Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесiн бекiту туралы



жүктеу 63.27 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі63.27 Kb.




№ исх: 13-1/797-ВН от: 12.12.2012

"Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 9 қарашадағы № 1113 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 13 сәуiрдегi № 455 Қаулысы


"Егемен Қазақстан" 2012 жылғы 21 сәуiрдегi № 172-177 (27251); "Казахстанская правда" от 21.04.2012 г. № 112-113 (26931-26932); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 43, 575-құжат;


      «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының 4-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. «Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 9 қарашадағы № 1113 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 40, 562-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды және сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыруына рұқсаттар беру қағидаларын бекiту туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса берiлiп отырған Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды және сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыруына рұқсаттар беру қағидалары бекiтiлсiн.»;
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды жүзеге асыруына рұқсаттар беру ережесi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                              К.Мәсiмов

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң     
2012 жылғы 13 сәуiрдегi
№ 455 қаулысына  
қосымша      

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң     
2005 жылғы 9 қарашадағы
№ 1113 қаулысымен 
бекiтiлген    

Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды және
сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметтi
жүзеге асыруына рұқсаттар беру қағидалары

Жалпы ережелер

      1. Осы Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн кемелердiң каботажды және сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыруына рұқсаттар беру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының 4-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес әзiрленген.


      2. Осы Қағидалардың әрекетi шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзетiн (бұдан әрi – шетелдiк кемелер) және Қазақстан Республикасының теңiз порттары арасындағы қатынаста, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңды құзырындағы жүк тиеу портынан (пунктiнен) түсiру портына (пунктiне) дейiн тасымалдау мен сүйретiп жүзудi, сондай-ақ Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторы шегiндегi сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыратын кемелердiң барлығына қолданылады.
      3. Шетелдiк кемелердiң каботажды және сауда мақсатында теңiзде жүзуге байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыруына рұқсатты (бұдан әрi – рұқсат) Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) бередi.
      4. Рұқсат мамандандырылған кемелердi тарту қажет болған немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын көтерiп жүзетiн кемелердiң құрамында осы мақсаттар үшiн шетелдiк кеме тартылатын қызметтi жүзеге асыруға мүмкiндiгi бар ұқсас түрдегi бос кемелер болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасында белгiленген тәртiппен тiркелген тек жеке және заңды тұлғаларға рұқсат берiледi.
      5. Рұқсат әрбiр шетелдiк кемеге теңiз тасымалы (сүйретiп жүзу) шартында немесе тайм-чартерде көрсетiлген, бiрақ бiр жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
      6. Рұқсат алған кеме иесiне шетел кемесiн басқа кеме иесiне рұқсатта көрсетiлген кезең iшiнде кеме жалдау шарты негiзiнде одан әрi беруге жол берiлмейдi.

2. Рұқсатты беру тәртiбi

      7. Рұқсатты алу үшiн кеме иесi мiндеттi түрде мынадай мәлiметтердi көрсете отырып, еркiн нысанда өтiнiмдi бередi:


      1) кеменiң атауы, туы, тiркелген порты, сыныбы, үлгiсi мен мақсаты;
      2) кеменiң техникалық сипаттамалары (Халықаралық теңiз ұйымының сәйкестендiру нөмiрi, кеменiң жасалған жылы мен орны, кеменiң габариттiк көлемi, бас қозғалтқыштарының қуаты);
      3) кеменiң меншiк иесiнiң және иесiнiң деректемелерi:
      заңды тұлғалар үшiн – атауы, орналасқан жерi, қандай мемлекеттiң құқығы бойынша тiркелгенi, басқару органының мекенжайы;
      жеке тұлғалар үшiн – тегi, аты, әкесiнiң аты, азаматтығы, тұрған мекенжайы, паспортының деректерi;
      4) Қазақстан Республикасының заңды құзырындағы акватория шегiнде жүзу ауданын көрсете отырып, шетел кемесiнiң жоспарланған қызмет түрлерi;
      5) каботажды немесе сауда мақсатында теңiзде жүзумен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыру үшiн шетелдiк кеменi пайдалану мүмкiн болатын мерзiмдер туралы.
      8. Өтiнiмге мынадай құжаттар қоса берiледi:
      1) құрылтай құжаты және мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк (заңды тұлға үшiн), мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк (дара кәсiпкер үшiн), жеке басын куәландыратын құжат (жеке тұлға үшiн – паспорт немесе жеке куәлiк);
      2) кеме құжаттары (өлшем куәлiгi, сыныптау куәлiгi, кемеге меншiк құқығы туралы куәлiк немесе мұндай құқықты растайтын өзге де құжат, санитарлық куәлiк, жолаушы куәлiгi (жолаушылар кемелерi үшiн), кемелерден мұнаймен ластанудың залалы үшiн азаматтық жауапкершiлiктi сақтандыру немесе өзге де қаржылық қамтамасыз ету туралы куәлiк (мұнайды екi мың және одан көп тонна көлемiнде тасымалдауға арналған кемелер үшiн немесе кемеге меншiк құқығын растайтын өзге де құжат), тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi туралы полис (жолаушылар кемелерi үшiн);
      3) теңiз тасымалы (сүйретiп жүзу) шарты немесе тайм-чартер немесе соның негiзiнде шетелдiк кеме тартылатын өзге де құжат.
      Каботажды жүзеге асыруға рұқсат беру үшiн қажеттi барлық құжаттар не екi данада берiледi, олардың бipi – түпнұсқа, ал екiншiсi көшiрмесi болуы тиiс не нотариалды расталған көшiрмелерi берiледi. Түпнұсқа тiркелгеннен кейiн құқық иеленушiге қайтарылады.
      Бұл ретте шет тiлiнде орындалған құжаттар мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiне нотариалды куәландырылған аудармамен бiрге ұсынылады.
      9. Қоса берiлетiн құжаттармен бiрге өтiнiм Министрлiкке почта байланысы арқылы жiберiледi немесе қолма-қол берiледi.
      10. Өтiнiмдi қарау өтiнiм алынған және кiрiс хат-хабарлар журналында тiркелген күнiнен бастап жүзеге асырылады.
      11. Министрлiк өтiнiштi қабылдағаннан және күнтiзбелiк үш күн iшiнде ұсынылған мәлiметтер мен құжаттардың толықтығы анықталғаннан кейiн келiп түскен өтiнiш туралы ақпаратты ресми сайтқа орналастырады.
      12. Егер келiп түскен өтiнiш Министрлiктiң сайтына орналастырылған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын көтерiп жүзетiн кемелердi пайдаланатын қазақстандық кеме иелерiнен мақсаттары үшiн шетелдiк кеме тартылатын қызметтi өздерiне тиесiлi кемелермен жүзеге асыру мүмкiндiгi туралы ақпарат түспесе, мұндай мүмкiндiк жоқ деп есептеледi.
      13. Шетелдiк кемеге рұқсат өтiнiмi қарауға қабылдаған сәттен бастап күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрiлмей берiледi.
      Берiлген рұқсат туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Кедендiк бақылау комитетiне жiберiледi.
      Берiлген рұқсаттарды есепке алуды Министрлiк шетелдiк кемелерге берiлген рұқсаттарды есепке алу журналында жүргiзедi.
      14. Рұқсатты беруден:
      1) осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетiлген мәлiметтер мен құжаттардың көшiрмелерi толық көлемде ұсынылмаған;
      2) егер рұқсатты алуға өтiнiммен кеме иесi немесе оның өкiлi болып табылмайтын адам өтiнiш жасаған;
      3) өтiнiмде көрсетiлген мәлiметтер дұрыс емес;
      4) өшiрiп, тазартылған не қосып жазылған сөздер немесе оларда өзге де келiсiлмеген түзетулер, қарындашпен орындалған құжаттар, сондай-ақ мазмұнын бiржақты түсiнуге мүмкiндiк бермейтiн түзетулерiмен құжаттар бар болған;
      5) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетiлген негiздер болмаған;
      6) кеме құжаттарының қолданылу мерзiмдерi және кеменi жыл сайын техникалық куәландыру мерзiмдерi өтiп кеткен;
      7) теңiз тасымалы (сүйретiп жүзу) шарты немесе тайм-чартер немесе негiзiнде шетелдiк кеме тартылатын өзге де құжаттың мерзiмi аяқталған;
      8) кеменiң теңiзде жүзу қауiпсiздiгi талаптарына сәйкес келмеуi көрсетiлген негiздемелер болған;
      9) кеменiң жасалғанына 20 жыл және одан жоғары болған жағдайларда бас тартылады.
      15. Рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн шетелдiк кеме Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиiс, бұл туралы үш жұмыс күнi iшiнде Министрлiкке және осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетiлген мемлекеттiк органдарға хабарланады.

3. Берiлген рұқсатты ұзарту және күшiн жою

      16. Қазақстан Республикасының аумағында шетел кемесiн пайдалануды ұзартқан жағдайда кеме иесi рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр ай бұрын Министрлiкке ұзарту негiздемесiн көрсете отырып, өтiнiм жiбередi.


      Өтiнiмнiң мазмұны, оны қарау тәртiбi және рұқсатты беру мерзiмдерi осы Қағидалардың 2-тарауында белгiленген.
      Рұқсат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң рұқсаты болған жағдайда екi реттен астам ұзартылады.
      17. Рұқсат мынадай жағдайларда жойылады:
      1) шетел кемесi экипажының кiнәсынан авариялық жағдайдың туындауы (мұндай шешiм авариялық жағдайды тексеру бойынша қорытынды негiзiнде қабылданады);
      2) шетелдiк кемедегi авариялық жағдай туралы айғақтарды жасыру (бұл жағдайда кеме иесiне үш жыл iшiнде шетелдiк кемелердi тартудан бас тартылады);
      3) шетелдiк кеменi басқа кеме иесiне беру, оның iшiнде кеме жалдау шарты негiзiнде беру.
      Барлық жағдайда рұқсатты жою және шетелдiк кеме бортындағы жүктi алушыға жеткiзгеннен кейiн Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын дереу босату қажеттiгi туралы хабарлама тiкелей кеме иесiне немесе оның өкiлiне берiледi не кеме иесiне почта немесе факсимильдi байланыс арқылы жiберiледi.
      Хабарламаның көшiрмесi Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне жiберiледi.
      Көрсетiлген хабарламалар рұқсатты жою үшiн негiздер туындаған сәттен бастап үш жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде жiберiледi.

Результаты согласования
12.12.2012: Оразбекова К. К. (Оразбекова К. К.) - - cогласовано без замечаний


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет