Қазіргі демократияның түрлері.
Қазіргі демократияның түрлері - әр елдегі демократиялық институттар құрылымдарының ерекшеліктері негізінде демократияны модификациялау. Демократия тетіктері қатыпсеміп қалған емес, ол саяси өмірді ұйымдастырудың түрлері ретіндегі демократияның теориялары мен тәжірибесімен бірге дамиды. Биліктің қызмет ету жүйесінде қандай да бір саясат субъектісіне - жеке тұлғаға, топқа немесе бүтін халыққа билік тізгінін қаншалықты ұстататындығына қарай либералдық, плюралистік, үжымдық түрлері анықталған.
Либералдық немесе индивидуалистік демократия жеке тұлғаны биліктің бастапқы қайнар көзі ретінде мойындаудан, оның әлеуметтік субъект ретіндегі дербестігін, адам құқықтары мен бостандықтарын заң билігімен қорғауды көздеуден тұрады.
Плюралистік демократия - батыс еуропалық елдердің басым көпшілігіне тән. Саясаттың басты субъектілері жеке адам да, халық та емес, әртүрлі топтар дейді. Осылайша тек топтың көмегімен жеке тұлға өз мүддесін қорғауға, өзін- өзі көрсетуге мүмкіндік алады. Дәл осы топта, топтық қарым-қатынастарда жеке тұлғаның саяси қызметінің мүдделері мен қозғаушы күштері қалыптасады.
Ұжымдық демократия керісінше, тек халық қана, заң шығару және үкімет қызметін анықтау құқығына ие болуы керек дегенге саяды. Мұндай демократия түрі әлеуметтік субъект ретіндегі халықтың біртүтастығын, оның еркінің мызғымастығын есепке алып, азшылықтың көпшілікке бағынуы қағидатын шексіздендіреді. Сонымен қатар, олар жеке тұлға автономдығын мойындамайды.
Демократия халықтың билікті қандай тәсілмен жүзеге асыруына қарай (тікелей немесе өз өкілдері арқылы) жіктеледі. Осыған орай, тікелей, өкілдік, партиципаторлық демократия түрлері анықталған. Тікелей немесе плебисцитарлы аса маңызды саяси мәселелерді халықтың өзі шешуі керек, ал биліктің өкілетті органдарын азайтып, азаматтардың толық бақылауына бағындыру керек деуден тұрады. Елде тікелей демократия үрдістерінің белең алуы барысында, азаматтардың тікелей қатысуымен шешілетін мәселелер күн сайын артып келеді (мыс., Швейцарияда). Мүның ішіне аса маңызды заңнамалық актілерді қабылдау, стратегиялық сипаттағы саяси шешімдерді таңдау, жергілікті маңыздағы мәселелердің шешімін қабылдау сияқты мәселелер де кіреді. Өкілдік немесе репрезентативті демократия халық тек тікелей ғана емес, билік органдарындағы өз өкілдері арқылы да билікке араласа алады деп есептейді. Осындай тәртіпте демократия халық алдында жауапты өкілетті басқару түрі ретінде сипатталады. Саяси шешімдер қабылдауға азаматтардың қатысуы жоққа шығарылмайды, дегенмен тар шеңбердегі мәселелермен шектеледі. Демократияның осы түрі бойынша неміс саясаттанушысы Р.Дарендорф нақты анықтама береді: "Демократия - "халықтың басқаруы" емес, оның болуы, тіпті мүмкін емес.
Демократия - халық сайлайтын үкімет, керек болған жағдайда халық орнынан алып тастайды; онымен қоймай, демократия - ол өзіндік бағыт-бағдары бар үкімет". Өкілетті демократияның кемшіліктерін жуып-шаятын демократияның келесі түрі - партиципаторлы демократия. Бұл демократия түрінің негізгі идеясы халықтың басым көпшілігінің тек билік органдарына өз өкілдерін сайлаумен шектеліп қоймай, басқа да биліктік, басқарулық іс-әрекеттерге тікелей қатысуын көздейді. Партиципацияның жағымды мәні оның қоғамды жан-жақты демократияландыруды, халық бүқарасының басқаруға, әлеуметтік эмансипацияның алғышарттарын қалыптастыруда, жеке тұлғаның өздігінше әрекет етуін қамтамасыз етуінде жатыр. Қатысу демократиясы, сондай-ақ билік легитимділігі деңгейін және саяси жүйенің тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |