Саратовка ауылдық округі әкімінің 2010 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі Ауылдық округінің әкімі өз қызметін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы»



жүктеу 117.32 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі117.32 Kb.
Саратовка ауылдық округі әкімінің 2010 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі
Ауылдық округінің әкімі өз қызметін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35 бабында белгіленген құзырлығындағы міндеттер негізінде атқарады.

Құқықтық жағынан ауылдық округ әкімі керекті заңнамалармен, басқа да нормативтік құжаттармен қамтамасыз етілген және қызмет барысында осы құжаттарды басшылыққа алады.

Сонымен қатар, жұмыс регламенті, жылдық және айлық жоспарлар, ауылдық округі әкімінің Қағидасы бойынша өз жұмысын жүргізеді.

Ауыл шаруашылығы

Саратовка ауылдық округінің аумағы 19817 га құрайды. Ауыл шаруашылық маңызы бар жерлердің көлемі 9432,4 га. Оның ішінде егістік жерлердің көлемі – 3766 га, шабындық жер – 383,4 га, мал жайылымына арналған жерлердің көлемі 5139 га құрайды.

Округ аумағында 25 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген және жұмыс атқарады. Шаруа қожалықтарының 12 өсімдік шаруашылығымен, 4 шаруа қожалығы өсімдік және мал шаруашылығымен айналысуда. Қалған 13 шаруа қожалығы шөп шабумен айналысады. Шаруа қожалықтарында жұмыс атқаратындардың саны 125 адам.

«Солтанбек», «АгроБАМ», «Жайнақ» және «Достық» шаруа қожалықтары мал шаруашылығымен айналысады. Ірі қара малдың саны 572 басты құрайды, оның ішінде сиырлар - 248 бас, ұсақ малдар – 1081 бас, жылқылар – 189 бас.

2009 жылмен салыстырғанда ірі қара мал - 33 басқа, ұсақ мал – 32 басқа, жылқылар саны – 14 басқа көбейді.

2009 жылы «Найман» және «Үш биік» шаруа қожалықтары бірлесті, ал 2010 жылы «Үш биік» және «Айдын» шаруа қожалықтары бірлесті.

2010 жылы 2955 га дәнді – дақыл, 1787,5 га күнбағыс егілді, 38 га картоп, 31 га жеміс отырғызылды. 6067,9 центнер дәңді – дақыл, 3929,1 центнер күнбағыс, 14000 центнер картоп, 122060 центнер жеміс жиналды.

Округтегі ауылшаруашылық құрылымдарына жазғы және күзгі жұмыстарға үкімет тарапынан субсидиялар берілді. 2010 жылы «АгроБАМ» шаруа қожалығы 50 млн теңгеге ауыл шаруашылық техникасын және 60 тонна минералдық тынайтқыш селитра сатып алды. Дәңді – дақылдардың жалпы түсімі орта шығымдылығы гектарына 4 центнер болғанда 6067 тоннаны құрады. Қыз мезгіліне 1818 тонна шөп дайындалды.

Қазіргі уақытта шаруа қожалықтарына механизаторлар, жүргізушілер, малшылар, дәнекерлеуші, токарьлар қажет.

Округ бойынша 527 аула бар. Оның ішінде 332 аула - қосалқы шаруашылық иелері. 2011 жылдың 1 қаңтарына 925 бас ірі – қара мал, 1764 бас ұсақ мал, 111 бас жылқы, 39 бас шошқа, 3085 бас құс тіркелген.

2010 жылы – 1428 центнер ет, 11770 центнер сүт, 259 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Округте «АгроБАМ» және «Солтанбек» шаруа қожалықтарында мал бордақылау алаңдары ұйымдастырылған. Сыйымдылығы әр шаруашылықта 100 бастан.

Саратовка ауылында мерзімге сәйкес жұмыс атқаратын мал ұрықтандыру пункті ашылған. Малды ұрықтандыруды ауыл шаруашылық колледжінің оқытушысы Бейсова Гульжанат Токтархановнаның басшылығымен, Ефимова Жанна Михайловна жүргізеді. Ауданның агрокәсіптік кешеңін дамыту мақсатымен 2011 жылы округтегі «АгроБАМ» және «Солтанбек» шаруа қожалықтарының негізінде асыл тұқымды ірі қара мал өсіруді ұйымдастыру және Саратовка ауылында мал көмінділерін сақтау орының салу жоспарланған.

Кәсіпкерлік

Округте 14 дүкен, 1 асхана, 1 наубайхана, 1 жармалау цехы жұмыс атқаруда. Жалпы жұмысшылардың саны 24 адам. 2010 жылы жаңадан 2 дүкен ашылды: олар Ново – Одесск ауылында – Егошина К. дүкені, Саратовка ауылында – Потянова В. Н. иелігіндегі «Мико» дүкені.

«Солтанбек шаруа қожалығының наубайханасында 2010 жылы сомасы 1 млн 602 мың теңгеге 42158 бөлке 1 сұрып наны және сомасы 1 млн 986 мың теңгеге 56769 бөлке 2 сұрып наны шығарылды. Округ аумағына басқа жақтан да нан және нан өнімдері әкелінеді: Белоусовка ауылынан - жеткізуші «ПКФ – Шахан – ата» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі, Өскемен қаласынан жеткізуші «Балхаш» жеке кәсіпкерлігі мен «Устун» жеке кәсіпкерлігі және Донское ауылынан жеткізуші «Назаренко» жеке кәсіпкерлігі.

Күнделікті әкімшіліктің маманы негізгі тауарларға бағаның тұрақты болуына мониторинг жүргізеді және ауданның кәсіпкерлік бөлімін ақпаратындырады.

2011 жылы Отрадное ауылында 1 дүкеннің ашылуы және Саратовка ауылында дөңгелек жөндеу цехының ашылуы жоспарлануда.

2010 жылы 53200 теңге – мүлік салығы, 185500 теңге жер салығы, 600000 теңге көлік салығы жиналды. Оның ішінде – Саратовка ауылы бойынша – 23122 теңге мүлік салығы, 55728 теңге жер салығы, Ново – Одесск ауылы бойынша – 13903 мүлік салығы, 62988 теңге жер салығы, Отрадный ауылы бойынша 14966 теңге мүлік салығы, 65051 теңге жер салығы.



Бюджет

2010 жылы Саратовка ауылдық округі әкімінің аппаратының қызметіне және әлеуметтік сұрақтарды шешуге 6 млн 477 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл шығыстар бабына әкімшілік қызметкерлерінің еңбек ақысы, қызметтік көліктің пайдалануына және жөндеу жұмыстарына, кеңсе тауарларын алуға қарастырылған. Әкімшілікке компьютер алуға 114 мың теңге бөлініп, сатып алынды.

Ново –Одесск ауылында жарық орнатуға бюджеттен 577 мың теңге бөлінді. Округ аумағында санитарлық жағдайын қамтамасыз ету үшін 150 мың теңге бөлінді. Бұл қаражатқа ауылдардағы қоқыс төгетін орындардың маңайдары тазаланды. Қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұмыстарын жүргізуге 300 мың теңге қаржы бөлінген. Ново – Одесск, Саратовка ауылдарында тазалау жұмыстарын «Жайнак» шаруа қожалығы осы қаржы көлемінде жүргізді, ал Отрадный ауылындағы жолдарды «АгроБАМ» шаруа қожалығы өз қаражатына жүргізді.

Бюджеттен бөлінген қаражат 96 % игерілді.

Биылғы жылға округтің әкімі аппаратының қызметіне 6 млн 762 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Әлеуметтік қорғау

Округ аумағында зейнеткерлер саны 370 адам, мүгедек адамдар саны 50 адам, мүгедек балалар саны 5 адам, тыл қызметкерлерінің саны – 55 адам, «Алтын алқа» иегерлерінің саны – 24 адам, «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 18 адам.

2010 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде 10 адам болды. Жыл ішінде 8 адам қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Тұрақты жұмысқа тұрғандардың саны 3 адам. 2011 жылдың 1 қаңтарына халықты жұмыспен қамту орталығында 6 адам тіркелген.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2010 жылы 5 отбасына берілді – 20 адамға, ал балаларға арналған жәрдемақыны алуға 29 отбасы өтініш беріп, алды. Жалғызбасты зейнеткерлерге, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларына берілетін тұрғын үй жәрдемақысы 76 отбасына берілді.

2010 жылы аудан бойынша берілген разнарядка негізінде «Ұлан таңы» газетін 45 тұрғынға, «Егемен Қазақстан» газетін 13 адамға, «Дидар» газетін – 12 адамға, «Рудный Алтай» газетін - 29 адамға, «Казахстанская правда» газетін – 11 адамға тегін жазылу көмегі көрсетілді.

2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы негізінде жүргізілген оқу курстарында 44 тұрғын білім алды. Оның ішінде, «машиналарды және механизмдерді жөндеу шебері» курсында 10 адам, «дәнекерлеуші» мамандығы бойынша – 14 адам, «тракторист – машинист» мамандығы бойынша – 10 адам, «есепші» мамандығы бойынша 10 адам оқып, мамандық алды.

Округтегі жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету үшін 1 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Оның міндетінде 7 жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсету бекітілген. Ол пәтер тазалығын, дәрі-дәрмекпен, керек – жарақпен қамтамасыз етеді. Зейнетақыларын жеткізу, су әкелу, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын атқарады. Әлеуметтік қызметкер дәрігерлік амбулаториясымен тығыз қарым – қатынаста және Базылбек Ахметов атындағы орта мектебінде ұйымдастырылған «Қамқорлық» тобымен бірге жұмыс істеуде. Құрамына 19 оқушы кірген «Қамқорлық» тобы округтегі зейнеткерлерге, мүгедек адамдарға қар тазалауға, отын жаруға, аулаларды қоқыстан тазалауға және басқа да жұмыстарды жүргізуге көмек көрсетуде. Жыл көлемінде Дроздова Зинаида Николаевнаға, Клименко Мария Фроловнаға, Москвина Евдокияға, Ахметова Шамшаға, Абильмажинов Даутбек ағаға және басқада тұрғындарға көмек көрсетті.

«Жол картасы» бағдарламасы негізінде 2010 жылы Ново –Одесск ауылындағы Дресвянка өзені үстінен өтетін көпірдің жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 5 млн 255 мың теңге, жергілікті бюджетті – 11 млн 124 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, 2010 жылдың 25 мамырынан 10 қазанына дейін жөндеу жұмыстарын келісім шарт негізінде «Еңбек Семей» кәсіпорыны жүргізді. Саратовка – Ново – Одесск ауылы арасындағы жолдың «бурда» учаскесіндегі көктеде су тасқыны кезінде шайып кеткен көпірдің жөндеу жұмыстарына «Парыз» қорынан қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын «Еңбек Өскемен» кәсіпорыны жүргізіп, аяқтады.



Білім саласы

Саратовка ауылдық округі аумағында жалпы саны 189 оқушыны құрайтын орта мектеп орналасқан. Мектепке дейінгі 2 сыныпта – 16 бала. Орта мектеп Шығыс – Қазақстан ауыл шаруашылық колледжінің ғимаратында орналасқан. 2010 жылы мектепті 14 оқушы тәмәмдады. Ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша орта баллы – 77,1. 2010 жылы жоғары оқу орындарына 6 түлек, арнаулы орта оқу орындарына 7 түлек оқуға түсті. Орта мектепте 37 мұғалім жұмыс атқаруда. Бүгінгі күні орта мектепке қазақ сыныптарына физика пәнінің мұғалімі қажет.

Саратовка ауылындағы мектепке Ново – Одесск ауылынан 82 оқушы, Отрадный ауылынан – 47 оқушы тасымалданады. Мектептің автобусы күніне 7 рейс жасайды. Жалпы жеткізілетін оқушылардың саны 129 бала. Техникалық қамтамасыз етілген жағдайын айта кетсек, орта мектепте 17 компьютермен жабдықталған 1 мультимедиялық кабинет және 10 компьютермен жабдықталған 1 информатика кабинеті бар. Интернет жүйесіне 1 компьютер қосылған.

Ыстық тамақпен қамтамасыз ету Шығыс – Қазақстан ауыл шаруашылық колледжінің асханасында ұйымдастырылған. Барлығы ыстық тамақпен 75 оқушы қамтылған, оның ішінде – 69 бала – 1-4 сынып оқушылары, 6 бала – 5-11 сынып оқушылары.

Орта мектепте волейболдан, баскетболдан, теннистен, еркін күрестен 4 спорттық секция жұмыс атқарады. Қатысатындардың саны 43 оқушы.

Округ аумағында Шығыс-Қазақстан ауыл шаруашылық колледжі орналасқан. Колледжде 241 студент білім алуда. Ал колледждің негізіндегі лицейде 66 студент оқиды. 2010 – 2011 оқу жылы омарташылар дайындайтын мамандыққа оқыту жаңадан ашылды.

2010 жылы колледжде «Жол картасы» бағдарламасы негізінде 104 адам мамандық алды. Оның ішінде, «машиналарды және механизмдерді жөндеу шебері» курсында 16 адам, «3 разрядты дәнекерлеуші» мамандығы бойынша – 28 адам, «тракторист – машинист» мамандығы бойынша – 40 адам, «есепші» мамандығы бойынша 20 адам оқыды.

2011 -2012 жылдары Ново – Одесск ауылында 180 орындық мектеп салынуы жоспарлануда. Қазіргі уақытта құжаттары әзірлену үстінде. Сонымен қатар, осы салада қазіргі уақытқа дейін шешімін таппай келе жатқан сұрақтардың бірі – балабақша немесе балаларға арналған шағын орталығын ашу мәселесі. Бұл сұрақ үнемі округ әкімімен, аудан әкімімен кездесулер өткізген кезде көтерілуде. Осы сұрақты шешу жөнінде тұрғындар аудан әкімінің атына, мәслихат депутатының атына да хаттар жолдаған. Бірақ, өкінішке орай, осы сұрақтың шешімі әлі де табылар емес.



Медициналық қызмет

Округте тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуді 8 қызметкер жүргізуде, оның ішінде 3 дәрігер, 5 орта медициналық қызметкер. Саратовка ауылында дәрігерлік амбулаториясы, ал Ново – Одесск, Отрадное ауылдарында фельдшерлік пунктер орналасқан. Дәрігерлік амбулатория иелігіне 1 қызметтік көлік бекітілген. 2010 жыл көлемінде медициналық көмек 2140 тұрғынға көрсетілген, 52 ауырған адамға үйінде көмек көрсетілген.

Өткен жылы дүниеге 19 бала келіп, 19 адам дүниеден өтті. Оның ішінде онкологиялық аурумен ауырғандар саны – 3 адам, туберкулез ауыруымен ауырып қайтыс болғандардың саны – 2 адам. Амбулаториядағы күндізгі стационарында жыл көлемінде 129 тұрғын емделді. Емдеу сапасына тұрғындар тарапынан арыздар түскен жоқ.

Амбулатория және фельдшерлік пунктерінде көрнекті құралдармен жабдықталған салауатты өмір салтын сақтау жөнінде ақпараттар жиналған және жас аналарға арналған бұрыштар орналастырылған. Ново – Одесск ауылындағы фельдшерлік пункт және Саратовка ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының ғимараттары қыс мезгілінде электр қуатымен жылынады, ал Отрадный ауылындағы фельдшерлік пункті «АгроБАМ» шаруа қожалығының иелігінде және көмірмен толық шаруа қожалығының басшысы қамтамасыз етіп отыр.



Инфраструктура

Округ тұрғындары телефон байланысымен, электр қуатымен, әкелінетін газбен қамтамасыз етілген. Байланыс абоненттерінің саны 431 адамды құрайды, оның ішінде Саратовка ауылында – 188 жанұя, Ново-Одесское ауылында - 107 жанұя, Отрадное ауылында – 136 жанұя.

Жолдардың жағдайына тоқталсақ, өздеріңіз білетіндей, 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы негізінде Саратовка – Ново – Одесск – Отрадное бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары жүргізілген. Республикалық бюджеттен 3 млн 215 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен – 1 млн 153 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын 1 маусымнан 7 шілдеге дейін «Восток асфальт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Көктемгі су тасқыны кезінде жөнделген жолдың кейбір жерлері сумен шайылып, бүгінгі күні қайтадан жөндеу қажеттілігін туғызып отыр.

Тұрғындар облыс орталығына күніне 1 рет жүретін автобуспен тасымалдануда.

Ауылдарды жарықтандыру мәселелеріне келсек, 2009 жылы Саратовка ауылында 14 шам орнатылған, ал 2010 жылы бюджеттен 577 мың теңге бөлініп, Ново – Одесск ауылының Образцовый көшесінің бойына 9 шам орнатылды. РЭК бөлімімен келісім – шарт жасалғаннан кейін жарық берілетін болады. Шамдарды орнату жұмыстарын «Бигаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Көші – қон жағжайы

2010 жылы округ аумағына 62 адам тіркеліп, 84 адам тіркеуден шықты. Негізгі көші - қон көрсеткіші бойынша: Қазақстан Республикасының басқа аумақтарына – 5 адам, Шығыс – Қазақстан облысының басқа аудандарына 40 адам, ауданның басқа ауылдарына – 15 адам қоныс аударды. Кетулерінің негізгі себептері- оқуға, тұрақты мекен жайын ауыстыруларына байланысты.



Құқықтық қорғау

Округ аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын – алу бойынша жұмыстарды 1 учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісі жұмыс атқаруда. Учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісі Алипбаев Медеттің әкімшілік учаскесі округтің 3 ауылын қамтиды. Полиция қызметкерінің көмекшісі болып Алипбаев 2010 жылдан бастап жұмыс атқаруда. Қызметкердің ойдағыдай жұмыс атқаруы үшін колледждің жатақхана ғимаратының 1 қабатында қызметтік кабинеті орналасқан, қызметтік телефоны 38-301, ал отбасы осы жатақханада 503 комнатада тұрып жатыр. Учаскелік полиция қызметкерінде қызметтік көлігі жоқ.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға көмек көрсету үшін 3 адамнан құрылған «Сарбаздар» тобы жұмыс атқаруда.

Учаскелік полиция қызметкерінің профилактикалық есебінде 49 адам тұр. Оның ішінде, мерзімінен бұрын босатылғандар – 3 адам, бұрын сотталғандар – 5 адам, шартты түрде сотталғандар – 5 адам, созылмалы алкоголизммен ауыратын, наркологиялық диспансерде тіркелгендер саны – 27 адам, есепте тұрған жасөспірімдер саны – 6 адам.

2010 жылы Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексін басшылыққа алып әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 112 хаттама толтырылды, оның ішінде: отбасылық – тұрмыстық аясында құқыққа қарсы іс - әрекеттер жасағандары үшін – 2 адам, бұзақылық жасағандары үшін – 5 адам, түнгі уақытта тыныштық сақтау ережесін бұзған үшін – 13 адам, қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендері үшін – 42 адам, паспорттық режимін бұзғаны үшін – 31 адам, көріктендіру тәртібін бұзғандары үшін – 17 адам. Алкоголь өнімдерін шектен тыс пайдаланатын 4 адам мәжбірлеу тәртібімен емделуге жіберілді. 2010 жылдың 12 айы ішінде тұрғындардың арыз өтініштерін және құқықбұзушылық пен оқиғаларды тіркеу кітабында 66 фактілер, оның ішінде – 26 қылмыс тіркелген. 19 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде 17 сі ашылды.

Тұрғындардың өтініштерін қарау

2010 жылдың 12 айында округ әкімінің атына 34 тұрғыннан және 4 заңды тұлғадан арыз - өтініш келіп түсті. Өтініштер негізінде тұғын үй мәселесі, жер және жерді пайдалану мәселелері, санитарлық тазалық мәселелері жөнінде. Барлық арыз - өтінітер уақытында қаралып, жауаптар қайтарылды.

Округтің санитарлық тазалығын жақсарту мақсатында жыл көлемінде біршама жұмыстар атқарылды. Округте елді - мекендерді көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жүргізу мақсатымен 2010 жылдың 15 сәуір - 15 -ші маусым аралығында екі айлық өткізілді. Көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалауды жүргізу үшін комиссия құрылып, іс – жоспары дайындалды және округтегі әр көшеге тазалық орнату үшін келісім бойынша жауаптылар тағайындалды. Негізгі мақсаты - әр үй, аула, мекеме маңдарында тазалық орнатуын іске асыру. Әр аптаның бейсенбісі «Тазалық бейсенбісі» деп белгіленді. Тазалық жүргізу іс-шараларына ауылдық округ әкімшілігі, мектеп пен колледж, шаруа қожалықтары мен «ОВ - 156/13 мекеме» мемлекеттік мекемесі, дәрігерлік амбулатория ұжымы түгел қатысты. Округте тазалық жұмыстарын жүргізу барысында Аксакалдар, Әйелдер кеңестерінің мүшелері белсенділік көрсетті. Кеңес мүшелерінің қатысуымен округтегі ауылдарда рейдтер жүргізіліп, ескертулер жасалды. Барлығы 12 ескерту жасалып, тазалау жұмыстарын жүргізу бойынша мерзімдер белгіленді.

Округте өтетін мәдени шараларды ұйымдастыратын 1 мәдени қызметкер өз жұмысын атқарады. Отрадное ауылында Мәдениет үйі бар. Мәдениет үйі «АгроБАМ» шаруа қожалығының иелігіне берілген. 2010 жылы округте барлық маңызды мерекелерге, атаулы күндерге арналған іс – шаралар өткізілді. Осы орайда, Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерей тойы атап өткізілді. Тыл қызметкерлеріне округтегі шаруа қожалықтарының, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен, мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама дайындалды. Отрадный ауылындағы даңк обелискіне гүл шоқтары қойылып, мектеп оқушылары дайындаған шағын бағдарлама ұсынылды. Жыл көлемінде 1 маусым – балаларды қорғау күні, Конституция күні, Білім күні және тағы басқа да мерекелеріне арналған концерттік бағдарламалар, би кештері өткізілді. 1 қазанда қарттар мен мүгедектер күніне арналған «Көгілдір от» мерекесі өткізілді. Осы бүгінгі күнді пайдаланып, округте өткізіліп жатқан іс – шараларға үнемі демеушілік көрсетіп отырған «АгроБАМ», «Солтанбек», «Үш биік» сияқты және тағы басқа шаруа қожалықтарының басшыларына, жеке кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз.



Өтіп кеткен 2010 жыл ұлы отанымыздың тарихында айрықша із қалдырған жыл болды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етіп, дүние жүзінің құрметіне бөленді. Конституциямыздың 15 жылдығын атап өттік. Астанада өткен Саммитке 56 елдің өкілетті адамдары қатысып, жақсы жақсы пікірлер айтылды. Әрине, осы жетістіктердің бәрі Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатына байланысты. Өздерінің білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы бастамасын округ тұрғындары да қолдап, қолдарын қойды.

Алдағы 2011 жыл еліміз үшін мерейлі меже – Тәуелсіздігімізге 20 жыл толады, барша мұсылман елдердің басын қосатын Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеміз, Таяуда Қысқы Азия ойындарының алауы жағылады. Осы сияқты жауапты істер елімізді жаңа биіктерге шығарады деп сенеміз.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет