Сайлау науқанын жария ету барысында, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде сайлау туралы заңның сақталуына қатысты бақ сұрақтарының тізімі



Дата26.02.2016
өлшемі177.36 Kb.


Сайлау науқанын жария ету барысында, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде сайлау туралы заңның сақталуына қатысты

БАҚ сұрақтарының

ТІЗІМІ


  1. Орталық және облыстық сайлау комиссияларына эфир уақытын және баспа бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді ұсынбаған БАҚ-та үгіт жүргізу мүмкіндігі бар ма?

Егер эфир уақытын және баспа бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер заңда белгіленген мерзімде хабарланбаса және БАҚ-та жарияланбаса, бірақ БАҚ үгіт науқанына қатысуға ниет білдірсе, ол аталған мәліметтерді заңнамада қарастырылған мерзімнен кейін де жариялай алады.

Бірақ, сайлауды тағайындау туралы шешім ресми жарияланғаннан кейінгі оныншы күннен кешіктірмей эфирден және баспасөзден орын бергені үшін төлемнің мөлшері, шарттары және тәртібі туралы мәліметті хабарламастан және жарияламастан, сондай-ақ сайлау комиссиясына берместен сайлауға қатысатын кандидаттардың, саяси партиялардың үгіт материалдарын жариялауы немесе эфирге шығаруы – лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатынын есте сақтау маңызды (ӘҚБК 112-б. 5-т.).




  1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының үшінші бөлігінің талаптары интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге қолданыла ма?

Анықтама: «...Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына ... берiлуге тиiс. »

Қолданылмайды, себебі Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының 3-бөлігіндегі талаптар теледидар, радио және баспа басылымдарына қатысты.

Сонымен қатар үгіт жүргізу науқанына қатысуға ниет білдірген интернет-ресурстар, сондай-ақ өзінің қызмет көрсету шарттарын жариялап, шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыра алады.

3. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады. Бұл талап интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге қолданыла ма?

Түсiнiктемелерді баспа басылымының сол нөмiрінде жариялауға болмайтындығы аталған нормада анық белгіленген. 

Бұл тыйым интернет-ресурстың қолданушыларының үгіттік материалдарға берген түсініктемелеріне қатысты да қолданылады, яғни аталған материалдарға түсініктемелер жолағы алынып тасталуы тиіс. Сарапшылық түсініктемелерді интернет-ресурста жаңа материалдар шеңберінде орналастыруға болады.
4. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру және сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету ережесінің 4-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт басталған сәттен бастап партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихаттар депутаттығына кандидаттың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын барлық ақпарат, жаңалық және талдау бағдарламаларын қоспағанда, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорынан төленуге тиіс. Жаңалық және талдау бағдарламаларының өлшемдері қандай?

Жаңалық бағдарламаларының негізгі мақсаты елде және әлемде болып өткен немесе жоспарланған жағдайлар туралы ақпаратты көрерменге жеткізу болып табылады.

Талдау бағдарламалары – бұл телеарналардың, көбінесе апта соңында көрсетілетін қорытынды жаңалықтар бағдарламалары.
5. Белгілі бір кандидатқа немесе партияға ризашылық білдіру, оларды мадақтау, олар үшін дауыс беруге тікелей шақырмай, олардың жағымды жақтарын сипаттау үгіт болып табыла ма?

Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт – бұл сайлаушылардың белгілі саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы қызмет.



Осы талаптарға сүйенсек, саяси партияға (кандидатқа) ризашылық білдіру, мадақтау, оның жағымды жақтарын сипаттау үгіт болып табылады.
6. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конститутуциялық заңның 27-бабы 1-тармағының екініші бөлігіне сәйкес шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады. Үгіт материалдарын (дыбыс-, бейнероликтерді, инфографикаларды және т.б.) шығаруға шетелдік продакш-студияларды тарту заңнаманы бұзу болып санала ма?

Иә, саналады.
7. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конститутуциялық заңның 27-бабының 7-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті. Аталған тармақты Интернетке қатысты қалай қолдануға болады? Ақпаратты бірдей таратудың қандай өлшемдерін қолдану керек?

Ақпаратты тарату нысаны мен оның көлемі өлшем бола алады. Ақпараттық материалдарға қатысты олар барлық кандидаттарға бірдей болуы тиіс.
8. Сайттағы түсініктемелерді модерациялау жөніндегі жұмыс қалай ұйымдастырылуы керек? Егер сайттағы түсініктеме беру анонимді болса немесе премодерация жүйесі болмаса қолданушылардың түсініктемелері үшін сайт жауапты ма?

Ресурс әкімшілігі ресурста орналастырылатын барлық түсініктемелер үшін толығымен жауапты. Осыған байланысты, барлық интернет-ресурстарға сайлау кезеңінде премодерация жөніндегі жұмыстарын жөнге келтіру ұсынылады.
9. Әлеуметтік желілердегі үгіт жұмысы үшін ақы төлене ме? Кандидаттардың, сайлауалды штаб мүшелерінің жеке парақшаларында үгіт материалдарын тарату қалай бағаланады? Олар үшін ақы төлеу керек пе?

Сайлау туралы заңға сәйкес сайлау қорын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды қажет етпейтін сайлауалды үгіт жұмысын жүргізе алады (28-б., 1-т.)

Әлеуметтік желілерде, әсіресе кандидаттар мен сайлауалды штаб мүшелерінің жеке парақшаларында, үгіт жүргізу қызметі үшін ақы төленбейді.
10. Сайлау туралы заңның 28-бабы 9-тармағының бірінші бөлігінде қарастырылған талаптар (қоғамдық пiкiрге сұрау салуға қойылатын талаптар) Интернет желісінде жүргізілетін онлайн дауыс беруге қатысты ма?

Иә, қатысты. Қоғамдық пікірге сайлауға байланысты сұрау салу нәтижелерiн интернет-ресурстар барлық бұқаралық ақпарат құралдары сияқты сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi. 
11. Сайлау алдындағы үгіт басталғанға дейін сұрау салуды жариялауға рұқсат етіле ме? Егер рұқсат етілсе, сұрау салу қажетті ақпаратпен сүйемелденуі тиіс пе?

Қоғамдық пікірге сайлауға байланысты сұрау салуды үгіт кезеңі басталғанға дейін жариялауды мүмкін деп санаймыз.

Сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсету жөніндегі талап сақталуы тиіс.

12. Теледидарда сайлауалды штабтың, партиялар мен кандидаттардың сенім білдірген адамдарының қызметі туралы жаңалықтар сюжеттерінде немесе баспа басылымдарында ақпараттық материалдарды жариялау үгіт жүргізу болып санала ма? Белгілі бір кандидат үшін дауыс беруге тікелей шақыруды (жақтастарының қолында плакаттары бар митингісінен кадры) дыбыстаған, суреттеген немесе көрсеткен жағдайда аталған сюжеттерді кандидаттың сайлауалды қорынан төлеу қажет пе?

Жаңалықтар сюжеттері үгіт жүргізу қызметіне жатпайды, осыған байланысты олар үшін ақы төлеу керек емес. Жаңалықтар сюжеттерін дайындауда кандидаттар қызметін тең үлесте жариялау талабы сақталуы керек.

13. Интернет желісінде таратылатын қандай үгіттік материалдар (суреттер, дыбыс-, бейнероликтер және т.б.) таратуға тыйым салынған анонимдік үгіттеу материалдары анықтамасына жатқызылады?

Авторлығын айқындау мүмкіндігі болмайтын барлық үгіттік материалдар анонимді болып табылады. Анонимдік үгіт материалдарын тарату үшін ҚР ӘҚБК 113-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік бекітілген.

14. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні қоғамдық-саяси интернет-ресурстар жолағында белгілі бір кандидатты жақтап немесе қарсы түсініктемелерді орналастыру сайлау заңнамасын бұзу (Сайлау туралы заңның 32-бабының 1-тармағы) болып санала ма?

Иә, егер оларда сайлауалды үгіттің нышандары болса, саналады. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi редакция Сайлау туралы заңның үгiтке тыйым салу бөліміне қатысты талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.


15. Сайлау туралы заңның 28-бабы 5-тармағына сәйкес барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, оның басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Бұл баспа БАҚ-тарына (газеттер мен журналдар) қатысты ма әлде парақтар, буклеттер мен осыған ұқсас өнім дегенді білдіре ме?

Иә қатысы бар. Баспа БАҚ-тарындағы үгіттік материалдарда сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс.


16. Үгіт кезеңінде кандидаттың редакция бастамасымен шақырылуы мүмкін телебағдарламаларға, мәселен, таңғы бағдарламаға, ойын-сауық және с.с. бағдарламаларға қатысуы сайлау қорынан төленуі тиіс пе?

Егер адам бағдарламада кандидат ретінде көрсетілген болса, бұл жағдайда редакцияның әрекеттері кандидаттың сайлау қоры қаражатынан төленуге тиіс қызмет ретінде танылады. Бұл ретте кандидат пен редакция арасында шарт жасалуы тиіс.

Аталған талап қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды адамдарға қолданылмайды.
17. Кандидаттың жаңалық немесе аналитикалық бағдарламаға шақырылуын және қатысуын қалай есептеу керек?

Егер бағдарлама шеңберінде шақырылған адам кандидат ретінде көрсетілсе, онда жаңалықтар шығарылымына оның тікелей теле-, радио арнадан қатысу жағдайында, аталған бағдарламаның форматы ақпараттық форматтан «студиядағы қонақ» форматына өзгертіледі. Тиісінше, бағдарламаның осы бөлігі «Жаңалықтар» немесе «аналитикалық бағдарлама» санатына жатпайды әрі оның эфирдегі уақыты төленуі тиіс.


18. Шетелдік, соның ішінде ресейлік БАҚ-тар Қазақстанда өтіп жатқан электораттық процесті белсенді түрде көрсетуде. Олар спутник әрі кабельдік желілер арқылы ҚР аумағында таратылуда. Бұл сайлау туралы заңнаманың шетелдік адамдардың сайлау алдындағы процеске қатысуы бөлігін бұзу болып табыла ма?

 Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады (27-бап 1-т.).

Осылайша, егер шетелдік БАҚ-тардың сайлауға қатысты қандай да бір материалдарды көрсетуі кандидаттарды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болмаса және/немесе демеп жібермесе, онда мұндай қызметке тыйым салынбайды.
19. Үгіт материалдарын орналастыруда шетелдік интернет-ресурстарды пайдалану заңнаманы бұзу болып есептеле ме?

Сайлау туралы заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы жағдайды қоспағанда, заңнама бұзу болып есептеледі (28-бап 1-т.).


20. Қарапайым азаматтардың қандай да бір кандидатты немесе партияны қолдап сөз сөйлеуіне жол беріле ме?

Сайлау туралы заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды талап етпейтін сайлау алдындағы үгіт жүргізуге құқылы (28-бап 1-т.). Осыған байланысты көрсету, сұрау салу, жаңалық шығарылымдары кезінде олардың сөз сөйлеуіне рұқсат етілуі тиіс деп есептейміз.

Егер қолдау көрсету үшін арнайы сөз сөйлеу – үгіт материалы әзірленетін болса, онда бұл кандидаттың жазбаша рұқсатымен ғана және сайлау қорының қаражатына дайындалады.
21. Жүргізілетін мониторинг шеңберінде телебағдарламалардың қайталануы жекелеген үгіт материалы ретінде есепке алына ма?

Телебағдарламалардың қайталануы жеке материал ретінде есепке алынады, себебі оны басқа адамдар көреді, яғни, тиісінше телебағдарламаның қайталануын жаңа материал ретінде қарастыру қажет.


22. Бір интернет-ресурстың үгіт материалын басқа интернет-ресурстың қайта басуы жаңа үгіт материалы болып табыла ма?

Материалды басқа интернет-ресурстың қайталап басуы сайлау қорынан төленуі тиіс.


23. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні интернет-ресурстарда үгіт материалдарына тосқауыл қою немесе оларды алып тастау қажеттілігі бар ма?

Дауыс беру күні және оның қарсаңындағы күні одан бұрын орналастырылған үгіт материалдарының барлығын өз орындарында қалдыруға болады. Бұрыннан орналасқан материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға, сондай-ақ жаңа үгіт материалдарын орналастыруға рұқсат етілмейді.


24. Егер сайттағы материалдар көлемі аз болып, үгіттеу мақаласы соңғы материалдар лентасында орналасып, сайлау күні және оның қарсаңындағы күні басты бетте көрініп тұрса, не болады?

Онда материал сол орнында қалдырылады.


25. Белгілі бір БАҚ-қа басқа саяси партиялар өздерін қолдап үгіт материалдарын тарату үшін өтініш жасамауына байланысты, осы БАҚ-тың тек бір саяси партияны қолдап үгіт материалдарын тарату фактісі заңнама бұзушылық болып табыла ма?

Жоқ, егер БАҚ эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәліметтерді белгіленген мерзімде жариялаған болса, заңнама бұзушылық болып табылмайды. Яғни барлық саяси партияларға аталған БАҚ-қа жүгіну мүмкіндігі берілді және тең жағдайлар қамтамасыз етілді. Егер партиялардың барлығы ұсынылған мүмкіндікті пайдаланбаған болса, онда бұл – олардың құқығы.


26. Шақырылған қонақтың кандидаттардың біреуінің пайдасына білдірген пікірін сайлау тақырыбы (негізінен, сұбхат форматында) о бастан қозғалмаған бағдарламаларда/мақалаларда орналастыру қалай есептеледі?

Егер онда үгіт сипаттары қамтылмаса, оны жариялауға болады.


27. Сайлау алдындағы үгітті Интернет арқылы жүргізудің тәртібі мен шарттары қандай заңнамалық нормалармен реттеледі? Сайлау заңнамасын бұзғаны үшін интернет ресурстарға құқықтық ықпал ету қалай болады?

Сайлау туралы заңның 27-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес сайлау алдындағы үгіт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Интернет-ресурс «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 4-тармақшасына сәйкес БАҚ болып табылады.



Осыған байланысты интернет-ресурсқа Сайлау туралы заңның ережелері қолданылады және интернет-ресурста үгіт материалдарын орналастыру монитрингі баспа басылымдарына ұқсастығына қарай жүзеге асырылады.

«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабы


1-1-тармағына сәйкес Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде байланыс операторы соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге міндетті.

Аталған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабы 1-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпарат телекоммуникациялар желісі арқылы таратылған жағдайда, уәкілетті органның нұсқамасы бойынша байланыс операторлары және (немесе) мемлекеттік техникалық қызмет тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу бойынша дереу шаралар қолдануға міндетті.

Сонымен қатар, аталған Заңның 41-1-бабы 1-1-тармағының күшімен осындай айрықша құзырет Бас Прокурорға немесе оның орынбасарына бекітілген.
28. Саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасын БАҚ-та 2016 жылғы 20 ақпанға дейін жариялау сайлау туралы заңнаманы бұзу болып табыла ма?

Жоқ, егер сайлау алдындағы бағдарламада партия қызметінің алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттары көрсетіліп, сайлау алдындағы үгіт сипаттары қамтылмаған болса, заңнама бұзу болып табылмайды.


29. Саяси партиялардың белсенділігі әр түрлі және ақпараттық тәсілдерінің саны да өзгеше. Мұндай жағдайда қалайша бірдей көрсетілімдер қамтамасыз етілуі қажет?

Сайлау туралы заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар. 

Саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi. 

Осыған байланысты саяси партия үгіт жүргізудің әдістері мен тәсілдерін өзі таңдауға құқылы.
30. Бір саяси партияның келесі бір саяси партияның атына сын айтуына жол беріле ме?

Жол беріледі. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi екенін естен шығармауымыз керек.


31. Ақпарат қандай өлшемдері бойынша саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн ақпарат ретінде танылады?

Аталған фактілер бойынша саяси партиядан, сондай-ақ олардың сенім білдірген адамдары тарапынан тиісті өтініштің түсуіне қарай қарастырылады.


32. Егер депутаттыққа кандидат үгіт науқаны уақытында өзінің тікелей лауазымдық міндеттерін (мәселен, вице-премьердің кеңес өткізуі, әкімнің жаңа зауыт ашуы) орындаса және телеарна осы оқиғаны көрсетсе, бұл үгіттік сюжет ретінде бағаланбай ма?

Жоқ, егер сюжетте сайлау науқаны туралы айтылмай, ол тек ақпараттық сипатта болса, үгіттік болып есептелмейді.


33. Мемлекет мәслихат депутаттығына кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi. Интернет үшін көлем нормативтері айқындалған ба?

Жоқ. Интернет желісіндегі үгіт үшін мемлекет кепілдігі қолданылмайды. Интернеттегі үгіт сайлауға қатысушы партиялардың не мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары қаражатының есебінен төленуі мүмкін.


34. Кандидатқа, саяси партияға сайлау алдындағы үгіт жүргізуге байланысты қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалардың олардың қызметті қабылдайтынын растайтын жазбаша келісімі болуға тиіс. Сенім білдірілген адамның жазбаша келісімі жеткілікті ме?

Басты міндет – барлық мақалалардың ақысы төленген болуы. Кандидат немесе партия үшін үгіт материалымен сенім білдірілген адам емес, басқа біреу сөз сөйлесе, бұл оның кандидатқа немесе партияға қызмет көрсеткенінің белгісі және ол олардан жазбаша рұқсат алуы тиіс, сонымен қатар аталған үгіт материалы сайлау қорынан төленуі тиіс.


35. Сұрақ тең қолжетімділік туралы және мүмкін басымдықтар тұрғысында. Мәселен, бір кандидат немесе саяси партия газеттің бірінші бетінде, ал басқалары соңғы бетінде басылып шығарылса немесе бір партия туралы ақпарат жаңалықтар шығарылымында көрсетіліп, ал басқалары туралы телеарнаның түнгі шығарылымында көрсетіледі. Бұл тең жағдайлардың бұзылуы болып табыла ма?

Жоқ, бұзылу болып болмайды. Материалдар баспаға және эфирге олардың келіп түсуіне қарай немесе оқиғалар хронологиясы бойынша беріледі. Бұл ретте, тең көлемді көрсету жөніндегі талап сақталуы тиіс.



36. 27-баптың 6-тармағына сәйкес кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, БАҚ-тың лауазымды адамдарының сайлауды көрсетуге құқығы жоқ. Осыған байланысты журналистер жария адамдар бола тұра, сайлау штабтарына белсенді түрде тартылады, сонымен қатар олар телеарналарда бағдарламаларды жүргізеді. Бұл ретте бағдарламалардың сайлау науқаны мәселелеріне ешқандай қатысы жоқ, осыған байланысты, былайша айтқанда, жасырын насихат тәрізді көрініп қалмай ма?

Егер журналист не лауазымды адам партияның немесе кандидаттың сенім білдірген адамы болып табылса, онда заң бойынша оған сайлауды көрсетуге тыйым салынған. Егер олар сайлаумен байланысы жоқ қандай да бір басқа бағдарламаларды жүргізсе, онда бұл олардың кәсіби міндеті. Жалғыз шарт – бұл оның сенім білдірілген адам екенін бағдарламаларда еске салмау.

Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына олардың лауазымдық міндеттерін атқару кезінде үгіт жұмысымен айналысуға болмайды. Егер олар үгіт науқанына қатысқысы келсе, демалыс ресімдеуі қажет.
37. Егер кандидат немесе партия интернет-ресурста үгіт баннерін орналастырудың ақысын төлеп қойса және ол сайттың басты бетінде орналастырылса, аталған баннердің сайлау күні бұрынғы орнында қалдыруға бола ма?

Иә. Үгіт баннері аталған жағдайда үгіттік баспа материалына теңестіріледі және сайлау күні және оның қарсаңындағы күні оны өз орнында, яғни интернет-ресурстың басты бетінде қалдыруға болады. Алайда бұл уақытта жаңа үгіт материалдары орналастырылмауы тиіс.


38. Бірнеше партия үгіт баннерін басты бетке орналастыру мәселесі бойынша әр түрлі уақытта хабарласқан жағдайда, қалған партиялардың баннерлері сайттың басқа бетіне орналастырылғаны заң бұзушылық бола ма?

Жоқ. Үгіт материалдарын орналастыру үшін орындарды, соның ішінде интернет-ресурстарға орналастыру үшін орындарды редакция партиялар мен кандидаттарға өтініштердің келіп түсуіне қарай немесе егер өтініштер бір уақытта келіп түссе, жеребемен айқындалған тәртіппен ұсынады. Бұл ретте партиялар мен кандидаттар үшін шарт талаптары бірдей болуға тиіс.


39. Түрлі партиялар жүргізетін үгіт материалдарының саны мен ұзақтығы әр түрлі. Тиісінше арнаның осы іс-шараларды көрсету уақыты осыған байланысты. Осы бұзушылық болып санала ма ?

Жоқ. Ең бастысы, бұл күні арна саяси партиялар жүргізген барлық іс-шараларды көрсетуі керек. Арнаның эфирінде сюжеттерді орналастыру уақыты техникалық мүмкіндіктерге байланысты болады.


40. Әлеуметтік желілерде үгіт материалдары жасалып, фейк немесе жалған IP–мекенжайлармен анонимді түрде орналастырылуы мүмкін. Мұндай бұзушылықтарға қарсы қандай шаралар қабылданады?

Бас прокуратура мен басқа да уәкілетті органдар бұзушылық жасаған адамдарды іздеу мен оларды жауапкершілікке тарту бойынша барлық қажетті тергеу іс-әрекеттерін жүргізетін болады. Әсіресе, мұндай бұзушылық қоғам назарына ілінген жағдайда.


41. Кандидаттар мен партиялардың үгіт материалдарын тек қана эфирде емес, сонымен қатар өзінің интернет-ресурсында орналастыру оның міндеті болып табыла ма? Эфирде ғана орналастырылған болса, бұл бұзушылық бола ма? Егер материал интернет-ресурста қайталануы тиіс болса, онда оған екі мәрте ақы төленуі тиіс пе?

Жаңалық сюжетін интернет-ресурста қайталай ма, жоқ па, оны телеарна дербес шешеді. Бірақ, егер интернет-ресурста белгілі бір партия немесе кандидат туралы жаңалық сюжеті қайталанса, онда содан кейін басқа да партиялар мен кандидаттар туралы сюжеттер қайталануы тиіс.

Партиялар мен кандидаттардың үгіт материалдарына қатысты айтар болсақ, аталған БАҚ-қа тиесілі интернет-ресурста олардың қайталануы ақы төлеуді қажет етпейді.

Партиялар мен кандидаттардың үгіт материалдарын басқа интернет-ресурстарда орналастырылуы үшін ақы төленуі тиіс.


42. Егер телеарна сайтының әзірше тіркелгені туралы куәлігі болмаса, онда үгіт материалдарын орналастыруға бола ма?

Орналастыруға болады. Тек партиялар мен кандидаттардың сайлау қорларының қаражаты есебінен шарттық негізде ғана орналастырылуы мүмкін.

Барлық интернет-ресурстың тіркеуден өткеніне немесе әлі де өтпегеніне қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады және олардың қызметі заңнаманың тиісті ережелерімен регламенттелген.



43. Сайлаушы өзінің ерік білдіруін жария еткен жағдайда дауыс беру аяқталған соң, телеарнаның мұны эфирде көрсетуге құқығы бар ма? Егер аталған сайлаушы атқарушы немесе өкілді билік органының лауазымды тұлғасы болып табылса, бұл бұзушылық болып табыла ма?

Сайлаушы өзінің ерік білдіруін жария етуге құқылы. Алайда телеарна аталған сюжетті дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана көрсете алады.






Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет