С. Т. Иксатова криминалистік қҰжаттарды тану



бет1/4
Дата07.07.2016
өлшемі443.5 Kb.
#183215
  1   2   3   4
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

С.Т. ИКСАТОВА




КРИМИНАЛИСТІК ҚҰЖАТТАРДЫ ТАНУ
Оқу-әдістемелік құрал

Павлодар


УДК 343.9 (075.8)

ББК 67.52 я 73

И 38
Баспаға С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Қылмыстық құқық және криминология» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Ағыбаев

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Қылмыстық іс жүргізу және криминалистика» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор А.А. Исаев.
И 38 Иксатова С.Т.

Криминалистік құжаттарды тану: оқу-әдістемелік құрал. ─

Павлодар, 2008. ─ 65 б.
ISBN
Бұл оқулықта криминалистік құжаттарды тану ұғымы, мазмұны, міндеттері қарастырылған. Бұл жұмыста тергеу барысында құжаттарды қарау, өзгерту,жазуды, фото-кино-бейне құжаттарды, полиграфиялық тәсілмен жасалынған жалған құжаттарды криминалистік зерттеу, зақымданған жазбақұжат мазмұнын қалпына келтіру ерекшеліктері қамтылған.

Оқу әдістемесі тергеушілерге, сарапшы-криминалистерге, жоғарғы заң оқу орындарында мемлекеттік тілде дайындалатын студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, сондай-ақ оқытушылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған. Оқу әдістемесі «Криминалистика» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы шеңберіндегі негізгі тақырыптарды қамтиды.

УДК 343.9 (075.8)

ISBN ББК 67.52 я 73


© Иксатова С.Т., 2008

© С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2008

Алғы сөз

Елімізде әлеуметтік және экономикалық қатынастарға өзгерістер еніп, ғылым мен техниканың жаңа жетістіктері іздестіріліп, оларды іс жүзінде толық пайдалануға қызу кірісіп жатқан қазіргі мезгілде, құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінен криминалистика жетістіктерін қылмыспен күресте кеңінен қолдануын талап етеді.

Қылмысты ашу, тергеу және алдые алу үшін криминалистік техника, тактика және тергеу әдістемесін жеткілікті меңгерген, кәсіби білікті заңгер мамандары дайындау жауапты іс. Олар материалдық бейнеленген іздерді, заттар іздерін, құралдар іздерін анықтауды, бекітуді, алуды және сақтауды қамтамасыз етіп, тергеу мүмкіндігін анағұрлым кеңейтеді. Қазіргі тергеуші қылмыспен күресті табысты жүргізу үшін «қылмыстың сөзсіз куәларын» тез тауып «сөйлете» білуі керек. Бұл іспен айналысатын бірден-бір ғылым ол-криминалистика. Сондықтан, жоғары заң оқу орындарында криминалистика пәні негізгі кәсіби пәндердің бірі болып саналады.

Егемендік алған елімізде ана тілінде дайындалатын болашақ заңгкерлердің саны көбейіп, тергеуде мемлекеттік тілде жүргізілетін қылмыстық істер саны да өсуде.

Аталмыш оқу-әдістемелік құралына М.А. Арыстанбеков, А.Ф.Аубакиров, Р.С. Белкин, А.Я.Гинзбург, С.Е. Еркенов, Е.Ғ.Жәкішев, Ә.А.Исаев, М.Ч.Когамов, Б.М. Нұрғалиев, А.Г.Филиппов, К.Н. Шакиров, А.О. Шакенов тәрізді әйгілі ғалым-криминалистердің көзқарастары орын тепкен оқулықтар мен оқу құралдарындағы бүгінгі күннің талабына сай ақпараттары, сондай-ақ криминалистика ғылымының негізін қалаушы мағлұматтары сұлбалық нысанда енгізілген. Білім алу барысында ақпараттарды көрнекі түрде беру-криминалистиканың қылмыспен күрестегі мағынасы мен алатын орнын нақтырақ көрсету үшін қажет.


1 Криминалистикаға кіріспе
Криминалистика басқа да ғылымдар сияқты объективтік құбылыстар заңдылықтарының жиынтығы болып табылады. Бірақ та осы көптеген жиынтықтардан криминалистиканың айырмашылығы, ол қылмысты ойдағыдай ашуға, тергеуге және алдын алуға қажетті заңдылықтарды оқытады. Бұл заңдылықтардың қалыптасуы әрбір қылмыстың қоршаған ортамен байланысына және материалдық әлемдегі заттардың, жағдайлар мен іс-әрекеттердің өзара байланысы мен өзара қатынастылығы туралы диалектика заңына сәйкес. Осы заң негізінде міндетті түрде қоршаған ортада іздер мен көріністер қалады да әрбір қылмыс объективтік болмыста әр түрлі: идеалдық немесе заттың, құбылыстың ойда қалған түрінде және материалдық немесе материалдық іздер түрінде бейнеленеді.

Қылмысты оқиға адамдардың әрекет-қимылдарынан болатындықтан қоршаған ортада, әсіресе қылмыс орнында көптеген іздер қалады да, қылмыскер туралы мәлімет көзіне айналады. Ал, осы іздердің пайда болу үрдісі объектінің қасиеті, белгілері және бейне түсіру ерекшеліктері негізінде қажетті бір заңдылықтарға бағынады. Іздерді, басқа да айғақ заттарды оқиға болған жерден тауып, оларды салыстыру, талдау, тексеру нәтижесінде қылмыстың тетігін анықтаймыз.

Криминалистика пәні іздерді, айғақ заттарды іздеу, табу, бекіту, зерттеу әдістерінің және сол үшін қажетті техникалық криминалистік құралдары пайдалану жолдарын оқытып үйретеді.

Криминалистика зерттейтін қылмыс тетігі деген ұғым бар-ол күрделі динамикалық жүйе болып саналады. Бұл жүйе қылмыстық әрекет затынан; қылмыс субъектісінен және оның өз іс-қимылымен, өзге қатысушы субъектілерімен қатынасынан; қылмыс жасауға дайындалу, оны іске асыру және жасыру жолдарынан; қылмыстық нәтижеден; қылмыс жағдайларынан (уақыты, орны, жағдайы және с.с.) және басқалардан тұрады.

Қылмыс іздері тергеу жүргізіп отырған қылмыстық іс бойынша дәлелдеме тұрғысында көрінуі үшін олар құдіретті тұлғалармен заңды түрде жинақталуы, сарапталуы, бағалануы және пайдаланылуы қажет. Бұл жұмыстар да өз кезегінде криминалистика зерттеп оқытатын белгілі заңдылықтарға бағынады.

Криминалистиканың практикалық маңызы да аталған заңдылықтар негізінде қылмысты ашу, тергеу және алдын алу мақсатына қажетті техникалы-криминалистік құралдарды, әдістермен тәсілдерді өңдеумен, жетілдірумен және дамытумен байланысты.

Осы кезге дейінгі жарық көрген заң әдебиетінде криминалистикаға пәндік сипаттама беру мәселесіне үлкен назар аударылып, көп пікір таластар болғандығы байқалады. Ол орынды құбылыс, себебі әр пәннің мағынасын терең түсіну арқылы ғана оның маңызын біліп, негізгі қағидаларын дұрыс та тиімді пайдалануға болады. Берілген түрлі пәндік сипаттамаларды қорыта келгенде, олар негізінен криминалистиканың қылмысты ашуға және тергеуге қажетті ақпаратты, заттай дәлелдемелерді іздеп тауып, бекіту, зерттеу үшін қолданылатын әдістер мен тәсілдер, сол үшін қылмысты-іс жүргізу заңға сәйкес пайдаланылатын техникалық құралдары, әдістер мен тәсілдерді оқытатын ғылым екені айтылады. Сонымен қатар, криминалистік тәсілдер мен әдістер тек қылмысты тергеу мен ашуда ғана емес, қылмыстың алдын алуға бағытталған және олар алдын ала тергеуде, сот мәжілісінде, кейбір сот іс-әрекетін жүргізуде қолданылады.

Жоғарыда айтылған заңдылық элементтерін толығымен қамтып, жан-жақты тұжырымдай келіп, заманымыздың белгілі де беделді криминалист ғалымы, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Р.С.Белкин криминалистика пәніне төмендегідей пәндік сипаттама берген.


1.1 Криминалистиканың ұғымы, пәні, объектілері және мақсаттары мен міндеттері, қайнар көздері және қағидалары

Криминалистика – бұл қылмыс тетігінің заңдылықтары, қылмыс және оның қатысушылары жөніндегі ақпараттың пайда болуы, сонымен бірге дәлелдемелерді жинақтау, бағалау мен қолдану туралы және қылмысты ашу, тергеу және алдын алуға бағытталған әдіс-тәсілдерінің танымдылық заңдылықтары туралы ғылым.

Криминалистикада қолданылатын тәсілдер мен әдістер дәлелдемелерді жинақтауға бағытталған. Дәлелдемелерді жинақтау төрт кезеңнен тұрады, олар:

- дәлелдемелерді немесе іздерді іздеп табу;

- оларды бекіту;

- оларды алу;

- алынған заттай дәлелдемелерді немесе іздерді алу барысы мен қорытындысын рәсімдеу.



Заттай дәлелдемелерді немесе іздерді табу дегеніміз-ол тергеу органдарының қылмысты ашуға, керекті дәлелдерді іздеуге байланысты жүргізілетін жұмыс әрекеті. Айғақ заттарды іздеуге арнаулы әдіс-тәсілдер және техника-криминалистік құралдар қолданылмаса, арнайы дайындықтан өткен маман болмаса, қылмысты дәлелдеуге қажетті іздерді, микрообъектілерді жай көзбен қарап тез арада тауып алу оңайлықпен келетін жұмыс емес. (Мәселен, қолдың майлы тер іздері).

Дәлелдемелерді зерттеу-деп қылмыстық іс бойынша жинақталған заттай дәлелдемелерді немесе іздерді құзырлы тұлғалар заңды түрде қабылдап, олардың пайда болу тегін және қаралып отырған қылмыстың басқа да материалдарымен қарым-қатынасын тексеруін айтамыз. Іс бойынша заңды түрде жиналған және бекітілген заттай дәлелдемелер криминалистік тұрғыдан жан-жақты зерттеліп, қайдан қалайша пайда болғандығы тергеудегі қылмысты оқиғаға қандай дәрежеде қатысы бар екендігі анықталады. Сонымен қатар жеке іздерді, кейбір заттай дәлелдемелерді тексеруге арнаулы білімділік қажет болған кезде, күрделі криминалистік техниканы қолданып сарапшы зерттеуінен өткізеді. Сарапшылық зерттеуде дәстүрлі басқа да күрделі физикалық, химиялық әдістер спектрографиялық талдау,, газды, сұйық хроматографиялық зерттеулер және басқа да көптеген ғылыми-техникалық арнайы әдістер мен құралдар бар.

Криминалистиканың пәні қылмысты сапалы тергеу мен болдырмау үшін қажетті білім және объективті заңдылықтар жиынтығы болып табылады. Криминалистиканың пәнімен, заңдылықтардың негізгі үш тобы қамтылады:

- қылмыстың ішкі механизміндегі байланыс пен қатынастың пайда болу және даму заңдылықтары: іс-әрекетпен оның салдары арасындағы байланыс, әрекеттің ұқсас жағдайларда қайталануы қылмыстық субъект тәртібінің көріністері және т.б. с.с;

- қылмыс заңдылықтары, қылмысты жасау мен жасыру әдістерінің қалыптасуы және жүзеге асуы, қылмыскер тұлғасы мен әдіс-тәсілдің байланыстары, қылмыс істеу тәсілінің қылмыс жасаудағы нақты жағдайларға тәуелділігі және т.б;

- тергеуде маңызы бар қылмыспен байланысты пайда болу және өтпелі жағдай заңдылықтары; қылмысты жасауға жасырын дайындық, құралдарды таңдау, жағдайды тексеру, қылмыстық қол сұғушылық пәнін зерттеу және т.б. с.с.

Көрсетілген заңдылықтардағы әрекеттер, байқалған деректер, құбылыстар, процестер криминалистикалық ғылым объектісі болып табылады: қылмыстық әрекет, қылмыстың пайда болуы, ашу және тергеу бойынша жасалынатын әрекет қылмыстық іс бойынша заттық дәлел ретінде көрсетілген материалдық объектілер, куәгерлердің, сезіктілердің, айыпкерлердің көрсетпелерін қалыптастыру және беру процесі, осы көрсетпелерді алу әдіс-тәсілдері т.б. Құқық қорғау органдарының қылмыспен күестегі ықпалы криминалистиканың жалпы мақсаты болып табылады.

Криминалистиканың негізгі мақсаттары:

а) криминалистика пәнінің негізін құрайтын объективті заңдылықтарды жалғастырып зерттеу оның жалпы және жеке теориясын, қылмысты ашу, тергеу және болғызбау бойынша құралдарды, әдістер мен ұсыныстарды қайталап қарау базасы ретінде дамыту;

ә) техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдарды пайдалану арқылы қылмыстық тергеуді техника-криминалистикалық қамсыздандыру мақсатында қарастырып, дамыту;

б) алдын ала және соттық тергеудің ұйымдастырылуы, тактикалық және әдістемелік негіздерін қарастыру және қатыстыру;

в) қылмысты алдын-алудың криминалистикалық тәсілдері мен әдістерін қарастыру, осы мақсаттарда тергеу және сот практикасын зерттеу және қалыптастыру;

г) шетелдік криминалист ғалымдардың жетістіктерін оқыту және оларды қылмысты тергеуде, ғылыми зерттеулер жүргізуде пайдалану.

Криминалистиканың міндеттері жалпы, арнаулы және нақты болып үш топқа бөлінеді.

Криминалистиканың жалпы немесе басты міндетті құқық қорғау органдарына қылмыспен күресуде қылмыстық құқық, криминология, қылмыстық іс жүргізу құқығы және басқа да ғылымдар саласы сияқты өз тұрғысынан көмектесу.

Әрбір ғылымның пәндік сипаттамасы, мазмұны ол ғылымның міндеттерімен тығыз байланысты, сондықтан жоғарыда талдаған криминалистиканың пәндік сипаттамасы оның арнаулы міндеттерін анықтауға мүмкіндік береді.

Криминалистиканың арнаулы міндеттері мыналар:

- криминалистика пәнінің негізін құрайтын объективтік заңдылықтарды одан әрі кеңейтіп оқып зерттеу, осы ғылымның жалпы және жеке теорияларын дамыту, олардың жалпы әдістемелік негіздерін жасау.

- Заттай дәлелдемелерді, іздерді тауып алу, бекіту, зерттеу үшін керекті жаңа криминалистік әдістер мен тәсілдерді одан әрі өңдеп жетілдіру және осы әдістерді пайдалануға лайықты жаңа техникалық құралдар жасап шығару;

- алдын ала тергеу, сот тергеуінің және криминалистік сараптаманың ұйымдастырушылық, тактикалық және әдістемелік негіздерін жетілдіру. Әрбір тергеу әрекеттерінің тактикалық әдістерін өңдеу арқылы олардың нәтижелігін арттыру;

- қылмыстардың жекелеген түрлерін тергеудің әдістемесін өңдеп жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар енгізу.

- қылмысты азайту үшін криминалистік сақтық шараларын құқық қорғау органдарына ұсыну.

- шет елдердегі криминалистика ғылымы жетістіктері мен тәжірибелерін қылмысты ашу, тергеу және алдын алу үшін пайдалану.

Криминалистиканың нақты міндеттері тез уақыт аралығында орындалатын сипатта болып келеді; мәселен, осы ғылым алдында өзінің кейбір кезеңінде қылмыстың жаңа түрлерін немесе топтарын (тапсырыспен адам өлтіру, компьютерлік ақпаратқа байланысты қылмыстар) тергеу әдістемесін шығару міндеті қойылады. Сонымен қатар, нақты міндет саласында соңғы кезде көтеріліп жүрген мәселеге, криминалистика жүйесіндегі бөлімдер санын төрттен беске дейін көбейту де жатады.

Осы жерде криминалистика пәнінің міндеттерімен қатар оның негізгі қызметтерін (функцияларын) қарастыра кету төмендегідей болып келеді:

- танымдық қызметі, яғни криминалистикамен жалпы таныстыру;

- әдістемелік қызметі, бұл криминалистика ғылымы мен пәні арасындағы қарым-қатынасты, ғылыми және тәжірибелік мазмұндарын дұрыс тұжырымдау;

- түсіндірмелік қызметі, криминалистика пәнінің ғылыми бейнесін, оның болмысын және элементтерін ашып көрсету;

- жүйелендіру қызметі, бұл осы кезге дейінгі жиналған ғылыми және тәжірибелік материалдарды бір жүйеге келтіру;

- құрастырмалық қызметі, яғни практикалық із танудағы құрал-жабдықтарды дамыту және жетілдіру;

- криминалистік зерттеу қорытындыларын практикаға енгізу қызметі;

- болжау қызметі, бұл қылмыспен күресте криминалистикаға ғылымында жинақталған деректерге, ақпараттарға қарап, болашақта қылмыс жасаудың қандай жолдары мен тәсілдері көбейетіндігін алдын ала болжап көрсету болып табылады.

Криминалистикалық зерттеу ақпаратының негізгі қайнар көзі мыналар болып табылады:

а) құқық бұзушылықпен күресті қалыптастыратын заңдар мен басқа да нормативтік актілер, қылмыстық іс жүргізуде тергелетін әрекеттер мен қатынастардың басқа да өрісі;

ә) қылмыстық, моральдық және статистикалық жағдайлары;

б) қылмысты ашу, алдын алу және қылмыскерлерді табу бойынша жүзеге асырылатын іс-шаралар, қылмыстық және басқа істердің, құқық қорғау органдарымен жүргізілетін әр түрлі тексерістердің материалдары, тергеу, сараптамалық, жедел іздестіруші-сот практикасының басқа құжаттары, сонымен бірге қадағалаушы органдардың құжаттары мен берілген анықтамалары;

в) заңды және заңды емес салалардағы теориялық, әдістемелік, анықтама әдебиеттері, ғылыми-техникалық жетістіктер, басқа да ғылыми шығармашылық өнімдері, сонымен бірге оларды практика жүзінде қолдану тәжірибесі мен қорытындысын мінездейтін белгілері;

г) тергеушілердің, прокурорлардың, сарапшылардың, соттардың, анықтау органдары жұмысшыларының қылмыспен күресуден алынған қорытындыларын енгізу мен ғылыми зерттеу шаралары бойынша қылмыс пен күреске пайдасы бар көзқарастары, қорытындылары, ойлары, ұсыныстары және т.б.

Криминалистика қағидаларының қатарына

келесі мәселелер кіреді:

- құқыққа қарсы, қоғамға қауіпті қылмыстар мен күресті жүзеге асырушы құқық қорғау органдарының талаптары бойынша криминалистикалық зерттеулердің қорытынды жағдайлары;

-бұрын болған немесе қазіргі кезде және пайда болған криминалистикалық тұжырымдамалардың арасындағы байланыс және қатынас қағидасы;

- заңды және заңды емес көріністегі басқа ғылымдардың жетістіктерін криминалистермен белсенді, белгілі бір кезеңге бағытталған, шығармашылық зерттеу қағидалары және оларды жеке өзіндік ғылыми мақсат үшін қалыптастыру;

- жедел іздестіру, сараптамалық, тергеу, сот практикасының жетістіктерін тәжірибелерін зертеу қағидасы және осы бағыттағы ғылыми жұмыстарды пайдалану;

- криминалистикалық зерттеу еліміздегі және одан тыс жерлердегі қоғамға қауіпті әрекеттердің даму жағдайы, құрамы, өзгерісі, тенденциясы және басқа да зерттелуші әлеуметтік процестер туралы көрсеткіштерді пайдалану мен тіркеу қағидасы;

- қылмыспен және басқа да оған ұқсас құбылыстармен күресті бағыттаушы заңдар мен басқа да нормативтік материал ережелерін ғылыми реттеуде, сонымен бірге оны практика жүзінде ұтымды қолдану жайлы қағидасы.



1.2 Криминалистика дамуының қысқаша тарихы

Қандай да болмасын ғылыммен танысқанда, білген оның тарихы, пайда болу мен даму сатыларын білген жөн.

XIX ғасырда Еуропа мен Америка елдерінде ғылым мен техниканың айқын дамуы кәсіби ұйымдасқан қылмыстардың көбеюіне, ал ол өз кезегінде техника мен байланыстың жаңа құралдарының пайда болуына ықпал жасады. Мемлекеттердің жазалау органдарының бұрынғы пайдаланып келген құралдары мен әдістері енді қылмыстардың күрделі түрімен күресте дәрменсіз болып қалды. Бұл XIX ғасырдың соңына қарай жаңа ғылым саласы-криминалистиканың қалыптасуына себепші болды

Жаңа ғылымның іргетасын қалаған бірнеше ғалымдар ішінде алғашқысы Франция ғалымы Альфонос Бертильон болды. Ол криминалистік тіркеудің, антропометриялық әдісін, сигналетикалық фотосурет негізін, оқиға болған жердегі метрикалық фотосуретке түсіруді, сөзбен айтқан бейнені шығаруды қалыптастырды.

1882 жылы австрия сот тергеушісі Ганс Гросстың «Криминалистика жүйе ретінде сот тергеушілеріне жетекші құрал» атты жұмысы жарық көрді. Бұл еңбегінде автор сол кездегі қылмысты тергеудің жаңа әдістері мен тәсілдерін көрсетіп, олардың жаңа өңделу жолдарын көрсетті. Бұл кітапта Г.Гросс жаңа ғылым саласын «криминалистика» терминімен атауды тарихта бірінші болып ұсынды. Осы кезең, криминалистика-ғылымының жаңа саласы ретінде қалыптасуының басталуы болып саналады да, Ганс Гросс криминалистиканың негізін қалаушы деп танылады.

Ағылшындар Вильям Гершель, Генри Фольдс, Френсис Гальтон, Эдвард Генри қазіргі трасология бөлімі ретінде дактилоскопияның негізін қалаған. Ал, Францияда Эдмон Локар өзінің «Қылмысты тергеудегі ғылыми әдістер» және «Криминалистикадан басшылық» және т.б. жұмыстарында заттай айғақтарды зерттеу әдістемелерін шығарды.

Швейцария ғалымы Рудольф Арчибальд Рейс «Қылмысты тергеудің ғылыми техникасы» еңбегін жазып, дүние жүзінде ең бірінші болып сараптама-қриминалистік лабораториясын құрып, полиция қызметкерлерін заттай дәлелдемелерді зерттеудің ғылыми әдістеріне үйрететін оқыту курстарын ұйымдастырды.

Криминалистиканың дамуына Ресей криминалистері де үлкен үлес қосты. «Құжаттардың сот сараптамасы, оны қолдану мен жүзеге асыру» кітабының авторы Е.Ф.Буринский 1903 жылы Петербургте бірінші сот-фотосурет лабораториясын іске қосты. С.Н.Трегубов өзінің (1915) «Қылмыстық техниканың негізі» атты практикалық жұмысында қылмысты ашуда, тергеуде ғылыми-техникалық құралдарды қолдану жолдарын ашып көрсетті. Ал, Б.Л.Бразоль «Тергеу бөлімі бойынша очерктер. Тарих. Тәжірибе» (1916) шығармасында тергеу қарауы тактикасын қарастырды.

XIX ғ. Аяғы мен XX ғ. Басында ресейлік сот-сараптама мекемелерінің жүйесі пайда болды. 1892 жылы Петербургтің сот палатасы прокурорының сот фотографиялық лабораториясы, 1812 жылы Петербургте ғылыми-сот сараптама кабинеті құрылып, кейін (1913-1914) осындай мемекемелер Мәскеуде, Киевте, Одессада ашылды.

Ресей криминалистері 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін де криминалистиканың дамуына үлкен үлестер қосты.

Өткен ғасырдың 20 жылдарында қылмысты ашу мен тергеуге, тергеу әрекеттерін жүргізу мәселелеріне байланысты көптеген жұмыстар жарық көрген. Солардың ішінде П.С.Семеновскийдің «Дактилоскопия-тіркеу әдісі ретінде» атты монографиясы (1923), С.М.Потаповтың «Сот фотографиясы» атты оқулық құралы (1926), И.Н.Якимовтың «Қылмыстық құралдар мен тәсілдерді қолдану» атты жұмысы (1925), кітабы Ресейде шыққан бірінші оқулықтар болды.

Совет үкіметінің даму кезінде криминалистиканың көптеген мәселелерін дамытқан белгілі ғалым-криминалистер ішінде В.И. Громов, С.А. Голунский, А.И. Винберг, Е.И. Зицер, Б.М.Шавер, Н.В.Терзиев, Б.И. Шевченко, Б.М. Комаринец, Л.Е.Ароцкер, А.А. Эйсман, А.Р.Ратинов, Р.С. Белкин, Н.П.Яблоков, И.М. Лузгин, Гинзбург және тағы басқаларды айтуға болады.



2 Кримналистік құжаттарды тану ұғымы, мазмұны, міндеттері
2.1 Құжаттар, криминалистік маңызды ақпараттардың түпнұсқалары

Криминалистік құжаттар жазу табиғаты, құжаттарды жасау тәсілдері және жазбалар ерекшеліктері бойынша, нақты тұлғаның жалған құжаттар жасауын және оны анықтау тәсілдерін зерттейтін, қылмыстарды тергеу және ашу мақсатында құжаттардағы ақпараттарды пайдаланудың ғылыми негіздерін құратын саласы болып табылады. Криминалистік құжаттану жаратылыс, техникалық ғылымдар жетістіктеріне, тергеу және сот тәжірибелері қорытындыларына негізделеді. Криминалистік құжаттану атқаратын міндеттерді үш топқа бөлуге болады.



Бірінші топ-құжатты жасайтын автордың белгілері мен қасиеттерін: жынысын, жасын, психикалық және физикалық жай-күйін, кәсіптік және басқа да дағдыларын анықтау.

Екінші топ- құжат материалдарының (қағаз, бояғыш зат, сургуч, желім және т.б.) табиғатын, сапалық құрамын, қай топқа жататындығын, кейде материалдардың жасалу орнын және уақытын анықтау, құжатты, жалған құжатты немесе оның жеке реквизиттерін (қолдар, таңбалар, мөрлер, мөртаңбалар) дайындау құралдарын, шарттары мен тәсілдерін анықтау, өртенген құжаттардың мәтіндерін көрінбейтін және шамалы көрінетін мәтіндерді айқындау және т.б.

Үшінші топ- сәйкестендіру міндеттерін орындау: құжатты жасаушыны жазу тілі мен қол жазуы бойынша; жазу техникасын-басылған мәтін бойынша; көбейткіш техникасын-онда дайындалған мәтіннің таңбалары бойынша және т.б. ұқсастыру.

Бұл міндеттер құжаттарды зерттеудің екі түрін-жазуды криминалистік зерттеу және құжаттарды техникалық-криминалистік зерттеуден өткізу барысында нақтыланды және орындалады. Құжаттардың көптігіне (саласы, табиғаты, тегі бойынша), оларды жасау, көшіру, жалған жасау тәсілдерінің әр түрлілігіне қарамастан, жасандылар, ол үшін пайдаланылған материалдар мен құралдарға, сондай-ақ құжаттарды зерттеу әдістеріне және осы әдістер көмегімен орындалатын міндеттерге қарамастан құжаттар криминалиистік маңызы бар ақпараттар көзі ретінде, ал белгілі бір заңдылық шеңберіндегі бейнелеу және кейін қылмыстарды тергеу барысында осындай ақпараттарды зерделеудің объектісі болып қала береді.

Криминалистикада құжаттармен жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстардың мән-жайы туралы ақпаратты қамтитын әр түрлі материалдық обектілер жатады. Бұл ақпараттың нақты мағыналық мазмұны болады және ол басылған немесе қолмен жазылған әріптермен, сандармен, белгілермен, кодтармен бейнеленуі мүмкін.

Ақпараттарды бекіту тәсілдеріне байланысты жазу актілерін, сызба бейнелерін фото-кино-бейнематериалдарын, кодталған ақпаратты тасушы объектілерін (ЭВМ магнитті таспалары, магнитофон таспалары, компьютердің магнитті дискілері, перфотаспалар, перфокарталар және т.б.) ажыратады.




    1. Тергеу барысында құжаттарды қарау

Қылмыстарды ашу мен тергеудегі құжаттармен жұмыс, жетістігі бірқатар ережелерді сақтаумен қамтамасыз етілетін тергеудегі қараудан басталады. Табылған құжаттар тек қолға қолғап киіп, не пинцет қолданып орындаған жөн, себебі құжатта қандай іздер бар және олар қайда орналасқаны белгісіз.

Құжатты су қолмен ұстауға, дымқыл немесе кірленген затқа қоюға болмайды. Жазбаша құжаттардың бетіне не сыртына жазуға болмайды. Қағаздарды бұрын бүктелген жеріне сәйкес келмейтін жерінен бүктеуге болмайды, себебі бүктесіндердің саны мен орналасуы жазудың сипатын, орындалу жағдайларын анықтау үшін маңызды және құжаттың ерекше белгілерінің бірі болып табылады.

Ылғалданған құжаттар жайылған күйде бөлме температурасында кептіріледі. Іске тіркелетін құжатты шеткі жағынан тігуге болмайды. Оны жазылған күйінде немесе бұрынғы бүктелген жерінен бүктеп, таза қалың қағаз не картон арасына салып, конвертте сақтаған жөн. Конвертке қажетті жазбаларды құжаттарды оған салмастан бұрын жазады.

ЭВМ магнитті таспаларын, компьтерлердің магнитті дискілерін, аудио-бейне-кассеталарын магниттердің тұрақты не ауыспалы толқын ықпалдарынан, сонымен қатар магниттік толқындар тарататын генераторлардан, радиоқабылдағыштардан, теледидарлардан және т.б. құралдардан сақтау қажет.

Құжатты зерделеуді оның міндетін, негшізгі мәтінін және ондағы басқа жазбаларды (қарарларды, белгілерді) анықтаудан, яғни құжаттың мазмұны мен міндетінің сәйкестігін анықтаудан бастаған жөн. Егер құжаттың түпнұсқаға сәйкестігіне күдік туса, құжаттың үлгісімен танысу керек. Сондай-ақ, құжаттың оң және теріс жағының, парақ шеттерінің жағдайы тексеріледі. Құжат заңды тұлға атынан толтырылса, жасанды белгілерді анықтау үшін бланк нысандарының баспа таңбаларының, фотосуреттердің, қорғау белгілерінің түпқұжаттағы ұқсас реквизиттерге сәйкестігіне назар аударылады.

Атап айтқанда, мұндай белгілерге:

- нысандардың, түсі және реквизиттерінің сәйкес келмеуі;

- мазмұнының қарама-қайшылығы, емлелік қателер, стандарттан тыс шрифт, пайдаланудан шыққан бланктерді, мөрлерді және т.б. қолдану.

- механикалық әсер ету іздері (жазуды тазарту кезінде химиялық рекактивтермен мәтінді өңдеу не шаю кезінде қағаздың жұқаруы, дақ түсуі);

- қосып жазу немесе мәтінді өшіріп, орнына жазу (сөз, жол аралығының қалыптан тыс үлкейуі немесе кішірейуі, олардың ерекше орналасуы);

- қорғау кестелері жолдарының, мөр элементтерінің сәйкессіздігі түріндегі құрастыру жолымен жасалған (сан жапсыру, суреттерді не бөлшектерін және т.б. қайта жапсыру) жасанды іздер;

- сызықтардың түзу еместігі, әріптердің түрі, олардың әркелкі көлемі, әріптің біліктік сызықтарының дөңгелек мөрдегі радиус бағытына қатысты әр түрлі орналасуы бойынша және әріптердің білікті сызықтарының мөрдегі жолдар сызықтарының перпендикулярына сәйкессіздігі бойынша анықталатын баспа таңбалары мен мөртабандардың жасанды іздері;

- жалған қол қою іздері (қолдың қозғалысын ақырындату нәтижесінде пайда болатын сызықтардың айналмалығы, штрихтарда үзілістердің болуы, көшіру кезінде және т.б. пайда болған көмескілік пен нүктелер);

- аудио және бейнемагниттік таспаларды біріктіру барысында пайда болған іздер.

Құжаттарды қарау және алдын ала зерттеу кезінде құжаттарға зиян келтірмейтін техникалық құралдар мен әдістер қолданылады. Бұл үшін белгілі тәсілдер мен ғылыми техникалық құралдарды, сондай-ақ құжаттарды жарыққа қарау әдістерін жиі пайдаланады. Жарық көздері ретінде үстелге қоятын шамдар, электршамдар, (ОИ-19 түріндегі) арнайы жарық түсіргіштер немесе табиғи жарық пайдаланылады. Қажеттігіне қарай жарық сүзгілерді, тергеу чемоданында болатын лупаларды пайдалануға болады. Ерекше белгілерге (тазартулар, өңдеулер, қосып жазулар және т.б.), іздестіру жұмысы мен дәлелдеу процесінде пайдалануға болатын ақпараттарды айқындауға ерекше назар аударылады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет