3 Гельминтоздарда пайда болатын иммунитет инфекциялық және протозойлық аурулардағы иммунитетпен салыстырғанда әлсіз, толық емес және шартты болады, өйткені, біріншіден, гельминттер мал организмінде көбеймейді (трихинелла мен оллулана личинкаларынан басқасы), екіншіден, гельминттер құрылысы мен химиялық құрамы бойынша күрделі және дене қуыстарында мекендейді. Сондықтан организмде антиденелер пайда болып, сезімталдық күшейеді де, қайта жұғуға қарсы шартты тұрақтылық дамиды. Осыған байланысты: абсолюттік (толық тұрақтылық), барьерлік (енген личинканың ішек кілегей қабатында, теріде, лимфатүйіндерінде, өкпеде, бауырда кідіріп қалуы) және шектеуші (гельминт барлық тосқауылды өткенімен, организмнің қорғаныс күштері оның дамуын тежейді) иммунитет түрлері қалыптасады. но защитные сиыл организма .ются в кишечной стенке, коже, печени, лимфоузлах, легочной ткани и .т.д.ероприятий.
4 Гельминтоздарды балау әдістері. Гельминтоздарда басқа да аурулардағыдай диагноз кешенді, яғни індеттанулық деректер, клиникалық белгілер, патологиялық өзгерістер ескеріле, лабораторлық зерттеу нәтижелеріне сүйене қойылады. Ауру малға диагноз қою оның тірі кезінде және өлгеннен кейін жүргізіледі. Малдың тірі кезіндегі балауға індеттанулық деректер, клиникалық белгілер, патологиялық өзгерістері ескеріле, лабораторлық зерттеу нәтижесіне сүйене жүргізілсе, өлген малдың өлексесін толық гельминтологиялық зерттеу немесе толық емес (бөлек мүшені) зерттеу арқылы іске асырады.
Бақылау сұрақтары
-
Гельминттер мен гельминтоздар жөніндегі түсініктер.
-
Гельминттерді жіктеу (систематикалау) қалай жүргізіледі?
3 Гельминтоздарда қандай иммунитет түзіледі және оның инфекциялық аурулардағы иммунитеттен қандай айырмашылығы бар?
4 Гельминтоздарды балаудың қандай тәсілдерін білесіз?
Жалпы паразитология тарауын игеруге арналған сұрақтар
1. Табиғатта организмдердің арасында қандай қарым-қатынас түрлері дамыған? 2. Паразит мекендеген иесіне қандай әсер түрлерін тигізеді? 3. Инвазиялық аурулар қалай тарайды және қандай экономикалық пен әлеуметтік зиян тигізеді? 4. Паразитизимнің мәні неде? Паразитоценоз дегеніміз не? 5. Паразитизмнің пайда болуын түсіндіріңіз. Паразиттер мен иелерінің көптүрлігі немен байланысты деп ойлайсыз? 6. Ветеринариялық паразитологияда қандай табиғатты қорғау шаралары атқарылады? 7. Паразитоздарға қарсы шараларды жоспарлау қалай жүргізіледі? 8. Инвазиялық аурулармен күрес шараларының негізгі бағыттары қандай? 9. Гельминтоздардың патогенезі. 10. Гельминтоздардағы иммунитет, олардың түрлері. 11. Гельминттердің систематика мен таксономиясы. Олардың маңызы. 12. Био- және геогельминттер дегеніміз не? 13. Гельминтоздардың терапиясы мен дегельминтизация дегеніміз не? Екеуінің қандай айырмашылықтары бар? 14. Антгельминтті препараттардың әсер ету механизмі неде?
Қолданылған әдебиеттер:
1 Сабаншиев М.С. және т.б. Паразитология және жануарлардың инвазиялық аурулары – Алматы, 2003. – Б.3-26.
2 Ерболатов К.М. Мал гельминтоздары. Алматы, Қайнар. 1984. – Б.5-32.
3 Есімбеков Ж.М. Арахноэнтомология. Новосибирск, 2002. - Б.3-14.
5 Ыбраев Б.К. Гельминтоздарды балаудың негізгі әдістері. Астана, 2008.-Б.52б.
6 Кадыров Н.Т. и др. «Паразитология и инвазионные болезни сельскохозяйственных животных». Астана, 2001. – С.4-65.
Жекелей гельминтология
Бұл тараудағы жеке инвазиялық аурулар төмендегі келтірілген тәртіпте қарастырылады.
Сұрақтар
1 Аурудың анықтамасы
2 Қоздырушының сипаттамасы
3 Қоздырушының даму биологиясы
4 Эпизоотологиялық деректер
5 Аурудың патогенезі
6 Аурудың сыртқы белгілері
7 Патологиялық-анатомиялық өзгерістер
8 Балау (диагноз қою)
9 Емдеу
10 Дауалау
№ 2 дәріс НЕМАТОДОЛОГИЯ. АСКАРИДАТОЗДАР, БАЛАУ ЖӘНЕ КҮРЕС ШАРАЛАР
ЖАЛПЫ НЕМАТОДОЛОГИЯ.
1 Нематодалардың морфологиясы
2 Нематодалардың систематикасы
1 Нематодалардың морфологиясы. Нематодалар жануарлардың әртүрлі мүшелері мен ұлпаларында мекендейтін тоғышар жұмыр құрттар класының өкілдері. Дене пішіндері жұмыр, жіпшетәрізді, арқантәрізді, тұрқылары әрқилы (1мм ден 1 м дейін). Асқорыту, жүйке, зәр бөлу және жыныс мүшелері жақсы дамыған. Дене сырты кутикуламен көмкерілген. Нематодтардың көпшілігі дара жыныстылар. Аналықтары аталықтарынан ұзын. Жұмыртқа немесе тірі туады.
2 Нематодалардың систематикасы. Нематодалар бас, құйрық жақтарының, өңешінің және дамуындағы ортақ ерекшеліктеріне қарай топтастырылған. Олардың келесі тек тармақтарының ветеринариялық-санитариялық маңызы бар. Ascaridata. Ауыз кіреберісі үш ерінмен көмкерілген, өңеші цилиндр тәрізді. Аталықтарының 2 тең спикуласы бар. Жұмыртқалары қалың тегіс немесе кедір-бұдырлы қабықты болып келеді. Oxyurata. Ауыз кіреберісі 3 немесе 6 ерінмен көмкерілген, өңеші түп жағында торсиған (бульбус), аналығының вульвасы денесінің алдыңғы жағында ашылады. Аналығының құйрық жағы жіңішке, ұзынша келген. 1 не 2 спикулалы. Жұмыртқалары ассиметриялы. Strongylata. Еріндері жоқ, ауызға кіреберісі көптеген кірпікшелермен көмкерілген. Кейбірінде ауыз қуысының түбінде тісшелер жайғасады. Аталықтарының құйрық жағы жыныс бурсасымен және 2 спикуламен аяқталады. Жұмыртқаларының ішінде дамыған ұрығы болады. Пішіні сопақшалау. Spirurata. Ауыз тесігі көбінесе қалақша тәрізді екі бөлінген ерінмен көмкерілген, кейде еріндері болмайды. Ауыз қуысынан жұтқыншақ (фаринкс) жалғасады, өңеші екі бөлімнен тұрады, алдыңғысын - етті, соңғысын - безді деп атайды. Екі спикуласы тең емес еркектерінің құйрық ұшының латералды жағында кутикулярлы кеңейген қанат тәріздес және отырғызылған бұтаққа ұқсас бүртіктер кездеседі. Trichocephalata. Алдыңғы жағы ұзын, жіптей жіңішке, ал артқы жағы қысқа және жуан келеді, не алдыңғы жағымен бірдей. Өңеш өте жіңішке түтікшеге ұқсас және оның бездері айқындалып тұрады. Егер спикуласы бар болса, ол біреу ғана және инедей сүйір болады. Жұмыртқасы күбі тәрізді, екі ұшы тығынмен бекітілген. Filariata. Бас жағы ерінсіз. Өңешінің алдыңғы бөлігі етті, артқысы – безді. Екі тең емес спикулалары бар. Бионематодтар. Rhabaitata. Ұсақ, жіңішке нематодалар. Өңешінде екі кеңейген бульбусы болады. Dioctophymata. Кутикуласы көлденең сызылған немесе бүкіл дене бетін ұсақ тікенектер алып жатады. Аталықтарында жыныс бурсасы қоңыраутәрізді. Ұзын 1 спикуласы бар. Жұмыртқасы қалың, күрделі өрнектермен көмкерілген суреттермен сипатталады.
Бақылау сұрақтары
1 Нематодалардың асқорыту, жүйке, зәр бөлу және жыныс жүйелеріне сипаттама беріңіз.
2 Әртүрлі тек тармақтарға жататын нематодтардың қандай ерекшеліктерін білесіз?
Аскаридатоздар – жануарлардың ащы ішегінде тоғышарлық күнелтетін Ascaridata тек тармағына қарасты өкілдердің тудырған аурулар тобы. Қоздырушылардың барлығы дерлік ірі, геогельминттер.
Аталған топқа жататындары:
1. Жылқы параскаридозы – Parascaris eguorum;
2. Шошқа аскаридозы – Ascaris suum;
3. Етқоректілердің токсаскаридозы – Toxascaris leonina;
4. Етқоректілердің токсокарозы – Toxocara canis;
5. Бұзау неоаскаридозы – Neoascaris vitulorum;
6. Құс аскаридиозы – Ascaridia galli;
7. Адамның аскаридозы – Ascaridia lumbricoides.
ЖЫЛҚЫ ПАРАСКАРИДОЗЫ
Параскаридоз - кең таралған, Parascaris eguorum паразиттік жұмыр құрты тудыратын, тақтұяқты жануарлардың созылмалы инвазиялық ауруы. Параскаридоз жылқы шаруашылығына әжептәуір зиян келтіреді, ауырғандары дамуда және өсуде артта қалады, оларда қоңдылығы және жұмыс қабілеті күрт төмендейді, ал шамадан тыс инвазияланған жылқылар, әсіресе, құлын-жабағылар, сирек өліп те қалады. Бейім жануарлардың залалдану дәрежесі жасына қарағанда кері пропорционалды: жануарлар неғұрлым жас болса, соғұрлым инвазияның интенсивтілігі және экстенсивтілігі жоғары.
1 Қоздырушысы – ірі, дара жынысты Parascaris equorum нематодасы, ұзындығы 15-37см, жіптәріздес пішінді, ақшылт-сары түсті. Ауыз тесігі үш ерінмен қоршалған. Еркектерінде құйрық жағы иілген, дене ұзындығы ұрғашыларынан кіші. Вульва соңғыларында денесінің бастапқы бөлігінде орналасқан. Жұмыртқа ауа температурасы 40оС-тан жоғары, нәжіс ылғалдығы 20%-дан төмен, салыстырмалы ылғалдық 70%-дан төмен болса, сондай-ақ 60-70оС-тық 5%-тік карбол қышқылы, креолин, нафтализол және ксилонафт-5 ерітінділерімен әсер еткенде қырылады. Нәжістегі жұмыртқа қар астында тіршілігін сақтай отырып, қыстап шығады.
2 Қоздырушының даму биологиясы. Ұрықтанған аналықтары нәжіспен жұмыртқаларын сыртқы ортаға шығарады. Жұмыртқа 37оС температурада 15 тәулікте, 20оС-та 13 тәуліктен кейін инвазиялық сатысына (зардапты) дейін жетіледі, яғни температура көтерілген сайын өсіп-жетілу мерзімі қысқарады, 35оС температурада 4 тәулікке дейін жетеді. Жануарлар азық-сумен инвазиялық жұмыртқаларды жұтқан кезде шалдығады. Жылқы ішегінде жұмыртқадан балаңқұрт жарып шығады да, гепато-пульмоналдық миграция жасайды, яғни ішектің кілегейлі қабығы арқылы веноздық қылтамырға өтеді және қан ағысымен бауырдан өтіп оң жақ жүрек, өкпе артериясы, кіші қан айналым шеңберіне келеді. Қылтамыр қабырғасын белсенді түрде бұза отырып, олар біртіндеп альвеолаға, бронхиолаға, бронх және кеңірдекке түседі. Эпителийдің жыбырлаған қозғалысымен және жөтелдің итеруімен балаңқұрттар ауыз қуысына түседі де, жұтылады және ішекте жыныстық жетілу сатысына дейін өседі. Жылқы организмінде параскарид дамуының препатенттік кезеңі Величкин бойынша, 1,5-2 ай, Горшков бойынша, 2,5-3 ай, Ыбраевтың (1989-1991) Қазақстанның солтүстігіндегі жүргізген зерттеулері бойынша, 47-63 күн құраған. Ішекте параскаридтер 6-10 ай тоғышарлық тіршілік етеді.
3 Індеттанулық деректер. Параскаридозбен негізінен құлын, жабағы, тайлар залалданады. Инвазияның шегіне жетуі (максимумы) тамыз-қырқүйек айларында байқалады, инвазия осы деңгейде күз және қыс бойы тіркеледі де, тек келесі жылғы көктемге қарай азая бастайды, ал маусым айында төмендейді. 1-2 жылдықтарда залалдану динамикасы осыған ұқсас, бірақ интенсивтілігі аздау. Сақа жылқыларда жасына қарай пайда болған иммунитет салдарынан болар, параскаридоз сирек байқалады, бірақ олар инвазия көзі болып табылады. Еліміздің солтүстік өңіріндегі жылқылардың арасында аталмыш ауру 17-53% дейін 4 жасқа дейінгілерде жиі тіркеледі.
4 Аурудың патогенезі. Гельминт механикалық, токсикалық, инокуля-торлық, аллергиялық және трофикалық әсерін тигізеді.
5 Аурудың сыртқы белгілері. Құлындар жиі ауырады, сақа малда өшкін ағымда өтеді.
Аурудың алғашқы 3-4 күндері энтерит, іш өту байқалады, бұдан кейін бронхопневмония (жөтел, ентігіп тыныс алу, мұрын қуысынан сулы сұйық ағу, қысқа мерзімді қызба). Кейіннен, ересек параскаридтердің жетілуінен іш өту, арасында іш қату, әлсіз өлі тию белгілері, қарын көлемінің ұлғаюы пайда болады, тәбеті бұзылып, көзге көрінетін кілегей қабықтар ақшыл тартады, жануар арықтап, тез шаршайды, құлындар өсуде артта қалады, түлеуі кешеуілдейді. Жүйке жүйесі зақымданғанда, жануардың бұлшық еттері тырысып, артқы аяқтары жансызданып қалуы мүмкін.
6 Анықтау жануарлардың тірі кезінде, індеттанулық деректер, клиникалық белгілері және нәжіс сынамасын Фюллеборнның флотациялық әдісі немесе Дарлингтің әдісімен лабораторлық зерттеп, параскарид жұмырт-қасын табу, ескеріле отырып қойылады. Кейде параскаридтер жануар нәжісі-мен бірге өздігінен (әсіресе, жылқы көктемде балауса шөпке шыққанда) немесе диагностикалық дегельминтизация кезінде бөлінеді. Өлген соң - өлексені жарып сойған кезде және патанатомиялық өзгерістер мен ересек аскаридтер тапқан кезде қояды.
7 Емдеу. Ем және дауалау ретінде бензимидазол препараттары (парбендазол, камбендазол, фенбендазол, альбендазол, тиабендазол, тетрамизол) мен пастатектес ивермектиндер (эквалан, эквисект, максимек, алезан, эквивен және т.б.) нұсқауға сәйкес қолданылады.
8 Дауалау туған құлындар мен жабағы-тайларды маусым-шілдеде, тамызда және күзде қазан-қыркүйекте дәрілеу арқылы жүргізіледі. Ересектерін жайылымға шығарар алдында наурыз-сәуірде, екінші рет тамыз-қыркүйекте, соңғы рет қараша-желтоқсан айларында дегельминтизация-лайды. Дегельминтизация өткеннен соң қиды залалсыздау, ат қораларын ыстық 3-5% креолин, карбол қышқылы ерітінділерімен, нафтализол, ксилонафт қолдана дезинвазиялайды. Ауру ошақтарында әр 7-9 күн көктемде, әр 5-6 күн сайын жазда жайылымды ауыстырып отырады.
ШОШҚА АСКАРИДОЗЫ
1 Аскаридоз - үй және дала шошқаларының, әсіресе, жас кезінде шалдығатын гельминтоздық ауруы. Аскаридоз елеулі экономикалық зиян шектіреді, аскариозбен залалданған шошқалар 30%-ға дейін тірі салмағын, ал торайлар тәулігіне 200г-ға дейін салмақ қосуын жоғалтады, өсуде және дамуда артта қалады.
2 Қоздырушысы - ақ түсті, ұзындығы 12-30см, мм, аузы үш еріншемен қоршалған Ascaris suum жұмыр құрты. Жұмыртқасы сопақтау қара-қоңыр немесе сұр түсті, сырты бұдырлы қалың төрт қабықшамен көмкерілген. Аскарида ересектері ащы ішек кеңістігінде, ал балаң сатысындағылары - өкпе мен бауырдың ұлпаларында, кейде өт жолында (кездейсоқ тоғышарлық) кездеседі.
3 Қоздырушының даму биологиясы. Ұрғашысының сыртқа тастаған жұмыртқалары (тәулігіне 200 мың данаға дейін) шошқа қораларын, жайылымды, суды т.б. ластайды. Қолайлы жағдай болған кезде (температура 20-30оС, ауаның жеткілікті ылғалдылығы) 2-3 апта ішінде жұмыртқада инвазиялық балаңқұрт дамиды. Зарарлану негізінен, шошқа қорада, пісіп-жетілген жұмыртқаны немесе инвазияланған жауын құртын азық және су-мен бірге жұтқан кезінде болады. Шошқа ішегіне екінші рет түскен олар тұрақталып, өседі және 1,5-2 айдан кейін жыныстық жетілген сатысына айналады. Ішекте аскаридтер 7-10 ай күнелтеді, олардың саны бірнешеден жүз, мың данаға дейін болады.
4 Эпизоотологиялық деректер. Зарарлануға жануарлар айлық жасына дейін көбірек бейім. Торайлар өмірінің бірінші күнінен бастап енесінің ластанған желін емшектерін емгенде, еден, жер, ластанған астаушадан азық жегенде залалданады. Жануарлардың жасы ұлғая инвазияның тұрақтылығы жоғарылайды. Күзгі-қысқы кезде торайлардың зарарлануы әжептәуір жоғары. Инвазия көзі болып ауру шошқалар табылады. Аскаридтың инвазиялық жұмыртқалары ластанған малдардың тұяғымен, терісімен, тіпті шыбындар немесе шаңтозаң арқылы да жемге, су, азықтарға түседі. Жауын құрттары аскаридтердің қор жинағыш иесі (резервуар) рөлін атқарады.
Жұмыртқалар сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді. Құмды топырақта 10 жыл сақталса, 2%-дық формалин ерітіндісінде дами алады, 4-5%-дық сілті ерітіндісіне төтеп береді. Ыстық су (60оС) қысқа уақыт әсер еткенде, жұмыртқалардың тек бір бөлігін (50%-ке дейін) өлтіре алады. Жұмыртқаларға сілтілердің 3-5%-дық ыстық ерітінділері (60оС), жаңа сөндірілген әк, 4-5%-дық фенол ерітіндісі 24 сағат бойы әсер еткенде ғана өлтіреді. Жұмыртқаның инвазиялық сатысына дейін даму мерзімі топырақ бетінде 26-49 күн болса, 5-10см тереңдікте 28-54 күн.
Шошқа аскаридасының жұмыртқалары адам үшін қауіпті. Адам ішегінде жұмыртқадан балаңқұрт қанмен организмнің әртүрлі ағзаларында гранулематоздық құбылыс тудырады. Организмде балаңқұрттың ондай миграциясы «Visceral larva migrans» деген феноменмен аталған.
5 Ауру белгілері. Бастапқыда дене температурасы 41,5о С-қа дейін көтеріледі, демалуы жиілейді, мазасызданады. Торайларда пневмониямен қатар асқорыту жүйесі қызметінің бұзылуы: тәбетінің төмендеуі, сілекей ағу және құсу байқалады. Жануар төсенішке көміліп жата береді, ентігу және жалпы жабырқау күшейе түседі. Кейде, көбінесе азықтандыру кезінде торайларда анафилактикалық құбылыс байқалады: ішегі түйнейді, торайлар кенеттен шыңғырып құлап түседі, аяқтары қалтырап-дірілдеп, сіңірлері тартылып қалады. Мұндай белгілер 1-2 минутқа созылады. Содан кейін торайлар біраз уақыт есеңгіреп жатып, зорға көтеріліп, тәлтіректеп әзер қозғалады. Аллергия салдарынан терісінде қызарған, қанталаған, кейде күлбіреп, 5-6 күннен соң қабыршақтанған жараға айналатын патологиялық өзгерістер пайда болады.
6 Балау. Тірі кезінде анықтау Фюллеборн немесе Щербович әдісі бойынша, копроовоскопиялық зерттеу 2 айлық жастан асқан торайларда өткізіледі. 1,5-2 айлық жасқа жетпеген торайлар нәжісін копрологиялық анықтау үшін зерттемейді, өйткені бұл кезде, тіпті торайлар зарарланса да, аскаридтер әлі де болса жыныстық жетілу жасына жете қоймайды.
Аскаридозды анықтаудағы иммунобиологиялық әдіс – тері арасы сынамасын (аллергиялық) пайдалану. Аскаридадан жасалған 10%-тік антиген ерітіндісі құлақ маңындағы тері ішіне егіледі. Зарарланған торайларда 5 минуттан кейін теріде жақсы көрінетін қоңыр-қызыл із (теңбіл) пайда болады, ол 30-40 минуттан кейін басылады. Боялу қарқынына, өлшеміне және теңбілдің сақталу ұзақтығына қарап реакцияның дәрежесін бағалайды.
Өлгеннен кейін анықтау ішкі ағзалардың патологиялық-анатомиялық өзгерістер нәтижесіне, ішекте аскаридтерді табуға, сондай-ақ Берман әдісі бойынша өкпе және бауыр кесектерін аскарид балаңқұрттарына зерттеу арқылы жүзеге асырылады.
7 Емдік шаралар нилверм (7мг/кг, 3 күн қатарынан жеммен), панакур (2 күн бойы 0,015г/кг дозада), ринтал (0,05г/кг жеммен), морантел-тартрат, пирантел-тартрат (0,1г/кг дозада 2 к.н бойы, залалдануы жоғары болғанда 3 күн), ивермектин препараттары (ивомек, баймек, ивермек, иверин 1мл/33кг т.с., тері астына). Альвет, альбен, альбендазол 100кг т.с. 5,0 г жеммен араластырып. Левомизол 75 – т/а, әр 10кг т.с. 1мл.
8 Дауалау. Дұрыс азықтандыру. Жазғы лагерьлерді топырағы тығыз жерлерде ұйымдастыру. Қиды күнделікті тазалау және биотермикалық жолмен залалсыздау. Қолданылатын құрал-саймандарды таза ұстау. Азықтық астық-науалардан ғана беру. Мегежіндерді торайлар алдында, жазғы лагерлерге шығарар алдында және күзде қораға қояр алдында дәрілейді. Торайларды 35-40 күндік, 50-55 күндік және 90 күндік жаста, ал қыс уақытында туған торайларды 50-55 күн және 90 күнге толғанда дегельминтизациялайды. Дәрілеген шошқаларды 3-5 тәулік бойы қараңғы қораларда ұстайды. Бөлінген қиды уақытында сыртқа шығару және қорада дезинвазиялау жұмыстарын жүргізу көзделеді.
ЕТҚОРЕКТІЛЕРДІҢ ТОКСОКАРОЗЫ МЕН ТОКСАСКАРИДОЗЫ
1 Аталған аурулар етқоректілердің ащы ішегінде мекендейтін қоздырушылардың ықпалынан туындайды.
2 Қоздырушылары: Toxocara canis (Аnisakidae тұқымы) және Toxascaris leonina (Аscaridae тұқымы). Ересектері ащы ішекте, балаңдары адамның, иттің және кейбір жануарлардың ішкі мүшелерінде (бауыр, өкпе, ми, көз, бүйрек, жүрек) тоғышарлық күнелтеді.
3 Даму биологиясы. T.canis дамуы аскаридтік типпен өтеді. Ұрықтанған аналығының нәжіспен бөлген жұмыртқасы қолайлы жағдайда зардапты сатысына дейін жетіледі. Жұғудың 3 жолы: жұмыртқалармен ластанған азық-сумен, бұлшық етінде токсокара балаңқұрты бар кеміргішті жегенде және жатырдағы күшікке кіндік (плацент) арқылы берілгенде. Буаз қаншықтың жатырдағы күшігіне кіндік арқылы берілуіне байланысты туған күшік 21 күнге толғанда нәжісінде токсокара жұмыртқалары анықталады.
T. leonina–ның ішке түскен личинкасы миграция жасамайды. Ол ішек кілейгей қабатының астына еніп, 2 рет түлейді, де 3-4 апта өткеннен соң ішек саңылауына шығып ересек сатысына айналады.
4 Эпизоотологиялық деректер. Токсокарозға ит-мысықтардың 20 күнге дейінгілері күшік-мауықтары, ал токсаскаридозға керісінше ересектері (тек күлгін түлкілердің ғана күшіктері туғаннан 20 күнге дейін бейім) бейім келеді. Инвазия көзі жас күшіктер, резервуарлық иелер (кеміргіштер) және ауру буаз қаншықтар.
5 Сыртқы белгілері: арықтау, кілегей қабықтарының бозаруы, азыққа тәбетінің болмауы, ішке ауаның кеулеуі, іш өту, бітелу, құсу, бұлшық еттерінің тартылуы.
6 Диагнозды эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, лабораторлық зерттеу нәтижелеріне сүйене жүргізеді.
7 Емдеу. Дронцит, дронтал, тронцил, азинокс, празиквантел, празив К, фебтал (1 таблеткасы 10 кг т.с.).
8 Профилактикалау. Күнделікті торларды, жаппаларды, лапастарды қидан тазарту, биотермикалық залалсыздау. Кезеңді копрологиялық зерттеулер жүргізу (күшіктерді – ай сайын, ересектерді – тоқсанда 1 рет). Жоспарлы сақтық дегельминтизациялауды маусым-шілдеде қаншықтарды күшіктерінен айырған соң, екінші рет – ұйығардың алдында желтоқсанда. Күшіктерді туғаннан соң 20-25 күн өткенде. Көкөністерді тазартып, мұқият ағынды суда жуғаннан соң ғана азық ретінде қолдану қарастырылады. Ай сайын қораларда дератизация жүргізу. Адамдардың, әсіресе, балалардың ауруды жұқтырмас мақсатында ойын алаңдарында ит-мысықтарды серуендетуге, өзен-көлдердің жағажайларында иттерді шомылдыру қатаң тиым салу және бақылауға алу қарастырылады.
ЖАНУАРЛАРДЫҢ ОКСИУРАТОЗДАРЫ
1 Жылқы оксиурозы – тақ тұяқтылардың (жылқы, есек, қашыр) тоқ ішегінде қоздырушының тоғышарлығынан туындаған инвазиялық ауру.
2 Қоздырушысы Oxyuris egui, ақшылт сұр түсті нематода, ұзындығы 6-180мм. Құйрық жағы үшкірленген, вульвасы денесінің алдыңғы жағында, өңешінің артқы жағы бульбустәрізді кеңейген.
3 Даму биологиясы. Геогельминт. Ұрықтанған аналығы жұмыртқаның бір бөлігін нәжісімен сыртқа тастаса, бір бөлігін – тік ішектің маңына бекітеді. Ішке түскен зардапты жұмыртқадан шыққан личинка тоқ ішектің кілегей қабат астына енген соң 2-3 аптаға кідіріп, 2 рет түлейді де, уақыт өтісімен ішек саңылауына шығып, ересегіне айналады.
4 Эпизоотологиялық деректер. Оксиурозға 1 жасқа дейінгі жабағы-тайлар және ат қорада үнемі ұсталынған жылқылар бейімділік танытады. Аурудың жылдам таралуына лас, қидан уақытында тазартылмаған ат қоралар, азықты еденнен беру себепші болады. Ауру негізінен мамыр-қазан аралығында жұққанымен, жылдың барлық мезгілдерінде тіркеледі.
5 Патогенез нәтижесінде тоқ ішектің кілегей қабатының қабынуы, асқорыту жүйесі қызметінің нашарлауына әкеліп соқтырады.
6 Сыртқы белгілері. Арықтау байқалады. Қатты қышыма салдарынан малдар мазасызданады, қабырғаға қоршау сырғауылына және басқа да қатты заттарға артқы жағымен жиі қасынады, соның салдарынан құйрық түбінің қылдары түсіп қалады, құйрығының түбінің жүні үрпиеді, терісі жарылып, экзема, дерматит пайда болады.
7 Балау жүргізу үшін құйрық асты перианалды қыртысынан қырындысын оксиур жұмыртқаларына зерттеу қолданылады және ауруға тән сыртқы белгілерін ескере жүргізеді.
8 Емдеу. Пастатектес авермектиндер мен бензимидазол препараттарын қолдану ұсынылады.
9 Дауалау жалпы ветеринарлық-санитарлық шаралар өткізу, күн сайын жылқы терісін тазалау, анал тесігі маңын, құйрық түбін 3%-тік креолин, крезол немесе басқа кез келген дезинфектантпен жуу; ат қора, қоршау, күту құралдары және шаруашылық бұйымдарын мұқият тазалау, 60-70оС 3-5%-тік фенол (фенол, креолин, ксилонафт, нафтализол), этофор, формалин препараттарының ерітінділерімен дезинвазиялайды.
Астауларды, қора қабырғасын, қоршауды ыстық сілтімен жуады және ат қораны сөнбеген әкпен ақтайды. Жылқыға азықты аяқ астына тастамай, тек қана астауларға салып береді.
Преимагиналдық дегельминтизацияны өткізу керектігі әрбір 1,5-2 ай сайын овоскопия өткізу барысында анықталынуы қажет.
ҚОЯН ПАССАЛУРОЗЫ
1 Тоқ ішектің соқыр ішек тармақтарында Passаlurus ambiguus тоғышарлық күнелтуінен туындаған нематодоз.
2 Паразит 4-11мм, өңешінің түбі торсиған. Аталығы мен аналығының артқы жақтары үшкір, ұзын. Жұмыртқасы сопақшалау, асимметриялы, бір полюсінде тығыншасы болады.
3 Даму биологиясы. Жұмыртқалары перианалды қыртыс маңында 1-2 тәулік ішінде инвазиялық сатысына жетеді. Ішекте 10-15 күн дамыған соң ересек сатысына айналады. Ішекте 60-76 күн тірішілік етеді.
4 Эпизоотологиялық деректер: ауру қоян шаруашылығы дамыған жерлердің бәрінде кездеседі, негізінен көжектерде тіркеледі.
5 Сыртқы белгілері: көжектер құйрық маңын қатты заттарға үйкейді, тістелейді, су құйған ыдысқа жиі отырады.
6 Балау анус маңынан қырынды алып зерттеумен жүргізіледі.
7 Емдеу: ивомек, левомизол 1,5г/кг, ринтал 10мг/кг, панакур 12мг/кг күніне 1 реттен, жемге араластырып береді.
8 Дауалау жалпы ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтау шараларымен іске асырылады.
№4дәріс КҮЙІСТІ ЖАНУАРЛАРДЫҢ АСҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІ СТРОНГИЛЯТОЗДАРЫ БАЛАУ КҮРЕС ШАРАЛАР
Күйістілердің асқорыту жүйесі стронгилятоздары
Күйістілердің асқорыту жүйесінде Strongylata тек тармағына қарасты келесі Strongylidae тұқымдасынан Chabertia туысы, Ancylostomatidae - Bunostomum туысы, Trichonematidae - Oesophagostomum туысы және Tricho-strongylidae - Trichostrongylus, Ostertagia, Marschallagia, Cooperia, Haemon-chus, Nematodirus, Nematodirella, Mecistrocirrus және т.б. туыстары тоғышар-лық етеді. Көрсетілген әр туыстың көптеген түрлері өз алдына жергілікті жердің табиғи-климаттық жағдайларына қарай, бір аймақта кеңінен, келесісінде - жеке дара ауру тудырады. Алайда аталған паразиттердің орналасу орны мен даму циклі, індеттанулық ерекшеліктері, патогенезі, байқалу белгілері мен балау тәсілдері ұқсас болғандықтан, алдын алу және ем шаралары да өте ұқсас, сонымен бірге күйістілерде жиі миксинвазия түрінде тіркеледі.
ҚОЙ НЕМАТОДИРОЗЫ
1 Қойдың аталмыш ауруы Nematodirus туысына қарасты нематоданың тоғышарлығынан туындайды. Сонымен бірге нематодирозға ешкі, бұзау, түйе, бұғы және басқа жабайы жануарлар бейім. Нематодирозға үй қояндары да өз сезімталдығын білдіреді.
Нематодироздан тиетін экономикалық зиян бірінші ретте қойдың жаппай қырылуымен, ет және жүн өнімдерінің күрт төмендеуімен сипат-талады.
2 Қоздырушылары - ұзындығы 7-30мм, жіңішке, бас жағында везику-ласы бар, ұзын жіпше тәріздес спикулаларының шеттері мембранамен жалғасқан нематода. Жиі кездесіп таралған түрлерінің: Н.ойратианус, Н.спатигер, Н. филликолис, Н.гельветианус, Н.абнормалис. Биологиялық тұғырығы – жіңішке ішек.
Ауыз қуысында хитинделген тісі бар. Аталығының жыныс бурсасы қомды екі латералды бір дорсалды жапырақшамен, екі ұзын, жіңішке спикулалармен жабдықталған. Жұмыртқалары ірі, элипстәрізді. Зардапты личинкасының 8 ішек жасушасы болады.
3 Даму биологиясы. Жұмыртқа ішінде личинка ұзақ дамиды. Ішке түскен жағдайда ішектің қабатында екі рет түлеп, ішек саңылауына шыққан соң 24-26 күн өткенде имагоға айналады. Ішекте 5 айға дейін өмір сүреді.
4 Ауру энзоотия түрінде биылғы туған қозыларда кездеседі. Маусымдық динамикасы географиялық белдеулерге байланысты өтеді. Инвазия интенсивтілігі қоздырушының жұғуына қарай оннан бірнеше мыңға дейін жетеді (Кәдіров Н.Т., Токпанов С.С.).
5 Ауру дамуында ішек кілегейінің қабынуы (эпителий эрозиясы, некрозы) нематодирлердің қанмен қоректенуімен тығыз байланысты, сондықтан, анемия және асқорыту жүйесі қызметінің бұзылуы, патогенді микрофлораның енуі (инокуляция) басқа инфекциялық аурулардың туындауына әкеліп соқтырады.
6 Сыртқы белгілері ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуымен, яғни іш өтумен сипатталады. Нәжісі сұйылып, соңында сутектес болады. Қозыларда ішек жиырылуы жиілеп, тамыр соғуы минутына 140-180 ретке дейін жетеді, кілейгей қабықтары бозарған, сирақ-сандары, құлағы, ауыз қуысы суиды, жиі тыныс алады. Зілді ағымында басын кекірейтіп, аяқтарын созып, жүріс-тұрысы бұзылады (атаксия). Дене температурасы 41оС көтеріліп, ауру соңында өледі.
7 Балау кешенді түрде жүргізіледі. Лабораторлық зерттеулерден Фюл-леборн әдісімен (овоскопия) және Берман-Орлов бойынша (ларвоскопия) жүргізіп дәлелдейді. Жайылым жағдайында ауырған қозыларды дәрілеп диагнозды растауға (сыртқы нәжіспен түскен нематодирлерді анықтағанда) болады.
8 Емдеу. Нилверм (0,015 г/кг), ринтал (10мг/кг), морантел (0,08г/кг, екі рет), тивидин (30-50мг/кг), тиабендазол (100мг/кг) жеммен, ивомек, тафен, баймек, сайдектин, альвет, альбендазол және т.б.
9 Дауалау ересектерді екі рет (көктем мен күзде), ал қозыларды әр 30-32 күн сайын дегельминтизациялау арқылы жүргізіледі. Жайылымды әр 6-7 күн сайын ауыстырып отыру және химиопрофилактика ретінде фенотиазин:тұз қоспасын күнделікті қолдану арқылы жүргізіледі.
ҚОЙ ГЕМОНХОЗЫ (ұлтабар гельминтозы)
1 Гемонхоз немесе ұлтабар гельминтозы, күйістілердің арасында Haemonchus туысы тудырады және кеңінен таралған ауру. Қойларда энзоотия түрінде кездесіп, айтарлықтай шығын келтіреді. Гемонхозға қой, ірі қара мал, түйе, солтүстік бұғылары, буйвол, зебу және басқа күйістілер бейім.
2 Қоздырушысы - Haemonchus туысына қарасты H.contortus, H.longis-tipes, H.similis және H.tataricus. Аталған түрлердің ішінде алғашқысы ең көп таралған және көпшілік жануарларда ауру тудырса, қалған үш өкілі сиректеу тіркеледі. Ірі қара малда H.placei, тоғышарлық етеді. H.contortus трихостронгилидтердің басқаларынан қызғылт түсімен, айтарлықтай тұрқымен (1,8-3,5см), жіңішкере біткен бас жағы және ауыз қуысында қозғалатын тісімен, мойын тұсында еміздіктері бар. Еркегінің құйрық жағында үш бөлімнен құралған жыныс буылтығының сырттағы (дорсалды) екеуі үлкен, ортасындағысы кішігірім. Спикулалары тең, қысқа және қомды, олардың шеттері ілмешек тәрізді болып аяқталады. Аналығы иірген ақ және қызыл жіп секілді, вульвасы денесінің артқы бөлігінде тіл тәріздес қомды қақпақпен жабылған. Биологиялық тұғырығы - негізінен ұлтабар, кейде жіңішке ішекте кездеседі.
3 Қоздырушының дамуы 5,5оС-тан төмен және 40оС-тан жоғары болғанда өтеді. Метоморфоз кезеңінде жұмыртқадан зардапты балаңқұрт сыртқы ортада дамуы үшін: 26оС-та -4, 17-18оС-та 6-8 күн қажет. Зардапсыз (инвазиялық емес) личинка температура мен құрғақшылыққа төзімсіз. Организмге шөппен (сумен) енген балаңқұрт ұлтабар қабығына еніп, 17-20 күннен соң ересегіне айналады. Гемонхтар иесінің организмінде 6-8 ай өмір сүреді.
4 Індеттенулық деректер. Жануарлар жайылымда көктемнен күзге дейінгі уақытта шалдығады. Аурудың таралуы метеорологиялық, шаруашылық жағдайларға байланысты болады. Шөл және шөлейт аудандарда ауру кездеспейді. Керісінше, неғұрлым ылғалы көп аудандарда мал ауруға көп шалдығады. Аурудың маусымдылығы мен жасына қатысты өзгерістер әр зонада әртүрлі. Мәселен, Қазақстанның оңтүстігінде гемонхоз қозылар арасында маусымда байқалып, кейіннен біртіндеп көбейіп, ал қазан айынан бастап шалдығуы азаяды. Тұсақтар мен ересек қойлар бұл зонада үнемі шалдығып, аурудың сыртқы белгілері көктем және күзде байқалады. Басқа жерлерде, қозылардың гемонхозға шалдығып симптомдарының білінуі жаздың аяғы мен күзде болады. Сондықтан тоқтылардың шығынға ұшырауы әдетте қыстың аяғы және көктемде байқалады. Көп малдың гемонхозға шалдығуы зардапты балаңқұрттың сыртқы орта факторларына төзімділігіне, олардың өсімдік жапырағына, жермен немесе топыраққа тереңге бойлауына қатысты. Кеуіп қалған личинкалардың зардаптылығы 1,5 жылға дейін жойылмайды, 50оС-қа шыдайды, кейде қыстап шығуы ықтимал.
5 Патогенезі. Гемонхтар ұлтабардың кілегей қабығын жаралап оның асқорыту функциясын бұзады, қабындырып, капиллярлық қанталауларға әкеліп соқтырады. Гемонхтардың ықпалынан қан түзілу нашарлайды. Осы айтылғандар гемоглобиннің, эритроциттің азаюына, ЭШЖ төмендеуіне әкеліп соғады. Тоғышар зәрімен уланған организмде (қан түзу, нерв, ішкі бездер жүйелерінде) патофизиологиялық және патоморфологиялық өзгеріс-тер туындайды.
6 Аурудың сыртқы белгілері. Ауру мал күйзеліп, азықтан бас тартады, көзге көрінетін кілегей қабықтары бозарып, іш өтеді, қасы мен төс тұсы ісінеді, қанның морфологиялық құрамы өзгеріп, кейде дене қызуы жоғары-лайды.
7 Балау малдың тірі кезінде клиникалық белгілеріне, нәжісіндегі инвазиялық балаңқұртына қарай, ал өлекседе - жарып сойғанда, гемонхтардың ұлтабарда табылуымен нәтижеленеді.
8 Емі. Фенотиазин әр малға жекелей қосылған судағы суспензия түрінде, я болмаса, топ малға жарма жеммен 0,5г/кг дозада беріледі.
Нафтамон 0,3г/кг дозада 10%-дық ұнның судағы суспензиясы ретінде қолданылады. Нилверм 0,015г/кг 1 рет, әр малға жеке ауыздан, фенбендазол (панакур), фенкур – 0,015г/кг, ішке, 1 рет , кубен, морантел тартрат – 0,08г/кг 7-10 күн сала 2 рет азықпен, мебенвет – 0,02г/кг азықпен 1 рет беріледі. Авермектиндер тобын (ивомек, баймек және т.б.) 1мл әр 50 кг тірі салмағына, тері астына егіледі.
9 Дауалау. ҚазҒЗВИ ұсынысы бойынша, Қазақстанның оңтүстігінде ересек құрттардан жануарларды арылту үшін қаңтарда, наурызда және қазанда, оңтүстік-шығыста - қаңтарда, сәуірде және қазанда, оңтүстік-батыста - наурызда, маусымда және қыркүйекте дегельминтизация жүргізілуі шарт. Қозыларды әдетте саулықтардан бөлгенде дәрілейді.
Өрістегі малды стронгилятоздардан дауалау негізінен ФТҚ (фенотиазин тұз қоспасы) 10 : 90 арақатынасында үнемі (химиопрофилактика) беру арқылы жүргізіледі. Мал организмінде патологиялық процестерді болдырмау мақсатында әр 100кг ФТҚ-ға йодты калий (0,03г), хлорлы кобальт (0,1г), коллоидты күкіртті (2,5г) және А,С витаминдерін қосады.
Гемонхоздың басқа да алдын алу шаралары «Күйістілердің асқорыту жүйесі стронгилятоздарын дауалау» тарауында қамтылған.
№5 дәріс ЖЫЛҚЫНЫҢ АСҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІ СТРОНГИЛЯТОЗДАРЫ, БАЛАУ ЖӘНЕ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ
1 Асқорыту жолы стронгилятоздары барлық жастағы жылқы, есек, қашыр, пони, құлан және басқа да жабайы тақтұяқты жануарларда ең көп тараған гельминтоз аурулары, барлық сатысындағы көптеген түрге (45-ке дейін) Strongylata тек тармағына Strongylidae және Trichonematidae тұқымына жататын нематодтар тудырады. Ересек сатысында тоқ ішекте, ал балаңқұрт сатысында - жануарлардың ағзаларында және ұлпаларында тоғышарлық тіршілік етеді. Биологиялық, клиникалық және патологиялық-анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты: а) ересек сатысының асқорыту жүйесіндегі тоғышарлығынан тудырған ауруларын – имагиналды стронгилятоздар және олардың балаңқұрттарының әртүрлі ағза мен ұлпаларда тудырған үрдістеріне байланысты – ларвалды стронгилятоздар деп екі топқа бөлу қабылданған.
2 Деляфондиоздың қоздырушысы Delafondia vulgaris – ұзындығы 16-24мм, ауыз қуысының түбінде екі құлақшатәріздес тісшелері орналасады. Альфортиоздың қоздырушысы Alfortia edentatus – 24-40мм, ауыз капсуласында тістері жоқ. Стронгилезді Strongylus eguinus - 25-45мм, ауыз қуысында шеттері жіңішкере біткен екі ұзын және екі қысқа (барлығы төртеу) тістері жайғасқан түрі қоздырады. Трихонематиоздоздарды Тrichonematidae тұқымының өкілдері өте ұсақ, 5-20мм, ауыз капсулалары кішігірім, цилиндр немесе сақинатәріздес, биіктігі енінен қысқа болып сипатталады.
3 Стронгиляттардың сыртқы ортадағы дамуы ұқсас. Тоқ ішекте мекендеген ұрықтанған ересек аналығы нәжіспен жұмыртқаларын тастайды. Жылы температура мен ылғалдылықта 5-17 тәуліктен дамыған зардапты балаңқұрт малға жұғудан қауіп тудырады. Ішке түскен әр түрдің личинкасы өзінің биологиялық тұғырығына қанмен жетіп, соның ішінде: деляфондидікі – шажырақай артериясында (қан тамырында: тромбылар, аневризмдер) 5-6 ай, альфоритидікі – құрсақтың, шаптың, соңғы қабырғаның сір қабатының астында (түйіндер құрады) 7-8 ай, стронгилдікі – ұйқы безінде 9-10 ай, трихонематидтікі тоқ ішектің сір қабатының астында (гематомалар, ұсақ түйіндер 30-60 күн) жетіліп, тоқ ішектің саңылауына шыққан соң ересекке айналады. Стронгилятталардың ересектері тоқ ішекте орташа есеппен 8-18 ай мекендейді.
4 Эпизоотологиялық деректер. Жылқылар тек жылы мезгілде (+8-38оС) жайылымда және ат қорада личинкамен ластанған азықты жерден жегенде шалдығады. Инвазияның шегіне жету сатысы күзде тіркеледі.
5 Клиникалық белгілері жаздың соңында немесе күздің басында байқалады. Инвазия интенсивтілігі төмен болғанда сыртқы белгілері өшкін, яғни анық байқалмай, азыққа тәбетінің төмендеуі, арықтау, анемия, өсуі тежелу, іш өту түрінде байқалады.
6 Диагнозды стронгилят жұмыртқаларын нәжіс сынамаларында анықтау нәтижесінде (топ бойынша диагнозды копроовоскопия тәсілімен қояды), ал жеке ауруларды жіктеу үшін олардың личинкаларын (Берман-Орлов әдісімен копроларвоскопия тәсілі) зерттейді. Өлген малда ересектерін тоқ ішектен, ал 4-5 сатыдағы балаңқұрттарын биологиялық тұғырықтарынан іздестіреді.
7 Емдеу бензимидазол және пастатектес авермектиндерді қолдану арқылы жүргізіледі.
8 Дауалау жылқы стронгилятоздарында: жоспарлы дегельминтизациялауларды өткізу, ауыспалы жайылым жүйесіне көшу, азықты оттықтан беру шараларын қамту арқылы іске асырылады.
№6 дәріс ЖАНУАРЛАРДЫҢ ТЫНЫС АЛУ ЖҮЙЕСІ СТРОНГИЛЯТОЗДАРЫ, БАЛАУ ЖӘНЕ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ
Күйістілердің диктиокаулезі
1 Диктиокаулез жиі күйістілерде жіті немесе созылмалы ағымдарда өкпенің қабынуымен байқалатын ауруы.
2 Геогельминт. Қойда - Dictyocaulus filaria, ал ірі қара малда - D.viviparus ауру тудырады. Ірі келген 8-150мм жуық нематода. Еркегінің жыныс бурсасы етікке ұқсас, құрылысы кемік тәрізді.
3 Даму биологиясы диктиокаулидті үлгіде өтеді. Өкпе ауа тамырына бөлген ұрғашының жұмыртқасы мал жөтелгенде ауызға түсіп, асқорыту жүйесімен жылжығанда 2 рет түлеп, сыртқа жұмыртқадан шыққан личинка түрінде түседі. Тағы 2 рет түлеген личинка зардапты сатысына айналады да, малға жұғудан қауіп тудырады. Ішке түскенде ішек кілегей қабатын тесіп, лимфи жүйесімен, кейіннен қан айналымы арқылы өкпеге жетеді де, 1-3,5 ай өткенде имагоға айналады. Қыс уақытында дамуы тежеледі. Организмде 1,5-2 жыл өмір сүреді.
4 Эпизоотологиялық деректер. Жануарлар алментарлық жолмен зарарланады. Кейбір жылы аймақтарда инвазиялық личинка қыстап шығып, келесі жылы ерте көктемде жұғады.
5 Патогенезінде диктиокаулдердің токсикалық, трофикалық, инокуляторлық, механикалық және аллергиялық әсер білдіруінде.
6. Сыртқы белгілері: жөтел, танаудан жылбысқы сұйықтың ағуы, анемия, қабақ, жақ асты және төс тұстарында жалқыаяқты ісектердің дамуы, тышқақ тию, көтеремдіктен өлу, жиі түрде басқа инфекцияның қабаттасуы байқалады.
7 Диагнозды клиникалық-эпизоотоогиялық деректер мен ларвоско-пиялық зерттеулер (Берман-Орлов пен Вайд әдістерінің көмегімен 1 сатыдағы личинкаларын анықтау) арқылы қояды.
8 Ем ретінде: дитразин-цитрат (т/а 2мл/10кг, 2 рет, 24 сағат сайын), локсуран (т/а 2,5мл/10кг), ивермектиндер (1мл/50кг), альбендазолдар (45-60мг/кг), нилверм (15мг/кг, т/а, 2 рет, 24 сағат сайын), ринтал (0,1г/кг жеммен), панакур (0,005г/кг жеммен) тағайындалады.
9 Профилактикалау мақсатында ауыспалы жайылым жүйесін (әр 5-6 күн сайын) қолдану, қозы, бұзауларда ересектерден бөлек бағу, таза сумен қамтамасыздау сұрақтары қамтылады.
№7-8 дәріс ЖАНУАРЛАРДЫҢ СПИРУРАТОЗЫ МЕН ТРИХОЦЕФАЛЯТОЗДАРЫ, БАЛАУ ЖӘНЕ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ
Ірі қара малдың телязиозы
1 Телязиоз – Thelazia туысына қарасты нематодалардың жануар көзін жайлағаннан туындаған ауру. Телязий иелері: адам, ауылшаруашылық және жабайы сүтқоректілер, сонымен бірге құстар. Қазіргі уақытта ғылымға телязиилердің 32 түрі, соның ішінде, ірі қарада – 8, жылқы мен есекте – 1, түйеде – 1, итте – 2, шошқада - 1 және әртүрлі құстарда 14 түрі белгілі. Телязиоздар малдың өнімділігінің төмендеуі, соқыр болған малды лажсыз сою, оған қарсы атқарылатын емдік-сақтандыру шараларына қажет қаражаттардан тұрып, орасан зор экономикалық зиян тигізеді. Барлық жануарлардың ішіндегі ең бейімі – ірі қара мал.
2 Қоздырушылары - телязийлер ұсақ, 5-21мм-дей құрттар. Th.rodesi – конъюнктивалды (ішкі кілегей қабығының қалтарыс) қуысын және үшінші қабақтың астын жайлайтын ең көп тараған түрі. Сонымен қатар, Th.gulosa және Th.skrjabini түрлері көз шарасының безінде және жасағар өзегінде мекендейді. Th.rodesi сыртқы қабығы (кутикула) көлденеңінен қалыптасқан сызықшалармен көмкерілгендіктен, тоғышардың сыртқы қабығы ара тістері секілді кедір-бұдыр болып көрінеді. Спикулалары тең емес. Басқа екеуінің дене сырты жылтыр. Th.gulosa aуыз капсуласы Th.rodesi-ге қарағанда кең.
3 Даму биологиясы. Телязиидің тірі туған личинкалары шыбын сорған көз жасымен бірге жұтылып, оның жұмыртқа фолликуласына енеді де, 1 айдан соң зардапты сатысына жетеді. Шыбын келесі ретте жануардың көз жасын сорған кезде личинка малдың көзіне түседі. Көздің ішкі қабығы қалтарысында 15-20 күн аралығында ересегіне айналып, осында бірнеше айдан 1 жылға дейін тұрақтайды, аралық иелері - сиыр шыбындары (Мusca autumnalis, M.convexifrons, M.amica).
4 Эпизоотологиялық деректер. Телязиоз жазғы жайылым уақытында тіркеледі. Қазақстанда ауру маусым-қазан аралығында байқалады. Ірі қара мал жайылымда, суаттардың басында жиі шалдығады. Биылғы жылы туылған бұзаулар сақа малға қарағанда бейім.
5 Сыртқы белгілері өрістегі малда негізінен жаздың ыстық мезгілдерінде байқалады. Дерттің бас кезінде жануардың көзі қан кернеуінен қызарып (гиперемия), қабақтары домбығып, жас ағады, көзін жарыққа аша алмай жыпылықтата береді. Бара-бара көзі іріңдейді, көздің бұрышында, кірпіктер де қабыршықтанады. Қызарған қабық ісінеді, 2-3 апта өтісімен қасаң (мүйізгек) қабақтың әр жерінен жарақаттар пайда болып, жануар көзін аша алмайды, жүріп-тұруға жасқаншақтайды. Әдетте дерт 1-2 айға созылады. Ауру мал басын шайқайды, азықтан қалып, қоңы төмендейді, салмағы азаяды. Соңында көзі мүлдем көрмей, соңында көз алмасы шегірейіп ағып түсуі ықтимал.
6 Диагностикалау. Эпизоотологиялық және клиникалық деректері ескеріледі. Ауруға күдік туғанда көз шарасын 2-3% бор қышқылының ерітіндісімен шайып, тұндырған соң микроскоп астында зерттейді.
7 Емдеу. Th.rodesi қарсы көз алмасын 3% лизол, 1-2% хлорофос, 3% ихтиол, 3% бор қышқылы, йод (кристалл йоды 1г, йодты калий – 2г және 2л қайнаған су, температура 38-39оС) ерітінділерін қолданады. Емдеу 3 рет әр 3 күн сайын қайталанады. Th.gulosa мен Th.skrjabini жою үшін дитразин цитрат (0,016мг/кг, т/а, 24 сағат арасында), авермектин препараттары мен сықпа майларын (гель) қолдану ұсынылған.
8 Профилактикалау мақсатында қыста 2-3 рет, ал жайылым кезінде әр 5-7 сайын жеммен антгельминтті препаратты араластырып алдын алу жүргізіледі. Шыбындарға қарсы дезинсектанттармен (2-3%) күнделікті бүрку жұмыстары қамтылады. Шет мемлекеттерде диктиокаулезге қарсы Диктол (Франция) вакцинасы кеңінен қолданылады.
ЖАНУАРЛАРДЫҢ ТРИХОЦЕФАЛЯТОЗДАРЫ
1 Трихоцефалездар – үй және жабайы жануарлардың тоқ ішегінде (соқыр және мықын) мекендейтін Trichocephalus туысы тудырған аурулары. Қазақстанда паразиттің 5 түрі белгілі.
2 Қоздырушысының тұрқы 20-80мм. Денесінің алдыңғы жағы жіңішке және ұзын, артқы жағы – жуан (ұрғашысынікі – тік, еркегінікі – имиген). Жұмыртқасы күбітәрізді (бөшке іспеттес), екі полюсінде тығыны бар.
3 Даму биологиясы. Trichocephalus – геогельминт. Сыртқы түскен жұмыртқа 18-22оС 20-35 тәулікте инвазиялық түріне айналады. Ішке азық-сумен түскенде жұмыртқадан шыққан личинка тоқ ішек кілегей қабатының астына еніп, 2 рет түлеп, ішекте 40-50 күннен соң ересегіне айналады. Ішекте 2,5-8 ай тоғышарлық күнелтеді.
4 Эпизоотологиялық деректер. Көпшілік жерде таралған. Кейде ЭИ 100% дейін жетіп, ИИ бірнешеуден бірнеше мың данаға дейін болады. Алментарлық жолмен жылдың барлық мезгілінде мал зарарланады.
5 Сыртқы белгілері. Мал күйзеледі, арықтайды, әлсізденеді, тынысы тарылады, іші кейде өтеді, бірде қатады, торайлар ит секілді шоқиып отырады.
6 Диагностикалау гельминтоовоскопияның Фюллеборн әдісімен жүргізіледі. Өлген малда – тоқ ішегі зерттелінеді.
7 Емдеу үшін авермектин препараттары (1мл/50кг күйістілерге, 1мл/33кг т.с. шошқаға, тері астына), проминтик (0,23мл/кг, т/а), фенбендазол (0,033г/кг, тәулігіне 2 рет), ринтал (0,05г/кг, 2 күн бойы) басқа да бензимидазолдарды қолданады.
8 Профилактикалау жалпы ветеринариялық-санитариялық шараларды мал қоралары мен маңында өткізу, жануарларды көктемде және күзде дәрілеу жұмыстарын жүргізу арқылы атқарылады.
Трихинеллез
1 Жіті ағымда, адам және жануарларда аллергиялық құбылыстардың белгілерімен байқалатын зооантропоноз.
2 Трихинеллез қоздырушысы Trichinella туысына қарасы T.spiralis (T.nativa, T. nelsoni, T. рseudospiralis түршелері), биологиялық тұғырығы – ащы ішек, ұзындығы 1,5-4мм. Ұрғашысы тірі туады. Балаңқұрттары (личин-ка) сырты лимон немесе күбі пішінді капсуласы түзілген бұлшық еттің тоғышары. Жиі ретте диафрагма (көк ет), жақ, жамбас, қабырғааралық еттерде күнелтеді.
3 Даму биологиясы. Биогельминт. Дефинитивтік және аралық иелерінің қызметін бір жануар атқарады. Әдетте ақтық иесі трихинелла балаңқұртымен залалданған етті жегенде жұқтырады. Асқазанға түскен личинка (1мм) 2 тәуліктен соң имагоға айналады. Ұрғашысы 1,5-10 мыңға жуық тірі личинка туады. Ішекке енген личинка лимфа- және қан айналымы арқылы көлденең жолақты бұлшық етке өтеді де, капсула түзеді. Капсула ішінде бұратылған күйде 20-27 жылға жуық өмір сүреді.
4 Эпизоотологиялық деректер. Трихинеллезге 100-ден астам сүтқорек-тілердің (58 түрлі етқоректілер, 28 түрлі кеміргіштер, 7 түрлі жәндіктер, теңіз сүтқоректілері), сондай-ақ шаянтәрізділер мен құстар: (тауық, үйрек, сауысқан, қарға) бейім. Инвазия көзі дұрыс пісірілмеген, қақталмаған ет өнімдері, ит, мысық, кеміргіштердің өлексесі. Борсыған етте трихинелла личинкалары 4 ай, 30оС – 64 сағат тіршілігін сақтайды. Тұздығы әлсіз және шала ысталған етте -10оС температурада личинка қырылмайды.
5 Сыртқы белгілері. Иесі организмінің сезімталдығы артып, аллергия нәтижесінде 1-1,5 айға созылатын дене қызуы көтерілуі, тері қышымасы, бұлшық еттің дірілі мен ауырсынуы, іш өту, ақсау, құсу түрлерінде өтеді.
6 Диагностикалау. Тірі малда анықтау өте қиын. Тері астына антигенді егу арқылы аллергиялық сынама, ПР, КБР, ИФР жүргізіледі. Сойыс малдарында компрессорлық трихинеллоскопия, бұлшық ет сынамаларын жасанды асқазан сөлінде ыдырату.
7 Емдеу. Имагиналды трихинеллезде – тиабендазол, тетрамизол, мебендазол препараттары ұсынылған.
8 Профилактикалау. Шошқа ұшаларының бәрін трихинеллоскопиялау, мал қораларында дератизация жүргізу, кеміргіштердің өлексесін жинау, жою, мал фермаларында шошқаларды бос жүргізбеу.
ЖАНУАРЛАРДЫҢ РАБДИДАТОЗДАРЫ
Стронгилоидоздар – ауылшаруашылық малдарының төлдерінде және адамда ащы ішекте, эпителий астында тоғышарлық күнелтетін Strongyloididae тұқымы Stгоngуlоidеs туысы нематодтарының тудырған аурулары. Ауру әдетте созылмалы ағымда өтеді.
2 Strongyloides қоздырушылары паразиттік және еркін өмір сүретіндер болып екі топқа бөлінеді. Әр жануарда өз қоздырушысы, соның ішінде: жылқыда - S.westeri (ұзындығы 5-9 мм), ірі қарада - S.papillosus (5-6,5мм), шошқада - S.ransomi (2-6мм), адамда - S.stercoralis (2,2мм), қояндарда - S.papillosus болады.
3 Даму биологиясы. Сыртқы ортада рабдиттік (инвазиялық емес) личинкалар 2 рет түлеп, 2-3 тәулік өткенде филяритәрізді (инвазиялық) личинка сатысына айналады. Соңғылары теріні тесіп немесе ауыз арқылы организмге енген соң ішектің қабаттарынан өткен соң 5-7 тәулікте ересек сатысына айналады. Стронгилоидтар организмде 5-9 ай тоғышарлық тіршілік етеді.
4 Эпизоотологиялық деректер. Стронгилоидоз негізінен жаңа туған төлдерде тіркеледі. Төл әдетте анасының сүтін емгенде немесе терісі арқылы личинка енгенде жұқтырады. Ересек мал инвазия көзі болып табылады. Аурудың жұғуына лас, тар, қидан тазартылмаған қора, қора маңы топырақтары арқылы залалданады. Аурудың шегіне жету уақыты наурыз-сәуір.
5 Сыртқы белгілері. Стронгилоидоз өшкін түрде созылмалы ағымда өтеді. Ауру мал тынышсызданады, терінің қышынуы, домбығуы, бөртуі, қабыршықтануы байқалады. Кейде құсу және іш өту тіркеледі. Арықтаған мал өсімнен қалады. Дене қызуы 40-41,7°С көтерілуі ықтимал. Кейбір малда пневмония, плеврит, конъюнктивит тіркеледі. Ауру ұзақтығы 2-4 апта.
6 Диагноз қою. Тірі малда нәжіс сынамасын Фюллеборн (ішінде бұратылған личинкасы бар жұмыртқа) немесе Берман-Орлов әдісімен (личинка) зерттелінеді. Өлген малда ішек-қарын жынын ересек стронгилоид-тарға зерттейді. Өлекседегі өзгерістер: жаппай қанталаулар, тері асты шелінің домбығуы, бұлшық етте, өкпеде қан құйылулар, бронхит, катаралды гастоэнтерит, ішек-қарын кілегейінде нүктелі қанталаулар, эрозия мен ойық жаралар. Тері астында сұр түсті сұйықтың жиналуы, май мен қылшық бездерінің іріңді қабынуы тіркеледі.
7 Емдеу. Нилверм тері астына, 1 рет 15 мг/кг дозада немесе ішке жеммен 20 мг/кг дозада; панакур 0,01 г/кг; мебенвеm 0,008 г/кг; тuабендазол 100 мг/кг; ринmал (фебанmел) ішке, 7,5-10мг/кг қолданылады.
8 Ауруды алдын алу үшін шаралардың кешенді жоспарына сәйкес жүргізу көзделеді.
"Нематодология" тарауы бойынша бақылау сұрақтары. Нематодтардың морфологиялық және биологиялық сипаттамасын атаңыз. 2. Нематодалардың негізгі тек тармақтарын атаңыз және олардың қысқаша сипаттамаларына тоқталыңыз. 3. Аскаридат тек тармағы өкілдерінің адам мен жануарларда тудыратын ауруларын атаңыз. Олардың даму биологиясы қалай өтеді? 4. Факультативтік иелерінің организмінде аскаридаттардың соматикалық миграциясы деген феноменді қалай түсінесіз? 5. Қай нематодозда қоздырушы кіндік (плацента) арқылы беріледі? 6. Нематодоздарды жайылымдық дауалау дегеніміз не? 7. Нематодтардың номенклатурасын тұқым, туысқа дейін жіктеңіз. 8. Жануарлардың стронгилятоздарында балау қалай жүргізіледі? 9. Қай нематодозда бір жануар әрі дефинитивтік, әрі аралық иесінің ролін атқарады? 10. Телязиоз бен тыныс алу жүйесі стронгилятоздарында топтап дауалауды қалай жүргізуге болады? 11. Жануарлардың стронгилоидозында қоздырушының даму биологиясы мен жұғу жолдары қалай өтеді? 12. Диктиокаулдерде жыныстық күйзелу (депрессия) және латенттік ағымы дегенді қалай түсінесіз?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Сабаншиев М.С. және т.б. Паразитология және жануарлардың инвазиялық аурулары – Алматы, 2003. – Б.327-435.
2 Ерболатов К.М. Мал гельминтоздары. Алматы, Қайнар. 1984. – Б.78-149.
3 Есімбеков Ж.М. Арахноэнтомология. Новосибирск, 2002. - Б.113-120.
4 Шабдарбаева Г.С. Ветеринариялық гельминтология. Алматы, 2007. –С.89-164.
5 Ыбраев Б.К. Гельминтоздарды балаудың негізгі әдістері. Астана,2008.-Б.52б.
5 Кадыров Н.Т. и др. «Паразитология и инвазионные болезни сельскохозяйственных животных». Астана, 2001. – С.173-327.
№9 дәріс ЖАЛПЫ ЦЕСТОДОЛОГИЯ. ЦЕСТОДОЗДАР
Цестодтардың құрылысы. Цестодтар (Сestoda) – жалпақ құрттар типіне, таспа құрттар класына жататын өкілдер. Цестодтар: шынжырлы және баулы құрттар болып екі тармаққа жіктеледі. Цестодтардың ересектері омыртқалы жануарлардың асқорыту жүйесінде, ал балаңқұрттары омыртқалы және омыртқасыздардың әртүрлі ұлпалары мен мүшелерінде тоғышарлық күнелтеді. Дене бітімі таспатәрізді, мойын және көптеген бунақтардан (буылтық, проглоттида) құралады. Тұрқы 0,5мм-ден (E.granulosus) 15м-ге (T.saginatus) дейін болады. Цестодтардың барлығы дерлік биогельминттер. Жұмыртқаларының пішіні – сопақша, алмұрттәрізді, ішінде 3 жұп эмбрионалды ілмекшелері бар онкосфера орналасады. Балаңқұрт сатылары: цистицеркоид, цистицерк, ценур, эхинококк, альвеококк, стробилоцерк, процеркоид, плероцеркоид, тетратиридий. Кейбір цестодтардың дамуында аралық және қосымша иелері қатысады. Тениидоздарды балау мақсатында гельминтоскопия, гельминто-овоскопия, ларвалды сатыларын аралық иелерінде анықтауда - аллергиялық, серология әдістер мен өлгеннен кейінгі диагностикалау жатады.
Шынжырлы тармақ цестодаларының ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан маңыздылары: аноплоцефалята, тениата, гименолепидата, давениата, мезоцестоидата тек тармақтары болып табылады.
Аноплоцефалятоздар – күйістілер мен жылқылардың ащы және тоқ ішек бөліктерінде аноплоцефалята өкілдерінің тоғышарлығынан туындаған гельминтоздар. Аталмыш топқа: мониезиоз, күйістілердің тизаниезиоз, авителлиноз, стилезиоз және жылқының аноплоцефалидозы жатады.
Мониезиоз - Moniezia туыстас гельминттердің күйістілердің ащы ішегінде тоғышарлығынан дамиды.
1 Moniezia expansa – ұзындығы 10м, ені 16мм, сколексі қарусыз, екі жұп жыныс жүйесі бар, проглоттида аралық бездері дөңгелек тәрізді.
2 Moniezia benedeni – ұзындығы 4м, ені 26мм, сколексі қарусыз, екі жұп жыныс жүйесі бар, проглоттида аралық бездері буылтық ортасында сызықша тәрізді. Жұмыртқалары – көпбұрышты, онкосферасы алмұрттәрізді аппарат түрінде. Аралық иелері – орибатид (топырақ, панцирлі) кенелер, бұнда балаңқұрт сатысы – цистицеркоид дамиды.
3 Даму биологиясы. Нәжіспен сыртқа түскен жұмыртқаны орибатид кенелері жұтып, олардың денесінде цистицеркоидқа айналады. Күйістілер шөппен залалднаған кенелерді жұтқанда жұқтырады. Moniezia expanse-ның препатенттік даму мерзімі 38-40, ал Moniezia benedeni-кі 42-49 күн құрайды. Орташа есеппен мониезийлер тәулігіне 8 см өсіп отырады.
4 Эпизоотологиялық деректер. Кенелер топырақтың үстіңгі бетінде, шіріген субстарттарда, ылғалы жеткілікті жайылымдарда көп кездеседі. Суық түскен мезгілде кенелер 20см дейінгі тереңдікке кетеді. Мал жайылымға шығысымен ауруға шалдығады. Төлдер Moniezia expanse-мен маусым-шілдеде, Moniezia benedeni-мен қыркүйек-қараша айларында дерттенеді. Ересек малда жиі Moniezia benedeni тіркеледі.
5 Сыртқы белгілері. Қозы, бұзауда ауруға тән, ал ересектерде өшкін ағымда өтеді. Ауру жеңіл, зілді токсикалық, обтурациялық (ішектің бітелуі), нерв жүйесінің зақымдалу ағымдарында байқалады. Мал жатып қалады, ыңқылдайды, нәжісі сұйылады, буылтықтар бөлінеді, суды мейлінше көп ішеді, жүні түседі, әуке, төс және құрсақ тұстарында жалқаяқты ісіктер дамиды, көтеремдік пен жүрек қызметінің нашарлауы өлімге әкеліп соқтырады. Обтурациялық түрі 2-3 айлық қозыларда: іштің түйілуі, малдың аунауы, айналып жүруі белгілерімен сипатталады. Нерв жүйесі қабынғанда жүріс-тұрысы өзгереді, басын қайқайтып, денесі дірілдейді.
6 Диагнозды эпизоотологиялық және клиникалық деректер мен патологиялық-анатомиялық өзгерістерін (ащы ішектегі тоғышарлар, лимфатүйіндерінің ісінуі) ескере қояды. Малдың тірі кезінде таңертеңгілік уақытта мал нәжісін гельминтке қарау, Фюллеборн мен Дарлинг әдістерін қолдана гельминтоовоскопия өткізеді. Мониезиозды тизаниезиоз, авителлиноз, ценуроз, эстроз, топалаң, листериоздан ажырата балау қажет.
7 Емдеу. Фенасал (0,2-0,25г/кг), битионол (0,1г/кг), феликсан (0,2-0,4г/кг), альвет, альбен, альбендазол, альбенвет, панакур, антицес (45-60мг/кг).
8 Профилактикалау. Төлдерді ересектерден бөлек бағу, оларға кенелермен залалданбаған жайылымдарды бөлу немесе екпе шөп егілген жайылымдарды қолдану. Ферма маңын жырту, екпе шөп егу. Жаңбырдан және шықтан кейін ойпаттардағы жайылымдарды қолданбау. Преимагиналды дегельминтизацияны: жайылымға шыққан соң 20 күн өткенде, қайталап 15-20 тәулік сайын, ал кейіннен әр 30 күннен сайын, бұзауларды – жайылымға шыққан соң 35 күн өткенде, кейіннен әр 30 сайын өткізеді.
№10 дәріс ИМАГИНАЛДЫ және ЛАРВАЛДЫ ТЕНИИДОЗДАР, БАЛАУ ЖӘНЕ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ
Тениидоздар жануарларда даму сатысына қарай: имагиналды және ларвалды екі түрде тіркеледі. Имагиналды тениидоздарға етқоректілер бейімділік танытып (ақтық иелері), оларға эхинококкоз, альвеококкоз, мультицептоз, тениоз және басқалары жатады. Тениаталардың ересектері етқоректілердің ащы ішегін жайлайды. Мысалы, эхинококкозды итте Echinococcus granulosus, альвеококкоз – Alveococcus multilocularis, мультицептозды – Multiceps multiceps, гидатидтік тениозозды – Тaenia hydatigena тудырады.
Ларвалды тениоздар негізінен үй малдарының (аралық иелері) организмінде әртүрлі сатыларда (біркамералы эхинококк, көпкамералы альвеококк, ценур, қылмойынды цистицерк) кездеседі. Төменде ларвалды тенидоздарды қарастырамыз.
Ларвалды эхинококкоз
1 Эхинококкоз ларвалды сатысында үй малдарында тіркеледі. Аралық иелерінің қызметін 60-қа жуық жануарлар мен адам атқарады. Қоздырушысы әртүрлі органдар мен ұлпаларда дамиды.
2 Echinococcus granulosus (E.unilocularis) балаңқұрт сатысы біркамералы, іші сұйыққа толы (кейде 8 литрге дейін) көпіршік. Көпіршіктің тұрқы бұршақтан жаңа туған нәрестенің басындай болады. Мысалы, қабынған бауыр салмағы 50кг, өкпенің – 30кг дейін жеткен, ал олардың саны өте көп болуы мүмкін. Ларвоцисталар бауырда, өкпеде, талақта, сирек сүйекте және сіңірде дамиды. Эхинококк көпіршігі бірнеше жыл бойы (10-30 жыл) дамиды. Эхинококкоздың дамуында қатысатын иелері сан-алуан. Мысалы, Канадада: қысқыр-бұғы-қасқыр, Австралияды: Динго иті-кенгуру-Динго иті, Өзбекстанда: ит-қой-ит, Белоруссияда ит-шошқа-ит, ал Қазақстанда жиі түрде: ит-қой (ірі қара мал)-ит қатысады.
3 Даму биологиясы. Дефинитивтік иесі сыртқа нәжісімен жұмыртқаға толған буылтықтарды тастайды, оларды аралық иелері азық-сумен жұтып залалданады. Ішке түскен онкосфера кілегей қабаты арқылы қан мен лимфаға өтіп денеге тарайды да, 5-6 ай шамасында көпіршікке айналады. Дефинитив-тік иесі көпіршіктермен залалданған ішкі мүшелерін жегенде жұқтырып, олардың ішегінде 2-3 айда ересек сатысына айналады. Ересек құрт 5-6 ай өмір сүреді.
Ларвалды альвеококкоз
Альвеококкозды (ауру алғашында көпкамералы эхинококкоз дер аталған) өте ұсақ Alveococcus multolocularis таспа құрты тудырады. Ересек құрт ақтық иелерінің (түлкі, ит, қасқыр, ақ түлкі, және кейде мысық) аш ішегінде күнелтеді, ұзындығы 3мм, денесі 3-4 бунақтан тұрады, сыртқы құрылысы эхинококке ұқсас. Жатыры жетілген бунақта қап тәрізді. Балаңқұрт сатысы аралық иелері – кеміргіштер (тышқан, ондатра, егейқұйрық, сасықкүзен, ақ тышқан), адамның өкпе, бауырында үлкенді-кішілі көпіршіктер құрайды.
Ауру қоздырушысының дамуы эхинококктікімен ұқсас. Құрттың жұмыртқасы нәжіспен сыртқа тасталады да, ластанған азық-сумен аралық иелеріне жұғады. Ақтық иелері ларвоцистамен зарарланған ішкі мүшелерді жегенде жұқтырады.
Ценуроз
1 Церебралды ценуроз немесе ми ценурозы (айналма) – иттердің ащы ішегін жайлаған Multiceps multiceps құртының күйістілерге жұққандағы туыдырған балаңқұрт сатысының - Coenurus cerebralis ауруы. Жиі жағдайда қой, ешкі, ірі қара мал, қодас, сиректеу түйе, шошқа, жылқы, сайғақ, жайран, муфлон және адам ауырады.
2 Қоздырушысы. Multiceps multiceps ұзындығы ересегінің 1м, денесі 200-300 бунақтардан құралған, ені 5мм, сколексі 22-32 хитинді ілмектермен қаруланған.
Ценуроз қоздырушысы Coenurus cerebralis – домалақ немесе сәл созылыңқы, сыртқы қабығы мөлдір, іші сұйыққа толы (150-200мл) көпіршік. Ішкі қабығында көптеген сколекстері (700 экз.) шоғырланып орналасқан.
3 Даму биологиясы. Аралық иесі жайылымда жұмыртқаны жұтып, ішке түскен онкосфера қан айналымымен миға (кейде жұлынға) жетеді де, 2-3 айдан соң ценур көпіршігіне айналады. Дефинитивтік иесі айналмамен ауырған қойдың миын жегенде шалдығып, ішегінде 40-73 тәулік өткенде ересек құрт пайда болады.
4 Эпизоотологиялық деректер. Ценуроз қой шаруашылығы дамыған қожалықтарда ветеринариялық-санитариялық шаралар кешенінде кемшілік, олқылықтар болғанда кеңінен тіркеледі. Аурудың таралуына иесіз, босып жүрген иттер себеп болады. Аурудың шегіне жету мерзімі қыстың аяғы мен көктем кезі. Ценур көпіршігі сыртқы орта факторларына төзімсіз.
5 Клиникалық белгілері. Белгілері мидағы ценур көпіршігінің санына, орналасу орнына, өсу жылдамдығына және мида дамыған өзгерістерге тікелей байланысты. Алғашқыда мал үркек, денесі қалшылдайды, кенеттен қимылдап, дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы жиілейді. Ауырған мал әдетте жіті менингоэнцефалиттен шалдыққаннан кейінгі 5-7 күндері өледі. Аурудың 2 кезеңінде: көпіршік өсуімен (2-6 ай) байланысты. 3 кезеңде мал жағдайы күрт төмендеп, басын қабырға, оттыққа тірейді, дауысқа жауап бермейді, қимылы өзгереді (ценурдың орналасуына қарай айналма белгісі).
6 Диагнозды иттің нәжісін – гельминтоовоскопиялау мен гельминто-скопиялау, малда – аллергиялық, серологиялық әдістермен жүргізеді. Міндетті түрде ұқсас аурулардан ажырату керек.
7 Күрес шаралары: арнайы дауалау мақсатында қойларды вакциндейді (Н.Е.Косминков; Сабаншиев М.С., Бердикулов М., Ахметбеков Н.А. ұсынған). Иттердің тениидоздарына қарсы: иттерді паспорттау, ай сайын оларды дегельминтизациялау, ферма аумағына иттерді жібермеу, иесіз иттерді жою. Ауырып сойылған қой басын өртеу. Малшылар арасында насихаттау жұмыстарын жүргізу.
Жануарлардың цистицеркоздары (жылауық)
Қоздырушылары – тения тұқымына қарасты өкілдер.
Taenia pisiformis – ұзындығы 2м, сколексінде 36-48 ілгекшелері бар. Әрбір бунағының артқы жағы алдыңғысынан жалпағырақ, сол себептен құрттың денесі темір араның тістерін елестетеді. Жұмыртқалары домалақ пішінді. Балаңқұрт сатысы Cysticercus pisiformis үй және жабайы қоян цистицеркозының қоздырушысы. Пизиформдық цистицерк – сүйірлеу көпіршік (циста), ұзынынан – 6–12мм, көлденеңінен 4–6мм жетеді. Циста қуысында мөлдір сұйық және ішкі қабығында ақ түсті, тары дәніне жуық бір сколекс орналасады. Цисталар топталып салбырап тұрған көпіршіктер ретінде ішкі майда, шажырқайда, құрсақ қуысы органдарының сероздық қабықтарында орналасады.
Taеnia hydatigena – ұзындығы 5м таяу, денесі 500–700 бунақтан тұрады, қосжынысты бунақта 600-700-дей аталық бездері орта тұсында орналасқан. Екі ебелекті жатыры бунақтың артқы бөлігінде жайғасады, ал пісіп жетілген бунақта 15–16 көлденең тармағы бар ұзынынан орналасқан түтік тәрізді болады. Құрттың ларвоциста сатысы Cysticercus tenuicollis (жылауық) деп аталады. Көпіршік – үлкендігі бұршақ дәнінен тауық жұмыртқасындай болатын жұқа қабықты циста, іші мөлдір сұйыққа толы, кескіні доғал домалақ келген жіңішке мойынды цистицерк. Қабығының ішкі бетінде ақ бүршік түрінде жалғыз ірі сколексі орналасады. Мал (өлексе) сойғанда, цистицерктер ішкі мүшелердің сероздық қабықтарында, іш майында, шажырқайда, бауырда, плеврада салбырап тұрған домалақ көпіршіктер ретінде оңай табылады.
Taеnia ovis – ұзындығы 1м астам. Бунақтардың жақтауында орналасқан жыныс дөңестері ірі, ұзынынан орналасқан түтік тәрізді жатырдың оңында және солында 20-25-тен көлденең тармақтары бар. Балаңқұрт сатысы Cysticercus ovis (овистік цистицерк) – домалақ немесе сопақтау циста (көпіршік) өлшемі 2-9мм, түсі ақшылт–сарғылт, оның ішінде мөлдір сұйық және бір сколекс бар. Ларвацисталар бұлшық етте кездеседі.
Taenia krabbei – ұзындығы 0,6-2м. Сколексі дөңгелек, тұмсықшасында екі қатар ілгекшелері бар. Бунақтарының ең жалпағы 11мм-дей, жатыры түтік тәрізді әр жағында 9-10 көлденең тармақтары бар. Балаңқұрт сатысы солтүстік бұғыларының цистицеркозын қоздырады.
Тениялардың дамуы аралық иелері – ауылшаруашылық және басқа да жануарлардың қатысуымен өтеді. Ақтық иелер – ит, терісі бағалы аңдар мен етқоректілер аралық иелерінің тения ларвоцисталарымен залалданған етін, ішкі органдарын (өкпе-бауыр, ішек-қарынды) жегенде тениоздарға шалдығады. Соның нәтижесінде ішек қуысына түскен цистицерктер 2-3 ай уақыт аралығында ересек тенияларға айналады және ақтық ие нәжісімен сыртқы ортаға жетілген бунақтарымен сан мыңдаған жұмыртқаларын бөле бастайды. Сыртқа бөлінген бунақтар өздігінен жиырылып қозғалу нәтижесінде түскен орындарынан жылжып, кепкен соң ішіндегі жұмыртқалары жайылымды, суаттарды, топырақты, шөпті және де басқа сыртқы орта объектілерін ластайды.
Аралық иелері тениялардың жетілген бунақтарын немесе кепкен бунақтардан шашылған жұмыртқаларын азық-жем, су арқылы жұтқанда ларвалдық (балаңқұрт сатысындағы) тениоздар туындайды. Қарынға түскен тения жұмыртқаларының сыртқы қабықтары қарын сөлінің әсерінен еріп, ал босаған құрт тұқымдары 6 эмбрионалдық ілгекшелерінің көмегімен ішек кілегей қабығына бекінген соң капиллярлық тамырларға өтеді де, қан мен лимфа айналымының бірімен бүкіл органдарға таралады және өздерінің бейімделген биологиялық тұғырықтарында (мекендеу орны) 2-3 ай ішінде цистицерктерге айналады.
АДАМ ТЕНИИДОЗДАРЫ МЕН ЛАРВАЛДЫ ЦЕСТОДОЗДАР
Ірі қара малдың цистицеркозы (ірі қара мал финнозы) балаңқұрт сатысындағы Cysticercus bovis тіл, жүрек, жақ (массетор) пен мойын бұлшық еттерінде мекендеуінен туындаған ауру.
Шошқа цистицеркозы (шошқа финнозы) Cysticercus cellulosae шошқаның тіл, жүрек, жақ (массетор) пен мойын бұлшық еттерінде мекендеуінен туындаған ауру.
2 Қоздырушысы – дефинитивтік иесі – адам (ащы ішегінде), аралық иесі ірі қара мал, шошқа.
Бовистік цистицеркоз-дың имагосы - Taeniarhynchus saginatus 10м жуық, сколексі қарусыз, личинкасы - Cysticercus bovis бұршақтәрізді, реңді көпіршік.
Целлюлозды цистицеркоз-ның имагосы - Taenia solium 4м-дей, сколексі қарулы, личинкасы - Cysticercus cellulosae бұршақтәрізді, реңді көпіршік.
3 Даму биологиясы. Адам нәжісімен түскен жетілген бунақтары сыртқы ортаны ластайды. Аралық иелері ластанған азықты жегенде жұқтырып, онкосфера қанмен бұлшық етке (кейде өкпе, бауыр, ми, жұлынға) енгенде 6 ай шамасында цистицеркке айналады. Бұлшық етте 1-1,5 жыл тіршілік етеді.
4 Эпизоотологиялық деректер. Қоздырушылар екі иелі паразиттер. Ірі қара мал мен шошқа өздеріне тән қоздырушыларға бейім келеді. Әдетте 2 жасқа дейінгі мал жиі дерттенеді. Адам көбінесе шала піскен ет, бастурма, шницель, кәуәп (шашлык) жегенде шалдығады.
5 Клиникалық белгілері. Бейім малда субклиникалық (өшкін) түрде дамиды. Цистицерк саны шамадан тыс көп болғанда: жүрек соғуы және тыныс алуы жиілейді, бұлшық еттері ауырсынады, денесі дірілдейді.
Ауру адамда: кілегей қабаты бозарады, әлсізденеді, жылдам шаршайды, тершең және ашқарақ болады.
6 Диагностикалау: адамдардың нәжісі (ауру ошақтарында) үнемі зерттелінеді, ал ет сату орындарында ірі қара мен шошқа ұшалары міндетті зерттеулерден өтуі тиісті.
7 Емдеу: А.С.Бессонов(1980г) ұзақ уақыт панакур 0,05г/кг ӘБЗ бойынша, дронцит 0,01г/кг ӘБЗ екі күн қатарынан жемге қосып беруді ұсынады.
8 Профилактикалау: рұқсатсыз малды сойдырмау, мал өнімін өңдеуші мекемелерде медбайқаусыз жұмысшыларды жұмысқа қабылдамау, ірі қара мен шошқаны байлауда немесе қораларда ұстау. Сойыс малдарын нақтылы есепке алу. Мал фермаларында адамдарға арналған дәретханаларды ұйымдастыру. Ауру жөнінде насихат жұмыстарын жүргізу.
«Цестодоздар» тарауына бақылау сұрақтары. 1. Цестодардың морфологиясы мен биологиясын атаңыз. Баулы және шынжырлы таспа құрттардың айырмашылықтары неде? 2. Күйістілердің имагиналды және ларвалды аноплоцефалятоздарын атаңыз. 3. Цистицеркоздардың қандай түрлерін білесіз? Цистицерктердің дефинитивтік және аралық иелерін атаңыз. 4. Эхинококктердің штамы дегеніміз не және олардың құрылысы? Эхинококкоздың эпизоотологиялық маңызы неде? Гидатидтік құм дегеніміз не? Тениалар қандай жануарларда кездеседі? Тениаларды қалай ажыратады? 6. Күйістілерде цестодтардың қандай түрлері тіркеледі? Оларды қалай ажыратады? 7. Ит және басқа етқоректілердің цестодоздарында қандай емдік-сақтық шаралары жүргізіледі? 8. Преимагиналды дегельминтизацияның маңызы неде? 9. Мониезиозда биологиялық күрес және химиопрофилактика қалай жүргізіледі?
№11 дәріс ЖАЛПЫ ТРЕМАТОДОЛОГИЯ. ФАСЦИОЛЕЗ, ДИКРОЦЕЛИОЗ, ПАРАМФИСТОМАТОЗ, ОПИСТОРХОЗ, БАЛАУ ЖӘНЕ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ
-
Трематодтардың морфологиясы
-
Трематодтардың даму биологиясы
-
Трематодтарды классификациялау
1. Трематодтардың морфологиясы. Трематода (грек сөзі Trema – сорғыш, емізік + edos - түр) – Plathelmintes жалпақ құрттар типіне, Trematoda класына жататын 3000-нан астам түрлерден құралған, жануарлардың әртүрлі мүшелері мен ұлпаларында тоғышарлық ететін өкілдер.
Дене пішіндері жапырақ, қандауыр, жіпшетәрізді, түстері қызғылт, сұр, кейде ақ. Тұрықтары бірнеше мм бірнеше сантиметрге дейін (нематоботриум филария трематодсы – 100см). дене сырты цитопластикалық тегументпен көмкерілген.
Асқорыту жүйесі ауыз емізігінен, өңеш пен жұтқыншақтан және соқыр аяқталған ішектен құралған. Азық қалдықтары ауыз емізігі арқылы сыртқа тасталады. Кейбір түрлерінде қоректік заттар тегумент арқылы енеді.
Денесінің астыңғы жағында бекіну қызметін атқаратын – бауыр сорғышы (емізігі) орналасады.
Трематодтар – Schistosomatidae өкілдерінен басқасы қосжыныстылар (қызтекелік, гермафродит), жыныс мүшелері жақсы дамыған.
Нерв жүйесі жұтқыншақ астында орналасқан түйіндерден және денеге тараған талшықтардан құралған. Қан айналым мен тыныс алу жүйелері жоқ.
Трематодтарды ажырату олардың дене пішініне, ішкі органдардың тұрқы мен орналасуына қарай жүргізілетіндіктен құрылысын білу ерекше орын алады.
2. Трематодтардың даму биологиясы. Трематоды – биогельминттер, яғни иелерінің алмасуымен даму сатылары өтеді. Бірінші аралық иесі әдетте ұлулар (құрлық және тұшы су) болса, кейбірінде екінші аралық немесе қосымша иесі – балық, амфибилер, жәндіктер, шаяндар және т.б. болып табылады.
Ересек сатысы – марита дефинитивтік иесінің (омыртқалы немесе сирек омыртқасыздар) асқорыту жүйесінде, бауырында, талағында, тыныс алу, зәр бөлу және қан айналым жүйелерінде тоғышарлық күнелтеді.
Марита бөлген жұмыртқа сыртқа нәжіс, зәр, басқа сұйық заттармен бөлінеді. Ұрықтанған жұмыртқа сопақша пішінді, 4 қабаттан құралған, бір полюсінде қақпақша, қарсы жағында төмпешік болады. Ішіндегі жасуша уыздық жасушалармен қоршалып жатады.
Сыртқа (су, топырақ) түскен жұмыртқада дамыған алғашқы кірпікшелермен көмкерілген балаңы – мирацидий, ұлу денесіне енген соң – спороциста (қапшық тәрізді, іші ұрық жасушаларымен толған), партеногенетикалық жолмен келесі – редия, ал одан церкарий дамығаннан кейін сыртқа шығады да, цистаға айналып адолескарийге айналады. Әдетте соңғылары су жиегіндегі өсімдіктерге бекінеді немес суда жүзеді.
Трематодтардың кейбірінің церкарииі (үш иелілерде) белсенді немесе енжар түрде қосымша иенің денесіне еніп метацеркарийге айналады. Қосымша иенің денесіне ену гиалуронидаза ферментінің көмегімен іске асырылады. Адолескарий мен метоцеркарий аналогтар, яғни соңғы зардапты сатылары. Олар дефинитивтік иенің ішіне түскен жағдайда сыртқы қабықтарынан айырылып марита сатысына көшеді.
Трематодтар жынысты (марита сатысы) және жыныссыз партеногенетикалық (спороциста, редия) жолдармен дамиды.
Трематодтардың жұмыртқадан маритаға дейін дамуы сыртқы ортаның жағдайына байланысты болады. Мысалы, ұлу денесінде 4000 жуық церкарий дамуы ықтимал. Дефинитивтік иесінің организмінде марита 5 жылдан астам уақыт тіршілік етіп, сыртқы ортаға жұмыртқаларын тастап отырады.
Трематодтардың ішінде келесі тек тармақ өкілдері маңызды:
-
Fasciolata: құрсақ емізігі ауыз емізігіне жақын орналасқан, олардың арасында жыныс тесігі ашылады. Дамуы бір немесе екі иенің қатысуымен өтеді. Жататындар – фасциола, дикроцелии, эуритрема, хасцилезия, простогонимус, плягиорхиз.
-
Paramphistomata: ауыз емізігі жоқ, құрсақ емізігі денесінің артқы жағында орналасқан. Ақтық және аралық иесінің қатысуымен дамиды. Мес қарынның паразиті.
-
Heterophyata: құрсақ емізігі ауыз емізігіне жақын орналасқан жыныс бездері денесінің артқы жағында, үшиелі (дефинитивтік, аралық және қосымша) паразит. Описторхис, клонорхис.
-
Echinostomata: бас жағында жағасы орналасады. Су құстарының паразиті. үшиелі (дефинитивтік, аралық және қосымша). Эхиностома.
-
Schistostomata : дара жыныстылар. Емізіктері әлсіз дамыған. Құстар мен сүтқоректілердің қан айналым жүйесінің паразиті. Екі иелі паразит. Дефинитивтік иесіне церкарий өз күшімен енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |