Шығындарды бағалау әдістері



жүктеу 102.82 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі102.82 Kb.
ӘӨЖ 658.531

Шығындарды бағалау әдістері
Темірбекова Ләззат Асанқызы

(Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті)


Шығындарды дәл бағалау және шығындар динамикасын есептеу маңыздылығы бухгалтерлердің талдаудың қазіргі заманғы әдістерін белсене қолдану қажеттілігін білдіреді. Персоналды компьютерлер мен сәйкес бағдарламалық қамсыздандыруды енгізу шығындарды бағалауда математикалық және статистикалық тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.

Қатаң бәсекелестік жағдайында кәсіпорындар шығындар динамикасының дәл бағалануына мұқтаж болады. Ол үшін шығындардың әрбір түрінің функциясын анықтау қажет, яғни тәуелді айнымалының шығындардың тәуелсіз факторынан байланысын анықтау керек.

Шығын факторының өзгеруі жалпы шығындардың өзгеруіне әкеп соғатын кез келген фактор ретінде анықтауға болады. Мысалы, еңбек-сағат, машина-сағат, шығарылған өнім бірлігі және т.с.с.

Жоғарыда аталған есептің орындалуы регрессия теңдігі арқылы жүзеге асырылады. Регрессия теңдігі тәуелді айнымалы (мысалы, бұл шығындар) мен негізінде алдыңғы байқаулар жататын бір немесе көп санды тәуелсіз айнымалылар (өндіріс белсенділігінің көрсеткіштері немесе шығын факторлары) арасындағы күтілетін тәуелділікті көрсетеді. Түрдің сызықтық тәуелділігі неғұрлым көп байқалады:



(1).

Шығындар функциясын бағалау үшін әралуан әдістер қолданылуы мүмкін:

- инженерлік әдістер;

- бухгалтерлік есептерді тексеру;

- графикалық әдіс;

- ең үлкен және ең кіші шама әдісі;

- ең аз квадраттар әдісі.

Шығын динамикасын талдаудың инженерлік әдістері кіретін ресурстар мен шығатын өнім арасындағы технологиялық тәуелділіктерді инженерлік талдауды пайдалануға негізделген, мысалы, оларға технологиялық талдау, жұмыстарды іріктеу және уақыт пен қозғалысты зерттеу секілді игеру әдістері жатады. Мұндай әдістерді шығындар мен шығын факторлары арасында физикалық байланыс болғанда ғана пайдаланған жөн. Техникалық талдауды орындау процедурасы қызмет түрі үшін талап етілетін негізгі физикалық мінездемелерді тура бақылауға, ал артынан алынған нәтижелерді шығындардың күтілетін шамаларына ауыстыруға негізделеді. Техникалық талаптарды білетін инженерлер қажетті материалдар санын және әралуан операцияларды жүргізу үшін керек жұмыскерлер еңбегі мен құрал-жабдықтар еңбегінің ұзақтығын бағалайды. Содан соң, құн бойынша баға алу үшін ресурс бағалары мен ставкалары физикалық параметрлермен байланыстырылады. Инженерлік әдіс кіріс ресурстары мен өнімнің шығуы арасындағы тәуелділік анықталған, функционалдық болып табылатын қайталанушы процестердің шығындарын бағалағанда пайдалы.

Шығындарды кейбір жеке біржолата нәтижелермен тура байланыстыру қиын болатын, қызмет түрін бақылау және есептеу қиынға түсетін салаларда бұл әдіс кең қолданылмайды.

Зерттеу жүргізудің, үлгілерді іріктеу мен талдаудың, жұмыстың рационалдық физикалық әдістерін зерттеудің қымбат болуы аталған әдістің кемшілігі болып табылады.

Егер тура шығындар жалпы шығындардың неғұрлым көп бөлігін құрайтын болса, әрі кіріс ресурстары мен өнім шығуы арасындағы тәуелділік ұзақ уақыт бойында бір қалыпты болса, онда осы әдістерді пайдаланған жөн.



Есептерді тексеру әдісі бухгалтерлердің нақты кезеңге қатысты есептердегі шығындардың әрбір бабын тексеруді, одан соң шығындардың әрбір бабын тұрақты, айнымалы және жартылай айнымалы категорияларға жіктеуді талап етеді. Айнымалы шығындар категориясына қатысты баптар үшін шығындардың өнім бірлігіне жалғыз орташа көрсеткіш пайдаланылады, ал тұрақты шығындар категориясына қатысты баптарда басқа бір жалғыз көрсеткіш – есептік кезеңдегі жалпы шығындар пайдаланылады. Жартылай айнымалы шығындар үшін бухгалтер шығындар динамикасын неғұрлым жақсы сипаттайтын шығындар көрсеткішін пайдаланады.

Осы әдіс бойынша шығындарды бағалау жеке және шартты көзқарастарды қамтитын субъективтік болуы мүмкін, яғни дәл емес, әсіресе, егер оның негізінде үлкен ақша қаражаттарын талап ететін шешімдер қабылданатын болса.



Графикалық әдіс немесе шашырату әдісі әрбір қызмет түріне жалпы шығындар графигін құруды қарастырады. Жалпы шығындарды тігінен (Y), ал өндіріс көлемін – көлденеңінен (Х) қояды. Басқаша айтатын болсақ, корреляция болмағандағы немесе бақыланушы шамалардың хаотикалық динамикасындағы шығындарды визуалдық бейнелеуді көрсететін корреляциялық жазықтық құрамыз. Бұл әдістің қолданылуы қарапайым, алайда ол сызықтың қай жерде өтетіндігіне байланысты бір кемшілікке ие, әркім оны өз қарауына қарай сызуы мүмкін. Сәйкесінше, зерттелуші көрсеткіштер арасындағы тәуелділікті сипаттайтын сызық та субъективтік көзқарасқа негізделетін болады, демек, шығындарды бағалау қателікке жол беру мүмкін.

Максимум және минимум әдісінде ең жоғары және ең төменгі белсенділік кезеңдері таңдалады және осы екі кезеңге қатысты шығындардың өзгерістері алынады. Тұрақты шығындар жинақталған шығындар мен жалпы айнымалы шығындар арасындағы өзгеріс ретінде анықталады. Бұл әдістің пайдаланылуы максимум мен минимумнан басқа бақылаулардың ешбірін ескермейді, демек, кәдімгі операциялық жағдайларда шығын функцияларын бағалау үшін ол жарамсыз.

Шығынды тұрақты және ауыспалы бөлшектерге бөлу үшін жоғарғы және төменгі нүкте әдісі бойынша келесі есептеу тәртібі қолданылады:



  1. зерттеліп отырған кезеңде (егер бұл жыл болса, онда деректер айлар бойынша алынады) өндіріс және шығын көлемі туралы нақты деректер арасынан көлем (Qmax, Qmin ) мен шығынға (Сmax, Cmin ) сәйкес максимальды мәндер таңдап алынады;

  2. өндіріс көлемі (∆Q) мен шығын (∆С) деңгейлеріндегі айырмашылық табылады;

  3. бір бұйымға кеткен ауыспалы шығын (vc) ставкасы кезең бойындағы шығын деңгейлеріндегі айырмашылықтың (мах және міn мәндер арасындағы айырмашылық) осы кезеңдегі өндіріс көлемі деңгейлеріндегі айырмашылыққа қатынасы жолымен анықталады:

VC = C / Q (2),

мұндағы С – шығын деңгейлеріндегі айырмашылық;

Q - өндіріс көлемі деңгейлерінің айырмасы;


  1. өндірістің максимальды көлеміне (VCmax) (минимальды (VCmin)) жұмсалған ауыспалы шығындардың жалпы шамасы ауыспалы шығын ставкасын сәйкес өндіріс көлеміне көбейту жолымен анықталады:

VCmax = vc* Qmax или VCmin = vc* Qmin; (3);

  1. тұрақты шығындардың жалпы шамасы (FC) барлық шығындар мен ауыспалы шығындар шамасының арасындағы айырма ретінде анықталады:

FC = Сmax - VCmax или FC = Cmin - VCmin (4);

  1. жалпы шығын өзгерісінің өндіріс көлемі өзгерісіне тәуелділігін көрсететін жиынтық шығын теңдеуі құрылады (1-кесте):

Кесте 1


Өндірілген өнім және шығындар туралы мәліметтер




өндірілген өнім көлемі, тонн

өнім өндіруге кеткен шығындар, мың теңге

Ең төменгі белсeнділік деңгейі

234

2137

Ең үлкен белсенділік деңгейі

2539

18534

айырмасы

2305

16397

1 кесте мәліметтері негізінде шығындар айырмасын өнім көлемі айырмасына қатынас арқылы бір өнімге ауыспалы шығындарды анықтаймыз, олар 7113,67 теңге (16397000/2305).

Тұрақты шығындарды анықтайық, жалпы шығындардан ауыспалы шығындарды шегеру арқылы: 18534000– 7113,67*2539=472402 теңге.

Бұл жағдайда шығындар функциясы келесідей болады:

у = 472402 +7113,67х.

бұл келесіні білдіреді: өнім көлемі 1 тонна өскен сайын жалпы шығындар 7113,67 теңгеге өседі, және де егер біз еш нәрсе шығармасақ та тұрақты шығындар 472402 теңгеге тең болады.



Ең аз квадраттар әдісі барлық алынған нәтижелерге барынша сәйкес келетін регрессия сызығын математикалық анықтайды. Оның мәні мынада: бүкіл жеке шамалардың таңдап алынған сызықтан тігінен ауытқуларының квадраттарының сомасы нүктелер арасынан жүргізіле алатын кез келген сызықтан тігінен ауытқулардың квадраттарының сомасынан кем болуы керек. Осы талапқа жауап беретін регрессия теңдігін а және b параметрлерін анықтай отырып, келесі теңдік жүйесінен анықтауға болады:

(5).

Сол сияқты, а және b параметрлерін математикалық статистикада дайындалған формулалар арқылы да анықтауға болады:



(6),
(7).

Алынған формуланы пайдалана отырып, қызмет түрінің әралуан деңгейінде орын алуы ықтимал шығындарды болжауға болады, оның ішінде алдыңғы мәліметтері болмайтындар үшін де.

2 кесте негізінде (6, 7) формулаларды қолдана отырып, немесе арнайы стандартталған компьютерлік бағдарламаларды пайдаланып, теңдеулер параметрлері анықталады.
Кесте 2

Өндірілген өнім және шығындар туралы мәліметтер






өндірілген өнім көлемі, тонн, х

өнім өндіруге кеткен шығындар, мың теңге, y

Х2

ху

қантар

234

2 137

54756

500058

ақпан

796

4 259

633616

3390164

наурыз

1 232

8 256

1517824

10171392

көкек

1 018

7 723

1036324

7862014

мамыр

998

6 909

996004

6895182

маусым

1 496

10 683

2238016

15981768

шілде

1 860

9 718

3459600

18075480

тамыз

2 539

14 827

6446521

37645753

қыркүйек

2 287

18 534

5230369

42387258

қазан

1 877

13 058

3523129

24510344,6

барлығы

14 337

96 104

25 136 159

167 419 414

орташа

1433,7

9610,426

2513615,9

16741941,4

Параметлерді регрессия теңдегіне қою арқылы, келесі анықталды:

у=336,1498 +6,46877х

Бұл келесіні білдіреді: өнім көлемі 1 тоннаға өскен сайын жалпы шығындар 6468,77 теңгеге өседі, және де егер біз еш нәрсе шығармасақ та тұрақты шығындар 336149,8 теңгеге тең болады.

Алынған формула арқылы әр түрлі өнім деңгейіне шығындарды болжауға болады.

Регрессия сызығы мен шынайы бақылауды графикалық түрде бейнелеуге болады, оған жазылған шынайы бақылаулардың түзу сызықтан тігінен ауытқуы неғұрлым жақын болса, бағаланушы шығындар шығындар динамикасын болжау тұрғысынан соғұрлым сенімді болады. Кері жағдайда, бақылаулар берілген сызыққа жақындаған сайын, тәуелсіз және тәуелді айнымалылар арасындағы тәуелділік күштірек болады.

Зерттеліп отырған көрсеткіштер арасындағы байланысты сызықтық корреляция коэффициенті арқылы бағалауға болады:



, (8).

Сызықтық емес регрессия үшін эмперикалық корреляциялық қатынас анықталады.

Шығындардың потенциалдық факторлары тәуелді айнымалы шамасын қаншалықты сенімді болжауға мүмкіндік беретіндігіне көз жеткізу үшін сенімділікті анықтауға арналған бірнеше тесттерді қолдануға болады.

Тәуелді айнымалыға бір фактордың ықпалы қарастырылатын жағдай қарапайым регрессия, бірнеше факторлардың ықпалы қарастырылатын жағдайда көптік регрессия туралы айтады. Көптік регрессия теңдігі мынадай:



(9).

Теңдіктер жүйесі үш және одан да көп теңдіктерден тұрады, көптік регрессия параметрлерін анықтау үшін матрицалық әдіс немесе стандартталған компьютерлік бағдарламалар қолданылады.

Көптік регрессия теңдігі шығындар функциясының неғұрлым дәл бағасын, bi параметрлерінің неғұрлым дәл шамасын алуға мүмкіндік береді, анықталатын факторлардың әрқайсысы бойынша маржиналдық шығындарды анықтауға мүмкіндік береді.

Көптік, сол сияқты қарапайым регрессияда да шығындарды бағалағанда неғұрлым жақсы баға алу үшін Гаусс-Марков шартының орындалуы қажет. Оның мәні мынада:

1) кездейсоқ мүшеде жүйелі ауысу болмау керек;

2) кездейсоқ мүшенің әрбір бақылаудағы дисперсиясы тек бір ғана шамаға ие;

3) әрбір бақылау үшін кездейсоқ мүшелердің корреляцияланбағанына көрсетеді;

4) түсіндіруші айнымалы кездейсоқ болмау керек, бұл регрессия коэффициенттерін бағалаудың жылжымауын және сенімділігін қамтамасыз етеді.

Жоғарыда аталғандар негізінде шығын функцияларын бағалаудың сатыларын жалпылауға болады:

- болжау қажет ететін тәуелді айнымалыны таңдау;

- шығындардың потенциалдық факторларын таңдау;

- тәуелді айнымалылар және шығын факторлары бойынша мәліметтер жинау;

- бақылау нәтижелерін график бетіне түсіру;

- шығын функцияларын бағалау;

- шығын функцияларын сенімділікке тесттеу.

Регрессиялық талдауды дәйекті қолдану негізгі операцияларды түсінуді талап етеді.



Шығындарды дәл бағалауға және белгілі бір көлемде оларды болжауға мүмкіндік беретін әдіс ең аз квадраттар әдісі болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:


  1. Друри К. Управленческий и производственный учет: Пер.с англ.; Учебник. –М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2003.-1071с.

  2. Басовский Л.Е. Эконометрика: Учебное пособие. –М.: Издательство РИОР, 2005-48с.

  3. Кремер Н.Ш., Путко Б.А. Эконометрика: Учебник для вузов / под ред. проф. Н,Ш Кремера.- м: ЮНИТИ-ДАНА, 2004. -311с.

  4. Практикум по эконометрике: учебное пособие / И.И. Елисеева, С.В.Курышева, Н.М. Гордеенко и др.; под ред. И.И. Елисеевой. – М.: Финансы и статистика, 2002.-192с.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет