Үш рет әлемдік жаңалық ашқан қазақ ғалымы Хабибулла Оспанов кезекті алтын медальмен марапатталды



Дата13.06.2016
өлшемі101.5 Kb.
#131866




ҮШ РЕТ ӘЛЕМДІК ЖАҢАЛЫҚ АШҚАН

қазақ ғалымы Хабибулла Оспанов кезекті алтын медальмен марапатталды

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».
Жақында Мәскеуден қазақ жеріне қуанышты хабар жетті. Дүние жүзіндегі ең беделді жалғыз қоғамдық ұйым саналатын Ресейдің ғылыми жаңалықтар ашушы авторлар мен өнертапқыштар Халықаралық қауымдастығы (ҒЖААӨХҚ) бұғанға дейін физикалық-химия саласында екі рет әлемдік жаңалық ашқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физикалық химия және электрохимия кафедрасының Құрметті меңгерушісі, Мәскеудегі Минеральды ресурстар халықаралық академиясының, ҚР Минеральдық ресурстар академиясының, Нью-Йорк академиясының академигі, 2002 жылы “ХХІ ғасырдың көрнекті ғалымы” (Англия, Кембридж, 377-бет) кітабына еніп, атаулы платиналы медальға ие, сондай-ақ Жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері химия ғылымының докторы, профессор Хабибулла ОСПАНОВ прикладтық химия саласындағы жаңалығы үшін кезекті алтын медалін (2003 жылы күміс, 2004 жылы алтын медаль) омырауына қадады. 22 монография авторы, кітаптарының 5-уі Лондонда, 2-уі Берлинде, 1-уі Мәскеуде жарық көрген, мыңнан аса ғылыми еңбегінің 115-і авторлық куәлік пен патентке ие ғалымның технологиясы бүгінде көптеген өндіріс орындарында қолданыс табуда. Ал орыстың белгілі оқымыстылары болса қазақ ғалымының бұл жетістігіне үлкен таңданыс білдіруде. Өйткені, осы салада Ресейдің өзінде ғана емес, шетелде үш әлемдік жаңалық ашқан, сегіз кітабы шетелде шыққан ғалым өте сирек кездеседі. Олай болса, мұндай ірі жетістіктер әрбір оқымыстының, әрбір ғалымның қолы жете бермейтін арманы. КСРО және Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнертапқышы Х.Қ.Оспановтың еңбегін дүние жүзіне белгілі ғалымдардың мойындауы, тек қана университеттің емес, бүкіл Қазақстанның ғылыми өмірінде аса маңызды оқиға, халқымыздың мақтанышы, абыройы, сондай-ақ химия саласындағы отандық ғалымдардың кәсіби біліктілігіне берілген әділ баға деп білеміз. Ендеше, ашқан жаңалығына мастанбайтын, жасаған еңбегін бұлдамайтын, тек таза ғылым жолын қуған үлкен ғалым, қарапайым жан Хаби аға кім? Ашқан жаңалығы қандай?
БІРІНШІ ЖАҢАЛЫҚ

Қазіргі кездегі ғылымның дамуы ғылыми зерттеуді интенсивтендірумен тығыз байланысты. Интенсивтендіру – яғни, ғылыми-техникалық зерттеулерді жеделдету дегеніміз - материалдық қорларды, энергияны, жұмыс күшін, уақытты, т.с.с. үнемдеу болып табылады. Интенсивтендірудің тиімді бір жолы гидрохимиялық үдерісті болжау арқылы меңгеріп, аз уақыт ішінде іске асыру. Физикалық, химиялық үдерістерді болжаудың жалпы қағидаларын жасау – физикалық химияның қазіргі кездегі жетістіктеріне негізделеді.

Көп компонентті минералдардың таңдамалы еруін анықтаудың қиыншылығы – гидрохимиялық үдеріске кейде кені аз және құрамы жағынан өте күрделі рудалардың көптеп кездесуінде, сонымен қатар, минералдық шикізаттарды өңдеудің теориялық негіздерін жасауда да біршама кемістіктердің болуында. Соңғы кезге дейін зерттеушілер мен технологтар минералдардың сулы ерітіндіде еруі туралы эмпирикалық ізденістерге сүйеніп келді. Бұл ізденістердің физика-химиялық, яғни кейбір жекеленген деректері ғана болмаса, теориялық негіздерін таппаған. Ендеше, бұғанға дейін күрделі тұрмақ, тіпті қарапайым реакцияның жылдамдығын күні бұрын болжайтын теориялар болмаған. Осыған байланысты гидрохимиялық жағдайда табиғи минерал мен бейорганикалық материалдарды болжаудың жаңа ғылыми қағидаларын іздестіру керек еді. Ол үшін мұндай жағдайда сандық және сапалық мәліметтерге сүйене отырып, кезеңді болжау әдісін қолданатын теория жасау қажеттігі туды. Сондықтан қазіргі уақытта физикалық химия саласындағы негізгі проблема - ол минералдарды қатты заттардың реакцияға түсу қабілетін болжау теориясын құру мен бүгінде қолданылып жүрген және зерттелмеген бәсекелес реакцияның жылдамдығын болжау. Ондай теория болған жағдайда гидрохимиялық күрделі үдерістерді (гидрометаллургия, химиялық технология, флотация, химиялық байыту, т.б. өндіріс салаларында) жасау аз уақыттың ішінде меңгерілмек.

Міне, осы шешімді табуда ҚазҰУ-дің физико-химиялық кафедрасының профессоры Хабибулла Құсайынұлы бірінші рет дүние жүзінде қатты заттарға арналған жаңа термодинамикалық функцияны - орташа атомдық энергия Гиббсының түзілуін ұсынды. Бұл функцияның маңызы – тек қана минералдардың реакцияға түсу қабілетін болжап ғана қоймай, яғни, тәжірибе жүргізбей-ақ, зертелмеген бәсекелес реакциялардың еру жылдамдығын болжай алады. Ол жаңалығын профессор, ұлы ғалым Гиббстің атымен атайды. Оспановтың теориясы, тұжырымдамасы тұрақты әрі ғылыми түрде негізделгендіктен қай еріткіште еритінін, ерімейтінін болжап айтып береді. Мұны қазірдің өзінде ғалымның көзі тірісінде-ақ жеті тепе-теңдік “Оспановтың ара қатынасы” деп атап кетті. Өйткені, ол өндірісте, әсіресе, түсті және асыл металлургияда, кен байытуда металды шикізаттан алу жолында аз уақыт кетіріп, өңдеу жұмысын қысқартып, үлкен экономикалық пайда әкеледі. Осы ашқан жаңалығы үшін 2003 жылы Ресейдің ҒЖААӨХҚ-ы проф. Х.Қ.Оспановты №283 дипломы мен күміс медальмен марапатайды.



ЕКІНШІ ЖАҢАЛЫҚ

Ғалымның екінші ашқан жаңалығы да өте күрделі. Оны бұрын Канаданың белгілі ғалымы Мажим Петерс сапалы түрде ғана көрсеткен. Мәселен, екі сульфид табиғатта ылғалды жерде кездессе, екеуінің ортасында гальваникалық эффект пайда болады. Яғни, біреуі – оң, екіншісі – теріс потенциал болған жағдайда, біріншісі екіншісін еріткіштің көмегінсіз-ақ ерітіп жібереді. Осы керемет қасиет одан әрі зерттелмей, дамымай қалған. Яғни, оның қай уақытта пайда болатыны, негізгі себебі, оның тиімділігін қалай жоғалтпау немесе қалай өсіру керек, онда жалпы басқару қағидалары бар ма, жоқ па, ол жағы жан-жақты жете анықталмаған. Міне, осы қасиеттерді Хаби аға бірінші рет зерттеп, соның саналы заңдылығын, сондай-ақ, қос сульфид арасындағы гальваникалық тиімділікті реттестіріп отыратын жалпы қағиданы бірінші рет ұсынып, теория ашқан. Міне, осы жаңалығы үшін 2004 жылы аталмыш беделді ұйым екінші рет қазақ ғалымына № 255 диплом мен алтын медаль тапсырады.



ҮШІНШІ ЖАҢАЛЫҚ

Биыл 2009 жылы Ресейдің аталмыш қауымдастығы проф. Оспановқа үшінші рет ғылымда ашқан үлкен жаңалығы үшін №373 дипломы мен алтын медалын қоса берді. Бұл жаңалықтың маңыздылығы - келтірілген химиялық ұқсастық арқылы қатты заттардың реакцияға түсу қабілетін болжау және бәсекелес реакцияның ретті түрде жүруін болжау, ең бастысы - қатты заттарға (минералдарға) таңдамалы керекті еріткіштерді болжаудың физико-химиялық негіздері мен жалпы қағидаларын ұсынуы. Мысалы, алтынды ерітуге қандай еріткіштердің тиімді екенін осы келтірілген химиялық ұқсастық арқылы табуға болады. Проф. Оспановқа дейін бұл мәселелер шешілмеген. Химиялық ұқсастық тек сапа түрінде қолданылатын. Егер сол химиялық ұқсастықтың белгісі теріс болса, реакция жүреді, егер оң болса жүрмейді деп болжайтын. Профессор Оспанов сол химиялық ұқсастыққа жаңа сапа берді. Жоғарыда айтқандай, бұл жаңалықта Х.Оспанов бірнеше проблемаға ойдағыдай тиісті жауабын беріп, технолог зерттеушілерге зерттеу жұмысына жеңілдік әкеліп, жаңа технология табуда көп уақыт кетірмейтін сан түрінде (количественный) әдіс ұсынды. Сонымен, берілген реагент-еріткішпен әр түрлі минералдар мен бейорганикалық материалдардың әр түрлі дәрежеде әрекеттесетін заңдылығы мен негізі көрсетілді. Ең керемет қасиеті, осы келтірілген химиялық ұқсастық арқылы ұсынылған болжаулар эксперимент арқылы дәлелденді. Бұл жаңалық көптеген ғылыми-зерттеу институттарында және жоо-ында, кейбір өндірісте қолданылуда.



ҒЫЛЫМ ЖОЛЫ – ҚИЫН ЖОЛ

Нағыз ғалым үшін «ғылымға кірер жол бар да, шығар жол жоқ» деген қағида рас шығар. Ғалым Оспановтың кандидаттық жұмысы да, докторлық диссертациясы да ашқан жаңалықтарының негізі, бастамасы болатын. Қашанда болашағы бар жаңалықтың тағдырының қиын болуы, ол заңдылық. Содан да шығар, ол кісіге докторлықты екі рет қорғауға тура келген. 1974 жылы алғашқы докторлығын өте сәтті қорғағанмен, артынан домалақ арыз түсіріп, ВАК-тан қайтарады. Шәкіртінің Қазақстанда оңайшылықпен қорғай алмайтынын білген бүкіл жастардың кемеңгер ұстазы, белгілі ғалым, Қазақ ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор Батырбек Бірімжанов (Баташ аға) оны Мәскеуге Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институтына докторантураға жібереді. Сөйтіп, 1979 жылы екінші рет КСРО ВАК-тың ұсынысымен Новосібірдегі академия қалашығында тамаша қорғап шыққанмен, арыз тоқтамайды. Ақыры әділдік іздеген ғалымның еңбегін бағалаған ресейлік ғалымдар олай болса деп докторлық дипломды Мәскеудегі сараптамалық кеңесте тапсырады.

1983 жылы ҚазМУ-дың ректоры Ө. Жолдасбеков пен Баташ ағасы екеуі үлкен сеніммен физикалық химия және электрохимия кафедрасына меңгерушісі етіп тағайындайды. Сол кафедраны 20 жыл басқарып, 45 ғылым кандидаты мен 5 ғылым докторын табыспен қорғатады. Олардың арасында Киев, Мәскеу, Сирия, Монғолия, Қытайдан да ғалымдар дайындайды. Мұны бүтін бір ғылыми мектеп десе де болғандай. Физикалық химиядан 20 кітап, оның 2-уі оқулық (қазақша оқулығы 42 баспатабақ), қалғаны оқу-әдістеме, монографиялар, жалпы саны мыңнан аса еңбек жазады. Әрине, химиядан оқулық жазу оңай емес. Қазір соларды Қазақстанның, Ресейдің жоо пайдалануда. Ресейліктер оқулықтың үшінші басылымын қайта шығарды. Бұл, әрине, тек ғалым үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен мәртебе болса керек.

Әдебиет пен өнер саласындай емес, нақты ғылымда ашқан жаңалық, жетістіктеріңді таныту, мойындату оңайға түспейді. Өйткені, көпшілігі түсінбейді. Десек те, Хабекеңді Қазақстанда өте жақсы бағалаған академик-ғалымдар Е.Е.Ерғожин, Д.В.Сокольский, Е.А.Букетовтер болды. Ал ресейлік ғалымдар бірден жақсы қабылдады. Сол кездегі танымал ғалым КСРО ҒА-ның физикалық-химия институтының директоры, осы саланың “құдайы” деуге де болады, академик В.Спицин, КСРО ҒА-сы жанындағы физикалық-химия және бейорганикалық заттар технологиясы бөлімшесінің бастығы, академик-хатшы Н.Жаворонков, әрі өзі докторантурада оқыған Ресейдің ең бірінші техникалық білім ордасы саналатын Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институты еңбегінің жаңалық екенін мойындаған соң, 1985 жылы қазіргі Ресейдің ғылыми жаңалықтар ашушы авторлар мен өнертапқыштар халықаралық қауымдастығына жаңалық ретінде тапсырады. Бірақ, осындай үлкен ғалым-академиктердің жазған пікіріне қарамай, қауымдастық 1987 жылдың басында еңбегін қайтарып береді. Өйткені, атақты Желтоқсан оқиғасының ушығып тұрған кезі. Сонда Баташ ағасы: “Хаби, сен асықпа, саяси ахуал түзелсін, бізге көзқарастары оңалсын, тағы да біраз тәжірибемен дәлелде, теориялық жағын одан әрі байыт, сосын ұсынамыз” деп ақыл қосты. Тек 2001 жылы ҚазМУ-ның бірінші проректоры, профессор З.А.Мансұров өз жаңалығы үшін аталмыш қауымдастықтың дипломы мен күміс медаліне ие болғанда барып, Хабеңнің есіме түсіп, келесі жылы сол жаңалығын қайта ұсынады. Оғанға дейін 1993 жылы Мәскеудегі халықаралық байқауға қатысып, жеңіп алған еңбегін Ресейдің “Недра” журналы жариялайды. Содан кейін монографияны ағылшын тіліне аудартып, шетелдің осы саладағы ең көрнекті ғалымдарының пікірін білу мақсатында АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Белгия, Англия, Израильға жібереді. Барлығынан «жаңалық» деп танылғаны жайлы өте жақсы пікірлер келеді. Ең қуаныштысы, Нобель сыйлығының иегері, Халықаралық физикалық химия институттың директоры, әрі Бельгиядағы “Термоцентрдың” директоры, ұлы ғалым Илья Пригожиннің, Израильдің Ғылым министрі, сонымен бірге АҚШ Президентінің ғылым жөніндегі кеңесшісі қызметін қоса атқарып жүрген бұрынғы Ресей ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор О.Фиговскийдің пікірлері еді. И.Пригожин өз есебінен бір айға дәріс беруге институтына шақырады. Бірақ 1996 жылы күрделі операция жасалуына байланысты бара алмайды. Кейіннен ғалым француз тілінде шыққан кітабын жібереді. Бір қызығы, американдық ғалым-профессор Майнц мұның металлургия өндірісінде аса қажетті жаңалық екенін айта келіп, «егер сіз келіссеңіз, кітапты Америкада бірігіп шығарсақ, бірақ соавтор болсам» деген ұсыныс та жасайды. Әрине, оған келіспейді.

Бір ерекше айта кетерлігі, жалпы Қазақстан мемлекет болғалы барлық саланы қосқанда әлем мойындаған алты ғана жаңалық ашылған. Оның өзі егемендік алғаннан кейін. Біріншісін, үлкен ғалым, Шымкент химия-технология институтының профессоры Оразалы Балабеков, екіншісін, жоғарыда айтқан химиялық физикадан профессор Зұлқайыр Мансұров, ал үшіншісін Бектұров атындағы Химия институтының проф. Т.Жұмаділов, И.Сүлейменов және ҚазҰУ-дың проф. А.Мун, төртінші, бесінші, алтыншысын проф. Оспанов ашып отыр. Бұл ең алдымен, еліміздің жоо-ның, оның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия ғылымы саласындағы қол жеткізген ірі табысын көрсетсе керек.

АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙ ӘКЕЛЕДІ

Бүгінде жасы 75-тен асқан ғалымның өмірден түйіп, көз жеткізгені – адам маңдай тер төгіп, адал еңбектенуден танбаса, құрмет те, атақ та кеш болса да өз иесін іздеп табады екен. Бір ғана мысал. 1998 жылы ойда жоқта Англияның королдық академиясынан Хабекеңнің үйіне хат келеді (Англияда өткен халықаралық конференцияға қатысқанда жарияланған еңбегі арқылы тапқан болуы керек). Жалпы, ол кісі шетелден өте көп хат алады. Бірі мақаласын, бірі монографиясын сұраса, кейбіреулері бірігіп жұмыс істеуге шақырып жатқаны. Көп хатқа жауап беруге уақыты болмағандықтан, кейде оқып қоя салатын. Бұл жолы бір топ хатты ашпай-ақ қоқыс жәшікке тастай салады. Екі-үш күннен кейін қызына шетелден келген бір хат қажет болып іздесе, таба алмайды. “Балам, мүмкін мен тастап жіберген шығармын, жәшікті байқашы” дейді. Сол қағаздардың арасынан қызының көзі көлемді конвертке түсіп, ашып оқыса: “Оспанов мырза! Сізді халықаралық алтын медальға ұсынуды ұйғардық, 25 мың фунтстирлнг сыйлығы бар. Соған тезірек мінездеме, өзіңіз туралы мағлұмат керек” деп бланкілерін қоса жіберіпті. Әрине, қызы әкесінің бұл енжарлығына қатты ренжиді. Дереу университетке халықаралық қатынастар бөліміндегі профессор Н.Бүркітбаевқа хабарлайды. Сол кездегі ректор К.Нәрібаев мінездеме жазып, құжаттарды ағылшынша аудартқанша бір күн өткізіп барып, ертесіне жібереді. Сөйтіп отырғанда “Құжатыңызды кеш жіберуіңізге байланысты, сыйлық Австрия ғалымына берілді” деген жеделхат келеді. Әрине, өкінішті. Өкініштісі, оның мол ақшасы емес, қазақ ғалымын мойындап, танығаны керек еді. Осыдан кейін 2001 жылы Англиядан “ХХІ ғасырдың көрнекті ғалымына” сізді ұсындық, кітапқа суретіңізді, өзіңіз туралы мағлұмат жіберіңіз” деген тағы да хат келеді. Уақыт тым аз болғандықтан, суретке түсіп үлгермей, тек өзі жайында деректерді дереу жібереді. Біраз уақыттан кейін сырты керемет оралған кітап та, аты-жөні жазылған платиналы медаль де келеді.



«АТА-АНА АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШТАН ҰСТАЗДЫҢ БОРЫШЫ БІР КЕМ ЕМЕС»

«...Әрине, ата-ананың парызын өтеу бала үшін мүмкін емес. Бірақ, қолымнан келгенше ол парызды адал өтеуге тырыстым. Екінші қарыздар адамым, ұстазым, екінші әкемдей болған Баташ аға. Докторлығымды қорғаған соң КСРО ҒА-ның жанындағы Сібір академиясының академик-хатшысы Боресков осы жұмысымды бағалап, қызметке шақырды. Мақтанғаным емес, мұндай жұмыс тек Қазақстанда ғана дамыды. Коттедж үй де, Гидроцветмет институты директорының орынбасарлығы қызметін де ұсынды. Тіпті, вице-президент Д.В.Сокольскийге телефон соғып, рұқсат сұрапты. Баташ ағаға келсем: “Сені Ресейге жіберу үшін шақырған жоқпын. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген, менің рұқсатым жоқ”,- деді. Жалпы маған ректор, декан, проректор, өндіріске басшылық қызметтер көп ұсынылды. Бірақ, Баташ ағаның сол сөзінен кейін еш жаққа алаңдамадым. Бәлкім, ұстаздың ғылымға деген қабілетімді байқағаны шығар, қасынан ешқайда жібергісі келмеді. Олай дейтінім, қанша беделді ғалымдар бола тұра, ректор Ө.Жолдасбековке айтып, кафедраны қолыма тапсырды. Бірінші рет докторлығымды қорғай алмағанда қапаланғанын айтпаңыз. Екінші рет қорғанда қашан келетінімді сұрап, зайыбыма телефон шалып, жігіттермен аэропорттан қарсы алмақ болған. Оны ұят көріп, «Павлодарға елге соғады» деп айтқыздым. Қандай адамгершілік, қандай қарапайымдылық десеңізші. Болмаса ол кісінің ешқандай туысы, жақыны, тіпті ешкімі де емеспін. Менен де талантты адамдар болды, бірақ олар Баташ ағадай адамның қамқорлығын көріп, ондай ортаға түсе алмады. Ал мен тек сол кісінің қамқорлығының арқасында ғана осы жағдайға жеттім. Ол кісі химфактың химфак болуына, қазақ жігіттерінің өсуіне өлшеусіз еңбегін аямаған адам. Химфактан шыққан 70 доктордың бүгінде сонда жұмыс істейтін 45-інің барлығы сол кісінің түлектеріміз. Қазіргі таңда осы саланың өсіп, өркендеп жатуы сол жылдарғы мықты ғылымның екпіні. Бүгінде ҚазҰУ-нің химия факультетінде таланты ғалымдар өте көп. Мен айтар едім, олардың әрқайсысы өз алдына жеке тұлға. Мысалы, К.Мұсабеков, Ж.Әбілов, марқұмдар А.Сармурзина мен Ш.Ахметовалар, Р.Матакова, М.Бүркітбаев, М.Танашова, Ж.Қайырбеков, Г. Қуанышева, т.б. Мәселен, профессор Бүркітбаев радиациялық мәселе жөнінде 500 мың доллар грантты НАТО-дан алып отыр. Ойлаңыз, кафедраға жарты миллион доллар әкелу не деген керемет. Айтар едім, жалпы химфакта істеу бір бақыт. Бірақ оған кіру де оңай емес. Міне, біздер осындай ұстазы болған бақытты ұрпақпыз. Бірақ, ол кісі де бақытты еді. Өйткені, бір шәкірті алдын қия өтпеді, адал болуға тырысты. Сондай шәкірттері профессорлар З.А.Мансұров, Ж.Әбілов Халықаралық ИНТАС қаржылық органының мүшесі болғанда Бірімжановтың құрметіне химиктердің халықаралық сьезін өткізді. Екінші сьезді талантты ғалым Е.Мәмбетқазиев, үшіншісін К,Құлажанов, Ж,Әбілов атқарды. Осылайша, ұстаз әруағын сыйлап, құрметтеуді дәстүрге айналдырдық. Екінші, үшінші жаңалықты ашуға көп жағдай тудырып, жақсылық жасаған проф. А.Бірімжановтың талантты оқушыларының бірі химия факультетінің деканы болып істеген проф. Жарылқасын Әбілов еді. Тағы бір ескеретін жағдай, үшінші жаңалықтың дипломы мен алтын медалін университеттің ректор Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов және ректордың ғылым жөніндегі проректоры Нұрлан Темірбековке көрсеткенде, ол кісілер қатты қуанды. Ректорымыз былай деді: «Хабеке! Осы үш жаңалықтың мазмұнын студенттер мен факультет оқытушылары түсінгенше, жұмыс істей бересіз», - деді ректор.

«ЖАҢАЛЫҚ АШҚАҢЫЗДЫ ҚАЙТЕЙІН, ІС ЖҮЗІНЕ АСПАСА...»

Хаби аға одақ кезінде көп жылдар Ресейдің әскери-өндірістік кешенінде бірігіп жұмыс жүргізген-ді. Олармен келісімшартпен істегендіктен солардың проблемаларын шешті, өз жаңалығын қолданды. Сол ғылыми жаңалықтары үшін ВДНХ-ның күміс, қола медалын алды. Егер бүгінде ғалымның 115 авторлық куәлік пен патенті болса, соның 20-ы өндірісте қолданылуда. Мәселен, Алматы зергерлік зауытында, Балқаш, Жезқазған, Мәскеудегі химия зауыттарында іске асуда. Сол еңбегі бағаланып, 1976 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнертапқышы деген Құрметті атақ берілді. Баласы Асқар екеуі алтын алуда улы циан затын қолданбайтын тамаша технология ойлап тапты. Бұғанға дейін алтынды алуда осы зиянды әдіс қолданылған. Тіпті, оның зияндылығынан кезінде қолдануды тоқтату үшін кеңес үкіметі арнайы қаулы да шығарған. Ыстықкөлге төгілген циан затының оқиғасын бәріміз білеміз. Дегенмен де, цианды қосып барлық рудадан алтынды ала бермейді. Әсіресе, халькопирит, пирит, арсенопиритпен байланысты түрде қосылған алтындарды еріте алмайды. Сондықтан, халық шаруашылығында, металлургияда ең бір шешілмеген мәселе осы цианның орнына қауіпсіз еріткішті табу болатын. Пәлен жыл алтын өндірісінде істегенде алдына осы мақсатты қойған Хабекең тапқан жаңа әдісін бірнеше лабораториялық, жартылай өндірістік сынақтан өткізеді. Ендігі ойы, жаңа әдісті бірінші рет өз елімізде қолдансақ дейді. Бірақ, қазір көптеген өндіріс басшылары шетелдіктер болғандықтан, маңайына да жолатпайды. Олар біздің алтын өндірісімізге американдық, канадалық мамандарды шақырғанмен, бірі циансыз ерітетін еріткіш таба алмайды. Ақырында кетіп тынады. Ал мұны біз тапқанмен, бірақ алтын өндірісінің басшыларымен тіл табыса алмай жүргені. Олар жүріп жатқан өндірісті тоқтатқысы, эксперименттік базалар арқылы тексеріп қолданғысы келмейді. Өз ғалымдарымыз тапқан әдістерді өзімізде қолдана алмау - біздің үлкен кемшілігіміз. Жалғыз проф. Оспанов емес, осындай әдістерін қолдана алмай жүргендер қаншама. Бір айта кетерлігі, тек қана Өскемендегі мырыш комбинаты осы әдісті жақсы қабылдап, өздерінің руда, концентраттарын берген. Қазір соны тексеру үстінде. Осы жаңалығымызды біліп Австралия, Англия, Қытай, дүние жүзінде алтын алу жолындағы мықты Оңтүстік Африка елдері бізбен хабарласып, араларында әңгіме де жүрген. Англия мен Қытайға келісім бермегені, бірінші “ноухауды” білгісі келген. Оңтүстік Африкадан да маман келген. Соған қарағанда жаңалықты Қазақстаннан гөрі шетелдіктер бірінші болып қолданып кете ме деген қауіп те емес.



Жақында көп жылғы еңбегінің қорытындысын, соның ішінде он екі патент пен авторлықтың нәтижесін «Майқайың» алтын өндіріс орны сирек кездесетін және асыл металдардың экологиялық, экономикалық жағынан тиімді жаңа технологиясын өз өндірістерінде қолдануға қатынас құжат жазып, келісім берді. Бірақ, жаңа технологияның тезірек жүзеге асуы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі, оның ішінде Ғылым жөніндегі мемлекеттік комитеттің қаржылай қолдауы керек болып отыр. Өйткені, бұл комбинатты – алтын өндірісін Ресей мемлекеті уақытша сатып алған. Олардың жаңа технологияны енгізіп, қолдануға қаражаттары жоқ.

... Иә, жақсының аты ортақ деген. Зерделі зерттеуші, білікті ұстаз әсіресе, түсті металлургия, кен байыту өндірісінде және геохимияда аса маңызы зор жаңа теорияны ашқан аса білгір ғалымның бұл қуанышы елге ортақ. Бүгінгідей уақыт талабында “шытырман”, "ми ашитын» химия саласында үш бірдей жаңалық ашып, бүгінгідей ешкімді қызықтыра, таңқалдыра қоймайтын уақытта дүние жүзі ғалымдарын мойындату оңайға түскенде, өзімізде мойындау қиынға соғып тұрғаны өкінішті-ақ...

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет