Құрамы Ыдырыс Ә. Мұхитдинов Н. М., Әметов Ә.Ә



Дата09.06.2016
өлшемі165.5 Kb.
#124151
Реликті, эндемикалық және сирек кездесетін Іле сасыры (Ferula iliensis Krash. ex Korov.) өсімдігі ценопопуляцияларының флоралық құрамы

Ыдырыс Ә,. Мұхитдинов Н. М., Әметов Ә.Ә.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан


Қазіргі кезде қоршаған ортаны қорғау және оның биологиялық алуантүрлілігін сақтау аса өзекті мәселенің бірі болып отыр.Себебі табиғаттағы бір түрдің жойылыуы, ол биологиялық алуантүрліліктің бір түрге кемуі ғана емес, сонымен бірге ғасырлар бойы қалыптасқан тепе-теңдіктің бұзылуы деген сөз. Оның сөз жоқ қоршаған ортаның экологиясына үлкен әсері болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда өсімдіктердің әсіресе реликті, эндемикалық және жойылуға жақын сирек кездесетін түрлерді қорғаудың орны ерекше. Себебі мұндай түрлер, біріншеден біздің генофондымыз, екіншіден, табиғи байлығымыз. Сондықтан Қазақстанда кездесетін жойылуға жақын түрлерді іздестіріп тауып, кездесетін жерлерін анықтап, картаға түсіріп, олардың популяцияларының қазіргі кездегі жағдайына ғылыми тұрғыдан баға беру аса маңызды және кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып отыр. Бай және реликті өсімдіктердің деградацияға ұшырап жоғалуы бұл бір жағынан алуантүрлі мәдениеттің де құлдырауы болып саналыды. Сондықтанда олардың этноботаникалық және биоалуантүрлілігін зерттеу, олардың мәдени байланыстарын қарастыру және талқылау, оларды сақтау шараларын ұйымдастыруға бағыт береді [1]. Дәл қазіргі кезде жер бетіндегі өсімдіктер биоалуантүрлілігіне өте жоғары қауіп төндіріп отырған фактор ретінде антропогендік факторды айтуға болады. Ғаламдық климаттың өзгеруі табиғи экожүйелерге аса зор әсерін тигізуде [2.,3]. Осы мәселеге байланысты өсімдіктерді табысты түрде реинтродукциялау бағалы түрлердің экологиясын, географиясын, демографиясын, биологиялық өсулерін, тіршілік формаларын зерттеуді талап етеді [4]. Қазақстан флорасында бағалы өсімдіктердің 13 мыңнан астам түрі кездеседі. Олардың ішінде жоғары сатыдағылар – 5754 түр, 14% түр эндемикалық, ал реликті түрлер оданда көп [5]. Бұл жөнінде Н.В. Павлов (1959), В.П. Голоскоков (1971,1972), Б.А. Винтерголлер (1976) өз еңбектерінде айтып кеткен. Мәселен В.П. Голоскоковтың (1971,1792) мәліметтері бойынша Қазақстан флорасында эндемикалық және реликті түрлер кездеседі.

Іле Алатауының солтүстік-шығыс жалғасуы мен (Сөгеті, Бөгеты тауларының теріскейі) Жоңғар Алатауының ( Шолақ тау, Үлкен Қалқан тауының күнгей беті) шөлді таулардың төменгі және ортаңғы белдеулерінде, тау етегінің шөлді белдеуінде кезедсетін, ареалы қысқарып бара жатқан эндемикалық және реликті түрдің бірі Ferula iliensis (Іле сасыры) өсімдігі [6,7]. Ferula L. Krash.ex Korov – сельдерей тұқымдасының ең ірі және полиморфты туысының бірі, қазіргі таңда 180 түрі белгілі [8]. Ferula туысы тек қана сельдерейлер тұқымдасы арасында ғана емес, сондай-ақ барлық Орта Азия және Қазақстан флорасында да аса бағалы орын алады. Бұл туыстың өсімдіктері, бір жағынан, кең ауқымды практикалық қолданысқа ие, сонымен қатар оның нағыз қажеттілігі осы уақытта жақсы байқалуда, бір жағынан, сасыр өсімдігі сельдерейлердің филогенетикалық жүйесін зерттеуде объекті ретінде, ежелгі жерортатеңізі және иран-турандық флораның ботаника-географялық сараптамасын, эволюциялық морфология және анатомияның бірқатар сұрақтарының шешімін табуда назар аудартады [9]. Ferula туысы Apiales қатарына Apiaceae Lindl тұқымдасына жатады. Сасырды дәрiлiк өсiмдiк ретінде қолданудың алғышарттары, оның әр түрлi мүшелеріндегі әсіресе, тамырындағы және тұқымындағы жоғары концентрацияда шоғырланған биологиялық белсендi заттар туралы қазiргi жетiстiктерiне сүйенеді. Сондықтан сасырдың тамыры мен тұқымы шын мәніндегі шикізат көзі болып табылады. Сасыр туысын монографиялық өңдеу Е.П.Коровинға тиеселі [10,11].



Зерттеу нысаны: Іле сасыры (Ferula iliensis – ферула илийская). Бұл Apiaceae тұқымдасына жататын, биіктігі 1 м-дей болатын көпжылдық шөптесін өсімдік. Сабағы жуан, жоғарғы жағынан шашыраңқы бұтақталған, формасы жартылай шарға ұқсайды. Жапырағы жұмсақ, ерте солып қурайды. Жапырағының үстіңгі беті түксіз, астыңғылары – сұрғылт түкті, жалпақ, үш қайтара қа-уырсынды тілімденген, сабаққа кезектесіп орналасады, жапырақ тақтасының ұзындығы 30 см шамасында болады, ені 3-5 см, формасы үш бұрышты ромба тәріздес, үш құлақ тілімделген. Оның әр бөлігінің өзі біршама үлкен, ұзындығы 5см, ал ені 3см шамасында болады. Гүлдері қос жынысты, аталығы – бесеу, аналығы – біреу. Тостағанша және күлте жапырақшаларының саны бесеуден, күлтесінің түсі бозғылт сары. Гүлдері шатырша гүлшоғырына топталған. Шатыры екі түрлі болады: оның ортаңғысы аса үлкен, отырмалы келеді, ал жанама шатырлары үзын сағақтың басында 3-ден орналасады. Шатырлары 20-25 гүлден тұрады. Күлте жапырақшалары ашық-сары түсті келеді. Жемістері кері жұмыртқа тәрізді, үзындығы 12-14 мм, ал ені 6-8 мм шамасында болады, қабырғалары айқын байқалады. Шайыр алынатын және дәрілік өсімдік. Тұқымымен көбейеді. Мамыр айында гүлдеп, шілдеде жеміс салады. Жойылып бара жатқан, өте сирек кездесетін, реликті, эндемикалық өсімдік ретінде қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген [12,13].

Ареалы және кездесетін жерлері: Шолақтау, Бөгеті және Сөгеті аласа тау жоталары. Бұл түрдің тағы бір үлкен популяциясын біздер Іле өзенінің сол жағалауындағы Үлкен қалқан тауының оңтүстік шығыс, оңтүстік және солтүстік батыс жағынан Айғай құмға дейінгі аралықтан таптық.

Биологиясы: Бұл өсімдік тұқымы арқылы көбейеді. Мамыр айында гүлдейді, тамыз айының екінші жартысынан шілденің аяғына дейін жеміс байлайды.

Өсетін жерлері: Аласа тау жоталарының қойтасты-малта тасты етегі, саз топырақты ашық жерлер, каньюндар және өзендердің жазда суы тартылып, қурғап қалатын арналары мен жағалаулары.

2012ж. Біз сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған Ferula iliensis өсімдігінің 2 популяциясын барлығы 6 ценопопуляциясын зерттедік.

Зерттеу әдістері: Фитоценоздардың геоботаникалық сипаттамасы стандартты әдістемесі бойынша жасалынды [14]. Ценоздық популяцияның зерттелінуі дәстүрлі әдіс бойынша жүзеге асырылды. Ценопопуляцияның жастық құрылымы Т.А. Работнов [15] және А.А. Уранов [16] бойынша бағаланды. Координаттары GPS навигатор GARMIN 60CSx көмегімен анықталды. 1-ші суретте Ferula iliensis өсімдігінің географиялық таралуы және зерттеу пунктері де көрсетілген.

Қазақстан Республикасы, Алматы облысы. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы



Еңбекшіқазақ ауданы, Көкпек елді мекені

Сурет 1 - Ferula iliensis екі популяциясының геогрфиялық орналасуы

1 - № 1 популяция ( үлкен Бөгеты тауы), 2 – № 2 популяция (Сөгеты тауы),



Зерттеу нәтижелері және талқылаулар: Жұмыстың бірінші кезегінде Ferula iliensis өсімдігі онтогенезінің ерекшеліктері анықталды және жастық күйі бойынша дарақтар категориясына жіктелді. Әрбір зерттелініп жатқан учаскелердің жастық құрылымын анықтау үшін бойлық трансект тасталынды. сонымен қатар зерттелінген ценопопуляцилалардың флоралық құрамы, өсімдіктердің тіршілік формасы мен систематикалық топтары анықталып тұқымдас, туысқа ажыратылып жіктелді. Сонымен бірге Ferula iliensis өсімдігінің популяцияларының ареалдарының эко-ценотикалық жағдайы сипатталып берілді.

Ferula iliensis өсімдігінің бірінші популяциясы Іле Алатауының шығыс бөлігі болып табылатын Бөгеті аласа тау жотасынан табылып, сипатталды. Осы популяция деңгейінде үш ценопопуляцияға (1,2,3) сипаттама берілді.

Бірінші ценопопуляция сасырлы-жусанды (ass. Artemisia sublessingiana-Ferula iliensis) өсімдіктер қауымдастықтарынан тұрады. Кең әрі үлкен тау аңғарын алып жатыр. Шатқалдың оңтүстігі мен солтүстігін аласа тау сілемдері қоршап жатыр. Жер бедері аздап еңістеу келген. Топырағы ашық –қоңыр түсті, ұсақ тасты келеді. Ылғалдылығы негізінен атмосфералық. Өсімдіктер жамылғысы сораң бұталы-сасырлы-жусанды қауымдастықтан құралған. Жер бетінің шамамен 60-65% өсімдіктер жауып тұрады. Өсімдіктер жабынының негізгі компоненттері мыналар: Ferula iliensis Krash.ex Korov, Salsola orientalis S.G.Gmel., Kochia prostrata (L.) Schrad., Camphorosma lessingii Litv., Artemisia sublessingiana Krasch ex Poljak, Krascheninnikovia ceratoides (L.) Gueldenst, Stipa orientalis Trin., Eremopyrum bonaepartis(Spreng.) Nevski. және тағы басқалар. Өсімдіктер жамылғысы 4 ярустан тұрады: I ярусты биіктігі 70-90 см шамасында болатын Ferula iliensis Krash.ex Korov, Alhagi kirghisorum Schrenk өсімдіктері түзеді. II ярусты биіктігі 30-50см болатын Krascheninnikovia ceratoides, Artemisia sublessingiana, Salsola orientalis өсімдіктері түзеді; III ярусты биіктігі 15-25 см болатын Kochia prostratа, Astragalus macronyx Bunge, Koelpinia lineares Pall., Hulthemia persica (Michx еxJuss.) Bomm өсімдіктері түзеді, ал IV ярусты биіктігі 5-10 см аспайтын Eremopyrum bonaepartis(Spreng.) Nevski.,. Euphorbia rapulum Kar etKir.,. Ceratocarpus utriculosus Bluk секілді өсімдіктер түзеді. Бұл ценопопуляцияда түтікті өсімдіктердің 21 түрі кездеседі.

Екінші ценопопуляция бұталы-сасырлы-жусанды (ass. Artemisia sublessingiana-Ferula iliensis-Tamarix hohenackeri, Haloxylon ammodendron, Caragana frutex, Atraphaxis virgata) өсімдіктер қауымдастықтарынан тұрады. Ең үлкен аумақты алып жатыр. Бұл ценопопуляцияның участігін ортасынан көктемгі еріген қар суымен жаңбыр сулары тоқтағаннан кейін, кеуіп қалатын өзен арнасы бөліп тұрады. Сол себептенде оның флористикалық құрамы аса бай келеді. Жер бетінің шамамен 65-70% өсімдіктер жауып турады. Өзен арнасы бойында өсімдіктер жабыны 80%, кейбір жерлерінде одан жоғары пайызды құрайды. Топырағы ашық- қоңыр, ұсақ тасты. Жер бедері нашар көлбеген жазықтықтан тұрады. Ылғалдылығы көбінесе атмосфералы. Өсімдіктер жамылғысы біршама күрделі 5 ярустан тұрады: І ярусты биіктігі 250-300 см шамасында болатын ағаш тектес бұталар: Tamarix hohenackeri Bunge, Haloxylon ammodendron (C.A.Mey.) Bge өсімдіктері түзеді. Жалпы фонда олар сиректеу орналасады. II ярусты негізінен биіктігі 100-120 см шамасында болатын бұталар: Caragana frutex (L.) C.Koch, Atraphaxis virgata (Regel) Krasn., Spiraea hypericifolia L құрайды; III ярусты биіктігі 70-90 см болатын Ferula iliensis Krash.ex Korov, Agrostis gigantean Roth, Tragopogon marginifolius Pavl өсімдіктері құрайды; IV ярусты биіктігі 25-30 см болатын Artemisia sublessingiana, Kochi aprostratа, Ajania fastigiata (C.Winkl.) Poljak., Chenopodium prostratum Bunge өсімдіктері құрайды, ал V ярусты биіктігі 5-15 см аспайтын аласа шөптесін өсімдіктер Stipa orientalis, Stachis palustris L., Eremopyrum bonaepartis, Ceratocarpus utriculosus құрайды. Бұл ценопопуляцияның негізгі компоненттері Chenopodiaceae және Asteraceae тұқымдасының өкілдері. Қоңырбастылардың аз ғана түрлері таралған. Бірақ Stipa orientalis - Ferula iliensis Krash.ex Korov ценопопуляцияның негізгі компоненті ретінде жазықтың кез-келген жерінен кездестіруге болады. Екінші ценопопуляцияда түтікті өсімдіктердің 84 түрі табылды.

Үшінші ценопопуляция сасырлы-ақсоралы-жусанды (ass. Artemisia sublessingiana-Salsola orientalis, Salsola arbuscula, Nanophyton erinaceum-Ferula iliensis) өсімдіктер қауымдастығы құрайды. Бұл ценопопуляцияның алып жатқан жер көлемі онша үлкен емес. Ол биіктігі орташа, үсті тегістік болып келетін жотаның үстін алып жатыр. Жер бедері солтүстік-шығысқа қарай нашар көлбеген жазықтықтан тұрады. Ылғалдылығы негізінен атмосфералық. Топырағы ашық- қоңыр түсті, ұсақ тасты келеді. Өсімдік жамылғысы бұталы-сасырлы-жусанды қауымдастықтан құралған. Жер бетінің шамамен 50-60% өсімдіктер жауып жатыр. Бұл ценопопуляцияның негізгі компоненттері Chenopodiaceae тұқымдасының өкілдері жатады. Ерекше көп таралған Nanophyton erinaceum. Сонымен қатар Salsola arbuscula Pall., Salsola orientalis, Kochia prostratа шамамен бірдей мөлшерде кездеседі. Жер бедері биіктіктеу жерлерде қоңырбастылардан Stipa orientalis, ал су жиналатын жылғалардың әсіресе бойында Stipa capillata L. өсімдіктері кең таралған. Ценопопуляцияның барлық ортақ фонында Artemisia sublessingiana біркелкі өсіп келеді. Сондықтан да, ол доминант ретінде қауымдастықтың басқа компоненттерінен сандық көрсеткіші жағынан басымдылығымен ерекшеленеді. Қауымдастық ярустылығы онша биік емес, оның басты себебі, бұл ценопопуляцияның жергілікті жер бедерінің биіктігі мен су тапшылығына байланысты болса керек. Осындай жазықтық тәрізді биіктікте, біріншіден, жауын-шашын сулары бірден жылғаға қарай ағып кетеді; екіншіден, қалған су булары тура түскен күн сәлесінен құрғап қалуда. Соған қарамастан, бұл жерде өсімдік жамылғысының 5 ярустылығы байқалады. I ярусты биіктігі 70-80 см шамасындағы Ferula iliensis Krash.ex Korov, Seseli schrenkianum (C.A.MeyexSchischk) M.Pimen. etSdobnina (=Libanotisschren kiana C.A.Meyex Schischk.) өсімдіктері құрайды,; II ярусты биіктігі 40-48 см болатын Stipa caucasica Schmalh., Stipa capillata өсімдіктері құрайды; III ярусты биіктігі 25-30 см шамасында – Artemisia sublessingiana, Salsola arbuscula, Krascheninnikovia ceratoides, Kochiaprostratа өсімдіктері құрайды; IV ярусты биіктігі 10-15 см шамасындағы Lagochilus diacanthophyllus (Pall.) Benth., Penthaphylloides phyllocalyx (Juz.) Sojak. (=Dasiphoraphyllocalyx Juz.), Salsola orientalis өсімдіктері құрайды; V ярусты биіктігі 5-7 см.аспайтын аласа бір жылдық шөптесін өсімдіктер: Ceratocarpus utriculosus, Eremopyrum bonaepartis және жастықтәрізді жартылай бұталы Arthrophytum iliense Iljin өсімдіктері құрайды. Бұл ценопопуляцияның флористикалық құрамы 30 түрден тұрады.

Үлкен Бөгеті тауы Ferula iliensis Krash.ex Korov популяциясы алып жатқан аумағынан біздер 35 тұқымдасқа және 123 туысқа жататын, жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің 142 түрін жинап оған флоралық талдау жасадық. Түрлердің систематикалық тобы бойынша Ferula iliensis Krash.ex Korov популяциясының өсімдіктері былайша орналастырылды: жоғарғы сатыдағы споралы өсімдіктерді бір түр – Equisetum hyemale L, Equisetophytae бөліміне жататын, ал Pinophytae бөлімін, Ephedra intermedia Schrenket C.A.Mey. түрлері түзеді. Қалған 139 түр Magnoliophytae бөліміне жатады. Олардың ішінде 23 түр Monocotyledoneae класына, 116- түр – Dicotyledoneae класына жатады. Бөгеті тауында кездесетін Ferula iliensis популяциясындағы түрлердің тең жартысы (70 түр немесе 49,6 %) – гемикриптофиттер. Олар әсіресе Poaceae және Asteraceae тұқымдастарында ерекше кең таралған. Екінші орынды (50 түр; 35,5%) терофиттер яғни бір жылдық, сиректеу екі жылдық шөптектес өсімдіктер түзеді. Әсіресе, олардың ішінде ең көп терофиттер тұқымдастарында Brassicaceae (13 түрі ) және Poaceae (6 түрі) көбірек кездеседі. Үшінші орынды бұталар мен бұтатәрізділер (12 түрлер ; 8,5%) яғни нано және микрофанерофиттер түзеді. Макрофанерофиттерге, яғни ағаштарға бір ғана Haloxylon ammodendron өсімдігі жатады. Өсімдіктердің экологиялық типтері бойынша Үлкен Бөгеті тау жотасында мезофиттер (98 түр; 69,5%) басым болып келеді. Ксерофиттердің 20 түрі, ал мезоксерофиттердің – 22 түрі кездеседі. Бөгеті тауындағы флорада Ferula iliensis Krash.ex Korov популяциясының ең ірі тұқымдастарына Asteraceae және Poaceae жатады, олардың әркайсысында 16-дан түр бар. Үшінші орынға 15 түрі бар Chenopodiaceae, төртінші орынға 13 түрі бар Brassicaceae тұқымдастары жайғасады. Қалған тұқымдастардың түрлік құрамы санаулы.



Ferula iliensis өсімдігінің екінші популяциясы Іле Алатауының шығыс бөлігі болып есептелінетін Сөгеті аласа тау жотасынан табылды. Осы популяция учаскесінен үш ценопопуляция сипатталып жазылды.

Бірінші ценопопуляция ақсоралы-сексеулді-жусанды (ass. Artemisia sublessingiana-Haloxylon ammodendron-Salsola arbuscula) өсімдіктер қауымдастығынан тұрады. Бұл ценопопуляция алып жатқан аумағы біршама кең және ол Жыңғылсу өзеншесінің аңғарын толық қамтиды. Учаске теңіз деңгейінен 732 м биіктікте орналасқан. Жазықтықтың оңтүстік – шығысы мен солтүстік- батысын кішігірім тау қыраттары алып жатыр. Жазықтықтың оңтүстік бөлігіндегі Көкпек асуында бұл тау қыраттары тіптен айқасып кеткен.Оларды тек кішігірім Жыңғылсу өзенішесі бөліп жатыр. Жазықтықтың солтүстік және солтүстік- шығыс бөлігі кеңейе келіп, ақырында Іле шөліне ауысады. Топырағы – құмды сұртопырақ. Жер бедері – аздап еңістеу келген жызықтық. Өзен сағасы сулы. Бірақ су жаздың аптаған ыстығында азайып ақырындап кеуіп қалады. Жер бетінің шамамен 60-65% өсімдіктер жауып жатыр. Доминант түрлерге ақ жусан, зайсан сексеуіл және алабұталар тұқымдасынан сораң жатады. Субдоминант өсімдіктерден үрмежеміс қияқ өлең (Calex Physodes) кездеседі. Флоралық құрамы эфермерлер мен эфермероидтардың есебінен біршама артады, әсіресе Жыңғылсу өзенішесі жағалауы әртүрлі шөптесін өсімдіктерден тұратын түрлерге бай. Өсімдіктер жамылғысы 6 ярустан тұрады. I ярусты биіктігі 210-220 см шамасындағы Haloxylon ammodendron (C.A.Mey) Bunge, Tamarix arcuthoides Bunge өсімдіктер құрайды. II ярусты биіктігі 80-85 см шамасындағы Prangos didyma Regel M.Pimen. et V.Tichomirov, Ferula iliensis, Stipa capillata, Stipa czowitsiana Trin өсімдіктері түзеді. III ярусты биіктігі 45-50 см болатын Nepeta fedschenkoi Pojark., Lactuсa undulate Ledeb. Artemisia scoparia L., Krascheninnikovia ceratoides өсімдіктері, ал IV ярусты биіктігі 25-30 см Kochia prostrata, Chenopodium rubrumL., Sisymbrium loeseliiJusl., Dodartia orientalis L., Artemisia terrae-albae L. өсімдіктері құрайды. V ярусты биіктігі 20-25 см шамасындағы Scorzonera pusilla Pall., Bromus oxyodon Schrenk , Anisantha tectorum(L.) Nevski өсімдіктері құраса, VI ярусты биіктігі 10-15 см аспайтын Euphorbia rapulum, Hypecoum trilobum Trautv., Ziziphora tenuior L., Alissum desertorum Stapf, Salsola pestifer A.Nelson өсімдіктері түзеді. Бұл ценопопуляцияның флоралық құрамы 86 түрден тұрады.

Екінші ценопопуляция сасырлы-ақсоралы-жусанды (ass. Artemisia sublessingianaSalsola arbusculaFerula iliensis) өсімдіктер қауымдастығанан тұрады. Бұл ценопопуляцияның өсімдіктер жамылғысын жартылай бұталы Salsola arbuscula және Artemisia sublessingiana алып жатыр. Шамамен өсімдіктер жер бетінің 50-55% жауып жатыр. Топырағы ашық-қоңыр түсті, ұсақ тасты келеді. Жер бедері азадап еңістеген жазықтық. Өсімдіктер жамылғысында 3 ярустылық байқалады. I ярусты биіктігі 20см шамасындағы Krascheninnikovia ceratoides, Salsola arbuscula құрайды, II ярусты биіктігі 15 см шамасындағы Artemisia sublessingiana, Salsola orientalis, Kochia prostrata өсімдіктері құрайды. III ярусты биіктігі 5-7 см аспайтын Ziziphora tenuior, Alissum desertorum, Carex physoides M.B., Trigonella arcuata C.A.Mey өсімдіктері құрайды. Бұл ценопопуляцияның флоралық құрамы өте жұтаң, барлығы 15 түрден құралған.

Үшінші ценопопуляция сасырлы-сексеуліді-жусанды (ass. Artemisia sublessingiana-Haloxylon ammodendron-Ferula iliensis) өсімдіктер қауымдастықтарынын тұрады. Бұл ценопопуляцияның жер көлемі біршама үлкен. Ол аласа тау жотасының етегінен бастап, шоқының басына дейін көтеріледі. Бұл ценопопуляцияның алып жатқан учаскесінен бірнеше өсімдік қауымдастықтары мен топтарын кездестіруге болады. Сонымен қатар мұнда алуантүрлі өсімдіктер микроассоциациясы (микрофитоценоздар) және кішігірім топтасу байқалады. Бұл, біріншіден, топырақ жамылғысының біркелкі болмауымен байланысты, екіншіден, мұны алаңның теңіз деңгейінен біршама жоғары орналасуымен, үшіншіден, таудың экспезицияларына жарықтың және ылғалдың біркелкі түспеуімен түсіндіреміз. Себебі таудың жағдайында жер бедерінің болмашы өзгерістері өсімдік және топырақ жамылғысының өзгеруіне алып келеді. Сондықтанда, бұл ценопопуляцияның түрлік құрамы осыған дейінгі зеріттелген учаскелерден басқаша болады. біздер бүтіндей ценопопуляцияға флоралық анализ жасауды ұйғардық. Біздер, бірінші ценопопуляциядан 83 туысқа және 30 тұқымдасқа жататын жоғары сатыдағы 102 түрді жинақтадық және анықтадық. Бұл ценопопуляциядағы ең ірі тұқымдастарға Asteraceae (17 түр ), Chenopodiaceae (11 түр), Poaceae (8 түр) Brassicaceae (8 түр), Lamiaceae (6 түр) жатады. Аталған ценопопуляцияның флористикалық құрамының тең жартысы (50 түр немесе 49,1%) осы бес тұқымдас үлесіне тиеді. Caryophyllaceae, Fabaceae тұқымдастарының әрқайсысында 5-тен түр бар. Scrophulariaceae тұқымдасынан 4 түр кездеседі. Қалған тұқымдастардың түрлерінің саны көп болмайды. Тіршілік формалары бойынша бірінші орында терофиттер, яғни біржылдық (сирек екіжылдық) өсімдіктер тұрады (51 түр немесе 53,4%). Екінші орында – гемикриптофиттер, яғни көпжылдық шөптесін өсімдіктер (33 түр немесе 32%). Қалған тіршілік формалары аз ғана түрлерден тұрады. Бұл ценопопуляцияда экологиялық типтерден ксерофиттер мен мезоксерофиттер басым келеді. Екінші ценопопуляцияның флорлық құрамы біршама кедей бар-жоғы 11 тұқымдасқа, 14 туысқа жататын 15 түрден тұрады. Негізгі фонды Salsola arbuscula, Artemisia sublessingiana өсімдіктері түзеді. Олардың арасында Ferula iliensis Krash.ex Korov жеткілікті түрде кездеседі. Тіршілік формаларының ішінде гемикриптофиттер яғни, көпжылдық шөптесін өсімдіктер (6 түр) айқын басымдылыққа ие. Екінші орында терофиттер, яғни біржылдық өсімдіктер (3 түр) кездеседі. Бұталардың екі түрі кездеседі, бірақ олар осы ценопопуляцияның негізгі фон түзетін өсімдіктері. Жартылай бұталар мен бұташықтардың әрқайсысынан бір түрден кездеседі. Экологиялық тип бойынша ксерофиттер басым келеді (11 түр). Екі түр мезоксерофиттер болып табылады. Екі түр эфемероидтар, олар жаздың аптаған ыстығы басталғанша даму циклын аяқтап, гүлдейді және жеміс береді. Үшінші ценопопуляцияның флоралық құрамы 30 тұқымдасқа, 87 туысқа жататын 100 түрден тұрады. Түрлік құрамы бойынша бірінші орында Asteraceae тұқымдасы(17 түр) тұрады. Екінші орында - Chenopodiaceae тұқымдасы (11 түр), үшінші орында – Poaceae, Brassicaceae тұқымдасытары (әрқайсысынан 8 түрден) ораналасады. Одан әрі - Lamiaceae(6 түр), Caryophyllaceae(5 түр), Fabaceae(6 түр) орналасады. Қалған тұқымдастардан аз ғана түрлер таралаған. Бұл ценопопуляцияда тіршілік формасы бойынша терофиттер, яғни біржылдық шөптесін өсімдіктер ерекше басым (58 түр). Екінші орында гемикриптофиттер, яғни көпжылдық шөптесін өсімдіктер (29 түр). Қалған тіршілік формалардың түрлік құрамы онша көп емес. Ценопопуляцияның экологиялық типтерінің негізін ксерофиттер мен мезоксерофиттер құрайды.

Сөгеті тауындағы Ferula iliensis Krash.ex Korov популяциясынан 38 тұқымдасқа, 136 туысқа жататын жоғары сатыдағы өсімдіктердің 182 түрі тіркелді. Флоралық құрамы бойынша бұл популяцияның негізін гүлді, қосжарнақтылар класс өкілдері құрайды. 13,7% даражарнақтылар классына тиесілі. Сөгеті тауындағы Ferula iliensis Krash.ex Korov популяциясының өсімдіктері систематикалық құрамы бойынша былайша орналасады: жалаңаштұқымдылар – 1 түр, гүлділер - 181 түр, даражарнақтылар класына 29 түр, қосжарнақты өсімдіктер класына 151 (79,1%) жатады. Ең көп таралған тұқымдастарына Asteraceae (28 түр немесе 15,5%) және Chenopodiaceae (20 түр немесе11,0%) жатады. Одан әрі азаю бағытында Poaceae (19 түр немесе 10,5%), Brassicaceae (15 түр немесе 8,3%), Caryophyllaceae (12 түр немесе 6,6%), Fabaceae (10 түр немесе 5,5%), Rosaceae 7 түр (3.9%), Lamiaceae 7 түр (3.9%) тұқымдастары орналасады. Сөгеті тауындағы Ferula iliensis Krash.ex Korov популяциясындағы 8 тұқымдас үлесіне 118 түр немесе 65,2% тиеселі. Қалған тұқымдастарда түрлер көп болмайды. Тіршілік формаларының ішінде терофиттер – даму циклдері қысқа, біржылдық өсімдіктер басым келеді. Екінші орында гемикриптофиттер, яғни көпжылдық шөптесін өсімдіктер тұрады. Үшінші және төртінші орындарда өз кезегінде бұталар (8 түр) және жартылайбұталдар (3 түр) орналасады. Экологиялық типтері бойынша ксерофиттер (70 түр) және мезофиттер (30 түр) басым келеді.



Жалпы Ferula iliensis өсімдігі Бөгеті және Сөгеті аласа тау жоталары жағыдайында жаман өспейді. Оның популяцияларынан осы түрдің жастық күйлерінің барлығын, өскіннен бастап жеміс байлайтын генеративтік жағдайына дейін кездестіруге болады. Бірақта Ferula iliensis монокарпик, яғни өмірінде бір-ақ рет гүлдеп жеміс береді. Сондықтанда оның өсіп жетілуі көп жағдайда осы жердің ауа райына тікелей байланысты болады. Ең алдымен ылғалдың жылдық мөлшеріне және температураға тікелей тәуелді. Егер көктем жылы, әрі жаңбырлы боса, Ferula iliensis өсімдігінің жерге шашылған тұқымдары тез өсіп, тамырланып жапырақтар береді. Мұндай өсімдіктер келесі жылдары тамырын тереңге жіберіп, жайқалып жақсы өседі. Бірақта өсімдік ұзақ жылдар бойында тек жапырақтарын ғана береді және жер асты бөліктерінде көп мөлшерде қоректік заттарды қорға жинайды. Осылайша жиналған қоректік заттардың мөлшері жеткілікті боған жағдайда өсімдік атпа сабағын беріп, бұтақтанады. Сөйтіп Ferula iliensis өсімдігінің генаративтік өркендері қалыптасады, олардың басында күрделі шатыр түзеді. Өз кезегінде күрделі шатырлардың басында көптеген шатырша гүлдер пайда болады. Одан әрі тозаңдану және ұрықтану процесінен кейін өсімдік жеміс байлайды. Осыдан кейін Ferula iliensis тамырында бірнеше жылдар бойында жинақтаған қоректік заттарын жемістер мен тұқымдардың толығымен жетілуіне сарқып жұмсайды да өледі. Сондан соң шашылған тұқымнан келесі жылы көктемде қолайлы жағдайда Ferula iliensis өсімдігінің жаңа жас өскіні пайда болады. Егер қыста қар аз түссе көктемде жаңбыр аз жауып, құрғақшылық болса, онда Ferula iliensis өсімдігінің тұқымы тыныштық күйге көшеді. Қайтадан ауа райы қолайлы жыл қалыптасқанда өсімдіктің тұқымы өсіп, өскін береді. Бұл Ferula iliensis өсімдігінің биологиялық ерекшелігі болып табылады. Кейбір деректер бойынша Ferula iliensis өсімдігі 7-9 жыл шамасында атпа сабақтарын беріп, гүлдеп, жеміс байлайды. Біздің зерттеуіміз мынаны көрсетті. Жыл сайын өсімдіктің тамыр мойны топыраққа белгілі бір тереңдікке еніп отырады. Ол Ferula iliensis өсімдігінің контрактильді тамырларының жиырылып, тартылуының нәтижесінде жүзеге асады. Осылайша әр жылғы жапырақ сағақтарының түп жағының қалдықтары тамыр мойнын айнала орап тығыздалып сақина түзеді және ол келесі жылы жапырақтар түзідетін бүршіктерді салқыннан қорғап, жауып тұрады. Жыл сайын вегетациялық кезеңнің соңына сол жылғы жапырақтар қурап, олардың сағақтарының қалдықтары тығыздалып, өз кезегінде жаңа сақина түзеді. Осылайша жапырақ сағақтарының қалдықтарының өрімделуінен іші қуыс түтік түзеді. Оның сыртын өсімдік тамырларында жиналатын жабысқақ шайыр желімдеп тұрады. Нәтижесінде өсімдік атпа сабағын беріп, гүлдеп жеміс байлағанша тамыр мойнының айналасында 15 тен 18-ге дейін сақиналар түзіледі. Бұл күмәнсіз осы өсімдіктің жасын дәл анықтауға мүмкіндік беретін морфологилық белгі болып табылады. Сонымен Ferula iliensis өсімдігі 15-18 жылда бір рет гүлдеп жеміс береді деуге толық негіз бар.

Қорта айтқанда Бөгеті және Сөгеті аласа тау жоталарында Ferula iliensis өсімдігінің популяцияларының қазіргі кездегі жағдайы жаман емес, қалыпты деңгейде деп айтуға толық негіз бар. Өсімдік тұқымы арқылы көбейіп, өзін-өзі табиғи жолмен реттеп отырады. Сондықтанда Ferula iliensis өсімдігінің популяцияларына бүгінгі күні тікелей төніп тұрған қауып жоқтың қасы. Алайда бұл түрдің табиғи популяцияларын сақтаймыз десек үш нәрседен сақ болуымыз керек. Біріншіден, Ferula iliensis дәрілік өсімдік және халық медицинасында кеңінен қолданыс тауып келеді. Сондықтанда бұл өсімдіктен дәрілік шикізат жинауға тиым салған жөн. Екіншіден, Ferula iliensis өсімдігі өсетін жерлерді жайылмдық ретінде пайдалануға рұқсат етпеу керек. Үшіншіден, бұл өсімдіктің популяцияларын өрттен сақтау мәселесін қатаң қалға алған жөн. Осы айтылған үш нәрсе толығымен орындалған жағдайда Ferula iliensis өсімдігіне қауып төнбейді. Ол үшін осы өсімдіктің өсетін жерлерін қатаң бақылауға алу керек.

Бұл зерттеу жұмысы «Алматы облысының кейбір сирек кездесетін өсімдіктер ценопопуляцяларының биологиялық ерекшеліктері, қазргі жағдайы және қорғау» атты № 0112РК00326 тіркелген мемлекеттік гранттық жоба аясында жүргізілді.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Studies on floristic and medicinal properties of plants in different sacred groves of

cuddalore district, tamilnadu, india1st sept 2012/ Life sciences Leaflets 9: 35-45,2012 FREE DOWNLOAD ISSN 2277-4297(Print)0976–1098(Online) 36 б.

2. Peev D, Delcheva M (2007) Florogeographical Elements and Evolutionary Trends in the Bulgarian Flora: in: Biogeography and Ecology of Bulgaria, Monographiae Biologicae 82:571–579, doi:10.1007/978-1-4020-5781-6_21

3. ARMSTRONG, D.P. & SEDDON, P.J. (2008) Directions in reintroduction biology. Trends in Ecology and Evolution, 23, 20–25.

4. BAJOMI , B., PULLIN, A.S., STEWART, G.B. & TAKACS-SANTA, A. (2010) Bias and dispersal in the animal reintroduction literature. Oryx, 44, 358–365.

5. The fourth national report on progress in implementation of the convention on biological diversity /Republic of Kazakhstan/ ASTANA, 2009, 3б

6. Ыдырыс Ә., Мұхитдинов Н.М. Реликті, эндемикалық және сирек Михельсон кермегі (Limonium michelsonii Lincz.) өсімдігі ценопопуляцияларының жағдайы және оларды қорғау // Вестник КазНУ, сер. экол. - Алматы, 2012. –№ 4 (36). –196-204 б.

7. Ыдырыс Ә., Мұхитдинов Н.М. Реликті, эндемикалық және сирек Іле сасыры (Ferula iliensis Krasn. ex Korov.) өсімдігі ценопопуляцияларының жағдайы және оларды қорғау // РГП «институт ботаники и фитоинтродукции» Изучение ботанического разнообразия Казахстана на современном этапе. Международная научная конференция, посвященная юбилейным датам выдающихся ученых-ботаников Казахстана Алматы, 6-7 июня 2013.- 86-90 б.

8. Пименов М.Г., Клюйков Е.В. Зонтичные Киргизии. КМК Scientific Press Ltd., 2002. – 288 c.

9. Сафина Л.К. Ферула Средней Азии и Казахстана. Алматы. – 2012. – 244 с.

10. Коровин Е.П. Дифференцирующая роль условий существования в эволюции растений: Род Ferula L. В кн.: Растения и среда. Труды лаборатории эволюционной экологии. – 1940. – С.237-274.

11. Коровин Е.П. Иллюстрированная монография рода Ferula (Tourn) L. Ташкент. – 1947. -91 с.

12. Флора Казахстана, Алма-ата, 1964. Т. VI. С 293.

13. Мухитдинов Н.М., Аметов А.А., Абидкулова К.Т. Жумабекова Ж., Ыдырыс А. Семенная продуктивность редкого, эндемичного вида юго-востока Казахстана Ferula iliensis Krasn. еx Korov. // Материалы III международной научной конференции «Интродукция, селекция и защита растений». – Донецк, 2012. – С.210.

14. Полевая геоботаника., М., АН СССР,1964, т.3.- 530 с.


  1. Работнов Т.А. Жизненный цикл многолетних травянистых растений в луговых ценозах // Тр. БИН АН СССР, Сер. 3, Геоботаника. М.; Л., 1960, Вып. 6, С. 70-205.

  2. Уранов А.А. Онтогенез и возрастной состав популяций // Онтогенез и возрастной состав популяций цветковых растений, М., 1967, С. 1-12.


References
1. Studies on floristic and medicinal properties of plants in different sacred groves of cuddalore district, tamilnadu, india1st sept 2012/ Life sciences Leaflets 9: 35-45,2012 FREE DOWNLOAD ISSN 2277-4297(Print)0976–1098(Online) 36 P.

2. Peev D, Delcheva M (2007) Florogeographical Elements and Evolutionary Trends in the Bulgarian Flora: in: Biogeography and Ecology of Bulgaria, Monographiae Biologicae 82:571–579 PP, doi:10.1007/978-1-4020-5781-6_21

3. ARMSTRONG, D.P. & SEDDON, P.J. (2008) Directions in reintroduction biology. Trends in Ecology and Evolution, 23, 20–25 PP.

4. BAJOMI , B., PULLIN, A.S., STEWART, G.B. & TAKACS-SANTA, A. (2010) Bias and dispersal in the animal reintroduction literature. Oryx, 44, 358–365 PP.

5. The fourth national report on progress in implementation of the convention on biological diversity /Republic of Kazakhstan/ ASTANA, 2009, 3 P.

6. The state of coenpopulations of endemic, relict and rare species plant Lіmonіum mіchelsonіі and their protection // Bulletin KazNU, Ser. Ecol. - Almaty, 2012. - № 4 (36). -196-204 P..

7. . The state of coenpopulations of endemic, relict and rare species plant Ferula iliensis Krasn. Ex Korov and their protection// Republican State Enterprise "Institute of Botany and Phyto" The study of botanical diversity of Kazakhstan at the present stage. International scientific conference dedicated to the anniversaries of prominent botanists of Kazakhstan, Almaty, 6-7 June 2013. - 86-90 P.

8. Pimenov M.G., Klyuykov E.V. Umbrella Kyrgyzstan. KMK Scientific Press Ltd., 2002. - 288 p.

9. Safina L. K. Ferule of Central Asia and Kazakhstan. Almaty. - 2012. - 244 p.

10. Korovin E.P. Differentiating the role of the conditions of existence in the evolution of plants: Genus Ferula L. In.: Plants and the environment. Proceedings of the Laboratory of Evolutionary Ecology. - 1940. - P.237-274.

11. Korovin E.P. Illustrated monograph of the genus Ferula (Tourn) L. Tashkent. - 1947. -91 C.

12. Flora of Kazakhstan. - Alma-Ata, 1964. - T. 4. - P. 72 – 76 PP.

13. Mukhitdinov N.M., Ametov A.A., Abidkulova K.T., Zhumabekova J., Ydyrys A. Seed production of rare, endemic species of the south-east of Kazakhstan Ferula iliensis Krasn. Ex Korov. / / Proceedings of the III International Conference "Introduction, selection and plant protection." - Donetsk, 2012. - P.210.

14. Field geobotany., Moscow, USSR, 1964, v.3. – P. 530.

15. Rabotnov T. A. The life cycle of perennial plants in the meadow cenoses / / Proc. BIN Akad. 3, Geobotany. Moscow, Leningrad, 1960, Issue 6, PP. 70-205.

16. Uranov A. A. Ontogeny and age composition of populations / / Ontogeny and age structure of populations of flowering plants, Moscow, 1967, PP. 1-12.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет