5. Сөздердің орын тәртібі. Бұл да - грамматикалық тәсілдердің бірі. Сөз түрлендіруші формалар жоқ немесе аз тілдерде сездердің, орын тәртібінің мәні айрықша. Ағылшын тілі мен қытай тіліңде сөздердің орын тәртібі - грамматикалық тәсілдердің ішіндегі басты тәсілдердің бірі. Мысалы: the Fathers loves son - әке сүй бала (әке баласын сүйеді). Мұндағы сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырсақ, сөйлем мүлде басқаша мағынаға ие болады. Мәселен, сөз баяндауыштың алдында тұрса - бастауыш, баяндауыштан соң тұрса — толықтауыш деген сияқты.
Міне, сөздердің орын тәртібі — грамматикалық мағына атқарады дегеніміз осы. Орыс тілінде де дәл осындай: Мать \ (бастауыш) любит (баяндауыш) дочь (толықтауыш). Дочь любит мать.
Сөздердің орын тәртібі түркі тілдерінде кейде анықтауыш пен анықталғыш сөздің жігін ажыратуға көмектеседі. Мысалы: сағат қалта - сағат салатын қалта, ал қалта сағат - қалтаға салатын сағат. Бұдан арыға бармайды, барса (инверсия) тек стильдік қызмет атқарады. Мысалы: Тарт қолыңды Шешенстаннан! Мұндайда сөйлем мүшелерінің табиғаты өзгермейді.
Француз тілінде септеу (склонение) жоқ. Сондықтан онда сөздердің орын тәртібі ең басты грамматикалық тәсіл ретінде қолданылады. Мысалы: Henri apple Alfert — Анри шақыр(ады) Альберт (ті). Болмаса керісінше.
6.Екпін тәсілі. Сөз екпіні тиянақсыз, яғни жылжымалы болса, ол да грамматикалық тәсіл ретінде қызмет атқарады. Екпін бір басқа буынға жылжыса, әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіреді. Мысалы: окна - жекеше, ілік септік (им.пад.), көпше, атау тұлғада; руки, ноги - руки, ноги дегендер де сондай.
Интонация тәсілі. Екпін сөзге қатысты болса, интонация — фразаға, сөйлемге қатысты болады. Интонациясына қарап, фраза сөйлем сұрау мәнінде ме, жоқ, байымдау, хабарлау немесе көтеріңкі (лепті) мәнінде ме? - дегенді білуге болады.
Мысалы: (зачет) тапсырдын ғой (байымдау, тұжырымдау).
Сынақты тапсырдың ғой (сұрау)? Кейде сөз тіркесі мен сөйлем де осылай ажыратылады. Мысалы: Ол студент (сөз тіркесі). Ол - студент (сөйлем).
Тілде ой екпіні (логикалық екпін) деген болады. Сөйлемдегі ой екпінінің түсуіне байланысты оның мән-мағынасы әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы: - Сен кітапты әкелдің бе? Ой екпініне байланысты жауап та әр түрлі болады: 1) — Иә, мен әкелдім,
2) Иә, кітапты (әкелдім). 3) Иә, әкелдім (кітапты). 4) Жоқ, әкелмедім (кітапты).
Сонымен, грамматикалық мағыналарды білдірудің тәсілдері алуан түрлі екен. Олар екі топқа бөлінеді: 1) синтетикалық тәсілдер (аффиксация, ішкі флексия, екпін, қосарлану), 2) аналитикалық тәсілдер (көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, интонация).
Синтетикалық тәсіл сөз ішінде болады, ал аналитикалық тәсіл сөздің сыртында болады.
Синтетикалық тәсілдер жиі қолданылатын тілдерді – синтетикалық тілдер, аналитикалық тәсілдер жиі қолданылатын - аналитикалық тілдер деп айтады. Синтетикалық тілдердің қатарына үндіеуропа, славян, түркі, маңғол тілдері жатады. Ал аналитикалық тілдерге ағылшын, болғар, дат, грек, француз тілдері енеді. Дегенмен, бұлардың көпшілігіне бұл екі тәсілдің екеуі де жат емес.
6.2. Грамматикалық формалар мен грамматикалық мағыналар
Біз жоғарыда грамматикалық тәсілдер туралы сөз еттік. Енді грамматикалық формалар мен грамматикалық мағыналар туралы сөз етпекпіз. Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формамен айтылады. Ал грамматикалық тәсіл грамматикалық мағынаны грамматикалық форма арқылы білдірудің жолы болып саналады. .
Тілдегі грамматикалық мағыналар грамматикалық формалар арқылы беріледі. Мысалы, "бірінші жақ формасы", "нақ осы шақ формасы", "шығыс септік формасы" дейміз. Олар жактық, шақтық,септік мағыналарын береді. Сөз қаншама формада қолданылса да, ол әр басқа сөз емес, бір сөз ретінде ұғынылады. Мысалы: ағаш+тың, ағаш+ты, ағаш+та, ағаш+тан, ағаш+пен т.б. Бұл жерде алты форма, бір-ақ сөз бар. Сөз формалары деп - сөздің лексикалық мағынасына қосымша грамматикалық мағыналарды жамайтын формаларды ғана айтамыз.
Бұл тұрғыдан жазу (писать), жазушы (писатель) дегендер бір сөздің формалары болып саналмайды, өйткені жазу - іс әрекетті көрсетсе, жазушы - жазуға бейім, жаза алатын адамды көрсетеді. Ал жақсы - жақсылық, келді — келеді — келсе десек, бұлар – грамматикалық формалар. Форма, әдетте, белгілі бір мағынаны білдіреді, мағынасыз форма жоқ. Ендеше, әр түрлі грамматикалық мағыналарды білдіретін сөз формаларын — грамматикалық формалар деп атаймыз. Мысалы ек, ексін, егейік - бұлар бір сөздің әр түрлі грамматикалық формалары. Ал ек, егінші, егіс - дегеңдер ек түбірінен жасалған әр қилы сөздер. Өйткені соңғылар әр басқа лексикалық мағыналарды білдіріп тұр. Формалардың ішінде біреуі негізгі, ал қалғандары туынды болады. Мысалы, атау септік - негізгі форма, қалған - туынды формалар. Туыңды формалар негізгі формалардан жасалады. Екінші жақ бұйрық рай формасы (жаз) — негізгі форма, ал ашық рай (жазды), шартты рай (жазса), қалау райы (жаз+ғы+м келеді) — туынды формалар.
Сөз формаларының екі түрі бар: 1) синтетикалық формалар, 2)аналитикалық формалар.
Сөздің синтетикалық формалары. Сөздің синтетикалық формалары аффиксация арқылы және ішкі флексия (дыбыстардың алмасуы) аркылы жасалады. Мысалы, стол - столы, ағыл. table (үстел) — tables (үстелдер). Бұл сөздердің көпше формалары аффикстер арқылы жасалып тұр. Аффиксация тәсілінің префиксация, инфиксация, суффиксация деген түрлері бар. Бұлар сөздің қай жерінен қосылатындығымен ерекшеленеді.
Қазақ тілінде сөздің формаларын жасайтындар — жалғаулар (көптік, тәуелдік, септік, жіктік). Мысалы: әке+лер+ің+нің дос+ы+мын. Жалғаулардың кейбіреулері сөз тудырушы қызмет те атқарады. Мысалы: бос+қа, теб+е+ген, жүр+е+сі+нен, еге+у, жайы+мен т.б.
Сөздің синтетикалық формалары ішкі флексия аркылы да жасалады. Мысалы: ағыл. man (ер, еркек) — men (ерлер, еркектер), gast (қонақ) — gaste (қонактар). Соңғы сөз әрі ішкі флексия, әрі аффиксация арқылы жасалған.
2) Сөздің аналитикалық формалары. Сөздердің аналитикалық формасы дербес (атауыш) сөз бен көмекші сөздің тіркесінен жасалады. Мысалы: келе жатыр. Бұл — екі сөздің тіркесі емес, форма емес, бір сөздің күрделі (аналитикалык) формасы; біртұтас грамматикалық бірлік. Кел дегенде лексикалық мағына бар, келе жатыр дегенде бұл жерде дербес лексикалық мағына жоқ. Ол алдыңғы толық мағыналы дербес сөзге тіркесіп, оған осы шақта мағына үстеп тұр. Бұл жағынан жатыр көмекші етістігінің кызметі келеді, келмек, келіпті, келген дегендердегі -е+ді, -мек, -іп+ті, -ген аффикстерінің қызметтерімен бірдей. Бұл аффикстердің қызметтері де - шақтық мағына туғызу. Орыс тіліндегі будет работать (келер шақ) деген де — аналитикалық форма. Ол сөзді работать — работал (өткен шақ) - работает (осы шақ) дегендермен салыстырсақ, бұл айтқанымыз дәлелдене түседі.
Көмекші сөз өзінің грамматикалық табиғаты мен қызметі жағынан сөз түрлендіруші (форма тудырушы) морфемаға барабар қызмет атқарады. Ал аналитикалық конструкцияның формасы атауыш сөздің (бір сөздің) формасы болып саналады. Аналитикалық конструкция лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да ажыратылмайды. Өйткені келе жатыр дегендегі осы шақтық мағына мен буду работать дегендегі келер шақтық мағына жатыр, буду көмекші етістіктерімен емес, олардың кел, работать деген атауыш сөздермен тіркесуі арқылы беріледі. Яғни грамматикалық мағына олардың тұтасқан тіркесі арқылы пайда болады және олар даяр түрған үлгі бойынша сөйлеу кезінде жасалады. Сондықган да оларды тұрақты тіркестердің қатарына жатқызуға болмайды (олар аналитикалық формалар).
Аналитикалық конструкция - даяр тұрған аналитикалық (яғни даяр тұрған элемент) арқылы жасалады. Ол аналитикалық формант - көмекші сөз. Яғни дербес сөз даяр тұрған көмекші сөзді қабылдайды. Сөйтіп, аналитикалық форма жасалынады. Сөздің аналитикалық формасы бір бүтін мағынаны білдіреді.
Қорыта айтқанда: Сөз әр түрлі формаларға ие. Ол формалар грамматикалық мағыналарды білдіреді. Сөз формаларының екі түрі бар: бірі - сөздердің синтетикалық формасы, екіншісі - сөздердің аналитикалық формасы.
6.3. Грамматикалық категориялар
Грамматикалық категория грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен тығыз байланысты. Өйткені, біріншіден, мағына грамматикалық категорияның элементі ретінде өмір сүреді, соның кұрамына кіреді. Екіншіден, қандай да бір граммакалық категория болсын, ол кемінде екі түрлі формада көрінуі мүмкін. Мысалы, бір ғана септіктің формасы өздігінен септік формасын кұрай алмайды. Септік категориясы болу үшін, тілде атау септіктен басқа ілік, барыс, жатыс, табыс т.б. септіктердің болуы шарт. Сонда ғана септік категориясы грамматикалық категория ретінде таныла алады. Жақ (1-жақ, 2-жақ, 3-жак) категориясы, шырай (жай, салыстырмалы, күшейтпелі шырай) категориясы туралы да осыны айту керек. Сөйтіп, грамматикалық категория біртектес грамматикалык категорияларды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады. Мұндағы біртектес грамматикалык мағыналар дегеніміз не? Ол — "бір грамматикалық категорияның жалпы мағынасы (әрбасқа емес) біреу ғана", - деген сөз. Мысалы, шақ категориясы шақ, өткен шақ, келер шақ формаларында көрінгенімен, олардың жалпы мағынасы біреу ғана, яғни шақтық (мезгілдік, уакыттық) мағына. Біртектес шақтық мағыналар әр түрлі грамматикалық формалармен беріліп, жалпы грамматикалық шақ категориясын құрап тұр. Еңдеше, "осы шақ категориясы", "өткен шақ категориясы", "келер шақ категориясы" деп атау қате. Ондай категориялар жоқ, бір ғана "шақ категориясы" деген бар. "Өткен шақ", "осы шақ" дегендер - грамматикалық мағыналар. Олардың әрқайсысына тән өзіңдік формалары болады. Шақ категориясы бір шақтан емес, күллі шақтардың мағыналары мен формаларының жиынтығынан құралады.
Бұған қарап, белгілі бір грамматикалық категорияға кіретін грамматикалық мағыналардың бір-бірінен айырмашылықтары жоқ екен деп қалуға болмайды. Олардың айырмашылықтары да, ұқсас (ортақ) жақтары да бар. Мысалы, жақ категориясына енетін 1- 2-жақ, 3-жақ дегендердің ұқсас жағы - жақтық мағынасы. Ал айырмашылықтары - 1-жақтың - "мен", 2-жақтың - "сен", 3-жақтың — «ол» дегендерді білдіретіндіктері.
Сөздің бір формасы бірден бірнеше грамматикалық категорияны білдіруі мүмкін. Мысалы: жазғыз деген сөздің формасында 3 түрлі грамматикалық категорияның элементтері бар. Олар: бүйрық рай, екінші жақ, өзгелік етіс. Бұған керісінше, бір грамматикалық категория әр түрлі формалармен беріле беруі мүмкін. Мысалы: студент+ке, студенті+не, студентім+е дегендердегі бір ғана барыс септігі әр түрлі формалармен (-ке, -не, -е) берілген. Бірақ бұлар әр басқа категориялар емес, бір ғана септік категориясы. Күшейтпелі шырай да бірде синтетикалық тәсіл арқылы (кып-қызыл), бірде аналитикалық тәсіл арқылы (өте қызыл) деп беріледі. Формаларына қарап оларды әр түрлі категория екен деп қалуға болмайды. Белгілі бір грамматикалық категорияның дүние жүзіндегі барлық тілде болуы шарт емес. Ол грамматикалық категория бір тілде болғанымен, екінші тілде болмауы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде бір вид (совершенный вид, несовершенный вид) категориясы неміс, француз тілдерінде кездеспейді. Немесе казақ тіліндегі тәуелділік категориясы орыс тілінде (славян тілдерінде) жоқ. Грамматикалық род категориясы орыс, неміс, француз тілдерінде бар, бірақ ол ағылшын тілі мен түркі тілдерінде ұшыраспайды.
Белгілі бір грамматикалық категория әр тілде әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін. Мысалы, араб тілінде 3 септік болса, орыс тілінде 6, қазақ тілінде - 7, эстон тілінде — 14 септік бар. Грамматикалық етіс категориясы көптеген тілдерде бар. Бірақ оның өзгелік етіс (каузатив) түрі түркі тілдері мен француз тіліне ғана тән. Ол славян тілінде кездеспейді. Орыс тілінде род категориясының үш түрі болса, француз тілінде оның екі-ақ түрі бар (онда средний род жоқ). Бұдан шығатын қорытыңды: әр тілдің өзіне тән грамматикалык ерекшеліктері болады екен. Солай дей тұрсақ та, көптік, септік, жақ , етіс категорияларының көптеген тілдерге тән екендігін айтуымыз керек. Грамматикалық категорияның көпшілігі белгілі бір сөзге телулі болады. Мысалы, род, септік, көптік категориялары есімдерге тән болса, жақ, шақ, рай, етіс категориялары етістіктерге қатысты. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталық.
1. Көптік категориясы — тілдердің барлығына тән. Ол бір заттың көп затты ажырата білу үшін қолданылады. Жекелік пен көптік зат есімдер арқылы және есімдіктер (әсіресе жіктеу есімдіктері) арқылы анық байқалады. Көптік категориясының әр түрлі тілдерде өзіндік ерекшеліктері болады. Мысалы, көптеген тілдерге жекелік және көптік мағына тән болса, қазіргі араб тілінде оның екілік (двойственное число) деп аталатын түрі тағы бар. Орыс тілінде тек көпше түрінде қолданылатын очки, брюки, ножницы деген сияқты сөздер казақ тілінде жекеше түрде қолданыла береді. Мысалы: көзілдірік, шалбар, қайшы.
Орыс тілінде зат есім көпше немесе жекеше түрінде қолданылса, оның алдына орналасып, грамматикалық жағынан байланысып тұрған сын есім де көпше немесе жекеше түрінде қолданылады. Мысалы: высокая гора — высокие горы. Ал қазақ тіліңде зат есімдер мейлі көпше түрде, мейлі жекеше түрде қолданылсын, оған қарамастан зат есімдермен тіркескен сын есімдер (анықтауыштар) әрдайым жекеше түрде жұмсалады. Мысалы: биік тау — биік таулар. |
Көптік категориясы сан есімдерге де тән емес. Бірақ кейде сан есімдерге, соның ішінде есептік сандарға көптік жалғауы жалғанады. Мысалы: сағат алты+лар+да, жасы алпыс+тар+да. Мұнда көптік жалғауы көптік мағынаны емес, болжалдық мағынаны білдіріп тұр. Бұларды сағат алты шамасында, жасы алпысқа жуық деп түсінеміз. Егер сын есімдер көптік формада қолданылса, олар міндетті түрде субстантивтенеді, яғни заттанады. Мысалы: Жақсы+лар келді, Сұлу+лар жиналды, т.б.
Көптік категориясы тек қана зат есімдерге ғана емес, сонымен бірге, есімдіктерге, оның ішінде жіктеу есімдіктеріне де тән категория. Мысалы: Ол— олар, сен — сендер, өз — өздері, кім — кімдер.
Кейде етістіктер не жекелік, не көптік мағыналарды білдіре алады екен. Мыс: барды+м - барды+қ, бара+мын - бара +мыз. Бұл жерде көптік немесе жекелік мағынаны көптік жалғаулары емес, жіктік жалғаулары білдіріп тұр.
Көптік категориясы әр түрлі тілдерде әр түрлі тәсілдер аркылы беріледі. Мысалы, араб тілінде ол ішкі флексия аркылы берілсе (кіtab-кітап, kutub- кітаптар), түркі тілдерінде - арнаулы аффикстер арқылы беріледі. Кейбір тілдерде көптік категориясы сөздердің қосарлануы арқылы берілсе (мыс: кхмер тілінде пхнэ:к тхуам большой глаз" - пхнэ:к тхуам-тхуам "большие глаза"), екінші бір тілдерде арнаулы сөздер арқылы (тибет тілінде) немесе көмекші арқылы (қытай тілінде) беріледі.
Белгіленетін заттардың жанды-жансыз болуына қарай, қайсыбір тілдерде көптік жалғауының формасы да әр түрлі болып келеді. Мысалы, пушту тілінде жанды затқа көптік жалғаулары -ан түрінде жалғанса (сой — қоян, сой+ан — қояндар), жансыз заттарға –уна түрінде жалғанады (қор — үй, қор+уна - үйлер).
2.Септік категориясы. Бұл категория есім сөздерге тән. Заттар мен құбылыстар арасындағы әр түрлі қатынастар әр түрлі септік арқылы көрініс табады. Мысалы: үй+дің терезе+сі — меншіктеуші қатынас, үй+ге бара+мын - бағытты білдіреді.
Басқа септіктердің бәріне негіз болып тұрған септік – атау, Сондықтан да, оны кейде негізгі септік деп атайды, ал қалғандарын жанама септіктер деп атайды. Атау септігінде дербестік бар. Ол негізінен атауыштық қызмет атқарады.
Түркі тілдерінде атау септігінің өзіне тән көрсеткіші жоқ Басқа септіктердің өзіне тән ондай жалғаулары бар. Олар міндетті түрде басқа бір сөзбен тіркесіп айтылады, жеке қолданыла алмайды. Оларда (жанама септіктерде) тиянақтық жоқ деуіміз сондықтан.
Біз септіктер бір сөздің екінші сөзге қатынасын білдіреді дедік. Сол қатынас кейбір тілдерде септік жалғаулары арқылы берілсе, екінші бір тілдерде (мыс, болгар тілінде) ол көмекші сөздер (предлогтар) арқылы беріледі (Кейде мұндай қатынастар септіктері мен көмекші сөздердің бірдей қатысуы арқылы да берілуі мүмкін). Айталық, агглютинативті тілдерде сөздердің бір-біріне қатынасы (яғни грамматикалық мағыналары) аффикстер арқылы берілсе, аналитикалық тілдерде ол көмекші сөздер мен сөздердің орын
тәртібі арқылы көріне алады. Сондықган да, агглютинативті тілдерде септіктердің саны көп, ал аналитикалық тілдерде олардың саны аз болады. Мысалы, аналитикалық тілдердің бірі - ағылшын тілінде 2 ғана септік болса, агглютинативті тілдердің катарына жататын эстон тілінде - 14 септік, венгер тілінде - 22 септік бар.
Кейде сөздердің арасындағы қатынастар септік жалғаулары мен көмекші сөздердің (септеуліктердін, предлогтардың) бірдей қатысуы арқылы да берілуі мүмкін. Оған славян тілдеріндегі септік жалғаулары мен предлогтардың, түркі тілдеріндегі септік жалғаулары мен септеуліктердің тіркесіп қолданылуын мысалға келтіруге болады. Мыс: к дом+у (дат. п.), до дом+а (род.п.), үй+ге дейін т.б.
3. Жақ категориясы. Бүл дүние жүзі тілдерінің басым көпшілігіне тән. Ол іс-әрекеттің қай жаққа (кімге) қатысты екендігін білдіреді. Іс-әрекет сөйлеуші жақ, тындаушы жақ немесе бөгде жақтың бірі арқылы жүзеге асады. Осыған орай, әр тілде үш жақ болады: 1-жақ, 2-жақ, 3-жақ. Бүл үш жақтың әрқайсысына тән грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формалары бар. Жақтық мағына белгілі бір аффикстер арқылы беріледі. Ондай аффикстерді жіктік жалғаулары деп атайды (Осыған орай мүны жіктік категориясы деп те атауға болады). Жақ категориясы етістіктерге тән категория.
Орыс тілінде жіктелетіндер — етістіктер ғана, ал есім сөздер онда жіктелмейді. Түркі тілдерінде де негізінен етістіктер жіктелінеді. Кейде түркі тіддерінде баяндауыш кызметіңде жұмсалғанда зат есімдер де, сын есімдер де, кейбір есімдіктер де жіктеліне береді. Осыған байланысты жіктік жалғаулар баяндауыштық аффикстер деп те аталынады.
Жақтық форма жақтық мағынаны ғана емес, сонымен бірге, көптік мағынаны да білдіруі мүмкін дегенді біз жоғарыда айттық. Мысалы: барды+м — барды+қ.
4. Шақ категориясы. Бұл - етістіктерге тән категория. Өйткені іс-әрекет уақытпен тығыз байланысты. Осы шақ - сөйлеу кезімен сәйкес келетін іс-әрекетті білдірсе, ал келер шақ - сөйлеу кезінен соң, яғни келешекте болуға тиісті іс-әрекетті білдіреді. Мыс: кел+ді, кел+ген өткен шақ); кел+е жатыр, кел+іп тұр (осы шақ); кел+е+ді, кел+мек (келер шақ), т.б.
Бір шактың бірнеше түрі (формасы) болуы мүмкін. Мысалы, қазақ тілінде окы+ды+м, оқы+ған+мын дегендердегі -ды, -ған аффикстерінің екеуі де өткен шақты білдіреді. Бірақ олардың мағыналары бірдей емес: алдыңғысы - жедел өткен шақты, соңғысы бұрынғы өткен шақты білдіреді. Ағылшын, француз, неміс тілдерінде де өткен шақтың бірнеше түрлері бар.
5. Рай категориясы. Бұл да етістіктерге тән. Ол іс-әрекеттің іске асу мүмкіндігіне сөйлеушінің қалай қарайтындығын білдіреді. Мысалы: оқы, оқыса, оқыса игі еді, оқығысы келеді деген формалар әлі іске аспаған, бірақ іске асуы мүмкін әрекетті немесе қалау тілек, болжам мағынасыңдағы іс-әрекетті білдіреді. Ал оқыдым, оқығанмын, оқимын дегендер ақиқат іс-әрекетті білдіреді.
Тіл-тілде райдың түрлері мен саны әр басқа. Орыс тілінде райдың үш түрі болса, қазақ тілінде бұйрық рай, қалау рай, шартты рай, ашық рай деген төрт түрі бар.
Етістіктің 2-жақ бұйрық рай түрі рай категориясының негізі болып саналады, басқа райлар осы рай формасынан жасалынады. Бұйрық рай, шартты рай іс-әрекеттің шартын білдіреді; қалау райы сөйлеушінің іс-әрекетке тілегін, ниетін білдіреді. Ал ашық рай үш жақта, үш шақта айтыла береді.
6. Етіс категориясы — етістікке тән. Ол іс-әрекеттің объектіге немесе субъектіге бағытталғандығын білдіреді. Мысалы: Оқушы киінді. Киінді — өздік етіс; іс-әрекет өз субъектісіне бағытталған. Жер жыртылды. Мұңдағы жыртылды — ырықсыз етіс; іс-әрекет объектіге бағытталған, бірақ іс иесі көрсетілмеген. Яғни мұнда кімнің істегендігі айтылмай, ненің істелгендігі айтылған.
Ортақ етіс формасы іс-әрекет субъектісінің кемінде екеу екендігін білдіреді. Мысалы: хат жазысты. Өзгелік етіс іс-әрекет субъектісіне басқа бір субъектінің қатысы бар екендігін білдіреді. Мысалы: жолдасым жаздырды.
Өзгелік етіс роман, герман, славян тілдерінде ұшыраспайды. Ол түркі, моңғол тілдеріне ғана тән.
Сонымен, грамматикалық категория деп - біртектес грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығын айтады екенбіз. Грамматикалық категориялар: көптік, септік, родтық, жақ, шақ, рай, етіс, вид категориялары.
7. Жетінші дәріс Сөз тіркесі мен сөйлемнің құрылымы
Синтаксистің негізгі қарастыратын мәселелері: сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөз тіркесі мен сөйлемдегі сөздердің байланысу амалдары мен формалары. Алдымен сөз тіркесіне тоқтала
7.1. Сөз тіркесінің құрылымы
Сөз тіркесі сөздердің бір-бірімен тіркесіп қолданылуынан пайда болады. Сөз тіркесі жасалу үшін, оның кұрамындағы сөздер мағыналық және грамматикалық жағынан байланысты айтылуы шарт. Бір - бірімен байланысты десек, ол байланыс екі түрлі болады. Бірі – мағыналық жағынан, екіншісі - грамматикалық жағынан байланысты болады. Мағыналық жағынан байланыс деп - сөздердің сөз табы ретіндегі жалпы категориялық мағынасын, ал грамматикалық жағынан байланыс деп - бір сөздің басқа бір сөзге грамматикалық жағынан бағыныштылығын айтамыз. Яғни сөз тіркесіндегі сөздер белгілі бір грамматикалық формада тұрып, олардың бірі - бағыныңқы (тәуелді), екіншісі - басыңқы (ұйтқы) жағдайда байланысады.
Сөз тіркесіндегі басты рольді оның басыңқы сыңары атқарады. Басыңқы сөздің қай сөз табынан болуының үлкен мәні бар. Өйткені сөз тіркесінің құрылымы оның құрамындағы ұйтқы сөздің қай сөз табына қатысты болуына қарай айқыңдалады. Мәселен, басыңқы сөз зат есім болса, ол өзінің алдында тұрған анықтауыш сөздермен, яғни сын есім, сан есім, есімдік, есімшелермен тіркеседі. Мысалы: ақылды адам, бес кітап, бұл бала, барар жол, т.б. Бұл сын есімдер басыңқы сыңар бола алмайды деген сөз емес. Сын есімдер де басыңқы сыңар бола алады. Бірақ сын есімдер басыңқы сыңар болғанда өзінің алдындағы есімдердің атау мен іліктен баска септіктердің бірінде тұруын талап етеді. Мысалы: ақылға бай, тастан қатты, қулыкты көргіш. Етістіктер ұйтқы (басыңқы) сөздер ретінде өзіне бағынышты зат есімдермен де, үстеулермен де, көсемшелермен де, еліктеу сөздермен де тіркесе береді. Мысалы: тауға шығу, ерте тұру, қадала қарау, бұрқ-бұрқ қайнау.
Сонымен, сөз тіркесін құрастырушы сөздер бір-бірімен синтаксистік байланысқа түседі екен. Ол синтаксистік байланыстың тіл-тілде бірнеше түрі бар. Олар: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.
Киысу деп — басыңқы сөз бен бағыныңқы сөздің бір-бірімен жекелік-көптік жағынан, септік жағынан, род жағынан байланысуын айтамыз. Мысалы: орыс тілінде высокая гора - высокие горы, высокой горы — высоких гор. Немесе: он играл — она играла.
Қиысу орыс тілінде сөз тіркесіне де, сөйлемге де қатысты болса, қазақ тілінде ол тек сөйлемге қатысты. Мысалы: Мен келдім, сен келдің.
Қазақ тілінде қиысу — сөз тіркесінің байланысы емес, ол бастауыш пен баяндауыштың байланысы. Ендеше оны предикативтік байланыс деп атау керек.
Қазақ тілінің екінші ерекшелігі - септік жалғаулары арқылы байланысуды қиысу демейді, оны матасу, меңгеру деп екі түрге бөліп қарастырады. Мысалы: менің кітабым (матасу), кітаптан оқу.
Матасу - ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысуы. Мысалы: ме+нің қалам+ым, сіз+дің қалам+ыңыз, о+ның қаламы. Мұнда бағыныңқы сөз ілік септік жалғауында тұрып, анықтауыш қызметін атқарады да, басыңқы сөз тәуелдік жалғауында тұрады. Әрине, бірі - ілік жалғауында, екіншісі - тәуелдік жалғауында тұрғаннан кейін бұлардың екі сыңары да есім сөз болатындығы өзінен-өзі түсінікті.
Меңгеру - сөз тіркесі құрамындағы басыңқы сөз (етістік) бағыныңқы сөздің (зат есімнің) атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұруын керек ететін байланыс. Мысалы: киім+ді тазалау, ауыл+ға бару, үй+ден шығу, жолдасы+мен кездесу.
Достарыңызбен бөлісу: |