Рамазан салықжанов



Дата28.06.2016
өлшемі108.49 Kb.
#163725
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Социология ғылымдарының кандидаты
Егеменді Қазақстан әлеуметануының 20 жылдағы жемістері

Ұлт келбетінің болашақтағы түр-сипаты, бүгінгі жастармен байланысты болса, олардың ұлттық тәрбиесіне, мінез-құлық үлгілеріне кім жауапты, оны социологтар қалай зерттеп жүр және Қазақстандық социологияның нақты бір жоғары оқу орныныда жетістіктері қандай, міне осындай сұрақтар төңірегінде сөз қозғамақшымыз. Сонымен қатар, мәдениеттегі өзгерістер болашақта да үзілмейтіні сөзсіз, сонда күндердің бір күнінде мүлдем модернизация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық сипаттан айырылған мәдениеттің аясында болмақпыз ба? Қазақ жастары 50-60 жылдан кейін қаншалықты өз бойларынан ұлт мәдениетін көрсете алады? Айта кетудің реті бар, баяндалатын жетістіктердің негізі егеменді ел болғалы қалыптасып өз нәтижелерін көрсеткен, мыңға жуық Қазақстандық қоғамтанушы ғалымдардың, оның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметанушыларының еңбек жемісі десек орынды.

Қоғамның дамуы, қоғам мүшелерінің тұрақты көңіл күйде өмір сүруі бірінші кезеке мәдениеттің, әсіресе ұлттық мәдениеттің элеметтері мен формаларының ұдайы қайта тууына байланысты. Осы тұрғыдан біз ұрпақтар сабақтастығы дегенді ең алдымен әр ұрпақ құндылықтары, демек субмәдениет құндылықтары деп қабылдауымыз керек. Бұл туралы отандық және шетелдік социологтар соңғы кезде көп талқылап жүр [1, 2, 3].

Халықаралық деңгейде бірнеше іс-шараларға қатысқаннан кейін талай ойлар сабақтасып, көпшілікпен бөлісудің реті келіп тұр. Сәті түсіп 2010 жылдың 15 қараша социологтар күні мен Санкт-Петербург қаласының мемлекеттік университетінің социология факультетінде «Ковлевский оқулары» атты конференцияда баяндама жасадым. Үлкен жиында Ресейдің 64 қаласынан, 8 шет мемлекеттен келген ғалымдар бас қосты. Баяндамамда Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтанулық зерттеулер бөлімі (ол бөлімді ашуға ұйытқы болған ректор Бақытжан Жарылқасынұлы) өткізген студенттердің әлеуметтік құзыреттілігі (компетентность) туралы зерттеудің қорытындылармен бөлістім (толығырақ қараңыз http://enu.kz/kz/news/8269/).

Студент жастардың әлеуметтік жағдайдың талабына сәйкес іс-әрекеттер жасауы [4], олардың өмір жолында жақсы жетістіктерге жетуге кепіл береді емес пе, бұл мәселені осы тұрғыдан қарастырғанда жас қазақстандықтардың ұстанымдар жүйесі қандай деген сұраққа жауаптар конференцияға қатысушыларға өте қызықты болды. Өйткені, жалпы шет елдерде жылдан жылға Қазақстанға деген қызығушылық өсуде. Елдегі саяси тұрақтылық негіздері, болашақта бұл үрдісті жалғастырушы жастардың қандай әлеуеті бар, экономикалық даму жалғасын таба ма, жалпы тұрғындардың көңіл-күйі қандай деген сұрақтар шет елдік сарапшылардың, ғалымдардың көкейлерінде жүргені анық. Мысалы, осыдан бір жыл бұрын Люблин (Польша) қаласында 14 шет елдің ғалымдары алдында жасаған баяндамам 15 минут болса, оны талдау, сұраққа жауап тағы 15 минутке созылған еді.

Сол сұрақтардың арасында қазақ елінде социология ғылымының дамуы қандай деген сұрақ та болды. Орынды сұрақ. Өйткені, шетел түгелі өз елімізде социология ғылымы туралы білетіндер жоқтың қасы. Десек де, Қазақстан әлеуметтану ғылымы дамуының институционалды көрсеткіштері бірнеше. Біріншіден, ғылыми негізде социологиялық зерттеулер жүргізіп жүрген оншақты орталықтар бар, олар мелекеттік және жеке меншік мекемелердің құрамында немесе дербес, бөлек ұйымдар. Бұлардың қатарына көптеген жоғары оқу орындарындағы социологиялық зерттеулер бөлімдердің қосыңыз. Солардың бірі Еуразия ұлттық университетіндегі социологиялық зерттеулер мен болжау бөлімі.

Екіншіден, елімізде жоғары білікті социолог мамандар дайындайтын, лицензиясы бар 11 жоғары оқу орны бар, оларды жыл сайын жүзден астам социология бакалавры, магистры және докторлары бітіреді.

Үшіншіден, ғалымдардың жоғары біліктілігін куәландыратын, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын екі ғылыми кеңес бар, біреуі ЕҰУ-де. Жалпы бүгінгі күнде Қазақстанда тек қана социология ғылымдарының саны отызға жуық, ал социология ғылымдарының кандидаттары одан екі есе артық. Әрине, олардың тең жартысы Астана мен Алматыда жұмыс істейді. Мысалы, ЕҰУ-де бес доктор, төрт кандидат және социологиядан PhD доктор 6 жас ғалым бар.

Төртіншіден, ғалымдардын жетістіктерін көпшілікке жеткізетін, ғылыми ортада талдайтын арнайы басылымдарды айтуымыз керек. Олардың ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы, ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазПҰУ және Павлодар мемлекеттік университеттерінің басылымдары, республикалық «Ақиқат», «Мысль», «Саясат» және еларалық ғылыми-сараптамалық «ӘЛЕУМЕТАНУ-SOCIOLOGY» журналы бар.

Бесіншіден, екі жылда бір Қазақстан социологтары мен Түркі тілдес елдер социологтарының, төрт жылда бір Дүниежүзілік социологтар конгресі өтіп тұрады. Мысалы, 2010 жылы Гетеборгта өткен дүниежүзілік конгреске профессор Айгүл Забирова қатысты. Өзім 2008 жылғы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік социологиялық конгресіне қатыстым. 2010 жылдың қарашасында Бішкекте өткен Түркі тілдес елдер социологтарының конгресіне ЕҰУ-дің оқытушысы Любовь Сартакова қатысты.

Алтыншыдан, бүгінгі күнде жоғары оқу орындарында социология пәні міндетті пән ретінде оқытылады, сондықтан аға буынға қарағанда қазіргі жастар, оның ішінде әсіресе студенттер социология ғылымынан хабардар.

Жетіншіден, бүгінде Қазақстан социологтары бірі қолданбалы және іргелі зерттеуді ұйымдастырушылар болса (К.Биекенов, М.Аженов, А.Забирова, А.Коновалов, Т.Қалдыбаева, Г.Илеуова, Л.Гуревич, А.Сәдуақасова, Б.Рақышева, Ю.Кучинская, Р.Салықжанов), бірі жоғары оқу орындар оқытушылары (М.Садырова, С.Утешов, О.Нұсқабаев, Ш.Жаманбалаева, Л.Нұрқатова, Г.Әбдірайымова, Г.Әбдікерова, З.Жаназарова, Н.Шеденова, Ж.Нурбекова, Б.Смағамбет, Қ.Жаманқұлов, С.Тағаева). Социологтардың арасында қоғам (Қ.Ғабдуллина, З.Шаукенова, Р.Сәрсенбаева) және мемлекет (М.Тажин, Ғ.Есім, С.Сейдуманов, Ғ.Телебаев, С.Коновалов) қайраткерлері де бар.

Жоғарыда айтқанымдай, социолог мамандарды дайындайтын оншақты ЖОО бар. Бірақ, білім мен маман сапасын көтеру үшін жеке факультет керек деп ойлаймын. Әлеуметтанушы мамандарды сапалы дайындау үшін мемлекеттік тапсырыс – білім гранты 1-2 университетте берілуі тиіс.

Бүгінде бізде социологиялық зерттеулерді көп жағдайда кездейсоқ адамдар, мекемелер өткізеді. Мысалы, кез келген ЖШС, үкіметтік емес ұйым тендерге қатысып, ең төмен баға ұсынса болды, лотты ұтып алады. Егер бұл процедурада барысында біз міндетті түрде мекеме басшыларының құрамында социологтар болсын десек, социологтарға сұранысты ұлғайтамыз және зерттеулер сапасын жақсартамыз деп ойлаймын. Әйтпесе жақында бір облыста тендерге түскен лот бойынша бір жарым миллион теңгенің зерттеуін 200 мың теңгеге өткізем деген мекеме алып кетті. Ол ақша зерттеудің бағдарламасын дайындауға ғана жетеді. Бүгінде осы «шолақ» социологтар теңгенің ұзын құйрығын ұстаймын деп, бүкіл отандық социологияның атына кір келтіріп жүр. Оны тиюдың уақытты жетті. Сондықтан бізге социологтарды ЖОО дайындаумен қатар қосымша социологиялық білім беретін, біліктілікті жетілдіретін мекемелер керек деп ойлаймын. Мысалы, Ресей ғылым академиясының социологиялық институтында социологиялық және политологиялық білім беру орталығы жұмыс атқарады. Жыл сайын онда 9-10 курста үш жүзге жуық маман өз біліктілігін жетілдіреді. Ал бізде университетте білім алған, өз бетімен ғылыми ізденістерді, қолданбалы зерттеулерді өткізетін социолог мамандардың мүмкіншілігін ешкім дамытпайды.

Бұл бағытта менім ойымша, Қазақстан социологтар қауымдастығының рөлі зор. Қауымдастық халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейлерде іс-шаралар ұйымдастырып, зерттеулер жүргізіп жүр. Арнайы тағайындалған сыйлықтарға конкурстар және қысқы, жазғы мектептер ұйымдастырады. Бірақ, жалпы алғанда барлық соцологтардың тыныс тіршілігі осы қауымдастықтың аясында өтіп жатыр деуге болмайды. Ол үшін қауымдастықтың жұмысын тұрақты бір жерден бірнеше адамдар басқаруы қажет деп ойлаймын, әйтпесе әлемдік социологтар көшіне ілесе алмаймыз. Тың жобалар атқарып, жаңашыл әдіс-тәсілдерді игеруіміз қажет. Мысалы, жақында осы қауымдастықтың атқарушы директоры профессор Зарема Шаукенова ханыммен Қазақстан жоғары оқу орындарындағы социологиялық бөлімдерін ассоциацияда бір комитетке біріктіруге келістік. Өйткені олар жастардың ең жаңашыл, елдің жарқын болашағының әлбетін қалыптастырушы – студенттер арасында көптеген зерттеулер жүргізеді, ал олардың нәтижесі, ұсыныстары республика бойынша нақтылы шешім шығаруға ықпал жасамайды және стратегиялық болжауда негіз болмайды. Мысалы, тек қана ЕҰУ-дің социологиялық орталығы соңғы алты айдың ішінде 24 зерттеу жүргізген. Бөлімнің зерттеулер нәтижесі бойынша дайындалған кейбір ұсыныстары университеттің құзырлығынан кең аяны қамтиды. Осыған байланысты 2011 жылдың ақпан айында социологтардың республикалық «Қазақстан ЖОО-ларында жүргізілетін қолданбалы әлеуметтанулық зерттеулердің тәжірбиесі мен мәселелері» дөңгелек үстелі өткізілді. Оған еліміздің 5 қаласынан келіп қатысқан оншақты зерттеушілер өз тәжірбиелерін ортаға салды.

Көпшілік пікірінде жалпы Орталық Азия көлемінде социология ғылымның шекесі қызып тұрған жоқ деген тұрақты ұстаным бар. Шынында да Орта Азияда әлі де социология ғылымы аса бір қаурыт, адымды даму үстінде емес. Бірақ, біздің аумақта, регионда, Қазақстандық социологтары алғашқылардың бірі болып халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізіп, шет ел профессорларымен қарым қатынас орнатқандардың біріншісі.

Мысалы, біздің ЕҰУ-ге жыл сайын бірнеше беделді социологтар келіп кетеді. Атап айтсақ, 2009-2010 оқу жылында келген Пал Тамаш – Венгрия ғылымдар академиясының социология институтының директоры, Ситни Каплан – Калифорния университетінің профессоры, Н.Нарбут РУДН-ның социология факультетінің деканы, ал Ксавиьер Жиро – Барселона Автономды университетінің профессоры. Олардың бәрі оқытушылардың алдында дәріс оқып, өздерінің зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті, болашақта біздің магистрант және докторант ғалымдармен ортақ жобалар бойынша ымыраға келді.

Соңғы бір жылда біздің оқытушыларымыз Д.Әшімханова, О.Қалдыбаева, Қ.Жаманқұлов, Ж.Батталова, Е.Королева шет елдерде - Ресей, Монголия, Венгрия, Грузия социологтары ұйымдастырған ғылыми жиындарда болып қайтты. Профессор А.Забирова «Болашақ» стипендиясы бойынша Англияға ғылыми тәжірибеден өтуге кетті. Өзім Польшаның Люблин қаласында өткен халықарылық конференцияға қатысу үшін грантқа ие болып, Еуропа мен Америка социологтарының басын қосқан үлкен жиынға қатыстым. Сонымен қатар ЕҰУ-дің социология кафедрасының Мәскеулік халықтар достығы университетінің (РУДН) социологиялық факультетімен біргіп төрт елдің жастары арасында құндылықтар жүйесін талдау туралы жүргізілген зерттеу тағы бар.

Соңғы кезде өзім екі ірі халықаралық зерттеулерге қатысушымын. Біреуі неміс социологтарымен репатрианттар мәселелері жайында, екіншісі фин зерттеушілерімен жастар арасындағы ұлттық мәдениетті қабылдау мәселесі, оның дәріптелуі туралы. Неміс, қазақ оралмандары туралы зерттеудің қортындысын мен 2010 жылдың 12 қарашасында Мәскеудің МГИМО-сында өткен жиында баяндадым. Онда репатрианттардың ана тілін қолдануы, қоғамдық шараларға араласуы және өздерін жаңа ортада сезінуі туралы сөз болды. Сондықтан, отандық социологтардың шет ел мамандарымен тәжірбие алмасу, бірлесіп зерттеулер жүргізу қарқыны жылдан жылға өсіп келеді деуге әбден болады.

Осы жұмыстардың бәрі шәкіртермен бірлесіп атқарылатыны шын. Бұрын жастықтан ба, көп жұмысты өзім жалғыз істей беретінмін. Соңғы кездерде жинаған тәжірбиемді жастармен бөлісуді жөн санап жүрмін. Бұндай қарым-қатынаста міндетті түрде өзіңнің де біліктілігің жетіледі, тың ойлар мен мәселенің жаңа шешу жолдары табылып жатады. Мысалы, соңғы бір жылда республика көлемінде өткізілген екі зерттеуді социологияның 5-6 бакалавр мен магистрымен бірлесіп атқардым. Қазір ЕҰУ-дің социологиялық зерттеулер бөлімінде Бақтыгереева Саягүл мен Бердешова Индира деген шәкіртерім өзіме әріптес болып жүр.

Болашақта жоғары оқу орындары Болон процесінің талаптарына сай оқу жұмыс жоспарларына өзгерістер енгізулері шарт. Оның ішінде жалпы білім беру пәндердің саны азайуы, атаулары өзгеріске ұшырайды. Сондықтан қазірден бастап біз жалпы социологияның аясында элективті пәндер дайындаудамыз. Мысалы, Николаева Ольга деген магистрантпен «Иоанн Павел ІІ. Дінаралық көшбасшының феномені» атты зерттеуді аяқтап қалдық. Ол болашақта студенттерге таңдау пәні болып ұсынылуы мүмкін. Өздеріңізге белгілі елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Иоанн Павел ІІ Астанаға келгенде «Біз, қазақстандықтар, жер бетіндегі көптеген адамдардың, Иоанн Павел екінші ұлы адам және адамгершіліктің нақ бейнесі, деп есептейтін пікірлеріне қосыламыз», деген еді. Сондықтан, ұлтаралық және дінаралық келісімді насихаттайтын зерттеулер аса маңызыды деп ойлаймын. Осы жобаның аясында Польшадағы Люблин католикалық университетінде, Ватиканда зерттеу жұмыстары және Құранды орысшаға аударушы Иман Валерия Пороховамен кездесулер жоспарланған.

Ал ЕҰУ-дің социология бакалаврлары университетте, Астана бойынша жүргізілетін зерттеулерге қатысып жүр. Олардың бәрі, 1-4 курс студенттері, социологиялық зерттеулер бөлімінде волонтёрлер болып тәжірбие жинауда. Дәріс барысында алған теориялық білімдерін, бөлімге келіп, нақтылы зерттеуде қалай іске асатынын көріп, өз мамандықтарының сан алуан қыры бар екендеріне көздері жетіп жүр.

Социология ғылымы ел игілігі үшін қызмет етсе деп ойлаймын. Елімізде жылдан жылға жастардың саны өсіп келеді. Егер 2006 жылы 14-29 жастағылардың саны 4 млн. 229 мың болса, 2010 жылы олардың саны 4 млн. 365 мың болды. Бүгінде олар жалпы халықтың құрамында 27,22 пайызды құрайды. Ал олардың арасында материалды дифференциация, саяси белсенділікпен қатар саяси апатия, дінге қызығушылықта дәстүрлі емес ағымдарға бой ұру, жыныстық қатынастарда бұрын соңды болмаған жүріс-тұрыс моделдерін қабылдау, мамандық таңдауда жалған құндылықтарға сүйену, шет елдік мәдениеттің төмен үлгілеріне еліктеу және т.б. сол сияқты жастар арасында зерттеуді талап ететін, сол мәселелермен айналысатын республикалық жастар зерттеу орталығын ашу қажет деп есептеймін.

Ол үшін білікті мамандармен, қажетті қаражат табылады. Бұл зерттеулер негізінен ұлттық мүддені көздеп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты болады, осы тұрғыдан ол орталық міндетті түрде, бұл айдай анық, мемлекеттік мекеме болуы қажет. Сонда шын мәнінде, елдің болашақ сипаты, даму бағыты және әлеуметік-мәдени, саяси келбеті туралы ақпарат болады, оны басқару, ұлттық мүдде тұрғысынан қалыптастыру мүмкіншіліктері пайда болады. Қытай даналығы басқа елді басып алам десең, бірінші сол елдің жастарын азғыр дейді екен. Демек, жастардан айырылып қалсақ, болашақтан айырылғанымыз.

Қоғам тірегі мәдениет болса, сол мәдениеттің құрамдас бөлігін туғызушы жас ұрпақ, және де бүгінгі жастар ертеңгі қоғамның келбеті. Демек, сол келбеттің қандай болатынын алдын ала болжап, ел мүддесі үшін жағымдысын жасауға әбден болады. Ол үшін тұрақты зерттеулер мен үзбей жалғасатын әлеуметтік мониторинг керек. Менің ойымша, Қазақстан социолгтары, оның ішінде Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары ондай үлкен іске дайын.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Абдирайымова Г.С. Ценностные ориентации современной молодежи (социологический анализ). Алматы, 2005 г.

2. Биекенов К.У., Садырова М.С., Сайран Садуакас. Языковая социализация и формирование социального поведения личности. Алматы, 2007.

3. Филоненко В.И. Современное росийское студенчество в транзитивном обществе: противоречия и парадоксы социализации. – Ростов н/Д: ИПО ПИ ЮФУ, 2009.

4. Социальная компетентность и технологии ее формирования в современном обществе (сфера социальной работы) / Под научн.ред. В.Н.Келасьева, И.Л.Первовой. – СПб.: Изд. дом С-Петерб. ун-та, 2010.
Мақалада автор соңғы кезде Қазақстанада қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтану ғылымының жағдайы мен көңіл аударуды талап ететін жағымсыз жайттары туралы сөз қозғайды. Автор әлеуметтану ғылымының Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі жетістіктерінің негізі болған шет елдік ғалымдармен жүйелі зерттеулер деп есептейді, әлеуметтану кафедрасы мен мамандығы бойынша атқарылыған ұлттық жобаларға сараптама жасаған.
В статье автор анализирует современное состояние и обращает внимание своих коллег на проблемные зоны социологической науки Казахстана. По его мнению основой значительных успехов в деятельности кафедры социологии Евразийского национального университета им.Л.Н.Гумилева и в процессе подготовки по специальности «Социология», является наличие системы регулярных исследований с партнерстве с зарубежными социологами. Осуществлен анализ реализованных отечественных исследовательских проектов.

The Author in the Report analyzes the contemporary conditions of Social Science and focuses on its current issues. The Author states that the bases for significant success of the Social Science Chair at Gumilyov Eurasian National University and its process of educating specialists in the field of Sociology are availability of a system of regular research in collaboration with foreign sociologists. The completed local research projects were analyzed.



Yazar raporunda Sosyal Bilimler çağdaş koşullarını analize ederek, güncel konular üzerinde duruyor. Yazar Gumilyov Avrasya Milli Üniversitesi Sosyal Bilimler Bölümünün Sosyoloji alanında uzman yetiştirmek sürecinde önemli bir başarılı olmasına temel sağlayan yabancı sosyologlar ile işbirliği içinde düzenli araştırma sisteminin olduğunu öneriyor. Tamalanan milli araştırma projeleri incelenmiştir.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет