Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы жалпы ережелер



жүктеу 166.27 Kb.
Дата14.06.2016
өлшемі166.27 Kb.
Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық  конференциясында бекітілген

2012 жылғы 23 маусым

№ 1 хаттама

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ

ЖАРҒЫСЫ
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Республикалық адвокаттар алқасы (бұдан әрі – Алқа) «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-2-бабына сәйкес республикалық адвокаттар алқасы ұйымдық-құқықтық нысанындағы адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

2. Алқаның атауы:

мемлекеттік тілде – «Республикалық адвокаттар алқасы»;

қысқаша атауы – РАА;

орыс тілінде – «Республиканская коллегия адвокатов»;

қысқаша атауы – РКА;

ағылшын тілінде – «The Republican Collegium of advocates»;

қысқаша атауы – RCА.

3. Алқаның (оның Төралқасының) орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Алматы ауданы, А. Иманов көшесі, 14-үй, 217-бөлме.

4. Алқаның қызмет мерзімі шектелмеген.



2. АЛҚАНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
5. Алқа заңды тұлға болып табылады және өз қызметін Қазақстан Республикасы Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарына, басқа да заңнамалық актілеріне, Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясының, Алқа төралқасының (бұдан әрі – Төралқа) шешімдеріне және осы Жарғыға сәйкес жүзеге асырады.

Алқа облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқаларының (бұдан әрі – аумақтық алқалар) міндетті мүшелігіне негізделген, коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.

6. Алқаның дербес балансы, сметасы, банктерде есеп айырысу, валюталық және басқа да шоттары, мемлекеттік және орыс тілдерінде атауы толық жазылған дөңгелек мөрі, мөртаңбалары және бланкілері, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бекітілген эмблемасы болады.

7. Алқа меншігінде оқшау мүлік (ғимараттар, құрылыстар, тұрғын үй-жайлар, көлiк, жабдықтар, құрал-саймандар, ақша құралдары, бұқаралық ақпарат құралдары, басқа да жылжымалы және жылжымайтын мүлік) бар және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес оларды иеленуге, пайдалануға және билiк етуге, сондай-ақ адвокаттардың кәсіптік мүдделілігіне қатысты мәселелер бойынша баспагерлік қызмет атқаруға құқылы.

8. Алқа жарғылық мақсаттарын орындау үшін өз атынан сыртқы экономикалық қызметті, мәмілелер және басқа да заңды іс-әрекеттерді, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды иеленіп, міндеттер атқара алады, сотта талапкер және жауапкер бола алады.

9. Алқа мемлекеттік органдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және басқа ұйымдармен, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес бiрлестiктермен өз қызметінің мақсаттарына сәйкес тікелей ынтымақтастық жасайды.

10. Алқа өз мүшелерінің борыштары мен мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді, Алқа мүшелері оның борыштары мен мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді.

11. Алқа өзiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiн жағдайда кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы.


3. АЛҚА ҚЫЗМЕТІНІҢ МӘНІ МЕН МАҚСАТЫ
12. Алқа қызметінің мәні:

1) аумақтық алқалардың қызметін үйлестіру;

2) Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда аумақтық алқалар мен адвокаттардың мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау;

3) адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметiнiң, адвокаттардың кәсiби мінез-құлық ережелерінің халықаралық танымалы принциптерiн енгізу;

4) Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет қалыптасуына қатысу;

5) өңірлік және халықаралық деңгейде адвокаттардың кәсіптік және мәдени байланыстарын орнату және дамыту болып табылады;

13. Алқаның мақсаттары:

1) адвокаттық қызмет мәселелерін реттейтін заңнаманы біркелкі қолдану жөнінде шаралар қабылдау арқылы адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету;

2) адвокаттардың кәсіби әдебінің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге көмек көрсету;

3) азаматтардың құқтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыруға көмек көрсету;

4) адвокатура мен адвокаттық қызметтің, ұлттық және халықаралық құқықтар сұрақтары мен мәселелерін айқындауға бағытталған баспа қызметін жүзеге асыру болып табылады.

14. Алқа мақсаттарына жету үшін:

1) аумақтық алқаларды біріктіріп, олардың қызметін үйлестіреді;

2) адвокат кәсібінің беделін арттыруға, адвокаттық қызметтің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерінің нығаюына, адвокаттардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуына, заң мен адвокаттардың кәсіби әдебі нормаларын сақтау рухында адвокаттарды тәрбиелеуге көмек көрсетеді;

3) адвокаттардың кәсiби деңгейін арттыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыруға қатысады, адвокаттарды және олардың көмекшілерін кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлейді;

4) адвокаттарды аттестаттаудан өткізудің біркелкі тәртібін құрайды;

5) адвокаттар мен аумақтық алқаларды құқық мәселелері бойынша ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

6) ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізу арқылы адвокаттардың тәжірибе алмасуына көмек көрсетеді;

7) адвокатура институттарын жетілдіру мен дамыту жөніндегі теориялық және практикалық мәселелерді әзірлеуге көмек көрсетеді;

8) адвокаттық қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптамалар жүргізуге, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтарына қатысты Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық аткілерінің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысады;

9) адвокаттардың халықаралық және шетелдік ұйымдарымен байланыстар орнатады және дамытады;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызмет атқарады.

15. Алқа:

1) өзінің, аумақтық алқалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн сотта, мемлекеттік және басқа органдар мен ұйымдарда қорғауға және өкілдік етуге;

2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы емес аумақтық алқалар үшін міндетті шешімдер қабылдауға;

3) Қазақстан Республикасының өкiлдiк органдарына кандидаттарды ұсынуға;

4) адвокаттар мен адвокаттық құрылымдарға наградалар мен марапаттаулар (ордендер, медальдер, құрметті атақтар мен басқа да кәсіби айырым белгілерін) тағайындауға;

5) адвокаттарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға және оларға құрметті атақтар беру туралы заңнамада реттелген тәртіппен өтініш жасауға;

6) бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

7) өз қызметі жөнінде ақпарат таратуға;

8) Қазақстан Республикасы заңнамасымен реттелген тәртіппен жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер мен тосқауылдар өткізуге және оларға қатысуға;

9) одақтардың (қауымдастықтардың) қатысушылары болуға, оның ішінде халықаралық коммерциялық емес қоғамдық ұйымдарға кіруге құқылы.

16. Алқа өзінің өкiлеттiктерiн іске асыру кезінде:

1) Қазақстан Республикасы заңнамасын және осы Жарғының ережелерін сақтауға;

2) Алқа органдарының құжаттары және шешімдерімен адвокаттардың танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;

3) Алқа мүшелерін өзінің қызметі, оның органдарының шешімдері туралы тоқсан сайын хабардар етуге мiндеттi.


4. АЛҚА МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
17. «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес адвокаттардың кәсіптік ұйымдары ретінде құрылған аумақтық алқалар міндетті түрде Алқа мүшелері болып табылады.

18. Аумақтық алқалар:

1) Алқаның сайланбалы органдарына өз өкілдерін ұсынуға;

2) Алқа қызметінің сұрақтарын талқылауға және оның органдарының шешімдерін қабылдауға қатысуға;

3) Алқаның сайланбалы органдарына олардың жұмысын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар жасауға;

4) Алқаның жәрдемін, көмегін және қорғауын пайдалануға;

5) Алқа ұсынатын консультациялық, құқықтық және әдістемелік көмегінің барлық түрлерін пайдалануға құқылы.

19. Аумақтық алқалар:

1) адвокаттық қызмет мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының және осы Жарғының ережелерін сақтауға;

2) Алқа органдарының өз құзыретінде қабылдаған шешімдерін орындауға;

3) осы Жарғымен айқындалған міндеттерді іске асыруға қатысуға;

4) Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясына және Алқа Төралқасының жұмысына қатысуға;

5) адвокаттарды және олардың көмекшілерін кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесі бойынша адвокаттардың кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға және қатысуға;

6) осы Жарғының 41 және 42-тармақтарымен белгіленген мөлшерде және тәртіппен Алқаның қызметiн қамтамасыз етуге қажетті аударымдар жасауға міндетті.



5. АЛҚАНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ, ОНЫҢ ОРГАНДАРЫНЫҢ

ҚҰРЫЛУ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ ҚҰЗЫРЕТІ
5.1. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық

конференциясы
20. Алқаның жоғары органы кемінде екі жылда бір рет шақырылатын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы (бұдан әрі - Конференция) болып табылады. Конференция, егер оның жұмысына сайланған делегаттар санының кемінде үштен екісі қатысқан болса, заңды деп саналады.

Конференция шешімдері оның жұмысына қатысып отырған делегаттардың жай көпшілік даусымен қабылданады. Әр делегат бір дауысқа ие.

21. Конференция Алқа қызметiнiң кез келген мәселелерiн шешуге құқылы.

22. Конференцияның айрықша құзыретіне:

1) Алқаның жарғысын (бұдан әрі – Жарғы) қабылдау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;

2) Алқа Төралқасының орналасатын жерін айқындау;

3) аумақтық алқалардан Конференцияға делегаттардың өкілдік ету нормасын бекіту;

4) Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексін әзірлеу мен бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

5) Адвокаттардың аттестаттаудан өту тәртібі туралы ережені әзірлеу және бекіту;

6) Алқаның Төралқасын сайлау;

7) Алқаның Тексеру комиссиясын сайлау;

8) Алқаның ортақ қажеттіліктеріне аумақтық алқалар жүзеге асыратын аударымдардың мөлшері мен тәртібін айқындау;

9) Алқаны ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;

10) Алқа Төралқасының есебін, оның ішінде Алқаны ұстауға арналған шығыстар сметасының орындалуы туралы есепті бекіту;

11) Алқаның қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы Тексеру комиссиясының есебін бекіту;

12) Конференция регламентін бекіту;

13) Алқа Төралқасының және Тексеру комиссиясының мүшелерін уақытынан бұрын қайта сайлау;

14) осы Жарғыда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.

23. Кезектен тыс Конференцияны Тексеру комиссиясының немесе аумақтық алқалары жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етулері бойынша осындай талап түскеннен бастап екі ай ішінде Төралқа шақырады.
5.2. Алқа Төралқасы
24. Төралқа жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге Конференция сайлайтын Алқаның алқалы атқарушы органы болып табылады.

Төралқаның мүшесі болып екі жылдан кем емес адвокаттық қызмет өтілі бар адвокат сайлануы мүмкін.

Төралқа жиырма бес мүшеден тұрады. Төралқаның құрамында әрбір аумақтық алқаның өкілдігі қамтамасыз етілуге тиіс.

25. Төралқа:

1) Алқаның жұмысын ұйымдастырады;

2) Конференция шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;

3) өз құрамынан Төрағаны және Төраға орынбасарын жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды;

4) Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Алқадан өкілдік етеді;

5) аумақтық алқалардың қызметін үйлестіреді;

6) аумақтық алқалардың адвокаттық қызметпен байланысты мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік және басқа органдармен өз-ара іс-қимылдарды жүзеге асырады, адвокаттық қызметті ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

7) заң шығарушы, атқарушы және сот билігі органдарына өз өкілдерін ұсынады;

8) адвокаттардың кәсіби деңгейін жылсайынғы арттыру тәртібі мен жүйесін орнатады, адвокаттарды және олардың көмекшілерін кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін бекітеді;

9) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге ұсынымдар енгізеді;

10) аумақтық алқалардың қызметі туралы олардың есептерін тоқсан сайын қорытады;

11) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекітетін нысан бойынша ұсынады;

12) адвокаттық қызметтің бірыңғай қағидаттары мен критерийлерін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін Адвокаттардың кәсiптiк әдебі кодексiнiң қолданылуы және Тәртіптік практика мәселелері бойынша комиссия құрады;

13) аумақтық алқалардың тәртіптік практикасын қорытады, оның нәтижесі бойынша ұсынымдар мен адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігі туралы үлгі ережені бекітеді;

14) қажеттілігіне қарай Төралқа құзыретіне жататын сұрақтар бойынша комиссиялар мен жұмыс топтарын құрайды, олар жөнінде ережелерді бекітеді;

15) кемінде екі жылда бір рет Конференция шақырады, оның күн тәртібін құрастырады;

16) конференциялардың арасындағы кезеңде Төралқаның және Тексеру комиссиясының «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен көзделген негіздер бойынша, аумақтық алқалар мүшесінен шығарылған мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;

17) Тексеру комиссиясының немесе аумақтық алқалардың жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша осындай талап түскен уақыттан бастап екі ай ішінде кезектен тыс Конференцияны шақырады;

18) Алқа тағайындайтын Адвокаттар мен адвокаттық құрылымдарды наградалар мен мадақтауларға (ордендер, медальдер, құрметті атақтар және басқа да кәсібі айырым белгілеріне) ұсынудың негіздері, шарттары және тәртібі туралы ережені бекітеді;

19) адвокаттарды мемлекеттік наградалармен наградтау және оларға құрметті атақтар беру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелген тәртіппен өтініш жасайды;

20) баспа қызметін жүзеге асырады;

21) сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Алқаның мүлігіне иелік етеді;

22) Төралқаның регламентін, Алқаның эмблемасын, Тексеру комиссиясы туралы ережені бекітеді;

23) бекітілген шығыстар сметасы шегінде штат кестесi мен Алқа аппараты қызметкерлерінің жалақысын, сондай-ақ Алқа органдарында жұмыс істеулеріне байланысты адвокаттарға төленетін сыйақының және олардың шығыстарының өтемақысының мөлшерін бекітеді;

24) Қазақстан Республикасы заңнамасына және осы Жарғыға қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады.

26. Төралқа отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет Төралқа Төрағасы шақырады. Отырыс, егер оған Төралқа мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.

27. Төралқаның шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Төралқа Төрағасының дауысы шешушi болып табылады.

28. «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және осы Жарғының талаптарын Төралқа орындамаған жағдайда, оның құзыреті мерзімінен бұрын кезектен тыс Конференцияда тоқтатылады.
5.3. Алқа Төрағасы
29. Төралқа өз құрамынан Алқа Төрағасын, Төрағаның орынбасарын жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзiмге сайлайды. Бұл ретте бiр адам қатарынан екi мерзiмнен артық Төраға лауазымында бола алмайды.

Төралқа мүшелері санының ең көп дауысын жинаған кандидат Төраға лауазымына сайланды деп есептеледі.

Төралқа мүшелері санының ең көп дауысын жинаған кандидат Төраға орынбасары лауазымына сайланды деп есептеледі.

30. Алқа Төрағасы мен оның орынбасары Төралқа отырысында сайлаудың қорытындылары жарияланғаннан бастап өз өкілеттіктерін орындауға кіріседі және оларды жаңа сайлаудың қорытындылары жарияланғаннан кейін тоқтатады.

31. Төраға:

1) мемлекеттiк және өзге де ұйымдарда, жеке тұлғалармен қарым-қатынастарада, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда Алқадан өкiлдiк етедi;

2) Алқа атынан сенiмхатсыз әрекет етедi;

3) сенiмхаттар бередi;

4) Алқа Төралқасының отырыстарын шақырады және жүргізеді, оның мәжілістерінде төрағалық етеді;

5) конференцияларды дайындауы мен өткізуін ұйымдастырады;

6) Алқа аппаратының қызметкерлерін жұмысқа алуды мен шығаруды жүзеге асырады;

7) Алқаның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау жүргізеді, бұйрықтар мен өкімдер шығарады, аппараттың барлық қызмеркерлері орындауға міндетті нұсқаулар береді;

8) Алқа атынан мәмiлелер жасайды және Алқа Төралқасының шешiмi бойынша сметаға және мүлiктiң мақсатына сәйкес Алқа мүлігіне иелiк етедi;

9) Төралқа мен Конференция шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де құзыреттерді жүзеге асырады.

32. Төраға мен оның орынбасарының өкілеттіктері:

1) Төралқаға ерікті түрде өз өкiлеттiгiн доғару туралы жазбаша өтініш берген;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген негіздер мен тәртіп бойынша адвокат мәртебесінің жойылған;

3) осы Жарғының 28-тармағында көзделген тәртіппен кезектен тыс Конференцияда Төралқа өкілеттігі мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

Төраға мен оның орынбасарын жаңадан сайлауы Төралқаның жаңа құрамын сайлағаннан кейін жүргізіледі.

33. Осы Жарғының 32-тармағының 1) және 2) тармақшаларымен көзделген негіздер бойынша Төраға мен оның орынбасарының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Төралқа осы оқиға болған күнінен бастап бес жұмыс күннен кешіктірмей олардың өкілеттіктерінің мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы туралы себептерін көрсетіп, аумақтық алқаларға хабарлайды және отыз жұмыс күннің ішінде өз құрамынан жаңа Төраға мен Төрағаның орынбасарын сайлайды.

Жаңа Төрағаны сайлауына дейінгі мерзiмде оның мiндеттерін Төрағаның орынбасары орындайды.


6. АЛҚАНЫҢ ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ
34. Тексеру комиссиясы Алқаның қаржы-шаруашылық қызметiне iшкi бақылау функцияларын жүзеге асыратын оның бақылаушы органы болып табылады.

Тексеру комиссиясы үш мүшеден тұрады және Конференция жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзiмге сайланады. Алқа Төралқасының мүшесi Тексеру комиссиясының мүшесi бола алмайды.

35. Тексеру комиссиясы өз құрамынан Тексеру комиссиясының төрағасын сайлайды.

36. Тексеру комиссиясы кемінде екі жылда бір рет Алқаның қаржы-шаруашылық қызметiн тексереді.

Тексеру комиссиясы ол туралы Ережеге сәйкес Конференция немесе Төралқа не Төраға шешімі бойынша тексерулер жүргізуге құқылы. Тексерулер жүргізу кезінде Тексеру комиссиясы бухгалтерлік есеп саласының мамандарын қатыстыруға құқылы.

Тексеру комиссиясының талабы бойынша Алқаның аппараты Алқаның қаржы-шаруашылық қызметi туралы құжаттарын беруге міндетті. Тексеру нәтижелері бойынша Тексеру комиссиясы акт жасайды, оның мүшелері оған қол қояды және оны Төрағамен Төралқа мүшелеріне танысу үшін ұсынады.

37. Тексеру комиссиясы өз қызметінің қорытындысы туралы Конференция алдында есеп береді.

7. АЛҚА МҮЛКІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ОҒАН

ИЕЛІК ЕТУ ТӘРТІБІ
38. Алқа мүлкін қалыптастыру көздері аумақтық алқалар жүзеге асыратын аударымдар болып табылады.

Алқа мүлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін гранттар мен қайырымдылық көмек (қайырмалдықтар) есебiнен қалыптастырылады.

39. Алқаның меншігін Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелген тәртіп бойынша оның бухгалетрелік балансында көрсетілген негізгі құралдар, ұлтық және шетелдік валютадағы акша құралдары, басқа да жылжитын және жылжымайтын мүлік құрайды.

40. Алқа жарғылық мақсаттарға сәйкес мүлікке иелік етеді.

Алқаның ортақ қажеттiлiктерiне арналған шығындарға оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың Алқа органдарында жұмыс iстеуiне байланысты шығыстардың өтемақысы, Алқа аппараты қызметкерлерiнiң жалақысына арналған шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Алқа сметасында көзделген өзге де шығыстар жатады.

41. Аумақтық алқалар адвокаттық қызметпен айналысатын әр адвокат үшін тиісті жылға Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің елу пайызынан кем емес мөлшерде айлық аударымарды әр айдың жиырма бесіне дейін Алқаның есеп шотына аудару жолымен енгізеді.

42. Алқаның жарғылық міндеттерін орындауға бағытталған нақты шаралар мен бағдарламаларды қаржыландыруға арналған нысаналы жарналардың мөлшері мен төлеу мерзімін аумақтық алқалардың төралқаларымен келісім бойынша Төралқа анықтайды.

43. Алқа мүшелері Алқаға өздері берген мүлікке, оның ішінде аударымдарға құқылы емес. Алқа өз мүшелерінің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді, ал Алқа мүшелері оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді.

44. Алқа мүлігіне, оның ішінде ақша қаражаттарына, Конференцияның шешімдерімен көзделген жағдайларды қоспағанда, Төралқа шешімдері бойынша және сметаның шеңберінде тікелей билік етуді Төраға жүзеге асырады.

45. Құны 1000-айлық есептік көрсеткіштен артық Алқаның меншік құқығындағы мүлікке ауыртпалық салу немесе оны иеліктен айыру Төралқаның шешімі бойынша жүзеге асырылады.


8. ЖАРҒЫҒА ӨЗГЕРІСТЕР

МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТӘРТІБІ
46. Жарғыға өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы шешім Конференцияға сайланған делегаттардың санының кемiнде үштен екiсi болғанда олардың үштен екі дауысымен қабылданады.

47. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс беру құқығы Алқаның әр мүшесіне тиесілі.


9. АЛҚАНЫ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУЫ
48. Алқаны қайта ұйымдастыру Конференцияның ерікті шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген жағдайларда мәжбүрлі жүргізілуі мүмкін.

49. Алқаны тарату Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Алқаны ерікті тарату туралы шешім Конференцияда барлық делегаттар санының үштен екі дауысымен қабылдануы қажет.

50. Алқаны Конференцияның шешімімен немесе сот таратқан жағдайда үш адамнан тұратын тарату комиссиясы құрылады. Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап Алқаның мүлкін және істерін басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады.

51. Алқа таратылған жағдайда оның мүлкі оның мүшелері арасында бөлінбейді, ол несие берушілер алдындағы Алқаның қарыздарын өтеуге және оның Жарғысымен көзделген мақсаттарға жұмсалады.



52. Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеліміне тиісті жазба жасалғаннан кейін Алқаның таратылуы аяқталды, ал Алқа өз өкілеттігін тоқтатты деп есептелінеді.



©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет