Шығыс Қазақстанның туризмді дамытуға қолайлы нысандары Р. Е. Қалдыбекова



жүктеу 67.86 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі67.86 Kb.
Шығыс Қазақстанның туризмді дамытуға қолайлы нысандары
Р. Е. Қалдыбековагеография магистрі, оқытушы

Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы қ.

Шығыс Қазақстан облысының табиғи – климаттық зонасына әркелкілік тән. Аймақ өңірін –таулы, таулы-орманды, орман-тоғайлы, далалы, шөлді, шөлейтті, ландшафт алып жатыр. Кенді Алтай және Оңтүстік Алтай жеріне Қалба, Сауыр-Тарбағатай таулары орналасқан. Таулардың биіктігі- 800ден 1500 м-ге дейін, Алтайдың шығысы-3000 м-ден-4000 м. аралығында. (Мұзтау тауы-4506м.). Облыс -республикамыздағы – дәрі – дәрмек жасап шығару өндірісі үшін емдік қасиеті жоғары өсімдіктерді әзірлеудің және жабдықтаудың бірден – бір орны болып табылады.
Облыстың жануарлар дүниесі алуан түрлі жан- жануарлар мен аңдарға, жәндіктерге бай (бұлғын, құндыз, тиін, күзен, түлкі, саршұнақ,суыр, борсық, қасқыр, аю, марал, теңбіл бұғы, қоян, арқар т.б. мекендейді. Өзендері мен көлдерінде балықтың 33 түрі бар (табан, сазан, шортан, ақ қайран, тұқы және т.б.).Құстардан: аққу, қара ләйлек, қаз, тырна, ақ шағала, үйрек т.б. мекендейді.
Өлкенің ғажайып табиғатын қорғау мақсатында – Марқакөл, Батыс-Алтай, Тарбағатай, Алакөл, Төменгі Тұрғысын тәрізді т.б. қорықтар бар.
Облыстың топырақ-өсімдік жамылғысына биіктік белдеулік тән. Жазық бөлігінде негізінен қара, қоңыр, сұр топырақ қабаттары қалыптасқан. Солтүстік батысындағы жазықтың қара топырағында шөпті далалық өсімдік өседі. Ертістің сол жағасында бозды-бетегелі, Зайсан қазан шұңқырындағы қоңыр топырақта жусанды-бетегелі өсімдіктер өседі.
Облыстың жануарлар дүниесі алуан түрлі , терісі бағалы аңдарға бай. Бұлғын, құндыз, тиын, күзен,түлкі, саршұнақ, суыр, борсық, қасқыр, аю, марал, теңбіл бұғы мекендейді.
Ертіс пен Зайсанда балықтың 33 түрі бар, табан, сазан, шортан, көксерке, аққайран, тұқы және т.б
Қазіргі кезеңде облыс аймақтарында Семей атом полигонының 40 жылдан бергі зардаптарын жою облыс халқының денсаулығын жақсарту, ауа мен ауыз су тазалығы тәрізді мәселелер алаңдаушылық туғызып отыр.
Өндіріс орындарының зиянды қалдықтарын жою,
аймақтың су бассейнін тазарту және Батыстың жаңа технологиясын қабылдау; табиғат қорғау жұмыстарына кадрлар әзірлеу; халық арасында экологиялық –ағарту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындауда.
Әлемнің алтын алқасы, інжу-маржаны атанған Кенді Алтай осындай жер.

Қазақстандық  Алтай тауы  Шығыс Қазақстан  облысы аумағының көп бөлігін  алып  жатқандықтан,  туризмді дамытуға зор мүмкіншілік бар. Ол шөл даладан бастап, орман алқаптары, өзен мен көлдер,  биік шыңдардағы альпі шалғындары мен мұздықтарға дейін созылған ландшафттық-климаттық  аймақтардың біртұтас жиынтығы.  Мұның барлығы  туристік индустрияны  дамытуға  негіз  бола  алады.  Ең биік шыңы - қасиетті Белуха тауы (4506 м), Батыс Алтай және Марқакөл мемлекеттік қорықтары, Қатон-Қарағай ұлттық саябағы, республикалық маңызы бар ресми табиғат ескерткіштерінің бірі -  Синегорье самырсынды тоғайы,  тарихи-мәдени орындар,  табиғаты әсем Марқакөл, Себин, Язевое, Зайсан, Рахман көлдері, Көккөл, Арасан сарқырамалары сияқты  т.б. туристік рекреациялық  ресурстарға  бай  болып келеді .

Қазақстандық Алтай туризмді дамытудың ең қолайлы нысаны саналғандықтан, мұнда  туризмнің  мынандай  түрлері  дамуда: тау туризмі; ғылыми-танымдық; су туризмі; курорттық; спорттық.

Тау туризмі  - таулы  аймақта  арнайы  көлікті  қажет  етпейтін туризмнің  кең тараған түрі.  Белуха тауы  альпинизм мен тау туризмін дамытуға аса қолайлы нысан болып есептеледі. Ол  ТМД және Балтық маңы елдері тұрғындарының арасында аты әйгілі туристік нысандардың бірі болғандықтан,  әрбір турист Алтай және Белуха шыңын  көруді міндеті деп есептеп, 5 баллдық категория бойынша шыңды бағындыруға тырысады. Барлық маршруттар мұзды-құзды аудандармен өтеді. Белуха аяздылығы және күрделілігі жөнінен  дүние жүзіндегі биік шыңдардан ешбір қалыспайды. Бұл жағынан ол Мак-Кинли шыңына ұқсас келеді. Алтайда әртүрлі қиындық және  қашықтық бағыттар бойынша маршруттар ұйымдастырылған. Соның ішінде Ресей мемлекетімен шекара аралық саяхаттар  да  бар.

Ондай саяхаттарға жататындар «Белуха алтын шеңбері» (14-15 күн),   «Рахман шеңбері» (13 күн),  «Озерный» (14 күн),    «Алтайдың биіктік полюсі»  (12 күн)  саяхаттары болып  табылады  [2].

Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған шағында табиғат байлықтарын қорғау – үлкен мән беріліп отырған игілікті жұмыстардың бірі. Әсіресе, табиғаттың бұзылмаған үлгісін сақтап қалуда қорықтардың алатын орны ерекше. Қорықтарда тек бағалы хайуанаттар мен өсімдіктер ғана қорғалып қоймай, туған еліміздің ғажайып орындары да сол қалпында сақталады.

 Қазақстандық Алтайдың өсімдік дүниесі мен жануарлар әлемін қорғау мақсатында ерекше қорғалатын аумақтар ұйымдастырылған. Мұнда  Қазақстанның Қызыл кітабына енген  өсімдік жамылғысы және жануарлар дүниесінің көптеген түрлерін көруге болады.

Батыс Алтай қорығы  Қазақстандық Алтайдың биогеоценозын кешенді қорғау мақсатында 1992 жылы 3-шілдеде құрылды. Көлемі 56078 га жер, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс шекарасындағы Риддер және Зырян әкімшілік ауданы жерінде орналасқан. Негізгі тау жоталары Линей, Көксу, Иванов және Үлбі.

Тауда Сидяшиха, Линейчиха, Каменушка, Палевая арналары бар Қара және Ақ Уба өзендерінен тұратын гидрологиялық жүйе жақсы дамыған. Таулы-тайгалы ормандар қара тайга, самырсын-қарағайлы және қара қарағайлы ормандардын тұрады.  Қорықта  өсімдіктің 800 астам түрі өседі, оның 45-і сирек кездесетін түрлер, 16 түрі ҚР-ның Қызыл Кітабына енгізілген, олар: Сібір қандығы, сафлор тәрізді рапонтикум, ұсақ торлы жуа, ірі гүлді шолпанкебіс, телпек сүйсін, Алтай рауғашы, қызғылт семізот, Алтай суықшөбі. Қорықтағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты – барлық биологиялық және табиғи-ландшафтты нысандарды инвертаризациялау (түгендеу), Қара Уба мұздықтары маңындағы қалдық фитоценоз бен жануарлардың сирек кездесетін түрлердің жағдайына мониторинг жүргізу болып табылады.

Ал, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы - Оңтүстік Алтайдың табиғат кешенін, сондай ақ бірегей альпілік типтегі  Марқакөл көлін табиғи қалпында сақтау мақсатында 1976 жылы құрылған. Көлден басқа негізгі қорғау нысандарына – Солтүстік Сібір таулары үшін қалыпты болып саналатын балқарағайлы-самырсынды және шыршалы ландшафттар, Марқакөлге ғана тән майқан, хариус, талма балық, теңге балық жергілікті бірегей балықтар әлемі, құстар мен сүтқоректілер жатады. Ғылыми- зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты - Алтай-Саян таулы аймағының эндемик түрлерін сақтап қалу.  

Қазақстан Республикасында табиғат қорғаудың бір саласы – ұлттық табиғи саябақтар. Ұлттық табиғи саябақтардың негізгі міндеттері – табиғат қорғау шараларымен қатар табиғатты қалпына келтіру, сақтап қалу, туризмді дамыту және экологиялық білім мен тәрбие беру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлу. Кейде арнайы рұқсат бойынша белгілі бір мөлшерде аң аңлауға да жағдай жасалады. Қорықтарға қарағанда ұлттық саябақтардың туризм үшін маңыздылығы жоғарырақ. Өйткені оларда туристер үшін экскурсияларды көбірек өткізуге мүмкіндік бар.

Су туризмі - белгілі бір су нысандары бойынша арнайы жүзу құралдары бар  жорықтарды ұйымдастырып өткізетін іс-әрекет. Қазақстандық Алтай мол сулы,  әрі мөлдір өзен мен көлге бай болуымен де ерекшеленеді. Су туризмінің  рафтинг  деп  аталатын түрін дамытуға болады. Туристер  әртүрлі қиындықтағы ұзаққа созылған (250 км) және қысқа  маршруттарды таңдап ала алады. «Экосистем», «Рахмановские ключи» атты туристік фирмалары онға жуық жүзу маршруттарын ұйымдастырған.

 Жүзу маршруттары  екі кісілік катамаран, рафт және қайықтармен жүргізіледі.

Қазақстандық Алтайда курорттық туризм жақсы дамыған. «Рахман қайнары» санаторийі Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданында орналасқан. Рахман көлі теңіз деңгейінен 1760 м  биіктікте жатыр. Термальды бұлақтар жарықшақтан ағып шығып, жалпы ұзындығы 80 м болатын бір бағытта  шығыстан-батысқа қарай бағытталады. Санаторийдің басты емдеу факторы болып құрамында 0,03г/л-ға дейін көмір қышқылы, 45-80мг/л кремний қышқылы және 10-35 эман радоны бар гидрокарбонатты-кальцийлі әлсіз минералданған бұлақ сулары табылады. Бұлақ суларының температурасы 34С0-тан-43С0-қа дейін өзгереді. Санаторий термальды жерасты радон суларын пайдалана отырып, сүйек-бұлшық ет, орталық және перифериялық нерв жүйесін, тері, палиартрит, радикулит т.б. ауруларды емдейді. Рахман қайнары  сулары  химиялық құрамы  бойынша азотты-кремнийлі минералды сулар тобына жататындықтан, ол атақты «Белокуриха», «Цхалтуба»  санаторийлерінің  суларына ұқсас болады.  

Радон сулары орталық нерв жүйесіне әсер етіп, регенерацияны жылдамдатады,  қабыну және трофикалық  процестерді  жақсартады. Жүрек-қан тамырлары қызметін қалыпты жағдайға келтіреді. Сондай-ақ Язевое санаторийінде пантымен емдеу қызметі қазіргі технологияларға сай жүргізіледі. 1990 жылдан бастап, демалушылар мен емделушілердің саны 3000 адамнан асты.

Шығыс Қазақстан облысының  туристік-рекреациялық  әлеуеті жоғары. Облыста  туристік фирмалар саны  2004 жылы - 27, 2005 жылы - 48, 2006 жылы - 55-ке жетті. Олардың 34-і -  Өскемен қаласында, 19-і - Семейде, 1-і - Зайсанда, 1-і - Үржарда орналасқан. Олардың қатарына жататындар: «Алтай», «Алтай экспедициялары», «Геотур», «Ellas», «Зангар-Тур», «Интурист-ВК», «Изумрудный Алтай» және т.б. Аса ірі әуе агенттіктер болып «Авиалюкс», «Авиаэкспресс», «Видебург», «Ульба», Air Astana» саналады.

 Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2014 жылы 38401 туристке қызмет көрсетілді. Оның 33547-і ішкі туризммен қамтылғандар. Жалпы көрсетілген қызметтер көлемі 141028,3 мың теңгені құрады. Туристер негізінен Қытай, Германия, Франция т.б. мемлекеттерден демалыс және рекреация, коммерциялық  мақсатта  келген .

Қонақүй шаруашылық кешені  туризмді дамытудың маңызды факторларының  бірі болып  табылады. Облыста 5 қонақүй мейрамханамен, 16 қонақүй мейрамханасыз, 17 қысқа мерзімді тұруға арналған орындар тіркелген. Келген туристердің көп бөлігі мейрамхана бар қонақүйлерге тұрақтаған. Облыстағы қонақ үйлер кешеніне «Бейбарс» (Өскемен), «Полет» (Өскемен), «Сити Отель», «Альянс», Отель Де Люкс, «Иртыш», «Семей», «Бинар», «Айша», «Рубин» т.б. жатады.




ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Қазақстанның қорықтары мен ұлттық саябақтары. Алматы: Кітап, 2006. - 96-109, 140-149, 242-251 бб.

  2. Туристский справочник-KZ  -  Алматы, 2007 - С. 204-235

  3. Қазақстан қорықтары. – 1 том. – Алматы, 2008. – 42-46 бб.

  4. Методы учета основных охотничье –промысловых и редких видов животных Казахстана –Алматы.2000. 172С.

  5. Е.А.Ахметов. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы, дәрістік курс І бөлім. Алматы, 2007.

  6. Е.А.Ахметов. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы, дәрістік курс ІІ бөлім. Алматы, 2007.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет