп шеміршектерден түзілген. Ірі шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей қақпақшасы жатады. Көмекейдің артқы жағында 3 жұп майда шеміршектер болады. Шеміршектер бір-бірімен жартылай қозғалмалы байланысқан. Шеміршектерге бұлшықеттер бекінеді. Шеміршектердің арасында – 2 дыбыс сіңірлері болады, олар да шеміршекке бекінеді. Дыбыс сіңірлері бір-біріне қатарлас жатқан иілгіш, серпімді талшықтардан түзілген. Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістікті дыбыс саңылауы дейді.

Адам дем шығарғанда дыбыс саңылауы тарылып дыбыс шығады. Дыбыстың шығуы адам сөйлегенде ауа ағынының дыбыс сіңірлерін тербелтуіне байланысты. Дыбыс сіңірлері неғұрлым ұзын болса, оның тербелісінен жуан дыбыс шығады. Ер адамдардың көмекейі үлкен, дыбыс сіңірлері ұзын, дауыстары жуан. Мойынның алдыңғы жағындағы ең ірі қалқанша шеміршегінің үлкен үшкір түйіні – бидайық (кадык) деп аталады. Ол жұтынғанда, сөйлегенде жоғары, төмен қозғалады. Сонымен көмекей дыбыс шығару мүшесінің де қызметін атқарады. «Көмекейі бүлкілдеген әнші екен», «күміс көмей» деген ұғымдар соны білдіреді. Ер адамда көмекейінің орташа ұзындығы 44 мм. Әйелдердің көмекейі кішілеу, дыбыс сіңірлері қысқа болғандықтан, дауысы жіңішке болады, оның орташа ұзындығы 36 мм. Ауыз қуысында дыбыс шығаруға тіл, ерін, жақ сүйектері қатысады.

Әдетте барлық адамның дауысы бірдей емес. Дыбыстың құбылып, түрліше болып шығуы: көмекейдің пішіні мен мөлшеріне, дыбыс саңылауына, мұрын, ауыз қуыстарына, тіл, ерін, тістеріне байланысты. Көмекей – ауаны өткізуге, дыбыс шығаруға көмектеседі. Көмекейдің төменгі бөлімі кеңірдекке жалғасады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет