Алты жасар балаларды оқыту- оңай міндет емес. Ш.А.Аманашвилидің айтуынша, алты жасарларды бірінші оқу жылында оқушы деп толық есептеуге болмайды, олар – енді ғана қалыптасып келе жатқан оқушылар.
Алты жасарлардың жеті жастағы балалардан айырмашылығы:
• Біріншіден, зейіні тұрақсыз болғанымен, қабылдау қарқынды келеді;
• Екіншіден, танымдық қабілеті жоғары;
• Үшіншіден, ұйымдастырылған түрлі әрекеттерге белсенді.
Сондықтан оларға арналған оқыту үрдісінің өзіндік ерекшеліктері болуы шарт. Білім мазмұнының көлемі шағын, құрылысы қарапайым болуымен қатар, білім беру мен тәрбиелеу баланың жеке тұлға ретінде дамуына бағдарлануы тиіс. Сондай-ақ оқыту процесіндегі түрлі әрекеттер ойынға негізделіп құрылуы қажет.
Ұлы педагог В.А.Сухомлинский «Баланың ақыл-ой дамуын, қызығушылығын, қабілетін, бейімін білмей оны тәрбиелеуге болмайды» - дейді. Алты жасар бала мен жеті жасар баланың тек жас айырмашылығы ғана бөліп тұрған жоқ, олар физиологиялық, психологиялық, адамгершілік даму жағынан да ерекшеленеді. Оларды оқыту мен тәрбиелеу түрліше болуы керек. Баланың мектепке дайындығын қалай анықтауға болады? Бұл мәселеге байланысты бүгінгі күні қолданылып келе жатқан тәсілдер көп. Осыған дейін мектепке баратын балалардың жеке бас ерекшеліктерін зерттеу көбінесе, формальды түрде жүргізіліп келді. Мектептегі бірінші күннен бастап дәстүрлі түрде балалар салыстырылатын. Әр баланың дамуы әр түрлі жолмен жүреді. Оқытудың басынан бастап балаларды бір-бірімен салыстырмау керек. Мұғалім бастапқы деңгейден әр баланың жалпы дамуын қадағалайды. Бұл баланың тұлғалық дамуына бөгет болып тұрған себептерді анықтауға және алдын алуға көмек жасайды.
Баланы жан-жақты тәрбиелеу үшін, оны барлық жағынан білу керек деген дана педагогикалық шындықты әркез есте сақтау қажет.
Қазір педагогика оқу мен тәрбиеге зерттеу әдісін бағыттап отыр. Мұғалім өзінің оқу-тәрбие жұмысында сыртқы көрсеткіштерді емес, жалпы даму деңгейіне ақыл-ой, адамгершілік, физиологиялық дамуға баса назар аударуы қажет.
Балалардың мектепке дайындығының маңызды бір көрсеткіші – олардың физиологиялық дамуы мен жалпы денсаулық жағдайы. Физиологиялық даму жағынан кейбір артта қалушылықтың объективтік көрсеткіштермен салыстырғанда, алты жасарлардың психологиялық, интелектуалдық, адамгершілік, әлеуметтік дамуы мектептегі оқуға тұтастай бөгет жасамайды, бірақ баланың физиологиялық жағынан дамуына көңіл бөлуге, дене бітімінің қисаюын, алыстан көрмеушілік, жалпақтабандылық сияқты аурулардың алдын алуға міндеттейді. Мектептегі жағдай алты жасар баланың жеке дамуына игі ықпал ететіндей гигиеналық талапқа сай болуы тиіс.
Мектепте алты жасарларға арнайы бірнеше бөлмелер: оқу, жатын, ойын бөлмелері белгіленгені жөн. Алты жасарларға арналған бөлмелер оңаша болғаны дұрыс.
Алты жасар балалардың мектепке бейімделуі үшін басқа да маңызды қалыптастырумен бірге өмірдегі қызмет түрлеріне: еңбекке баулу, көркем әдебиет оқу, тілін дамыту, ән – күймен дене шынықтыру, математика т.б. сабақтарына әзірлеу істері басталады. Алты жасар баланың жан-жақты дамуы үшін әр қилы құралдар, тәсілдер пайдаланудың әр түрінің өз сатысы, өз жүйесі бар.
Баланың мектепке бейімделу нышандарын мынадан байқауға болады:
• Біріншіден- оқу үдерісіне қанағаттануы. Оған мектепке барған ұнайды, ол өзіне сенімсіздік танытпайды және қорықпайды.
• Екіншіден – баланы бағдарламаны жеңіл меңгеруі үшін осы қиын кезде қолдау жасауы керек. Баланың баяулығын сынамауы керек. Егер мектеп қарапайым және бағдарламасы дәстүрлі болып, ал бала оқу кезінде қиналатын болса, онда оған қиын сәттерде көмек көрсетіп, баяулығын, білмейтіндігін сынау, сондай-ақ басқа балалармен салыстырмау қажет. Әр бала ерекше әрі әр түрлі.
• Табысты бейімделудің келесі нышаны – баланың оқу тапсырмаларын өз бетімен орындау деңгейі, тапсырманы өзі орындай алмаса, үлкендерден көмек сұрауы. Көбінесе ата-аналар баласына соншалықты ынтамен «көмектеседі», кейде бұл қарсы нәтиже болуы мүмкін. Оқушы ата-анасымен немесе жақындарымен бірлесе сабаққа дайындалуға үйреніп алады. Мұндай жағдайда сіздің көрсететін көмегіңіздің шегін белгілеп алу қажет.
• Баланың мектептегі ортасы толысымен қосылуының ең маңызды нышандарының бірі оның сыныптастарымен, мұғаліммен тұлғааралық қарым – қатынас жасаудағы қанағаттануы болып табылады. Осы кезеңде бірінші сынып оқушысы белсенді түрде қарым – қатынас жасайды, балалар ортасынан өз орнын іздейді, басқа балалармен серіктесуге үйренеді және өзіне көмектесуге қарсы болмайды.
Даму деңгейлерінің әр түрлі болып келуі жеті жасарларға қарағанда, алты жасарлардың арасында жиі кездесетіні байқалады. Психологтер негізгі себебі – олардың өмір сүру ортасы мен тәрбиесіне байланысты деп көрсетіп отыр. Сондықтан даму деңгейі әр түрлі балалар мұғалімге елеулі қиындықтар туғызатындықтан, бірінші сыныпқа барғанда басты міндет оқушыларды «тегістеп, бір қалыпқа салу». Бұл жерде басты рөл отбасында жатыр. Оқудың алғашқы күнінде баланың сезімі, ақыл-ойы, байқағыштық, мұқият болу, есте сақтау, елестету, икем-дағдыларының дамуына ата-ананың көмегі көп.
Достарыңызбен бөлісу: |