Ашкөзденбе, ұятты ойла, адал бол,
Ашық айтып, əділ іске жарар бол!
Мешкей тынып, сұғанақ көз қояр ма!?
Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?!
Сұғанақтық — дауасыз дерт, арылмас,
Күллі жаһан емі қонбас, жазылмас.
Барлық аштар, жесе ақыры тояды,
Сұғанақ көз, тек көрінде қояды.
Өз дəуірінің рухани тəжірибесін бойына сіңірген осынау шығарма қазақ əдебиетінің дамуына айрықша əсер еткен. Қазақтың классикалық поэзиясы өзінің шығармашылық бастауын «Құтты біліктің» рухани, эстетикалық əлемінен алған. Мəселен, жаңа қоғамдық тарихи жағдайда қазақ ақын- жыраулары адам мінез-құлқының бір көрінісі болып табылатын қанағат сезімін өздерінше пайымдаған. Оны қазақ қауымының ұғымына лайықты етіп жырлаған. Дастанда тіл өнері жайлы айтылған ойлардың эстетикалық тəрбиені қалыптастырудағы маңызы.«Құтты біліктің» ең негізгі көтерген мəселесі — адамгершілік. Адамгершіліктің сан саласы бар. Оның бірі — тілді тыйып ұстап, орынды жұмсай білу. Тіл екі жүзді қанжар секілді. Тілден бақ қонады, тілден бас кетеді. Дастан авторы тілдің маңызын түсіндіруге талай тапқыр сөздер қолданған:
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететіғұн бас болар.
Тіл — арыстан есік баққан ашулы,
Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!
Не дейді, ұққын, тілден жапа шеккен ер,
Құлақ салып, амал қылып, есті елер:
«Тілімнен көп жапа шектім, есебім:
Бас кесілмес үшін, тілді кесемін!
Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!»
Біліп айтқан сөз — білікті, саналар,
Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар.
Көп сөйлеме, аз айт бірер түйірін,
Бір сөзбен шеш түмəн сөздің түйінін.
(Көрген емен көбік сөзбен оңғанды,
Тобықтай түй тоқсан ауыз толғамды!)
Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,
Көп сөз басты қара жерге кеп тығар.
Көп сөйлесең, «Езбесің» деп жек қөрер,
Сөйлемесең, «Мылқау» екен — деп сөгер!
Бұлай болса, тең ортасы — керегің,
Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің!
Тіліңді бақ, басың аман болады,
Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады.
Туған адам өліп сөзі қалады,
Өзі кетіп, ізгі аты қалады!
Қалар мұра — сөз, кісіден кісіге,
Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе.
Ойшыл ақынның пайымдауынша, дана адамның сөзі де, ісі де бір жерден шығады. Ол барлық жағынан əділет үлгісі болуға тиіс деп біледі. Тауып айтылған өнегелі сөзге берер бағасы зор: «Алтын мен күміс байлық емес, тауып сөйлей білген байлық. Дүниеде ешнəрсе де баянды емес, тек жақсы сөз ғана баянды».
«Құтты білік» дастанында отбасындағы эстетикалық тəрбиеге зор мəн берілуі. Адам өмірінде эстетикалық тəрбие зор рөл атқарады. Əсемдікті көре, түсіне жəне жасай алу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді. Оған ең жоғары деңгейде рухани лəззаттануға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда Жүсіп Баласағұн отбасы жайлы айтылған мына бір бəйітінде:
Адал жарда болмаса ізі күдіктің — Бақыты сол, байлығы сол жігіттің. Жаны сұлу — нұр құяды жаныңа, Мейірім, мінез, шаттық тіле жарыңа. Бай қатынға басты тіксең — жақпассың, Атақтыдан еш береке таппассың.
Құлай сүйген, жаны таза, ақылды,
Жақсы əйел құрметті етер атыңды.
Бай келіншектің кесепатын білмейсің...
Қайын жұртпен саудаласып жүрмейсің...
Шын ойласаң, ошағыңның ырысын,
Адал жарың — байлығың да, тынысың, — деп жырлап, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығының, отбасында сақталуы тиіс эстетикалық, этикалық құндылықтардың маңыздылығын айқын көрсеткен.
Дана ақын:
Əйел алмақ болсаң, егер, қарарсың,
Жіті бағып таңдаулысын аларсың! —
дей келіп, жақсы əйел үш сипатты болады деген ой қорытады :
Жібек мінез — қыз-келіншек шырыны,
Біле білсең, əйел көркі — қылығы!
Ақылды, пəк болса, асылға баларсың,
Үш сипаттың бəрін содан табарсың!
Ақылды əйел, ізде — іздесең сен егер,
Есті болса, төрт құбылаң теңелер.
Мұндай жанды кездестірсең, бекін де.
Ей, батырым, тырыс, қолдан кетірме!
Жалпы, Баласағұн шынайы көркемдікті адамның рухани жан дүниесі мен эстетикалық сұлулығын көрсететін белгі деп санаған. Жүсіп Баласағұнидың пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) үлгі етіп суреттеуі. Мына бес күндік алдамшы дүниеде бір жаратушының хақ жолына өз өмірін арнап көптеген пайғамбарлар өткен. Сол абзал жандардың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) болғаны шындық. Мұхаммед (с.ғ.с.) — Ислам теологиясының негізін қалаушы. Ол ең бірінші болып иманды адамдар санының көбеюіне ықпал етті. Адамдарға Ислам негіздерімен өмір сүруді үйретті. Оған қоса ол — қасиетті кітап Құран Кəрімді Алладан жеткізуші. Сондықтан да біз оны соңғы пайғамбар əрі Алланың сүйікті құлы деп танимыз, солай деп иман келтіреміз. Жүсіп Баласағұни да өз дастанында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өнеге етіп суреттеген:
Рахымды ием, пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Түнек түнде шамы болды халықтың,
Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!
Ол Құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,
Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!
Ата-анасын қиып мұнда келді ол,
Үмбетіне тілек, бағыт берді ол!
Кірпік ілмей, нəр де сызбай жүдеді,
Жалғыз сенің тілеуіңді тіледі!
Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн,
Риза болсын, мақта: ақта үмітін!-
Бүкіл өмірін Алла жолына арнап, адам баласының игілігіне қызмет еткен Жүсіп Баласағұни атақты «Құтті білік» шығармасында Алланың хикметін жанымен былайша толғаған:
Алла атымен айттым сөздің əлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір тəңірім!
Тіледі де, жаратты бар болмысты,
«Бол!» — деді де, бірден бəрін болғызды.
Жаралғанның бəрі мұңлық, мұңы көп,
Ием ғана, жалғыз шері, мұңы жоқ.
Ей, ерікті, мəңгі мұңсыз, Құдайым,
Бұл ат жалғыз саған ғана лайық!
Саған өзге кіріге алмас, дарасың,
Əуелгі де соңғы да өзің, сарасың.
Жалғыздығың қосылмай еш санаққа —
Еркің сенің жетті күллі тарапқа.
Іш пен тысты бірдей білген асылсың,
Көзден — жырақ, көңіліме жақынсың.
Барың аян, күн мен айдай жарықсың,
Ақыл, көңіл жетпес, тегің алыс тым.
Сонымен, ғұлама ақын Алланың асқан нығыметін, бір Жаратушы екенін жырлап қоймай, басқалардың да Құдайды танып білуіне, тіпті жас жеткіншектердің үлгі өнеге алуына терең өсиет қалдырған.
Дастандағы өсиет сөздердің қазақ халқының мақал-мəтелдерінің түптөркініне іспеттес болуы
Баласағұн шығармасындағы даналық сөздері қазақ мəдениеті мен халықтық мақал-мəтелдері арқылы ұштасып кеткенін байқау қиын емес. «Құтты білікті» оқи отырып, бүгінгі қазақ мақал-мəтелдерінің түпкі негізі соларда жатқанын анықтауға болады:
1.Қазақ мақалында: Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді.
Баласағұнида:
Ойлы кісі айтқан сөздің ақ шынын: Кісі өлсе де, өлмес аты жақсының!
2.Қазақта: Бүгін бітер істі ертеңге қалдырма.
Баласағұнида:
Ертеңге — деп, бітер істі тастама, Қалар кейін, шықса ісің басқа да!...
3.Қазақта: Кеңесіп пішкен тон келте болмас.
Баласағұнида:
Кеңесіп іс жасау керек кеңінен, Кеңеспеген кісі өкініп, еңірер.
4.Қазақта: Жақсымен жанассаң атаққа ілінерсің, жаманмен жанассаң шатаққа ілінерсің.
Баласағұнида:
Жаманға сен жолама, жаласына жанарсың, Жақсылыққа жанассаң, жақсы қылық табарсың!
5.Қазақта: Ит үреді, керуен көшеді.
Баласағұнида:
Көк төбетті бөрі елемей жеңбей ме? Ит үреді, керуен көше бермей ме!?
6.Қазақта: Əуелгі байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық, үшіншісі — он саулық.
Баласағұнида:
Ішпек-жемек əуелгісі бұлардың, Қатын алмақ — бірі рахат-құмардың, Үшіншісі — тəн саулығың, тірлігің, Бұл үшеудің сақтау қажет бірлігін. Қазақта: Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді.
Баласағұнида: Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді, Сөз қалады, таяқ табы кетеді!
7.Халық арасында Бір топ итті арыстан бастаса, күндердің күнінде олар арыстанға айналар, ал бір топ арыстанды ит бастаса, олар итке айналады деген мысал бар. Осыны ойшыл ақын поэзия тілімен:
Біл, арыстан басшы болса иттерге,
Арыстандай күркірер кеп иттер де!
Арыстандар басы болса ит бір күн,
Арыстандар жасар еді ит тірлік! —деп суреттеген.
Ж.Баласағұни «Құтты білікте» əдеп, əдет туралы былай деген:
Аз ғана игі іске көп рахмет айт.
Кісі алдындағы асқа қолыңды созба.
Кісі айыбын ашқаннан, жапқан жақсы.
жақсы төрге озар.
Жақсы қылық адамға — ас пен киім.
Сəлем берген саулық береді, Сəлем алған қызығын көреді.
Үлкен келсе, асыңды аяма, Ыстық асқа үрлеме.
Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге кіреді,
Сүтпен біткен ізгі қылық, өлгенше өзгермейді.
Қорыта айтқанда, дастанда қазақтың шешендік сөздерімен, бата-тілегімен, мақал-мəтелімен сабақтас тақырып — ойы, жүйесі мен мəнері, өрнегі бірдей шығып жататын нақыл сөздер аз емес.
Кемеңгер ақын мəтінге кіргізген нақыл сөздер, мақалдар мен мəтелдер дастанды ерекшелендіре түседі: «Түркілерде бұл жөнінде мақал бар, соны осы жерде келтірудің реті бар», «Түркі тілі дана сөздерді сақтаған, Бабалардың сөздерін тыңдау керек ол үшін. Бабалардың мақалдарын сақтау — сенің борышың», — дейді автор.
Достарыңызбен бөлісу: |