Құрметті депутаттар және әріптестер! Басынан бақ пен бейнетті бірдей өткізген бұрыңғы бабалар «Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені әз-халықтың сынымен бағаланады»



Дата09.06.2016
өлшемі194.28 Kb.
#123244
2015 жылдың І жартыжылдығындағы

ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы

бойынша қорытынды есебінің тезисі

2015 жылғы 29 шілде


Құрметті депутаттар және әріптестер!
Басынан бақ пен бейнетті бірдей өткізген бұрыңғы бабалар «Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені әз-халықтың сынымен бағаланады» деген екен. Шындығында қаласына қарап қоғамның ырысын, баласына қарап әлеуметтің тынысын анықтайтын уақыттың талабын біз де орындауға міндеттіміз. Тірлік таразыға түспесе, бірлік бекем болмаса алдымызға айқын бағдар қоймаған болар едік.

Бүгін біздер ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына талдау жасағалы отырмыз. Алты айдың асуында айтарлықтай белес бар, оны Сіздермен бірге бағамдаймыз.

Бұл мерзімдегі басты саяси оқиға Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы болғанын білесіздер. Президент сайлауының Жаңақорған ауданындағы ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берілді. Сайлауға аудан халқы белсенді қатысып, басым бөлігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдап дауыс берді. Бұл аудан халқының ең үлкен жеңісі және сыртқы қолайсыз факторларға қарамастан, елімізде экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты сақталуының кепілі болды.

Мұнан кейінгі науқан деп, қаншама жастың үміті, қаншама ата-ананың қуанышы — ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысын айтар едім. Білім саласында білім беру сапасын көтеруге бағытталған тиянақты жұмыстар өз нәтижесін берді. ҰБТ нәтижесі бойынша аудан көрсеткіші 81,6 баллды құрады. Бұл өткен жылғы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 13,1 баллға өскенін атаған дұрыс.

Бұған қоса «Алтын белгіге» ұсынылған үміткерлердің 71,4 пайызы өздерінің үздік білімін дәлелдеп шықты (облыс бойынша орташа көрсеткіш 60 %). Бұл нәтижеге тоқмейілсуге болмайды, сапалы істерді сарқа жұмсауды жалғастыру керек.

Әрине, міндет — мүмкін еместей ауыр, шаруа — шаш жетпестей шаш етек... Дейтұрғанмен жұмылып жұдырық болып, ортақ іске ойласып барсақ Жаңақорған ауданының жетістігі аз болмайтыны анық. Сол үшін басшы болып біздер, қосшы болып барша атқарушы орган өкілдері тәулік бойы тыным таппай тірлік кешуге тура келеді.

Біз қазақтың ұрпағы кем-кетікті толтыруға, кемтарға көмектесуге, қоғамды дамытуға білек түретін көпшіл мінез, қайсар қасиет иесі екеніміз әмбеге аян. Осы қасиеттің оябын ортақ мүдде жауапкершілігімен өлшесек деймін. Көшпенді қазақтардың экологиялық санасы биік болуымен мәртебелі. Қазақ философиясының ерекшелігінде ұжымдық мүддені жеке мүддеден гөрі жоғары ұстауды өмір салтынан шыққан құндылығы санаған. Ал, қазіргі ұғымға салсақ, саяси элитаның қоғам өміріндегі  рөлі зор. Яғни, ұлттың “Бұл өмірдің мәні неде?”, “Біз кімбіз?”, “Қайда бара жатырмыз?” деген сауалына жауап беретіндей жауаптылық міндет жадымыздан шықпауы керек. Бір сөзбен айтқанда, «біз елге қарасақ, ел кімге қарайды» деген парасатты пікірді пайымдаған жөн сияқты. Ендеше, ел ертеңіне байыпты бару мақсатында бүгін мен кешегінің ара салмағын айқындап алған абзал.

Енді ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдасақ. Экономикалық өсу негізінен екі фактордан тұрады. Көмірсутек шикізаттарына (мұнай, газ, уран және т.б.) әлемдік бағалардың өсуі мемлекеттік бюджет табыстарын арттырып, экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Бірақ, бұл сыртқы конъюнктуралық фактор болып табылады. Экономикалық өсу негізінен ішкі факторлармен анықталуы тиіс. Олар: еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс шығындарын кеміту, жалпы айтқанда, экономиканың нақты секторының пайдалылығын жоғарылату болса, осы бағыт басты назарда ұсталуы тиіс.

Өздеріңіз БАҚ арқылы хабардар болып отырғандай, жаппай жаһандық дағдарыс үдерісі, шикізат құнының төмендеуі, жоғары тұрған бюджеттің тығырыққа тірелуі – экономиканы әртараптандыру қажеттілігін көрсетіп отыр.



2015 жылдың бірінші жарты жылдығында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң қалыпқа ие. Дегенмен, проблемалық мәселелер де жоқ емес. Атап айтар болсақ:

Облыс әкімінің 2015 жылға арналған іс-қимыл жоспарында Жаңақорған ауданына қатысты бірқатар инвестициялық жобалар енгізілген болатын. Алайда, республикалық бюджет секвестріне байланысты жоспарға өзгерістер енгізілді. Республикалық бюджеттен жаңа нысандар құрылысына, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер жалақысын ұлғайтуға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арналған мақсатты трансферттер қысқарды. (ҚР Қаржы министрлігінен жаңа құрылыстар бастамауға, басталған құрылыстардың өзінен 20 пайыз қаржысын қысқартуға, жаңа бастамалардың барлығын (оның ішінде еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақылар т.б) 2016 жылға қалдыруға тапсырмалар келген.) Осының салдарынан ауданға жоспарланған инвестициялық жобалар кейінге қалдырылып және өзге де объективті, субъективті факторлар салдарынан негізгі капиталға инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда (64,8 %) 35,2 пайызға төмендеген.



Бұған әсер ететін бірнеше факторларды анықтап, талдауға тура келді. Мысалы, біздің ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды салушы мердігерлердің дерегін нақтылап, мемлекеттік тіркеуге тұрған өңірі бойынша статистикалық есебінде Жаңақорған ауданындағы үлесін Жаңақорған ауданының әкімшілік-аумақтық сыныптауыш коды (КАТО) бойынша көрсетілуіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ статистика басқармаларымен бірге тиісті жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз. Мұнан өзге инвесторларды тарту үшін жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру, ынталандыру мақсатында Жаңақорған ауданының жайлы климаты, тау-кен өндірісі, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы географиялық орналасуы, зерттелген қазба байлықтар қоры, өндіріс ошақтары үшін арзан электр энергиясымен қамту, индустриалды аймақтарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мүмкіндіктері, жергілікті атқарушы органдардың жобаларды атқаруға ынтымақтастықпен атсалысуға бейілдігі жөнінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көретін беделді басылымдарға («Forbes Kazakhstan», «Интеллект, идея, инновация» сынды) мақалалар жарияланып, телеарналарда бейнероликтер орналастыруға жұмыстар жүргізілетін болады. Яғни, ауданның мүмкіндігін жарнамалауға ақпараттық-насихат жұмысын жандандыру керек. Бұған бір ғана атқарушы биліктің ықыласы жеткіліксіз және бұл іске аудан кәсіпкерлерін жұмылдыру қажет.

Нарық экономикасының өте маңызды элементі — өндіруші мен тұтынушы болса, қоғамдық еңбек бөлінісі үдерісінде қалыптасатын жағдай қаржылық дағдарысқа байланысты қалыпты емес. Қазіргі таңға Республиканың тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 37,3 пайызға азайды. Әрине Республикалық деңгейде тауар айналымының төмендеуі, көмірсутек өнімі бағасының түсуі аудан жағдайына теріс әсерін тигізері анық. Ауданның бөлшек сауда айналымы өткен жылға қарағанда 92,7 пайызға (7,3% төмен) орындалды. Ағымдағы жылдың І тоқсанында өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 86,1 пайыз болған. Сонымен қатар, өткен жылы ауданда «Батыс Европа-Батыс Қытай» автожолының құрылысын жүргізген мердігер компаниялар («Сине Мидас Строй» ЖШС, «ДЕВОЛОПМЕНТ БИЗНЕС (ЮК) ЛТД» компаниясының Қазақстандық филиалы, «Тодини Коструциони ДженералиС.п.А.» АҚ-ның Қызылорда филиалы, «Жан-Бота Транс Сервис» ЖШС-нің филиалы, «Веста Транс Сервис» ЖШС-нің филиалы, «Айкынжол» ЖШС-нің филиалы) тұтынған азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, құрылыс материалдары, тұрғын үй-жай жалдау ақылары, байланыс қызметтері, қосалқы бөлшектер, тағы басқа өнімдермен жергілікті кәсіпкерлік субъектілерімен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы жоғарыда аталған аудан көлеміндегі үлкен үлес салмағын иеленген тұтынушылар өз жұмыстарын аяқтағандықтан, аудандағы кәсіпкерлік субъектілері осындай үлкен нарық аланын жоғалтып, тауар айналымы төмендеп отыр.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 763,0

млн теңге немесе өткен жылмен салыстырғанда 65 % төмендеген. Талдау барысында өткен жылы аудандағы құрылыс жұмыстарының жалпы көлеміндегі үлес салмағының басым бөлігін жолдар мен автомагистральдардың құрылыстары құраған. 2014 жылы жолдар мен автомагистральдардың құрылыстары аяқталуына байланысты 2015 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі азайып отыр.

Қалыптасып отырған күрделі жағдайларға қарамастан, бізде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілік бар. Жалпы өнім көлемі төмендеген жоқ. Мұны жіктеп, жүйелеп көрдік. Және өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырдық. Айталық,

Өнеркәсіп өнімдері - 185,6 %;

Құрылыс жұмыстары - 35 %;

Тұрғын үй құрылысы – 106,3 %;

Сапалы ауыз сумен қамтылған тұрғындар саны – 101,8 %;

Туберкулезбен аурушаңдық – 47,1 % (жалпы денсаулық сақтау саласына аурушаңдықтың алдын алу мақсатында, 102 млн. 119 мың теңгеге заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынды, оның ішінде: құны 9 млн. 900 мың теңге жаңа туылған сәбилерге және ересектерге арналған ИВЛ аппараты, 39 млн. 915 мың теңгеге УЗИ аппараты, 5 млн. 500 мың теңге нәрестеге арналған реанимациялық жиынтық, 5 млн. 408 мың теңгеге иммунологиялық анализатор, 41 млн. 396 мың теңгеге флюорография аппараты); Яғни, өз ауданымызда күрделі ота жасау мүмкіндігіне ие болып отырмыз.

Бүлдіршіндердің бала бақшамен қамтылуы – 106,8 %;

Ұйымдастырылған жазғы демалыспен

қамтылған оқушылар саны – 104,4 %;

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өнімі – 106,8 %;

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 106,5 %;

Шағын кәсіпкерлік аясында жұмыспен

қамтылғандар саны – 101,1 %;

Ауылшаруашылығының жалпы өнімдері – 165,1 %;

Мал басы орташа - 102,7 %;

Құс – 84,1 %;

Алынған төл орташа – 107,5 %;

Мал өнімдері орташа – 102,1 %;

Жүк тасымалы – 105,9 %;

Жолаушылар тасымалы – 103,4 %;

Ашылған жаңа жұмыс орындары – 128,9 %;

Тіркелген қылмыс деңгейі – 173,6 %;

Экономикалық белсенді халыққа шаққанда жалпы жұмыссыздық деңгейі – 5,2 %, ресми жұмыссыздық
деңгейі – 0,8 %-ды құрады.

Қысқа қайырғанда, табысы мол толайым жыл болып отыр. Экономика өнімді, шаруашылық сенімді дамыды.

Құрметті депутаттар!

Қазақстан Республикасының стратегиялық дамуындағы басты мәселе ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның нығаюы болса, соның ішінде алаңдататын мәселе ол - еңбек қатынасы.

Сондықтан да жұмыс орындарын сақтау, жалақыны уақытылы төлеу, ұжымдық шарттарды орындау бойынша жұмыстар ұдайы жүргізілуде. Нәтижесінде, жыл басында жалақыдан қордаланған 20 млн теңге еңбекақы қарыздары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, 6 айдың қорытындысында тек 3 млн. 500 мың теңгеге жуық жалақы қарызы қалды. (Бүгінгі күні 1,5 млн. теңге)

Жаһандық және Республикадағы қаржылық дағдарысқа қарамастан аймақ басшысының қолдауымен ауданда бюджет қаражаты есебінен қаншама инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.

Аудан тұрғындары үшін аса маңызды мәселе – газдандыру болып келді. Келесі жылы қолға алынатын газдандыру жобасы облыс әкімінің тікелей қолдауының арқасында мерзімінен бұрын биыл басталды. Осындай мүмкіндікті ел игілігіне пайдаланудың ықпалы орасан. Рас, табиғи газ пайдалану - тамаша табиғатымызды сақтаудың, экологиялық ахуалдың жақсаруының, халықтың әл-ауқатын арттырудың, оның табысы мен тұтынушылық деңгейін жоғарылатудың бірден-бір кепілі болып табылады.

Осы мақсатта “ҚазТрансГаз Аймақ” акционерлік қоғамы Қызылорда өндірістік филиалы облыс бойынша жобалық құны 23,5 млрд теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын барынша қарқынды жүргізуде. Оның 3 млрд теңгеге жуығы біздің ауданға тартылады деп күтілуде. Газ тарту жұмыстары басқа аудандардан 1,5 ай кеш басталса да Жаңақорған кенті орталығына жоспарланған 255 шақырым газ құбырының 125,1 шақырымы жүргізілді. Айта кету керек, Жаңақорған – газ тарту бағасы ең арзан аудан. Статистикалық мәлімет бойынша, қазір тұрғындардан өтінім қабылдау мен күре желіде шүмек орналастыруда алдыңғы шепте келеміз. Келешекте барлық елді мекен табиғи газға қосылатын болады.

Аудандағы екінші бір күрделі мәселе — халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болды. Мұның да орайы келді.

Жобалық құны 6 млрд 128 млн 265 мың теңге болатын Талап және Сырдария топтық су құбырының құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асырудың нәтижесінде 28 елді мекенде тұратын 38 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Талап, Бесарық, Аққұм бекеттері және Кейден елді мекендері топтық су құбырына биыл қосылса, 2016 жылы Манап, Бесарық және Кеңес елді мекендері қосылатын болады. Қалған елді мекендер 2017-2019 жылдар аралығында кезең-кезеңімен сапалы ауыз сумен қамтылады.

«Ақбұлақ» бағдарламасымен «Түгіскен елді мекенінің ауыз су жүйелерін кеңейту және қайта құру» жұмыстарына Республикалық бюджеттен 487 млн 384 мың теңге, облыстық бюджеттен 56 млн 69 мың теңге, барлығы 543 млн 453 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

2014 жылы басталған «Жаңақорған кентінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, жайластыру» жобасы бойынша 2015 жылға Республикалық бюджеттен 252 млн 890 мың теңге, жергілікті бюджеттен 3 млн 886 мың теңге, барлығы 256 млн 776 мың теңге қаржыға 23,9 шақырым тас жол салынып, 778 метр ВЛ-10кВ, 15 532 метр ВЛ-0,4 кВ электр желілері жүргізілді және 3 дана КТПН орнатылды. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында кенттің ауыз су проблемасы да бір жүйеге келетін болады.



Мұнан бөлек 2015 жылы 1 млрд 114 млн 200 мың теңге әлеуметтік нысан құрылыстарына жоспарланып отыр, оның ішінде:

Талап станциясындағы 100 орындық №254 мектеп құрылысына 373 млн 939 мың теңге;

Жаңақорған кентіндегі 250 келушіге арналған емхана құрылысына 343 млн 442 мың теңге;

Түгіскен елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысына 42 млн 663 мың теңге;

Бесарық елді мекеніндегі 150 орындық ауылдық клуб құрылысын аяқтауға 11 млн 709 мың теңге;

Бесарық бекетіндегі 150 орындық ауылдық клуб құрылысына 159 млн 57 мың теңге;

Жаңақорған кентінде дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің құрылысына 183 млн 390 мың теңге;
Автомобиль жолдары саласы бойынша
Аудандық маңыздағы "Әбдіғаппар-Төлегатай-Хорасан ата"

15 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 106,0 млн теңге;

"Самара-Шымкент-Аққұм" 12 шақырым автомобиль жолының құрылыс жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын жасау және мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3 млн 500 мың теңге;

Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 27 млн 800 мың теңге;

"Самара-Шымкент-Кеңес" автомобиль жолын және су өткізу құбырын қалпына келтіру жұмыстарына аудандық бюджеттен 6 млн 800 мың теңге;

Жаңақорған кентіндегі Ә. Молдағұлова көшесін орташа жөндеу жұмыстарына 23 млн 900 мың теңге;

Төменарық ауылының ауыл ішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 27 млн 100 мың теңге;

Түгіскен ауылының ауыл ішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 26 млн 500 мың теңге;

Бірлік ауылының ауыл ішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 27 млн 500 мың теңге;

Барлығы 249 млн 100 мың теңгеге жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, алдағы жылдары атқарылатын жобалар үшін 2015 жылы әлеуметтік нысан құрылыстарының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 18 млн 729 мың теңге қаралған, оның ішінде:



Түгіскен елді мекеніндегі 140 орындық бала бақша құрылысы жобасына 3 млн 900 мың теңге;

М.Нәлібаев елді мекеніндегі 250 орындық №196 мектеп құрылысы жобасына 3 млн 430 мың теңге;

Қожамберді елді мекеніндегі 200 орындық №162 мектеп құрылысы жобасына 451мың теңге;

Аққұм елді мекеніндегі 100 орындық №221 мектеп құрылысы жобасына 2 млн 359 мың теңге;

Төменарық елді мекеніндегі 40 орындық ауылдық аурухана құрылысы жобасына 5 млн 500 мың теңге;

Сүттіқұдық елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория құрылысы жобасына 1 млн 189 мың теңге;

Сунақата елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория құрылысы жобасына 1 млн 189 мың теңге;

Түгіскен елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасына 711 мың теңге.
Елбасы «Қазақстан -2050 даму Стратегиясында» басты міндеттердің бірі ретінде экономиканы әртараптандыруды белгілеп бергені баршаға белгілі.

Экономиканы әртараптандыру бағытында «Шалқия» кенішіндегі қорғасын мырыш өндірісін «Самұрық Қазына» ұлттық қорымен бірлесе отырып игеру көзделуде.

Бүгінде кен байыту комбинатының базалық жобасын әзірлеу аяқталып, детальдық жобалау жұмыстары қолға алынды. Жақын арада құрылысы басталады деген ойдамыз.

Үстіміздегі жылғы мамыр айында «Самұрық Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеевтің іс-сапары аясында кәсіпорында қорғасын мен мырышты терең өңдеуге бейімдеу және соның негізінде гидрометаллургиялық зауыт құрылысын салу жөнінде шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде металлопрокат алуға мүмкіндік беретін жобаның келесі сатысы болып табылады.

Сонымен қатар, «Молль» неміс компаниясы «Тау Кен Самұрық» Ұлттық компаниясымен осы аумақтан жергілікті қорғасынды пайдалана отырып, аккумулятор зауытын салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

Аймақ басшысы биыл ветеринария жүйесін жетілдіру шараларының нәтижесінде буферлік аймақтан шығуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Жаңақорғанда «Eurasia Agro Holding» ЖШС-нің жобалық құны 2 млрд. 520 млн. теңге шамасында болатын жылына 7 мың тоннаға дейін ұсақ малдың етін өңдейтін ет комбинатының құрылысын жобалауға мүмкіндік туғызады.

Жаңақорған ауданы Бесарық бекетінде «Eurasia Agro Holding» ЖШС-нің жобалық құны 5 млрд. 985 млн. теңге шамасында болатын жылына 12750 тонна томат пастасын өндіретін, италияндық құрал жабдықпен жұмыс жасайтын зауыт құрылысы жобалануда. Зауыт жұмыс істеген кезде 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Мұнан басқа индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Сырцементі» ЖШС-нің қуаты жылына 750 мың тонна цемент өнімін шығаратын зауыт құрылысы, «Южшахтстрой» ЖШС-нің қуаты 75 мвт жел электр станциясы, «Жаңақорғанэнерджи» ЖШС-нің қуаты 50 мвт күн электр станциясы, «Global Enerjy Company» ЖШС-нің Шалқия және Жайылма елді мекендерінің аралығындағы Жанбай өңірінде салынатын қуаты 24,94 МВт жел-күн электрстанциясы инновациялық жобасы, «Астана LPS пласт» ЖШС-нің полиэтилен трубалары зауыты жобаларын іске асыру жоспарлануда. Жоба бастамашыларымен жобаны нақтылау жұмыстары жүргізілуде.

Айбыны асқақ Абылай хан: «Шешеннің сөзі өлмейді, тектінің ісі өлмейді. Бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең көгермейді»,- деген екен. Сол айтпақшы, кәсіпкерлікті дамытамыз десек, құжат дайындау, несие алу жағдайында жергілікті билік қол мен сөз жәрдемін ақылы емес, тегін көрсетуі тиіс. Әйтпесе, істің нәтижесі көгермейді.

Жалпы, ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да 6,5 пайызға өсті. Бақсақ, бизнеске кездейсоқ кісі келмейді, келешегін көретін, еңбекке епті адам араласады. Осындай талап жасаған бір шоғыр топқа бүйрегіміз бұрмай, бейнетіне бақ қонбайды. Қазір қолдаудың арқасында «Қазақстанда жасалған» маркасымен Жаңақорғанда «Талды су» минералды суы шығарыла бастады. Енді шикізаты өзімізден табылатын кірпіш (шлакаблок) өнімін дамытуға да дем беру керек. Жылыжай өнімін Түркістаннан тасымалдамай өзімізден өндіруге де мол мүмкіндік бар. Оның да алғашқы нышаны бар. Бау-бақша егуге де тың жер жеткілікті. Шалқия кентінің төңірегінде де пияз егу үрдіс алды. Осындай мәселелерді біз үнемі қолдауға алып отырамыз. Оны төмендегідей тізбеден де байқауға болады.

Өткен алты айда қаржы институттары арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға 211 млн 775 мың теңгеге жуық несие бөлінген. Атап айтар болсақ:

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 16 жұмыссыз азаматқа 34 млн теңге;

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша
4 жобаға 47 млн 175 мың теңге;

(ЖК Божбанбаева заманауи тіс емдеу жабдықтарын алуға 4 млн 500 мың теңге, ЖК Азнабаев бетон, цемент, гипстен жасалатын құрылыс заттарын шығаратын цехты кеңейтуге 21 млн 300 мың теңге, «Дархан 2006» ЖШС Темір бетон құрылыс заттары цехын кеңейтуге және ағаш өңдеу цехын ашуға 6 млн
500 мың теңге, «Ернұрбек» ЖШС мебель жасау цехын ашуға 14 млн 875 мың теңге);


«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 11 жобаға 63 млн 400 мың теңге (жылдық жоспар 98,6 пайызға орндалған);

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4 жобаға 32 млн 200 мың теңге (жылдық жоспар 97 пайызға орындалған);

«Құлан» бағдарламасы бойынша 4 жобаға 35 млн теңге (жылдық жоспар 113 пайызға орындалған);

Осы орайда, бір айта кететін жәйт, аталған бағдарламалардың қаржысын алу көрсеткішімен біз облыста алдыңғы қатарда келеміз. Демек, бизнес жобалардың нақты жүзеге асуы өз жемісін көрсетті.

Мұнан өзге ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнын тұрақтандыру бағытында 111 ауыл шаруашылығы құрылымын субсидиялауға 145 млн 598 мың теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығында ет өндіру мен өндіріс көлемінің өсуі байқалады. Көктемгі егіс науқаны да ұйымшылдықпен өтті. Аманшылық болса, биыл да жақсы өнім аламыз деген ойдамыз. Бұл саланы біз табанды түрде дамытатын боламыз. Соңғы 19 жылда бірінші рет мамыр айындағы облыстық малшылар слетінің біздің ауданда өткізілуі кездейсоқтық емес. Біздің аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстың көш бастар локомативіне айналды. Оған біздің әлі де толық мүмкіндігіміз бар деп сенемін.

Ал, енді егін шаруашылығының басым бөлігіне күріш дақылы ие болып келді. Дегенмен, қазіргі талап деңгейімен алғанда, суды аз қажет ететін дақылдарды орналастыру жақсы жүйемен жүзеге асты. Осы негізбен бүгінгі таңда 3795 гектарға мақсары егілсе, күріш көлемі 8000 гектардан 7656 гектарға азайды.

Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының бастамасымен «Лукойл Оверсиз» компаниясының демеушілігімен «Ақ ниет» жобасы қолға алынып, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының жұмысын жаңа бастаушы кәсіпкерлерінің үздік жобаларына 1 млн теңгеден гранттар берілуде. Алдағы уақытта осы жобаға біздің ауданның да қатысуға мүмкіндігі бар. Осы жолда барынша атсалысуға күш салу керек.

Аудан үшін шағын және орта бизнестің дамуы өте құнды. Мұны сөзбен емес, іспен дәлелдейтін уақыт жетті. Елдің ішінде кәсіп істеуге ықыласы бар небір арыстар жүр, бірақ қолдауға зәру. Сондай тұрса – күлкісін, жатса- ұйқысын ұмытып, толассыз ізденіп, жан-тәнімен еңбектенетін құрыштай шыныққан, темірдей тартылған, қорғасындай қатайған қайратты азаматтарды кәсіпкерлікке қосудың маңызы зор. Сондықтан бұл жерде бізге серпіліс керек. Әкімдіктер мен мәслихат, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы мен бастауыш партия ұйымдары, өңірлік кәсіпкерлік палатасымен қосылып, бизнестің дамуына қолдау көрсетуіміз тиіс.



Құрметті депутаттар мен әріптестер!

Сөзімнің соңында, бюджетке арнайы тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

Ағымдағы жылы жоғары болжамға қарамастан, бірінші жарты жылдықта кірістер болжамы (трансферттерді қоса есептегенде) 5 млрд 537 млн 350 мың теңгені құрап, 6 млрд 032 млн 723 мың теңгеге немесе 108,9 % орындалды. Оның ішінде өз кірістеріміз болжанған 1 млрд 236 млн 405 мың теңгенің орнына 1 млрд 731 млн 778 мың теңгеге, яғни,
140 % орындалды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 182 пайызға артық.

Ал шығындар бөлігі І жартылдықтың қорытындысы бойынша 99 пайызға игерілді. Бірақ бөлінген ресурстарды дұрыс, сапалы әрі толықтай игеру қажет деп міндет қойылды.

Осы үш жылдыққа жоспарланған аудан бюджетінің мүмкіндігімен ағымдағы мәселелерді шешуге болады. Біздің межеміз мұнан да жоғары болуы керек деп есептеймін.

Елбасымыз айтқандай, «Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады».

Мемлекетіміз бен экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты қолға алынды. Президенттің бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» стратегиясы жасалды.

Біздің ендігі ортақ міндетіміз – ағымдағы ахуалдың жетегінде қалып қоймай, елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің ағынынан қалмай, жаңа бастамаларға ұмтылуымыз керек. Бұл бағытта жергілікті атқарушы билік те, депутаттар корпусы да, «Нұр Отан» партиялық активі және қоғамдық бірлестіктер де нәтижелі жұмыс істеуге тиісті. Ол үшін бізге мемлекеттік органдар қызметінің кәсібилігін арттыру қажет.

Жарты ауыз сөзбен ғаламның тылсым жұмбағын шешкен атамыз қазақ «Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат», - дейді. Кір жуып, кіндік кескен атажұрттың азамат өміріндегі алар орнын осылай салмақтайды. Олардан озып айтқан кім бар дейсіз, бәріміз де осы бағзы бабалар айтқан пайым-пікірге қазық байлаймыз. Өйткені, туған топырақтың киесі ат жалын тартып мінген азамат үшін әрдайым бөлек.

Бір ауық ауданымыздың рухани - мәдени және спорт саласындағы серпілістеріне назар аударсақ деймін.

Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың наурыз айында Қаратау бөктерінде «Нұрлы Наурыз» шарасы ұйымдастырылып, онда ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымыз дәріптелді. Республика көлеміне «Қазақстан-1» Ұлттық телеарнасы арқылы ақпараттандарылды.

Жаңақорған ауданы өңіріндегі тарихи- мәдени және діни-рухани ескерткіштер арқылы қазақ халқының тереңде жатқан тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын мен салт-дәстүрін қайта жаңғыртуды қолға алып, оны кеңінен насихаттау мақсатында үстіміздегі жылдың 1 – ші жартыжылдығында «Туған жерге тағзым» атты деректі кинофильмнің түсірілімі басталды. Аталған бейнефильмдер «Қазақстан-1» Ұлттық арнасының «Алтын қорында» сақталады.

Осы жылдың маусым айында жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанның өмір жолын, шығармашылығын келешек ұрпаққа насихаттау және еске алу мақсатында облыстық деңгейде ұйымдастырылған салтанатты шара Қызылорда қаласында аталды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсету, ескерткіш мемориалдарды қалпына келтіру шаралары үздіксіз жүрді. Мұнан өзге атаулы мереке, даталы күндер өз дәрежесінде аталып келеді. Ең бастысы, халықтың ынтымағы жарасып, елдік асыл мұраттарға бір кісідей атсалысып келеді.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында Баспасөз күніне орай, аймақ басылымдарының өзара тәжірбие алмасу мүмкіндігін арттыру мақсатында облыстық журналистер форумы өткізілсе, маусым айында баспасөз қызметінің ардагерлері мен газеттің тұрақты спикерлерінің басын қосып, марапаттаулар жасалды, ардагерлер мен жас журналистердің тәжірибе алмасуы өткізілді.

Сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұлттар татулығы мен ел бірлігін насихаттау мақсатында ауданға «Менің Қазақстаным» үгіт – насихат поезы келіп, ауданның және ауданнан алыс–шалғай жатқан елді мекендер тұрғындарына құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер беріп, соңынан республикаға танымал өнер жұлдыздары аудан жұртшылығына өз өнерлерін ұсынды.

2015 жылдың 5-7 мамыр аралығында еркін күрестен ұлттық құрама сапында 61 кг салмақ дәрежесінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ниязбеков Даулет - Катар мемлекетінің Доха қаласында Азия чемпионатында І-орын иеленді.

Ұлттық ат спорт түрінен 100 пайыз Жаңақорған ауданының шабандоздары құрайтын Қызылорда облысының «Сейхун» құрама командасы 2015 жылдың 25 маусым – 1 шілде аралығында Орал қаласында өткен жастар арасында көкпардан ХІ-ші ҚР-ның чемпионатында ІІ-орын иеленді.

Әрине, айта беруге айғақ іс аз емес. Қысқа уақытта осынша шаруаны атқаруға аудан халқы аянбай еңбек етті. Аудан орталығын сәулеттендіру, жарықтандыру жолында да біршама шаралар атқарылды. Бір кездері қараңғы құшағында қалған кент аумағы қазір түнгі мезгілде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан көз салсаңыз, үлкен қаланың үміті жанып тұрғандай әсер әкеледі. Бұл да заман лебіне ілесудің бір көрінісі болды.

Шындығы керек, туған жеріміз Жаңақорғанды жаңаша жаңғыртуға, дамытуға өзіміз білек сыбана кіріспесек, ешкім сырттан келіп сыбаға бермейді. Ата-бабамыз бізді тектілекке тәрбиелеп, ізгілікке ұйытқан, ірілікке үйреткен. Ендеше «Арғымақтың құйрығы әрі жібек, әрі қыл. Ер жігіттің белгісі әрі мырза, әрі құл» дегендей, алдағы уақытта да азаматтық белсенділікке арқау іс көп болсын дейміз.

Қорыта айтқанда, ел иесіз, жер киесіз болмайды, ал, біз дұрыс иелік етпесек жер де жетім, ел де жетім. Сондықтан ең қымбат қасиет - елдің сенімін ақтайық!



НАЗАР ҚОЙЫП ТЫҢДАҒАНДАРЫҢЫЗ ҮШІН РАХМЕТ !

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет