1.2 Сұрыптаудың генетикалық негізі
Селекцияның негізгі мақсаты өсіріп отырған мал тұқымын қоғамның тілегіне сәйкес ұрпақ сайын жетілдіріп, өнімін қалаған бағытта көбейтіп отыру. Осы тұрғыдан селекцияны, ауыл шаруашылығы малының адам баласы басқаратын эволюциясы деп бағалау орынды.
Ч. Дарвин дәлелдегендей, эволюцияның негізгі қорғаушы күштеріне сұрыптау, ағзалардың өзгергіштігі мен тұқым қуалаушылығы жатады. Сондықтан селекция тәжірибесінде сұрыптау мәнін жетік түсініп, тиімді қолдану үшін, сұрыптаудың негізін, селекцияның генетикалық параметрін жетік білу қажет.
Селекцияның генетикалық параметрі деп сұрыптаудың популяция құрамына тигізетін әсерінің генетикалық мәнін түсіндіретін математика тұрғысынан дәлелденген сандық көрсеткіштерді айтады.
Селекцияның генетикалық параметріне – белгілердің тұқым қуалаушылық, қайталау, корреляция, регрессия коэффициенттері, препотенттік және генетикалық ұқсастық көрсеткіштері, селекция дифференциалы, селекция нәтижелілігі т.б. көрсеткіштер жатады.
Сұрыптау қажеттігін туғызатын генетикалық алғы шарттарға ағзалардың өзгергіштігі мен белгілерінің тұқым қуалаушылығы жатады. Ағзаның өзгергіштігі дегеніміз тіпті тегі бір, туыстас ағзалардың өзінде бір-бірінен айырмашылығы барлығы, яғни кез келген екі мал адамға қажетті барлық қаситеттері бойынша еш уақытта бірдей құнды бола алмайды. Екіншіден, ағза өзіне тән қасиеттерін ұрпаққа мұра ретінде қалдыра алады. Міне осы екі генетикалық себептен, өсіретін малды ұрпақтан ұрпаққа сұрыптап, құндысын таңдап өсіру қажеттігі туады.
Сұрыптау жүйесіне енген малдың биологиялық немесе шаруашылыққа тиімді белгілерін шартты түрде сапалық және сандық деп екі топқа бөледі.
Сапалық белгілеріне өзіндік сырт өзгешелігі өте айқын, бір-біріне қарама-қарсы жұп құратын, әрқайсысына сөз жүзінде толық анықтама беруге болатын малдың өнімділік немесе биологиялық қасиеттері жатады. Сапалық белгілердің тұқым қуалауы Г. Мендель ашқан бірінші ұрпақтың біркелкілігі, ажырасу және еркін қосылу заңдылықтарына сәйкес жүреді. Сапалық жұп белгілер тұқым қуалағанда толық доминанттық (басыңқылық) немесе жартылай доминанттық, рецессивтік (бағыныңқылық) ара қатынастарын тұрақты сақтайды. Осыған орай олардың фенотиптеріне қарай генотиптерін және келесі ұрпақта белгілер ажырасу мүмкіншіліктерін анықтауға болады.
Сапалық белгілердің тұқым қуалаушылық заңдылықтарын нақтылы білу ол белгілер бойынша көздеген мақсатта нәтижелі сұрыптау жасап, тез арада қажетті белгісі бар табындар құруға мүмкіншілік туғызады. Бұл сапалық белгілерінің шаруашылыққа құндылығы жоғары мал үшін өте маңызды. Мысалы, ірі қара малдың мұқылдығы, бағалы аңдар терісінің түсі, қаракөл қойы елтірісінің түсі.
Сонымен қорыта айтқанда сапалық белгілерге нәсілдік қасиеттің тигізетін әсері өте айқын, сыртқы ортаның әсері аз, тұқым қуалаушылық заңдылықтары оңай табылады және тұрақты болады. Сондықтан мал шаруашылығында сапалық белгілермен сұрыптау жұмысын жүргізгенде алдымен оларды басқаруға қатысатын гендердің санын, олардың арақатынасын білу қажет. Сапалық белгілердің міне осындай генетикалық жаратылысын білгеннен кейін мал сұрыптау мен жұп таңдауда Г. Мендельдің заңдылықтарын тікелей басшылыққа алу керек.
Малдың өнімдік қасиеттерінің көпшілігі сандық белгілер тобына жатады. Сондықтан белгілердің генетикалық жаратылысы өте күрделі. Сандық белгінің өсуін, дамуын көптеген гендер басқарады және олардың әрқайсысының осы белгіге тигізетін жеке әсерін білу мүмкін емес. Оған қоса сандық белгінің қалыптасуына сыртқы ортаның әсері мол.
Сандық белгілерді басқаратын гендердің аралық әсері, полимерлік немесе полигендік деп аталатын белгілердің тұқым қуалаушылығын туғызады. Мұндай тұқым қуалаушылықтың ерекшелігі, біріншіден белгіні басқаратын гендердің әрқайсысының оның тұқым қуалаушылығына тигізетін әсері бірдей; екіншіден әр геннің гомозиготалылық жағдайындағы әсері гетерозиготалық жағдаймен салыстырғанда шамамен екі есе артық; үшіншіден, полимерлік гендердің жалпы әсері, белгілі бір ағзада бар осы типтес гендердің әрқайсысының қосындысына тең болады.
Селекция үшін сандық белгілердің бір топ ұқсас малдарда, айталық бір мал тұқымында немесе сол тұқымның үлкен бір бөлігінде, тұқым қуалаушылық заңдылығын білудің үлкен маңызы бар.
Популяциялық генетиканың селекция тәжірибесі үшін өте бір маңызды саласы белгілердің өзгергіштігі туралы ілімі.
Өзгергіштік деп біз бір түрге, популяцияға жататын малдардың әрқайсысының өнім көрсеткішінің әр түрлі болуын айтамыз. Қазіргі көзқарас бойынша өзгергіштікті, біз тұқым қуалайтын және тұқым қуаламайтын деп екі жікке бөлеміз. Тұқым қуалайтын өзгергіштік деп нәсілдік қасиеттердің әсерінен туған, сондықтан ұрпаққа берілетін өзгергіштікті айтамыз. Ал тұқым қуаламайтын өзгергіштік деп сыртқы ортаның әсерінен туған, сондықтан ұрпаққа берілмейтін, тек пайда болған малдың жеке өмірімен ғана шектелетін өзгергіштікті айтамыз.
Сандық белгілердің фенотипінің қалыптасуына, яғни фенотиптік өзгергіштігіне нәсілдік қасиет те, сыртқы орта да әсер етеді. Жеке бір мал өнімінің қалыптасуына осы екі күштің қайсысының қаншалықты әсер еткенін табу мүмкін емес.
Ғылыми әдебиетте американдық ғалым Д. Лаштың (1939ж) ұсыныс бойынша, фенотиптік өзгергіштіктің генотиппен анықталатын бөлшегін, белгінің тұқым қуалау коэффициенті (h2) деп атау қалыптасты.
Тұқым қуалаушылық коэффициент мөлшері (h2) белгінің нәсілдік қасиетке тәуелділік дәрежесін, немесе фенотиптің генотипке шын мәнінде ұқсастық дәрежесін көрсетеді деуге болады. Басқаша айтсақ, белгінің тұқым қуалаушылық коэффициенті оның келесі ұрпаққа берілу дәрежесін көрсетеді.
Тұқым қуалау коэффициенті 0-ден бастап 1-ге дейін бірлік, соның мөлшерімен немесе 0-ден 100-ге дейін пайыз есебімен анықталады. Егер ол 0,3-тен кем болса – төмен, 0,3–0,5 болса орта, 0,6–дан бастап жоғары деп есептелінеді.
Селекция нәтижесі деп белгілі бір популяция бойынша келесі ұрпақта сұрыптау арқылы болатын генетикалық өзгерісті айтамыз.
Қайталау коэффициенті малдың белгілі бір өнімінің алғашқы көрсеткішінің оның кейінгі ұрпақтарындағы көрсеткіштерімен ұқсастығын немесе мал көрсеткішінің сыртқы ортаның әр түрлі жағдайында тұрақтылығын көрсетеді. Қайталау коэффициентін белгілі бір кезекпен анықталған қатар екі көрсеткіштердің арасындағы байланыстылылық коэффициентін табу арқылы есептейді.
Біз малды әр түрлі өнім алу үшін өсіреміз. Сондықтан малды қатарынан бірнеше белгілер бойынша сұрыптауға тура келеді. Нәтижелі селекция жұмысын жүргізу үшін осы белгілердің арақатынасын білу қажет.
Тірі ағзаларда болатын корреляциялық байланыста бір белгі нақтылы бір көрсеткішке өзгерсе, онымен байланысты екінші белгі де өзгереді. Мысалы, рационның нәрлілігі мен бордақылаудағы жылқының тәулігіне қосатын салмағының арасында байланыс бар. Егер біз рационның нәрлілігін бір азық мөлшеріне көтеретін болсақ, жылқылардың тәулігіне қосатын салмағы өзгереді. Бірақ әр жылқыда әр түрлі болады. Біреуі бұрынғыдан өте көп, ал екіншісі аз, үшіншісі тіпті қоспауы да мүмкін. Міне осындай байланысты корреляциялық байланыс дейміз.
Белгілер арасындағы байланыстың фенотиптік және генотиптік деп аталатын екі түрі бар.
Селекция мүддесі үшін белгілер арасындағы генотиптік байланыстың маңызы үлкен. Себебі егер белгі арасында генотиптік байланыс болса, бірінші белгі бойынша сұрыптау екінші белгіге де өзгеріс туғызады.
Әр түрлі белгілер арасындағы фенотиптік және генотиптік корреляциялардың оң да, теріс те, үлкен де, кіші де болуы мүмкін. Белгілер арасындағы байланыстың бағытын есептеп шыққан коэффициенттің + (оң), немесе – (теріс) таңбасы арқылы білуге болады.
Корреляция коэффициенті бірліктің ондық бөлшектерімен анықталады да, оның ауытқуы + 1 мен – 1-дің арасында шектеледі. Корреляция коэффициентінің 0,2-0,3 мөлшерін аз, 0,7-ден асса жоғары деп есептейді.
Байланыс коэффициентінің селекция үшін маңызы үлкен. Туыстас мал белгілері арасындағы байланыс коэффициенттері арқылы тұқым қуалау коэффициентін анықтауға болады. Корреляция коэффициентінің бағытына байланысты сұрыптау жұмысының тиімді түрін таңдап алуға болады. Мысалы, екі белгі арасындағы байланыс коэффициенті оң болса сұрыптау жұмысын жеңілдетеді. Себебі бұл белгі бойынша сұрыптау екінші белгіні де жақсартады. Егер сұрыптау жүйесіне енген екі белгі арасындағы байланыс теріс болса, мал тұқымын асылдандыру жұмысын біршама қиындатады. Селекцинонер мұндай жағдайда екі белгі бойынша қатар сұрыптау жүргізіп, екі өнім көрсеткішін де тиімді ұштастыратын малды таңдап ала білуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |