Серік Мырзалы философия оқу құралы



Pdf көрінісі
бет153/422
Дата07.10.2022
өлшемі3.76 Mb.
#462147
1   ...   149   150   151   152   153   154   155   156   ...   422
Өнер философиясы
Шеллингтiң жасаған философиялық жүйесiнде өнер ерекше орын 
алады. Егер И.Кант пен И.Фихтенiң философиясында адам-ның 
моральдық жетiлуi тарихтағы негiзгi нәрсе ретiнде көрсетiлсе, Шел-
линг оны өнерден, эстетикалық санадан көредi. Соңынан орыстың 
ұлы жазушы-ойшылы Ф.Достоевский осы ойға сай: «Әсемдiк әлемдi 
құтқарады», – деген нақыл сөздi айтқан болатын.


219
Шеллингтiң ойынша, әлемдi тек қана әсемдiк арқылы жете түсiнiп-
сезiнуге болады, өйткенi «универсумның (әлемнiң) өзi – абсолюттi 
өнердiң туындысы», табиғаттың өзi – «рухтың бейсаналық поэзиясы».
Күннiң шығуы мен батуы, аралардың ұясы, сан алуан гүлдердiң 
түрлерi мен иiстерi, құстардың неше түрлi безенуi, жануарлардың дене 
құрылыстарының әсемдiгi т.с.с. – бәрi де бiздi таңғалдырады, өйткенi 
дүниедегi әр затқа шексiз ақыл-ойдың тудырған идеалды ұғымы сәйкес 
келедi.
Ғылым мен өнердi салыстыра келе, Шеллинг бiрiншi орынға өнердi, 
эстетикалық сананы қояды. «Ғылым әрқашанда өнер саласында 
алғашқы ашылған, сезiнiлгеннен кейiн жүредi». Шеллингтiң бұл ойын 
растайтын бiр мысалды келтiрейiк. 1970 жылдардан бастап, бұрынғы 
кеңес қоғамының құлдырай бастағанын, оның алдағы болашақта 
тарихи тұйықтыққа келiп тiрелетiнiн алғаш сезiнген өнер қайраткерлерi 
болатын. Ал ғалымдарға келер болсақ, олар тек сол қоғам келмеске кет-
кен уақыттан бастап қана оны сараптай бастады.
Өнер саласының құндылығын Шеллинг генийлердiң (genius – лат. 
сөзi, аса дарынды деген мағына бередi) iс-әрекетiмен тығыз байланыс-
тырады. Өйткенi олар – Абсолюттiң құралы, бiрақ оны олар сезiнбейдi. 
Генийдiң өмiрi – ерiктi де, зардап пен шаттыққа, шығармашылық 
iс-әрекетке толы. Ол өнер саласында белгiлi бiр мақсат қойып, оны 
ертелi-кеш орындайды, дүниеге асқан әсем туынды келедi. Ал бiрақ 
оған ол қандай жолмен, қандай заңдылықтардың нәтижесiнде жеттi – 
оны ол көбiне түсiне бермейдi. Өйткенi өнер қайраткерiнiң туындысын 
дүниеге әкелетiн ең терең себеп – ол Абсолюттiң өзi.
Алайда гений өз шығармасын тудырып, оның кемелiне кел-
ген әсемдiгiн сезiнiп, шексiз шаттанып, одан ғажап ләззат алады. 
Өйткенi оның рухы өзiнiң жасаған өнер туындысы арқылы заттанды 
(объективтелдi), ал заттанған өнер шығармасынан идеалды өмiрдiң 
нышаны байқалады (субъективтелдi). Сөйтіп, өнерде объективтiк пен 
субъективтiк бiр-бiрiмен қосылып, алғашқы бейсаналық теңдiктiң 
дамыған финалы, соңы ретiнде байқалады.
Шеллинг өнер саласын, негiзiнен, екiге бөледi. Бiрiншiсi – реалдық 
өнерлер. Оған ол музыканы, сурет, сәулет пен скульптураны жатқызады. 
Екiншiсi – лирика, эпос және драма. Егер бiрiншiге жататын өнер сала-
лары көбiне дене әсемдiгiне көңiл бөлсе, екiншiлер, одан да жоғары – 
рухани әсемдiктi көрсетедi. Әрине, бұл жіктеуге күмәндануға әбден 
болатын сияқты. Музыка арқылы сөзбен жеткiзе алмайтын нәзiк сезiм 
толқындарын тудыруға болатынын бәрiмiз де бiлемiз, демек, оны 
екiншi топқа жатқызуға, әрине, болар едi.
Шеллингтiң ойынша, ең биiк өнер – поэзия. Ол арқылы Абсолют 
өзiн-өзi ең терең түрде сезiне алады. Соңынан, ХХ ғасырда өмiр сүрген 


220
ұлы немiс философы М.Хайдеггер бұл пiкiрдi толығынан қолдап, поэ-
зияда философиялық ой-өрiстiң шеңберiнде ашылмаған болмыстың 
сырлары ашылады деген болатын.
Сонымен, тек өнерде ғана адам өлшенбейтiн, бұл өмiрде жоқ ғажапқа 
iштей берiлiп, жан тыныштығын иеленедi. Ал ол – өлшемi жоқ ғажап, 
ол – Құдай. Абсолют ұғымы – оның тек қана сөзбен берiлген аты ғана. 
Соңынан Шеллинг өнердiң Құдай идеяларына қатыстығы бар екенiн 
көрсетiп, өнердi сүйiп-түсiнудiң өзi – Құдайдың адамға жауған нұры 
деген пiкiр айтты.
Көрiп отырғанымыздай, өмiрiнiң соңына қарай, Шеллинг бiрте-бiрте 
дiни философияға қарай ауытқып, «аян философиясының» жолына 
түстi. Шеллингтiң замандастарының көбi оның бұл ауытқуын терiс 
қабылдап, жас кезiнде даңққа, сыйға бөленген философ қартайған 
шағында жалғыздықтың, ұмыт қалудың да қасіретiн басынан өткiздi.
Қалай айтқанда да, ұлы философтың идеялары философия тари-
хында ары қарай өз өмiрiн сүрiп кете барды. Ол өзiнен кейiнгi көп ұлы 
философтардың ой өрiсiнiң қалыптасуына зор әсерiн тигiздi. Бiз оны 
болашақтағы тақырыптардан көретiн боламыз. Шеллингтiң филосо-
фия тарихында өз орны бар және ол адамзат есiнде мәңгi қалады деген 
ойдамыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   149   150   151   152   153   154   155   156   ...   422




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет