Үржар ауданының әкімі С. З. Зайнулдиннің Халықаралық әйелдер мерекесі құрметіне арналған салтанатта



жүктеу 35.9 Kb.
Дата21.06.2016
өлшемі35.9 Kb.
Үржар ауданының әкімі

С.З.Зайнулдиннің

Халықаралық әйелдер мерекесі

құрметіне арналған салтанатта

сөйлеген сөзі.

2015 жыл
Құрметті ханымдар, аяулы аналар мен апа-қарындастар!

«Әйел - ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, халық даналығында тегін айтылмаса керек. Бүгінгі таңда әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі күн өткен сайын анық байқалуда. Сіздер қандай да болмасын ортаның, ұжымның берекесі мен ынтымағысыздар. Сіздердің еңбектеріңізсіз, ақыл-кеңестеріңізсіз мемлекет болашағын, ұрпақ келешегін елестету мүмкін емес. «Әлемді зұлымдықтан тек сұлулық қана құтқарады» деп, тек Сіздер сияқты аяулы әйелдер қауымына қаратылып айтылса керек.

Еліміз жаңаша даму жолына түскен қазіргі кезеңде де әйелдердің атқарар ісі, көтерер жүгі жеңілдеген емес. Елім, жерім, ұрпағым деп соққан әйел-ананың жүрек жарды тілегі қашан да ел мүддесімен ұштасып, ел мұқтажымен үндесіп жатқандығы белгілі. Қазіргі таңда еліміздің алға қойған басты мақсаты да Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік Стратегиясын жүзеге асыру, Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан - 2050» Стратегиясы негізінде Тәуелсіз еліміздің дүниежүзіндегі өркениетті, дамыған 30 елдер қатарына қосылуы жолындағы мақсатымызды айқындау арқылы бүгінгі таңдағы әйелдердің қоғамдағы орнын белгілеу. Елбасымызды, еліміздің атқа мінер әрбір азаматын мазалайтын сансыз күрделі мәселелердің ең бастысы - өркениетті еліміздің өрелі ұрпағын тәрбиелеу, әрбір отбасынан бастау алатын ел берекесін, ынтымағын сақтау, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынасымызды сақтау жолындағы игі істерді жалғастыру екендігін көзі қырақты әрбір отандасымыздың түсінгені абзал.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жария етіп, қол жеткен табыстарды одан әрі жетілдіре түсуге, болашақтағы атқарылар ауқымды істерімізді айқындап берді. Алға жылжуымыздың жаңа қадамын айқындайтын Жолдауды жүзеге асыру жолында да әйелдер қауымының да атқарар рөлі, алар орны ерекше. Ана мен балаға, қариялар мен мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларына қамқорлық жасау, тәрбие мен білім беру, ел байлығын еселеу жолында жаңаша еңбек ету, т.б. толып жатқан келелі міндеттер ана - әйелдің ақыл-ойы, күш-жігеріне, аялы алақаны мен парасатына мұқтаж.

Әйел – өміріміздің бастауы. Отбасы берекесі, шаңырақтың алтын діңгегі. Ауданымыздың әйелдер қауымы ең қайратты, жігерлі, сенімді жандар. Олар қай салада еңбек етсе де жемісті еңбек етіп, құрметке ие болуда. Бүгінгі таңда ауданның экономикасы, мәдениеті, білімі, денсаулық, қорғаныс, тіпті қай саланы алсақ та әйел жолдастардың қолтаңбалары айқын сезіліп, көпшілігі халықтың сеніміне бөленіп жүр. «Шын құрметке өзінің қоғам, ұрпақ алдындағы парызын ақырына дейін адал және ақы-пұлсыз өтейтін адамдар ғана лайық» депті, адамзат ойшылдарының бірі. Яғни, ол - әйел, ана, еңбекқор әрі қажымас қайраткер – Сіздер деп білеміз. Осы ретте игілік пен шарапат жолында бар саналы ғұмырын, керек десеңіздер денсаулығын да сарп еткен ардагер апаларымыздың есімдерін алдымен айтқан орынды. Ауданымызда көп бала тәрбиелеген 1147 «Алтын алқа», 978 «Күміс алқа» иегерлерінің болуы баршамыз үшін зор мақтаныш және мәртебе. Оларға қашанда бас иіп, құрмет етеміз. Сонымен бірге өз замандарында әртүрлі еңбек майданында жеңдерін түре қызмет еткен соғыс жылдарында тракторшы болып, кейін егінші болған Социалистік Еңбек Ері Семушкина Анна Ивановна, кезінде аудан басшылығында қызмет атқарған азаматшаларымыз Екатерина Сандыбайқызы Сандыбаева, мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің басшысы, облыстық мәслихатының депутаты Рысхан Жағыпарқызы Жанкүшікова, қазіргі таңда жемісті жұмыс атқарып жүрген аудандық газет редакторы Зоя Асылханқызы Буланова, халық қалаулылары – облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары Нағима Сапарханқызы Жақиянова, Горковенко Галина Николаевна сынды жемісті еңбек етіп жүрген аруларымызды бүгінгі мерекеде ерекше атап өтуге болады. Әйелдердің қоғамдық пайдалы іспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында оларды бизнес, шағын және орта кәсіпкерлікке тарту, ісіне қолдау көрсету, яғни несие алуына, жер немесе тиісті орын алуына демеу көрсету бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту ісінде ауданымыздағы Кенжебаева Шеризат, Сағатбекова Нұрзия, Төкеева Бақыт, Дойдиева Халида, Шалтаева Гүлнар, Рыбалкина Лариса, Чурсинова Юлия сияқты іскер әйелдердің үлес салмағы жоғары.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда аудан бойынша ару әйелдердің 103 мемлекеттік қызметте, 460 астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері, 1381 мұғалім, 40-дан астам мәдениет қызметкерлері, 50-ге тарта аруларымыз құқық қорғау саласында жемісті еңбек етуде. Мұндай аруларымызды аудан халқы қашанда мақтан тұтып, қашанда өз ықыласына бөлей беретіндігіне шүбә келтірмейміз. Алда келе жатқан маңызды саяси науқан – кезектен тыс Президент сайлауының өз деңгейінде өтуіне әйелдер қауымы жұмыла үлес қосады және дұрыс таңдау жасайды деп сенеміз.



Құрметті ханымдар! Бүгінгі салтанаттағы жарқын жүздесуімізде менің шын ықылас тілегімді, сонымен бірге, жан серік жұптарыңыздың, аға-інілеріңіздің, тұтас аудан жұртшылығының өздеріңізге деген шексіз құрметі мен ілтипаты деп қабыл алыңыздар. Көктем мейрамы қарсаңында ауданның барлық әйелдер қауымына өз атымнан, аудандық мәслихат депутаттары атынан мықты денсаулық, жанұяларына береке, сарқылмас байлық, еңбектеріне толағай табыс тілеймін!

8 Наурыз - халықаралық әйелдер Күні мерекелеріңіз құтты болсын!



Тыңдағандарыңызға рахмет!





©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет