Құйманы өңдеу.Құйылған құйма мынадай өңдеу операцияларынан өтеді: құйманы қалыптан ажырату (выбивка), құйманың артық жерлерін кесу, тазарту, қырнау (обдирка), оның сапасын тексеру. Бұл операцияларға құймаға жұсалған еңбектің 30 - 40 %-і кетеді.
Құйманы қадыптан ажырату - оны өндірудің қиын операцияларының бірі. Бұл операция орындалған кезде адамның денсаулығына зиянды әсер ететін жылу, шаң мен газ бөлінеді. Қазіргі кезде құйманы қалыптан ажырату процесі әр түрлі вибрациялық машиналардың жәрдемімен орындалады.
40 - суретте құйманы қалыптан ажырататын вибрациялық машинаның схемасы көрсетілген. Көлденең қойылған балкаға опоканы ілуге арналған ілгегі бар екі вибратор бекітілген. Сығылған ауа вибратордың плунжеріне барып, оны және онымен жалғастырылған опоканы сілкиді. Осы кезде опокадағы қалып бұзылып, құйма қалыптан бөлінеді. Бөлінген шаң, газ, жылу ауа сорғыш машиналар арқылы цехтан сорылып алынады. Құйманың бөлінбей қалған өзекшелері машина немесе жоғары қысымдағы су арқылы бөлінеді.
Құйма қалыптан ажыратылғаннан кейін оның құю жүйесі, ауа шығаруға арналған түтігі т.б. артық бөліктері балға, пневматикалық шапқы, ленталы ара, газ, электр доғалы кескіштер арқылы кесіледі. Ірі салмақты құймалардың жоғарыда айтылған артық жерлері дискілі, ленталы аралармен, газ электр доғалы кескіштермен кесіледі. Осыдан кейін құйма бүйір бетіне жабысып қалған қосапалардан тазартылады. Құйма қолмен тазартылғанда болат щетка, шапқы қолданылады, ал машинамен тазартылғанда айналмалы барабан, құм, бытыра ағынды, бытыра лақтырғыш апараттар қолданылады.
Көлденең қимасы дөңгелек, квадрат формалы қарапайым барабандарда салмағы 100 - 120 кг болатын құймалар тазартылады. Белгілі жылдамдықпен айналатын барабанның ішіне салынған құймалардың бір - бірімен үйкелуінің нәтижесінде олардың бетіне жабсып қалған қалып қоспалары тазартылады. Ірі салмақты құймалар құм, бытыра ағынды аппараттармен тазартылады.
Құйманы өндеу процесінің келесі кезеңі - қырнау (обдирка). Құйманың тегіс емес жерлерін тегістеу, тотығынан тазарту үшін оның беті стационар, аспалы маятникті және жылжымалы шлифтеу шарықтарының жәрдемімен қырналады.
Стационар шарықпен салмағы аз, қолмен көтеруге келетін, аспалы маятникті шарықпен - ірі салмақты құймаларды, ал жылжымалы қол шарығымен - күрделі формалы құймаларды қырнайды. Кейде құймалардың ішкі кернеуін жою, структурасын майдалау үшін оларды термиялық өңдеумен өткізеді. Құйма өңделіп болғаннан кейін әр түрлі әдістермен оның өлшемдері, физика - химиялық қасиеттері тексеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |