СӘрсенбай гүлнар сәрсенбайқызы болашақ МҰҒалімдердің бойында ұлттық сананы қалыптастырудың педагогикалық негіздері



бет5/7
Дата19.06.2016
өлшемі0.85 Mb.
#147253
1   2   3   4   5   6   7

Тақырыбы: Ұлттық сана деңгейінің кәсіби іс-әрекеттегі көрінісі, тәрбиелік мәні

Мақсаты: Қазіргі студент-болашақ мұғалімнің кәсіби іс-әрекетінде ұлттық сана деңгейінің көрініс беру маңыздылығын ұғындыру

Тапсырма №7

Ұлттық сананы дамытуға бағытталған тәрбие жұмысының жоспарын ұсыныңыз.

Тапсырма №8

Болашақ мұғалім ретінде оқушылардың бойында ұлттық сана қалыптастырудың маңыздылы туралы эссе жазыңыз.

Тапсырма №9

Ұлттық сана компоненті болып табылатын бір ұғымды мысалға алып, аталған ұғымға теориялық негіздеме жасаңыз.

Ұлттық сананы қалыптастырудың студенттердің болашақ кәсіби қызметіндегі маңызын іс жүзінде сезініп, жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды шарт ретіндегі мәнін түсінуі үшін, студенттерге арналған тәрбие жұмысының кешені де жүргізілді. Арнайы оқу курсымен бірге болашақ мұғалімдермен тәрбие курсын жүргізуді жөн санадық.

Жоғарғы оқу орындарында студенттердің ұлттық санасын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыруда төмендегі принциптерді басшылыққа алдық:


  • тұлғалық бағыт принципі;

  • жеке тұлғалық және қоғамдық бағыттардың бірлігі принципі;

  • өмірмен, еңбекпен байланыс принципі;

  • өнеге-үлгіні сүйеніш ету принципі;

  • тәрбиелік ықпалдар бірлігі принципі.

Студенттердің ұлттық санасын қалыптастырудағы басты принциптерді талқылай отырып, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарында түрлі әдіс-тәсілдерді сараптадық. Тәжірибелік-эксперименттік жұмысты жүргізу үшін төмендегі шарттарды есепке алдық:

  • студенттердің ұлттық санасын қалыптатырудың мақсаттары мен міндеттері;

  • студенттердің қызығушылығы мен қажеттері;

  • рухани-эстетикалық деңгейлері;

  • күтілетін нәтижелер;

Көрсетілген шараларды тәрбие процесінде тақырыппен сабақтастыра жүргізу оң нәтижеге жеткізіп, студенттердің ұлттық санасын қалыптастыруға негіз болады деп есептеп, тәрбиелік іс-шаралар кешенін ұйымдастырдық.

«Сабақтан тыс тәрбиелік жұмыс жүргізу барысында студент жастардың ұлттық санасын қалыптастыру» атты тәрбие жұмыстарының кешені жасалды. Кешен тәрбие сағаттары, пікірталас, лекция-концерт, сұхбат, сайыс сынды түрлі 10 іс-шарадан тұрады.

Оның мазмұны мен жоспары кестеде көрсетілген.
Кесте – 7. «Сабақтан тыс тәрбиелік жұмыс барысында студент жастардың ұлттық санасын қалыптастыру» атты тәрбие жұмыстарының кешені


р/с

Тәрбие жұмысының тақырыбы

формасы

1.

Ұлттық сананы қалыптастырудағы халықтық педагогиканың маңызы

Танымдық сұқбат

2.

Имандылық – нұр шапағаты

Дөңгелек үстел

3.

Ұлттық сананы қалыптастырудағы салт-дәстүрдің алатын орны

Баяндама

4.

Тіл – ұлттық сана қалыптастырудағы негізгі құрал

Әдеби-музыкалық кеш

5.

Ұлттық мүдде, ұлттық намыс, ұлттық құндылықтар – ұлттық сананың үш тірегі

Тәрбие сағаты

7 кестенің жалғасы





Отбасы – ұлттық сананың ошағы

Шығармалар байқауы

  1. 7.

Ұлттық мінез – ұлттық сана діңгегі

Тәрбие сағаты

8.

Ұлттық идеология – ұлттық сананы қалыптастырудың маңызды құралы

Брифинг

9.

Тарихи-мәдени мұра және ұлттық сана

Оқырмандар конференциясы

10.

Ұлттық патриотизм және толеранттылық

Дөңгелек үстел

1. «Ұлттық сананы қалыптастырудағы халықтық педагогиканың маңызы» тақырыбының негізгі мазмұны

Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана. Ұлттық сана абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін өзі жете танып, түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады.

Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші — ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Қазақ этносының өкілі болуды құдай маңдайыңа жазғаннан кейін, оны мамандық ауыстырғандай ауыстыру мүмкін емес. Өйткені, ауыстырмақ болып, басқа ұлттың мәдениетін қаншама бойыңа сіңірдім дегеніңмен, бәрібір сен сол ұлтқа кірмейсің, төлтумасы бола алмайсың. Қабылдамайды, реті келген тұста өгейлігіңді есіңе салады да тұрады. Мұндай жағдайды бастан кешірген жан кейін рухани дағдарысқа ұшырап, өмірінің соңы бақытсыздыққа айналады.

Сана-сезімі өзінің төл этникалық ортасында, төл мәдениетінің аясында қалыптасқандар ұлтшыл болып келеді. Өйткені, оған өзін қоршаған ортаның бәрі етене жақын, адамдарының бәрі бірге туған туысындай көрінеді. Рухани дүниесін қалыптастырған сезімдердің бәрі ортақ. Сондықтан да ол осы ортақ сезімге қатысты мәселенің қандайына болсын бейтарап қарай алмайды. Бәрін тікелей өзіне қатыстыдай көреді. Ортақ қуанышқа өз қуанышындай мәз болады, ортақ ренішке өз қайғысындай қайғырады. Халқының этномәдени құндылықтарын қасиет тұтады. Ең ғажабы, өздері осылай болған соң, өзгелерді де өздеріндей көріп, оларға түсініс­тікпен қарайды. Олардың мәдениетін сыйлап, құрмет көрсетеді және олардан осындай кісілікті талап етеді. Ұлттық кемсітушіліктің қандайына болсын төзбейді, ондай жағдайда басын бәйгеге тігуге бар.

Ал бұған керісінше, сана-сезімі өзінің этникалық ортасынан тыс, өзге мәдениет аясында қалыптасқандар ұлтшылдықтан ада болып келеді. Ондай жандарды қазір халық “мәңгүрт” деп атап жүр. Ғылым тіліндегі “этнонигилистер” де осылар. Бұлар туралы қазір баспасөз бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Төл халқының мәдениетінен бейхабар өскендіктен, олар күнделікті тұрмыста өзінің этникалық ортасына бөгделігін сезініп, қолайсыз жағдайға ұшырайды да, бірте-бірте араласып-құраласып тұруына қолайлы өзге ортаға қарай бейімделіп, соның мәдениетін меңгеріп, солардай болуға ұмтылады. Сол арқылы жанына жұбаныш табады. Бөгде мәдениетті қорғаныс құралы етіп, өз халқының мәдениетіне қарсы қояды. Нәтижесінде өз халқын іштей жек көріп, өз халқының құндылықтарын менсінбейді. Маңында жүрген өз ұлтының әлдебір өкілінің жағымсыз тірлігін көрсе, соны бүкіл халыққа теліп, бүкіл халыққа тән құбылыс етіп көрсетуге дайын тұрады. Өзін өзге қандастарынан артық санап, осы халықтың ұрпағы болғанына іштей өкініп, күйінеді. Сол себепті, бар мүмкіндігінше өзін бір ұлттың емес, бүкіл адамзатқа ортақ перзент етіп көрсетуге ұмтылады. Бірақ өмір шындығы – алдымен ұлттың ұлы болып танылып, содан кейін адамзаттың ұлы болуға ұмтылудың даналық, ал ұлтының ұлы бола алмай жүріп, адамзаттың ұлы боламын деу – шалалық екенін әр жағдайда дәлелдеп келеді. Өйткені, өз ата-анасына бала бола алмаған жанның өзгеге бала болып жарытпайтыны баршаға белгілі ақиқат қой.

Бұдан шығатын қорытынды – адам ата-анасын таңдай алмайтыны сияқты этносын да таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы солай. Өзінің тәрбиесіздігінен, біліксіздігінен төл мәдениетін жатсынып, өзге мәдениеттің шапанының шалғайына жармасып жүргендер ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, Абай айтқан: “не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес” күй кешеді. Асылы, дана халық “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегенді бекер айтпаса керек. Біздің міндет – үйіріне қосылуға талпынғандарды қолдап, барынша бауырмалдық көмек беру, ұлттық сананы қалыптастыру.

Жалпы ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айырылып, мылқау күш тобырға айналады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болып, ұлт, халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде (жүректе) жоқ, тек рухани алыпсатарлардың көпшілік көзін алдар құралы мен ұранына айналады. Ел болашағын ойлаған есті азаматтың алысты болжаған аңғарлы саясаты жұртынан қолдау таппай, бар уақыт “жалаңаш патриоттардың” жайдақ айқайын басуға, соларға түсіндіруге, өзімен өзі арпалысуға кетеді. Елдік істе нәтиже болмайды. Адамзаттың ұзақ тарихының сабағы осыны көрсетеді.

Мұның бәрі, жоғарыда айтқан, отарлаушылардың жүргізген зұлым саясатының салдарынан қазақтың ұлттық санасы тәуелсіздік талабына ілесе алмай, кенжелеп қалып отырғанын айғақтайды. Бұл кең мағынасында қазақтың төл мәдениетінің де кейіндеп қалғанын байқатады. Сондықтан да қазақ арасындағы қазіргі қазақшылдық көп жағдайда ұлттық жоғары санаға емес, дертке ұшыраған жерлестік түйсік, қандастық соқыр сезімге негізделген. Содан да болар, қазіргі қазақта шамдану бар да, шамырқану жоқ; кіжінісу бар да, қыжыл таныту жоқ; ұрандасу бар да, ұйымдасу жоқ; халқым деу бар да, оның қамын жеу жоқ. Айналып келгенде жетер жеріміз баяғы бос сөзді судай сапырып, өзара қауқылдасумен ғана шектеліп қала беру. Тәуелсіздік алғаннан бергі тілге, жер сатуға және басқа өзекті мәселелерге, тіпті, қылаяғы кешегі ұлттық валютамызды өзгертуге қатысты ықпалды бір нәтижесі жоқ көп шуылымыз осының жарқын айғағы. Бұдан тек ұлттық мүдде ұтылыста болады.

Ұлттық мүдде дегеніміз, сол ұлттың құрамындағы халықтардың (адамдардың) өздеріне тән халықтық рухани-мәдени және материалдық құндылықтарын сақтай отырып, ұлттың ілгері дамуын, өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейтін негізгі нысаналы ортақ мақсаты. Сондықтан да ұлттық мүдде өмірдің бар саласында бірінші кезекте тұруға тиіс. Саясатта да, экономикада да, мәдениетте де, таным-талғамда да, қысқасы күнделікті жасалынатын іс-әрекеттің бәрінде де мәселенің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі – елдің тұрақты өркендеуінің, мемлекеттігінің нығаюының басты кепілі болып табылады. Сол себепті де ұлттық мүддені қорғау — қоғам мүшелерінің бәріне бірдей ортақ қажеттілікке айналады. Бұл ретте ұлттық мүддені уақыт талабына сай белгілі бір нәтижелі мақсаттарға бағыттап отыратын пәрменді тетік мемлекеттік институттар болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде әзірге бұлай болмай отыр. Бізде бар мәселе ұлттық мүдде тұрғысынан шешілмей, тек қалайда пайда табу, табыс түсіру тұрғысынан ғана шешіліп келеді. Ал мұның ақыры түптің түбінде орыны толмас өкінішке соқтыруы бек мүмкін. Өйткені, қарт тарих ұлт мүддесін ойламай, күндік табысқа қызығып, пайда қуғандардың, бейне тоя жер жем үшін торға өзі келіп түсетін қыран құс секілді, күндердің күнінде тәуелділік қамытына амалсыз өзі барып бас сұғуға мәжбүр болатынын сан дәлелдеген. Соның үшін де бүгінгі билік басындағылардың да, тәуелсіздігі қолына тиіп, ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған жалпы қазақ жұртының да ұлттық мүддені ұмытып, уақытша табыстың қызығына берілудің ақыры қайыр болмайтынын естен шығармағаны абзал. Ұлттық мүдденің қорғаушысы – намыс. Ұлттық намыс болмаған жерде ездік үстемдік алып, ұлтқа қатысты құндылықтарға бейтараптық, немкеттілік көзқарас қалыптасады.

Ұлттық сананы құрайтын компонеттің бірі ұлттық намыс. Ұлттық намыс дегеніміз – ұлтты құрайтын халықтың әр адамының ұлтқа қатысты айтылған кез келген кемсітушілікті, ұлтқа қарсы жасалған іс-әрекетті бейне өзіне бағытталғандай қабылдап, соған қарсы жандүниесінде пайда болған сезімнің буырқанған серпілісінің жалпы халықтық сипатқа айналған ұжымдық түрі. Ұлттық намыс – азаттықтың жаршысы, құлдықтың қас жауы. Ол бар жерде құлдыққа орын жоқ.

Кешегі бір елдің екінші елді отарлауы жаппай үрдіске айналған кездегі отар болған елдердің тарихына зерде көзімен үңілсек, отарлаушы елдердің көп жағдайда әлі ұжымдық сипатқа ие бола алмай, рулық, тайпалық, әулеттік, кландық намыс аясында күн кешіп жатқан елдерді жаулап алып, боданына айналдырғанын көреміз. Ал ұлттық намысы оянған елдердің бірде-біріне тиіспеген, тіпті, қуаты аз шағын елдерге де. Өйткені, ұлттық намысы оянған ол елдердің құлдыққа көнбейтінін, бүгін қарудың күшімен бағындырғаныңмен, ертең бәрібір азаттығы үшін қайтадан күреске шығатынын білген.

Біз де осындай жағдайдың салдарынан XVІІІ ғасырда орыс патшалығының боданына айналдық. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте дүркірей оянған ұлттық намыс шешуші шайқаста Ұлы Жеңіске жеткеннен кейін билікке таласқан хандардың ел тұтастығына жарықшақ түсіруіне байланысты күрт құлдырап, әлсіреп кетті. Ұлттың ішкі тұтастықтан айырылуы ұлттық намыстың жүзге бөлінгендердің жыртысын жыртқан рулық, тайпалық намысқа телімденуіне әкеп соқты. Осыны пайдаланған орыс патшалығы отарлау саясатын кезең-кезеңімен жүзеге асырып, ақырында қазақ халқының мойынына тәуелділік қамытын біржола кигізіп тынды.

Билік тізгінінен айырылып, бодандықтың бұғауында тыпырлаған халқының осындай мүшкіл күйге ұшырауының себебін ХІХ ғасырда өмір сүрген Абайдың дәл танып, көре білгені қайран қалдырады. Бәлкім, данышпанның данышпандығы да осы — өмірде болып жатқан өзгерістердің өзгелер мәніне жете бермейтін құпиялы қалтарыстарын сезіп-біліп отыратындығында шығар. Қалай болғанда да, Абайдың қазақ халқының осы күйге жетуінің екі себебінің бірі ретінде сонау азат Қазақ хандығы кезіндегі ұлттық намыстан айырылып қалуы екенін ашып көрсеткені шындық. Ата-бабамыздың намысқойлық “мінезі жоқ болған соң, үйренген өнеріміздің бәрі адамшылыққа ұқсамай, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың үлкен бір себебі сол” дейді данышпан Абай бұл орайда.

Біз жоғарыда, қазақы болмысқа оралу дегеннің не екені жөнінде әңгімелегенде, қазіргі таңда таным-түсінік тұрғысынан да, елдік мүддені ойлау тұрғысынан да біртұтас қазақ халқының бірнеше бөлікке бөлініп отырғанын санамалап айтқанбыз. Енді ойласып көріңіз: осындай ішкі біртұтастығынан айырылып, сан бөлшекке бөлінген халықты ұлттық санасы оянған намысты халық дейміз бе, әлде әр бөлшегі өз тобының намысын жыртқан ұлттық санасы ұйқыдағы халық дейміз бе?! Міне, ұлт болып ойласудың да, ұлт болып нәтижелі іс-әрекетке көшудің де қажеттігі осы тұс! Осы қажеттілікті сезіну үшін ұлттық мінез керек.

Ұлттық сананың және бір құрамдас бөлігі ұлттық мінез болып табылады.

Ұлт адамдардан құралатындықтан, сол ұлтты құраушы адамның болмысына тән дүниенің бәрі ұлттың болмысына да ортақ болуы заңды құбылыс. Тек, жеке адамға тән дүниенің тұтас ұлтқа ортақ болуы үшін оның танылу деңгейі жекелік аясынан шығып, жалпылық сипатқа ие болуы, яғни көпке ортақ болуы шарт. Бұл ұлттық мінезге де қатысты. Сондықтан “ұлттық мінез, — деп, — ұлттық дәстүр негізінде тәрбиеленген ұлт адамы мінезінің белгілі бір түрінің ұлт мүшелерінің бәріне бірдей болмаса басым көпшілігіне тән ортақ деңгейге көтеріліп, жалпылық сипат алуын айтсақ керек.

2. «Имандылық – нұр шапағаты» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің тезисі

Бүгінгі күні біздің қоғамымызда жас, тәуелсіз еліміздің дамуына кері әсерін тигізетін құбылыстар күн тәртібінен түспей отыр, соның ішінде, дәстүрлі емес діни ағымдарға еліктеушілікті бөліп айтуға болады. Көптеген теріс ағымдар, дәстүрлі емес діни секталар жастарымыздың тағдырына балта шауып, қоғамымызға кері әсерін тигізуде.

Дөңгелек үстелдің алдына қойған негізгі мақсаты – студент-жэастарға дәстүрлі діннің мазмұнын ашып, мән-мағынасын түсіндіру, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдарға тоқтап, айырмашылықтары мен дәстүрлі емес діни ағымның тигізер зияны мен зардапратарын ашып айту. Мамандар тарапынан нақты мысалдар келтіре отырып, аталған бағыттағы заңсыз әрекеттері үшін қолданылатын жаза түрлері жайлы мағлұмат беру. Жастарға кәсіби мамандар тарапынан кеңестер беру. Дәстүрлі діни бағытты насихаттау.

3.«Ұлттық сананы қалыптастырудағы салт-дәстүрдің алатын орны» тақрыбы төмендегі жәйттерді қамтиды

Тірлік етуші жан тәжірибе жияды, оны топтап жинақтайды, саралап түйіндейді, оны қорытындылайды. Осы қазынасын орайы келсе, өзгелерге таратады, игілігіне асырады.

Адамның өмірлік тәжірибесі, басынан кешкендері әр алуан және сан салаы.

Халықта «тегінен нәр алған тозбайды» деген ұлағатты ой бар. Адамның өмірі ғұмырының ең елеулі, шешуші кезеңдерін қамтитын салт-дәстүр, жөн-жоралғы, той-томалақ, рәсім, ырым-нанымға, ән мен күйге толы.

Салт-дәстүрлер адамдармен бірге туып, дамып қалыптасады. Адам туылғаннан бастап өмірінің соңғы күніне дейін салт-дәстүрлердің ықпалымен өмір сүреді. Тіпті марқұм болып о дүниеге аттанарла да, одан кейін де салт-дәстүрлердің адамға деген қатынасы жалғаса береді. Жекелеген адам салттарды ойлап шығара алмайды, сол сияқты жоя да алмайды. Тарихта тұрақты салт-дәстүрсіз ешбір қоғам, ешбір халық болған емес.

Қазақ – салт-дәстүрлерге өте бай халық. Олардың жас ұрпақты жан-жақты азамат, шынайы ұлттық тұлға етіп өсіруде тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық әсері зор. Ғалымдарымыз ұлттық салт-дәстүрлердің адамның дүниетану көзқарасын қалыптастыратын үлкен тәрбие мектебі екенін насихаттап, ғылыми тұрғыдан жүйелеуге ден қоюда. Соңғы жылдардағы зерттеулерде қазақ халқының салт-дәстүрлері белгілі жүйеге келтіріліп, үлкен үш топқа бөлініп қарастырылуда. Олар: бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер, тұрмыстық салт-дәстүрлер және әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер [33, 359-361].

4. «Тіл – ұлттық сана қалыптастырудағы негізгі құрал» тақырыбының мақсаты

Ұлттық тәлім-тәрбиенің негізгі құралының бірі – тіл.

Дүниеде қанша ұлт болса, сонша мінез, сипат болмақ. Әр ұлттың өзіне тән қайталанбас ерекшеліктері болатыны талассыз ақиқат. Тіл адамдардың өзара түсінісуін, қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Ол – мәдениет пен тарихтың куәсі, жаратылыс көрсеткіші. Тіл – сезіміміздегі, арманымыздағы, ойымыздағы, әрекетіміздегі әсем сәулет өнерінің сөзге айналған әлемі. Сүйгеніміздегі, жек көргенімізді, өкпемізді, дұғамызды және балағатымызды тіл арқылы жеткіземіз, күнделікті өмірімізді тілмен көркейтеміз. «Тіліңе ие бол! Тіліңнің мүмкіншіліктерін біл! Тіліңді қорға! Тіліңді ұмытпа!» деген Қорқыт баба. Қорқыт бабаның моральдық-психологиялық қағидалары, оның өз ана тілін аса қадір тұтып, құрметтеуі ерекше атап өтуді қажет ететін жәйт. Тіл – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын құралы. Жеке адам психологиясының да, қоғамдық ой-сананың да дамып-жетілуі үшін тілдің атқаратын ролі ұшан-теңіз. Тілді меңгеру, шешендік өнерге жетілу адамға оңайлықпен келмейді. Халқымыз «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл – алмас семсер» дейді.

«Аталы сөзде ақыл көп» демекші, біздің ата-бабамыздың ұрпақтарына мирас етіп қалдырып кеткен асыл, дана сөздері - өте мәнді, жанды, шыншылдыққа суарылған сөздер.

«Ата сөзі – қасиетті, киелі,

Ата сөзі – жанға жайлы тиеді.

Ата сөзі - өміріме өнеге,

Ата сөзі – тек шындықты сүйеді», - деген халық.

Аталар сөзінен біз білмегенімізді біліп, өнеге үйренеміз, үлкен тәрбие аламыз. Ата-бабамыз от ауыз, орақ тілді нелер ділмәр шешендердің өсиет сөздерін, ақын-жыраулардың табан аузында тақпақтап айтқан ақыл-нақылға толы толғау, термелерін әлденеше ғасыр бойы жадында сақтап, ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы еткен. Қазақ тарихында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бәтуәсіз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр – осының бәрі сыйған сиқыр сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай-ақ білсін. Оның рухы, жан құпиясы, төзім-сезімі сөз құдіретімен тұтас, туыс. Сондықтан да ол үшін сөзден өткен күш, құдірет жоқ.

Қазақ – кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сөзбен өрнектелген [34, 135-138].

1989 жылы алғаш рет Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін халкымыздың арасында және өзге ұлт өкілдері арасында ана тілімізге күрт бетбұрыс облып, балаларды қазақша балабақшалар мен мектептпрге беру едәуір белең алғаны мәлім. Елбасы Н.Ә. Назарбаев келешек жастардікі деп, үлкен сенім артып отырған жаңа буын міне, осылар. Иә, қазақ тілі- мемлекеттік тіл. Ол Ата Заңда жазылған. Оны мойындап, мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту бір сөзбен айтқанда ғылым, білім, техника тілі дәрежесіне жеткізу бізге міндет, ұрпаққа парыз!

Ерлік, елдік, қайрат, бақ- ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың,

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың.

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ,

Таза терең, өткір күшті кең тілім,

Тарап кеткен бабаларыңды бауырыңа,

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім!

«Халқын сүйген –салтын да сүйер» дегендей, мұндай мереке бір халықтың ұлттық байлығы. Сондықтан жас ұрпақтар қастерлей білсе, басқалар да мойындары қақ [35, 425-427].

Тіл- әрбір ұлттың заңы, сезімнің, ойдың жанды көрінісі, халық тарихы, мәдениеттің даму жолы. Тіл- ұлттың игілігі және өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи тұрақты қауымдық ретінде қалыптасуы, жалпы алғанда тілдің дамуына және оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты.

С.Е. Малов біздің тіліміз жөнінде «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл- қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен де, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» - десе,

В.В. Радлов «Қазақтар шешен келеді, олар мақалдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең болып, құбылып жатады» - деген екен. Тілді түсінетін, оның құнын танитын, білімді де, мәдениетті адамдар осылай бағалаған.

Салт-дәстурдің бойындағы қаны-сол халықтың ана тілі. Қансыз тіршілік жоқ. Демек ел боламын десең, есіңді жи. Әуелі- оң-солыңа жіті қарап, өзіңнің тіліңді де, дініңді де, жер-су байлығыңның да ешкімнен кем емес екенін байқа. Тіл құдірет, ана тілің- елдігіңнің айғағы. Қандай қиындықтан да жансебіл өлмей келе жатқан тіл. Ендеше, ана тілдің мерейін көтерейік, ағайын.

Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте,- деп ақын ағамыз жырлағандай еліміз егемендік алып, көк байрағымыз көкте желбірегелі 18- жылдың жүзі болса да төл тіліміздің хәлі туған жерімізде өгей қыздың күйін кешуде. Кешегі Ресей үкіметінің қол астында болған 70 жыл бодандық көргенде ана тілімен салт дәстүрін ұмытпаған Ахмет, Міржақып, Сәкен сыңды алып тұлғалардың ұлт жанды қасиеті артында қалған келешек ұрпағының санасына бермеген сыңайлы. Көпке топырақ шашқандық емес бүгінгі таңда кеудесін көкке көтеріп, көсемсіп жүрген көкелеріміздің көпшілігі туған тілін жетік меңгермеген. «Қазақстан Республикасы тіл туралы Заңның» 4 бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сондай-ақ осы бапта Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру –Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы делінген. Бірақ, бүгінгі таңда осы заңға құлақ асып жатқандар ілуде біреу десек артық айтқандық емес. Өзіміз ғана емес республикамызға күн санап келіп жатқан өзге ұлт өкілдерін қазақша сайратудың орнына өз шапанымызды өзіміз кейін тартып жатқанымыз өркениеттілікке мүлдем келмейді. Ендеше өзін мәдениетті, ақылды және білікті санайтын әрбір адам елге сыйлы, халқына қалаулы болғысы келсе ана тілін білуге міндетті.

5. «Ұлттық мүдде, ұлттық намыс, ұлттық құндылықтар – ұлттық сананың үш тірегі» атты шараның тезисі.

Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жет­­­кізгеннен соң ұлттық идея, ұлттық рух, ұлттық намыс деген ұғымдар санамызды сілкіндіріп, әрбір азаматты мемлекетіміздің айбыны мен абыройын асқақтатуға құл­шындырған сәт туды. Содан бері ғалымдарымыз бен мемлекет қайраткерлері унитарлы ұлттық мемлекетімізді нығайтудың басты кепілдерінің көш басында ұлттық идея, ұлттық намыс тұрғандығына айрықша ден қойып, олардың мән-мағынасын түсіндірумен келеді.

Тарихқа терең бойласақ, ұлт­тық намыс дегенде ең алдымен ел қорғаған батыр бабаларымызды еске аламыз. Солардың асқақ рухы мен көзсіз ерліктеріне бас иеміз әрі мақтанамыз. Сол асыл қасиет ғасырлардан ғасырларға ұласып, қазақ баласы қай кезде де намысты қолдан бермегенін айтып жатамыз. Дүйім қазақ баласының басын қосып, атажұртты жаудан азат еткен Абылайдай арысымыз, тәуелсіздік жолындағы қанды майдан жорықтарда ерлігі мен қаһармандығы ұрпақтан ұрпаққа үлгі боп қалған Бөгенбай мен Қабанбай, Наурызбай мен Ағын­тай, Баян менен Райымбек сынды толып жатқан хас батырла­ры­мыз­дың есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалғанын айту парыз. Өткен ғасырдағы қан майданда қаһармандарымыз Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин, қанатты қыранда­ры­мыз Нүркен Әбдіров пен Талғат Би­гелдинов, Рахымжан Қошқар­баев пен Қасым Қайсенов сынды жолбарыс жүрек жампоздарымыз, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды аруларымыз, бей­біт заманда батыр атанған Тоқтар Әубәкіров, кешегі Желтоқ­сан көтерілісінің жаужүрек жас­тары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сияқты батыр ұл-қыздарымызды әрдайым мақтан етеміз. Қарап отырсақ, бірдің намысы миллиондардың рухын көтеріп, баршамызды қуанышқа бөлейді екен.

Ұлт намысын жанитын қозғау­шы күштер де заманына қарай сан алуан болып келетін сыңайлы. Сырттан арандатулар немесе кемсітулер, ішкі алауыздықтар мен енжарлықтар, кертартпалықтар мен немқұрайдылықтар сияқты теріс әрекеттер дәл қазіргі уақытта намысқа қамшы басуды қажет етеді.

Ұлттық мүдде - кең мағынасында - қоғамдық өмірдің барлық саласындағы әлеуметтік-саяси қажеттіліктерді көрсететін елдің ұлттық-мемлекеттік мүдделері; тар мағынасында - ұлттың немесе басқа этностың саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өміріндегі қажеттіліктерінің көрінісі. Ұлттық мүдде - мазмұны мен ауқымы мейлінше кең ұғым. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте, ұлтты ұшпаққа шығаратын азамат, ұлтқа шым тереңнен ойлайтын, тым қияннан болжайтын тұлға қажет десек әсте қателеспейміз. Бірер мысал. Алып Қытай жол айрығында абдырап тұрғанда ұлтын Дэн Сяопинь бастап, халқын қазір АҚШ-пен иық тірестіріп, Жапонияны және Германияны экономика жағынан көп артқа қалдырып отыр. Үндістан Ұлыбританияға жалтақтап қалғанда Махатма Ганди басын бәйгеге тігіп шықты. Ең демократияшыл деп саналатын Америкада Франклин Делано Рузвельт президенттікке қатарынан төрт мерзімге сайланса, Шарль де Голь есімі Франция тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Түркия елінде Мұстафа Кемаль Ататүрік, Сингапурда Ли Куан Ю болып, әлемде осындай біртуар ұлт тұлғаларының есімдері жалғасып кете береді.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жағдайында ең негізгі проблемалардың бірі сол аталарымыз аманат еткен ұлттық келбетімізді сақтап қалу мәселесі болып отыр. Қазіргі жаһандану заманында, біздің қоғамда батыстың мәдени агрессиясы еш кедергісіз жүзеге асырылып, ұлтсыздану үрдісі жаһандық сипат алып келеді. Кез келген ұлт өзін тарихта «ұлт» ретінде сақтап тұра алады. Оның шарты - өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан ата дәстүрінен ажырамау.

Заман озған сайын ғылым-білім дамып, адамдардың материалдық жағдайы түзелген сияқты, бірақ тұрмыс-тіршілігі жеңілдеген сайын рухани-интеллектуалдық азғындыққа ұшырай береді деген пікір бар. Гуревич: «Қазірде техниканың дамып, шарықтап тұрған кезеңінде адамдар өздерінің жасампаздық өнерінің арқасында аспанда құс секілді қалықтап ұша алатын болды, теңіздің түбінде балықша жүзуді меңгерді, бірақ осы екеуінің арасындағы жер бетінде адамша өмір сүруді меңгере алмай отыр» - дейді. Адамдар материалдық дүниемен қоса рухани дүниені де дамытпаса, өзінің ішкі әлеміне, жан дүниесіне үңілмесе, өзі жасаған техниканың құлына айналып кететін тұстары да болады.

6. «Отбасы – ұлттық сананың ошағы» тақырыбының негізгі мазмұны

Көшпелі және рулық-тайпалық негізде құрылған халықтарда туыстық байланыстар қоғамдық қарым-қатынастың негізін қалайды. Рулас ағайын, туыс, жақын туыс, аталас, бір ата баласы, бір әке баласы арасында туыстық байланыстан туындайтын парыз бен қарыз міндеттер өте көп. Олар қазақтың ғұрыптық заң-салттарымен бекітілген.

Отбасында негізгі туыстық қатынас - ерлер жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан.

Жалпы алғанда, қазақтың туыстық қатынас атаулары 90ға жетеді.

Көнекөз шежіреші қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша, тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан балаға жалғастырылады.

Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы - отбасы саналады. Барлық алыс-жақын туыстық – осы отбасынан есептеледі.

Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол ата, әке, бала.

Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп есептеледі.

Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған.

Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жәйт кездеседі.

Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.

Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.

Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.

Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.

Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағыйындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», - деген.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», - деп мадақтайды.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.

Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып кетеді.

Қазақ жақсы келінді қызынан кем көрмеген.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын құрметтеу - жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы.

Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді.

Қызына құда түсіп, айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін күйеу атанып кете барады. Күйеу қайын жұртында төрге шықпайды, оған сыбағалы асы деп асықты жілік пен төс тартылады.

Әрине, жасы егделеген сайын, күйеудің әлеуметтік мәртебесі де жоғарылайтыны белгілі. «Күйеу қартайса құда болады», сөзі осы уақыт аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз алысып, қыз беріскендігін, күйеудің де беделді адам бола бастағандығын айғақтаса керек. Қазақтың «Күйеуді қызым үшін сыйлаймын» деген сөзінде де үлкен мән бар.

Әуезов М. Абай жолы: Бұл романда жазушы Құнанбайды асқан сүйіспеншілікпен жетер жеріне жеткізе суреттейді. Құнанбай Абайға әке ғана емес, заманның үлкен қайраткері, әрі үлкен тұлғасы. Ал, Абай ойы, Абай даналығы, Абай тереңдігі – тазадан тазалыққа, биіктен биіктерге шақырар жанның жарық жұлдызына айналған. Мұндай эпопеяны халқын шын сүйген адам ғана жаза алады. Бұл эпопеясы болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі дәл сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. «Абай жолы» халқымыздың ақыл – ойын биікке көтерген, әрбір отбасының сүйіп оқитын, тәлім-тәрбие алатын туындысы болды.



  1. «Ұлттық мінез – ұлттық сана діңгегі» атты тәрбие сағатының тезисі.

Ұлттық мінез - ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйдеу өзгешелігі. Ұлттық мінез - тарихи категория. Ол қоғамдық, рухани, экономиялық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы қай адамға болсын тән қасиет. Өнерде, әдебиетте адам бейнесінен бұл қасиет толық көрініп түрады. Әр халықтың өз эпикалық туындыларын олардың талай замандар ұлт болып қалыптасуынан бөліп қарауға болмайды. Сондықтан шығармада ұлттық мінез жасау үшін оның дүниетанымын, психологиясын, әдет-ғұрыптарын, т.б. қасиеттерін білу керек. Бұл жөнінде Н.В. Гоголь: "Ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін", - деген ой айтады.

8. «Ұлттық идеология – ұлттық сананы қалыптастырудың маңызды құралы» тақырыбының мазмұны.

Ұлттық саясаттың басты ұстанымы - ұлттық құндылықтар негiзiнде Қазақ елiнiң экономикалық, саяси, рухани тәуелсiздiгiн, ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және жердiң бiртұтастығын мәңгi сақтауға, жер мен жер қойнауы байлығын (Ұлттық байлығын) тек халық игiлiгiне жұмсап, жұртының әлеуметтiк жағдайын үнемi жақсартып отыруға мемлекеттi мiндеттеу. Әркiмнiң азаматтық құқығының мүлтiксiз сақталуын қамтамасыз етпейiнше, заң алдындағы бәрiне бiрдей жауаптылық болмайынша ел ішінде дұрыс түсiнiстiк болмайды.

Қазақстан Республикасы жалпыға бірдей ортақ территория, бір ғана азаматтық, жалпыға бірдей жоғары билік, жалпыға бірдей құқық жүйесі мен жалпыға бірдей бір ғана мемлекеттік тіл негізінде дамитын болады.

Қазақ халқы қашанда қазақ жерінде өмір сүріп жатқан орыс, украин, өзбек, қырғыз, түрікмен, неміс, әзірбайжан, ұйғыр, татар, тәжік, қарақалпақ, шешен және басқа да этностық топтардың тіліне, дініне, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрметпен және төзімділікпен қараған. Бүгінгі күні де өз елінде басым көпшілікке айналған қазақ ұлты елдегі этносаралық және дінаралық бірлікті сақтауды өзінің басты міндеті санайды. Мемлекет пен оның негізі болып табылатын қазақ ұлты барлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерінің қамтамасыз етілуінің кепілі болып табылады. Қазақ жерінде тұрып жатқан этностық топтар мемлекеттің және біртұтас азаматтық қауымдастықтың бөлігі болып табылады.

Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Мазмұнына көз жүгiртсек, екi бөлiктен тұратынын көремiз. Бiрi – ұлт, екiншiсi – идея мәселесi. Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген Геродоттан тартып, кешегi Колбинге дейiн әрқилы мақсатқа сай қазақстанға сырттан келгенде ұлттануға ден қойғаны – арғы тегiмiз сақтарды, салт-дәстүрiмiздi, рухани-мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек. қазақтар да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары бүгiнгi күнге жетiп отыр.

ХХ ғасыр этностарды мидай араластырып жiбердi. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып кеткен ұлттар аз емес. Бiр ғана КСРО-ның өзiнде 1926-1939 жылдар iшiнде 194 ұлттан 100-ге жетпейтiн ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзектi мәселеге айналды. Талай-талай ойдодалары өттi, том-том кiтаптар жарық көрдi. Ғалымдардың, саясаткерлердiң, саяхатшылардың үздiксiз iзденiсi зая кетпедi. қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жiктелетiнi аса зор құндылық ретiнде орнықты. Бүгiнде ұлтқа берiлген анықтама ондап, жүздеп саналады. Бiздiң ойымызша, ұлт дегенiмiз – өзiнiң қазақ (орыс, немiс, жапон...) екенiн тарих тереңiнен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тiлдiк, рухани, геосаяси, т.б. өзгешелiгiн айыра алатын адамдардың үлкен қауымдастығы.

Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Бiз қарастырғалы отырған ұлттық идея мәселесiнiң мәнi ұлттың тiлегi, ниетi, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенiң тоқ етерiн тапқанымыз.

9. «Тарихи-мәдени мұра және ұлттық сана» тақырыбының тезисі

Егемендi Қазақстанның бүгiнгi өмiрi мен оның жан-жақты даму перспективаларын мәдени мұрасыз елестету мүмкiн емес. Мәдени мұра сана-сезiмдi қалыптастыру негiздерiнiң бiрi, iзгiлiк пен отаншылдық құндылықтар сабақтастығын орнықтыруда зор әлеуетке ие.

Мәдени мұраның экономикалық ресурсын жұмылдыру - елдi қайта жандандырудың негiзi. Тарихи ортаның сақталуы республикамыздың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етедi. Ол, сонымен қатар, бүкiл қазақстандық қоғамдастықтың игiлiгiне айналар жанама артықшылықтардың шеңберiн кеңейтуге де алып келедi.

Мәдени мұраны сақтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың базалық қағидаты - бұл жұмыстың мемлекетiмiздiң экономикалық және әлеуметтiк дамуы аясында ғана тиiмдi болатындығына негiзделген кешендi көзқараспен қарау. Мәдени мұраны сақтау орнықты даму стратегиясының шешушi элементi болуға тиiс.

Қазақстан өз экономикасының маңызды саласы бола алатын және болуы қажет туризм индустриясын дамыту үшiн қуатты мәдени әлеуетке ие. Туризм тарих және мәдениет ескерткiштерiн кең танытуға септiгiн тигiзедi, республикамыздың ел iшiндегi, сондай-ақ шет елдердегi биiк беделiн нығайтады.

Мәдени мұраның туризмдi дамытудағы артықшылықтарын пайдалануға негiзделген мәдени туризмнiң қазақстандық моделi ұмытылып кеткен дәстүрлер мен өнер түрлерiн жаңғыртуға, туристiк қызығушылық тудыратын жаңа орталықтар ашуға, ерекше бағыттар түрлерiн ұйымдастыруға бағытталуы тиiс. Туристiк-экскурсиялық жұмыс тәуелсiз Қазақстанның мәдени мұрасының бар әлеуетiн пайдалана алады.



  1. «Ұлттық патриотизм және толеранттылық» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің тезисі.

Әлемдегі қақтығыстардың  түп-төркіні діни түсінбеушілікте екендігі тарихтан мәлім. Тіпті орта ғасырдың өзінде Франциядағы католиктер мен гугеноттар, Англиядағы протестанттар мен католиктер арасындағы шиеленістер, Германиядағы шаруалар соғысы, бертіндегі Ирландия католиктері мен протестанттарының, Ирактағы сунниттер мен шииттердің, Үндістандағы мұсылман мен индуистердің қарсылықтары, бұрынғы Югославия республикасы мен Косоводағы азамат соғысы  да осыған дәлел. Ал, Армения мен Әзірбайжандағы қақтығыстар, Украина мен Молдованың  православтары мен католиктерінің  арасындағы қақтығыстар жер немесе ұлттық мәселе ғана емес, діни сипатқа да ие. Ал қазақ жері осындай қақтығыстардан аман-есен жаңа ғасырға жетіп отыр. Ұлан-байтақ жері, көп ұлтты халқы бар еліміздегі дінаралық және этносаралық толеранттылық жаңадан ғана пайда бола қалған жоқ. Біздің эрамызға дейінгі III ғасырдан бастап, Қазақстан жерінен Шығыс пен Батысты  жақындастырған Жібек жолы өтті. Бұл тек сауда ғана емес, өзара мәдени ықпалдасу болатын. Міне осы ескі замандардың өзінде біздің жерімізді мекендеген түріктер, қыпшақтар, басқа да халықтар Батыс пен Шығыстың көршісі болмаса да әдет-ғұрпын, өмір сүру дағдыларын біле түсті. Осылайша ежелден-ақ адамзат өркениетінде этносаралық және конфессияаралық  толеранттылық  қалыптасты.

Қазақ халқы жерін, елін сыртқы жаулардан қорғағанда қарсыласына  діні басқа деп емес, шапқыншылығына қарай тойтарыс беріп отырған. Ал ХІХ ғасырдағы Кенесары көтерілісі кезіндегі жағдайды 1844 жылы  урядник А.Иванов былайша жазып қалдырған екен: «Тұтқынға түскен орыстарға қаталдық көрсеткен жоқ. Бізге тек қана ағаш жарғызып, құдық қаздырды. Кенесарының бұйрығымен барлық тұтқындарды ауылдарға бөлді. Кенесарының өзі тұтқындарға уақтылы тамақ беріп, ренжітпеуді қожайындарға тапсырды». Кенесарының өзі генерал Перовскийге жазған хатында Ресеймен дос-жарандық, тату-тәтті сыйластық Абылай атасының кезінен берік орын алғанын, бірақ отарлық басқыншылыққа қарсы күресетіндігін жасырмайды. Міне, мұндай мысалдардан қазақтардың өзге діндегілерге қысым көрсетпейтіндігін, Жаратушының алдында адам баласының тең құқығын сыйлайтынын көрсетеді.

Еліміздегі әртүрлі конфессиялар арасындағы үнқатысуды жолға қою тәжірибесінен басқа елдер үлгі ала бастады. Елбасының өзі  елімізде 40-тан астам конфессия татулықта өмір сүріп жатыр дегеніміз – бос сөз емес, соңғы  жылдар ішінде баспасөз бен телеарналар бірде-бір рет қандай дінді ұстанған  болса да адамның діни сезіміне тимегендігін  атап көрсеткен еді. Өйткені елдің Ата заңы бұған тыйым салады.Осы жылдар ішінде мұндай мәселе бойынша жазаланған журналист жоқ. Қоғамда дінаралық түсіністік пен төзімділіктің сақталуына БАҚ-ның қосып отырған ролі зор деуге болады. Дінаралық диалог орнату заманмен үндеседі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз қазіргі діни дүрбелең жүріп жатқан кезеңде, күллі дін өкілдерін бір орталыққа жинап, үнқатысуға, татулыққа шақырдық.  Елімізге ХХІ ғасыр өз талаптарын ала келді. Қашанда көршімен тату болып, өзгелерге шыдамдылық пен төзімділік танытып, бауырына тартатын халқымыз үшін бұл талаптар үйреншікті болғанымен, әр заманның «өз сұрқылтайы» дегендей, жаңа ғасыр  жаһандық сипатқа ие.

Арнайы курстан соң, студенттердің бойында ұлттық қалыптасуын бағдарлау мақсатында жүргізілген зерттеулер нәтижесі мынадай болды

(8-кесте):


8-кесте. Студенттердің бойында ұлттық сана қалыптасуының деңгейлері







Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет