Президент Назарбаевтың басшылығында Қазақстанның экономикалық өрлеуі



жүктеу 199.47 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі199.47 Kb.
Президент Назарбаевтың басшылығында Қазақстанның экономикалық өрлеуі

Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, профессор


Біз 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігімізді жариялап, бұрынғы теңгермелі, жоспарлы экономикадан нарық экономикасына көшу бекінген болатынбыз. Алайда, экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабiлетсiз болған жоспарлы жүйе күйреп, бұрынғы жүйедегі әріптес елдермен экономикалық байланыстарымыз үзіліп, жаңа байланыстар бірден қалыптаса қоймаған сәттер туып, тәуелсіздік алғанымызбен, алғашқы жылдары мақтанарлық көрсеткіштерге жете қоймадық.

Қазақстанда 1990-1994 жылдары өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі тең жартылай кеміп кетті. Ауыл шаруашылығында құлдырау үштен бірге төмендеп, ал көлік тасымалы бойынша көрсеткіштер үштен екіге кеміді. Өнеркәсіп алыптары тоқтап, жұмыссыздық өршіді, жаппай экономикалық құлдырау басталды. Мемлекеттің өз кәсіпорындарын басқаруға шамасы жетпей қалды. Инфляция 2 мың пайыз деңгейіне дейін құлдырады. Тұрғындардың 40 пай­ы­зы кедейшілік шегінде өмір сүрді.

Негізінен қаржы тапшылығынан және ескіше басқарудан арыла алмаған кәсіпорын басшыларының сауатсыздығынан өндірістік сектор қарызға белшесінен батты. Сол кездері ақша культке айналуы басталды, айналым қаражаты мен өнім сатудан түскен ақша шетел асырылып немесе қалталарға түсіп жатты.

1995 жылы орташа айлық еңбекақы 1991 жыл деңгейінің 35 пайызын ғана құраса, ал зей­нет­ақы тек 29 доллар болды.

Ол кездердің жағдайы туралы ащы да болса шындық осылай еді.

Барлық учаскелерде де қаражаттан қатты зәрулік болды. Заттай төлем мен айырбас сипат алды. Елімізде соғыс пен күйзеліс заманындағыдай кәдімгідей ашаршылық пен жүдеп-жадаушылық қатері төнді. Осылай экономикада батыл да жүйелі, жігерлі де жедел өзгерістер жүргізуді өмірдің өзі талап етті.

Елбасы, ең алдымен бізді демократия негіздеріне көшкенде, оны табынатын тылсым ретінде ғана танып, орнымен пайдалана білетін құрал ретінде қабылдаудан сақтандырды.

Біз экономика саясаттың да, мәдениеттің де негізі екенін түсіне бастадық, ол, шынында да мемлекеттің, қоғамның, әрбір нақты адам мен оның отбасы өмірінің негізі еді. Өйткені экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болмасын шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін елде қуатты, осы мәселелерді шешуге қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылықтар санайтын – еркіндік пен демократия, халық игілігі деген сөздердің өзі бос сөзге айналып қалатынын түсіндік.

«Бiз - саналы да жiгерлi халықпыз. Менде Қазақстан азаматтарының нарықтық экономикаға тез бейiмделетiнiне күмән жоқ» деп мәлімдеді президент.

Осы қиындықтарға қарамастан Қазақстанның қарышты дамуына он жылға жетпейтін уақыт жеткілікті болды. Жағдай түбегейлі өзгерді. Біз Отанымыздың шаңырағын көтеріп, ордасын тіктік, қауіпсіздігін нығайтуға кірістік, экономикамызды нарық жолына бағыттадық. Кешегі қиындықты халқымыз ұмыта бастады. Қазір Қазақстан әлемдегі ең қарқынды өркендеу үстіндегі экономиканың біріне ие болып отыр. Бізді алдыңғы қатарлы елдер сенімді экономикалық, саяси әріптес санайтын болды. Реформаның осы бір күрделі кезеңдерінде Нұрсұлтан Назарбаев көрегендікпен, байсалдылықпен, салқынқандылықпен ел басқару ісін сәтті атқара білді. Бұл істердегі біздің Президентіміздің еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Оны бүкіл қазақ мойындайды.

Кей кездері Президент біздің ниеттеріміз бен тілектерімізге кереғар келген сәттері болды. Өтпелі кезеңнің байыбы мен жауапкершілік жүгі басқаша істеуге, босаңсуға, жалтақтауға, жайбарақат күй кешуге мүмкіндік бермеді. Біз Елбасымыздың кейбір ой-пікірлерін, түпкі ниетін кейінірек танып-түсініп жаттық. Бірақ, оның бәрі ел игілігі үшін екеніне көзіміз кеш болса да жетті.

Осы жылдардағы басып өткен жолдарымызға ойша назар салып қарасақ, ең шешуші міндет - экономикалық қатынастарды түбегейлі өзгерту жүзеге асты. Мемлекеттік қамқоршылдықтың ескі жүйесін күйретіп, мемлекет иелігінен - жеке меншікке өтуге, жоғарыдан команда күтіп отыратыннан, немесе «Құдай жеткізер» деген масылшылдықтан барынша арылуға, жауапкершілік пен кәсіпкерліктің жаңа үлгілерін енгізуге үндеген әрі оны жүзеге асыруда көшбасшы болған, сол істерге мүмкін болғанынша көп адамды тартып, олардың жаңа нақтылықтарға қарсы түсініктерін өзгерткен, бүл жолда халыққа жағымсыз әрі түсініксіз шешімдерді халық мүддесі үшін екендігіне сеніммен тәуекелге басып, кейде тіпті, тізеге салыңқырап шешіп жіберген Елбасы Назарбаев болатын.

Назарбаев халықты жеке меншікке баулудың бастапқы тетіктерінің бірі ретінде 1994 жылы өз Жарлығымен елді мекендердегі жер телімдерін, саяжайдағы жерді азаматтарға тегін бекітіп бергізді.

Мемлекеттік пәтерлер азаматтардың жеке меншігіне тегін берілді.

1992 жылдың басында, сонау 1985 жылдардан басталған тауар тапшылығы, өршіп бара жатқан гиперинфляция бізді нарықтың ең шешуші қадамына - бағаны ырықтандыруға итермеледі. Баға босатылысымен күрт аспандап кетті де, халқымыз бүл шараны өздері әзір болмағандықтан өте ауыр қабылдады. Елімізде Елбасының басшылығымен жасырын инфляцияны ашық инфляциямен батыл алмастырылды, доллардың екі түрлі бағамы - банктегі бағасы мен жасырын саудадағы бағасы болуына жол берілмеді.

1993 жылы біздің төл валютамыз - теңге дүниеге келді. Ол бізге дербес макроэкономикалық саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Бірақ, теңгені енгізу оңайлықпен жүзеге аса салған жоқ. Қиын кезеңнің ауыртпалығына төзгілері келмей бар пәлені тәуелсіздік пен теңгеден көретіндер өз ішімізден шықты, бірақ әуелі құлдырауға ұшыраған төл теңгеміз айналымға енгізілген соң бір жыл ішінде-ақ гиперинфляция тоқтады.

Біздің банктеріміз түбегейлі өзгерді.
* * *

Бiздің елімізде кең ауқымды әлеуметтiк, саяси және экономикалық реформалар 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүргiзіле бастады, себебі сол тағдырнамалық құжат елімізде президенттік басқаруға жол ашып, бір басшының тәуекеліне, ақыл-парасатына сеніммен ілгері басуға мүмкіндік берді. Әрине, солай реттеле сала бірден алға қойған мақсаттарға қолымыз жете қойған жоқ, дегенмен, біртіндеп, жекелеген бағыттарда бірден көзге түсер нәтижелерге жеттік. 

Конституция қабылданған кездерден бастап экономиканы батыл реформалау және макроэкономикалық тұрақтылықты орнықтыру жөніндегі әлемге белгілі, бірақ қатал шаралар жүзеге асырылды. Меншік қатынастары батыл өзгертілді, жекешелендіру жедел де жігерлі жүргізілді. Осылайша, экономикада жекеменшік секторы 1998 жылдарға қарай қалыптасып үлгерді. Қазіргі кезде онда республикадағы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 85 пайызға жуығы өндіріледі.

Мемлекеттік экономикалық саясаттың негізіне ақша-кредит, салық-бюджет, баға және антимонополиялық, инвестициялық, технологиялық саясат алынды. Оны жүзеге асыру үшін екі деңгейлік банк жүйесі құрылды, алтын-валюта резерві қорланды, қор биржасы, салық, кеден және басқа органдар секілді қаржы және мемлекеттік институттар қалыптастырылды және дамытылды.

Жеке меншік секторын қолдау және дамыту үшін кеңестік өткендермен ауырлатылмаған, еліміздің экономикасын мүлдем жаңа арнаға бағыттаған нарықтық, әлемдік қалыптарға сәйкес заңнама базасы қалыптастырылды. Оны жаңа тұрпаттағы қос палаталы Парламент ойдағыдай атқарды. Осы жылы елдің өркендеуіне қызмет етерлік тағы бір игі іс атқарылды: бүкіл халық референдумда президенттік басқару үлгісін орнықтырған жаңа Конституцияны жақтап дауыс берді. Осы арқылы реформалар талап еткен басқарудың барлық деңгейлері жайбарақаттанып жүріп алмай, Орталықтың нұсқауын орындайтын әкімдер билігінің күшті вертикалы қалыптасты.

Бұл істер де оңайлықпен жүзеге аса салған жоқ. Экономикада мемлекеттік үйлестірудің басымдығын жақтайтындар, яғни қалыптасқан өмірін өзгерткісі келмейтіндер жаңа меншік қатынастарына көшуді барынша кешеуілдетуге, лажы барынша болдырмауға тырысты. Мемлекет пен азаматтық қоғамды араздастыру ниеті белең алды. Үдерісті одан әрі ушықтырып алмаудың жолы жауапкершілікті мойынға алып саяси ерік керсету болатын. Оған тек бүкіл халық болып сайланған Президент қана құқылы еді. Қазақстанда Президенттік билікке көшу осылайша жүзеге асырылды. Осындай сәтте президент Назарбаев барлық жауапкершілікті көтеруді ержүректікпен мойнына алды.

Нарықтық экономика мен демократиялық дамуды таңдап алған елімізге алғашқы серпілісті «Қазақстан - 2030» Стратегиялық бағдарламасы алып келді. Еліміздегі алғашқы ұзақ мерзімге бағытталған бұл құжат біздің дамуымызға сара жол салды.

«Қазақстан - 2030» бағдарламасы біз қандай бағытта, қандай дәрежеде алға жылжудамыз, соны терең таразылау, дамуымызды әлемдiк тәжiрибе тұрғысынан талдау үшін маңызды еді. Бағдарлама экономикалық тұрғыдан бұл салада реформаларды жүзеге асыру, КСРО-ның ыдырауы және Қазақстан экономикасының әлемдiк экономикалық қатынастар жүйесiне кiруi өндiрiс көлемдерiнiң елеулi төмендеуiне әрi осының салдары ретiнде - әлеуметтiк ахуалдың объективтi түрде төмендеуiн тоқтату мәселесін қойды. Ол үшін – негiзгi факторларды – технологиялық тұрғыда артта қалған және қуатты мол қажет ететiн өндiрiстердi, шаруашылық жүргiзудiң жаңа жағдайларын игере алмаған, бәсекеге қабiлетсiздiкке және көптеген кәсiпорындардың тұрып қалуына, дәстүрлi өткiзу рыноктарын жоғалтуға, төлемсiздiктер мен өндiрiстiң құлдырауына алып келген менеджментті өзгерту мәселесі тұрды.

Бұл мезетте Қазақстан шетелдiк капитал мен жекеше капиталға, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарына тәуелдi болып қалды. Экономиканы әрi қарай сауықтыру инвестициялардың зор көлемде келiп құйылуына байланыстылығы, мұның өзi инвестициялық ахуал едәуiр жақсартылса ғана мүмкiн болатыны белгілі болды. 

Осы жылдары өзінде біздің елімізде кедейшілік жалғаса түсті, бұрын біз көріп-білмеген «жұмыссыздық» деген жаңа категория пайда болды. Оған мемлекеттік басқарудағы икемсіздігіміз бен тәжірибеміздің аздығы қосылды. Заңдарымыз жаңа заманнан артта қалып жатты.

Осындай жағдайда біздің жан-жақты қабілетті, өрелі, жаңашыл, тәуекелі мен табандылығы қатар өрілген Көшбасшымыз болды. Ол ең алдымен еліміздің даму шараларының саясаттандырылмауын, алдын бастап экономикамызды көтеріп алуды ұсынып: «Әуелі экономика, сосын саясат» деген қағидамен алға жылжуды ұсынды.

Осы идея біздің еліміздің даму жолын белгілеп берді және оның дұрыстығына қоғамымыз сәл өтпей-ақ көз жеткізді.

Бағдарламаның ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялары қатарында шетел инвестициялары мен iшкi жинақталымдардың деңгейi жоғары ашық нарықтық экономикаға негiзделген экономикалық өрлеудiң нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетiн қарқынына қол жеткiзу аталды. 

Және де мұнай мен газ өндiрудi және экспорттауды қалыпты экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмысын жақсартуға жәрдемдесетiн табыс алу мақсатында жедел арттыру жолымен Қазақстанның энергетикалық ресурстарын тиiмдi пайдалану жоспарланды. 


      Инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс секторларын ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жәрдемдесетіндей етіп дамыту белгіленді.

Түпкiлiктi мақсат экономикалық өрлеу, ал макротұрақтандыру осы мақсатқа жетудiң құралы ретінде назарда ұсталды.

Сол жылдары егер күн сайын енжарлығымызды еңсерiп, бойымыздағы барша күш-қуатымызды басты бағыттарға жұмылдыра алмасақ, табандылық пен икемдiлiк, тәртiп пен шығармашылық қарым таныта алмасақ, бiз сол кездегі күйімізден арылуға мүмкіндігіміз болмас еді.

Елбасы өзінің 1997 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады», - деген ағылшын данасы Шекспирдің сөздерін келтірді. Бұл Қазақстан халқын қайрай түсуге және тәуекел мен сенімді қатар алып жүруге үйретерлік аталы сөз болды деп түсінеміз.

Күнбе-күнгi қам-қарекет пен ағымдағы iстердiң ыңғайына жығылып, басты нысанамызды бiртiндеп естен шығару, жеңiл, тiптi кейде керексiз жұмыстарға ауысып, ауырын, алайда стратегиялық тұрғыдан маңыздысын кейiнге ысыру – Кеңестік кездегі экономиканы басқару үрдісінен ауысқан, ежелгi сiңістi дертiмiз еді. Сондықтан да күн сайын алдымызда тұрған басымдықтарды бажайлау, әр күн ертеңгілiк алдағы мақсатымызға қарай алға жылжудың аз да болса қамын ойлау, содан кейiн әр кеш сайын уақытымызды қаншама тиiмдi пайдаланғанымызды бағамдап отыруға тиіс болдық және солай жасалды да.


* * *

Алғашқы онжылдықта елімізге Шеврон, Бритиш Петролеум, Миттал, Дженерал электрикс, Дженерал моторс сияқты аса ірі инвесторлар келе бастады.

1999 жылдан 2007 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі орташа есеппен жылына 10 пайызды құрады.

Осылайша ұмтылыс пен жаңа өмір үшін күрес жолында алғашқы он жылымыз өтті.

2000 және 2010 жылдар аралығында Қазақстан кейбір түйінді салаларда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Ішкі жалпы өнімнің өсуі жыл сайын орташа 8,5 пайызды құрап, 2008 жылы жобаланғаннан 2,3 есе асып түсті. 2007 жылы өнеркәсіп өндірісі 78 пайыз нақты өсімге жетіп, онжылдық кезеңнің мақсаттарына жетті, ауыл шаруашылығы өндірісі 1,5 есеге өсті. Экономиканы жедел әртараптандыру үшін берік негіз қаланды. Даму институттары құрылып, табысты жұмыс істеуде, қажетті заңнама дайындалды.

2008 жылы Ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» құрылды. Қор корпоративті басқарудың жаңа әдістерін енгізумен қатар, еліміздегі және шетелдегі стратегиялық нысандарды сатып алумен айналысуды және ірі мемлекеттік активтерді біріктіру арқылы экономиканың стратегиялық саласын бір орталыққа біріктірді. Оған еліміздегі мұнайгаз саласын, темір жол, телекоммуникациялар, транспорт пен ұлттық даму институттарын қосқанда экономиканың әртүрлі саласындағы ұлттық компанияларды иелігіне алды. Осылайша еліміздің басым бағыттарында қызмет етіп жатқан акционерлік қоғамдардың қаржылары бір орталықтан бақыланып, бағытталып отыратын болды.

Осы жаңа тарихымыздың алғашқы жылдарынан бастап, экономикамыздың өрлеуіне жол ашатын тағы да біршама істерді қатар атқардық. Мәселен, шекарамызды нақтыладық және ол арқылы өтетін тауар бақылауын жүзеге асырдық. Бұл кедендік бақылауды жақсартты, сол арқылы елімізден тыс жерге кетіп жатқан тауарлар ағысына бақылау және мониторинг жасап отыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Қазақстаннан шығып, қайтып елімізге кіретін автожолдар мен темір жолдарды еліміздің өз ішімен жүргіздік. Бұл шара біздің тәуелсіз ел ретінде әрлі-берлі түргенде түрлі тексерістерден өтуге мәжбүр болып, шығынға ұшырап және жүйкелерін жұқартудан қорғады және өз ішімізге өткен жол бұрынғыдан гөрі арақашықтықты жақындатты. Осылайша біз халқымыздың бір бөлігін Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстанның керексіз бақылауларынан құтқардық.


* * *

Тәуелсіздік жылдарында бар­лы­ғы бір жарым мың шақырым­нан астам темір жол тартылды, 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары салынды және жөнделді. Бұл жолдар, темір жол стан­салары мыңдаған адамға жұмыс беріп, еліміздің транзиттік әлеуеті көптеген есе ұлғаяды.

Жақын жылдары ұзындығы 1200 шақырым болатын екі жаңа – Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржол бағыттары ашылады.

Тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік тікелей инвестиция тартылды. Ішкі инвестиция бұдан да көп болды.

Еліміз алдағы уақытта да инвестиция тарту бағытындағы байланыстарын кеңейте түсетін болады. 2010 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кедендік одағы іске қосылды. Бұл біздің еліміздің экспортына ашық жол ашып, экспорттық көрсеткіштеріміз арттырып, осы бірлескен елдердің экономикалық мәселелерін шешуде прагматикалық нақты жоба екенін дәлелдеуде. Осы арқылы 170 миллион адамды қамтитын ірі нарыққа жол ашылды.

Бұл арқылы еліміз ресейлік және беларусьтік көлік инфрақұрылымына жеңіл­дік­ті жағдайда қол жеткізуде, іс жүзінде батыста - Еуроодақ шекараларына, шы­ғыста Жапония мен Азия-Ты­нық мұхит қоғамдастығының басқа да елдерінің рыноктарына шығуға мүмкіндік жасалды. Әріптестеріміз біз арқы­лы Қытайдың үлкен рыногына шығатын болады.

Жалпы ішкі өнім өсімі соңғы жылдары жылына 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісіміз – 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрап тұр.

Біздегі өңдеуші өнеркә­сіп экспортының көлемі 21 миллиард долларды құрайды, біздің өнімдеріміз әлемнің 126 еліне тарайды.

Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артып, 5 жарым  есеге көбейді, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге артты.

Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан 2012 жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2000 жылғы 31,8 пайыздан 2010 жылы 11,4 пайызға дейін қысқарды. Өмірдің күтілетін ұзақтығы 65 жастан 68 жасқа дейін өсті.

Тәуелсіздік жылдары ішінде 500-дей жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды.

Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді.

1994 жылы еліміздегі ішкі жалпы өнім көлемі жан басына шаққанда 700 долларды құраса, ол 16 есе өсіп 11 мың доллардан асты. Бұл – әлемдегі ең озық көрсеткіштердің бірі, бұл көрсеткіш бойынша біз ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейінгі екінші орындамыз. Жиырма жыл ішінде мұндай көрсеткішке жеткен ел жоқ: Оңтүстік Корея өз егемендігінің бастапқы жиырма жылында 3 рет өссе, Малайзия – 2 рет, Сингапур – 3 рет, Польша – 4 рет, Венгрия – 5 рет өскен.


* * *

2010 жылдың қаңтарында жарияланған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жоспарлаған көрсеткіштердің кейбірі жүзеге асырыла бастады.

Индустрияландыру бағдарла­ма­сы­ның арқасында тек 2010-2011 жылдары 350-ден астам түрлі өн­ді­рістер пайдалануға берілді. Осы­мен біздің елде адамдар бұрынғыға қара­ғанда анағұрлым көп ақша та­ба­тын 200 мың білікті индустриялық жұмыс орны құрылды. Тәуелсіздік жылдарында барлығы 800-дей жаңа кәсіпорындар іске қосылып, ел экономикасының өрлеуіне қызмет етуде.

Бүгінде елімізде барлық мемлекеттік органдарға бақылау жасаудың бірыңғай принциптері мен тәртібін қалыптастырған «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заң қабылданды. Бұл шаруашылық субъектілеріне жөнсіз тексерістер жасауды, бизнеске әкімшілік қысымды барынша азайтатын болады.

Қазақстанның аймақта интеллектуалдық және инновациялық кластер болуына мол мүмкіндік ашылды.

1998 жылы белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский «Қазақстан Еуразияда ғана емес, тіпті Орталық Азияның өзінде елеусіз, бола­ша­ғы бұлыңғыр ел» деген екен. Ал 2011 жылы Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Янгланд: «Әлемнің кез келген тұрғыны Қазақстанның тек өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде зор табысқа жеткенін айта алады» деді. Осылай біздің соңғы он-он бес жыл ішіндегі экономикалық көрсеткіштерімізді әлем саясаткерлері бір кезде өздері күмәндана қараған еліміздегі экономикалық дамуды мойындауға мәжбүр болды.

Тәуелсіздік уақытында шағын және орта бизнес субъектілерінің нысаны 35 еседен астамға көбейді – 1993 жылғы 19 мыңнан 2012 жылы  700 мыңға дейін өсті. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында 2 миллионнан астам адам еңбек етуде. Сонымен қатар, еліміз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығаруда. Ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралуда. Соңғы он жылда эконо­ми­ка­ның осы секторының өндірген өнімі 20 есе өсіп, шамамен 7 триллион теңгені құрайды.

Бизнесті жүргізу жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингінде Қазақстан ТМД-ның барлық елдерін соңында қалды­рып, 47-ші орынды иеленді.

1993 жылы бізге ұлттық ва­лю­тамызды енгізу қажет болған кезде Ұлттық Банктің қамтама­сыз ететін, яғни енгізуге керекті 500 миллион доллар болмай, алғашқы ақшаны басып шығарған ағыл­шын компаниясына төлейтін төлемнің болмауынан қиналған болсақ, бүгінде Ұлттық Банктің жиынтық резерві Ұлттық қор активтерін қоса алғанда 80 миллиард долларға жетті.

Дүниежүзілік банк класси­фи­кациясына сәйкес, біз табыс дең­гейі орташадан жоғары елдер тобына ендік.

Британ елінің экономист-ғалымдары ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы ең ырғақты 25 экономика ішінде Қазақстан тек алдына Қытай мен Катарды ғана жіберіп, үшінші орында тұрғанын айтады.

Егер 90-шы жылдардың ба­сында өнеркәсіп өнімінің көлемі бар-жоғы 0,2 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 12 триллион теңгеден асып кетті.

1990 жылы Қазақстан басқа ел­дерге ештеңе экспорттамаған болса, бүгінде Қазақстан экспорты 75 миллиард доллардан асады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде мұнай өндіру 3 еседен астамға артты.

Көмір саласы елдің электр қуатының 78 пайы­зын қамтамасыз етеді.

Еуропа мен Азия арасында стратегиялық орын ала отырып, еліміз тиімді транзит әлеуетіне ие. Қазір бірегей «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзитті дәлізін жүзеге асыру жүріп жатыр. Трассалар құрылыстарында 50 мың адам еңбектенуде. Үш жыл ішінде 2700 шақырым сапалы автомобиль жолы іске қосылды.

Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» компаниялары басым активтері мемлекет иелігінде қайтарылмақ.
* * *

Өңірлерді дамыту мәселесіне келсек, қуатты Қазақстан дегеніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты.

Бұл үшін өңірлерде жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет.

Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады. Бұлардың алды жақын жылдары миллиондық қалалар санатына қосылып жатса, таңқалардық нәрсе емес.

Әсіресе, Астана жөнінде ерекше тоқтала кетуге тиіспіз. Осыдан он алты жыл бұрын Арқа төсіне ауысқан Астана жаңа Қазақстанның елдік белгісіне және шынайы мақтанышына айналып, мемлекетіміздің өмірінде жасампаздық белесіне бастау болды, ел экономикасы үшін де көп тиімділік берді. Бұл көш – құрылыс саласын дамытты, бүкіл елге локомотив ретінде үлгі болды.

Елді мекендер шоғырын (агломерация) дамытуды қолға ала отырып, біз ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамытуды да қатар алып жүруге тырысудамыз.

Тағы бір игілікті іс – елімізде соңғы жылдары тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мықтап қолға алына бастады. Бұл, алдымен тұрғындардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімді, сонымен бірге бұл бағытта кеңінен тарап кеткен сыбайлас жемқорлықты болдырмауда ең өзекті мәселе болып табылады. Алдымен «электрондық Үкіметтен», яғни Үкіметтің іс-қағаздарын электрондық жүйеге көшіруден басталған бұл іс – елдегі барлық мемлекеттік қызмет көрсетудің 60 пайызын, оның ішінде лицензиялау секілді күрделі мәселелерді электрондық нысанда алуды қарастырып отыр. Енді мемлекет атынан берілетін барлық рұқсат беру құжаттарын беру, көлік құралдарын тіркеу мен көлік жүргізушіге құжаттар беру өмірге батыл еніп, тұрғындардан оң бағасын алып үлгерген Тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары арқылы жасалып жатыр.

Елдің экономикалық жағдайы туралы айтқанда экономикалық дамуымызға ерекше әсері бар ауыл шаруашылық саласы туралы айтпай кетуге болмайды. Бүгінде бүкіл әлем бойынша азық түлік тапшылығы жыл санап артып, тамақ өнімдеріне деген сұраныс арта түсетін болады. Осыншама кең байтақ жері бар біздің елдің бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуы орынды.

Осыны ескеріп, Елбасы 2002-2005 жылдары ауыл жылдары деп жариялап, сол мерзімнен бастап ауыл шаруашылығын қолдауды еселеп арттырып келеді.

Бұл салада осы оншақты жылдар ішінде біршама істер атқарылды. 2005 жылы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң қабылданды. Бұл заң арқылы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың бұрын болмаған жаңа ережелері енгізілді. 2006 жылы «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі құрылып, бұрын қалыптасып келген және жаңадан ұйымдастырылған 7 акционерлік қоғам оның құрамына енгізіліп, ауылға қолдау көрсетудің жолдары бірыңғайланып, жүйелі түрде жасала бастады.

Бұл салаға қатысты, ауыл шаруашылығы маманы ретінде менің бір арманым бар, ол – диқан мен малшы қауымы өндірген және өсірген өнім ешбір делдалсыз тұтынушыға тікелей жететін болса деген арман. Бұл жағдайда фермер де, тұтынушы да ұтар еді, өнім бағасы едәуір төмендер еді, өнімнің сапасы да жақсарар еді.

Таяу онжылдықта азық-түлік қауіпсіздігі әлемдік қоғамдастықтың үнемі назар аударатын саласы болады. Жаһандық рецессия азық-түлік бағасының 2007-2008 жылдарда байқалған біршама жоғары деңгейімен салыстырғанда уақытша төмендеуіне алып келді. Сонымен қатар, көптеген елдерде адам саны өсуінің жалғасуы және әлемдік экономиканың қалпына келуі азық-түлік тауарлары бағаларының ұзақ мерзімді өсуіне алып келеді деп болжанып отыр. Жер ресурстарына бай, халқы көп елдердің ортасында тұрған Қазақстан азық-түлікке өсіп отырған әлемдік сұранысты қанағаттандыруға сай болу үшін отандық ауыл шаруашылығын дамытуды ынталандыруды қолға ала түспек.


* * *

Қазақстан Республикасының Президенті өзінің Қазақстан халқына 2004 және 2006 жылдардағы екі Жолдауын Қазақстан мемлекеті бәсекеге қабілетті болып жетілуі тиіс деген тақырыпқа арнаған еді.

2004 жылғы Жолдау «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» деп аталса, 2006 жылғы Жолдау «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» аталды.

2004 жылғы Жолдауда елдің бәсекелестік қабілетін арттыру траекториясының параметрлері белгіленіп, басым бағыттар әлеуметтік салаға арналатыны баса айтылды.

2006 жылғы Жолдау мәселені нақтырақ қойды: Қазақстан жақын он жылдықта әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруді биліктің негізгі саяси бағыты деп санаймыз деді.

Қазіргі кезде дүние жүзінде бәсекеге қабілеттілік индексін есептейтін үш орталық бар: Давостағы Бүкілдүниежүзілік экономикалық форум, Лозаннадағы менеджментті дамыту институты және АҚШ-тағы Гарвард университеті. Лозаннадағы институт ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін есептеп шығарудың 320 көрсеткіші бар дейді, оның ішінде 83 көрсеткіш - экономикалық, 77 көрсеткіш Үкімет пен басқарудың тиімділігі, 69 – бизнестің тиімділігі, 94 көрсеткіш – инфрақұрылымға қатысты.

Қазақстан Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумның өлшеу көрсеткішіне 2005 жылдан бастап қана кірді және сол жылы 61-орынды иеленді.

Еліміз Елбасының Жолдауларында айтылған бұл 2012 жылдың қорытындысымен 51 орынды иеленіп өте жақын келді де, 2013 жылы дөп түсті – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50-ші ел болып тіркелді. Ұзағынан сүйіндіргей!

Бәсекеге қабілеттілік жолында қойылар талап көп, соларды бірер сөзбен айтар болсақ, бізге:

Біріншіден, Қазақстан халқы бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

Екіншіден, біздегі мемлекеттік билік бәсекеге қабілетті болғаны жөн.

Үшіншіден, Қазақстан бизнесі бәсекеге қабілетті болсын.

Бұл – Қазақстан халқының дені сау, білімді, білікті, кәсібилікке бейім, жаңаны қабылдау қабілеті биік болуы. Бұл – биліктің салауаттылығы мен халқын адастырмай алға сүйрей білу қабілеті. Бұл – экономиканы дамыту, бизнесті қолдау мен қорғау, сол арқылы әлеуметтік және рухани саланы жетілдіре түсу.

Осы үш бағытты қатар алып жүре алсақ, бізде алынбас асу қалмайды!


* * *

Біздің еліміз тәуелсіздіктің алғашқы он­жыл­дығында біз мықты эконо­ми­ка мен күшті мемлекет қалып­тастырды, екінші онжылдық өсім мен күш жинақтау кезеңі болды.

Үшінші және төртінші он­жыл­­дықтар біздің еліміз үшін алға тарихи секіріс дәуірі болуы күтілуде.

Бүгінде біздің алдымызда постиндус­триялық әлемнің белсенді бөлігі болу жөнінде аса жоғары міндет тұр.

Оның алғашқысы – жаңа индустриялан­дыру, ол – тәуелсіздіктің мәңгілік қозғалтқышы, жаңа ғасырдың кең ауқымды өр­кениетті жобасы. Қазір Қазақстанда элек­трони­каның, машина жасаудың, авиация құрылысының, локомотивтер мен вагондар өндірісінің, құрылыс индустриясының жаңа салалары мен елімізде бұрын ешқашан болмаған басқа да салалар құрылуда.

Онан соң – инновацияларды енгізу, бұл экономиканы ғана емес, сонымен бірге қоғамның басқа да барлық салаларын қамтитын тарихи жүйе, әлемдік дамудан қалып қоймаудың бір­ден-бір жолы.

Сондай-ақ біз өңірлік және жаһандық интеграциялық үдеріс­терге белсенді қатыспасақ, елдің шы­найы тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз.

Интеграция – қазақстандық бизнес пен барша қазақстандықтар үшін ора­сан зор мүмкіндіктер, ол – біздің егемендігіміз бен тұтастығымыздың сенімді халықаралық кепілдіктері, өңірлік қауіпсіздіктің бар­лық өлшемдер бойынша алған­дағы берік арқауы.

Сонымен бірге, әлемдік экономикада алдағы 15-20 жылда басым рөл атқаратын «болашақ экономика» секторларын: ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, биотехнологияларды, баламалы энергетиканы дамыту ісі де еліміздің ілгері даму бағдарын белгілеуде назарда болғаны жөн.

Президентіміз табанды түрде ұсынып келе жатқан G-GLOBAL жобасы – бұл алдымен ХХI ғасырдағы  әлемдік қаржы-экономикалық жүйесін реформалаудың кешенді жобасы, жаһандық энергетика бағыты және «Жасыл көпір».

Бұлар бүгінде жалпы әлемдік диалогтың бөлігіне айналды, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда, біздің басқа елдермен көптарапты және екіжақты келіссөздерде талқыланып жатыр.
* * *

Жақында ғана, қазанның 17-сі күні «Нұр Отан» партиясының отырысында Экономика және бюджеттік жолспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, елімізде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 12 мың доллардан асып жығылған. Бұл Польша, Венгрия, Бразилия, Турция и Малайзия елдерімен тең. Осы жылғы 9 айдың ішінде ішкі жалпы өнімнің өсуі 5,7 пайызға жетіпті. Еліміздің халықаралық резервтері Ұлттық қордағы 66,6 миллиард доллар қаржыны қоса есептегенде 90,8 миллиард долларды құрапты.

Оның айтуынша 2013 жылдың 1 қыркүйегіне экономиканы несиелеудің көлемі 14,8 пайызға артып, 10,8 триллион долларды құраған. Депозиттер 10,2 триллион теңгеге жетіп, 14,4 пайызға артқан. Соңғы 3,5 жыл ішінде экономикамыздың индустриялық-инновациялық дамуы аясында 563 барлық құны 2,1 триллион теңге болатын жаңа жоба іске қосылып, соның есебінен 61,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылған және қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 61,8 мың долларға жеткен. Ол ел экономикасындағы өндіріс саласында 15 мың доллармен салыстырғанда 4 есе артық.

Қорыта келгенде, бүгінде Қазақстан іс жүзінде барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастаушылар тобында келеді. Осы күндерге жетуіміз ең алдымен халықтар бірлігі мен өзара түсіністіктің нәтижесінде мүмкін болды.

Елбасы: «Бақ бағалағанның басында тұрады», сондай-ақ: «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» деген сөздерді жиі қайталайды. Құр айтып қана қоймай елімізде жер жүзінде теңдесі жоқ, әлемдік үйлесімнің, этнос­тар арасында жарасымның бірегей үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде қазақ тілінде білім беретін мың­нан аса мектеп пайда болды, 1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттер саны 32 пайыз болса, қазіргі күнде 85 пайыздан асты. Жақын жылдары еліміздегі мемлекеттік тілді меңгерген адамдардың үлесі 95 пайызға жетпек.



Мұның бәрі – жетістік. Дегенмен, талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыз Елбасының басшылығында саясатқа емес, экономикаға күш салуының нәтижесінде ұтты. Биікке өрледі. Жеңістерге жетті.




©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет