2.2. Түйсіктің және қабылдаудың негізгі ерекшеліктері мен заңдылықтары
Сезгіштік және табалдырық.
Психологияда адамның түйсіне алу қабілетін сезгіштік деп атайды. Сезгіштікті абсолюттік, айырма сезгіштік деп екіге бөледі. Абсолюттік сезгіштік дегеніміз – сезім мүшелерінің өте әлсіз тітіркендіргіштерді түйсіне алуы. Абсолюттік сезгіштік түйсік табалдырығына тәуелді. Абсолюттік табалдырық тітіркендіргіштің болмашы ғана түйсік тудыратындай ең аз шамасы. Мысалы, біреу алақанындағы салмақты 3 гр-нан бастап сезетін болса, екінші біреу салмақты алты грамнан бастап сезеді. Айырма сезгіштік деп сезім мүшелерінің тітіркендіргіштердің арасындағы болмашы айырмашылықты түйсіне алуын айтады. Мысалы, егер алақанға жүз грамм салмақ салып, оған тағы бір грамм қосса, салмақтың артқаны білінбейді. Оны айыра білу үшін 3-4 грамм қосу керек.
Сезім мүшелерінің сезгіштігі әсер етуші тітіркендіргіштерге біртіндеп бейімделуге байланысты да өзгеріп отырады. Бұл құбылысты адаптация дейді. Адаптация құбылысы сезгіштігінің артуын немесе төмендеуін көрсетіп отырады. Мысалы, жарық жерден қаранғы үйге кіру бізде қараңғылық адаптациясын тұғызады.
Егер адаптация анализаторлардың сезгіштігінің түрлі жағдайларға байланысты артуының, төмендеуінің көрсеткіші болса, сенсибилизация сезгіштіктің тек артуын ғана көрсететін құбылыс болып табылыды. Сезім мүшелерінің біреуінің әсерінен басқаларының сезгіштігі артып отырады. Мысалы, көзге жеткілікті мөлшерде түскен жарық оның көру қабілетін арттырумен қатар есту түйсігінің сезімталдығының артуына да себепші болады.
Тітіркендіргіштер сезім мүшелерінің біреуінде ғана түйсік туғызудың орнына сол сәтте басқа түйсіктердің пайда болуына да жағдай жасайды. Мысалы, кейбір адамдар біреудің сөзін естігенде, бұған қоса түрлі дәмдер мен түстерді де сезінуі мүмкін.
Тітіркендіргіш әсерінің тоқталғанына қарамай, аз ғана уақыт болса да, түйсіктің өз күшінде қалатын кездерін бір ізді образдар деп атайды. Мысалы, адам 2-3 секунд бойы көз алмай шамға қарап отырып, содан кейін көзін жұмса, жарықтың ізін айқын көре алады.
Қабылдаудың тұтастығы.
Қабылдаудың объектісі кейбір жеке қасиеттерден, жеке бөліктерден тұрғанымен, біз оларды бүтіндей, тұтастай қабылдаймыз.
— Қабылдаудың мағыналығы.
Бұл ерекшелікте қабылдаудың түйсіктерден негізгі айырмашылығын жақсы көрсетеді. Ол объектілердің мазмұнын жақсылап түсінбейінше, белгілі тұжырымдар мен сөзарқылы аталмайынша, ол толық қабылданбайды. Қабылдауда объектінің аты сөзбен берілсе, қандай нәрсе болса да оңай және тез қабылданады.
— Қабылдаудың таңдамалығы.
Толып жатқан объектілердің ішінен біреуін іріктеуіміз қабылдаудың таңдамалығы делінеді. Мұндай жағдайда объектінің назар аударылған белгілерін, қасиеттерін, керек жақтарын ғана қабылдаймыз. Қабылдауда ерекше айқын көрініп тұрған нәрсе фигура делінеді де, қалғандары соның фоны болады.
— Қабылдаудың константылығы.
Қабылдаудың константылығы деп сыртқы жағдайдың өзгеруіне қарамастан, заттардың кейбір қасиеттерінің бір қалыпты болып қабылдауын айтады. Мысалы, ақ қағаз жасыл лампочканың жарығы түссе де бәрібір ақ болып қабылдана береді.
— Қабылдаудағы иллюзия.
Әрқашан да қабылданатын затқа, не құбылысқа қабылдау сәйкес келе бермейді. Түрлі себептерге байланысты шындықты бұрмалап, теріс қабылдайтын кездер де болады. Түрлі себептерге байланысты шындықтағы объектілерді қате қабылдауды иллюзия деп атайды. Иллюзияның түрлері өте көп. Соның ішінде көру қабылдауында жиі кездеседі. Көру иллюзияларына контраст, перспектива, заттың жоғары жағын артық бағалау т. б. иллюзиясы жатады. Мысалы, перспектива иллюзиясы: айталық үш бағананың биіктігі бірдей, ал көріп тұрған кезінде олардың ең әрідегесі бәрінен үлкен сияқты болып көрінеді. Мұның себебі – нәрсе алыстаған сайын оның бейнесі кішірейе беретіндіктен , нәрсе өзінен кішкентай нәрсенің қасында тұрса – үлкейіп, үлкен нәрсемен қатар тұрса – кішірейіп көрінеді. Иллюзияларды адамның жүйке жүйесінің ауруға шалдығуына байланысты туатын заттардың жалған, теріс бейнелері – галлюцинациялардан ажырату қажет.
— Апперцепция.
Қабылдаудың адамның жалпы психикалық тұрмысы мен тәжірибесінің мазмұнына байланыстылығын апперцепция дейді. Апперцепция тұрақты және уақытша болып екіге бөлінеді. Тұрақты апперцепция адамның қызығуы мен мамандығы, білімі мен дүниетанымына байланысты болып отырады. Уақытша апперцепция адамның әр түрлі алдануы салдарынан жаңсақ пікірлер туғызады.
Кеңістік пен уақыт – материяның өмір сүруінің негізгі формалары.
Кеңістікті қабылдау – заттар мен құбылыстардың көлемін, тұрқын, түрін, аумағын, алыс-жақындығын, тайыз-тереңдігін қабылдау деген сөз. Кеңістікке орналасқан заттардың көлемін қабылдауда екі көзбен көрудің (бинокулярлық көру) маңызы зор. Ал бір көзбен көру (монокулярлық көру) тереңдік жөнінде дәл мағлумат бере алмайды. Қашықтық пен заттардың көлемін қабылдауда көздің конвергенциясы, яғни екі көздің көрілетін затқа бір көздей болып әрекет етуі қажет болады. Бұл құбылыс жақындағы нәрсені ажыратуда байқалады. Көздің түрлі қашықтықтағы заттарды көруге бейімделу қабілеттілігін аккомадация деп атайды. Кеңістіктегі заттарды қабылдауда көру-қозғалыс анализаторының мәні ерекше.
Уақытты қабылдау сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстарда болатын өзгерістердің санаға әсер етіп қалдыратын бейнесі. Уақыт – дүниедегі заттардың өзгеріп, бір қалыптан екінші қалыпқа келіп, ескі заттардың жоғалып, олардың орнына жаңа заттардың пайда болып отыруының көрсеткіші. Уақытты қабылдау бірнеше компоненттерден тұрады: уақыттың ритмі – құбылыстардың белгілі ырғақпен өтіп жататын бір ізділігі; уақыт темпі – құбылыстардың бір ізділігінің, тездігінің не баяулығының көрсеткіші.
2.3. Қабылдаудың бұзылыстары
1. Гипертезия - сыртқы тітіркендіргіштерге сезімталдықтың жоғарылауымен көрінетін және сыртқы тітіркендіргіштерге сезімталдықтың төмендеуімен көрінетін және психикалық шаршаумен байланысты болатын жағдай гипостезия деп аталады.
2. Галлюцинация - бұл нақты объектінің қатысуынсыз пайда болған қабылдау, жалған қабылдау, сыртқы қоздырғыштың әсерінсіз, санада пайда болатын бейне. (көріністер, елестер, қиялдағы дыбыстар, дауыстар, иістер және т.б.). Галлюцинациялар қатты шаршаңқылықтан, ішімдіктен, кейбір психотропты заттардан және кейбір психикалық аурулардың кесірінен пайда болады.
3. Иллюзия (елестер) - бұл нақты заттарды немесе құбылыстарды (шындығында бар объектті) қате қабылдау. Психикалық иллюзия дамуының бірден бір себебі сезім мүшелерінен түсетін ақпараттың жеткіліксіздігі болып табылады.
2.4. Қабылдаудың түйсіктен айырмашылығы
Достарыңызбен бөлісу: |