Бірінші кезең (1960-1970) ғылыми аппаратқа «құзыреттілік» категориясының енуімен, құзыреттілік, құзырет ұғымдарының шектеулілігінің алғы шартының жасақталуымен сипатталады. Осы кезден бастап грамматиканың өзгерушілік қызметі мен тілдерге оқыту теориясында тілдік құзыреттіліктің әртүріне зерттеу жүргізіле бастады, «коммуникативті құзыреттілік» ұғымы енгізілді.
Екінші кезең (1970-1990) тілдерге оқыту теориясы мен практикасында және басқарудағы, жетекшіліктегі, менеджменттегі кәсібилікке, қарым–қатынас мәдениетіне үйретудегі «әлеуметтік құзыреттілік» ұғымының мазмұнының анықталуымен байланысты.
Бұл кезеңде құзыреттіліктің мәнін ашуға ұмтылыс жасалды. И.А. Зимняя мен Дж. Равеннің еңбектеріне сүйене отырып, бұл ұғымның мазмұны бір–біріне байланыссыз, біреулері когнитивтік, біреулері эмоционалдық салаға жататын көптеген құзыреттіліктерден тұратынын анықтады. Бұл компоненттер тиімді тәртіп түрі ретінде бір–бірін ауыстыруы да мүмкін. Ол өз еңбектерінің бірінде үш топқа біріктірілген он негізгі құзыреттіліктерді қарастырады:
1) адамның жеке тұлғалық іс-әрекет пен қарым-қатынас субъектісі ретіндегі құзыреттіліктер;
2) адамның өзара іс-әрекеті мен әлеуметтік саласына қатысты құзыреттіліктер;
3) адамның іс-әрекетіне қатысты құзыреттіліктер.
Дж. Равеннің тұжырымдамасы кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың ішкі және сыртқы шарттарын жасау, кәсіби маман тұлғасын тәрбиелеу мәселелерін қарастырады. Құзыреттіліктің жетекші компоненттерін анықтай отырып, ол адамның алдына қойған мақсатын орындауға көмектесетін қырыққа жуық сипаты мен икемділігін атайды.
Европа кеңесі (1990ж.) құзыреттілікті стратегиялық, әлеуметтік, әлеуметтік–лингвистикалық, тілдік, оқу құзыреттіліктеріне бөледі. Осы құзыреттіліктер соңғы жылдары мұғалімнің кәсіби іс-әрекетіне байланысты қолданыла бастады. «Құзыреттілік» термині әдетте белгілі бір әлеуметтік-кәсіби статус иесіне байланысты қолданылады және оның сол істі атқарудағы түсінігі, білімі, білігінің орындалуға тиіс мәселенің нақты өз деңгейінде шешілуімен сәйкестілігі арқылы сипатталады.
Э.Ф. Зеердің зерттеуінде кәсіби білім салыстырмалы талдау жүйесінде беріледі, маманның әлеуметтік-кәсіби даярлығы кәсіби біліктілікпен, негізгі біліктілік және құзырлылықпен анықталады. Біліктілік - қызметкердің кәсіби даярлығының түрі, оның белгілі бір жұмыс саласындағы білімі, іскерлігі мен дағдысы. Тұлғаның негізгі біліктілігі дегеніміз - тұлғаның белгілі бір кәсіби сала бойынша орындалатын жұмысқа қажетті жалпы кәсіби білімі, іскерлігі, дағдысы және қабілеттілігі мен қасиеттері. Оның еңбектерінде негізгі біліктіліктің бес түрі анықталған: әлеуметтік-кәсіби бағыттылық (қажеттіліктің, мотивтің, құндылықтың үстемдігін сипаттайды); кәсіби құзырлылық (жалпы кәсіби және саяси білім мен дағдылар, оқу үдерістерін ұйымдастыру мен жобалау, мәселені шешу т.б.); когнитивтік қабілеттілік (қадағалау, бақылау, креативтік, т.б.); тұлғалық қасиеттер (дербестік, жауапкершілік, сенімділік) және кәсіби маңызды психофизиологиялық қабілеттер (іс-әрекет координациясы, реакцияның шапшаңдығы, сөйлеу, эмоциясы т.б.) .
Бірқатар ғалымдар педагогикалық білім берудің негізі мұғалімдерді кәсіби даярлау екендігін айтады. Кәсіби педагог-мұғалім әдістемені жақсы меңгеруі, оқушыларды дамытуда оқу құралын мақсаттылықпен пайдалана білуі керек. Күрделі жұмысты шығармашылықпен шешуде оқушылардың техникалық ойлау қабілетін іс-әрекетімен дұрыс ұштастырып, оны саналы түрде қабылдай білуге баулу қажет. Мұғалімнің кәсіби сапасы мен тұлғалық қабілеті болашақ ұрпақты оқыту, дамыту және тәрбиелеудегі шығармашылық іс-әрекетті орындауға бағытталады.
Болашақ мұғалімді терең әдіснамалық және теориялық тұрғыда даярлау қай кезде де күн тәртібінен түспек емес.
Зерттеу барысында кәсіби-педагогикалық құзыреттілікті қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздерін ғалымдардың бірнеше бағытта зерттегені байқалды.
Достарыңызбен бөлісу: |