Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Қазіргі кезеңНІҢ саяси институттары саяси партиялар деген



Дата13.06.2016
өлшемі136.27 Kb.
#131795
түріРеферат

ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢНІҢ САЯСИ ИНСТИТУТТАРЫ

Саяси партиялар деген не? Партия – латын сөзінен алған­да «бөлік», «бөлісемін» деген мағынада ХІХ ғасырға дейін партия деп үкіметтің және парламенттің құрамында бәсекелес топтарды атаған. Неміс ғалымы Макс Вебер партияның дамуын үш кезеңге бөледі: аристократиялық топ, саяси клуб, бұқаралық партия. Алайда аталған үш кезеңнен өткен ағыл­шынның екі партиясы ғана болды: либералдар (вига) және консерваторлар (тори). АҚШ-тағы азаттық күресі мен Ұлы Француз революциясы қоғамдық өмірді жандандырып, саяси күштерді тарихи аренаға шығарды, ішкі ұйымдық заңдары, айқын бағдарламалары бар саяси партиялар пайда болды. Жұмысшы табы мен еңбекші бұқараның саяси күреске ара­ласуы таптардың күресінің авангарды саяси партиялар жүйесін туғызды.

Қазіргі партияның анықтамасы екі жүзден асады. Дегенмен партия дегеніміз – белгілі бір таптың немесе әлеуметтік топ­тың үкіметті басқаратын төбе топтың мүддесі үшін күресетін белгілі бір идеологиялық негізде ұйымдасқан, бағдарламасы мен жарғысы бар, айқын мақсатты алға қойған, сол үшін күресетін адамдардың тобы.

Кейінгі мәліметтер бойынша бүкіл әлемде әр түрлі саяси бағыт ұстаған 600-дей партия бар. 19 елде партия құруға тиім салынған, 29-ында жалғыз ғана басқарушы, үкіметтік партия, ал 129 елде бірнеше саяси партиялар жұмыс істейді.

Өзінің саяси бағдарларына қарай партияларды – солшыл, оңшыл және центристік; іс-қимылының сипатына қарай – ре­формистік, радикалды және экстремистік; ұйымдық принцип­теріне қарай – кадрлық және бұқаралық, авторитарлық, тота­литарлық және фашистік партиялар болып бөлінеді.

Бұрынғы Кеңес елінде бірпартиялық монополияның жойыл­уы, бірорталықтық бюрократтық Одақтың ыдыруы, ұлттар мен ұлыстардың егемендік алуы, саяси, экономикалық және идея­лық пікірлер сан алуандығының жариялануы саяси партиялар мен ұйымдардың, бұқаралық қозғалыстардың жаңа толқын­дарын туғызды. Соның бірі – Қазақстан Республикасы. Мұнда қазір 15-тей саяси партия, 300-ден астам қоғамдық ұйымдар тіркелген. Оның ішінде Социалистік партия, «Азат» республи­калық партиясы, «Қазақстан халық бірлігі» одағы, Қазақстан халықтық Конгресс партиясы, т.б. бар. Бұлардың барлығында ортақ мақсат-мұрат: парламенттік партияға айналу, Қазақстан­ның егемендігін нығайту, еліміздің әлем таныған экономикасы қуатты, мәдениеті гүлденген, терезесі тең елге айналдыру, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін нығайту, шовинизмге де, жершілдік-ұлтшылдық сепаратизмге де жол бермеу, елімі­здің территориясының біртұтастығын қорғау, т.б. Сонымен бір­ге әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар.

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша саяси партиялар, бұқаралық қозғалыстар құруға ерік берілген. Кон­ституцияның 10-тарауының 56-бабында «Партиялар азамат­тардың саяси ерік-жігерін қалыптастыруға және оны білдіруге жәрдемдеседі. Саяси партиялардың құрылуы, тоқтатылуы және қызмет тәртібі заңмен белгіленеді», – делінген. Діни негізде саяси партиялар құруға жол берілмейді. Бірақ дінге сену – әр адамның ұждан бостандығы.



Парламенттік партия туралы. Саяси партиялар өздерінің саяси бағдары бойынша – солшыл, оңшыл және центристер, іс-қимылының сипатына қарай – радикалды және экстремистік, жұмысты ұйымдастыру мен әдіс-айлалары бойынша – демо­кратиялық, авторитарлық, тоталитарлық және фашистік болып бөлінеді деп жоғарыда жіктеп өттік.

Американың белгілі тарихшысы, әрі саясатшысы, Пристон университетінің профессоры Стивен Коэн партиялардың мы­надай тұрпатта да болатындығын көрсетеді: саяси аван­гардтық рөл атқаратын партия, парламенттік партия. Парла­менттік партия мынандай екі түрлі қызмет атқарады: бірін­шіден – сайлауға дайындық, екіншіден – парламент жұмысына бақылау жасау. Әрине мұндай классификацияны шартты түрде қабылдауымыз керек.

Біздің тарихи тәжірибемізде бұрын-соңды парламенттік партия болып көрген емес. Алайда қоғамымыздың саяси жүйе­сінің демократиялануы, құқықтық мемлекеттің құрылуы, халық­тың саяси санасының оянып, белсенділігінің артуы саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың бұрын болмаған жаңа толқындарын туғызды. Соның ішінде «Қазақ­стан халық бірлігі» партиясы, «Азат» республикалық партиясы, Қазақстан халықтық Конгресс партиясы, Қазақстан социалистік партиясының саяси бағдарламаларында республика азамат­тарын ерікті түрде біріктіретін парламенттік үлгідегі партия болады делінген.

Партиялық күрес – саяси билік үшін күрес. Алайда Қазақ­стан Республикасының саяси партияларының саяси мақсат­тарға қол жеткізу үшін зорлық-зомбылықтың кез келген ныса­насын теріске шығарып, оппозициялық, парламенттік күрес жолын қалайтындығы ашық айтылған. Өркениетті елдердің барлығына да парламенттік партиялар мол тарихи тәжірибе жинақтады және бұл жолдың дұрыстығына көз жеткізді.

Осыған орай парламенттік жүйе туралы айту керек. Парламенттік жүйенің отаны Ұлыбритания болып табылады. Онда парламенттік жүйе XVII-XVIII ғасырлардың шегінде қалыптасады. Одан кейін оның отарлары Канадаға, Австра­лияға, Жаңа Зеландияға, Ирландияға, Ямайкаға және Кариб бассейніндегі едердің көпшілігіне енгізіледі. Парламенттік жүйе Еуропаның мемлекеттерінде де өте кеңінен тарады. Мәселен, бұл жүйені қабылдаған елдер қатарында Швеция, Норвегия, Дания, ГФР, Австия, Швейцария, Италия, Испания, Португа­лия, Бельгия, Венгрия бар. Ал Азияда, Жапонияда, Израильде, Сингапурда өкімет бірлігі парламенттік жүйенің принцип­терінде қалыптасқан. Парламенттік монархиялар да бар.

Парламент – билік деген сөз. Парламенттің басты міндетіне біздің өмір сүру ережелерімізді жасау, қалыптастыру жатады. Міне осы жағдайда парламент қабылдайтын заңдардың өмірге етене жақын, тиімді болуы үшін оларды жасауға қолынан іс келетін, білімді де білікті іскер адамдардың қатысқаны дұрыс. Бұлар ең алдымен заңгерлер, экономистер, соның ішінде міндетті түрде ғалымдар да болу керек. Ғалым басқарған ел жаман болмайтыны белгілі. Ал бізде, неге екені белгісіз, әлі күнге дейін «аспаз да ел басқарады» деген қате ұғым қалыптасқан.

Оның қате екенін тарихтың өзі дәлелдеп берді. «Құл жиы­лып бас болмас, құм жиылып тас болмас» дейтін мақалдың негізінде осындай ащы шындықтың жатқандығын байқаймыз.

Президенттік басқару. Өркениеттің қазіргі кезеңінде мем­лекеттік басқарудың екі түрі орнықты. Олар – монархиялық және республикалық басқару. Әлемдегі 225 мемлекеттің 24-інде мемлекет басшысы монарх болып саналады. Әрине оны бәрі – ұлттық рәмізді, оның тарихи-саяси дәстүрін сақтау, құрметтеудің белгісі. Ал шын мәнінде олардың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына араласуы, іс-қимылы консти­туциямен шектелген. Басқа 58 мемлекеттің басшысы – прези­денттер. Демократиялық республиканы басқарудың өзі екіге бөлінеді: президенттік басқару және парламенттік басқару. Президенттік басқарудың классикалық түрі АҚШ-та басталған және әлі жалғасып жетіліп келеді. Президент – әрі мемлекет басшысы, әрі үкімет басқарады, яғни бүкіл атқару билігі түге­лімен президенттің қолында. Мемлекет басшысы парламент­тен тысқары сайлаушылар өкілдерінің арнаулы алқасында сайланады, ал Мексика, Бразилия, Боливия, Колумбия, Венесуэла, т.б. кейбір елдерде президент төте сайлау жолы­мен сайланады. Бұл АҚШ президентінің бүкіл сайлаушылар атынан сөйлеуге, конгреске тікелей бағынышты болмауына құқық береді. Кабинетті өзі құрайды, ал 394 қызметті сенаттық келісімімен бекітеді, мемлекеттің негізгі ішкі және сыртқы саясатын сенат арқылы іске асырады. Прези­дентті мерзімінен бұрын орынынан алу мынадай екі жағдайға байланысты бо­лады: біріншіден, сот шешімі оны кінәлі деп тапса (импичмент), екіншіден, өз еркімен осы қызметтен кеткісі келсе ғана.

Президенттікке сайланатын тұлғаға қойылатын талаптар: 36 жастан асқан ер кісі, ақ нәсілді, протенстант, жанұясы бар, университеттік білімді, спортпен айналысатын, коррупция және қылмыскерлермен аяусыз күресетін, губернаторлық қыз­мет тәжірибесі бар немесе конгресс мүшесі болған, шешендік қабілеті бар адам. Әрине бұл талаптардың бәрі сай келе бермегенімен негізінен осындай сипатта болуға тиіс.

Сонымен бірге президенттік басқарудың аралас және су­пер-президенттік республикалар да кездеседі. Призиденттік және парламенттік басқарудың аралас түрі Францияда, Порту­галияда, Түркияда, т.б. елдерде кездеседі. Ал Италия, Батыс Германия, Үндістан, Пәкістан, Грекия, т.б. елдерде президент мемлекет басшысы, мемлекет органдары арасында арбитраж­дық миссиясын атқарады. Еуропаның қуатты елдерінің ішінде тек Францияда ғана жартылай президенттік жүйе қалыптасқан. Ал Азия мен Африканың кейбір елдеріндегі президенттік институтқа келер болсақ, оларда жеке адамдардың тотали­тарлық және авторитарлық билік режимдерін көп жағдайда конституциялық жолмен бүркемелеу болып келеді. Үстіміздегі кезеңде Ресей Федерациясында және ТМД-ның басқа мемле­кеттерінде биліктің президенттік жүйесі қалыптасуда. Бұл рет­те көптеген күрделі мәселелер де тумай қоймайды. Сондықтан олардың шетелдік тәжірибелерге назары ауып отырғандығы белгілі.

Қазақстан Республикасында 1990 жылдың сәуір айында президенттік қызмет енгізілді. Қазақ халқының тарихында бұрын да мемлекеттер болғанымен оның тұңғыш Президенті болып Н.Ә. Назарбаев сайланды. 1990 жылдың қарашаның 20-жұлдызында Қазақстанда мемлекеттік билік құрылымы мен басқаруды жетілдіру және Конституцияға өзгерістер мен қо­сымшалар енгізу жайлы қаулыда Президент – Қазақ мемле­кетінің басшысы, оның ең жоғарғы атқару билігін жүргізуші деп жазылды. Президентке Министрлер кабинетіне жетекшілік ету міндеті нығайтылды.

Қазақстанда 1991 жылдың желтоқсанында тұңғыш рет Пре­зидентті бүкіл халық болып сайлады. Ал 1991 жылғы 16 жел­тоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жайлы Конституциялық Заң қабылданып, республиканың пре­зиденттік басқаруға өтетіндігі белгіленді. Саяси биліктің үш тармағының атқару билігін Президент басқарады. Оны іске асырудың жаңа жүйесі құрылды. Кабинеттің басқару функция­сы кеңейтілді, халық депутаттары атқару комитеттері тараты­лып, оның орнына тікелей басқару билігінің жүйесі: аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер құрылды.

Бұл егемендіктің нәтижесінде болған өзгерістер. Сонда егемендіктің басты ерекшеліктері болып табылатын белгілер – өз аумағымыз бен азаматтығымыз, дербестігіміз бен ел ішін­дегі мемлекеттік биліктің өз қолымызда екені, Конституция мен заңдардың үстемділігі, өз бюджетіміз бен қаржы-несие жүйесі, пәрменді құрылымдарымыз, халықаралық қатынастардағы еріктілігіміз көрініс тауып, баршамыз үшін ең қымбаттысы – мемлекеттік егемендігіміздің классикалық нысандары – елтаң­бамыз, туымыз, әнұранымыз бекітілді.

Енді міне жеке мемлекет болдық. Өз тізгініміз өз қолымызға тиді. Елдіктің басы – ел тарихын білуден басталса керек. Сол ақиқатты сезінбей, сол шындыққа жүгінбей, ұлы мақсат – тәуелсіз мемлекет бола алмаймыз. Осының баршасын түй­сініп, түсінсек қана – алдымыз жарық, келешегіміз нұрлы. Ең басты білетініміз одақтас республикалардың әлеуметтік-эконо­микалық өзара кіріптарлығының түпкі себебі – өзара сенім­сіздіктерінде жатқандығы. Бұл сенімсіздіктің қайнар көзі патшалық Ресейдің отаршыл саясатынан басталады. Отар­шылдықтың өзекті тұжырымдамалары социализм кезінде одан әрі шыңдала орнықты. Бұл тұжырымдама бойынша орыстан басқа ұлттардың жерінде толық өнім циклына жол бермеу тенденциясы ұдайы басшылыққа алынып отырды. Қарапайым шылымның қағазы Сібірде, фильтрі Кавказда, темекісі Карпат маңында дайындалуға тиіс болды. Орыстардың шовинистік психологиясы бойынша өзге ұлттарды тек осылайша жіпсіз байлап, кіріптар етіп ұстауға болады деп ойлайды. Нәтижесін­де, шын мәнінде кіріптарлықтан тұратын тоталитарлық-экономикалық жүйе пайда болды. Мұның өзі Маркстің түсіне де кірмеген, жаппай еңбекті жатсыну психологиясын тудырды. Адамдары еңбектен безінген қоғамның болашағы бедеулікке ұрынатыны қазірдің өзінде айқын аңғарылып отыр.

Енді әр республиканың таяу маңдағы ең өзекті мақсаты өз жерінде дайын өнімді әлемдік стандарт деңгейінде шығаруға ұмтылу және шикізат байлығына толық иелік ету болып отыр.

Республикамызда 1990 жылдың 24 сәуірінде президент институты қалыптасып, алғашқы рет бұл елбасы деген лауазымға Н.Ә. Назарбаев сайланды.

Президент – бүкіл ұлттың рәмізі, ар-намысы, абыройы сенімі, үлкен үміті. Осының өзі республиканың өтпелі кезеңіне соны жол салушы Президентке халық артқан жүктің қаншалық­ты салмақты екендігінің айғағы. Президент болып сайланған Н.Ә. Назарбаевтың біліктілігі, жігерлігі, жоғары ұйымдастыр­ғыш қабілеттілігі, халықтың жүрегіне жол тауып, сеніміне енуі нәтижесінде өзі де кемелденді. Күрделі де қайшылығы мол, шым-шытырық қиын заманда Президенттің ауқымдық дипло­матиялық қабілеті елдің ішінде жарасымдылық қарым-қатынас орнатса, халықаралық саясат кеңістігінде Қазақ мемлекетін бүкіл әлемге паш етті. Оған лайықты берілген «Жыл адамы» атағын бүкіл Қазақстан халқы зор қуанышпен қарсы алды.



Қорыта келгенде, ақылға сыйар парасатты түйіндер мен елдігімізді сақтауға, тарихта тұңғыш рет шын мәнінде бой түзеген қазақтың мемлекетін құру жолына әлемдік кеңістікке шығаруға күш салған ондаған парасат иелері мен жүздеген саясаткерлеріміздің өзін уақыт сүзіп, екшейді, қатыгез тарих­тың талқысына салады. Үш жүздің басын құрап, қазақты ел етуге ұмтылған Абылай аты тарихқа қалай кірсе, арғы-бергі ұлы елдермен тұғыры мен топсасы берік саясат жүргізу арқылы қазақ елінің аумақтық тұтастығын шегелеуге, Қазақ­станды әлем толық танитындай мәртебеге жеткізуге күш-жігерін аямай келе жатқан еліміздің алғашқы Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев та осылай кірері хақ. Заманында көшпелі елдің өз ыңғайына қарай жазылып, әлденеше ғасыр Ұлы Даланың өмірі мен тәртібін, жалпы тіршілігін, ішкі, сыртқы қарым-қатынасын реттеп отырған «Жеті Жарғы» ұрпақ жадын­да қалай жатталса, республика парламенті екі жыл дайындап, дүниеге алып келген тарихи құжат – азаттықтың алғашқы Ата Заңы да тарих төрінен өзіне тиесілі орнын солай алуға тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет