Сабақ тапсырмаларына әдістемелік нұсқау Шымкент-2010



бет1/4
Дата09.06.2016
өлшемі266.5 Kb.
#124140
  1   2   3   4
Ф.7.11-19

А. Әуелбекова

Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы
Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінен жүргізілетін практикалық сабақ тапсырмаларына әдістемелік нұсқау

Шымкент-2010

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Қазақ тіл білімі кафедрасы

А. Әуелбекова

Әдістемелік нұсқаулық

Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінен 050117 –қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарында оқитын студенттер үшін

жүргізілетін практикалық сабақ тапсырмаларына арналған

Оқытудың түрі: күндізгі


Шымкент-2010

ӘОЖ 87


Құрастырған: ф.ғ.к., доцент Әуелбекова А. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінен жүргізілетін практикалық сабақ тапсырмаларының әдістемелік нұсқаулығы. –Шымкент: М. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2010 - бет.

Әдістемелік нұсқаулық пәннің оқу жоспары мен пән бағдарламасының талаптарына сәйкес құрастырылған және қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінен орындалатын практикалық сабақтарда орындалатын тапсырмаларына қажетті барлық керекті мәліметтерді қамтиды.


Әдістемелік нұсқау филология ифакультетінің 050117-қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарында күндізгі бөлімде оқитын студенттерге арналған

Әдістемелік нұсқауда Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінен студенттерге арналған практикалық сабақ тапсырмалары берілген.

Бұл тек жоғары оқу орнының студенттеріне ғана емес, жалпы қазақ тілін оқып үйренемін деуші көпшілік қауым үшін пайдалы.
Пікір білдірушілер: п.ғ.к., М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың аға оқытушысы

С. Тұрмаханова, ф.ғ.к., Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ, ШИ доценті Д. Байғұтова

Қазақ тіл білімі кафедрасының мәжілісінде ( хаттама № ) Филология факультетінің әдістемелік комиссиясы отырысында қаралған және баспаға ұсынылған ( хаттама № ).

Басуға М. Әуезов атындағы атындағы ОҚМУ-дың Әдістемелік кеңесі ұсынған, хаттама № « » 2010

© М. О. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2010

Кіріспе

Қазіргі қазақ тілі курсы – фонетика, лексика, грамматика деген бөлімдерден тұратын өзара тығыз байланыста келетін тіл білімнің салалары. Бұл адамдардың өмір бойы қолданылатын ең маңызды қатынас құралы – тілге қатысты бір ғылыми курс болғанымен, олардың әрқайсысының өзіндік обьектісі мен ерекшелігі және салалары бар ғылым. Көп жылдардан бері тіл ғылымының бұл салалары жоғары оқу орындарында арнайы жасалынған бағдарламалар мен оқулықтар негізінде жеке-жеке пән ретінде жүргізіліп келеді.

«Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»- студенттерге теориялық білім, тәжірибелік дағды беретін негізгі пәндердің бірі.

Бұл курс теориялық және практикалық екі бағытта жүргізіледі.Курстың теориялық бөлімінде грамматиканың морфология саласының ғылым ретінде танылуы, ондағы негізгі грамматикалық ұғымдар, сөздің морфологиялық құрамы мен құрылымы, сөз таптары, олардың грамматикалық категориялары жайлы түсінік беріледі . Практикалық сабақтар теориялық материалдарды меңгеруді қамтамасыз етеді, әр тақырыптар бойынша студенттердің білім дәрежесін тест арқылы тексеру, бақылау жұмыстары арқылы іске асырады.

«Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» курсының басты мақсаты – қазақ тіліндегі сөздердің лексика-грамматикалық топтарын, тілдегі грамматикалық мағыналар мен формалар туралы берілетін ғылыми теориялық білімді жүйелі жүргізудің бағыт-бағдарын ұсынып, сөз және оның формалары, оны құрастырудың жолдары мен тәсілдері, амалдары туралы, сөздердің топтарға бөлінуі, әр топқа енетін сөздердің өзіне тән грамматикалық сыр-сипаты жөнінде студенттерге тоериялық білім беру.

«Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» пәні төмендегідей міндеттерді қамтиды:



  1. Болашақ мұғалімдерді қазіргі қазақ тілінің морфологиялық курсының теориялық негіздерімен таныстыру.

  2. Практикалық, лабораториялық сабақтар мен ОСӨЖ, СӨЖ арқылы студенттердің морфология мен сөзжасамнан бағдарламалық материалдарды меңгеретіндей шеберліктерін қалыптастыру.

  3. Студенттердің морфологияға, сөзжасамға қатысты ғылыми еңбектерді ғылыми тұрғыдан зерттеп тану қабілеттерін дамыту.

Курстың мазмұны.

Курстың мазмұны мынадай бөлімдерден тұрады:



  • сөздердің морфологиялық құрылымы, негізгі грамматикалық ұғымдар;

  • сөздің құрамы мен морфемалардың түрлері;

  • сөз формалары мен олардың жасалу тәсілдері, түрлері;

  • сөздерді таптастыру принциптері;

  • сөз таптары, олардың жіктелуі мен түрлері;

  • сөз таптарының грамматикалық категориялары мен семантикалық топтары, олардың түрлену ерекшеліктері.



Практикалық сабақтарға тапсырмалар

1 - практикалық сабақ.

Тақырыбы: Грамматика және оның салалары. Тілдің грамматикалық құрылысы.

Сабақтың мақсаты: Грамматика туралы түсінік. Грамматиканың салалары. Грамматикалық мағына және оның түрлері. Грамматикалық мағына берілу тәсілдері мен жолдары.

Студент нені меңгеруі тиіс: Грамматиканың салалары. Морфологияның негізгі нысандары, зерттелу тарихы. Тілдің грамматикалық құрылысы

Тапсырмалар мен жаттығу жұмыстары
1-жаттығу. Бір грамматикалық мағына беріп тұрған әр түрлі грамматикалық формаларды беретін мағынасына қарай топтастырып жазыңыздар.
Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар - әкесі Құнанбай тұр. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4-5 атты жолаушы келеді екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрізді. Өздері өңшең толық денелі, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгін әдейі тосып отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.

Байтас пен Жұмабай тақай бергенде Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:

- Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай болып білімің де өсті ме?- деді. Кекету ме, күдік пе? Немесе жай білгісі келгені ме?

Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:

- Шүкірлік, әке,- деп біраз тұрды да: - ат барған соң, дәріс тамам болмаса да, қазіреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым,-деді (М. Әуезов).
2-жаттығу. Бір форманың бірнеше мағына беретін түрлерін теріп жазып, төмендегі үлгі бойынша көрсетіңіздер.
Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, ел дәстүрлерінің қазынасында бата сөздердің мән-мағынасына, сымбат көркі айырықша бағалы. Өйткені, қанымызға сіңісті жанымызды серпілтетін, марқайтып қанағаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер- ұлттық тәлім-тәрбиенің бастау бұлағы. Аталардың қасиетті өсиеті замандар бойы мысқалдап, жиналып, ақыл елегінен өткізілетін өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже-қағидасы іспетті.

Бата нәресте дүниеге келгенде, бесікке салғанда, атқа мінгенде, ұл үйленгенде, келін үйленгенде, қыз ұзатқанда, ас қайырғанда, мал сойғанда, мүшел тойларда, ұлыстың ұлы күндерінде беріледі.

Қазақ баласы асыл сөздердің теңізінде тербеліп өскен ғой. Оның небір сыңғырлаған сұлу әуенін жөргегінде естіп, есін біле келе көкірегінде, көңілінде түйгені анық. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» дегендей, аталар сөзін әбден меңгеріп, сол киелі, қасиетті дәстүрді әрі қарай жалғастырып, сабақтастырып отыру заңды құбылыс болуға тиіс. Сондықтан да ақындар өз өлең-жырларында бата сөздер шығаруға бейім тұрады (Қазақ күнтізбесі).

Үлгі: Халқ+ы


3-жаттығу. Мәтіннен грамматикалық мағынаның аналитикалық және синтетикалық тәсіл арқылы берілуін тауып, соған қарай сөздің грамматикалық формасының синтетикалық, аналитикалық түрлерін ажыратыңыздар.

Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені- батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Рахымдылық, мейірбандылық, әр түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар- жүрек ісі, асықтық та жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды.

Айтқанға көнгіш, уағдаға тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей адасқан көштің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге оңай да болса, мойындау ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры-әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз(Абай).

Базаралы Ерболды тыңдап отырып, осы жиындар ортасында бірінші рет босағанды көрсетті. Екі-үш тамшы жаста ағызып жіберді. Сөзбен жауап қатқан жоқ, бірақ жаңағы қалпы үй ішіне байқалған жоқ. Базаралыға арналған Абай жүрегін осы жұрттың бәрінен артық сезіп, білетін Мағаш та, қалтасынан орамалын алып, көзін басып, жылап отырды (М. Әуезов).


4-жаттығу. Мәтінді көшіріп, ондағы синтетикалық және аналитикалық формалары сөздерді беретін мағынасына қарай топтастыр.

Қонақ үйде, дөңгелек үстел үстінде, қызғылт, күңгірт сәулесі бар тас шам жанып тұр. Оқтын-оқтын іргеден соққан жел лебімен әлсіз шам кейде ұйтқып, шалқи түсіп, кейде лапылдап, жалпылдай жанады. Қырын қарап отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді.

Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар. Кейде Абайға қызық көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді.

Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын ғана таңдана шешіп отыр. Осы бар үлкеннің мұндай жердегі салты бойынша, әкесі де тұспалдап, орағытып, ұқтырмай сөйлейді. Бір сөзімен бір сөзін жалғастыруға Абай үлгермей, адасып қап отыр. Өзіне салса, жаңағы көңілді үйге, шешесінің жанына қазір кетер еді. Бірақ әкесі шақырған соң енді шығып болмайды.

Сондықтан бір уақыт ол әке сөзінің сыртын, ағымын тыңдайды. Кейбір өзі білмейтін қиын, жаңа сөздерін ұстап қалады. Әлдекімге қаптап, зіркілдеп сөйлеп отырған әке сөзі кейде бұған бір жортуыл, шабуыл үстіндегі шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады. Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің пішін, тұлғасына қарап, қадалып қалады.
Балапан ұяда не көрсе,

Ұшқанда соны алады. ( Мақал)


Көре тұра айтпасаң, көргенсіз дер;

Біле тұра айтпасаң, жетесіз дер. ( Мақал)


Ашу- дұшпан, ақыл –дос,

Ақылыңа ақыл қос. ( Мақал)



2- практикалық сабақ.
Тақырыбы: Грамматикалық мағына мен форма, грамматикалық категория

Сабақтың мақсаты: Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар жайлы және олардың түрлері туралы түсінікті қалыптастыру.

Студент нені меңгеруі тиіс: Грамматикалық мағына, форма, категория түрлерін, қызметін меңгеруі тиіс.
Тапсырмалар мен жаттығу жұмыстары

1-жаттығу. Мәтіндегі келтірілген сөздердің қосымшаларын тауып, олардың атқарып тұрған қызметін, сөздің лексикалық және грамматикалық мағынасына әсерін анықтаңыздар.

Абылай тұқымынан қыз ұзатылса, жиһаздарын жаңадан жасалады екен. Ал келін түссе, жақсы мүліктері ордаға тартылады екен. Құрала-құрала ондай мүліктер көбейіп кетіп, «орда» деген, тек қана киіз үй болған шақта, жайлауға көшерде тең-тең ғып, «Сырымбет» тауының «Қойма» аталатын үңгірлерінде тастап, басына күзет қойып кетеді екен. Орда ағаштан жасалғаннан кейін, мүліктер алғашқы жылда берік сарайларда сақталып, келер жылда Айғаным – «жайлаудан қыстауым тыныш», деп ағаш ордадан көшпей қоятын дағды шығарған екен. Мүліктер жыл сайын көктемде – бір, күзде – бір жайылып кептіріледі екен, сонда нелер ғажап бұйымдарға, көргендердің көзі сүрінеді екен (С. Мұқанов).

Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында, жағада бір жалғыз төбе бар еді. Құнанбай өз қасына Майбасар, Қамысбайды ертіп және өзінің Күнкеден туған үлкен баласы Құдайбердіні алып осы төбенің басына барлық көштен, барлық аттылардан бұрын кеп шықты. Астында шұбалаң құйрық торы аты бар. Дом боп жарап алған есік пен төрдей ұзын торы ат көлденең тұр. Қос құлағын қамыстай шаншылтып, арттағы нөпірге “бассаңдаршы ” дегендей қарады. Құнанбай да көш-көштің алдынан кес-кестеп, бірдеме айтатындай боп тұр.

Әлі күн шыққан жоқ, елең-алаң еді. Жиырма ауыл жүктерін артып жатқанда жым-жырт, үнсіз қимылдаса, енді түйелерін тұрғызып, жөнеліп бергенде жамыраған қозыдай неше алуан үнге басты. Біресе жүк батқан түйе бақырады. Енесінен адасқан бота боздайды. Әр ауылдың өш иттері бір-біріне арсылдасады. Айқай салып шапқылаған аттылар, жүкші жігіттер көрінеді. Бала жылайды, шешелер ұрысады. Қиқулап айқай салып, мал қайырған малшылар, жас-кәрілер үндері әлсін-әлсін келеді (М. Әуезов).


2-жаттығу. Мәтінді көшіріп, ондағы синтетикалық және аналитикалық формалы сөздерді беретін мағынасына қарай топтастырыңыздар.
а) Құдайберді арғы шеткі көшке жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз аттылар жиылып қалды. Қоңыр күздің бүгінгі күні желсіз, тынық. Аспан да ашық. Соңғы аттылар Құнанбай қасына жеткенде, балқыған темірдей боп ұшқын атып жарқыраған үлкен күн алыстағы Арқат тауының иректелген жотасына міне бастады.

Көштің алдына көлденең түсіп, қатпар-қатпар болып Шыңғыс жатыр. Ұзаққа, ұшан-теңізге созылып жатқан қалың таудың биік жоталарын күн сәулесі бір сәтте алтынға малғандай қып рең берді. Таулар түндіктерін жаңа сыпырды. Аспанда қараторғайлар самғап шырылдайды. Көш жолынан қашып-қашып ұшқан болу керек, қаулап кетті. Көш үстіндегі аспанды мың бұралған үнмен кернеді. Биікте, көз ұшында, шалқар көш боп қиқулап, “қош, қош” айтқандай боп қалықтап, бір топ тырна кетті.

Барлық жиын жаңғыз төбені дүрс-дүрс басып, Шыңғысқа қарай тартты. Көштер қиыс өтіп кетіп еді. Бірақ бұл топ әлі асыққан жоқ. Аттылардың қалың ортасын ала Құнанбай келеді. Екі жағында он шамалы үлкен туысқандар. Әкесімен туысқан Үркер, Мырзатай, Жортар сияқты ағалары. Тоқал шешелерінен туған Жақып, Майбасар сияқты тұрғыластары және әлденеше інілер, немерелес туысқандар бар.

б) Енді бір сәтте Бақтығұл баспағып тұрған тұмсықшаға шашыраған селдір топ қарайып шықты. Аттың басын төмен беріп, сәл тасалап, өзі үзеңгіге аяғын тіреп тұрып, Бақтығұл иекартпадан қарады. Әлгі топ молайып, ендей бастады. Жайылып келе жатқан бос жылқы екен. Шетірек беттеп шыққан бір айғыр үйірі болу керек. Бақтығұлдың ендігі ісіне қараңғы түн, тынымсыз жаңбырдың себі тиетін болды. Жылқыны үркітпеске тырысып, ақырын ғана қозғала бастады. Елеусізденіп, боздың жалына таман жабысып алып, жылқыға қарай жүрді. Жылқы аз ғана үркіңкіреп, бергі шеті әр қарай бұрылып жылжи бастады. Үйірдің орта шенінде жайылып келе жатқан қалың жалды баран айғыр жерден басын жұлп алып, елең етіп, құлағын Бақтығұл жаққа тіге қойып, оқыранып жіберді (М. Әуезов).


3-жаттығу. Төменде берілген сөздерді мына кесте бойынша талдаңыздар.



Жұрнақ

Жалғау

Есім

Етістік

Жақты

Жақсыз


өнімді

өнімсіз

өнімді

өнімсіз

жіктік


тәуелдік


септік


көптік

Әділдік, қалалық, біліктілігімен, қуанышым, жақсылыққа, өнерпаз, шаруашылықтағы, сықырлап, жасырақ, жиынды, орындары, қадірле, көйлекшең, тынымсыз, сымбатты, киінген, толықсып, жібермеді, тапсырыпты, орналасса, сөйлегендей, сенімді, оятқан, байланыс, үрейлендіріп, өрнекте, әрекеттенсең, сағынышымды, қосылған, білгенінше, қулық, танымал, жолдастық, ойнамау, тілек, тәрбиеленуші, шапалақтасты, бірлік, көңілденіп.


4-жаттығу. Үзіндіні көшіріңіздер. Сөздердің грамматикалық формасын жасаушы морфемалар қай сөз табының көрсеткіші екенін, қандай грамматикалық мағына беретінін түсіндіріңіздер.
Үй іші бірталай үнсіз, жыжырт отырды. Жұрт жапыр-жұпыр атқа мінді. Тәкежан бұл жерге келгенде ерегістен амалсыз тайқып кетті. Абай бұдан құтылғанына ырза болып, кейін қалды. Шауып келген үлкендердің аттарын анадайдан жүгіре-жүгіре шығып, ұстап-ұстап алып, иелерін қолтықтап түсіріп, еркектерге көрістіргелі жетектеп әкетіп жатқан көп-көп ықшам жігіттер бар. Бес қасқаның төртеуі төмен қарап томсарып, түк естімегендей жым-жырт отыр. Жондарын сыртқары қаратып, тұмсықтарын шекпен күпінің жағасына тығып алыпты. Соның дәл қасында, төменірек отырған Садырбай ғана Майбасардан көз алмай, суық қарайды. Күздің қара суық желі де, бұлыңғыр жауыны да ерте иектеп, мезгілсіз бүрсеңдетіп тұр. Қарқаралының пара жеп қойған бұл ұлығы енді қатты қысылды. Бір күні тағы да барлық пен бұлдыр арасындай, тірлік пен қиял арасындай, бір түс толқынының құшағында жапа-жалғыз тұрғанда қасына бір салт атты желіп келді. Қарсылай соққан қоңыр жел былтырдан қалған сар көденің басын изетіп, бұралып ессе, Абай тымағын алып, маңдайын төсеп, ұзақ тұрады. Жиренше Абайға тақап кеп, аналарды нұсқап, көзін қысып, ақсия күлді. Атақты Қарашегірді де қанжығаға ұрып байладың ба? Тасқа қонғанда да қырғи қаршығаша жеп-жеңіл барып қонды ғой!

Өзі жеңіл балаға оңай көнгісі келмей, қанша қырсық жасаса да, Оспан жығылмай қойған. Оның бағана Смағұлға мақтанғаны да сол. Қазір желі басында қалғанда, Оспанды бөгеген сол ақ тай болатын. Тай ежелгі асаулыққа салып, тағы мөңкіді. Баланы жыға алмаған тайала қашып, шаба жөнелді. Ол өзі ағызып келе жатқан тайды онан сайын борбайлап, басқа-көзге төпеп, жосытып отырып Абайларды қуып жетті. Ақ тай Оспанның ырқына әлі көніп болған жоқ екен. Ағызған күйінде сыңар езулеп, мойнын бұрып, қырындай шауып кеп, бар денесімен Тәкежанның құла бестісін қойып кетті.

Аттарын тұсап-тұсап тастаған балалар бүлдіргеннің қызығына әлі қанған жоқ. Алғаш кеп түскен бір беттен жылжымаса да, сол алаңның өзінің жемісін де мойыта алған жоқ. Жегеннен асқанды тақия, тымақ, дорба, қалталарға да сықап жатыр. Бір мезгілде бар баланның құлағына ап-айқын боп дүрілдеген қалың үн келді. Абай бұл дүбірдің мәнін ұққандай, саспай ғана Шыңғыс жақтағы бір белеске қарап отыр екен. Тай-құнандар бастарын тегіс көтеріп, үйірсек үнмен шұрқырай бастады. Балалар аттарына мінісіп, беттерін ауыл жаққа бұрғанда, жаңағы жылқы асқан белден асып, ойға таман түсіп келе жатқан қалың көш көрінді. Он бес түйені тізген бір көш өзге нөпірдің алдын ала оқшау шықты (М. Әуезов).
3-практикалық сабақ.

Тақырыбы: Сөз таптары. Сөздерді таптастыру принциптері.

Сабақтың мақсаты: Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптары және оларды таптастыру принциптері мен түрлерін меңгерту.

Студент нені меңгеруі тиіс: Сөз таптарының түрлері.
1-жаттығу. Мәтінді көшіріп, негізгі морфема мен көмекші морфемаларды тауып ажыратыңыздар.

Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады. Қандайлық елеусіз адырлар, сай-салалар бар, баршасын жаттап алысқан. Іс істесең, ойланып-толғанып істе. Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Жұрт үнсіз бағынды да, сарт-сұрт аттан түсіп, шылбырмен оттатып, ортаған Байкөкшені алып, қоршалай тұра қалысты. Содан кейін өзінің қымыз құмарлығына салып, бс тостағанды үсті-үстіне жұтып-жұтып жіберіп, жайбүйректен аз ғана асады да, қоштасып жүріп кетті. Кемпір есікті сипалап ашып, күбір-күбір сөйлеп жүр, өзі көз ілмей, ұзақ көлбеп ақыры сыртқа шықты. Жатса-тұрса көз алдында. Тегіс-тепсең жерлерде, бұлақ бойларында жараның орнындай болып киіз үйлердің көшкен жұрттары көрінеді. Бұл шоқ орман бұлардың қонақтаған жерінен екі-үш шақырым жер оқшау тұр еді. Бүлкілдей желіп, сирек ағаштарды бетке қалқалап, көлденең көзге шалынбайтын жықпыл-жықпылды сағалай тез келіп жетті. Атадан қалған аңыз бойынша, әңгіме өткен ғасырларда жуан-жуандардың Сарыөзек даласын басып алуынан басталады. Сол көнді кесіп-көсіп, әлі жып-жылы буы бұрқыраған қалпында тұтқынның жап-жаңа шашы алынған тақыр басына қаптай қойған кезде осы өзіміздің қазіргі заманда суға жжүзгіштердің басына киіп алатын рәзеңке шәпке сияқты сып-сығыр желімдей жабыса қалады.


2-жаттығу. Біріккен сөздерді сөз құрамындағы компоненттерін ажыратып, онда қандай өзгеріс болғанын көрсетіп, мысал келтіріңіздер.

Ағайын, биыл, апар, қайнаға, тоқсан, әкет, сексен, түрегел, жүқаяқ, атауыз, түскиіз, қаламқас, баспасөз, білезік, қарлығаш, аққұтан, итмұрын, отағасы, белбеу, жаздыгүні, қолғап, кемпірқосақ, екіталай.


3-жаттығу. Қысқарған сөздерді жасалу жолына қарай топтап жазыңыздар.

Мені сонда жайғастырысымен бұрынғы педтехникум үйін көргім келеді. Әзірше ТМД мемлекеттерінің басшылары бір-біріне жер жөнінде талаптар қойып отырған жоқ. Бұдан былай КСРО Конституциясы күні мен Ұлы Қазан Сциалистік революциясының жылдығы ретнде аталып өтетін күндер республикамыздың экономикалық және әлеуметтік дамуында жаңа бағдар алуына байланысты мереке күндері тізбегінен шығарылып тасталынды. Туған жері-Сырдария округі, Сарысу ауданы, Қаз ЦИК-тің мүшесі болған, Орынбор мен Ташкент, Қызылорда арасында көбіне ұйымдастыру, төтенше шаралар бойынша елшілік қызмет атқарған. ЭЕМ-ді тілді оқып білу - жаттығу үшін пайдаланудың жөнін танытатын кітаптарды оқу.


4-жаттығу. Мәтіндегі сөздерді сөз табына қарай ажыратыңыздар, қандай белгісіне сүйеніп ажыратқандарыңызды айтыңыздар.
Қазақ – малмен күнелткен көшпелі ел. Бұрын қазақ түгелімен көшпелі еді, қазірде шала көшпелі болып қалды. Бұрын қазақ жаз Арқаны жайлап, қысқа қарсы күні жылы Сыр бойына, Жетісу жаққа көшіп баратын еді, қазірде солай қазақ даласының бір шетінен бір шетіне көшіп жүру сиреді. Қазақтың қысы қатты. Арқада да тұрақты қыстауы болатын болды. Қазақ малға пішен жиятын болды, егінге де айнала бастады. Мәди әнін әлгі бір әзірде аяқтағанмен, әлі де Тәукенің жар салуы естіліп тұрғандай сезімге бөлейді. Қазір алдарында отырған Мәди емес, Тәкуенің өзі сияқтанып, өз ойының жетегіне ілескендер таңданыса тамсанып, әлденелерді естеріне алысып күбірлеседі.

Бүгінгі айлы түн ерекше жақсы. Мұндай қоңыр күзде кездесетін түн. Мен айлы, әсем түндерді көп көріп едім, ал, ертеңгі айқас алдындағы тап осы түн тіпті таңқалдырды. Айқасқа кірер алдында дүниенің бәрі де өзінің дәл қалпынан анағұрлым әсем көрінеді, өзің де күндегіңнен өзгеріп кеткендей сезінесің. Ұйқың келмейді. Бірдеме істегің келеді. Не айғай салып, не тіпті мылтық атқың келетіндей. Атысқа дейін әлі көп уақыт қалғандықтан, мен міне, хат жазып отырмын. Кейде жазған жазудың оқтай атылатын кезі болады (Б. Бұлқышев).



4 -практикалық сабақ.

Тақырыбы: Зат есім

Сабақтың мақсаты: Зат есімге жалпы сипаттама. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты. Зат есімнің көптік, септік, тәуелдік категориялары. Зат есімнің синтаксистік қызметі.

Студент нені меңгеруі тиіс: Зат есімнің семантикалық сипаты мен грамматикалық категориялары, түрлену жүйесі.
1-жаттығу. Үзіндіден әр сөз табының сөйлемдегі орнын, қай сөз табымен, қандай формада тіркесетінін көрсетіп дәлелдеңіз.

Құнанбайға жұрттың көңілі әр алуан болғанмен, ежелгі салт-машық бойынша бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ. Келіп жатқанның барлығы момын ағайын. Үй іші келушінің барлығына ырза болды да, келмегендерді санаған жоқ. Жалғыз Абай ғана өз ішінен әр мінездің мәнін өзінше жорыды. Қопаға күннің ертеңіне қасына Ғабитханды ертіп, солай жүріп кетті. Бөжейдің өлімін есіткенде үй іші тегіс аңтарылып, селт етті. Абайдың екі өкпесі аузына тығылғандай болып, тынысы бітіп, жүрегі қатты соғып кетті. Ағайын арасының ежелгі айнымас заңы бойынша, жаназаға шақырар деп еді. Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Барлық жұрт түңліктерін жауып, іргенің көбін белдеуге шейін шалқита көтеріп, түріп тастапты. Мұрнының ұшы тершіп, басынан күн өтіп, Бақанастың ыстығына наразы боп, асығып келеді. Қазірде күзеуге қарай ауысқан ауылдардың жаздан бөлек тағы бір өзгешелігі, енді қой сауылмайды. Шаруаның шағын әлді дегендердің бәрі-бәрі осы күндерге қалың майлы құр аттарын салқын-салқын кездерде міне бастады. Күздің бұлыңғыр күндегі кеші мезгілді анық болжатпайды. Құлыншақ өзінің жер төсегінің үстінде отыр еді. Сол кеде Құнанбайдың Құлыншақ аулынан атақты “бөрте атты” сұратқаны тап болды. Қай үйдің қай жөнмен жүретінін сол білетін шығар. Үй ішінің бұл жөндегі сөздері қалай да болса, аз болған жақ. Бірақ осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді. Салтанаттың бұл үшін еткен еңбегі көп екен. Әлдеке қызы болғанмен, Салтанаттың өзіне Абайды кепілге бермейтін болыпты (М. Әуезов).



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет