Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Есімшелердің қалыптасу тарихы



жүктеу 174.01 Kb.
Дата05.07.2016
өлшемі174.01 Kb.

Есімшелердің қалыптасу тарихы

Қазіргі қазақ тілінде есімшелердің -ған (-ген,-қан, -кен), -ар (-ер, -р, -е), -атын (-етін, -итын, -йтын), -ушы (-уші), -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) жұрнақтарының бар екендігі белгілі [12, 300 б.]. Бұлардың бәрі бірден қалыптаса қалған жоқ. Қазіргі қазақ тілінде қолданып жүрген туынды түбір етістіктерді жинақтап, оларды жасайтын жұрнақтарды саралай келіп, барлық фонетикалық варианттарымен қоса есептегенде 200-ге жуық аффикстердің қатысы бар екендігі байқалады [13, 141 б.].


Есімше тұлғаларының Орхон Енисей жазбаларында кездесетіндігін көп зерттеушілер байқаған. Айталық, есімшенің өткен шақ тұлғалары -мыш, -міш, -дұқ, -дүк ескерткіште баяндауыштық қызметте жұмсалады. Қазақ тіл білімін алғаш зерттеушілердің бірі. П.Я.Мелиоранский түркі тілдерінде -ған тұлғасы мен -мыш тұлғасы қатар жұмсалып келе жатқан тұлғалар екендігін анықтаған.

Қазақ тілінің грамматикасын бірінші рет тәртіптеген белгілі тюрколог (бірінші бөлімі (фонетика және этимология) 1894 жылы, екінші бөлімі (синтаксис, 1897 жылы) Санк-Петербургта басылып шықты) есімшелерді шақтық мағынасы бойынша екіге бөлініп тәртіптейді:

1) Өткен шақтық есімшелер: оларға «-ған, -ген» аффикстері арқылы жасалатын формалар жатқызылған (оқыған);

2) Келер шақтық есімшелер: оларға «-ар, -ер, -р» аффикстері арқылы жасалатын формалар жатқызылған.

Есімшелердің осы шағы туралы ол кісі жазбайды. Мұнымен қатар, мағынасына қарай бөліп, міндет мәнді есімше (долженствовательное причастие) терминімен келер шақтық есімшенің екінші түрін келтіреді. Бұған жатқызылғандар «-тұғын, -тын» түрлері (алатұғын, алатын) [14, 54 б.].

Автор мұнда қазақ тілі есімшелерінің шағы бойынша бөлінуін дұрыс көрсеткенмен, семантикалық мағынасы бойынша бөлінуінде кемшілік жіберген.

Түрік тілдерінің тұңғыш грамматикасының бірі - «Общая грамматика турецко-татарского языка» деген еңбегінде профессор Қазем-Бек есімшелік формалардың бәрін райлардың негізі деп көрсеткен. Бірақ кесте бойынша былай болғанмен, анатолы түрік тілінде автордың нақты амалдық формалар деп қарайтыны «-мыш» (бақмыш) «-ар, ер» (бақар) формалы есімшелер. Демек, есімшелерді септелмейтін, септелетін деп екі түрге бөледі де, етістіктердің райларын жасау жөнінде септелетін есімшені септелмейтін есімшеден бөліп қарайды. Мысалы, септелмейтін есімшелердің рай жасаудағы қызметін айта келіп, септелетін есімшелер туралы: «Мұны септелетін есімшелер туралы айтуға болмайды. Олардың қолданылуы сын есімдердің қолданылуы қандай болса, сондай», - деген пікір айтады [15, 12 б.]. Көне қолданыстағы -мыш, -дук тұлғалары қазіргі қазақ тіліндегі -ған, -ген формаларына жұмсалым жағынан жақын. Мысалы, Ұзә көк тәңірі, асра яғыз иер қылындунда екін ара кіши ұғлы қылынмыш – жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаратылғанда, екі арасында адам баласы жаратылған.

Біздің ойымызша -мыш тұлғасы -ған тұлғасына қарағанда көнелеу болып табылады. Орта ғасыр жазбаларында екі тұлға жарыса қолданылады:



Тіле йоқ дұр – дигеним,

Жалған сөзни білмәди

Көзи йоқ дигәним,

Намахра мыш көрмәди (Бақырғани)

Мұндай қатар қолданыстар Бақырғани шығармаларымен қатар Навои және Яссауи шығармаларында да көптеп кездеседі.

Есімшенің -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнақтары түрінде түбірге жалғанатын -қан, -кен және -ан, -ен жұрнақтарымен омонимдес келеді. А.Хасенованың айтуынша, бұл жұрнақ құранды: -қа,-ке аффикстеріне өздік етіс мағынасын беретін -л, -н аффикстерімен бірігіп жасалған. Мысалы, буырқан (буырқанып, буырқанған), жиіреніп (жиркеніп, жиіркенген), сескен (сескеніп, сескенген) және т.б. [16, 77 б.].

Бірдей тұлғада келген есімше жұрнақтары мен сөз тудырушы жұрнақтардың омоним екендігін және бір-бірінен айырмашылығын Ы.Маманов бөлген етістіктің синтагмалық құрамына қарап анықтауға болады:



  1. Түбір 3. Модификациялық

  2. Негізгі түбір 4. Функциялы [17, 73 б.].

Ы.Мамановтың көрсетуіндегі функциялық жұрнақтар өзара синтагма түзе алмайды. Яғни есімше, көсемше жұрнақтарының орны болымсыз етістік жұрнағы мен жіктік жалғауының ортасы. Айтушының мақсатына қарай бұлардың бір тұлғасы ғана қолданыла алады. Ал буырқанған дегендегі –қан, -ған жұрнақтарының бірі етістік тудырушы, бірі есімше жұрнақтарына жатады да, Ы.Маманов көрсеткен етістіктің синтагмалық құрамының бірі негізгі түбір жағына бірі функциялық жұрнақтар тобына кіреді. Яғни екеуі функциялық жұрнақтарды бөліп тұратын дәнекер көпір болымсыз етістік жұрнағының екі жағында орналасады. Бұның өзі оларды ажыратудың формалды белгісіне жатады деуге болады.

Есімшелер функциялық жұрнақ болғандықтан, шаққа қатысты түркітанушылар еңбегінде айтылған пікірлердің барлығында есімше жұрнақтары жөнінде сөз болып отырады. Салыстырыңыз, қазақ тіліндегі шақ категорияларынан -ған, -ген, -атын, -етін, -ар, -ер, -р; қарақалпақ тіліндегі –ған, -ген, -ар, -ер, -туғын; ноғай тілінде -ған, -ген, -ар, -ер; татар тілінде –ған, -ген, -ар, -әр, -аган, -әгән; башқұрт тілінде -ған, -ген, -ар, -ер, -әсак, -асак; өзбек тілінде -ған, -ген, -диган, -дигон, -ар, -ер: ұйғыр тіліндегі -ған, -гән, -ар, -әр; түркімен тіліндегі -ан, -ен, -ер, -ар, -жақ, -жек т.б. [18, 103 б.].

Ескі түркі әдебиеті жазу нұсқаларында -ар, -ер аффикстерінің синонимдері ретінде осы шақтың мағынасына жуық -асы, -есі формалары ұшырайды. Дегенмен шығыс түрік тілдерінің материалдары бойынша атрибутивтік қызметі -ар, -ер формасынан көп алшақ емес. (мысал үшін барасы йер – барар жер деген тізбектерді салыстырыңыз). Қазақ тіліндегі -асы, -есі формасының қазіргі қалдығына қарағанда, соңғыға (атрибутивтік формаға сәйкеседі. Мысалы, аласы ақша, бересі ақша. Субстантивтенген түрі: аласым бар, бересім бар.

Сібір тайпаларының тілін зерттеген Д.Г.Тумашева -ған тұлғасының үш парадигмалық қатары бар екендігін көрсетеді: алған – мын алған – пыс



алған – сың алған – сыс

алған – алға – нар [19, 63 б.]

-ған, -ген тұлғасы туралы А.Н.Баскаковтың пікірі мынадай: «Форма на -ғъан, -ген исторический относилось к группе форм, составляющие пассивные результаты действия, которые позже были приосмыслены в значении законченного, завершенного факта действия, а затем получили семантику причастия прошедшего времени, сохранившего еще однако, семантическую связь с прежним своим значениям завершенного факта действия безотносительно к категории времени» [20, 438 б.]. М.Оразовтың ойынша А.Н.Баскаковтың пікірі логикалық жақтан алғанда дұрыс, бірақ тілдік материалдар негізінде оны дәлелдеу өте қиын. Кейбір қазіргі түркі тілдерінде (карачай-балқар) -ған, -ген қосымшасы келер шақта да қолданылады. Мысалы, Карсоньга барған адам жоқъпуду болады – Кисловодскиге баратын адам жоқ па? [18, 104 б.].

-ған, -ген қосымшасы М.Қашғари сөздігінде де көрсетілген [21, 63 б.]. Бұл қосымшаның қалдығы ретінде қимылдың қайталануын білдіретін -аған, -еген жұрнағын көрсетуге болады. -аған, -еген қосымшасы қазіргі түркі тілдерінде етістіктен сын есім тудыратын жұрнақ ретінде сақталған. Мысалы, қазақ тілінде: көреген, қашаған, жамаған, күмпиген және т.б., өзбек тілінде: билагон, алигон, тепагон, конагон; қарақалпақ тілінде: алаған, береген, қабаған, қашаған, сүзеген; түркімен тілінде: денеген, үйреген; азербайджан тілінде: гачаган, бураган, атоган т.б. [18, 89 б.].

-ған, -ген формасынан өзгерген, яғни көнеленген кейбір элементтерді алғанда, олардың сын есімге айналып көнеленуі ерекше көзге түседі. Сонымен қатар бұл жағдай біз сөз етіп отырған форманың, негізінде, сипат мағынасында, екінші сөзбен айтқанда, атрибутивтік функцияда дамыған түрін көрсетеді. Өйткені олар етістіктердің басқа категорияларына айналдырғанда, ол мағынасынан айрылып, өзінің негізгі мағынасында қалады (Күмпиіп, күмписе, күмпимек, күмпию, күмпиді). Бұл бір. Екіншіден, тексеріп қарағанда көнеленген -қан жұрнағы жалғанған кейбір есімшенің зат есімге айналып кеткен түрі байқалады. Мәселен, қақпан деген сөздің қақ+пан деген туынды түбірден жасалып, дыбыс алмасу жолымен өзгеріске ұшырауы айқын. Өйткені, қ дыбысы мен п дыбысының тоғысқан жерінде олардың біріне-бірінің алмасып кетуі – жалғыз есімшелік формадан ғана емес, қазақ тілі дыбыс заңындағы жалпы табиғи құбылыс. Сол сияқты Оразбайды тік көтеріп алды да, күйменің «түкпіріне» арық тоқтыдай қып, қойып кеп жіберді (М.Ә.) деген сөйлемдегі түкпір деген түбір сөздің бастапқы құрылысындағы түп+кір деген түбірден өзгергендігінде дау жоқ. Мұндай жағдайлар түбірі сақталып жазылатын, емле заңына байланысты, әдеби жазба тілде көп ұшырамай, сөйлеу тілінде жиі кездеседі. Ал қорған деген сөздің қоры+ған деген сөзден жасалуы лексикалық мағынасының да, тұлғасының да, қабысуына қарағанда, айқын көрінетін сияқты. Өйткені түркі тілдерінде есімшелер өздерінің алдында тұрған сөздермен қосылып субстантивтеніп (заттанып) кетуі – жиі кездесетін жағдай («Қасқырқамаған», «Атшапқан» деген жер аттары сияқты). Олай болса, бұл жағдай -қан аффиксінің негізінде атрибуттық формаға қалыптасқан элемент екенін көрсетеді.

Көне түркі тілінде -дұқ, -мыш, -ған тұлғалары негізінен өткен шақ есімшеге жатады. Олар анықтауыштық мәндегі есім сөз тіркесін құрағанда да синонимдес ұғымдар білдірген. Кейінгі даму барысында бірін-бірі ығыстырып тілден шығарып тастамаған; түркі рулары мен тайпалары да бір-бірінен ажыратып даралана келіп, жеке-жеке халық болып қалыптасқанда -мыш, -дұқ тұлғалары оғуз, қарлұқ тілдер тобына ығысып, сондағы өткен шақтық есімше формасы ретінде қалыптасса, -ған тұлғасы қыпшақ тілінде қалып, осы қызметті осы топтағы тілдерде атқаратын болған [22, 46 б.]. Біз көне -ған тұлғасының қалыптасуы жөнінен осы Е.Ағмановтың пікірін қолдаймыз.

Рабғұзи хикаясының нақты нұсқасындағы материалдарға қарағанда, XIV–XV ғасырлардағы түркі тілдерінде -мыш формасы мен -ған формасының функциясы белгіленгенге ұқсайды. Демек, бұл кезеңде -ған формасы түркі тілдерінің шағатай тілі аталатын тобында негізінде атрибутивтік категорияға қалыптасып, -мыш формасы көбінесе предикаттық қызметке жұмсалуға айналған сияқты. Бірнеше мысал келтірейік.


  1. Юлда бу нәмәни, алып барған кіши Мұхаммед бән Әбубәкирге юликти (Жолда бұл хатты алып барған кісі Мұхаммет пен Абубакірге жолықты).

  2. Ол туани ултургән, Мурат қабилалық ерди (Ол түйені өлтірген Мұрат руының адамы еді).

Бұл мысалдардағы белгіленген сөздер – -ған формалы есімшелер. Бірінші мысалдағы есімше анықтауыштық, екінші мысалдағы есімше бастауыштық қызмет атқарып тұр.

Ал -мыш формасының қызметіне келсек, ол мына сияқты:



  1. Ол әни ұмытыш.

  2. Түрлі гүлләраталмыш.

  3. Бу ұлуғйерни кім тоқтатмыш.

  4. Ол хатунның ерини Ғали үлтірміш

Мұндағы белгіленген -мыш формалы есімшелер баяндауыш қызметінде тұр.

Енді қазақ тілінің материалына келсек, ондағы ауыз әдебиетінің көрсететін деректері бойынша, өткен шақтық есімшенің -ған, -ген формасы ғана көзге түседі.

Мысалы: а) Қарсы келген қабақтан

Буырыл қарғып жөнеледі (Қобланды батыр жырынан).

ә) Барған жерің Балқаш тау,

О да біздің көрген тау (мәтел).

Бұл фактілер есімшелік -қан формасының сипат мағыналы элемент екенін, оның етістіктердің атрибутивтік функцияға жұмсалуындағы дамыған бір кезеңінде иеленген белгісі екенін дәлелдейді. Екінші сөзбен айтқанда, жоғарыдағы -мыш, -дұқ формаларынан гөрі бұл – түркі тілдері есімшелерінің жаңа сапаға айналған түрі болады.

В.М. Насиловтың көрсетуінше, -мыш, -миш тұлғалары көне ұйғыр тілінде өте жиі қолданылған [23, 56 б.]. Бұл тұлға заттық, предикативтік және адъективтік мағыналарда қолданған. Мысалы, Аз ықару бармым, бир өкүш лунғақ көрмиш. Мән түриімишкә сизіәр нәгүіүн анча кәд қагарсызлар? (СЗБ).

-мыш формалы есімше қазақ тілінің ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де кездеспейді. Мұнда жалғыз-ақ, оның көрсеткішінің зат есім жасайтын аффикске айналып көнеленген қалдық элементі ғана сақталған. Мысалы, қыл+мыс, тұр+мыс, же+міс т.т. келтірілген мысалдардағы соңғы дыбыстың қазақ тілінде с болып қалыптасуы – оның басқа түркі тілдерінен ерекше дыбыс заңына байланысты. Қазақ тілі жазуға телінбей еркін дамыған тіл. Осыған байланысты онда басқа түркі тілдерінен бөлек ерекше дыбыстық заңдылықтың болуы әбден мүмкін. Мұны А.Байтұрсынұлы өз еңбектерінде ескерткен [1, 392 б.].

Сүйтіп, бұл фактілер бойынша тоқтамға келіп өткенде, түркі тілдерінің көпшілігінде XIX–XX ғасырдан былай қарай -мыш формасын ығыстырып, есімшелік категорияның функциясында -ған, -ген формасы орын тепкен. Алдыңғылар (-мыш, -дұқ) тюркологтардың еңбегіне қарағанда, батыс түркі (анатолии түркі, түркмен) тілдерінде ғана сақталып қалған [15, 8 б.].

М.А.Ахметов -мыш тұлғасының орхон енисей ескерткіштерінде кездесетіндігін айтқан болатын. Автор оған мынадай мысал келтірген: Адырылмысда ақындр әртиміз, одырылы пан. М.А.Ахметов бұндағы -мысда жұрнағын құранды деп таниды. «Оно образовано от причастия на -мыс и аффикса местного падежа –да» [24, 100 б.].

Біз жоғарыда -мыш, -міш қосымшасының тарихы туралы пікір айтқан ғалымдардың көпшілігі бұл қосымшаның оғыз тілдеріне тән дегенін айттық. Шындығыңда да, қазіргі түркі тілдерінің ішінде оғыздар тілінде сібір түркі тілдерінде (яхуттарда) бұл қосымша жиі қолданылады. Бірақ -мыш, -міш қосымшасының көне түркі тілдерінде жиі қолданылғандығын дәлелдеу қиын емес. Салыстырыңыз, қазіргі татар әдеби тілінде -мыш, -міш қосымшасы жеке қолданылмайды, бірақ диалектілерінде қолданылады. Қылмышына тикле ашаган Садырға: Бәлә кой әйтмәшә сенә булыр [25, 115 б.]. Л.Т.Махмудова болса, татар тілінің мишар диалектісінде -мыш, -миш қосымшасының қолданылатындығын, бірақ есімше қызметіне қолданылмай қимыл атауы ретінде қолданылатындығын ескертеді [26, Б.200-201]. Қазіргі башқұрт әдеби тілінде де -мыш, -миш жеке өздері есімшенің қосымшасы ретінде қолданылмайды. Н.К.Дмитриев башқұрт тіліндегі язмыш «судьба», корыкмыш «стригун», тарамыш - «связка», «сухожил», булмыш - «призвание», тыумыш - «рождение» сияқты сөздердің құрамында қолданылған -мыш, -миш қосымшаларын арнайы сөз етеді, оларды көнелеген форма деп есептейді [27, Б.88, 201]. Бұл қосымша да башқұрт әдеби тілінде қолданылмағанымен, оның диалектілерінде қолданылады. Сондықтан да С.Ф.Миржанова -мыш, -миш қосымшасын башқұрт тілінің орталық говорлар тобында есімшенің бір қосымшасы ретінде қолданылатындығын айтады [28, 142 б.].



Қарақалпақ тілі түркі тілдеріндегі қыпшақ тобына жатады. Осы топтағы тілдердің ішінде грамматиканың құрылысы жағынан ол қазақ тіліне өте жақын. Бірақ қазақ тілінен гөрі өзбек тілімен тығыз байланыста болатындықтан сол тілдің әсері өте көп байқалады [29, 24 б.].

-мыс, -міс, -мыш, -миш қосымшасы есімшенің бір түрі ретінде қазіргі қарлұқ тілдерінде де қолданылмайды. Бірақ бұл тілдердің де тарихында, сондай-ақ кейбір тілдердің диалектілерінде -мыш, -миш жеке қосымша ретінде қолданылған. Қазіргі өзбек әдеби тілінде мыш қосымшасы жеке қосымша ретінде қолданылмайды. Ал өзбек тілінің тарихына тиісті жазба ескерткіштерде болса ол өте жиі қолданылған. Мысалы, Тутулмиш эрди газабдин улусни қилди асир, Куеш тутулса, бале, фистадур анга таьсир (Навуои). …султон Маликшох Алп Арслон отиға турт девон мураттаб қилмиш (Навуои). Тун ахшом итларинг бирла утирмиш бир замон, эй жон (Навуои) т.б. Өзбек тілі бойынша жазылған оқулықтарда үстіміздегі ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін -мыш, -миш қосымшасын есімшенің бір түрі деп көрсетіп келген. Демек, -мыш, -миш қосымшасы өзбек тілінде үстіміздегі ғасырдың бірінші жартысында, сирек болса да, қолданылып келген [30, 117 б.].

Есімшенің -мыш тұлғасы туралы алғаш пікірді Казем-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» еңбектерінен кездестіруге болады. Онда ғалым есімше формаларын рай түріне жатқызып, септелетін және септелмейтін есімшелер деп қарастырады [31, 271 б.]. Бір қызығы, көсемшелер қазіргі қазақ тілінде жіктелетін және жіктелмейтін болып бөлінеді. Ал есімшелердің қазіргі қазақ тілінде жіктелмейтін және септелмейтін түрлері жоқ. Біздің байқауымызша мұнда бір заңдылық бар сияқты. Септелетін есімше (-ған) тілдің даму барысында актив қолданысқа ие болып, жұмсалу өрісі айтарлықтай кеңіген. Ал септелмейтін есімшелер (-мыш) пассивтеніп кейбір тілдерде тіпті қолданыстан шығып та қалған. Мәселен, қазақ тілі тарихы бойынша жазылған еңбектерде де, жарияланған хрестоматиялық материалдарда да -мыш,-міш қосымшасы туралы, оның мағыналары не мағынасының кейбір көріністері туралы мәлімет бермейді. Сондықтан Р.Г.Сыздықова қазақ әдеби тілінің тарихы туралы жазған көрнекті еңбегінде XV–XVII ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында оғыздың -мыш, -міш тұлғалы есімше формасы мүлде қолданылмайды деген пікір айтуына мәжбүр болған [32, 55 б.]. Тек Қ.Жалаиридің «Жамиғ-ат тауарихында» ғана -мыш, -миш өте аз болса да қолданылған. Бұл қосымшаның жалпы қазақ тіліне қатысы туралы мәселе М.Томановтың оқулығында толығырақ талданылған. Автор -мыш, -миш қосымшасының Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінде қолданылғандығын, мағынасында есімше, қимыл атауы және ашық райлық мән барлығын ескерткен. Қорытынды ретінде автор түркі тілдерінде есімшенің -ған, -ген және -мыш қосымшаларының қатар қолданылғандығын, бірақ екеуі екі тайпа тілі не тайпалар одағының тілінің ерекшелігі ретінде тән алынуы керектігін ескертеді [33, Б.97-98]. Көне түркі тілдерінде қолданылған есімшенің өткен шағының бірі ретінде -мыш, -міш қосымшалы етістік болғанда белгілі. Әрине, қазіргі қазақ тілінің есімшелерінің ішінде -мыш, -міш қосымшасы қолданылмайды, бірақ бұл қосымша азын-аулақ сөздердің құрамында қолданылады. Мысалы, тұрмыс, балмыс, жасамыс, тарамыс т.б. Бұл қосымшаның жалпы түркі тілдеріндегі қолданылу өрісін алып қарайтын болсақ, онда оның бір тілдің құрамында (мысалы оғыз тілдерінің) жиі қолданылатындығын, есімшенің жеке және актив қосымшаларынң бірі болып саналатындығын, екінші бір тілдерде (мысалы, қыпшақ тілдерінде) өте пассив қолданылатындығын не мүлде қолданылмайтындығын, қолданылса да өлі түбір құрамында қолданылатындығына көз жеткізуге болады. Ал түркі тілдерінің тарихына тиісті материалдарды мұқият зерттеп қарайтын болсақ, олардың барлық түркі тілдерінің алғашқы (тым болмағанда орхон-енисейден ХІV ғасырға дейінгі) даму кезеңдерінде -мыш, -міш қосымшасының қолданылғандығын дәлелдеуге болады. «Шындығында да, көне түркі тілдерінің материалдарының және қазіргі түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше -ған және -мыш тұлғаларының қатар қолданылу сыры мүлде басқаша сипатқа ие» - дейді М.Оразов: «Біріншіден, бұл қосымшаның Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінде қолданылғандығы анық. Екіншіден, оғыз, қарлұқ, қыпшақ тілдерінің тарихи жазба материалдарының көрсетуінше, ол қосымша жоғарыда аттары аталынған тілдердің барлығына ортақ болған. Уақыттың өтуімен байланысты ол бір тілдерде пассив қосымшалардың қатарына өткен. Үшіншіден, түркі тілдерінің тарихында есімшенің бірнеше қосымшаларының болғандығы анық. Солардың ішінде өзара мағына жағынан жақыны – -ған мен -мыш қосымшалары. Бұл екі қосымша мағына және синтаксистік қызметі жағынан бір-біріне өте жақын болғандықтан олардың біреуі, тілдің даму барысында, мағынасын өзгертуі не қолданылудан шығуы, тым болмаса пассив қосымшалар қатарына өтуі шарт еді. Оғыз тілдерінде -ған менен -мыш мағына жағынан ажырап, екі түрлі мағыналық реңкті білдіретін дәрежеге жетсе, қыпшақ тілдерінде -мыш қолданылудан шығып қалған» [18, 108 б.]. Мұнан басқа қазіргі қазақ тілінің құрылысына көз жіберіп тексерсек, көнеленіп, сын есімге айналып кеткен есімшелер көп кездеседі. Олардың тілдегі фактілер бойынша тізіп көрсеткенде мынадай:

а) -аған,-еген формасы (қашаған, жүреген);

ә) -ғалақ, -гелек, -қалақ, -келек формасы (ұшқалақ, жанғалақ);

б) -шақ, -шек формасы (еріншек, сүріншек).

в) -ғыш,-гіш, қыш,-кіш формасы (оқығыш, білгіш т.т.).

Бұлардың бір кезде есімшелік форма түрінде жұмсалып, қазіргі қазақ тіліндегі қалпының көнеленген түрі екені кейбір түркі тілдерінің материалдары бойынша айқын дәлелденеді. Мысалы, көрсетілген формалардың біріншісі құмық, екіншісі ойрат, үшіншісі түркі тілдерінің көпшілігінде қазірге дейін есімшелік категория болып есептеледі [15, 11 б.].

Есімшелер туралы өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастап жарық көрген еңбектердің авторлары ретінде мына ғалымдарды атауға болады: А.К.Боловков, И.А.Батманов, Л.П.Поцелуевский, Н.П.Дыренкова, Н.Н.Дмитриев, Н.А.Баскаков, Е.И.Убрятова, А.Н.Кононов, М.З.Закиев, Н.З.Гаджиева, В.М.Касимов, Д.Г.Тумашева, М.Томанов, Е.Ағманов, М.Оразов және т.б.

Түркі тілдеріне қатысты зерттеу еңбектері мен жазба ескерткіштерінде келтірілген есімшеге қатысты қосымшалар:



-мыш, -міш

-ған, -ген

-атын, -етін

-ар, -ер

-мас, -мес

-асы, -есі

-дашы,-деші

-мақ, -мек

-ушы, -уші

-ажаң, -ежең.

Осылардың ішінен қазақ тілінде сақталғаны: -ған, -ген; -атын, -етін; -ар, -ер; -мас, -мес; -мақ, -мек; -ушы, -уші. Бұлардың барлығы бірдей септеледі. Яғни есім сөз орнына жұмсала алады. Бірақ жұмсалу жиілігі әртүрлі. Ең актив қолданысқа -ған,-ген тұлғасы ие. Бұны қолдалғыштығы жөнінде көсемшенің -п тұлғасымен қатар қоюға болады. Көрсетілген тұлғалардың барлығы бірдей үлгіде жіктеледі, бірақ әр тұлға әр шақтың (өткен, келер) парадигмаларын береді. Қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген есімше тұлғаларының қалыптасу тарихына кеңінен тоқталсақ, біріншіден ұзақ талдауларды қажет етеді, сондықтан біз жоғарыда -мыш және -ған тұлғаларына ғана тоқталдық. Өйткені қазіргі қазақ тіліндегі актив жұрнақ -ған формасының қалыптасу тарихы өте қызық. Өзімен қатар қолданылатын -мыш тұлғасынан жұмсалу өрісі неге кеңіп кеткенін олардың септелетін және септелмейтіндігіне қарап негіздеуге болатын сияқты.

Қазіргі қазақ тілінде -ған тұлғасына қарағанда пассив қолданылатын есімшенің басқа жұрнақтарының қалыптасу тарихы жөнінде М.Оразовтың еңбегінде жан-жақты талданған. Сондықтан біз оны қайталап жатпай аталған ғалымға сілтеме жасай отырып, қысқаша шолып өтеміз.

-атын, -етін, -итын тұлғасы. Бұл қосымша үш элементтен құралған. Көсемшенің -а, -е, -и жұрнағы + тұр қалып етістігі + ған есімшесі. Мысалы, татар тілінде бұл аналитикалық тұлғада кездеседі: аға торгон су, йоқлый торган бұлмә және т.б. М.Оразовтың айтуынша -атин қосымшасы оғыз тобындағы тілдерде мүлдем кездеспейді. Ал қыпшақ, қарлұқ және сібірде тұратын түркі тілдерінде қолданылады, сол тілдердегі қолданыс аясы да бірдей [18, 142 б.].

-а + тұрған құрылымы қазақ тілінде де сирек болса да кездесіп қалады:

Ол келгенше мен кино көре тұрғанмен. Ол кіріп шыққанша, мен күте тұрғанмын және т.б.

-ар, -ер қосымшасы чуваш тілінен өзге барлық түркі тілдірінде азын-аулақ фонетикалық ауытқулармен кездесіп отырады. Қазіргі қазақ тілінде келер шақ қосымшасы ретінде танылған -ар, -ер қосымшасы әр түркі тілдерінде әртүрлі шақта қолданылады:


  1. қазақ, өзбек, қарақалпақ – келер шақ

  2. азербайжан, түркімен – келер, осы шақ.

В.В.Радловтың айтуынша олардың кейде келер, кейде осы шақта қолданылуы құрамындағы дауысты дыбыстардың ашық-қысаң болуына байланысты болады [34, 230 б.]. Бұл қосымшаның түркі тілдерінде мынадай фонетикалық варианттары бар: -ар, -ер, -ыр, -ир, -ур, -үр, -яр, -йор, -йер, -йар. М.Оразовтың айтуынша ашық-қысаң дыбыстардың қолданылуына қарап, осы келер шаққа қатысты пікір айту қиын [18, 151 б.]. Дегенмен азербайжан тілінде -ар,-ер - келер шақта, -ыр, -ир осы шақта қолданылады.

-мас, -мес қосымшасы көне түркі тілдерінен бері қолданылып келе жатқан көне қосымшалардың біріне саналады. Мағынасы – келер шақтың болымсыз түрі. Қазіргі түркі тілдерінде ш-п-б және е-з дыбыс алмасулары кездеседі. М.Оразовтың айтуынша XI ғасырдан соң жазылған ескерткіштердің барлығында бұл жұрнақ қолданылған [18, 158 б.]. Қазіргі түркі тілдеріндегі фонетикалық нұсқалалары: қазақ, қарақалпақ, ноғай, құлмақ тілдерінде -мас, -мес; қарашай-балқар, азербайжан тілінде -маз,-мәз; қырғыз, хакас тілінде -бас, -бес; ұйғыр тілінде -мас, -мәс және т.б.

-мақ, -мек қосымшасының түпнегізі қимыл есімі болуы керек. А.Байтұрсынұлы оны қимыл есімі ретінде көрсетеді де [1, 234 б.]. Қазақ тілінде заттанған мынадай тұлғалар сақталған: құймақ, ілмек, піспек, өрмек, сырмақ, жұмбақ, оймақ және т.б. көпшілік түркі тілдерінде -мақ тұлғасы есімшенің емес, етістіктен есім тудыратын өнімсіз қосымша ретінде танылады. Өзбек, қырғыз, түркімен, ұйғыр тілдерінде бұл қосымша қимыл атау қосымшасы ретінде беріледі.

А.Н.Кононов -мақ, -мек қосымшасын екі элементке бөледі: -ма қимыл атау+ барыс жалғауы [35, 363 б.]. Қазіргі қазақ тілінде -ма, -ме етістіктен туынды сЫн, зат есім жасайтын жұрнаққа жатады: бөлме, баспа, жолдама және т.б. Ал қосымшасына келсек барыс септігінің (-қа, -ке) ықшамдалған түрі деген пікірлер шындыққа жақын дейді М.Оразов [18, 176 б.].



-ушы, -уші қосымшасын Ы.Маманов есімшенің қатарында қарайды [17, 116 б.]. Шындығында да -ушы, -уші есімше қосымшасы ретінде қолданыла ала ма? Түркітануда бұл сұрауға бір ізді жауап жоқ. Бір топ ғалымдар оны есімшенің бір қосымшасы ретінде көрсетеді. Мысалы, қарашай-балқар тілі грамматикасының авторлары: «Другой формой причастия настоящего времени является производная форма от имени действия на -ыу, -ыу конструкция, представляющая вторичное причастие», - деп жазады [36, 218 б.]. Қазақ тіліне туыстық жағынан өте жақын тіл – қарақалпақ тілінің материалына сүйене отырып Н.А.Баскаков -увшы, -ювши қосымшасын есімше қатарына қосқан [20, 434 б.]. Түркітанымда бұл пікірлерге қарама-қарсы айтылған пікірлер де бар. Мысалы, Э.В. Северотян азербайжан тіліндегі (й)ычы қосымшасы туралы айта келіп: «В азербайжанском языке ее вряд ли можно отнести к причастным, так она лишена значения времени, не меняется по аспектам глагола, что объязательно для вас грамматических форм глагола», - деп жазады [37, 93 б.]. Бірақ Э.В.Северотян түрік тілінде бұл қосымшаның есімше қызметіне қолданылатындығын ескерткен. Сондықтан да түркітанушы ғалымдар -ушы, -уші қосымшасының есімше мағынасында қолданылатындығын мүлде жоққа шығармайды. Әрине оның бір тілде есімше қызметінде, екінші бір тілдерде зат есім не сын есімдердің сөз тудырушы жұрнағы қызметінде қолданылуын мойындау тілдің даму барысында қосымшалардың (жалпы грамматикалық категориялардың) сол тілдің ішкі заңдылығына сәйкес түрліше қалыптасатындығын мойындау болып қана саналады [18, 182 б.].

Сонымен қазақ тіліндегі есімше тұлғалары түгелдей септеледі және жіктеледі. Бірақ олардың тіл жүйесіндегі жұмсалу өрісі әртүрлі. Жұмсалу жиілігі де бірдей емес.



Есімшелердің шаққа қатысы олардың жіктеліп қолданылуынан келіп шығады. Осыған байланысты есімшелер келер шақ және өткен шақ есімше деп бөлінеді.

  1. Өткен шақ есімше -ған (-ген, -қан, -кен); -атын (-етін).

  2. Келер шақ есімше -ар (-ер,-р); -мақ (-мек).

А.Ысқақов -атын (-етін) тұлғаларының осы шақ жасай алатындығын ескертеді де оған мынадай мысал келтіреді: Сенің алғаның да, алатының да, аларың да ылғи алғыс деген сөйлемдегі алғаның – өткен шақ, алатының – осы шақ, аларың – келер шақты білдіреді дейді ғалым [12, 303 б.]. А.Байтұрсынұлы осы шақтық есімшеге -ушы, -уші тұлғаларын жатқызған болатын [1, 251 б.]. Біз бұл туралы кесімді пікір айта алмаймыз. Бірақ бұл тұлғаның -мыс, -аған, -ашаң тұлғалары сияқты зат есімге айналып кетпегендігін, олардың бар етістік тұлғасына жалғанып жіктеліп септеле алатындығынан байқауға болады. Мәселен, келешек, болашақ, тұрмыс, болмыс, жамаған, көреген сияқты сөздердің көне есімше тұлғалары жалғанатын түрлері шектеулі. Ал -ушы, -уші тұлғалары етістік талғамай жалғана береді. Соған қарап, оны есімше жұрнақтарының қатарына қосуға болады ғой деген ойдамыз.

Қорытындылай келгенде, түркі тілдері есімшелері басқа етістік категориядан предикаттық қызметте жұмсалатын қасиетін сақтай отырып, атрибутивтік қызметке ыңғайланып қалыптасқан қасиетімен ерекшеленеді. Сонан соң, айтылып отырған көп формалардың қазіргі тілде азаюы және бір форманың жойылып, екінші форманың пайда болуы – олардың даму белгісін көрсететін факті. Бірақ даму түрі түркі тілдерінің барлығында бірдей емес, әртүрлі. Демек, бірінде сақталған форма екіншісінде көнеленіп, мүлде жойылған, ал кейбір түркі тілдерінде белгілі формалардың қалдық элементі ғана сақталған. Өткен шақтық ескі формалар батыс түркі тілдерінде сақталып, басқа түркі тілдерінде -ған, -ген, -қан, -кен формасы ірге тепкен. Дегенмен толығырақ қорытындыға келу үшін түркі тілдерінің дереккөзін әлі де зерттей түсу қажет.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет