Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет21/25
Дата24.04.2016
өлшемі1.57 Mb.
#78178
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25

ЖЕР-АНА ЖАНАШЫРЛЫҚ КҮТЕДІ

Білікті агроном Марат Мағажановпен сыр-сұхбат


Марат Загримұлы, Сізді облыс жұртшылығы, қала берді еліміздің диқан қауымы Жер-ана қамқоршысы, танап тамыршысы – білікті агроном ретінде біледі. Бәрі неден басталып еді?..

– Мен 1956 жылы Қостанайдағы Жамбыл атындағы мектепті бітіріп, ауыл шаруашылық техникумының агрономиялық бөліміне түсіп, оны 1959 жылы бітіріп шықтым. Бұл тың және тыңайған жерлерді игерудің өріс алған, оның алғашқы нәтижесін көріп, ақ бөлкеге қарық болған ерекше бір кез еді. Жаспыз, арманшылмыз. Бірден сол кездегі Обаған (бүгінгі Алтынсарин) ауданына қарасты Жданов атындағы совхоздың № 2 бөлімшесіне агроном болып тағайындалып, іске кірісіп кеттім. Тәжірибе аз, бірақ жастық жігер, ізденіс, тау қопарсам деген талап бар. Агрономиялық ілімнің әліппесін техникумнан алып шықтық, бірақ жеме-жемге келгенде білмейтініміз көп екен. Диқандық деген көктемде тұқым сеуіп, күзде егін орып алу емес. Жер баптау, ауыспалы егіс, тұқым шаруашылығы, тыңайтқыш, қысқы, жазғы агротехника – бәрін де білу керек. Мұның өзі үлкен ғылым, сол ғылым мен тәжірибе ұштасқанда ғана ұшпаққа шығасың. Оның үстінде тәжірибелі ағаларым “сенен түбі жақсы агроном шығады” деп қолтыққа су бүркіп жүргені тағы бар. Содан екі жыл еңбек етіп, тың танабын аялап, оның сырын ұғып, жоғары білім алмақ ниетпен Қорған ауыл шаруашылық институтына тартайын. Жолым болды, оқуға түстім. Мұнда егіншілік қыр-сырын жетік білетін ғалым ұстаздар және ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинақтаған маман кадрлар жеткілікті екен. Солардың дәрістерін тыңдап, тәжірибе учаскелерінде еңбектеніп, білім мен тәжірибені бойға сіңірдік.

Қорғандық даңғайыр диқан, халық академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Терентий Мальцевпен кездесіп, пікірлескен, ақсақалдың ақыл-кеңесін тыңдаған сәттер күні бүгінге дейін жадымда. Оның “Жер өңдеу мәселелері”, “Диқан қателесуге тиіс емес” атты кітаптары сенімді серігіме айналды. Терентий Семеновичтің “Табиғатқа бірінші жүріс беріп, оған жауап жүріс әзірле” деген аталы сөзін ешқашан ұмытқан емеспін. Ол табиғаттың ауанын аңдып, бір жыл екінші жылға ұқсамайды, жыл ерекшелігіне орай әрекет ет деген сөз ғой. Соны көп агрономдар ескермеді, тұқым сеуіп тастасақ болды, қалғаны Құдайдың қолында ғой деген сыңай танытып, арқаны кеңге салды. Сөйтіп, танаптарымыз азып-тозды, арам шөп басты, жел эрозиясына ұшырады.

Мәке, осы жерде мына мәселеге де тоқтала кетейікші, тың және тыңайған жерлерді игергелі жарты ғасырдан астам уақыт болды. “Тың байлығы сарқылмайды” деп ұрандатып та жатамыз. Ал сол кешегі тың жерімізді бүгін тың деп айта аламыз ба? Ол қашанғы тың болып қала береді?

– Бұл өте орынды көтерілген мәселе. Тың деп біз бұрын жаратылыстан бері түрен тимей тусырап жатқан жерді айттық. Кешегі КСРО кезінде азық-түлік проблемасын шешу үшін сол тың жерлерді жыртып, оны егістік айналымына қостық. Оның, сөз жоқ, ел экономикасын арттыруға ерекше үлес қосқанын бүгіндер әркім де біледі. 2004 жылы 6 ақпанда Астана қаласында өткен тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деп атап көрсеткен еді: “50 жылда Қазақстанда астықтың жалпы түсімі алты жүз қырық миллион тоннадан асты немесе жыл сайын орташа 13 миллион тоннадай өнім алынды. Астықтың мұндай мөлшері жыл сайын жүз миллион адамның қажеттігін өтеді. Міне сол үшін де далада тоңып, өнім үшін күндіз-түні еңбек етуге болатын еді”.

Тың дегеніміз бұл тек астық қана емес қой. Қаншама жаңа елді мекендер, әлеуметтік сала нысандары дүниеге келді. Құлан түзде әсем қалашықтар орнады, жол тартылды, мәдениет, білім, денсаулық сақтау нысандары орнады, өңір адам танымастай болып өзгерді. Әрине, оның бәріне сөз жоқ. Алайда тың көтерудің алғашқы жылдары “аттандаған” ұранға еріп, біз егіншілік үшін жарамсыз сортаң, құмайт жерлерді де жыртып тастадық. Ата-баба зираттары да түреннің астында қалған кез аз болған жоқ. Өзен-көлдердің жағасына дейін борозда тартылды. Әрине, бұл Жер-Анаға қиянат еді...

Біз бүгіндер агротехникалық шараларды қаншама жетік меңгердік десек те, әлі де Жер-Анаға жанашырлық жетісе бермейді. Жекешелендіруден кейін пайда болған жүздеген, мыңдаған шағын шаруа қожалықтары өздерін ақтады ма? Ойлануға тура келеді. Қолында не қуатты техника, не сапалы тұқым, не қажетті тыңайтқыш жоқ шаруа адамы жерде салиқалы жұмыс атқара ала ма? Атқарғысы келсе де оған мұршасы жоқ қой. Сондықтан ол көктемде тұқым сеуіп, күзде егін орғанына мәз. Сүйтіп, көрер көзге Жер-Анаға қиянат жасайды. Ал Жер дегеніміз бүгінгі ұрпақтың, сіз бен біздің, меншігіміз емес, біз сол Жер-Ананы алақанға салып, аялаған күйде алдағы жүз, мың, миллиондаған жылдарға жеткізуіміз керек қой. Баптай білсең ғана жер жомарт. Баптай білсең ғана жер берекесін мәңгілік сақтайды. Оны диқан да, басшы да, басқа да ешқашан ұмытуға тиіс емес.

Марат Загримұлы, осы арада өзіңіз ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен Қарабалық ауданы тәжірибесінен мысал келтіре алар ма едіңіз?

– Әрине. Мен сол тәжірибе станциясында кіші ғылыми қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейін жолдан өттім. Директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі көмекшісі де болдым. Алматы ауыл шаруашылық институтының аспирантурасын бітіріп, ғылыми еңбек те жаздым. Ауыспалы егіс жүйесі, топырақ өңдеу жүйесі туралы көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижесі өндіріске де енгізілді. Мынандай мысал келтірейін. Сегіз жылғы бақылау қорытындысы мынандай болды. Бидайды жыл сайын бір танапқа сепкенде осы жылдар ішіндегі орташа түсім 16,6 центнер болды, оған тыңайтқыштар енгізгенде көрсеткіш 20,4 центнер, яғни төрт центнерге жуық артты. Ал ауыспалы егісті дұрыс жүргізгенде өнім мөлшері 8-11,3 центнерге артты. Мысалы, таза пардан кейін бидай түсімі – 31,0, жоңышқадан кейін – 31,7, сұлы және мал азығындық бұршақтан кейін – 31, мал азығындық жүгеріден кейін 29,8, ас бұршақ егісінен кейін 28,5 центнер өнім алынды. Яғни, ауыспалы егіс жүйесін сақтай отырып, шығымдылықты арттырдық, сонымен бірге жердің құнарлылығын да жоғары сатыға көтердік.

Әрине, мен мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламын. Ең бастысы тыңдағы егіншілікте қалыптасқан агротехникалық ғылыми негізделген шараларды мұқият жүзеге асыру парыз. Ал бұл оңай шаруа емес. Ол іргелі, қолында қуатты техникасы мен мол материалдық-қаржылық ресурстары бар ұжымдардың ғана қолынан келеді. Сондықтан да “Алтынсарин”, “Қарабатыр”, “Қарқын”, “Шолақсай”, “Диев” сынды іргелі серіктестіктер жылда жақсы нәтижелерге жетеді.

Мәке, соңғы жылдары астық өнімдерінен биоотын өндіру ісі қолға алынып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Ғылым мен техника қарыштап дамыған біздің заманда энергия көздеріне тапшылық айқын сезіле бастады. Қазба байлықтары қанша көп болғанмен ол мәңгілік емес. Сондықтан адамзат қуат көздерінің жаңа мүмкіндіктерін іздестіре бастады. Бұл ретте биоотын өндіру де жаппай үрдіс ала бастады. Бірақ бұл тұйықтан шығудың жолы емес. “Ас атасы – нан” десек, дақылдан “бензин” өндіру жетіскендік пе? Бұл – астықты ысыраптау, оның обалы мен сауабын ескермеу. Атам қазақ “Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен” деп тегіннен тегін айтпаса керек.

Біз, үлкеніміз болайық, кішіміз болайық, біздің басты байлығымыз – Жер-Ананы ардақтап, аялап, оның берерін молайта түсуіміз керек, сонымен бірге әрбір түйір дәнді ысырап етпей, ұқыптылықпен тұтынуды бұлжымас заңға айналдыруымыз парыз.

Кейде “нанның бағасы қымбаттады” деп, реніш білдіріп жатамыз. Ал сол нанды үнемді де, ұқыпты пайдалану жағын ойламаймыз. Ауылда болсын, қалада болсын қатқан, көгерген нанды қоқысқа шығара саламыз. Түйір дәнде тамшы тер барын айтпай-ақ қояйық, нанды рәсуә ету обал екенін неге ескермейміз? Нан мол, оның түр-түрі де көп, макарон бұйымдары да жетерлік, сондықтан да болар үнем мен ұқыптылықты ұмыта бастадық, мұның өзі жаппай үрдіс алып бара жатқаны өкінішті...

Марат Загримұлы, кезінде Қарабалық аудандық партия комитетінде ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып істеген едіңіз, кейін аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары да болдыңыз. Агроном ретінде жермен, шенеунік ретінде адамдармен жұмыс істедіңіз, қайсысы жеңіл, қайсысы ауыр еді?..

– Сұрақты түсіндім. Жердің жаны жоқ, ал адамдар болса, әрқайсысының өзіндік ойы, түсінік-түйсігі, мінез-құлқы, қабілет-машығы бар деген ой жатыр ғой сауал астарында. Аллатағала адамды топырақтан жаратқанын ұмытпайық. Біз мына күн сайын басып жүрген қара жерді неге Анаға теңейміз. Ойланып көрейікші. Өйткені ол барлық тіршіліктің бастауы.

Ана бір жылдары қалада тұратын неміс досымның саяжайында болғаным есімнен кетпейді. Алақандай жерде жеміс-жидектің, көкөністің неше түрі өсіп тұр. Алма да, алмұрт та, жүзім де, жидек те, гүлдің де алуан түрі бар, жұмақ осында дерсің. Алтын күзде әлгі досым өнімін жинауға тіпті көрші-көлемдерін де ала келетін. Саяжай десе, саяжай, жаның рахатқа батады. Жер-Ананың жомарт дастарқанын жайғанына риза боласың.

Ал сол досым өзінің тарихи Отаны – Германияға қоныс аударғанда саяжайы да күтімсіз қалып еді. Соған бір айналып соққанда жүрегім сыздап қоя берді. Баяғы берекесі асқан саяжайдың ізі де жоқ. Жеміс ағаштары солған, жерді қап-қалың қурай басқан, ағаш басындағы бір-екі алма да бүрісіп тұр.

Мен мұны неге айтып тұрмын. Жерге де, адамға да күтім керек, жердің де, адамның да бабын табу, оларға жағдай жасау керек. Агроном – жер тамыршысы болса, билік басындағылар, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер адамның қамқоршысы болуы керек. Мен оны ешқашан ұмытқан емеспін.

Бала жастан өнерге жақын жүрдім. Қорғанда институтта оқып жүргенде би үйірмесін ұйымдастырып, студенттерді соған тарттым. Қостанайлықтарға жақсы таныс, кезінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған Серікбай Бисетаев, аудандық партия комитетінің хатшысы, аудандық Кеңес төрағасы болған Сапар Талдыбаев марқұм кезінде сол үйірмеде түбін түсіріп, би билеген жігіттер еді.

Қарабалықта істеп жүргенде ауданда алғаш рет ақындар айтысын ұйымдастырғаным бар. Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі, ақын, қайраткер Мұхамеджан Сералин туған ауданда өнерге жақын жандар да аз емес еді. Соларды іріктеп, халқымыздың ғажайып өнерінің насихатшысы еттік. Тастыөзек мектебінде ұстаздық ететін Мырзалы Оңайбаев айтыс ақыны ретінде сол додада танылып еді. Кейін ол облыстық ақындар айтысына қатысты, белгілі қаламгер болды.

Басқа да мәдени-көпшілік шараларға ұйтқы болдық. Ауданға келген ақын-жазушыларды елмен таныстырып, жұртпен жүздестірдік. Марқұм Кеңшілік Мырзабеков мен туралы “Қазақ әдебиеті” газетінде “Астықты аймақтың агрономы” атты көлемді очерк жариялады. Ақындар өлең арнады. Еліміз де еңбегімді жоғары бағалап, омырауыма орден мен медальдар тақты. Соның бәрі агроном ретінде, азамат ретінде елге сіңірген азды-көпті еңбегімнің жемісі деп білемін.

Агроном ретінде де, азамат ретінде де аянып қалған жерім жоқ, өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырыстым, Жер-Ана алдында да, Ел-Ана алдында да адал болдым, ұрпағыма да соны үлгі еттім, дәріптедім...

Мәке, осы жерде қара орман – отбасы туралы айта кетсеңіз.

Жан серігім Сәбирамен қосылып, ошақ отын маздатқанымызға биыл 45 жыл толады. Оның мамандығы – мұғалім, физика және химия пәндерінен сабақ берді, Қазақстанның оқу ісінің озаты, жоғары санаттағы мұғалім.

Ұлым Нұрлан Мәскеудегі мемлекеттік қауіпсіздік жоғары училищесін алтын медальмен бітіріп, ұзақ жылдар Қазақстан-Қытай шекарасында қызмет атқарды, бүгіндер Москвада тұрады, подполковник, заң ғылымдарының кандидаты, келінім – Дина Асылбекқызы – дәрігер. Қызым Жанар – экономист, кәсіпкерлікпен айналысады, күйеу баламыз Ерік Сәлімгерейұлы – майор, өртке қарсы қызмет саласында істейді. Төрт немереміз өсіп келеді.

Құдайға шүкір, өмірге өкпем жоқ. Тек Тәуелсіз еліміздің ертеңі бүгінгіден жарқын болсын. Жер-Анамыз гүлденіп, гүлге оранып, құлпыра түссін, төскейі қазына-байлыққа толсын. Жер-Ананың бір перзенті ретіндегі тілегім бұл, ағайын!

НАРЫҚҚА ҮРКЕ ҚАРАЙТЫН КЕЗ КЕЛМЕСКЕ КЕТТІ

Экономика ғылымының докторы, Евразия нарық институтының ректоры,

академик Айтқали Нұрсейтпен сыр-сұхбат
Айтқали Шоқалиұлы, Сізді біз ірі экономист-ғалым, көрнекті педагог, қайраткер азамат ретінде білеміз. Газет оқырмандары үшін Сіздің балалық, жастық шағыңыз да қызығушылық тудырары хақ. Сол бір шуақты күндерге қайта оралсақ...

– Мен өзі Ресейде туған қазақпын. 1938 жылы Челябі облысы Увел ауданындағы шағын бір селода Құрбан айт күні дүниеге келіппін. Айтқали атым да соған байланысты.

Біздің ата-баба қонысы Жітіқара ауданындағы Желқуар өзенінің бойы. Кешегі аумалы-төкпелі заманда әке-шешеміз Ресейге көшіп, Магнитогорск металлургия комбинатына жұмысқа орналасып, сонда жан сақтаған ғой. Біздің ата-аналарымыз кешегі қазақ халқын қынадай қырған аштықты, ұлттың бетіне шығар қаймағын түрмеге тығып, жазықсыз жазалаған саяси қуғын-сүргінді, Ұлы Отан соғысының қасіретті күндерін бастан кешті. Біздің отбасында дүниеге келген он екі баладан алтауымыз ғана тірі қалдық, бес қыз және мен.

Отбасындағы үлкен-кіші бәріміз де ерте еңбекке араластық. Жазғы каникул кезінде мал бақтық, шөп шаптық, отын дайындадық.

Әсіресе жүген-құрық тимеген талай асауларды үйретіп, сайын далада желдей ескен күндер ұмытылмас. Міне, осының бәрі шынықтырды, төзімділікке үйретті. Әкем марқұм асауды үйретемін деп жүріп аттан құлап, үш қабырғасын сындырса да қыңқ етпей, сол сәйгүлікті ақыры ырқына көндірген еді. Ержетіп келе жатқан жеткіншегінің алдында босбелбеулік көрсеткісі келмегендіктен шығар. Асыл жанның сол өнегесі маған да бүкіл өмірімде үлгі болып келеді. Қандай қиыншылық кездессе де қайыспай қарсы тұру – бұлжымас заң, ер адамның басты қасиеті деп білемін.

Оқуға да ынталы болдым. Қарабалық ауданындағы Бөрлі орта мектебінің 8 сыныбын өте жақсы бағамен бітіріп, 1954 жылы Ресейдегі Қарталы теміржол транспорты техникумының сауда-экономикалық бөліміне түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдадым. Үздік дипломның арқасында Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне конкурссыз түсіп, оны да үздік бітірдім. Студент күнімде Лениндік стипендия алып тұрдым. Оқуды бітірген соң сол алтын ұяда қызметке қалдым.

Ғылым жолына қалай түстіңіз? Ұстаздарыңыз бен тұстастарыңыз кім еді?

– Алдымен Бөрлі орта мектебінде оқып жүргенде математикадан сабақ берген Мырзағали Қарсақбаев, қазақ тілі мен әдебиетін оқытқан Зейнеш Тайлақбаева, географиядан сабақ берген Әнен Төлеев сияқты ұстаздарымды ешқашан ұмытпақ емеспін. Нағыз педагогтар, білімді де білікті тұлғалар еді. Мырзағали ағайдың бір шәкірті Өмірзақ Сұлтанғазин кейіннен бүкіл әлем таныған ғалым болды. КСРО Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Ғылым академиясының Президенті болды. Қазақстанда Ғарыштық зерттеу институтын ашып, оған басшылық жасады. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев сынды қазақ ғарышкерлері үшін бағдарлама жасап, оның жүзеге асырылуына басшылық жасады. Әттең, дүниеден ерте өтті.

Техникумда оқып жүргенде Светлана Николаевна Гурвич сабақ берді. Ғажап жан еді, білімпаз, М.В.Ломоносов атындағы Москва университетін бітірген. Төңірегіне нұр шашып жүретін, талапшыл және барынша адал еді. Сөйтсем, ол белгілі мемлекет қайраткері, академик Николай Бухариннің қызы екен ғой. Ол туралы мен тек 33 жыл өткен соң Горбачевтің жылымығы тұсында, Бухарин ақталған соң ғана білдім.

Светлана Николаевна тамаша тарихшы болатын. Оның ұстанған қағидасы: қандай да болмасын проблема, ол жеке бастың, отбасының, қоғамның проблемасы болса да зорлық-зомбылық көрсету, қан төгіспен шешілмеуі керек, адам баласы ақылға салса, алынбайтын қамал жоқ.

Тағдырдың мына бір қызығын да айтайын. Менің ұлым Азамат Нұрсейтовті де аспирант кезінде осынау ізгі жанға тағдыр жолықтырып, оның ақыл-кеңесін тыңдауға жазыпты.

Өзім 1991 жылы онымен Москвадағы пәтерінде жүздесіп, өткен күндер туралы сыр шерткеніміз бар.

Техникумды үздік бітіріп, Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінің студенті атандым. ҚазМУ-дың сол кездегі ректоры, біздің жерлесіміз, академик Темірбай Дарханбаев, экономика факультетінің деканы, ғалым-экономист Тарбай Шаукенбаев, оның орынбасары, ғылым кандидаты Абылай Тілеубердин, жас оқытушылар Яхия Әубәкіров, Дүйсенхан Қабдиев, Сүлеймен Кәрібжанов, Шәкен Нәдіров және басқалары өмірімде ерекше із қалдырды, олар нағыз экономист кадрларды даярлау үшін барынша ізденіспен тер төкті. Сол кезде экономика факультетінің жоғары курстарында оқып жүрген, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын студенттер Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдиндерден де көп жайтты үйрендім, олармен аралас-құралас болып, бірге жүруге ұмтылып тұратын едім. Бүгіндер бұл екі азамат та еліміздің әйгілі ғалымдары, академиктер.

Студенттік жатақханада тұрдық. “Студенттің бір тойғаны – шала байығаны” деген мәтел бар. Ол дұрыс айтылған сөз. Жастық шақта қандай қиыншылық болсын жеңіп шығар күш-жігер әркімнің де бойынан табылады. Тас-түйін жұмылып, вагоннан жүк түсірген, студенттік отряд құрамында құрылыс салған немесе егін орағы кезінде алтын дән жинаған сәттер ұмытылмайды.

Айтеке, бүгіндер Сіз басқарып отырған Евразия нарық институты туралы айта кетсеңіз.

– Ең алдымен кезінде ҚазМУ-дың экономика факультеті негізінде Алматы халық шаруашылығы институты құрылған болатын. Оның дүниеге келген алғашқы күндерінен бастап осы білім ордасында қызмет етіп, институт проректоры дәрежесіне дейін жеттім. Кейін институт Қазақ мемлекеттік басқару академиясы болып қайта құрылып, соның жанынан Евразия нарық институты ашылды. Бұл 1993 жыл еді. Еліміз тәуелсіздік алып, экономика нарықтық қатынастарға көшкен кезде осы сала мамандарын даярлау күн тәртібіндегі ең басты мәселелердің бірі болды. Мұны Елбасы, экономика ғылымдарының докторы, академик Нұрсұлтан Назарбаев та атап көрсетті. Міне, біздің институт дәл осы мақсатқа қызмет етті және етіп те келеді. Оқу орны құрылған сол жылдардан бастап оның қабырғасынан мыңдаған жаңаша ойлайтын экономист мамандар түлеп ұшты. Бүгіндер оларды кең-байтақ еліміздің қай түкпірінен де, халық шаруашылығының барлық салаларынан да көруге болады.

Ең бастысы, біз институттағы профессор-оқытушылар құрамына баса назар аудардық, олардың біліктілігі мен жаңаша ойлауы, нарықтық қатынастар талабына икемділігі алдыңғы кезекке шықты. Бұрын университет жанынан құрылған институт кейін өзін-өзі қаржыландыру тәжірибесі қалыптасқаннан кейін жеке, дербес институт болды. Оның университеттер, немесе басқару академиясынан ерекше бір айырмашылығы бар. Біздің оқу орнын бітіргендер ғылымнан гөрі тәжірибеге, бизнес пен кәсіпкерлікке жақын болады. Менің ойымша, бүгінгі күннің керегі де осы. Елбасы Н.Назарбаев та үнемі шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық мүмкіндіктер жасау қажеттігін айтып келеді. Бұл ой “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасында да, Елбасы Жолдауында да нақтылы көрініс тапқан.

Нарықтық экономика мәселесінде ұсақ-түйек жоқ, сондықтан да мен өз студенттеріме менеджмент тиімділігін арттырудың 12 принципі, жұмыстың жоғары тиімділігіне жету үшін іскер адамның 16 аксиомасын қайталаудан жалықпаймын. Өйткені, олардың бәрін өз өмірімде сынақтан өткізген, ғылыми негіздеген, тәжірибеден, електен өткізген, дұрыстығына көз жеткізген адаммын. Қазіргі Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясында, Н.А.Вознесенский атындағы Ленинград қаржы-экономикалық институтында қорғалған кандидаттық, докторлық диссертацияларымда да осы жайттар айтылады, ғылыми негізделеді. Талай рет шетелдерде болып, олардағы нарықтық қатынастарды зерделеген адамның бірімін. 1998 жылы Евразия халықаралық экономикалық академиясы академигі болып сайландым.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде Сіз халық шаруашылығы институтында тәрбие жұмысы жөніндегі проректор қызметін, қоғамдық негізде атқарған екенсіз. Желтоқсан ызғары Сізді де соғып өткен деседі...

– Ол рас. Менің докторлық диссертациямды КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы 1986 жылғы 17 қаңтарда бекітті. Сол 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға байланысты Қазақстан жоғары оқу орындарының 18 профессоры – ғылым докторлары қызметтерінен босатылды. Соның ішінде мені де қоғамдық негізде қоса атқарып жүрген институттың тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры қызметінен шеттетті.

Өмірімде тұңғыш рет КОКП мүшесі ретінде жоғары жақтың нұсқауымен есеп кәртішкеге жазып, қатаң сөгіс берді. Таңертең институт басшылығы коммунистерінің жиналысы өтті. Түстен кейін партия комитетінің отырысы болды, кешкілік Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бюросы шақырылды. Бәрі де проректор Нұрсейттің бойынан қателіктер іздеді, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып көрсетіп, күйдірмесе де күйесі қалсын деген принциппен қатаң сөгісті арқалатып жіберді. Ал сол жиналыстарға қатысқан мүйізі қарағайдай профессорлардың өздері бастарын төмен салып, бұғып қалды. Мұны мен оларға өкпелеп айтып отырған жоқпын. Сол дәуірдің саяси жүйесі солай болды. “Партия – заманымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы” деп ұрандатып жүріп істеген тіршілігіміздің түрі осы болды. Мұндай жөнсіздік кімнің болмасын ар-намысына тиеді, әділдікке, адамгершілік қағидаттарына сенімді жоғалтады. Компартияның түбіне сол астамшылық, “өзім би, өзім төс”, “менің айтқаным заң” деген догма жетті. Оны бүгіндер әркім де біледі.

Шындық үшін күресуге тура келді. Ақыры 1988 жылы жазда жазықсыз берілген жаза алынып тасталды.

Оқуды бітіретін жылы үйлендім. Қалыңдығым да ҚазМУ-ды бітіріп жатқан. Қызыл диплом алды. Екеуіміз де жоғары оқу орнында қызметте қалдық. Кішкентайлы болдық. Бірақ баспана болмай талай қиналдық. Әркімнің қора-қопсысын паналап жүрген кездеріміз әлі есте. Тіпті бүгінгі аса көрнекті ғалым Кенжеғали Сағадиев тұрып жатқан пәтердің бір бөлмесінде күн кешкеніміз де бар. Кенжекеңнің жұбайы Нақтай замандасымыз қамқор болып, асты-үстімізге түскенін ұмытқан жоқпыз.

Бүгінгі көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин де біреудің үйін паналап жүр еді. Көрші тұрып, кездесе қалсақ, талай сыр шертер едік. Біз сияқты кісі есігінде жүрген болашағы зор жастар мыңдап саналатын. “Кемелденген социализм құрдық” деп даурығып жатқан сол заманда елінің ертеңі болар ұл-қыздардың Алматыдағы тіршілігі осындай еді.

Қазір, Құдайға шүкір, балалар өсті. Қатарынан қалған жоқ. Бәрі де бүгінгі тәуелсіз елімізге лайық ізбасарларым десем, артық айтқандық болмас. Немерелер де ата-әжелеп, бал тілдерімен баурап жүр. Зайыбым Қайыржан Ахметқызы Қаражанова да ұлағатты ұстаз, жоғары математика маманы, доцент. Оның да, менің де туған-туыстарымыз Қостанайда. Өзіміздің де аңсарымыз құт дарыған өлкеге ауады да тұрады.

Айтқали Шоқалиұлы, нарық келгенде елдің тығырыққа тіреліп, қиналысқа түскені ұмытыла қойған жоқ...

– Иә, ол бір еліміз үшін өте бір сындарлы кез еді. Кеңестер Одағы тарап, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді. Жаңа экономикалық қатынастар әлі орнықпаған өлара шақ еді ол. Дәл осындай сәтте қазақтың бағына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадам жасады, қоғамдық өміріміз үшін аса қажетті жүздеген заң қабылданды. Солардың бәрі ең алдымен нарықтық экономиканы қалыптастыруға, тұралап қалған халық шаруашылығын жандандыруға, шетелдік инвесторларды тартуға қызмет етті. Мұнай-газ өндірісі саласында ерекше серпін болды. Ауыл шаруашылығы біртіндеп болса да өрге басты. Жаңа Қазақстанның жаңа бейнесі ретінде Астана қаласы қанатын кеңге жайды. Шетелдердегі қандастарымыз Атамекенге орала бастады. Орта және шағын бизнес дамыды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғасырларға тең жолдан өтті. Экономикалық реформалардың жемісін бүгіндер бәріміз де көріп жатырмыз, енді саяси реформалар да өз өміршеңдігін көрсете бастады. Қазақстан өрлеу жолына түсті, дамудың Қазақстандық моделі дүниеге келді, Еліміздің беделі көтерілді, оны бүгіндер бүкіл әлем таныды. Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасы, нарықтық экономиканың жемісі. Енді нарыққа үрке қарайтын кез келмеске кетті.

ӨЗ ТАҒДЫРЫҢ – ӨЗ ҚОЛЫҢДА

Сарыкөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік

мекемесінің бастығы Сапар Шопағұловпен сыр-сұхбат
1. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
Сапар Әбілмәжінұлы, үлкеніміз бар, кішіміз бар – бәріміз де мектеп қабырғасынан шықтық, ұстаз алдын көрдік, олардан тәлім-тәрбие алдық. Өмірімізде өшпес із қалдырған сол абзал жандарды ғұмыр бойы айта жүреміз. Сіздің де өнеге тұтар, шәкірттік ықыласпен еске алар ұстаздарыңыз аз емес шығар?

– Әрине. Мен кешегі қанқұйлы соғыс қызып тұрған, ел басына қиыншылық туған 1943 жылы бүгінгі Сарыкөл ауданы Қызыл Ту ауылында туыппын. Балалық шақта жоқшылықты көріп өстік. Сол туған ауылда бастауыш мектеп болды. Оны бітірген соң Қарашілік ауылындағы жеті жылдық мектепте оқып, сол мектеп жанындағы интернатта жаттым. Бұғанасы бекімеген бала үшін туған үйден тыс жерде оқу да оңай емес. Бірақ сол тұста маған алтын ұямыздың директоры, есімі елге әйгілі ұстаз Ахметқазы Чутаев пен оқу ісінің меңгерушісі, биология пәнінің мұғалімі Ыбырай Серғазин ағаларым ерекше қамқорлық жасады.

Ахметқазы ағай орысша оқып, жазуға үйретті. Орыс әдебиетіне құштарлығымызды арттырды. Ерекше балажан, парасатты, мәдениетті адам еді. Шәкірттерін өз балаларынан кем көрмейтін. Бізді сурет салуға да машықтандырды. Өзі де ғажап суретші және мүсінші болатын. Газет-журналдарға мақала жазып тұратын. Бір сөзбен айтқанда, оң-солын енді ғана танып келе жатқан біз сияқты бозөкпелер үшін үлгі-өнеге еді.

Ал, Ыбырай Серғазин ағайымыз да нағыз ұстаз еді. Өз пәнін ерекше сүйетін. Біз сияқты шәкірттерін жинап алып, мектеп жанындағы учаскеге неше түрлі көкөніс, жеміс ағаштарын өсіретін. Оны балалармен бірге күтісетін. Әр дақыл туралы айтатын әңгімесі де қызықты еді. Сөйтіп ол біздің Жер-анаға деген жанашырлығымызды оятты. Өзің егіп, өзің күтім жасап, суарып, сол еңбегіңнің жемісін көру де ерекше бір ғанибет еді.

Кейін осы екі ұстазым да Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі құрметті атағын алды. Ыбырай ағамыз “Өмір өткелдері” атты екі томдық педагогикалық еңбектерін кітап қылып бастырды.

Қарашілік жетіжылдық мектебінен кейін Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқыдым. Бұл алтын орда сол кезде облыс орталығындағы бірден-бір қазақ мектебі еді. Бүгін ойлап отырсам, Қазақ елінің құйқалы бір өңірі – Қостанай сияқты іргелі облыс орталығында жалғыз ғана қазақ мектебінің болуы – сол кездегі империялық саясаттың бір көрінісі екен ғой. Ұлттық тәрбиені жиып тастап, барлық ұлт пен ұлысты орыстандыру саясатының ашықтан-ашық жүзеге асырылуының көрінісі де осы болса керек. Оны айтасыз, кезінде бәріміз де орысша сөйлесек, “коммунизмге де тез жетеміз” деп даңғаза болдық. “Совет халқы” деген қауымдастық қалыптасты деп өтірік ұрандаттық. Соның бәрі жас ұрпақ санасында ізсіз кеткен жоқ. Өз ана тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен ділін білмейтін ұрпақ қалыптасты. Орысша ойлап, орысша сөйлейтін түрі қазақ, бірақ бүкіл болмысы орыс ағайындар сол бір соқыр саясаттың жемісі. Олар бүгінгі тәуелсіз елімізде де бұрынғы ұстанымынан айырылар емес. Олар өзінің ұлттық болмысына оралуды, ана тілін меңгеруді, ата-баба аманатына адал болуды ойламайды да. Ал ұлт сапасы дегеніміздің өзі де осыдан шығады. Рас, еліміздің Конституциясы бойынша да, Тіл туралы заң бойынша да тілді білмедің деп айып тағылмайды. Бірақ өзің қазақ бола тұрып, сол ұлттың тілін білмесең – қазақтығың қайсы?! Өзің қазақ бола тұрып, өз ұлтыңның тарихын, салт-дәстүрін білмесең – азаматтығың қайсы?!

Замана-ай десеңізші. Осындай пайым-тағылымды менің Қостанайдағы мектеп-интернатта оқығандағы ұстазым Мырзахмет Шайхин ағай шәкірттерінің жүрегіне егумен өтті. Несін айтасыз, ғажап жан еді-ау. Ұлы Отан соғысының ардагері, нағыз педагог, тәлімді тәрбиеші біздің әрқайсымызға ана тіліне, әдебиетіне деген сүйіспеншілік дарытты, тарихқа бойлатты, туған елге деген махаббат сезімін маздатты.

Панна Александровна Рыбалова апайымыз қандай еді. Ауылдан келген, орысшадан мүлдем мақұрым қарасирақтардың тілін сындырды, орысша сауатты сөйлеп, сауатты жазуға баулыды. Орыс тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілікті оятты. Соның арқасында кешегі орыс тілі ғана үстемдік құрған заманда осы Ыбырай мектебі түлектерінің жерде қалғаны жоқ. Менің мектептес достарымның көпшілігі кезінде Ресейдің жоғары оқу орындарында оқыды. Орысшасы шалажансар көпшілік аз уақытта-ақ сол тілді үйреніп алды. Ал өзіміздің орысша оқыған қаракөздеріміз әлі күнге өз ана тіліне орала алмай келеді. Мұны мен тек қана намыстың жоқтығымен түсіндіремін. Біздер болсақ, кезінде қазақша оқыған қазақ баласы ешкімнен кем емес деп іштей намысқа тырыстық. Ақыры мақсатқа жеттік... Тіпті бір досымыз, Абай Айтмұханбетов, академик болды, бүгіндері Көкшетау университетінің ректоры. Қалған ұл-қыздар да өмірден өз орындарын тапты.

Қостанайдағы мектепте ұстаздық еткен Бекет Қалмақов, Шараф Исмагилова, Ұлғайша Бермұханбетова және басқалары да өмірімде өшпес із қалдырды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет