Сақ Қайрат Өмірбайұлы



жүктеу 86.24 Kb.
Дата16.06.2016
өлшемі86.24 Kb.
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

МӘРТ ТҰЛҒА
Ұлттық журналистика ұстындарының бірегейі, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, білікті ұйымдастырушы, қаламы қарымды публицист, сөз өнерінің жанашары, сонымен бірге өнердің өзге де түрлерінен «бар таласым» деп, биіктерді бағындырып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы Намазалы аға Омашұлы өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шерту маған әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңіл дейтінім – ширек ғасырдан аса уақыт қасында ізбасары болып ілесіп келе жатқандықтан бар саналы өмір бел-белестері көз алдымда сайрап тұр. Ал қиын соғатыны – бар көрген-түйгенімді қамшы өргендей әдемі өрнектеп, тұлға талантын, шығармашылық шеберлік қырларын толық ашып айта аламын ба деген кеудемдегі күдікті жеңуіммен байланысты.

Әңгімешіл ағаның балалық шақтан өрбітіп құйқылжыта баяндайтын өмірлік хикаяларға толы есте сақтағандарын тыңдау бір бақыт. Сондай қызығы мен шыжығы қатар өріліп көркем кестеленетін өмір баяндарынан ұққаным бозбала шағы адам өмірінің жастық кезіне тән бар сән-салтанатымен өткен...

Намазалы Омашұлын қалың елі қазағы, әуелі, журналистиканың майталман маманы деп танып, осы сала көсегесін көгертуге қосқан ерен еңбегін құрмет тұтады. Ол рас та. Өмірлік кредосы – журналистика екендігін айқындайтын «Өмірлік бақытымды журналистикадан таптым» деген көңіл төрінен орын тапқан лебізін кейінгі буын журналистер қанатты сөзге айналдырып, іліп әкеткені тегін емес: «Журналистика қазір бағы жанып тұрған мамандық, бұл салаға сіңірген еңбек бірнеше есе боп қайтады. Біздің ерекшелігіміз де, құдіреттілігіміз де, қиыншылығымыз да сонда. Өйткені журналистің жетістігін де, кемшілігін де, халық біледі» (Омашев Н. Ақпарат әлемі. 1-том. – Алматы: Қазығұрт, 2006, 85-бет), – деген өмірлік бай тәжірибеден түйген құнды ойы сөзімізге жан бітірері хақ.

Журналистикадағы алғашқы қадамы Қазақ радиосы тілшісі қызметінен басталғаны тағдыр сыйы дерсіз. Өйткені өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Қазақ радиосы ұлт руханиятының Алтын Ордасы болғанын кейінгі жас білмеуі мүмкін, ал алдыңғы буын ағалар мен апалар ұмыта қоймағанына бәс тігеміз. Ұлттық радионың бағы жанған кез де - сол тұс. Тыңдарман құлақ құрышын қандырар бағдарламаларды, концерттер мен радио қойылымдарды електен өткізіп барып аудиторияға ұсынатын талғамы биік көркемдік кеңесі, кәнігі журналистер қауымы, өзінің дербес оркестрі, режиссерлер мен әртістер ұжымы бар радио жұмысы жанданбағанда қайтсін. Қазіргі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаңадан ашылып жатқан радиоларда осы талғам жетіспейді десек, қателікке бой алдырған болмаспыз. Оның, әрине, объективті және субъективті себептері бар. Ол - жеке әңгіме арқауы.

Университет қабырғасынан жаңа ұшып шыққан жас түлектің осындай аты аңыз Қазақ радиосына журналистік жұмысқа шақырылуы да тегін емес-ті. Атақты журфактың 1974 жылғы түлектерінің ешқайсысы да осал болмағанын өмір дәлелдеумен келеді. Бір курстан бес бірдей ғылым докторы, профессорлардың шығуы, Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтов сынды аттары алты алашқа мәлім ақындар мен Жанболат Аупбаевтай қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистер мен публицистердің топжаруы сирек құбылыс. Міне, осындай атағынан ат үркетін топтың серкесі (староста) болу о бастан-ақ табанының бүрі болғандығынан сыр тарқатады.

Қазақ радиосы шығармашылық шыңдау мектебі болғаны айтпаса да түсінікті. Радионың құдіреттілігін, оның ақпарат таратудағы ұшқырлығы мен аудитория сана-сезіміне әсер етудегі айрықша қасиеттерін теория жүзінде ғана емес, тәжірибе бойынша көз жеткізе дәлелді дәйектеуі сол жылдар еншісінде екенін ішіміз сезеді.

Талантты жастың күн құрғатпай эфир арқылы аудиториямен қауышқан радиоочерктері мен радиофельетондары тыңдарман құлақ құрышын қандырған құнды дүниелер болғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. «Ақпарат әлемі» кітабына енген «Армысың, арайлы жыр!», «Ырысты мекен өрендері», «Қару мен қаламды қоса ұстаған», «Көргені көп көш бастар», «Алтын жұлдызды ана», «Бағы жанған жан», «Ажалды жеңген азамат», «Азамат парызы», «Қауырсын қанат қатайса» т.б. радиоочерктерін деректі дүниені көркем шығарма тәрізді тілдік бояуын қанық етіп, сөзді сәулелендіріп, құлпыртып берудің үлгісі дерсіз. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін радиоочерктерінен үзінді келтірейік:

«Ақ түн. Ақын көсіле жырға қосатын сүттей аппақ кеш. Көгілдір әлем күміс жұлдызша тағынған, жарық нұр сеуіп тұр.

Көңіл жұлдыздары да сондай. Сенің жүзіңнен де шуақты қуаныш нұры еседі ғой, мен де шексіз елжіреп шаттанып тұрмын. Тыңдашы, құрбым, менің жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай, лүпілдеп барады. Көкірекке сусып жылы нұр құйылатын тәрізді. Сен де осындай күй кешіп тұрсың ба?!

Қандай ғажап, қандай керемет еді мынау сәт, мынау көрініс. Шымырлап төгілген музыка сазы да жаныңды аялы алақанға салып әлдилейтіндей, сол ырғақпен еріксіз өзім де толқып барам. Ту-у, дүние шыр айналып, күміс жауып тұрған секілді. Келші достым, вальстің сазына ілесіп, дөңгелене билейік» ( Ақпарат әлемі. 2-том. 206-бет).

«Армысың, арайлы жыл!» осылайша жаңа жылды айрықша қуанышпен қарсы алушы көңілінің «нотасын» дөп басуымен өзіне еліктіріп, елітіп әкетсе, «Ырысты мекеннің өрендері» табиғат пен адам мінезі егіз екендігін дәл тауып, танытумен тартымды: «Ғасырды куә еткен сары сіңір сексеуілі мен өзегінен шіріп, құлап түскен дүзгені де ұзақ мезгілдің айғағындай. Бұл өңірдің мінезі де өзге жердің табиғатына ұқсамайды. Кейде дүние көшіп жатса да сабырлы қалпынан бір аумайтын салиқалы, мінезі ауыр жанның табиғатына келеді. Өрши соғатын дауылы бір көтерілмесін, көтерілсе дүние қара түнекке оранып, қиыршық тас пен құм жауады да тұрады» ( 213-бет).

Ал «Азамат парызындағы» төмендегі суреттеу көркемдік қуаттылығымен әсерлі: «Аузы ашылып, бар ынта болмысымен көрініске құлай көңілі кетіп, іштей «кенеттен үзіліп қалмаса екен» деп тәнті болып тұр. Абай атасы айтқандай, ана бір өлең шумағы қалай еді... Көкейге келмей күбірлеп келеді. Ақыры ойға оралғандай болды.

«Қар - аппақ, түлкі - қызыл, бүркіт - қара,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.»

Иә, дәл сол көрініс. Қандай әсерлі сурет, өзіне-өзі сенбей тұр. Табиғаттың осындай кереметтеріне бұрын неге зер салып, мән бермеген.

Бұрқап тұрған қар ұшқыны басылып, түлкі орнынан тұрып, дүр сілкінді. Одан сайын нарттай құлпырып, күміске көмілген қызыл нүкте алауланып біраз тұрды да, қиырдан асып, ғайып болды. Бір сәттік қана сұлулықтың үзіліп кеткеніне іштей налып тұрғандай» ( 276-бет).

«Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, осы үзінділерден-ақ очеркистің қалам қарымы қуатты екенін тап басып тануға болады. Радио - ырғалып-жырғалуды, ойланып-толғанып, уақыт оздыруды қаламайтын ақпарат құралы. Аталған радиоочерктер – тез арада жазылып, айналасы екі-үш күнде эфир арқылы жалпақ елге жария болған дүниелер. Демек, бұл арада автордың шалт қимылы шығармашылық қуатымен астасып барып берекелі іске мұрындық болғанын айтуға тиістіміз.

Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр публицистің радиофельетондары да тақырып алуандығымен, нақты деректерге құрылса да, көркем шығарма секілді бояуы қанық жазылуымен, сиқырлы сөз сезімдерді шымшып оятып, жат пиғылдардан адам бойын аулақ ұстау, қоғамды түрлі кеселдерден арылту туралы кесек ойларымен дараланады. «Ет жегің келсе, есептеспе», «Май шелпек», «Жорға мінген жігіт», «Сүйкеп жатыр», «Жеген ауыз жесін», «Шұқымаса жүре алмай ма?», «Түрлі-түрлі жегіш бар?», «Сен салар да мен салар», «Сауда сақал сипағанша», «Қулар жарысы» т.б. секілді аттарының өзі айыптап тұрған радиофельетондары сөзіміздің дәні бар екенін дөп басып танытады. Қымбат күлкіге құрылған радиофельетондарының өткір тілі мен тартымды стилін айшықтау үшін «Жеген ауыз жесін» деген бір ғана туындысын тұтас сөйлетсек те, оған көзіңіз толық жетеді:

«Шевченко қаласындағы «Закаспийтрансгаз» деген салақұлаш аты бар бірлестіктің беделдімін деген бастықтары түгі қалмай, тайлы-тұяғымен бірлестіктің бастығы Стефановскийдің кабинетінде бір-бір креслоға қона қалған шақ еді. Араларында Стефановскийдің өзі, орынбасары Донцов пен осы бірлестіктің бас бухгалтері Мамонтов та бар. Стефановский жағалай қарап алды да, сөйлеп кетті:

- Ал, жігіттер, сыртқа дық деген дыбыс шықпасын,

Білекті жігіттерге айтыңдар, есік жақты мықтасын,

Өзімізден басқа ешкім есітпесін,

Өсек деген гуілдер әлде біреу есіткесін.

Мына бір қызыл-қара ақшаны,

Мықтының өзі алдымызға әкеліп тастады.

Жалғыз жеуге асқазанға сыймай тұр,

«Бергеніне шүкір» деп бөліселік,

Таласқа бармай-ақ, өзара келіселік.

- Дұрыс, дұрыс! Өте орынды!

- Ал, жігіттер, мәселен мына басбух Мамонтовты алайық. Жігіттің сұлтаны емес пе, ә? Мөр бізде болса, ақша жағы онда дегендей. Дауыс:

- Беру керек Мамонтовқа бір жүз сом.

- Рахмет, рахмет, жарандар. Енді Донцовқа да бір қараңдар.

- Ал, орынбасарым, саған да бірдеме беруіміз керек болар?

- Билікті өзіңізге бердік,

Сыйлықтан дәметіп, алдыңызға келдік.

Берсең алдық, бермесең қалдық.

Бізді жақсы білесіз ғой,

Салмақты өзіңізге салдық.

- Дұрыс, дұрыс. Әй, Донцов-ай, қусың ғой. Қанша жесең де сыпайы қалпыңнан аумайсың, өзіңе керек адамды сұлу сөзбен аулайсың. Жаз сол үшін Донцовқа - 120 сом!

Стефановскийдің сыралғы досы Ландышко осы кезде атып тұрып, әндете жөнелді:

- О-һо, асыл туған ағамыз,

Артық қой көптен бағаңыз,

Жаңылмай сізді табамыз,

Құндыз бөрік, көк пальто,

Қаракөлден жағамыз.

Жаздырыңыз бізге де,

Бір-екі жүз сом, ағамыз.

- Ой, пәлі, жігіт болсаң осындай бол. Жазыңдар сыйлық деп Ландышкоға - 200 сом.

- Ой, жігіттер, «мал жиғанның жазығы не» демекші, мені ұмытып барасыңдар ғой, - деген Стефановскийге Ландышко:

- Жігіттер, аздап ағат кетіппіз. Алдымен сыйлық басекеңе аталуы керек еді. Сізге ат басындай алтын тартсақ та көп болмас еді. Қанша жазайық, басеке?

- Түу, жігіттер-ай, болмадыңдар ғой. Көңілдеріңе, пейілдеріңе рақмет! Онда маған да жазыңдар - 200 сом деп. Мамонтов:

- Басеке, бар болғаны 115 сом ғана қалды. Бұл аз ақшаны қай жұмысшыға жеткіземін.

- Ә, солай ма. Онда қалған 115 сомды өзіңе жақындау екі жұмысшы жігітке қақ бөліп жаза сал. Жұмысшылар алды деген аты болсын. Заты «жеген ауыздың жегені» жақсы ғой.

Міне, осылайша бірлестіктің білікті басшылары әп-сәтте озаттарға арналған сыйлық ақшаны ту-талақай етіп, үлестіріп алды. Ал, енді соңында не болар екен, оны да күтелік» (Ақпарат әлемі.,397-б.).

Бір ескерерлік жай, тілге тиек етіп отырған очерктер мен фельетондар радиоға арналып даярланған, яғни мәтіндерінің тілі шешендік өнер талаптарына тән тауып сөйлеу, ұрымтал ой айту тәрізді көркемдік қуатын арттырып тұрған ерекшеліктерімен қоса дыбыс, дауыстар арқылы көмкеріліп, сазбен әрленіп барып эфирден берілгенде тіпті құлпырып, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырумен бірге айрықша әсерлігімен жүрек төрінен орын иемденгенін қаперге алған жөн.

Радиочеркпен бірге радиофельетон секілді тәрбиелік мәні орасан зор, аудиторияға әсер етушілік қуаты күшті жанрлардың қазіргі радиожурналистикада «архаизмге» айналуы еріксіз қынжылтады. Оның себебін аталған жанрлар журналистерден шығармашылық ізденісті, көп еңбектенуді талап ететітіндіктен, ал оған қазіргі жастардың құлықсыздығынан іздеген жөн шығар. Ізденіссіз шығармашылық өсу шектелетінін ұмытуға болмайды.

Жалпы кез келген ғылыми теория жинақталған тәжірибенің жемісі деу қисынға келеді. Басқаша айтқанда, бай тәжірибеге ие ғалым ғана теориялық мәселелерді толық игеріп, кең көсіліп жаза да, айта да алады.

Намазалы Омашұлының отыз жылға таяу уақыт саналы өмірін арнаған қазақ журналистикасы ғылымының мәртебесін биіктетсем деген арманынан туған ғылыми еңбектерін саралағанда осындай ой туады. Ендеше Қазақ радиосы секілді тірлігі әрдайым бұрқ-сарқ қайнаған рухани орталықтан аз уақыттың ішінде бай тәжірибе жинақтаған талант иесінің өмір арнасын шұғыл өзгертіп, ғылым әлеміне бойлап енуі толық ақталған құтты қадам болды десек, жаңылмаспыз.

Жас ғалымнан ата ғалымға дейінгі аралықта қаламынан туған «Журналист - жол үстінде», «Белестер», «Радиожурналистика», «Ақпарат әлемі» (2 том), «Қазақ журналистикасы» (3 том) т.б. кітаптары мен жүздеген ғылыми мақалалары туралы сөз қоздатсақ, шеті де шегі де жоқ, ұшы қиырсыз әлемге дендеп еніп, ұзақ сонар әңгіме бастауға тура келеді. Оған оқырман алтын уақытын ұрлағымыз жоқ. Көрнекті ғалымның аталған еңбектерінің ешқайсысы да атаусыз қалған емес, әрқайсысы дара таныстырылып, кезінде сөз зергерлерінің биік бағасын алғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Жалғыз ғана айтарымыз, жаңа қалыптасып, даму алдында тұрған қазақ журналистикасы ғылымына әрбір еңбегі арқылы биік парасат иесінің қосқан үлесі ұшан теңіз. Осы жөнінде жүйелі түрде терең де толық зерттеу жүргізу – болашақ еншісіндегі шаруа.

Енді жүректен шыққан сөз толғауымызды «Мәрт» деп атауымыздың сырына тоқталатын сәт туды. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «мәрт» этнониміне: «ер көңілді, кеңпейілді, батыл, жомарт»,- деген анықтама берілген (Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк – Пресс, 2008, 587 б.). Біз білетін Намазалы Омашұлының тұла бойында осы төрт қасиет түгел бар. Ер көңілді, кеңпейілді, батыл, жомарт. Тура тума талант өмірі мен шығармашылығына тән мінездеме.



Аталған сөздікте мінездеме этнониміне: «Жеке адамның өз басына тән қасиеттерін, қызметіне қатысты мәліметтерді жан жақты талдап баяндайтын жазбаша сипаттама, құжат» (610-б.), - деген анықтама беріліпті. Осы жерде кейіпкерімізге тән жоғарыдағы қасиеттер жанында жүріп жақын тану барысында көзіміз жеткен бар болмысының кілті екендігін айтуға тиістіміз.





©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет