Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата25.02.2016
өлшемі45.5 Kb.
#20356
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ТАРИХЫНЫҢ

ТАМЫРШЫСЫ
Ғасырдан ұзақ ғұмыры бар қазақ баспасөзі тарихының әлі де болса терең зерттей түсуді қажет ететін тұстары баршылық. Әсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірін заман сұранысына сай қайта қарау – уақыт талабы. Өйткені төл баспасөзіміздің Алаш кезеңі еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ғылыми тұрғыдан бір жақты бағаланып, кемшін зерттеліп келгені бүгінде ешкімге де жасырын емес. Оның, біздіңше, бірнеше себебі бар:

Біріншіден, қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ мерзімді баспасөзі негізінен ұлттық мәселелерді көтеріп, тап мүддесі емес, елдің біртұтастығы мен шынайы бостандығы жолындағы бірден-бір күрес құралына айналуы кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің сіреспе идеологиясына қайшы келгендігінен еді. Осы себептен де мұндай бағыттағы басылымдарға тарихи шындық тұрғысынан зерттеу жүргізуді мұрат тұтқан ғалымдардың алдынан түрлі тосқауылдар күтіп тұрды. Тіпті «ұлтшылдықтың көрінісі» деп айыпталып, сыналып-мінеліп, қуғын-сүргінге ұшыраған кездері де жоқ емес.

Қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдардың толыққанды зерттеу жүзін көрмеуінің екінші себебі айналасы он-он бес жылдың ішінде екі мәрте әліпбиімізді (графикамызды) өзгерткен, алдымен, арабшадан латыншаға (1929), одан кириллица жазуына (1940) көшірген үстемшіл орталықтың тілімізге әдейі жасаған қиянат, қастандығынан туындайды. Бұл да – сөз жоқ, тарихи құнды мұрамызды ұлт игілігіне жаратуды ауырлата түскен қиындықтардың бірі. Алдыңғы екі жазудан қол үзген кейінгі ұрпақ үшін мұрағат материалдарын түпнұсқалық негізде оқып, кәдеге жарату бұл күнде аз қиындық келтіріп отырған жоқ.

Үшіншіден, ұлтымыздың құнды рухани мұрасы болып табылатын Алаш баспасөзі тігінділері архивтерде қол жетпестей «құлыпталып» ұсталғаны әмбеге аян. Мұны аз көрсеңіз, ондай қымбат асыл мұраларымыз кешегі кеңес елінің әр қиырында жанашырсыздықтан шашырап, шаң басып жатуы да аз кедергі емес екені белгілі. Бұл олқылық бүгінгі таңда да толық түзетілді деп айта алмаймыз.

Қазақ баспасөзі тарихын зерттеудің аталған қиындықтарын ойға салғандағы мақсат сол ауыртпалықтарды иығымен көтеріп қана қоймай, оларды жеңе білген ұлттық журналистика ғылымының негізін қалаушылардың бірегейі Хайыржан Бекхожиннің ерен еңбегін мейлінше жоғары бағалау ниетінен туғандығын айтуға тиістіміз. Қазақ журналистикасы білімі мен ғылымының қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, зерттеуі мен зерделеуі мол ғалымның Алаш баспасөзі туралы айтуға тыйым салған кеңестік әкімшілік-әміршілдік жүйе талабы күшіне мініп тұрған кезде тайсақтамай шындыққа араша түсуге талпынысы ерлікпен пара-пар деп бағалауға лайық.

Ғалымның «Дала уалаятының газеті» туралы жазған кандидаттық диссертациясы төл журналистика тарихы бойынша зерттеу жүзін көрген алғашқы ғылыми еңбек болып табылады. Бір қарағанда, еңбек замана үнімен сарындас, таптық идеология тұрғысынан, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармалары негізінде жазылғандай көрінуі ғажап емес. Сөйтсек, оның астарлы мән-мағынасы да жоқ емес екен. Зерттеушінің онсызда айтыла-айтыла әбден жауыр болған саяси айыптауларды қайталай отырып, бір кездері қалың қазақтың қамқоршысы болған газет-журналдардың тым құрығанда аты ұмыт болмай, жаңа ұрпақтың құлағына сіңе берсін дегенді мақсат тұтқанына төменде көзіңіз жетеді.

Мұны сол кезде билік басындағы коммунистік партияның «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділері де байқамай қалмапты. Алдымен, «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы 7-нөмеріне Ж.Сәрсеков деген сыншысымақтың «Тарихи шындық бұрмаланбасын» деген мақаласы атойлап аттан салады. Ол «ревалюциядан бұрынғы және ревалюция тұсындағы қазақ баспасөзінің бәрі дерлік реакцияшыл, байшыл-ұлтшыл бағытта болды, сондықтан оны зерттеудің қажеті жоқ дегенді айтты» [1,4-б.]. Осылайша ғалымды сын қамшысының астына алатындай зерттеушінің не жазығы бар еді десек, қазан төңкерісіне дейінгі біраз басылымның атын атап, түсін түстеп қойғаны «қате-кемшілік» болып шығыпты. Соның бірі – біз зерттеу объектіміз еткен «Қазақ» газеті. Осы үшін зерттеушіге «қазақ ұлтшылдарының органы «Қазақ» газеті туралы да жалпыға белгілі оның буржуазияшыл-ұлтшыл газет болғандығынан басқа түк те айта алмайды [2,78-б.]»,– деген «кінә» тағып, айыптайды. Міне, сол заман сынының сыйқы. Мұны тиісерге қара таппағанның дәл өзі демей, енді не дейсіз? «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесіннің» кері ғой бұл.

Аталмыш еңбекті қаралап жазған сынның екіншісі Қазақстан коммунистерінің орталық органы «Социалистік Қазақстан» газетінен орын тебеді. «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» деген атының өзі айыптап тұрған мақаланың авторлары – компартияның Б.Қорқытов, Ә.Досбаев деген «белсенділері». Мұнда алдыңғы мақалаға қарағанда тағылған «айыптың» салмағы едәуір зілді, сөзі өктем әрі өтімдірек. Қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілер «буржуазияшыл-ұлтшыл бағыттағы газеттер («Қазақ», «Серке» т.б.) жөнінде құлшына баяндайды: алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді. Бұл-бұл ма, алашордашылардың орталық органы «Сарыарқа» газетінің совет үкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған контрреволюцилық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш цитата келтіреді. Сөйтіп, контрреволюциялық идеяға трибуна береді [3]», - деген айыптауда қаншама зіл жатыр десеңізші. Бұл деген сөз уақтысында бір ғана зерттеуші-ғалымның емес, ол бастап берген ғылым жолының алдына тартылған ор болғандығын бізден гөрі алдыңғы буын өкілдері жақсы білуге тиіс.

Осындай алмастың жүзіндей лыпылдап, қауіп бұлты төніп тұрған уақытта Х.Бекхожиннің алған бағытынан бас тартпай, ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастыруға жол таба білуі ерлікпен қоса көрегендік қасиетін танытады. Ғалым 1964 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» деген еңбегінің алғы сөзінде жоғарыда біз келтірген «Әдебиет және искусство» журналы мен «Социалистік Қазақстан» газетіндегі сыни мақалаларда: «осы кітаптың авторы «Дала уалаяты» газеті туралы жазған кандидаттық диссертациясында және Б.Кенжебаевтың 1950 жылғы «Қазақ баспасөзінің тарихынан» деген кітапшасында жіберілген қате, кемшіліктер сыналды [1,3-б.] »,–деп жазады. Осы сөйлем 1981 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» деген оқулығының алғы сөзінде де сөзбе-сөз қайталанады. Біздіңше, мұны ғалым бекер тасқа басып қалдырмаған. Онда екі түрлі мақсат болған. Біріншіден, қазақ баспасөзі тарихы туралы шындықты ашуға әлгіндегідей сыншылар мұрсат бермегенін астарлап жеткізеді. Екіншіден, қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық басылымдардың қадір-қасиетін жетік білген зерттеуші Алаш баспасөзінің түбінде бір ақталарын сезгендіктен оларды біржақты сынап-мінеп жазуының себебін ашып айтып, болашақ ұрпақ алдында ақталғандай болып көрінеді. Ал, шындығын айтқанда, қазақ баспасөзі тарихы тақырыбында алғашқылардың қатарында қалам тартқан ғалымның ХХ ғасыр басында жарық көрген газет-журналдардың төмендегідей құндылықтарын тарата талдауға мүмкіндігі болмаған:

Әуелі, Алаш баспасөзі – XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының шежіресі, дәлірек айтқанда, 1907-1925 жылдар аралығындағы халқымыз бастан кешкен күрделі кезеңнің айнасы. Ендеше, оған тыңғылықты зерттеу жүргізу арқылы Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласының қайшылыққа толы тарихи жағдайын жан-жақты айқындап, терең тани түсуге мүмкіндік туады деген сөз. Сондай-ақ, басылым материалдары арқылы сол кездегі ұлттық азат ойдың басты арналарын танып-біліп, олардың басы-қасында болған қазақ зиялыларының ұстанған жол, мақсат-мұраттарын анықтауға жол ашылады. Сонымен бірге ұлттық сананың ұйытқысы болған Алаш баспасөзінің «пікір тайқазанында» әбден піскен халқымыздың өсіп-өркендеуіне қатысты негізгі идеялар ешқашан мән-маңызын жоғалтпайтыны белгілі.

Екіншіден, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, «газет әдебиет тобына жататын нәрсе болғандықтан жазылған сөздер мағына жағынан толымды, көңіл жағынан қонымды, тізуі тәртіпті, сын алдында сымдай боларға тиіс» [4] десек, осы қағида алдарына тартылған туы болған, одан бірде-бір ауытқымаған Алаш баспасөзінің журналистер қауымы үшін үлгі аларлық өнегелі тұстары ұшан-теңіз. Оның үстіне, Мұхтар Әуезовтің «Шолпан» журналының 1923 жылғы 4-5 нөмерлерінде жарияланған «Қазақ әдебитінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында берілген баға бойынша, «жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті» болуы да ол туралы терең талданған еңбектің қажеттігін байқатады. Сонымен бірге «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп шырылдап, тілімізге төнген қауіпті сейілтіп, оның таза сақталып қалуына газет-журнал арқылы жанұшыра әрекет еткен алаш азаматтарының ізгі істерінен өнеге алу да – ұрпақ міндеті.

Үшіншіден, Алаш баспасөзі, соның ішінде, әсіресе, «Қазақ» газеті – төл журналистикамыздың дамуына тигізген ықпал-әсері орасан зор басылым. Оны теориялық және практикалық жағынан байытып қана қоймай, журналистерді баулу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды. Осы орайда, Алаш зиялылары шоғырынан шығып, әлемге танылған, сол арқылы қазақ халқының атын дүниежүзіне паш еткен Мұхтар Әуезовтің мына пікірі сөзімізді жандандыра түсері хақ: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» [5]. Ендеше, сол «табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатқан» буын – өзі журналистика мамандығына баулу үстіндегі жас шәкірттері екенін ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым Х. Бекхожин білмеді деуге еш негіз жоқ.

1.Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860–1930 жылдар).–Алматы: Қазақ мемлекеттік баспасы,1964.–196 бет.

2.Сәрсеков Ж. Тарихи шындық бұрмаланбасын // «Әдебиет және искусство» журналы, № 7, 1951.

3.Қорқытов Б., Досбаев Ә. Қазақ баспасөзін зерттеудегі өрескел қателер // Социалистік Қазақстан, 1951 жыл 17-қараша.

4. «Қазақ» газеті, 1917, №216.



5.Әуезов М. Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы // «Ақ жол» газеті, 1923 жыл 4-ақпан.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет