ҚҰрастырушыдан



жүктеу 0.9 Mb.
бет2/5
Дата17.06.2016
өлшемі0.9 Mb.
1   2   3   4   5

Ж.Аймауытов
Бұл дәуірде, өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес.

М.Әуезов
Тілдің тірікшіліктегі мәніне қазақ ежелден көңіл бөлген. Сондықтан да “өнер алды- қызыл тіл” дейді.

С.Мұқанов
Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік.

К.Паустовский


Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын.

Р.Ғамзатов


Тіл – ұлттың жан дүниесі.

Л.Толстой


Қандай да болсын халықтың әдет-ғұрпын үйренгің келсе, алдымен оның тілін үйрен.

Пифагор
ЖАСАЙ БЕР, АНА ТІЛІМ –

ҚАЗАҚ ТІЛІ!

(Тақырыптық кеш)

Ана тілі бәрінен де биік- ханнан да,

қарадан да. Саясатшылар келеді,

кетеді, ал ана тілі – мәңгілік.

Осыны есте ұстайық.

Марат Қабанбай.
Мақсаты: Оқырмандардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін қастерлеуге баулу.

Дайындық кезеңі: Оқырмандарға ана тіліне арналған өлең шумақтары мен әндер жаттап келуге тапсырма беріледі.

Безендірілуі: “Қазақ тілі – болашағым, ертеңім...” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.
Сахнаға екі бастаушы шығып, М.Қанафияұлының “Жасай бер, ана тілім!” өлеңін оқиды.
1-бастаушы: Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,

Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.

Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,

Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.


2-бастаушы: Жанымды жадыратқан бала тілім,

Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім,

Жаралып жермен бірге, күн көзімен,

Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.


1-бастаушы: Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,

Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.

Жиһанкез желмаялы Асан қайғы,

Жер-жерге баға берген сынды тілім.


2-бастаушы: Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,

Жырлатқан елдік, ерлік азаттығын.

Жұлдызды құдіреттің туы болған,

Жауынгер ана тілім – қазақ тілім.


Бірнеше оқырман тіл туралы жазылған қанатты сөздерді оқи отырып, бір-біріне сұрақтар қою арқылы пікір алысады.
1-бала: - Мен саған “осы тіл не үшін керек?” деген сұрақты қойғым келіп отыр.

2-бала: - Досым –ау, тіл бір-бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет қой. Апай “Тіл – қарым-қатынас құралы” деп түсіндірді емес пе?

1-бала. - Жарайды, тіл – қарым-қатынас құралы-ақ болсын, онда адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Ана тілі деп бөлгені несі?

3-бала: - Ой, айтқышбегім-ай. Кез келген адамның өз анасы болатыны сияқты дүние жүзіндегі халықтардың да өз анасы, өз тілі, өз Отаны бар емес пе?

4-бала: - Балалар, ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз анамыздың тілі ғой. Ал ана деген – бәрінен қастерлі, аяулы да асыл жан.

5-бала: - Мен сендерге Әли Әпекұлы деген ақынның ана тілі туралы мына өлеңін оқып берейін:

Ана тілім – бала шағым өркенім,

Ана тілім – болашағым, ертеңім,

Ана тілім – сайын далам, жер, көгім,

Ана тілім – арман, ойым, өрнегім.


Ана тілді білмесем,

Шат-шадыман күлмес ем,

Жер бетінде сайраңдап,

Қазақ болып жүрмес ем.

6-бала: - Керемет екен. Ал Әбділда Тәжібаев атамыздың мына өлеңі естеріңде ме?

Туған тілім - тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сөз ойдағы

Өссе тілім – мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.

7-бала: - Ақын апаларымыз да тіл туралы тамаша өлеңдер шығарған.

Тұрсынхан Әбдірахманова деген әрі ғалым, әрі әнші, әрі ақын апамыз былай депті:

Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,

Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!

Тілім барда ғана мынау ғаламның

Кілтін табар саналысы сезінем.

О, адамдар, қадіріне жетіңдер,

Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!
8-бала: - Дұрыс-ақ, бірақ кейде өзінің ана тілін сыйламайтын, білгісі келмейтіндер де кездесіп қалады. Олар туралы не айтар едіңдер?

9-бала: - Әрине, адамның бәрі бірдей емес, түсінігі төмен, білімі таяз кейбір мәңгүрт жандар болатыны рас, ондайлар жайлы қырғыз ақыны Сарноғаев былай деген:

Ана тілін білмеген –

Ақылы жоқ желік бас.

Ана тілін сүймеген –

Халқын сүйіп жарытпас.

10-бала: - Ал халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ.Мүсірепов атамыз:

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!

11-бала: - Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл ғой.

12-бала: - Иә, иә, оның рас. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.

13-бала: - Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы.

14-бала: - Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.

Бәрі: Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!
Ә.Тінәлиевтің “Ананың тілі” әні

1-бастаушы: - Ал, балалар, енді “Жалғасын тап” ойынын ойнайық.

Ойынның шарты бойынша мақал-мәтелдің, қанатты сөздердің жалғасын табу керек.

1. Тіл - адам ойының ... (айнасы)

2. Аңдамай сөйлеген ... (ауырмай өледі)

3. Ойнап сөйлесең де... (ойлап сөйле)

4. Тисе терекке, тимесе ... (бұтаққа)

5. Айтылған сөз, ... оқпен тең (атылған)

6. Бал тамған тілден ... тамар (у)

7. Көп сөз - ... (бос сөз)

8. Көп сөз - күміс, аз сөз - ... (алтын)

9. Жасыңда қылжаң болсаң, өскенде ... боласың. (мылжың)

10. Таза сөйлеу – биік ... (мәдениеттілік)
2-бастаушы: Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,

Жалықпай құпиялар ашқан тілім.

Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,

Жат жұрттан да достарын тапқан тілім.


1-бастаушы: Бұл жанды тіл – менің азат тілім,

Жадымда талмай самғар қанат тілім.

Жыр-қуат, сөзі – ана уызындай,

Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!


2-бастаушы: Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-

бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық!

Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.

Әнұран елді басқа жерде таныстырушы, сондықтан тіліміз әлемнің түкпір–түкпірінде естілуде. Ендеше, кешімізді Әнұранмен аяқтайық!

ТІЛ - БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ,

СОҒЫП ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМІЗ

(Әдеби ертеңгілік)
Дайындық кезеңі: Кітапхананың оқу залы. Тақырыпқа сай кітап көрмесі, гүл шоқтары, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.

Кітапханашы: Ана тілі – атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өнерлі, білімді, мәдениетті қоғамның белсенді азаматы болуды біз тіл арқылы үйренеміз.

Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды. Ол әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Әр азамат өз ойын ана тілінде білдіріп, білімінің жемісін сол тілде таратады, шығармасын ана тілінде жазып қалдырады.Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, дәлірек айтқанда, тұтастай кескін-келбеті. Адамды мұратқа жеткізетін тіл мен ата-дәстүрі. Ана тіліміз туралы М.Мақатаев, Ә.Тәжібаев, Д.Әбілев, М.Шаханов, Ж.Аймауытов сияқты көптеген ақиық ақындарымыз жырлар жазды.

Ән: “Ананың тілі – аяулы үні”

1-жүргізуші: Қазақ тілі – туын биік ұстаған,

Қазақ тілі – кең далама ұқсаған.

Қазақ тілі – мәртебелі, еңселі,

Құрметтеп отыр бүгін ел сені!


2-жүргізуші:Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Қазақ тілі – қазақ халқының тілі. Оның негізгі мекені – Қазақстан.

1-жүргізуші: 22 қыркүйек - Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні, халықтық мереке. Тілді қастерлеу - ізгілік пен мәдениеттілік белгісі.

2-жүргізуші: 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасында «Тіл туралы» жаңа Заң дүниеге келді. Қазақ тілі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға жеткен ұлы мәдени мұра. Сондықтан да ана тіліміз талай жырға арқау болған.

1-қыз бала: Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,

Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.

Ел бетіне қалай түзу қараймын,

Ана тілім, егер сені білмесем.

2-ұл бала: Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,

Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?

Сенсің менің қасіретім, шаттығым,

Сенсің менің тазалығым, пәктігім.


“Ана тілін сүйеміз”әні

3-қыз бала: Ең бірінші бақытым – халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – тілім менің,

Жас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.


Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Кім мықты? – десе біреу, - Отан дер ем.

Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?.

Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.

“Үш бақытым” (М.Мақатаев)
4-ұл бала: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана.


Туған жері – түп қазығы, айбыны,

Туған тілі – сатылмайтын байлығы.

Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі

Қадамыңа шуақ шашар үнемі.

Және туған тарихы,

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер.

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған,

Тамырсыздық басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың,

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана – тағдырымның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.

“Төрт ана” (М.Шаханов)
5-қыз бала: Ұйықтасам, ана тілде күбірледім,

Оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім.

Анамның ақ сүтімен сіңген тілім,

Бітпейді менің одан бұрын демім.


Сырласпай адамдармен тұра алмаған,

Бұл тілге – жарық күнге жыр арнағам.

Жоңғармен шайқасқанда осы тілде,

«Ақ жолдап» бабаларым ұрандаған.


Мәңгілік дана сөзбен жасар адам,

Сүйектен өтетін тіл аса қатаң.

Бұл тілде желмаям жортып келіп,

Кемеңгер кеңес берген Асан атам.


Мәңгі өлмес, мейлі, заулап көшер заман,

Жиреншедей дария шешен бабам.

Қазыбек, Төле, Әйтеке ердің құнын,

Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам.

“Тілім менің” (Қ.Мырзалиев)
6-ұл бала: Тіл сенің –

Ең қайратты арыстаның!

Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.

Тіл сенің –

Жүректегі жүйрік елшің,

Көк орман, көк арайлы бағыстаның!

Тіл сенің –

Өмірдегі өрнек сырың,

Тіл сенің –

Көмейдегі күміс жырың!

Аспаның,

Айың,


Күнің,

Ауаң,


Демің,

Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.

Тіл сенің –

Жігіттік, балалығың,

Өмірдегі адамдық даралығың.

Тіл сенің –

Шағын жорғаң шын тайпалар,

Сайысса саңлақ сөзде ер байқалар!

Жүйрік тіл жүректерді тебірентпесе,

Шешен деп, шежіре деп кім айта алар?

Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,

Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.

Досқа – бал,

Дұшпанға – у,

Қайран тілдің,

Достарым, құдіретін осыдан сез!

Тіл сенің –

Тірліктегі жан ләззатың!

Тіл сенің –

Ар,


Арманың,

Махаббатың.

Адамдық бар қасиет тіл мен мида,

Ұғынсақ, сонда мейір, шапағатың!

“Тіл сенің” (Ә.Әбілов)

7-қыз бала: Дәулет деген –

Ұғыңдар!

Кеше болса, бүгін жоқ.

Тілің болса – күнің бар,

Тіл болмаса – түгің жоқ!

Тілім – шипам, дәрім де,

Мәңгүрт болып күн көрем.

Абыройдың бәрін де

Маған осы тіл берген.


Тілсіз келген білімнің,

Түбі нағыз қиғылық.

Көсегесін тілімнің

Көтеремін ту қылып.


Ақын көзі жұмылмас,

Жырдың көзі жұмылмай

Елдің туы жығылмас,

Тілдің туы жығылмай.

“Тілдің туы” (Қ.Мырзалиев)
“Атамекен” әні
1-жүргізуші: Тамаша өлең таңдайға татып балдай,

Өз тілінде жыр оқу бақыт қандай!

Жан-дүниең жарқырап сала берер,

Ағарып келе жатқан атып таңдай.

2-жүргізуші: “Туған тіл – тұғырың, туған тіл –қыдырың” дегендей, туған жер, туған тіл адамға қандай ыстық, қандай қымбат! Оның қасиетін, қадірін бір сөзбен, бір өлең шумағымен айтып жеткізу мүмкін емес.Тіліне зер салыңдар бұрынғының,- дей келіп, бүгінгі тіл мерекесіне Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер келгенін қуанышпен хабарлаймыз. Сол кісілердің ауылдарын аралап, аталы, шешендік сөздерін тыңдайық.
“Төле бидің төрелігі”.

Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына бұдан көп жыл бұрын үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:

Ақты ақ деп бағалар,

О, игі жақсы ағалар.

Өзегі талса ел біткен,

Өзен бойын жағалар.

Би: “Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без” деуші еді. Мына бала кім өзі?

Төле: О, би аға, он үште отау иесі демес пе.

Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?

Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,

Алакөз болу ағайын адамға лайық па?

О, игі асқар тауымыз,

Әділ ме осы дауымыз?

Жар астында тұрғанда,

Жасырынып жауымыз.

Би: Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса аға ғой.

Балам, ағалық билікті саған бердім.

Төле: “Сары табақтан сарқыт қайтады” деген, билікті маған

берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын.

Би: Үй баласы ма деп едім,

Ел баласы екенсің.

Ақ маңдайлы арысым,

Талабың алдан өтелсін.

Ауылыңның таңы бол,

Маңдайдағы бағы бол деген екен.

1-жүргізуші: Қазыбек биге бір адам: “Кім жақын, не қымбат, не қиын?” деген үш сұраққа жауап беріңізші, - деп қиылып отырып алыпты.
Сонда Қазыбек:

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын.

Инабатты болса, келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын,

Қимас жақын қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын,

Адал болса, досың жақын.

Еркелейтін немерең жақын,

Өз ұрпағың – шөберең жақын,

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де әйелің жақын.

Алтын ұяң – Отан қымбат

Құт берекең – атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Туып, өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

Ұят пен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.
Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын,

Дәл осындай жағдайда,

Пана болмас өз үйің.

Жазылмас дерт қиын,

Не істеріңді біле алмай

Ашиды сонда бас миың, - деп жауап беріпті.
Кітапханашы: Ал, балалар, тіл туралы көптеген өлеңдер оқып, ойларыңды ортаға салдыңдар, көп рахмет. Халқымыздың бай тілін меңгеру, көркейту, қыр-сырын танып білу әр азаматтың қолынан келетін дүние. Тілді қорғап, қастерлеу, әрқайсымыздың міндетіміз, парызымыз екенін ұмытпайық! Әдеби ертеңгілікті Қожаберген жыраудың “Баба тілі” атты өлеңімен қорытындылауды жөн көрдім.

Баба тілін қадірле,

Болашақтан түңілме!

Айналайын, боздақтар,

Аралас тілге үңілме!

Миды оят, жамиғат,

Қазақша алтын, жезіңді.

Қазақша жазбай жүргенді,

Түзет құрып тізгінді

Хат жазылсын өзара,

Жетілдір, қазақ, сөзіңді.

Жат алдында ез болмай,

Берік ұста өзіңді.

Асан қайғы, Жиренше,

Сөйлеп өткен қазақ тіл.

Әз Жәнібек, Қойшыбай,

Сыйлап өткен ғажап тіл.

Осы тілді жек көрген,

Дүниеден қалар құр.

Бағаласаң шынымен,

Баба тілің асыл – нұр.
“Анамның тілі” әні .

Әдеби ертеңгіліктің соңын концерттік бағдарламамен аяқтауға болады.


ТІЛ – ЖАНЫҢ, ТІЛ – ҚАНЫҢ,

ТІЛ – АРЫҢ, ТІЛ - ӘНІҢ

(Әдеби ойын – сайыс)
Кітапхананың оқу залы тіл туралы ұлағатты сөздер, ребус, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер және гүл шоқтарымен безендірілген. “Тіл – халық қазынасы” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, қазақ тілін зерттеушілердің портреттері ілінген.

Кітапханашы: Құрметті көрермендер, оқырмандар, бүгінгі ойын-сайысымыз ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттырып, таза, шешен сөйлеуге, елін, тарихын, тілін сүюге тәрбиелеу мақсатында өтеді. Ойын-сайыс әнұранмен басталады. Оқырмандар “Қыран”, “Ұлан” топтарына бөлінеді.


“Қыран” тобының ұраны: Ардақтайық, ана тілді!

“Ұлан” тобының ұраны: Менің тілім - мәңгі өлмейтін өлең-жыр


І. Сұрақтар жазылған карточкалар салынған конверттерді топ жетекшілері алып, жауап береді.

· Қазақстан қандай мемлекеттермен шектеседі?

(Қазақстан жері ұлан – ғайыр. Солтүстіктен оңтүстікке дейін 1500 шақырым болса, батыстан шығысқа дейін 3000 шақырымды алып жатыр. Оның батысы Каспий теңізімен, шығысы Алтай тауымен, оңтүстігі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, ал солтүстігі Ресеймен шектеседі).

· Еліміздегі ең биік тау шыңы

(Хан тәңірі)

· Қызыл кітапқа енген грейг жауқазыны қай қорықтың эмблемасы болып табылады?

(Ақсу-Жабағылы қорығы)

· Менделеев кестесіндегі 105 элементтің қаншасы біздің еліміздің кен қойнауында бар?

(99)

· Қазақ спортшылары арасынан тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанған кім?



(Балуан Жақсылық Үшкемпіров)

· Дүние жүзіндегі ең биік шың – Джомолунгманы (Эверест) бағындырған (8848м) қазақ альпинисі кім?

(Қазбек Уәлиев)
ІІ. Кітапханашы: 1. Жеті ұғымы. Табиғаттың тылсым сыры көп. Көшпенділер ұғымында күннің көзі 7 бөлікке бөлінеді. Аптада 7 күн. Бір ғажабы, бұл атаулар өзгермейтін өлшем бөліктері. Қазақта 3,5,7 сандары киелі болып есептеледі. Білімдар кісіні “Жеті жұрттың тілін біледі” дейді. Әз

Тәуке ханның “Жеті жарғысы” мен жеті қазына атауларындағы 7-лік санның тектен-тек тумағандығы айқын. “Жеті атасын білмеген жетесіз” деген даналық тұжырым ұрпақ көшінің үзілмеуін тілеген ізгі ниеттен шықты.


1. Жеті жұмбақ сайысы

Жеті жұт.

1. Құрғақшылық

2. Жұт

3. Өрт


4. Оба

5. Соғыс


6. Топан су

7. Зілзала


Жеті қат көк

1. Ай


2. Меркурий (Шоқ жұлдыз)

3. Шолпан

4. Күн

5. Марс (Өмірзая)



6. Муштари (Юпитер)

7. Сатурн


Жеті жетім

Тыңдамаған сөз жетім,

Киюсіз тозған бөз жетім,

Иесіз қалған жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім,

Аққу, қазсыз көл жетім,

Жерінен айырылған ел жетім,

Замандасы қалмаса,

Бәрінен де сол жетім.
Жеті қазына

1. Сұлу әйел

2. Ер жігіт

3. Қыран бүркіт

4. Берен мылтық

5. Жүйрік ат

6. Құмай тазы

7. Ақыл, білім

Кітапханашы: Осы арада сергіту сәтін пайдаланып, бір оқырман ақын Ермек Өтетілеуұлының жеті ұғымына арналған “Жеті, жеті” өлеңдер топтамасынан үзінді оқып береді.
Жеті саны

Киелі сан «жеті» деген,

Байланысты жетіменен.

Көп ұғымы халқымыздың,

Белгісіндей салтымыздың.

Жеті қат көк жер үсті,

Жеті қабат жер асты.
Жеті Жарғы – заң жеті,

Қазынамыз бар жеті.


Жеті атамыз – тегі жұрт,

Ағайынды жеті жұт.


Қызықтырар құбыла,

Жеті түсті шұғыла.


Жерде 1- жеті керемет,

Жеті шелпек – берекет.


Сөз, сөйлемдер бағынар,

Жеті септік тағы бар.


Жеті қазына

Жүйрік аты – жігіт қаны, қанаты,

Қыран құсы- қарым күші, қуаты.

Алғыр иті – бастан берік сенімі.

Берен мылтық – сөнбес оты, серігі.

Қақпан-тұзақ – ау-жылымы, әдісі.

Өнер-білім – байлығының мәндісі.

Қазақ-ошақ – берекесі тірліктің.

Осы – жеті қазынасы жігіттің.
Жеті жас

Бір жасымда қаздаң бастым,

“Тұсау” деген таудан астым.

Екі жаста еркін сөйлеп,

Еркеледім менмін деп.

Үш жасымда үлкендердің,

Сөзін ұғып, соңына ердім.
Төрт жасымда талаптанып,

Тақпақ айттым, жаттап алып.


Бес жасымда

“Сүндеттелдім”-

“Мұсылмандық міндет”, - дедім.
Алты жаста атқа міндім,

Шауып желіп, тоқтай білдім.


Жеті жаста мектеп бардым,

Ұқтым білім, еңбек барын.


Жеті күн

Дүйсенбіде – Делиде,

Сейсенбіде – Сеулде,

Сәрсенбіде – Сібірде,

Бейсенбіде – Берлинде,

Жұма күні – Меккеде,

Сенбі күні – Стамбулда,

Жексенбіде – Жайықта

Болдым! – десем,

Айып па?


Күдігіңді ұғамын,

Бірақ, шын бұл, жарқыным, -

“Саяхатқа” шығамын,

Теледидар арқылы.

Жеті түс

Жаңбыр жауып басылды,

Күн де шықты жарқырап.

Аспан шайдай ашылды,

Құлпырды бар атырап.
Түрлі түстер құбыла,

Көк жиекке шашылды.

Алып доға, шұғыла –

Кемпірқосақ асылды.


Қыр гүліндей қызыл түс,

Қоңыр-қызғылт лағыл түс.

Алтын сары асыл түс,

Жапырақтай жасыл түс.

Көл түсі бар – көгілдір,

Аспан түсі – көк мөлдір,

Бозғылт тартқан күлгін түс.

Осы жеті, білгін түс,

Сәнді сұлба салады,

Көздің жауын алады!


Жеті ата

Әлди, әлди, әлди-ай!

Тыңда, бөпем, қалғымай.

Сенің атың – Балғынбай,

Белбаласың сен маған,

Әке болам мен саған.


Әлди, әлди, әлди-ай!

Менің атым – Малдыбай,

Әкем менің – Қалдыбай.

Болады Ата ол саған,

Немересің сен оған.
Ал атаңның Қалдыбай

Әкесі еді – Сандыбай.

Арғы ата ол саған,

Шөбересің сен оған.

Әлди, әлди, әлди-ай!

Арғы атаңның Сандыбай,

Әкесі еді – Жандыбай.

Баба болар ол саған,

Шөпшексің, ал сен оған.
Әлди, әлди, әлди-ай!

Ал, бабаңның Жандыбай

Әкесі еді – Мәндібай.

Түп ата ғой ол саған,

Неменесің сен оған.
Әлди, әлди, әлди-ай!

Түп атаңның Мәндібай

Әкесі еді – Сәндібай.

Тек ата ғой ол саған,

Туажатсың сен оған.
Әлди, әлди, әлди-ай!

Бесік жырым бұл менің:

Жеті атаңды біл дедім.

Күнде айтамын осылай,

Жаттап өскін осыны-ай!

Әлди, әлди, әлди-ай!


Жеті септік

Атау айтты:

- Кім бұл бұзған ережені?

Не зат соққан терезені!

Ілік ілді:

- Кімнің ісі дүрліктірген?

Ненің буы желіктірген?

Барыс білмек:

- Кімге сотқар ерегісті?

Неге қылды дөрекі істі?

Табыс таппақ:

- Кімді бұның басынғаны?

Нені көздеп, тасынғаны?

Жатыс жатыр:

- Кімде кегі келесі? – деп,

Неде кетті есесі? – деп.

Шығыс шықты:

- Кімнен алған үлгісі? –деп,

Неден туған бұл ісі? – деп.

Ал көмектес:

- Кіммен, - деді, - адасып жүр?

Немен оған қарасып жүр?

Жеті септік сұрақтарын

Жатқа білгін, шырақтарым!


Кітапханашы: Келесі ойын-сайысымыз – Тапқырлық.

1. Шешендік өнер. Тарихта Тәуке хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым батыр тағы басқа белгілі адамдармен қатар, Жиренше, Досбол, Жидебай, Сауытбек, Қылышбай т.б. шешендердің аты белгілі. Халық шешендік сөздерді заман өткен сайын әрлеп, әсерлеп ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде. Би – шешендердің жиналған ортасы.

1   2   3   4   5


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет