Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы



бет2/13
Дата08.06.2016
өлшемі1.45 Mb.
#123066
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Әдебиеттер:

1. Х. Маданов; Қазақ мәдениетінің тарихы. Алматы, 1998

2. М. Орынбеков; Ежелгі қазақтың дүниетанымы. Алматы, 1996

3. М. Дүйсенов; Сағанатас сырлары. Алматы, 1992



4. А. Сейдімбеков; Күңгір-күңгір күмбездер. Алматы, 1981

С.Ә. Аманжолов

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, кафедра меңгерушісі,

«Жас Суретші» зертхана меңгерушісі,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор
БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН КӨТЕРУДЕ АРНАЙЫ ҒЫЛЫМИ, ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЗЕРТХАНАНЫҢ АТҚАРАТЫН РӨЛІ
Егемен еліміздің көркейіп дамуына ғылымның, білімнің және өнердің қосатын үлесі ерекше. Қазіргі қоғамдағы мамандар бәсекелестігіне төтеп беретін жан-жақты өнерлі, мәдениетті, жоғары білімді маман дайындау басты мәселеге айналып отыр. Мемлекетіміз қазір рухани байлығымызға, ертеңгі ұрпақ мәселесіне баса назар аударуда. Бүгінгі мектепте отырған оқушыларымыз, біздің еліміздің болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі тізгінін алатын азаматтары деп қарауымыз қажет. Ендеше біздің жастарымызға берілетін білім сапасы да өте жоғары болуы тиіс, ол үшін, отандық білім беру жүйесін әлемдік білім беру үрдісіне сәйкестендіруіміз керек, бұл қазіргі заманның қойып отырған талабы. Орта мектепте өтілетін басқа пәндермен қатар, бейнелеу өнері сабағына деген дұрыс көзқарас қалыптастыру, оқытудың озық тәжірибелерін қолдану, ұлттық құндылықтарымызға деген жастардың қызығушылықтарын арттыру, оның қазіргі таңдағы мақсаттары мен міндеттерін айқындау біздің борышымыз.

Баланы, әсiресе бастауыш сыныптан бастап, бейнелеу өнерiне жүйелі түрде оқыту, қашанда мемлекеттің кезек күттiрмейтiн мiндеттерiнің бiрi болып табылады. Ұлы Абай атамыздың 33 қара сөзiнде өнер жайлы былай делінген: «егер мал керек болса, колөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал өнерiн сатқан қолөнерлi - қазақтың әулиесi сол». Әулие деген қазақтың түсiнiгiнде ең құдiреттi, қасиеттi, киелi адам деген мағынаны бередi. Бұл қара сөзiнде өнердi, жалпы өнер адамын қазақтың қастерлi адамы деп әулиеге теңеп отырғаны тегіннен тегін емес. Мысалы, өнерлi адамдар өз қолдарымен жасаған әдемi заттарын киелi деп қастерлеп, төрге қойып, оны өзiнiң өсiп келе жатырған балаларына, немерелерiне мұра қылып қалдырып отыратынын білеміз. Бұл дәстүр бiздiң елiмiзде ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келеді. Соңғы уақытта елiмiзде Ел басымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен халқымыздың “Мәдени мұрасына” ерекше көңiл бөлiнiп, теңдесі жоқ жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Еліміздің мәдени мұрасы-орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына. Бұл ісіміздің маңыздылығы сол, ол біздің болашақ жастарымыздың бойына ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастырады. Техника, космос тағы басқа салалардағы жетістіктерді басқа озық елдерден барып үйреніп қайтуға болар, ал ұлттық өнерімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты тарихи деректерді оқып үйренуге мүмкіншілік, тек өзіміздің елімізде ғана, оны ешқандай озық мемлекет өзімізден артық зерттеп, өзімізден артық көрсете алмайды. Біздің елімізде Мәдени мұраның маңыздылығына мән беріп, зерттеуді қолға алғанымыз, шетелдік зиялы қауым тарапынан жоғары бағаға ие болуда. Мәдени мұра бағдарламасының әрі қарай жүйелі түрде іске асырылу құқығына ие болуы, барлық елге өнегелі іс болуда. Бұл біздің егемен еліміздің болашағына деген ұлтжандылық көзқарасымыздың бiр керемет айғағы деп бағалауымыз қажет. Қазiргi егемен ел болып, керегемiз бекiп жатырғанда, өнерге жанашырлық жасау арқылы біздің жастарымызға ұлттық өнерімізді жеткізе білу, әрбір қазақ азаматының парызы. Ұлттық өнерімізді жастарға үйрететін негiзгi салалардың бiрi – бейнелеу өнерi болып саналады. Бейнелеу өнерiнің маңыздылығы сол, ол адамның өткен уақыттағы және өзі өмір сүріп отырған ортасының әсемдiгiн өнер тұрғысынан түсiнуiне, эстетикалық талғамының дұрыс қалыптасуына жол көрсететiн ең алғашқы білім болғандықтан, өзінің ерекше мақсаты мен міндеттері бар. Сурет салуды сүю деген – ол өмiрдi, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю. Ол адамның ақыл-ойын, парасатын өсiредi, танымын кеңейтедi, iзгiлiкке, әсемдiкке үйретедi. Өмiрде кездесетiн келеңсiз құбылыстармен күресуге баланы тәрбиелеп, халқына, елiне, жерiне деген сүйiспеншiлiкке баулиды. Бейнелеу өнері қашанда қамқорлықты, оған асқан жауапкершiлiкті, жанашырлықты әрқашанда қажет ететiнi белгiлi. Осы бейнелеу өнерiн жүйелi оқыту, оған баланы жастайынан баулып тәрбиелеу iсi баршамыздың алдымызға байыпты мiндеттер қойып отыр. Қазiргi дамыған заманда бәсекеге қабілетті, бiлiмдi, өз iсiнiң маманын тәрбиелеп шығару басты мақсатымыз. Бейнелеу өнерiнің қарапайым заңдылықтарына мақсатты және жүйелі түрде үйрету мектеп қабырғасынан бастап жүзеге асырылады. Сондықтан, сабақты сапалы, қызықты өткiзу, балалардың өнерге деген қызығушылығын, сүйiспеншiлiгiн арттыру тiкелей пән мұғалiмiне ғана байланысты. Бейнелеу өнерi сабағының қоғамдағы алатын орны өз алдына ерекше. Бейнелеу өнерi сабағының негізгі мiндетi – балаларға бейнелеу өнерiнiң барлық түрлерiнен жалпы мағлұмат беру, қарапайым заттардың суреттерiн бейнелеудi меңгерту, өмiрдегi әдемi мен жаманды ажырата бiлудi үйрету, ұлттық өнерімізді оқыту арқылы оқушылардың ұлттық, эстетикалық сезімдерін қалыптастыру. Әрбiр оқушы бейнелеу өнерi сабағы арқылы өзiн қоршаған ортадағы заттардың әдемiлiгiн, табиғаттың әсемдiгiн және осы әдемiлiктердi көрiп сезiну арқылы өзiнiң шығармашылық қабiлетiн жетiлдiре алады. Әрине бұл қабiлеттiлiк пен тәрбиені әрбір оқушыға дарыту, бір ғана сабақтың нәтижесінде жүзеге асырылмайды, оған уақыт қажет, сондықтан бұл өз ретiмен жүретiн процесс. Бейнелеу өнерi сабағында әрбір оқушы өздерiнiң көру, есте сақтау, ойлау және қиял түйсiктерi арқылы берілген тапсырмалардың немесе тақырыпқа байланысты табиғат құбылысының түрлі қасиеттерiн бейнелеуге мүмкiндiк алады.

Біздің қолданып жүрген бейнелеу өнерiнің әдiстемелiк нұсқаулары мен оқулықтарында осындай ерекшеліктер ескерілуі қажет. Біздің жаңа оқулықтарымыздағы тапсырмалар бiр ғана бағытта жазылуда, ол балаға тек бейнелеу өнері тапсырмаларының түрлерi бойынша сурет салғызуды үйретуге арналған. Қазiргi талап бойынша мектеп мұғалiмдерiне, балалардың жас ерекшелiктерiнің ғылыми негіздеріне, байланысты берілетін тапсырмалардың көлемі мен мазмұнын және оқыту жолын көрсететiн оқу құралдары қажет. Балалардың салған суреттерін зерттеген орыс ғалымы В.Бакушинский балалардың сурет салуды меңгеруі, ата тегіне байланысты, егерде ата тегінде суретші болмаса, ондай балалар ешуақытта сурет салуды меңгере алмайды, оларды үйретіп қажеті жоқ десе, бастауыш сынып оқушыларына, тек еркiн тақырыпқа байланысты тапсырмаларды ғана берген дұрыс, өйткені жас балаларға сурет салудың техникаларын ерте үйретiп қажетi жоқ, немесе бастауыш сынып оқушыларының кейбір салған суреттерiн құр «шимай сызық» деп баланың суретiне немқұрайлықпен қарап келгенімізді білеміз. Атақты орыстың психологы, оқушылардың сурет салу мүмкіншіліктерін зерттеген Е.И.Игнатьев осындай пiкiрлердiң пайда болуының басты негiзi, ол баланың салған суреттерiнiң ғылыми негiздерiн толық түсiнбеушiлiктен дейді. Жалпы орта мектепте пән мұғалiмнiң басты назары сурет салуға икемi бар балаларға ғана аударылып, орташа, төмен балалар ескерілмей қалуда. Бұл мәселенің әртүрлі себептері бар, біздің ойымызша, негізгі себебі болашақ бейнелеу өнері және сызу мұғалімдерін дайындауда бейнелеу өнеріне байланысты шығармашылық психология, баланың сурет салудағы психологиялық ерекшеліктері, бейнелеу өнеріне байланысты ғылыми негіздерінің терең оқытылмайтындығы. Астана қаласының Білім басқармасының бастығы Т.Бимендинаның келісімімен және Астана қаласында эстетикалық бағыттағы №61 орта мектептің директоры, суретші-ұстаз Ұ.Арқабаеваның қолдау көрсетуімен, 2009 жылы қараша айында бейнелеу өнері сабағын оқытуды жетілдіру, мектеп ұстаздарын ғылыми жұмысқа бейімдеу, ғалымдар мен әдіскерлерді бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхана аштық.. Зертхананың 3 жылдық жоспары жасалды. Зертханаға жоспар бойынша Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми жұмыстарымен танымал ғалымдар, мектеп ұстаздары, магистранттар мен студенттер қатыстырылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 3-4 курстарының студенттері осы зертхана арқылы арнайы педагогикалық практикаларын өтеді. Жыл соңында арнайы зертхананың отырысы өткізіліп, онда зертхананың әрбір мүшесі жылдық есбін береді. Әрбiр денi сау бала бейнелеу өнерiн орта мектеп деңгейiнде толық меңгерiп шыға алатынын бiздiң жүргiзген көп жылғы ғылыми – iзденiс жұмыстарымыздың нәтижелерi де дәлелдеп бердi. Бұл жерде мына мәселенi есте сақтауымыз қажет, біріншіден, орта мектепте бейнелеу өнерiн оқыту тапсырмалары болашақ кәсiпқой суретшiлер дайындауға арналмаған, екiншiден, ондай мiндеттi мектеп деңгейiнде шешуге ешқандай да мүмкiншiлiк жоқ, дегенмен, жалпы орта білім беру стандартының талабына сәйкес білім беруге міндеттіміз. Болашақта жалпы орта бiлiм беру жүйесiнiң 12 жылдыққа көшуi туралы дайындық жұмыстары, басқа пәндер сияқты, бейнелеу өнерiн оқытудың жаңа ұлттық бағдарламасы мен жаңа буын оқулықтарын дайындауды мiндеттеп отыр. Қазiргi жахандану заманында Бейнелеу өнері сабағына аз сағат бөлінуі, мектептерде бейнелеу өнерi сабағының толық пән ретiнде жүргiзiлмей қажетсiз сабақ ретiнде қалып қоятыны, сабақты арнайы білімі жоқ мамандардың жүргізуі өкiнiштi жағдай. Біздің мектеп пәндеріне деген көзқарасымыз саясатпен санасып қалатын сияқты, қоғамда техникалық білімді жетілдіру керек десе, мектепте техникалық мамандыққа қажетті пәндерге қосымша салат беріліп жатады. Мысалы, адам денесіндегі мүшелерінің әрқайсының орындайтын, атқаратын өз міндеттері бар, егерде денесінің бір мүшесі кем болса, ол адам мүгедектер қатарына жатқызылады. Міне мектептегі оқытылатын пәндердің барлығы да осындай адамға білім, тәрбие беруде қажетті деп санауымыз керек. Өнер сабақтарына мән бермеуімізден, бiз болашақ жастарымыздың рухани, адамгершілік сезімдерінің таяз болуына қандай ықпал жасайтынымызды сезбеймiз. Орта мектептерде өтiлетiн басқа сабақтар мен қатар бейнелеу өнерi де толық жүйелi түрде жүргiзiлуi тиiс – ол қазіргі өмiр талабы. Көркемдiк тәрбие беруде бейнелеу өнерiнiң тағы бiр негізгі атқаратын мiндетi – ол әрбiр баланың бойына мәдениеттілікті қалыптастыру, табиғи қабiлетiн дамыту, соған қолдау жасау, болашақта суретшi мамандығын меңгермесе де, өмiрге қажетті қандай да болмасын мамандықтың білікті маманы болып шығуына ықпал жасау.

Бейнелеу өнерінің қоғамға, жеке адамның білікті маман болып қалыптасуына қаншалықты үлесі бар екендігі туралы көп мысал келтiруге болады. Атақты Кеңес одағының 3 дүркiн батыры, ұшқыш Иван Кожедуб мектеп қабырғасында сурет сабағының дұрыс жолға қойылуының арқасында, сурет салуды жақсы меңгергендігі, көз өлшемінің қалыптасуына көп әсер беріп, жаумен соғысу кезiнде көз өлшемiнің көп көмегi тигенiн үнемi мақтанышпен есiнен шығармаған. Аты әлемге танымал авиаконструктор А.С.Яковлев те осы бейнелеу өнерiнiң арқасында жеткен жетiстiктерiне байланысты: мен тағы бiр нәрсе үшiн мектепке дән ризамын, онда сурет салу жақсы жолға қойылған болатын. Сурет сала бiлгенiм, менің болашақ мамандығымды таңдауыма себеп болды дейді. Өйткенi инженер-конструктор әлде қандай машина жасауды ойластырған кезде, ол өзiнiң болашақ туындысын егжей-тегжейлi көз алдына келтiруге тиiс және оның бейнесiн қарындашпен қағаз бетiне түсiре бiлуi керек. Белгілі географ А.Половкин тiптi «география және сурет салу» деп аталатын бiр тұтас кiтап та жазған екен. Осындай бейнелеу өнерiнiң өмiрге қажеттiлiгi, адамды ауыруынан емдеуде қолданыс тапқаны туралы айтылған хирургтардың және тағы басқа да мамандық иелерiнiң ойлары дәлел бола алады. Бейнелеу өнерінің қоғамдағы маңыздылығына келетін болсақ, бейнелеу өнері әр салада тиімді қолданыс тауып жатыр. Қазiргi кездерi сурет салғызу арқылы ауыруды емдеу, психотерапиялық әдiстердiң бiр түрi ретiнде пайдаланылып келеді. Адамның мінезінде қандай психологиялық ауытқулар бар екенін анықтау үшін де, сурет салғызу арқылы зерттеу жұмыстары кейінгі кезде көптеп жүргізілуде. Бейнелеу өнерін меңгеру, әрбiр оқушының сурет салудағы біліктілігін дамытып қоймай, адамның рухани және ұлттық сана-сезімін қалыптастырады, жалпы егемен еліміздің өркендеп дамуына зор әсерін тигiзедi.

Сондықтан орта мектепте бейнелеу өнерiн оқыту кезiнде тәрбие мен оқытудың бiрлiгi, тек педагогикалық жағын емес, адамның мәдени құндылығын мағыналы түрде арттырады.

Ал қазiргi уақытта жастардың бойында кәсібилік, белсенділік, креативтік, бәсекеге қабілеттілік, патриоттық, экологиялық тәрбиелердi қалыптастыру әр мемлекеттің басты міндеті. Осы міндеттердің орындалуына себебін тигізетін пәндердiң бiрi - бейнелеу өнерi. Сондықтан орта мектепте бейнелеу өнері сабағының өз деңгейiнде жүргiзiлуiне мән беріп, асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Сапалы өтілген бейнелеу өнері сабағынан жастарымыз қоғамдық орындарда мәдениетсіз қылықтарға бармайды, нашақорлық індеті белең алып отырғанда бейнелеу өнерінің қосымша үйірмелерінің қажеттілігі қазір өте маңызды. Мысалы, бейнелеу өнерімен айналысатын оқушылар, сая бақтардағы жақсы нәрсенi сындырып кетуге, көпшілік орындарда шемішке шағуға, түкіруге, әдемi заттың бетiн сызуға, бүлдiруге, былапыт сөз айтуға бармайды, қарапайым мәдениеттiлiктерден жұтаң болмайды. Бейнелеу өнерi сабағында пән мұғалімі оқушыларға сурет салғызуды ғана үйретумен шектелмей, тәрбиелік мағынада үнемі әңгіме айтып отыру қажет. Бейнелеу өнері бойынша оқытудың жаңа технологияларын кеңінен қолдануға іздену жұмыстары жоспар бойынша «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертханасында жүргізіліп жатыр.

Бейнелеу өнерінің туындылары қоғамда эстетикалық тәрбиенiң негiзгi құралы болып есептелiнедi. Лувр, Эрмитаж, Орыс мұражайы, А.С.Пушкин атындағы Бейнелеу өнерінің мұражайы, Третьяков галереясы, Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнерінің мұражайларындағы ертеден бастау алған Бейнелеу өнерiнің ғажайып туындылары, оның орындалысы, шынайлылығы, қолданған бояулардың үйлесімділігі, әсемдiгi адам баласын осы уақытқа дейiн тамсандырумен келедi. Бұл бейнелеу өнерінің киелілігі.

Қазір батыстың жеңіл мазмұнды, сапасы төмен, мағанасы жоқ, композициялық шешімі таяз, бейнелеу өнерінің заңдылықтарын сақтамаған жұмыстарына еліктеген өзінше «туынды» деп атап жүрген жұмыстарға еліктеу белең алуда. Көрмелерде осындай жеңіл жұмыстарға мән бере бастаған сияқтымыз. Сондықтан орта мектеп қабырғасынан бастап, бейнелеу өнерiн оқыту мен ұйымдастыруды жетілдіруіміз қажет. Ол үшін, мектептегі Бейнелеу өнерi сабағын басқа мамандықтың мұғалімдері өткізуге тиым салынуы керек, бейнелеу өнері сабағына бөлiнген сағаттарды математика, тiл сабақтарын терең оқыту үшін, қосымша сағат ретiнде пайдалануға жол берілмеуі қажет.

Қоғамда қалыптасқан Бейнелеу өнерi мұғалiмiне деген көзқараста көңiлдi көтермейдi. Мектепке келген Бейнелеу өнерінің мұғалімі, ол сол мектептiң тегiн безендiрушiсi, оның қолынан бәрi келедi, мектеп аралық көрмеге қатысуда, сол мектептiң намысын қорғап, барлық жұмысына жауап беретін жалғыз мұғалiм. Мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындалуына, тұрмыс жағдайына, шығармашылықпен айналысуына уақыты болмайтынына біз мән бере қоймаймыз. Әрбір жаңа сабаққа дайындалуға мұғалiмнiң уақыты жетiспейтiндiктен, сабақ сапасыз, қызықсыз өтiледi. Көне грецияның суретшiлерi мен ойшылдары сурет салу тек қана қол өнердi дамыту үшiн ғана қажет емес, жалпы бiлiм мен тәрбие беруге қажет деп есептеген. Бейнелеу өнерiнің балаларға жастайынан эстетикалық тәрбие беретiн құрал екенiн дамыған елдердiң барлығы түсiнген, оның iшiнде жапон елi және батыс еуропа елдерi күнi бүгiнге дейiн оған көп көңiл бөлетiнiн жиi ұйымдастырып отыратын балалардың көрмесiнен айқын көруге болады. Шет елдерде балалардың суреттерiнен халықаралық деңгейде көрме ұйымдастырылып тұрады және оны тамашалауға өнер сүйер қауыммен бiрге ғалымдар, жазушылар, кәсiпқой суретшiлерде қызығушылық танытады, оның өзiндiк себебi бар. Бұдан жалпы бейнелеу өнерiнiң оның iшiнде балалар суреттерiнiң өмiрдегi алатын орнының ерекше екенiн түсiнуге болады. Ресейдiң өзiнде балалардың суретiне деген көзқарас ерекше. Бала суретін зерттеуге арналған екi ғылыми зерттеу зертханасы Кеңес одағы кезiнен бастап, әлi күнге дейiн жұмыс iстеп келеді. Бірінші зертхананы педагогика ғылымдарының докторы, Ресей бiлiм академиясының академигi В.С.Кузин, екiншiсiн Кеңес одағының халық суретшiсi, академик Б.Неменский басқарады. Зертханаларда балалар суреттерiн зерттеп жүрген атақты ғалымдар мен тәжiрибелi әдiскерлер еңбек етедi. Алға қойған мақсаттары – бәсекелестiк негiзiнде бейнелеу өнерiн оқытуға байланысты жаңа оқыту әдiстемесiн дайындау, оны ғылыми негiзде дәлелдеп, түрлi оқулықтар, оқу-әдiстемелiк нұсқаулар мен оқу бағдарламаларын құрастыру, арнайы бөлінген мектептерде тәжiрибелер өткiзу арқылы министрлiктiң қолдауымен оқу процесіне қолданысқа енгiзу. Осындай мәселенi қолға алу мақсатында біздің «Жас суретші» зертханамыз жұмыс істеп жатыр.

Бейнелеу өнерi сабағын бастауыш сыныптарда оқытудың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Егемендiк алғаннан бастап, бейнелеу өнерiн орта мектептерде оқытуға арналып жазылған жаңа буын оқулықтар басылып шықты. Бұл оқулықтардағы берiлген тапсырмалардың көпшілігін балалар көшiрiп салу жолымен орындайды. Қазіргі таңда біз балалардың өздері ойлап шешім жасай алатын тұлға етіп тәрбиелеуіміз қажет екенін ескеретін болсақ, бұндай тапсырмалар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуғак ері әсер береді. Оқушыларға арналған арнайы жұмыс дәптерлерiнде мысалы, затқа қарап салу тапсырмаларын 4 түрлi кезең арқылы салу және оны қандай бояу түрлерiмен бояу қажет екендiгiн көрсететiн бейнелеу жолдары ұсынылған. Осы көрсетiлген тапсырмаларды орындаған оқушылардың жұмыстарына талдау жасау барысында, сыныптағы оқушылардың көпшiлiгi тапсырмаларды ешқандай ойланбастан, қалай болса солай, сол қалпында көшiре салатынын аңғардық. Бұның негізгі себебi, 4 түрлі кезеңмен салудың жолдарын оқушылар не үшiн қолдану керектiгiн толық түсiнбеуінен. Сурет салу кезінде оқушылар қосымша сызықтарды қолдану арқылы бейнелеуді толық білмейді. Қосымша сызықтарды қолдану заңдылықтарын балаларға тек сабақ жүргiзушi мұғалiм ғана түсiндіре алады, мысалы, тақтаға жаңа тапсырманы орындау жолдарын мұқият түсiндiру барысында. Оқушының сурет салуға қызығушылығын оятуда, кейбiр балаларға дайын суреттен қарап көшiрiп салудың да тигiзетiн пайдасы бар екенін Ресей ғалымдары дәлелдеген. Көшіріп салу әдісін үнемі қолдануды әдетке айналдырса, баланың қиялы, ойлауы, еске түсiру процестерi және жеке даралық қабiлеттерi дамымай тежелiп қалатын көрінеді. Белгiлi балалар суреттерiн зерттеушi орыс психологы Е.И.Игнатьев балалардың көшiрiп салуға дағдылануын зерттеу нәтижесінде мынадай қортындыға келген. «Егерде орта мектепте балаларға сурет салуды үйрету тек көшiрiп салу жолымен жүргiзілетiн болса, онда балалардың жалпы қабiлетi бастапқы мектепке келгендегi деңгейiнде қалып, жоғары көтерiлмейтiнiн анықтаған». /2 /

Бұл жерде басты ескеретiн мәселе, ол бейнелеу өнерi сабағындағы тапсырмаларды орындау, басқа оқитын пәндерге қарағанда шығармашылықпен жүзеге асырылатынын және сабақты жүргізудегі қолданатын оқыту әдiстемесi айрықша болатынын түсiну. Сурет салуды жетілдіруде маңызды мәселенің бірі, сыныптағы оқушылардың қабiлетiне қарай тапсырма құрастыру, бiз қазiргi оқулықтарда арнайы көркем өнер мектептерiнiң өнерге бейiмi бар балаларына арналған күрделі тапсырмаларын оқулыққа енгіздік, бұдан тапсырмалардың бірізділігі бұзылды және күрделендiрілдi. Осындай мәселелердi жаңа оқулық дайындау барысында қайталамас үшiн, авторлар оқу құралындағы тапсырмаларды балалардың жас ерекшелiктерiне байланыстыра білуі қажет. Мектеп мұғалiмi балалардың сурет салу қабiлеттерiнiң ғылыми негiздерiн түсiнiп, баланың салған суретiн бағалау кезiнде оның табиғи мүмкiншiлiгiн ескерiп, әрбiр салған баланың суретiн шығармашылық туынды ретiнде қарауын басты назарда алуы ең негізгі талап болып саналады. Әрбiр сыныпта өтiлетiн бейнелеу өнерi пәнiндегi затқа қарап салу, тақырыпқа байланысты композиция орындау, сәндiк сурет сабақтарында берiлетiн тапсырмалар, бiр-бiрiмен өзара байланыста болуы басты шарт. Осындай талаптарды жоғары деңгейде орындау пән мұғаліміне тікелей байланысты. Қазіргі ұлттық білім беру жүйесіне қойылып отырған мәселелерді айқындау мақсатында сәуір айының соңында Астана қаласында 2008 жылы ашылған эстетикалық бағыттағы түңғыш №61 орта мектепте Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қалалық Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен бірлесе отырып «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы-Қазақстандағы көркем білім беруді жетілдірудің негізі» атты тақырыпта Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өткіздік.

Конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхананың меңгерушісі С.Ә.Аманжолов және №61 орта мектептің директоры, суретші-ұстаз Ұ.Н.Арқабаева ұйымдастырды.

Конференцияға Астана қаласының Білім басқармасының бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің әдіскері Асаинова Н, Астана қалалық Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының жетекші маманы Дүйсенбинова Б.С., Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, З.Ш.Айдарова, Қазіргі заман мұражайының қызметкері, Бейнелеу өнері және сызу магистрі П.Сүйіндікова, Технология және бизнес колледжінің оқытушысы А. Жантілесова, Бейнелеу өнері кафедрасының профессоры, ҚР еңбегі сіңген білім қызметкері, ҚСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі И.Ш.Ачилов, доцент, п.ғ.к. Т.К.Самұратова, аға оқытушылар Г.А.Байтышев, Ш.І.Пірімбаев, Астана қаласының №63 орта мектебінің бейнелеу өнері, сызу және технология сабақтарының мұғалімі А.Х.Байделдинов, Астана қаласының №37 орта мектебінің бейнелеу өнері, сызу және технология сабақтарының мұғалімі Қ.Әбжаппаров, № 61 орта мектептің мұғалімдері: Е.К.Түсіпханов, М.М.Ахметжанов, Л.И.Малгаджарова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 2 курс магистранты Ұ.Мамбетова, 1 курс магистранттары Амандық Т., Якубова М. және Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 1 курс студенттері Габбасова С., Жумагереев А., О.Есентай, 2 курс студенттері К.Буянжорғал, Д.Рамазанова, Е.Жолдас, Самосеевич М., А.Адай, 3 курс студенттері: С.,Әбілқайыр, Мухажанов Б., Г.Сымағұл, 4 курс студенттері: Жалын Буырхан, Ахметжанова А., Касимова К., және 6,8,10 сынып оқушылары қатысты. Конференцияның ерекшелігі сол, бұнда алғаш рет ғалымдар, мектеп ұстаздары, магистранттар, студенттер мен мектеп оқушылары бір деңгейде қатысып, өз ойларын еркін жеткізе білді және Кеңес одағынан келе жатырған қалыптасып қалған әдет, мінбеге шығып ешкімге қажетсіз тақырыпта баяндама жасап, жұрттың ұйқысын келтіретін дәстүр өзгертілді. Конференцияда орта мектептердің ұстаздары қолданып жүрген авторлық оқытудың жаңа технологиялары, білім сапасын көтеруге байланысты ғалымдардың пікірлері кеңінен тыңдалды. Ғалымдар қазіргі білім беру саласына қойылып отырған талаптарға байланысты мәселелердің ғылыми негіздеріне тоқталса, мектеп ұстаздары оқу процесін ұйымдастырудағы жаңа бағыттары мен бейнелеу өнері, сызу, технология және дизайн мұғалімдерін дайындау қажеттігі туралы ойларын ортаға салды. Магистранттардың көтерген ойлары негізінен бейнелеу өнерін оқытудың жаңа педагогикалық технологияларына, қазіргі технология, дизайн сабақтарын өткізуде бейнелеу өнері сабағының мұғалімдеріне қойылатын талаптарға байланысты болды. Студенттер қазіргі мектепте өтілетін үздіксіз практикаларды ұйымдастырудың тиімді жолдары жайлы сөз көтерді. Мектеп оқушылары болса, жоғары сыныптарда бейнелеу өнерін оқытуды жалғастыру қажет екендігі жайлы ойларымен бөлісті.

Конференция соңында студенттер мен мектеп оқушыларының шығармашылық көрмесі ашылды, «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхананың жоспары және орындайтын жұмысымен және сол мектепте жұмыс істеп жатырған кәсіби суретші Г.Телғозиеваның жеке шеберханасымен, сурет, кескіндеме, мүсін үйірмелеріне арналған шеберханалармен танысты. Конференцияда көтерілген мәселелер бойынша қаулы қабылданды. Қатысқан ғалымдар мен оқытушылар бейнелеу өнеріне байланысты осындай конференцияны дәстүрлі түрде өткізіп тұруға осы білім ордасын ұсынды.

Орта мектептегi бейнелеу өнерi пәнiнiң мұғалiмi, әсіресе ұлттық мектептің мұғалімі өте жауапты және маңызды міндеттерді атқарушы. Пән мұғалiмi сурет салуды үйретумен қатар, халқымыздың ұлттық шығармашылық туындыларын талдай бiлудi, сол арқылы балалардың көркемдiк талғамын, ұлтжандылық сезімін қалыптастырады. Күндегi өмiрде ұлттық өнеріміздің қол өнер туындыларын қанша тұрып байқап қарағанмен, кейде ересек адамның өзi, сол тамашалап тұрған өнер туындысының мағанасын өз деңгейiнде толық түсiне алмайды. Өнер туындысын түсінудің маңыздылығы неде деген сұрақ тууы мүмкін. Қазiргi уақытта батыс өнеріне деген жастардың қызығушылығы, бейнелеу өнерiнiң неше түрлi бағыттарына еліктеу етек алып отыр, сондықтан өнер туындыларын дұрыс талдай бiле отырып оған баға беру, ол өмiр талабы.

Дамыған 50 елдiң қатарындағы елдермен бiрге iргелi ел болуға, ұлт болып қалуымызға, мемлекеттiк тiлдi, халқымыздың тарихын, мәдениетiн, өнерiн бiлетiн, қазақтың жанын ұға алатын, елiнiң саясатынан хабардар өз саласының бәсекеге төтеп бере алатын нағыз маманын дайындау қазiргi елбасымыздың өнер, білім салаларына қойып отырған негізгі талабы. Ендеше осы қойылып отырған міндеттерді шешуде балаларды өнермен сусындататын бейнелеу өнерi пәнi мұғалiмдерiнiң ғылыми, оқу-әдістемелік бiлiмі мен кәсiптiк деңгейлерi өте жоғары болуы басты шарт. Міне осы талаптарды атқаруда «Жас суретші» зертханасы айтарлықтай өз үлесін қосады деп ойлаймын, әрине оған барлығымыз жұмылып қызмет істеуіміз қажет.


Қолданылған әдебиеттер

  1. С.Ә.Аманжолов. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. ЕҰУ, -2010. 320б.

  2. Игнатьев Е.И. Психологияи зобразительной деятельности детей. М.-1961



З.Ш. Айдарова

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА

жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет