Дінмұхамед Сұлтанғазин – ұлттық
публицистиканың негізін салушылардың бірі
Басын қатерге тіксе де, ретін келтіріп, жалпы қазақ ұлтының қамын ойлайтын қоғамдық жайларға мойын бұрып, сәті түссе ресми емес бөлімде тарихи маңызы зор мақалаларды жариялап жіберуді өз мақсатына айналдырғандардың бірі – газеттің қазақша нұсқасына редакторлық жасаған Дінмұхамед Сұлтанғазин болды. Дінмұхамед Ғазыұлы Сұлтанғазин 1867 жылдың 10 мамырында Семей қаласында туған. Ш.Уәлиха-новпен аталас, немере туыс. Әкесі Ғазы Болатұлы Шоқанның атасы Уәлидің Ғұбайдулла деген үлкен ұлының баласы екен. Дінмұхамед Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан кейін Санкт-Петербург универси-тетінің шығыстану факультетіне ауысады, оны 1895 жылы 1-ші дәрежелі дипломмен бітіргеннен кейін, сол оқу орнының заң факультетіне түсіп, 1897 жылы заңгер мамандығын алады. Небәрі 30 жасында 3 мамандық игеріп, араб, парсы, түрік, татар, орыс, француз тілдерінде еркін сөйлеген білікті қазақ азаматы соның ара-арасында газет ісіне де араласып, көрнекті қазақ публицисі болады, қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Оның публицистік қызметі, әсіресе, 1888-1902 жылдары “Дала уалаятының газетінде” редактор және аудармашы болып істеген жылдарында көрінеді.
Д.Сұлтанғазин 1890 жылы “Біздің қазақ тілі туралы бес-алты ауыз сөз” деген мақаласында тіл тазалығы мен анықтығы туралы мәселені көтереді. ”Қырдың қазақ тілі хұсусында қазақша қалай сөйлеп, қалай нәху менен жазу турада. Анық қазақ тіліменен жазылған дұрыс жазып, анық сөйлеуді білдіретін мәшһүр һәм нәху кітаптары болмаған себебінен қазақ тіліменен аумай дұрыс жазу қиындау болып, қазақша жазатындары ғәйри түрік лұғаттарының нәхуларына жүгіртеді. Сонда да бұлай қылу анық қазақ тіліменен жазуға көңілдегідей толымды келмейді” /ДУГ. 1890, №6/, – дей отырып сарт, ноғай тілдеріндегі және араб, парсы, орыс тілдерінен енген сөздерді қазақша айтылу, жазылу үлгісін сақтап жазу керектігін ескертеді, тағзим, ғанимат, ғұлама, насихат, маслихат сияқты араб сөздерін ғылымсыз қазақтарға ұғымды етіп жазу керектігіне назар аударады. Мақалада Мәшһүр–Жүсіп Көпеевтің қырдағы бала оқыту хақындағы жазғанын, Омбы оязының молласы Бөкен Әдіковтің қазақ тіліндегі кітаптардың жоқтығын жазғанын құптайды. Әсіресе: “Анық қазақ тілімен бір кітап жазған Алтынсарин марқұм солай ойлап еді” /ДУГ. 1890, №6/, – деп қазақ халқының әліппесін бір ізге түсірудің қажеттігін дер кезінде проблема етіп көтереді. Өйткені сол кезеңде баспасөз, кітаптарда бөтен сөзбен сөз арасы былғанса, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерінен айырылып қалатынды-ғынан алдын-ала сақтандырады. Бұл проблема – өзінің көкейкестілігін әлі күнге жоғалтқан жоқ. Сұлтанғазин ойының құндылығы да сонда. Газеттің 1888 жылғы 48-нөмірінде “Бұрынғы замандағы билердің билік қылуы” атты мақала басылған. Орысша мақала авторы – А. Крахалев, қазақ тіліне тәржімалаған – Д. Сұлтанғазин. Мұнда қазақтың билік үкімінің әділдігі жан-жақты дәлелденеді. 1734 жылы Анна атты орыс патшайымы Иван Кириллов дегенді Кіші жүздің Бөкей ордасына қазақ ішіндегі билік рәсімдерін біліп қайтуға арнайы жібергендігі баяндалады.
“Қазақтың үлкендерге ас бергенінің бір пайдалы жері, асқа жиылған халықтар іс тексеріп дау бітіреді екен… Сол уақытта істі біліп, ақылды екенін көрсеткендерді би қояды екен”, – деп қазақ билерінің ел сеніміне қалай кіретіндігін көрсетеді. Мақалада қазақ биіне тән қасиеттер ретінде – ақылдылық, әділдік, шешендік, халық сеніміне ену, көпшіліктің сүйікті адамы болу керектігі аталады. “Билер жаза салып іс кескен уақытта ұятқа қарап бұрынғы рәсім бойынша қылады екен. Билер кесім қылған мезгілде өздері де билік алады екен, мәжілісіне қарай, бұрынғы рәсімі бойынша билердің билігі кескен малдың он бөлгенінің біреуінен көп болмаса керек. Сондай билердің бір бітірген дау ісін екінші қайтара дау қылып қайтадан билік қылмайды екен” /ДУГ. 1888, №48/, – деп қазақтың билік өнерін үлгі ретінде ұсынады. Шын мәнінде сол замандарда жер дауы, жесір дауы, мал дауы сияқты қылмысты істер билер үкімімен-ақ шешімін тауып жатқан. Ал аса ауыр қылмыс атаулы, тіпті қазақ даласының табиғатында болмаған сияқты. Ол кездегі адамдардың жанын таза ұстауы, ауыр қылмысқа бармауы, көсем билер үкіміне құлақ асуы – қа-зақ даласының жаймашуақ тіршілігінің үлгі боларлықтай көрі-нісі ретінде бүгінгі күнге публицистика тілі арқылы жетіп отыр.
Газеттің 1894 жылғы 12-нөмірінде Д.Сұлтанғазиннің “Кейінгінің қамын ойлап жазылған ақыл” атты хаты жарияланған. Бұл хат – асылы ең алдымен қазақтың көзі ашық оқығандарына, ал түптің түбінде бүкіл қазақ халқына жолданған хат.
“Қыр даласында үшбу уақытта біздің мұсылманша һәм орысша оқу білген білімді адамдар көп. Бұл адамдар жаңа жұмыстардың мән-жайын байқап біліп, бұл жұмыстарды қадірлеп, жай бұқара халықтарға ешбір тоқтамастан үлгі көрсетсе керек. Бұрынғы уақыттағы адамдар оқу білмеген соң, бір орнынан ешқайда бармаған еді. Жан-жағында, дүниеде не болып жатқанын білмеуші еді…” /ДУГ. 1894, №12/, – деп бастап, қазақ халқын оқуға, білімге, ғылымға үндейді. Ағартушылық бағытта жазылған осы шығармасында Д. Сұлтанғазин-публицист Сібірде жасалып жатқан темір жолдың ертең қазақ даласына да жететінін телеграф пен откемелердің де қыр қазағына мәлім болатын күнінің алыс еместігін айтып, оқырманды өз ойымен қызықтыра ілгері дамуға сүйрейді. Қазақ халқы да бұрынғы әдетін сақтап қала отырып, көп атақты халықтардан үлгі алып, ол жақсылықтарды өз ғұмырына пайдалану керектігіне мән береді. Егіншілік, жеміс егу, мал бағу сияқты шаруалармен бірге, “Ақылы бар данышпан адамдар дүниенің мән-жайын біліп, өзіне қаратып алады” /ДУГ. 1894, №12/, – деген соқталы ой айтады. Дүниедегі білімді үйренбеген “надан халықтар қорқақ, именшек, жасқаншақ, не болса соған иланатұғын болады. Білімі көбейген сайын адамдар тиянақты, батыл келеді, білім көбейеді…” – деп надандықтың ауылынан шығып, білімді жарық дүниеге сапарға шығуға барша халықты шақырады. Шақырғанда да соқырға таяқ ұстатқандай етіп, білім-ғылымның нұрлы жолын көрсетеді.
Дәл осы білім-ғылым жолына түсудің бірден-бір жолы газет екендігін тайға таңба басқандай анық аңғартады. “Мұндай пайдалы білім шашатұғын нәрсе Дала уалаяты үшін шығарылмыш қазақ газеті деп білеміз. Көшпелі халықтың құрметті жақсы, атақты адамдары һәмма газеттің анық пайдалы екенін де біледі. Оның бер жағында қазақша газеттің әсіресе пайдалы екенін білсе керек. Бұл газет көз жетпейтұғын қыр даланың ішіндегі жатқан халықтың бірер нәрсеге мұқтаж турасында керекті. Бірінің айтқан ақылын біріне білгізеді. Егер де бұл ақыл мал бағып өсірмек, егін екпек, барша қыр даланың ішіндегі шаруаға һәм адамның ғұмырына тиесілі жауаптарға керекті болған болса. Жоғарғы айтылмышқа қарағанда біздің газет оқырмандарымыз хабар шашып тұрған бұл жалғыз газеттің қымбат, қадірлі екенін де білсе керек деп ойлаймыз…” /ДУГ. 1894, №12/. Міне осы сөздерден Сұлтанғазин – редактордың газет шығаруды қандай мақсатқа бағындырғысы келетінін айқын аңғарамыз. Ол тек патша үкіметінің шешім-дерімен елді таныстырып отыратын, тілмаш, аудармашы, орыс отаршылдарының қолшоқпары емес. Қайта орыс әкімдерінің сеніміне кіре отырып, қазақша газетті өз қолына алып, сол арқылы қалың қазақтың санасын оятуға, білімін кеңейтуге, танымын ұлғайтуға күш салатын қайраткер-қаламгер екендігі айқын көрінеді. Мақаланың соңында: “Біздің оқу білген оқымысты адамдар, өлеңші, жыршы, ертегіші, хикаяшы адамдар да ұмтылып жаһұт етіп жұмыстарын қолына алып оқушылардың пайдасы үшін мұны ынтық қылмақ үшін өздерінің білгенін, көргенін жазып тұрар деп көңіл айтамыз”, – деп тұжырымдайды өз ойын. Шындығында да “Дала уалаятының газеті” қазақ халқының әдеби-мәдени, жалпы рухани тұрғыдан дамуында зор ағартушылық, тіпті қоғамдық-саяси рөл атқарған басылым екендігі – бүгін алыстан асқар таудай “мен мұндалап” көрінеді.
Шын мәнінде “Қазақстанда мәдениеттің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті” [99, 464 б.].
Публицистика қашан да сол кезеңдегі ең өзекті мәселелерге үн қатуы керек. Мұндайда публицист өз ойын газет бетінде жайып салады. Өз пікірін батыл білдіріп қана қоймайды, өз ұсыныстарын айтумен бірге, басқа да азаматтарды маңызды бір мәселе төңірегінде толғануға шақырады. Дәл осындай ыңғайда жазып – жарияланған Д. Сұлтанғазиннің бір мақаласы “Қазақ сөзін қалайша жазу турасы” деп аталады. Мақалада қазақ тіліне орыс әріпін пайдалану керек пе, жоқ әлде бұрынғыдай араб әрпінде жазу керек пе? – деген сауалдар төңірегінде ой өрбітіледі. Бұл – бір күндік мәселе емес. Бүкіл бір халықтың тарих, тағдырына қатысты зор қоғамдық мәні бар мәселе боғандықтан, Дінмұхамед – публицист тақырыпты жан-жақты ашып жазуға тырысқан. Әсіресе, қалыптасқан бірнеше пікірлерді құптайды. “Зор білімді адамдардың бағзысы қазақ сөздерін араб әріптеріменен жазу жарамайды деп, ешбір араб әліпбиін басқа әріптер қосып толтырса керек деп әр түрлі сөз айтып жүреді бағзы бір білімдіміз деп жүрген есерлеу адамдар қазақтар өздеріне бір түрлі әліпби ойлап шығарса керек, я болмаса азырақ өзгертіп латын жұртының әріптерін алса керек деп.
Осы жоғарыда айтылған адамдардың сөздерінің ешбір дәмі жоқ екендігі көрініп тұр. Себебі, қазақ білмейтін бір бөтен әліпби шығарғанша бұрынғысын түзеткені жақсы. Егер қажет болса және бір түрлі білімді адамдардың қазақ сөздерін орыс әліпбиіменен, орыс әріптеріменен жазу жарайды деп айтқан-дары бір таңсық сөз” /ДУГ. 1899, №22, 23/, – деп бір түйеді. Шын мәнінде автордың өзі араб әліпбиінің қазақ жазуына қолайлы екенін, әсіресе қазақ тілінің әуезділігін сақтауға келгенде тиімді екенін, әрі қазақтардың мұсылман жұрты ретінде араб әліпбиімен хат танып, хат жазып жүргендігін тілге тиек етеді. Бірақ публицист бір жақты пікірге ұрынып, тек сол араб жазуын ғана қолдану керек дегенмен тоқталып қалмайды. Ильминскийдің кейбір әріптерін өзгерте отырып, қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазса, – деген ұсынысын және Григорьевтің орыс әріптерін өзгертпестен, қазақ сөздерін орыс әліпбиімен көшіру керек, – деген ұсынысын салыстырып, қайсысының ойының дұрыс-бұрыстығын айырып, салиқалы, салмақты тұжырымдар жасайды. Қазақ әліпбиінің болашағы публицисті терең толғандырғаны-оның әрбір жан ұшырған сөйлем-сөзінен аңғарылады. Ол арабша да, орысша да таза білімді екенін дәлелдей отырып, нақты қазақ әріптерінің, сөздерінің жазылуынан мысалдар келтіреді. Ильминский варианты қалай болады, Григорьев ұсынысы қалай жүзеге асады, арабша жазылғанда қалай болады – осының бәрін қалың оқырманға түсінікті түрде жаза отырып, бұл мәселеде бір шешімге келуге халықтың өзін шақырады. “Бұл екі түрлі әріптердің қайсысының өнімді екенін ойлап білуді бағзылар жақсы тәлім алған құрметті газет оқушылардың өз ықтиярына салып біздің қарындас-туыстарға айтатын бір сөзіміз қырда балаларды қазақша оқыта бастаған уақытта балаларға біраз орыс әріптерін көрсетіп үйретсе пайдасы болар еді (астын сызған біз – Б.Ж.)
Солайша орыс әліпбиімен оқытқан уақытта балаларға школдарына түсуге жеңіл болар еді және қырда ғылым білімнің көбеюіне себеп болар еді” /ДУГ. 1899, №22, 23/. Автор бұл жерде тек әліпби мәселесін ғана сөз етіп отырған жоқ. Қалың қазақ жастарының көкірек көзінің оянуы үшін орыс қарпін білу керектігін де ескертіп отыр. Өз ойын мектеп ашуға, білімге шақыруға үндеген ағартушылық көзқараста аяқтайды: “Осы айтылғандардан білініп тұр жақсылардың сондай орысша, қазақша оқытатын медреселер ашуға жаһат қылатындарының қандай пайдалы екендігі.
Екі жылдай болды қазақ газетіне жазған бір сөзді біз қуанып оқыдық. Семей облысында бір ояздың қазақтары сондай бір школ ашты һәм балалар жақсы оқиды деген хабарды. Енді сондай школ ашушы адамдардың көбейіп, көп заманға атақтарын шығаруын қалап тұрамыз да” /ДУГ. 1899, №22, 23/.
Осы мақалада айтылған ойлары ілгеріректе жазылған “Қазақ тілінше жазу турадан” атты проблемалық мақалада да қозғалған. Мұнда Васильев дегеннің қазақ тілін бұзбау үшін араб, парсы сөздерін қолдану керек деген ұсынысына соққы береді. Қазақ тіліне өзге тілдерден еніп, сіңіп кеткен сөздердің бар екендігін еске салады. Орыс тілінен аударушыларға оңды түсініктер, аударма жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынады. Сондай-ақ осы мақаланың орысша нұсқасында газеттің атын өзгерту туралы батыл ұсыныс білдіреді. Онда былай делінген: “Кстати, не можем не напомнить редакции почтенной нашей газеты о желательности заменить киргизский заголовок “Дала валаятының газеті” словами “Қырдың қазақ газеті”, что более соответствовало бы русскому заголовку “Киргизская степная газета” /ДУГ. 1896, №31, 32/.
Негізінен алғанда, Сұлтанғазин – публицист би, билік құру, оқу-ағарту, қазақ әліпби мәселелері туралы ой қозға-ғанда, өзінің қандас туысы Шоқан Уәлиханов тұжырымда-рымен жапсарлас пікірлерге тоқталады. Ол өз мақалаларында тіл тазалығы, анықтығы, әдебиет, ғылым, білім, баспасөз, аударма, дін тақырыптарына қалам тартса да, өзінің асқан білімділігін көрсете білді. Және қалың оқырманды ойлантып, толғантып жүрген өзекті қоғамдық мәселелерге ден қойды. Сұлтанғазин публицистикасының басты ерекшелігі де осында болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |