ШЫҒыс азиядағы аймақТЫҚ бірегейлік қалыптасуының Үдерістері



жүктеу 102.89 Kb.
Дата29.02.2016
өлшемі102.89 Kb.




ШЫҒЫС АЗИЯДАҒЫ АЙМАҚТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ ҮДЕРІСТЕРІ
Д. Қ. Ахмедьянова

Халықаралық қатынастар

кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының кандидаты
Негізгі ұғымдар: бірегейлік, бірегейлік қалыптасу, АТМА
Азия-Тынық мұхиты аймағына (АТМА) «әлемдік экономикалық локомотиві» рөлін жиі болжайды. Қазіргі таңда әлем халқының 60%-ы, әлемдік ЖІӨ-нің 60%-ы, әлемдік сауданың 50%-ы және тікелей шетел инвестицияларының 50%-ы осы аймаққа келеді.

Солтүстік Америка және Батыс Еуропамен бір қатарда тұрған жаһандық үшбұрыштың бір шыңы болып табылатын АТМА-ның қарқынды экономикалық өсімі әлемді түбегейлі өзгерте отырып, жаңа қалыпқа әкелетін негізгі факторлардың біріне айналып отыр [1, 136 б.].

География жағынан қарастыратын болсақ, АТМА-ға Тынық мұхиты бассейнінің жағасында орналасқан елдер мен аймақтар (Азия, Солтүстік және Латын Америка, Австралия және кіші арал мемлекеттері) кіреді. АТМА-ның тар мағынасы да бар, оған байланысты тек Шығыс Азия елдері аймаққа жатқызылады [2, 3 б.].

Осы мақалада Шығыс Азиядағы аймақтық бірегейліктің қалыптасуын зерртеу мақсаты қойылады.

Бірқатар зерттеушілер Шығыс Азияны посткеңестік кеңістікпен жиі салыстыра отырып, еуразиялық құрлықтың шеткі аймақтарына жатқызады. ХХІ ғасырдың басында екі өңір де жүріп жатқан үрдістерде өз орындарын айқындау қажеттілігі мен алдарында тұрған ортақ сұрақтарға сәйкес жауаптар табу мәселелеріне тап болды. Олардың қатарында:

- адам басына келетін кіріс деңгейі, технологиялық жетілуі мен ақпараттық қамтамасыздандыру бойынша мемлекеттердің әлкелкілігін әлсірету;

- жұмыссыздықты төмендету;

- шекарааралық капитал ағымын реттеу;

- жаһандану үдерістерінің жағымсыз әсерін әлсірету қажеттілігі [3, 62–63 б.].

Шығыс Азия елдерінің сәтті экономикалық дамуының негізгі факторы ретінде интеграциялық үдерістер болып табылады. Бұған тарихи ортақтық, ортақ экономикалық мүдделер, стратегиялық теңіз байланыстарының болуы, аймақтық соғыстар, сыртқы күштерге қарсы тұру деген сияқты шарттар жағымды әсер етті.

Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) секілді жаңа аймақтық құрылымдар өздерінің мүшелеріне аймақтағы тұрақтылықты сақтау жауапкершілігін жүктемесе де, әйткенмен, мемлекетаралық байланыстардың кеңеюіне, қақтығыстардың азаюына септігін тигізеді [4, 51 б.].

Егер теориялық тұжырымдамаларға сүйенетін болсақ, аймақтағы интеграцияның сәттілігі екі басты шартқа байланысты болып шығады. Олар – қауіпсіз қауымдастық пен оның демократиялық құрылымы. Осы шарттардың жасалуына аймақ елдері басты мән беріп отыр.

Интеграциялық бірегейлікті қалыптастыру жолында бірқатар дезинтеграциялық факторлар орын алады. Оларға ЖІӨ-нің әр түрлі деңгейлігі, елдердің экономикалық құрылымындағы айырмашылықтар, әр түрлі мақсаттарды көздеуі, «Бай Солтүстік» пен «Кедей Оңтүстік» арасындағы қайшылықтар, ресурстар тапшылығы, экологиялық және демографиялық мәселелердің шешілмеуі және т.б. жатқызады [2, 51–54 б.].

Қырғи-қабақ соғыстан кейін аймақта көптеген шиеленісті мәселелер туындады: Тайвань мәртебесінің реттелмеуі, Сэнкаку аралдарына қатысты Қытай, Тайвань және Жапония арасындағы аумақтық даулар және т.б. Оларға жаңа қауіптер қосылып тұр, ең алдымен – жаппай жою қаруының таралуы мен халықаралық лаңкестік.

Энергетикалық мәселелер, мұнай және мұнай өнімдеріне бағалардың өсуі Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдардың және олардың мұнай ресурстарына бай шельфтерінің территориялық қатыстылығы мәселесін ушықтырады. Бұлар Парасельдік аралдарға қатысты ҚХР мен Вьетнам арасындағы; Спратли аралдарына қатысты Қытай, Тайвань, Вьетнам, Малайзия және Филиппин арасындағы даулар [4, 50–51 б.].

Сонымен қатар, аймақ ұлттардың әлеуметтік-мәдени әркелкілігімен ерекшеленеді. Ұзын уақыт бойы саяси-экономикалық дамудың батыс тәлімі әлемнің барлық елдері үшін баламасыз үлгі болып есептелді. Шығыс Азия елдері Батыс тәжірибесін қайталамай-ақ қоғамды өзгертудің ерекше мысалын көрсетіп отыр.

Аймақтағы елдер өз бірегейлігін алдын ала ауыстырып алу мақсатын көздемеген. Жапония, Тайланд секілді мемлекеттер заманауи технологияларды иемдене отыра, өздерінің әлеуметтік-мәдени негіздерін сақтап қалды, олардың сәтті дамуы дәстүрлі жаңарту теорияларға жатқызылмайды.

Даму орталығының ешкім айрықша өзгерістер күтпеген аймаққа өтуі американдық зерттеуші П. Бергерді таң қалдырды. М. Вебер Азияны өзгеруі қиын дәстүрлі аймаққа жатқызды. Алайда Шығыс Азиядағы үрдістер бұл пікірдің күмәнді екендігін көрсетеді. Шығыс Азия елдері ұжымдыққа негізделген Батыстан кейінгі «қазіргі кездің капитализмнің екінші мысалы» ретінде қарастырыла бастады.

П. Бергер болып жатқан үрдістерді талдай отырып, жетістіктерге бағдарланған Азияның еңбек этикасын жанұялық құндылықтар қалыптастырады, ал шығыс-азиялық даму үлгісі «адам капиталына» сүйенеді деген қорытындыға келеді. Бір жағынан, бұл өзгерістер жаңартудың басқа бір үлгісі ретінде бағаланса (батыс технологияларды иемдену және Батысты озып шығуды көздеу), екінші жағынан, осы үдерістер барысында өзіндік бірегейлік сақталады.

Соңғы дерек қарастырылып жатқан үрдістер жаңарту теорияларының шегінен тыс шығып жатқандығын көрсетеді. Оңтүстік-Шығыс Азия тәжірибесіне дәстүрлі және заманауи қоғамның антогонистік сипаттарының жақындасуы тән болды [5].

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.В Мосяков Шығыс Азия ежелгі заманнан бері өркениеттік әркелкілігімен сипатталады, үнді және қытай мәдениетінің әсер ету аймақтарына бөлінген және оған тарихи ортақ идеяның болуы тән емес деген тұжырымдамаларды қолдайтын Шығыс Азия елдерін зерттеушілерді сынға алады.

Бұл қорытындыны Шығыс Азия елдерінің соңғы 40 жылдық тарихы жоққа шығарады. Осы уақыт аралығында Шығыс Азия елдері әлемнің қарқынды дамып жатқан аймақтарының біріне айналды. Жергілікті элиталар мақсаттарын біріктіретін мүдделер мен қағидаларын құрып, осы негізде өзара интеграцияға үлкен қадам жасай алды.

Ішкі бірліктің терең негізін қалыптастырмай, тұрғындары түрлі діндерді уағыздайтын (буддизм, ислам, христиандық) және түрлі мемлекеттік билік типтері қалыптасқан (демократиялық республика (Филиппиндер), коммунистік республика (Вьетнам), әскери диктатура (Бирма) елдерден мұндай жетістіктерді күту мүмкін емес. Осы дерек Шығыс Азияның өркениеттік ортақтық қалыптастыру мен «Бірегей Азия» құру жолында келе жатқандығын көрсетеді.

Д. В. Мосяков алғашқы бірегейлік тұжырымдамасын ортаға шығарады. Бұл тұжырымдама бойынша халықтардың әркелкілігіне, тілі мен дініне қарамастан, осы жерде тұратын барлық этностарды біріктіретін ортақ бір негіз бар. Шығыс Азия халықтарының ортақ даму сипаттары 1–кестеде көрсетілген.


Кесте 1 – Шығыс Азия халықтарының ортақ даму сипаттары




сала

Ортақ сипаттары

1.

экономикалық

өзен бойында мекендеген ежелгі тұрғындар күріш өсіру шаруашылығымен айналысқан

2.

әлеуметтік

- ортақ шаруашылық негізінде (күріш өсіру) топтасқан мықты қауымдастық;

- еркін шаруалардың үлкен саны;

- қарапайым шаруаның жауынгер, шенеунік немесе дін қызметшісі болу мүмкіндігі


3.

рухани

- салт-дәстүрлер, сана-сезім (ислам, буддизм немесе христиандықты уағыздайтын адам өз іс-әрекетіне ата-бабаларынан рұқсат алады);

- этностардың рухани деңгейін кеңейту арқылы дәстүрлі табынушылықтарды толықтырған әлемдік діндер;

- дәстүрлі табынушылықтар аймақтың бірлігі мен өзгеше қасиеттерін ерекше көрсететін ортақ жаһандық дүниетаным мен діни тұжырымдамаларға айналмады


4

отбасы және қызметтік қатынастар

- екі тармақ бойынша туыстық байланыстарды реттеу жүйесі;

- қауымдағы дәстүрлі өзара көмек;

- шешім ұзақ, мұқият және келісімге келу мақсатымен арнайы жүргізілген талқылаудан кейін ғана қабылданады


5

саяси

- элиталардың тұрақсыздығы мен әлсіздігі;

- элиталық дәрежелерге ие болу және мұрагерлік ету мәселелерін қарастыратын құрылымдарының қалыптаспағандығы


Шығыс Азияға қатысты әлеуметтік-саяси мәдениеттің негізгі үш түрі туралы сөз қозғауға болады: вьетнамдық (феодал-бюрократиялық), теңіз аймақтық немесе малайлық (әскери-феодалдық) және үндіқытай-явандық (мемлекеттік-патриархалдық).

Шығыс Азияда қалыптасқан ортақ тарихи және мәдени негіздері аймақтың барлық жеріне таралуы керек деген көзқарастар элитаның көпшілігінде басым орынды иеленеді. 1981 жылы АСЕАН елдерінің көрнекті тарихшылары мен саясаткерлері «ғылыми, бірақ діни өмір мен дәстүрлерге өшпенділікпен қарамайтын... халықтардың өнер, дәстүр мен өнегені бағалайтын АСЕАН мәдениеті пайда болу керек» деген ортақ пікірді білдірді. Осы ортақ мәдениеттің дамуы және онымен байланысты ортақ бірегейліктің таралуы ешбір жағдайда ұлттық өзгешіліктердің жоюлуына әкелмейді.

Ортақ бірегейлікті жасанды жолмен қалыптастыруға бағытталған Шығыс Азия елдерінің қарастырып жатқан шараларын атап кетуге жөн болады.

Қазіргі заманда Шығыс Азияның өркениеттік құрылымы екі топ үрдістеріне сүйеніп отыр:

1. Мемлекеттік саясаттағы өзгерістерге байланысты (саяси және экономика салаларында біртіндеп жақындасу, ортақ сауда және сыртқы саяси қатынастарды даму бойынша құжаттарға қол қою).

2. Ұлттық қауым санасындағы өзгерістерге байланысты (өркениетті құру, аймақтық бірегейлікті қалыптастыру). Сонымен қатар, аймақтағы байланыстар келесі қағидаларға сүйенеді:

- елдердің ішкі істеріне араласпау;

- белгілі бір елде қалыптасқан саяси тәртіптің сипатына қатысты қатал талаптардан бас тарту;

- өзара келісімге келу мен өзара көнігуді аймақтық саясатының ерекше дәстүрі ретінде қабылдау.

Аймақ елдерінің ортақ тарихындағы аңыздар да маңызды рөл ойнайды:

- халықтардың тарихи даму негізіндегі ортақ құндылықтар. Шығыс Азиядағы соғыстар көбінесе мемлекетаралық емес, бір ел ішінде жүргізілген азаматтық соғыс болған деп жарияланады (вьетнамдықтар мен тямдар, бирмалықтар мен мондар, малайлықтар мен тайлықтар арасындағы соғыстар қазіргі кезде осылай түсіндіріледі);

- жастарды жаңа тарихи аңыз шеңберінде, ынтымақтасу насихатында және өз көршілеріне түсіністікпен қарау негізінде тәрбиелеу. Тарих пәні бойынша көптеген оқулықтарда «Көршілер – жақын туысқандар» деген ұран беріледі [6, 8–9 б.].

Тарихи көзқарастан қарайтын болсақ, Шығыс Азиядағы алғашқы өркениеттік іргетас ретінде үнді-буддизм болып келеді, бірақ ол ешбір жерде өзінің алғашқы қалпында сақталмады. Жаңа діни, мәдени дәстүрлердің белгілі бір қоғамда таратылуы өркениеттік даму нұсқаулардың пайда болуына әсер етті, бұл өз кезегінде дәстүрлі құрылымдардың сипаты, тұрпаты мен ерекшеліктеріне әсер ете алмай тұрмады.

Индонезия мен Малайзияда индуистік өркениеттік негіз кастаның болмауына байланысты күрт әлсіреп қалды, ал буддистік оның орнын толтыра алмады. Керісінше, оның берік әлеуметтік құрылым құруға қабілеті аз еді, және бұған қызығушылық білдірмеді. Ислам дініне өтудің арқасында осы елдердің ішкі құрылымы анағұрлым нығая бастады. Алайда құрылым әлсіздігі соңына дейін жойылмады, себебі Аче секілділерден басқа көптеген ұсақ сұлтанаттардың саяси күші ерекше білінбеді.

Буддистік өркениеттік негізі үстем елдерде (Бирма, Сиам, Лаос, Камбоджа) діни-өркениеттік негіздегі ішкі құрылымы буддизм әсерінен гөрі дәстүрлік қоғамға жақындығы нәтижесінде берік болып келген.

Вьетнамдағы конфуциялық өркениеттік негіз қытайлық дәстүрлі үлгі арқылы жүзеге асса да, өзінің саяси әкімшілігінің әлсіздігімен тіркесіп тұрды. Әлеуметтік теңдік, әділдік, үйлесімділікке негізделген конфуцийлық үшін дәстүрлі болып есептелетін үрдіс еуропалық өркениетінен көптеген радикалды идеяларды, сонымен қатар коммунистік идеяларды, иемденуге алып келді. Жеке меншік құрылымына жақын дәстүрлі жүйелік негізінің ауысуы көрінеді.

Филиппиндерде дәстүрлі азиялық құрылым католицизмнің әсерінен өзгерген еді [7, 78–80 б.].

Көріп отырғанымыздай, индуизм Шығыс Азия елдері үшін ең ежелгі және барлық өркениеттерге тән құбылыс болды. Тек б.з.б. ІІІ ғасырдан бері Қытайдың күшті мәдени әсерінің астында қалған Солтүстік Вьетнам үшін бұл жағдай ерекше: мұнда басқадан алынған өркениеттік негізі ретінде конфуцийлік болды.

Индуизмді алатын болсақ, оның ішкі беріктігі касталық жүйеге тікелей байланысты еді. Касталар Үндістан және Цейлоннан шығысқа қарай еш жерде пайда болмады. Осыған байланысты Үндістаннан келетін жаңа эмигранттардың үлкен санына қарамастан, индуистік негіз тез үгітіле бастады. Буддистік негіз Шығыс Азияға индуизммен қатарласа еніп, дәл сол аймақта таралды.

Мұсылмандық Шыңғыс Азияға кеш енсе де, тез таралды. Алайда мұсылмандықтың аймаққа жаулап алу негізінде емес, мәдени алмасу барысында енуі және сұлтанаттықтардың пайда болуына қарамастан, ол өркениеттің мықты іргетасын қалай алмады. Исламдағы ең күштісі – діни жағынан ақталған саяси билік қағидасы – өзін көрсете алмады.

XV ғасырдағы малайлық сұлтан Искандер шахтың ерте әрі өте қысқа мерзімді билігінен басқа, айналасындағы көршілерін біріктіретін ірі дамушы ислам елдері болмады. Өзара жауласып, соғысқан ұсақ сұлтанаттықтардың көптігі үйреншікті жағдай еді, алайда олар саяси көріністі толығымен өзгерте алмады. Ислам өркениетінен тамырын тереңге жайған тек бір нәрсе қалды, ол эгалитаризм идеялары, әлеуметтік әділеттілік үшін күрес қағидалары [7, 80–82 б.].

Аймақтық бірегейлікті құру үрдісі Шығыс Азия мемлекеттерінің үкіметтік деңгейінде қолдау табады. Шығыс Азия тұрғындарының ортақ бірегейлігін қалыптастыру жобасын жүзеге асыру АСЕАН елдерінің әлеуметтік және мәдени әрекеттесу комитеті, сонымен қатар, БАҚ бойынша Комитеттің бақылауымен жүргізіледі. 1978 жылы құрылған арнайы мәдениет қоры өзара байланыстарды кеңейтуге бағытталған шараларды қаржыландырады.

Қазіргі кезде біз бір мағыналы емес үрдістің куәгерлері болып табыламыз. Бір жағынан, жергілікті басқарушы элиталар ортақ мүдделер мен дәстүрлі құндылықтарға сүйене отырып, аймақтық бірегейлікті қалыптастыру мен интеграциялық ұйымдар шеңберінде бірлікті нығайтуға ұмтылса, екінші жағынан сыртқы әсерлер бұл әрекеттерге кедергі келтіріп, тіпті оның жүзеге асуына қауіп тудыруы мүмкін.

Шығыс Азиядағы жаңарту мен интеграция барысында батыс құндылықтары мен үлгілері тек бизнес саласы мен ресми қатынастарға ғана таралады. Жүріп жатқан үрдістер қалыптасқан дүниетанымдық көзқарастар мен рухани мәдениетке еш зиянын келтірмей-ақ, батыс өркениетінің жетістіктерін иемдену мүмкіндігін көрсетіп отыр.

ҚОЛДАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР


1. Кефели И.Ф. Социальная природа глобализма // Перспективы человека в глобализирующемся мире / Под ред. Парцвания В. В. СПб.: Санкт-Петербургское философское общество, 2003. – С.88–147

2. Жанбулатова Р. С. Аймақтық интеграция үрдістерінің тәжірибесі мен өзекті мәселелері (Дәрістер жиынтығы). – Астана, 2008. – 120 б.

3. Зевин Л. З. О некоторых вопросах структуризации геоэкономического пространства Евразии // Восток. – 2007. – №2. – С. 62–77

4. Крупянко М. И., Арешидзе Л. Г. Япония в Восточной Азии: эволюция внешней политики после «холодной войны» // Восток (Oriens). – 2007. – №2. – С. 50–61

5. Федотова В. Новое время для незападных стран // http://www.politjournal.ru/index.php?action=Articles&dirid=67&tek=7444&issue=204

6. Мосяков Д. В. Юго-Восточная Азия: формирование цивилизационной общности? // Восток (Oriens). – 2008. – №2. – С.5–10



7. Васильев Л. С. История Востока: В 2 т. Т. 2. – М.: Высшая школа, 1998. – 495 с.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет