Шындалиева М. Б



Дата16.06.2016
өлшемі223.7 Kb.
#139859

Шындалиева М.Б.


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы
Дәуір биігінен көрінген сардар

(Әдебиет зерттеушісі, сыншы, публицист Р.Бердібай шығармашылығы қақында)

Тәуелсіз Қазақстанның келешекте өз-өзіне сенімді болуы үшін, өз ұлтын бақытты етуі үшін, өз жеріне, тіліне, мәдениетіне, тарихына толыққанды иелік етуі үшін әлі де көп еңбек қажеттігін бүгінде өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мұны түсінген ғалымдар түркі халықтарына байланысты өзекті мәселелерді жиі көтеріп, түркі дүниесінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін насихаттауды жалғастырып келеді. Осы мәселе төңірегінде соны пікірлер-көзқарастарымен көзге түсіп жүрген көсемдер көкейкесті мәселелер төңірегінде ой қозғап қана қоймай, өзіндік қолтаңбаларымен жұртшылықтың көңілінен шығып жүр. Сол тұлғалардың бірі – Р.Бердібай десек артық болмас.

Р.Бердібайдың елу жылдан астам шығармашылық қызметінде жазған туындыларының бәрі де әдеби сын, фольклорлық зерттеулер, заманының өткір мәселелерін қозғайтын публицистика, қоғамдық істер атқару барысында мінбелерден айтылған пікірлер, симпозиумдарда, конференцияларда жасалған ғылыми баяндамалар болып келеді. Бұның бәрі қазақ халқының тарихын тануға, мәдениетін кемелдендіруге, жадын ұштауға, ұрпақ сабақтастығының сақталуына қызмет ететін туындылар деуге толық негіз бар.

Біріншіден, Р. Бердібай өмірінің жиырма жылдан астам уақытын фольклортану ғылымына арнап, өзінің басшылығымен халықтың арғы-бергі өткен өмірінің қайнар көзі – фольклорды жан-жақты зерттеуге, фольклор туралы бұған дейін айтылып келген пікірлерді тың ойлармен байыта түскен сындарлы еңбектер жарық көргені баршаға аян. Атап айтсақ, «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ эпосы», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Эпос – ел қазынасы», «Эпос мұраты». Бұл ғылыми жұмыстар жазылғаннан кейін Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда жоғары бағаланып, баспасөзде фольклор тақырыбына арналған ғалымның мұндай еңбектерінің осы аймақтарда тұңғыш рет жарық көріп отырғанын атап өткеніміз абзал. Осы ғылыми еңбектер жайлы «Қазақ әдебиеті энциклопедиясында»: «Р.Бердібай түркі халықтары эпосындағы тарихи-генетикалық және тарихи-мәдени ұқсастықтарды талдап, «Дәде Қорқыт кітабы», «Манас», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Маадай-Қара», «Алтын арыг» эпостарындағы ортақ сарындарды көрсетті, қазақ оқушыларына саха, хакас, тува, алтай, ұйғыр, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, татар, башқұрт, түрік, әзірбайжан, құмық, қарашай-малқар халықтарының елеулі әдеби ескерткіштерін таныстырды»[1, 169-б], - деп баға беріледі. Ғалымның жүйелі талдап, тиянақты зерттеуі нәтижесінде түркі халықтарының ауыз әдебиеті мұрасындағы ұқсастықтар мен сарындастықтар заңдылығын айқындайтын әдістің енді бірі – тарихи-генетикалық типология. Бұл орайда ғалым оқырманды ежелгі түркі эпостарының оқиға желісін жалаң қызықтамауға, түбі бір туыстықтың бастауларын көре білуге шақырады. «Эпикалық туындылардың түпкі мәніне қатысты, халықтардың әуел бастағы генетикалық туыстығына байланысты ғалым шығарған қорытындылардан түркі халықтарының көпшілігінде бар эпикалық аңыздардың табиғатына бойлап, қызғылықты тұжырымдар жасауға болады. Ғалымның пайымдауынша, бұл түптеп келгенде, ғасырлар бойында түрлі оқиғалардың салдарынан бір-бірінен алыстап, үзіліп қалған рухани қарым-қатынастарды қайта жалғауға септеседі» [2, 142-б]. Ұлан-байтақ Еуразияны ондаған ғасыр мекен ете жүріп, түркі халықтары небір қилы замандарды бастан кешті. Түркілердің арғы аталары болып келетін Еділ бастаған ғұндар Еуропаға билік жүргізіп, сол заманда әбден мейманасы тасыған, жоғары өркениетке қол жеткізді деп есептелген Рим империясының іргесін шайқалтып, оларды өздеріне салық төлеп тұруға мәжбүрлеген.

Екіншіден, ғалым Рахманқұл Бердібайдың зерттеушілік қызметінің негізгі салаларының бірі – түбі бірге туысқан халықтар әдебиетінің өзара байланысы. Бұл мәселе оның «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» деген кітаптарынан бастау алып, соңғы жылдары жарық көрген «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» атты ойы тұщымды, тілі тартымды, аса қызғылықты публицистикалық жинақтарда жалғасын тапты. Ғалымның түркі тілдерінде сөйлейтін отызға жуық ұлттар мен ұлыстардың тарихи-этникалық және мәдени байланыстарының тамырластығы жан-жақты әрі ғылыми тұрғыда дәлелді талданып, шұрайлы тілмен байыпты әңгімеленетін «Байқалдан Балқанға дейін» деген кітабын оқығанда бұған және бір көз жеткізгендей боласың.

Үшіншіден, Р.Бердібай М. Әуезовтің музей-үйінде көп жылдар бойында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып келген. Ол қазақ халқының ғасырлар бойындағы тарихы мен мәдениеті тақырыбына 500 астам дәріс өткізіп, дәрістерінде өзінің ежелгі тарихынан, мәдениетінен кеңірек мағлұмат алсам деген әрбір адамның жүрегіне жол тапқаны тағы бар. Халық университеті көне мәдени мұраны ғылыми дәлдікпен жұртшылыққа қайта таныстыруды алдына мақсат етіп қойған ғалым ағартушылық жұмысына әрдайым бейім тұратын әдетінен таймаған. Орхон-Енисей, Күлтегін, Білге қаған жазулары туралы дәрістер, А. Машановтың Әл-Фараби турасындағы сұхбат-сабақтары, Ә.Марғұланның оғыз-қыпшақ заманының өшпес ескерткіші "Қорқыт ата кітабы" хақындағы, қазақ ғалымы Қадырғали Жалаиридің мұрасы туралы, Ш.Уәлиханов жөніндегі сабақтары, Түрік қағанаты тұсындағы, Қарахандар билеушілігі кезіндегі, Алтын Орда, қазақ хандықтары заманындағы жазба және фольклорлық ескерткіштер, жыршылық, жыраулық, домбырашылық дәстүрлері, тізе берсе ұшан-теңіз рухани байлық көзінен халық университеті тыңдаушылары мейірлерін қандыра сусындады [3].

Төртіншіден, Р.Бердібай сын жанрын жанына серік ету арқылы туған халқының әдебиетінің зәру мәселелерін көтеріп келеді. «Әдебиет сынының көкжиегі» деген көлемді еңбегінде 1956-1997 жылдар аралығында республикалық баспасөз беттерінде жариялаған сыни мақалалары мен рецензиялары енген. Әдеби құбылыстарды, көркемдік шындық заңдылықтарын тексерген ғалымның бұл ғылыми-зерттеу мақалалары қазақ әдебиеті сынының жетістігі ретінде қабылданған деуге толық негіз бар. Ең бастысы оларда қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағы үшін қажетті көкейкесті пікірлер айтылады.

Бесіншіден, Р.Бердібай өз заманының шындығын публицистиканың жанрлары арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жариялап келген жалынды журналистің бірден бірі. Мысалы, мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту, терминологияны реттеу, қазақ фольклорының бай мұрасын насихаттау, оның көптомдығын бастырып шығару, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді жолға қою, ауыл мәдениетін көтеру, орыс тілінен аударма болып шығатын газет-журналдарды дербес басылымдарға айналдыру, қазақша энциклопедия шығару, республикалық спорт мектебіне Қажымұқан атын беру, қазақша басатын машинка шығару, Әл-Фарабиге Алматыда ескерткіш орнату, мәдени мұраны игеруге байланысты республикалық комиссия құру, Ғылым академиясы құрамында қолжазба, шығыстану институттарын ашу, республикада А.Құнанбаев, М. Әуезов, С. Сейфуллин күндерін өткізу, Наурыз мерекесін тойлау, тіл мерекесін өткізу, Астана қаласында қазақ мектептерінің санын көбейту, Түркістан қаласының құрылғанына 1500 жыл емес, 2000 жыл толды деп тойлау, Түркістан қаласын рухани астана деп ресми түрде жариялау, Отырар шайқасының 850 жылдығын атап өту, Алпамыс жырының 1000 жылдығын атап өту, Түркістан халықтарының арғы-бергі мәдениеті мен тарихын таныстыратын журнал шығару, ғылымның түрлі саласындағы ізденістерді бірлестіріп, жоспарлы, жүйелі түрде зерттеулер жасайтын Орталық Азия академиясын ұйымдастыруды қолға алу туралы алғашқы бастама көтерген де осы академик Р.Бердібай болатын. Ғалымның журналистиканың жауынгер жанры публицистиканы өзінің негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі – тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық-ағартушылық дарындылығын да көрсетеді.

Соңғы жылдары жарық көрген көпшілікке арнаған мақалаларын оқу арқылы автордың егемендік алған елінің ертеңі еңселі болу үшін атқарылар істерді көлденең тартуы заңды құбылыс. Елдік дәстүрді жастардың бойына сіңіру, діни, имандылық тәрбиесін жүйелі түрде жүргізу секілді көкейкесті мәселелерді қозғауы, аталған проблемаларды шешуге мемлекет тарапынан шын жанашырлық тұрғыдан көмек көрсетілмесе, мұның ұлтымыздың келешегіне тигізер залалының зор екенін де жасырмауы үлкен ерлікке пара-пар.

Ғалымның баспасөзде жиі жарық көріп жүрген публицистикалық туындыларынан байқайтынымыз бойындағы халқына деген шексіз махаббат, отанына деген өте күшті патриоттық сезім, арысы жалпы адамзатқа, берісі бауырлас халықтарға деген асқан мейірбандық аңғарылады.

Бүкіл адамзатқа ортақ гуманистік идеяларды бұрын-соңды жазған еңбектерінің бәрінде де ұстанып келген және оны кеңінен насихаттаған автор осы игі көзқарасын әрдайым жалғастырып отырады. Жан-жүрегі адамгершілік пен мейірбандықты қалайтын, өз халқы ғана емес, басқа халықтар да, барша адамзат та бақытты болса екен, адам адамды қанамаса екен, жауыздық біткен жер бетінен жойылса екен деп тілейтін нағыз ізгі ниетті адамның аузынан шығатын сөзді қайталайды. Осындай ізгі ниет, бауырмалдық, бір кезде тұтасып отырған, тілі де, тілегі де бір, салт-дәстүрі де ұқсас түркі жұртының заманалар желінің әсерімен бөлшектеніп кеткен, өзіндік бет-бейнесін жоғалта бастаған бүгінгі мүшкіл халіне деген жанашырлық, түрік тектес түгел бол дегендей ой желісі кітаптың өн бойынан байқалады.

Ғалымның тамырластықты іздестіру, халықтар мәдениетінің ортақ үлгілерін қарастыру арқылы ел мен елді, бауыр мен бауырды табыстыру мақсаты бүкіл шығармашылығының өн бойында өріліп жатыр. Бұл орайда ғалым түркі әлемінің терең тамырларына, сан мыңдаған жылдардың көркем естелігіне – эпикалық аңыздауларға сүйеніп ой өрбітеді, солардағы ұқсастық сарындарына баса назар аударады. Тарихтың белестерін, ескі ұғымдар мен салттардың тізбегін, адамдардың өзін, оның қоршаған орта, табиғат, қоғам туралы түсінігін ерекше тәсілмен баяндайтын аса бағалы мұра – эпос-жырларды зерттеу объектісіне айналдыра отырып ғылыми пайымдаулар жасайды.

Жалпы, Р.Бердібайдың зерттеушілік-публицистикалық туындыларымен жақынырақ танысқан әрбір адам оның сонау бір замандарда іргесі сөгілмей, айбары күшті ел болып отырған, кейін небір қилы оқиғалардың әсерімен бытырап кеткен түркі жұртының бір-бірімен байланысы нығайса, бауырлас халықтардың бір-біріне барыс-келістері көбейсе, бірінде бар игілікті екіншісі қабылдап, рухани байып, үлкен мұраттар көздеп, тізе қосып қимылдаса, дұшпанына дегенін істеткен мығым қалпын қайта тапса деген түпкі ойы мен арман-мақсатын сезінгендей болады.

Халықтарды бір-біріне айдап салу, күшпен жаулап алу, өзге елдің аумағына жымын білдірмей, мысықтабандап ену, құлдыққа бас игендерді ішке тарту, оларды дүние-мүлікпен қызықтыру, қорлыққа көнбегендерді қудалау, жазалау, жерін тартып алу, еріксіз шоқындыру тәрізді тағы басқа толып жатқан айла-шарғымен үлесін ұлғайтқан Ресейдің зымиян саясатының зардабын тартқан татар, ноғай, құмық, қарашай, малқар, қарайым сияқты түркі тілдес халықтардың өмірінен жазған мақалаларында олардың өткендегі аянышты тағдырын, кейбіреуінің бүгінгі күні жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған мүшкіл хәлін жанашырлықпен әңгімелейді, отаршылдардың өзге халықты жаулап алып қана қоймай, оны өзіне сіңіру не мүлде жойып жіберу үшін адам жанын түршіктіретін небір сорақылықтарға барғанын ашына жазады.

Ғалымның бұл еңбектері жөнінде кезінде белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Х.Сүйіншәлиев мынадай пікір білдірген еді: «Зерттеуші тәжік классиектері: Әбілқасым Рудаки, Омар һаям, Әбдірахмен Жәми өмірі мен творчествасы қазақ оқушылары үшін жете таныс болмай келгенін ескеріп, оларды жеке-жеке сөз етеді. Тәжік-парсы әдебиетінен алатын орындарын айта келіп, олардың Орта Азия, түркі елдер әдебиетіне ықпал етіп келгендігін айқындауға ұмтылады» [4]. Шындығында да әрбір түркі тектес ақынның шығармашылығы талданғанда жазушылардың өмірін жалаң баяндаумен шектелмей, ақындардың өз кезіндегі әдеби, мәдени ортаға тигізген әсері, кейінгі әдебиет өкілдерінің олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқаны жан-жақты әңгімеленеді.

Ғалымның әдебиетшілікті публицистикамен шебер ұштастыра білуі, журналистік міндетті негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі – тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, зерттеулер жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық-ағартушылық қызметінің жемісті болғандығын дәлелдесе керек.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. – Алматы. Білім. 1999. – 746-б.

2. Бердібай Р. Ел боламыз десек. – Алматы. 2000. – 396-б.

3. Бердібай Р. Байқалдан Балқанға дейін. – Алматы. Қазақстан. 1996. – 256-б.

4. Сүйіншәлиев Х. Гүлстанға саяхат. // Қазақ әдебиеті. 1970 жыл. 21 тамыз.


Айнагүл Көкенова

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университетінің аспиранты
Р.Тоқтаровтың “Тұлпардың сыны” романындағы кейіпкер және қаһарман

Кез келген әдеби туынды-суреткердің өзекжарды көркем дүниесі. Жазушы өзінің дүниетанымына етене жақын тақырыпты қозғайды, соған өзінің көзқарасын білдіреді. Р.Тоқтаров “Тұлпардың сыны” романында да кейіпкерін тікелей таныстырудан бастайды. Романдағы бастан-аяқ баяндаушы өзі болғаннан кейін, оқиғаға, іс-әрекетке деген ой-толғанысы да тікелей беріледі. Автор бірден Мағрипаның тағдырын баяндап кетеді. Тоғызыншы перзент болып өмірге келген Мағрипа ғана әкесінің соңынан қара болып ереді. Қырқынан шықпай шешеден айырылған ол үнемі әкесінің ұстаханасынан табылады. Ұста көрігінен шашыраған жұлдызшаларды қызықтап, әке қасынан бір елі ажырамайды. Үш жасынан бастап көргенін көкірегіне түйіп өскен Мағрипа аса сұңғыла, есті болып өседі. Ес білгеннен әке қасынан ұзамаған ол күшті де адал азаматты армандайды. Онысы өзі жасынан білетін Қара Жұман болып елестейді. Сөзге ұста, білімді, сымбатты Жұман Мағрипаға қатты ұнайды. Болашақтарын бірге армандап, бірге болуды қалайды. Мағрипаның да әдемі арманы осы “Жиеншесімен” байланысты болады. Алайда, Қара Жұманның оқуға түсуімен, олардың ара қатынасы үзіледі.

Кеңес әдебиетінде алпысыншы жетпісінші жылдары алдыңғы онжылдықтың дәстүрі орныға отырып, әрі қарай жалғасын тапты. Әсіресе, адам бойындағы көптеген қасиеттер ашылып ол тұлғаның рухани дамуымен өзектес өрілді. Осы кезеңдегі әдебиетте адамның қазіргі ортада қандай қасиеттері берік сақталады, елде жүріп жатқан рухани құбылыстар қаншалықты терең деген мәселелер өткір қойылды. Ол тұстағы кезеңдік ерекшелікке сай, социализмнің даму дәуірінде әдебиетте қандай жаңа сипаттар пайда болғандығы көп ретте назарға алынып отырды. Дәуірдің тарихи ерекшелігіне сай, әдебиетте характерлер мен ситуациялардың типтік даму диалектикасы, неғұрлым белсенді кейіпкерлердің жасалуы, оның қоғам сұранысына сай келуі үнемі қадағаланып отырды. Соның ішінде кейіпкерлердің адамгершілік деңгейі, моральдық болмысына да ерекше көңіл бөлінді. Осыған байланысты зерттеу нысаны бірте бірте адамның ішкі болмысына ауысып, оның “тарихи процестің субъектісі” ретіндегі рөліне маңыз берілді. Бұдан әдебиеттің ғана емес, ең алдымен, қоғамның рухани аясының кеңігендігі байқалды. Енді әдебиеттің көтеретін проблемасы ауқымды бола түсті. Жазушы адам болмысын ашуда өмір құбылысын түрлендіре түсті. Ендігі кейіпкер бір бірінен дараланып, өзіндік мінез сипатымен ерекшелене бастады. Адамның адамгершілік қасиеттерінің астарынан жалпы тұлғаның гуманистік концепциясы айқындалды.

Әрине, қандай көлемді шығарма болсын, кейіпкерін мүлде ешкімге ұқсамайтын дара ете алмайды, оны бәрі бір адамға, жалпы көркем бейнеге тән үндестікте береді. Бұл ретте зерттеуші Л. Гинзбург: “Белгілі бір әдеби жүйеде персонаждың мінез-құлқы оқырмандарға белгілі. Яғни, қалыптасқан белгілі бір әдеби ролі болады. Бұл әдебиеттің көне түрлеріне, фольклорға тән. Қаһарманның ерекшелігі ерте анықталады. Ол бұл шығармалардан бұрын, жанрдың шартына сай өзінің тұрақты ролінде болады. Оны тану үшін атап, өз орнына қойса болды”-дейді [1,207]. Жанрлық стереотипке персонаждың үйлеспеуі жанрлық тасымалдануды білдіреді. Бір қарағанда Мағрипаның жетім қалуы, қорғансыз тағдыры ертегілердегі жетімді елестетеді. Оның ес білмей тұрғанда шешеден, оң-солын енді тани бастағанда әкеден айырылып, өгей шешенің қолында қалуы, ертегілердегі бейкүнә, жетім бейнелерін көз алдымызға әкеледі. Тіпті кішкентай күнінен ылғи бір нәрсені қиялдап, армандауы, ылғи қол жетпес биікті, аспандағыны көксеуі, көктегі ай мен күнге қол созатын Тазшаны елестетеді. Тым қиялшылдығы оны романтик атандырады. Мағрипаның осы қасиеті оны ерекше етіп, ортасынан мүлде алысқа әкетеді, елес кезіп, түс көріп жүргендей сезімге бөлейді. Оқуға түсе алмай дағдарып қалғанда, Таубай мен Гератты кездестіреді. Ертегілерде де арып-ашқан, барар жері, басар тауы қалмағанда, әр түрлі күштер көмекке келетін-ді. Сөйтіп, Мағрипада көрікті, сыпайы, жомарт Гератқа кездесіп, ертегідей өмір кешеді, айтқанын орындап, бар еркелігін көтерген Герат оған ертегінің сиқырлы қаһарманындай көрінеді. “Бұл шығармада адам баласының барлығына бірдей мен мұндалап көрініп, көге түсе бермейтін жайттар арқылы сан алуан жағдайларға душар болып, аяқ астынан балағына шалынып, өмірде опық жеп көп сүрініп жүрген адам тағдырлары сөз болады. Атап айтқанда осы романдағы Мағрипа бейнесі, оның қилы-қилы өмірі, кітапты оқыған қай оқушы болмасын еріксіз ойландырады. “Тұлпардың сынын” оқып отырып, Гераттың көз бояушылық әділетсіз қылығын, адамгершілік шекарасынан ешбір қысылып, қымтырынбай өте беретін арсыз, тілі майда, діні қатты әрекеттерінен іштей жиіркене, тыжырына қарайсыз” [2].

Романның кеңістік мүмкіндігін салмақтай келгенде, оның шегі жазушының идеясына, айтқысы келген ойының күрделігіне байланысты екендігін ескеру керек. Яғни, жазушы өзі бейнелеген кейіпкерінің сол жағдайға, әрекетке қаншалықты дайын күйінде әкелді, әлде өзі суреттейтін стуацияға басынан-бастап үйлестіре ме, соған да тікелей байланысты [3,31]. Жалпы, Р.Тоқтаровтың өзіміз талдаған романдардағы кейіпкерлерден байқайтынымыздай, олар әу бастан шығарма ситуациясына бейімделе суреттеледі. Өздері кездесетін оқиғаларға, ерекше жағдайларға дайындалып, тіпті алдын ала оны ерекше түйсікпен сезеді де. Мәселен, “Ғасыр наны” романында Жәмимен әңгіме үстінде Жүрсін: - Көрерсіңдер, был қазақтың ұшы-қиырсыз кең байтақ даласына жаппай түрен түседі.

-Біреуден естідің бе, әлде өзіңнің топшылауың ба ?



-Өзімнің. Түсімде Сарыарқа бойымен сарқырап алтын дария ағып жатыр екен деймін “ дейді [4,15]. Осы “көріпкелдігі” Жүрсіннің іс-әрекетінде үнемі қабаттасып отырады. Ал, “Тұлпардың сынында” Мағрипаның ішкі ішкі түйсігіндегі сезіну автордың көмегімен сыртқа шығып, оқиғаның дамуына ықпал етіп отырады. Осыншалықты көктен түскендей бәрінің бола қалғанына ол іштей сенімсіздікпен қарайды. “Мұз үстіне үй салғандай өзінің бақытынан үркеді. Жүрегінің түбінде түсініксіз бір қобалжу қалады. Бәрінен қас қағым сәтте айырылып қалатындай белгісіз бір күй кешеді. Тіпті айнадан өзін көргенде бөтен біреу екен деп қалады. Мағрипаның өз тағдырына әу бастан үрке қарау, өзін-өзі жатсыну байқалады. Оның осы сезімге ұшырауы, яғни өзін-өзі жоғалтуы, әкесінің дүние салып, Қара Жұманның хабарсыз кетуінен басталады. Біреуі асқар тауы құлағандай әсер етсе, екіншісі болашақтағы арманының күл-паршасын шығарады. Мағрипа ер-азамат бейнесін алғаш екеуінен танығандай еді. Оан соң Гератпен жолығып бақыттың дәмін тата бастағанда, оған үрке қарап, жоғалтып алатындай күй кешуі сондықтан. Оған өз бақытының баянсыз болатынын ішкі түйсігі хабарлағандай болады.Тіпті көпке дейін Гератты Иренғайыппен шатастырып жүреді. Онымен жолыққан күннен бастап, Гератты жоғалтады. Енді Иренғайып екеуінің арасында түсініксіз бір байланыс орнайды. Сөйтіп, көптен бір-бірін жоғалтып жүрген екі жан жар болып табысады. Мағрипаның бейнесін жасау үстінде автор оның бойына дәстүрлі қазақ қызының болмысымен қатар, ішкі жан дүниесі күрделі, өмірге ынтық, күреске бейім, батыл жанның да бейнесін біріктірген. Жар құшып, бала сүю Мағрипаның жас кезіндегі елес-арманы болса, енді оның өірге деген философиясы өзгереді. Болашақ актриса Мағрипа сахнада бұйығылықтан арылып, өжет мінез танытса осы сипат Мағрипаның болмысына тән. Кейбір кереғар өмір құбылыстары Мағрипаға тым жақын. Оған тән өзгеше ойлар шоғырын автор былайша ұсынады: “Мағрипа аз күнде көп көп нәрсені болжады. Саналылық туа бітетін қасиет мес, өз басыңа үйірілген жамандықты досың түгіл дұшпаныңа тілемеуден жаңғыратын ой көркі екен. Саналылық-қиянат перзенті. Сана-өзімшіл қараңғы әлеміңе түскен титтей саңылау” [4,49]. Мағрипаны Герат алдап кеткен бөтен әйел кеп, таяққа жықты. Адамның өзіне жақпаған тірлігінің бәрі өзгеге білдірмей жасаған қиянат екен. Мағрипа жаны мен тәнін бөліп қарайды, таяқ жегенін қаперіне де алмайды, “таяқ жеген тәні, бұл емес,ол”. “Кей дерт адамды бақытты етеді. Мағрипаны бақытты еткен -жарымжан көңілі. Адам өткенін ұмытқыш. Егер адам біреуден естіген сөзін, біреуден көрген зәбірін ұмытпай жүрсе, ешқашан толық бақытты бола алмас еді. Ұмытшақтық- жақсы қасиет. Ол көңіліңді таза ұстайды. Өзіңді күнде жаңа дүниеге әкеледі. Жан жарасын емдейтін де, кеше керкілдескен дұшпаныңмен бүгін бітістіретін де сол ұмытшақтық”. [4,270]. Тұнып тұрған қайшылықты философия. Осылайша қалыптан тыс ойлайтын адамның бітімі күрделі-ақ. Мағрипаның өмірі де үнемі адасудан, жаңсақ басудан тұрды. Бірақ, ол бәрінен жол тапты, оған себеп ішкі дүниесіндегі-сезімталдық, табандылық, ойлылық. Өз философиясындағыдай, өткенді тез ұмытып, бойына дарытпау. Өмірдеі екі жақын адамы - Герат пен Иренғайыпты үнемі шатастыруы тегін болмады, екеуі туыс болып шықты. Әу баста сырты ұқсас болғанымен, ішкі жаратылысы екі бөлек адамдардан Мағрипа бірінде жоқ қасиетті екіншісінен табам ба деп, адасып келіпті. Енді Иренғайып пен Гераттың жұмбағы шешілгенде, Мағрипа тағдырының кілті де табылады. Оның адамдарға деген шексіз сенімінің, махаббатының себебі-жетімдігі екен. Маңдайына тиген алақан жылуының аздығы оны ерте есейткен, өмірдің қызығын көруге ерте итермелеген. Сонысынан ерте есейді, таяқ жеді, өкінді. Әлі де бір үміт пен сенім жетегінде болды. Тек, Иренғайыпқа жолыққан соң, көңіл алаңы басылып, екіұшты сезімнен, екіұдайылықтан арылады.

Герат-Мағрипаның студент кеінде жолығып, қол ұшын берген адамы. Оның Мағрипаны ұнатуы анық. Алайда болмысы басқа, тез жерінеді. Әйелі Ақдидардың алақанына салып еркелетуіне әбден үйренген. Өзінен аяғы ауырлаған Мағрипаға қамқорлық көрсетеді. Гераттың табиғаты жазушының “Ғасыр наны” романындағы Серіжанға келеді. Екеуі де еркін, қалағанынша өмір сүруге үйренген жандар. Екеуі де өлім аузынан қалады. Естерін жиғанда, сәбидей тазарып, тіршіліктің мөлдірлігін сезініп оянады. Өзі жасаған, өткерген тіршіліктің жиренішті еенін ойлайды, бәрі артта қалды, енді бәрін жаңаша бастайды.

Қаламгер кәдуілгі тіршіліктің өз философиясын жасайды. Адам санасындағы қалыптасқан құбылыстардың да өзгеретін кезі болады. Ол адамның сырт келбетін, ішкі сана-сезімін, психологиясын өзгертеді. Психологиялық зерттеулердегі жетекші тенденциялар алдымен адам жеке тұлғасын оның санасымен байланысты түсіндірудің қажеттігін айтады. Бұл жөнінде К.А.Абулханова-Славская алғашқы кеңес психологтарының бірі С.Л.Рубинштейннің идеясын дамыта отырып жазады. Басқа да психологтар (И.С.Кон, А.Спиркин, Б.Г.Ананьев, В.В.Столин) адамның санасын, өзін-өзі тану санасын оның қызметінен оқшау қарауға болмайтынын айтады. Яғни, адамның тұлғалық жетілуі оның өмірдегі әрекетіне тікелей байланысты. Осы тұтас факторлар кешені арқылы адамның қоғамдағы, макро және микроортадағы болмысын танып алуға болады. Кейіпкер осы орталарда өзін түрліше ұстайды. Мәселен, Герат қызмет ортасында беделді, тасы өрге домааған сыйлы жан. Ал, Мағрипаның қасында тым кішіпейіл, үздіккен ғашық, жомарт, сырбаз. Ол Мағрипаның алдында сан түрлі кейіпке түседі, оның саусағының ұшынан ғана сүйеді, жатақхананың есігін босатпайды, өлердегі сөзін айтып жалынады. “Қандай көлемде кішірейгісі келсе, сондай көлемде кішірейе алады”. Герат жазушы Әліммен сыр ақтарыса әңгімелескенде, “мені сыртымнан қиын тағдырдың иесі деп ойламайды. Менің шешем екірет тұрмысқа шыққан. Екінші күйеуінен мен туғам, ол отыз жеінші жылы жазықсыз ұсталып кетіп, содан оралмаған. Мен әкемнің тәрбиесін алмақ түгіл, түрін көрмей өскен адаммын. Мен де осы бағы жанбай қойған анам құсап түбі бір бақытсыздыққа ұшыраймын ба деп қорқып кеттім” [4,353-354]. Гераттың жүрек түкпіріндегі сыр-қорыныш осылай ақтарылады. “Мен Мағрианы емес, Мағрипа мені бақытсыз етті. Ол бұрын көңілімде жоқ нәрселерді оятты. Мен осы жүргенде сыртым бүтін, ішім түтін жарымжан адаммын” [4,355]. Бір көргендегі сәнқой, өзімшіл, қытымыр Гератқа ұқсамайды. Ішкі дүниесі аласапыран болып, тығырыққа тірлген адамның жайы. Бірде иманжүзді, нәзік, кішіпейіл, бірде тәкаппар, қатал. Өз өмірінің бұлдыр, шикі тұстарының бар екенін сезеді, соны жауып, жасыру үшін сырт келбетін, мінезін құбылта қояды. Қызметтегі өрлеу, айналасындағы қолпаштау соны ұмыттыруға көмектеседі.

Жазушы көркемдік-психологиялық жағдайда әңгімелеу, пікірлесу, монолог арқылы, Гераттың толқу, тебірену, қамығу секілді көңіл толқындары арқылы драмалық ситуациялар жасап отырады. Герат пен Иренғайып, Меруерт пен Мағрипа, Қара Жұман мен Мағрипа тағдырлары оқиға желісінде белең алып, психологиялық-этикалық бағдарда көрініп отырады. Жазушы кейіпкерлерінің ішкі рухани әлемін ішкі монолог арқылы ашып отырады. Бұл тәсіл романдағы бейнелердің шындық өмірге тікелей қатынасын, ондағы әр түрлі қарама қайшылықтарға араласып, өз көзқарасын білдіріп отыруда жетекші орын алады.

Жалпы, романның басында-ақ, кейіпкерлердің бойында жұмбақ, құпиялы сипаттар бой көрсетеді. Олар өздерін толық ашпайды, әрқайсысының көңіл түкпірінде әлдебір белгісіздік жатады да, ол кейіпкерлердің бір-бірімен араласуынан кейін бірте-бірте ашыла бастайды. Автор сондықтан да өткен шақ пен қазіргі сәтті алмастырып баяндап отырады. Содан болар кейіпкерлер көз алдымызда өзгеріп, басқа да қасиеттерімен толығып отырады. Өзіңіз де сол жұмбақтардың шешілуін бірге қалап, іздеп отырасыз.

Әдебиеттегі көркем бейнелеудің нысаны - адам. Кез келген қаламгер өзінің кейіпкері туралы айту үстінде, алдымен қандай да бір нақты қасиетті көрсетеді. Адам бойындағы бұл сипат жоғарыда айтқанымыздай, оның мінез-құлқына, іс-әрекетіне, ортасына байланысты өзгеріп, толығып отырады.

Романның “Арқау” деп аталатын бөлімінде біз Сардармен танысамыз. Оның ірі мекемені басқаратын директорлығы, дәрігер-хирургтігінен басқа, өмірдегі “хоббиі”-“таза қанды” желгіш аттардың жанкүйері. Биыл оның жылдар бойы айтып келе жатқан сәуегейлігі жүзеге асып, алдырған Құлажал айғырдың құлыны су төгілмес жорға болады. Құлажал айғыр-“Кеңарал” колхозының жылқысы, асылданбаған, қарабайыр қазақы мал. Сардар одан алып қалуды қатты армандаушы еді. Оның ұғымында алды-арты бірдей дөң, қырынан қарағанда тау ешкісіндей қысқа тұрықты, ошақ тұяқ Құлажал айғыр ертегі-жырлардан ғана елес беретін тұлпар болатын. Ол оны таныды да, әкесі Құсыбайға келіп айтты. Әке жақтырмай қалды. “Құлажал айырдың әуелгі аты Құланжал болу керек. Ол-дағы даланың тағы хайуаны құлан сықылды құйрық пен жалдан ада. Қой мойынды қып-қысқа желкесінде ұршықтың сабына шүйкелеп ораған түбіт реңдес болымсыз бірдеңе бар. Ширыққан кезінде болмаса, момын. Құлағы салпиып, есек құсап бөлек жайылады. Бірақ, зерек, күрсінгіш. Арқырай кісінегенде, бір өңір басы екі айырылып кететіндей, қос танауы бөкеннің тұмсығындай боп дөңгелене қоарланып кетеді. Жылқыда оның төрт аяғы тең жорғасын, бой салып шапқанын да ешкім көрген жоқ. Осыда екі жыл бұрын Сардардың мойнына бұршақ салып тілеген, аңсаған арманы орындалып, ипподромның Құлажал айғырға искеткен Баян атты биесінен Жұлдыздай әсем құлын туған еді. Сол құлын бүгіндер аяқты малды алдына шығармай,қапысыз жүлдегерге айналып тұр” [4,284].

Көшпелі халықтың тұрмысында жылдамдықтың, бір жерден екінші жерге шапшаң орын алмастырудың айырықша мәні бар. Адамзат ешқашан шалдықпайтын ерекше қасиеттерге ие сәйгүліктер ойлап шығарған. Тұлпар бейнесі кең даладағы қозғалысты беруші, ердің пырағы, баға жетпес байлығы, қысылған сәтте ақыл беретін серігі болған. Содан да болар халық жылқы малын ерекше қадір тұтып, киелі санаған, аңыз-жырларға, ертегілерге арқау еткен, адам баласына тән сипаттарды теліген. Батыр мінген аттың жүйрік болып көрсетілуі, қаһармандық эпостың түпкі идеясына-халқын сыртқы жаулардан қорғау мақсатына тікелей байланысты. Мұның өзі бейбіт өмірді аңсаған халықтың терең аңсарымен астасып жатыр. Ендеше, бертінге дейін көркем шығармаларда жылқы малының дәріптелуі осындай дәстүр өміршеңдігін аңғартады. Жазушы Р.Тоқтаров шығармасында Құлажалды адамша сөйлетеді, ойландырады. “Қос ығында тырп ете алмай арқандаулы тұрған Құлажал айғыр өзін табытқа жатқызып қойған адамдай сезініп, қатты назаланады. Ол дүниенің қожасы адам екенін біледі. Бірақ үстіне желден өзге жан шықпаған даланың асау еркесіне екінің бірі қожалық етпеуі керек еді. Ол бір ғана адамның, Сардардың ырқына ғана көнуге бар. Егер адам үшін туатын бір арғымақ болса, Құлажал айғыр Сардар үшін туған” [4,514].

Құлажал айғыр жылқының тұлпары. Иесі ерегісіп, иен далаға тұмылдырықтап, тұсап кеткен Құлажал айғыр сол бетінде қасқырға шарасыз халде жем болады. Бұл да бір халықтың құрдымға шақ қалған , құсалы да күрделі жағдайын паш етсе керек. Роман соңының: “Иә, тіршілік   шиыршық атқан бұралаң жол. Буын буын өмір. Алуан тағдыр шеңбер жасап, түйісіп, қатар қатар дөңгеленеді. Кейде өрге, кейде қырға салады. Кейде соқыр балықша шыңырау түбінде, қараңғы тұңғиық әлемде жүріп іршілік құрады. Жан біткен дене, жанар біткен ес жарық дүниеге ұмтылады. Қиянат сол жолға тосқауыл болу. Ол мүмкін бе? Күнді немен қалқалайсың? Шындықты қараңғыға қаша қамалағанымен, бәрібір шығар жер, түйісер нүкте біреу. Ол әділет жарығы. Ақырғы зауал шақ... Тұлпарлар түгесілмепті ау біздің даладан” деп аяқталуынан өмірдің жаңа тынысын сезген қаламгердің тұңғиық сезімі аңғарылады.

Жазушы Сардардың тіршілігіндегі оның орнын ерекшелей көрсетеді. Романдағы кейбір оқиғаның бет алысын өзгертуде Құлажалдың ролі айтарлықтай. Белгісіз бір құпиялы сырды ішке бүккен де сыңайлы. Сардардың әкесі Құсыбай Баян құлындаған күні құрбандық шалса, Мағрипаның Сардарға алып келген тұмарынан:

Жылқыдан тұлпар,

Жігіттен сұңқар...

Жасаған кешір.... деген жазу шығады. Сардар сол тұлпарлар мекендеген далада Қара Жұманның қолындағы Мағрипаның баласын құтқарамын деп жүріп мерт болады. Өзі соншалықты күткен, ардақтаған, алыстағы ауылға дәрігерлік көмек беруге барған жерінен қаза табады. Романдағы Қара Жұманның табиғаты бөлекше жан. Оны автор былайша суреттейді: “Тағдыр адамға әр түлі ноқта ұсынады. Ол тіршіліктің заңы. Қара Жұман өзі де байқамай кішкентайынан сол тағдыр ноқтасына қарсы болады. Ол бала кезінен “өзге өлсе өлер, мен өлмеймін” деп ойлайтын. Оның жұртқа ұқсағысы келетіні-өз бойынан туындайтын бөлектікті танытпаудан туған соқыр сезім еді. Келе-келе жасындағы “кемшілігі” мен “басқалығы” өзге ешкімде жоқ артықшылық болып танылды. Онысы туған жердің топырағынан алыстасымен бірден танылды. Не істесе де әдемі шығады. Қара Жұманның мақсат-жұрт көзіне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шалыну еді. Жиырмасыншы ғасырдың “супер-адамы”болып көрінгісі келген. “Қай қазақ мендей!” деп ойлауды әдетке айналдырады” [4,444-445]. Қара Жұманның осы астамшы ойы мен туған жерінен қара үзіп кетуі кейінгі тірлігінің берекесін алады. Осыдан соң туған еліне келіп, жылқы бағады, тағдырдың ырқына көніп, тынышталады. Мағрипадан туған жарымжан баланы таза ауаға әкетеді, өзі бағады. Сөйтіп, бір кездегі асқақ ойлардан арылып, тәубасына түседі. Өзінің табиғи болмысындағы ерекшеліктерді ауыздықтап, сахара тіршілігіне бағындырады. Бұл тұста автор туған топырақтың қасиетін, қателік жасаған перзентіне кешіріммен қараған жер-ананың мейірімін көрсетеді. Әрине, даланың өзі асқақ, аласаруды қаламайды. Басқадан ерекпін деп жүрген Жұманды сабасына түсіріп, қарапайым тірлікке қақпайлап әкелген де осы даланың құдіреті.

Суреткер өзінің шығармашылық еріктілігін туындысы арқылы білдіреді. Әдеби туынды өмір шындығын көркем түрде жүзеге асырады. Сондықтан, туындыны жасаушы субъект көптеген күрделі құбылыстардың ортасында болады. Ол өзінің шығармашылық жігерін көркем болмысты дүниені жасауға жұмсайды. Өмір құбылыстарын жинақтайды, сұрыптайды, болашақ кейіпкерлерін ойластырады, олардың жекелген қасиеттерін екшейді. Сөйтіп, етене жақын әдеби ортада көркем шығармасын жасайды. Суреткер айналасына тек пенделік түйсікпен қарай алмайды. Оның айнала қоршаған ортадан көріп сезетіні, түйсінетіні қаз қалпында емес, әсірелей беріледі. Көркемдік таным арқылы оның дүние жаратылыс құбылысын бақылау, пайымдау қасиеті өрістейді. Осыдан барып “қаламгердің өмірден көргені, басынан кешкені , өзі ортасында болған оқиғалар, адам тағдыры  оның шығармашылығының өзегіне айналады, көркем дүниелер тудыруға ықпал етеді.

Әдеби процесті нақты бір қоғамдық-саяси жағдайда қалыптасатын идеялық-көркемдік, эстетикалық фактордың, көркем сөз иелерінің шығармашылық күшінің нәтижесінде жасалатын құбылыс деуге болады. Яғни, әдеби процесс - идеялық-көркемдік, дүниетаным, көзқарастар мен эстетикалық бағдарды айқындайтын фактор. Әдебиет те өнер секілді әлеуметтік құбылыс. Оның әлеуметтік маңызының шешуші сәті-біздің қабылдауымыз. Жазушы шығармашылық процесте өз туындысының әлеуметтік ролі туралы ойдан алыста болуы да мүмкін. Жазушының ең басты мұраты-көркем дүние жасау. Әрине, жазушы-адам мен суреткер-адам бір емес. Суреткердің өміріндегі шығармашылық психологиялық кезеңді жоққ шығаруға болмайды. Ондай кезде адамның жеке басының психологиялық жағдайын, суреткер ретіндегі көңіл-күйі арасындағы айырманы жоюға тырысады. Шығармашылық иесі өзінің субъективті қабылдауын жеңіп, суреткер ретінде объективті көзқарасын беруге тырысады. Өткен ғасырдың басында П.С.Коган: “Әдеби шығарма-жеке емес, қоғамдық құбылыс. Ол қандай да бір даму кезіндегі қажеттіліктен туындайды. Көркем шығармадан авторды іздеу бұл жанама, екінші кезектегі мәселені іздеу деген сөз. Шындығында да, біз көркем шығарманы қабылдауда, ең алдымен, авторға емес, туындыға назар аударамыз [5,59]. Ол біз үшін өзінше бір жанды дүние, бар жерде өз тілімен сөйлейтін, өз қасиетін көрсететін құбылыс. Егер көркем шығарма неғұрлым толыққанды болса, оның авторы соғұлым екінші орынға ығыстырылады. Сөйте тұра, жазушының рухы оның шынайы қозғаушысы болады да, бізде суреткерге деген адами және эстетикалық қызығушылық оянады. Оның көркем шығарма жасаудағы өзіндік стилінің, әдіс-тәсілінің, тілінің ерекшелігі айқындалып, шеберлігі ашылады. Жазушы Р.Тоқтаровтың күнделікті адамның тіршілігіне қажетті жағдайлардың ішінен өзінің суреткерлігіне табиғи үндесетін құбылыстарды жинақтап бейнелеуі танылады. Жазушы сол әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге сыршылдық, терең психологизм, нәзік сезімталдық кейде екіұдайылық, қалыптан тыс қабылауды қосады. Оның кейіпкерлерінің көбі өздерінің жан-дүниесін билеп алған өзгеше, оқшау сезімнен ажырай алмайды, көптің ортасынан, кейде өзімен-өзі жүріп, өздерін жоғатып алады, бөтен адам секілді сезінеді. Егер қаламгердің сомдаған бейнелерін топтасақ, үнемі қозғалысты, даму мен өзгерісті қалап тұратын, ой мен сезімнің арпалысындағы адамдарға кездесеміз.

Прозалық шығармаларда адам мәселесі, оның ортасы, өмірдің мәні жөніндегі мәселелер жиі бой көрсетті. Жалпы, “қоғам-адам” қатынасы философияда терең қарастырылатын мәселе. Қазірге дейін адам факторы, оның тұлғалық бейнесіне басымдық берілуде. Ол сонау көне замандардан бері адамның күш-қуаты мен ақыл-парасаты мойындала бастаған кезеңнен бастап, көтеріліп келеді. Адам-қоғамның бір бөлігі. Оның өмір сүретін ортасы мәнді, көпқырлы болуы үшін, оны жасайтын адамның да рухы биік, талғам-талабы терең болуы шарт. Асанқайғы заманында адам баласына жайлы қоныс іздеп жер бетін кезсе, Қорқыт өлімнен қашты. Түптеп келгенде екеуінің мақсат-аңсары бір емес пе? Екеуі де мәңгі өмірді аңсады, көпке жайлы мекен, берекелі қоныс тапқысы келді. Сондығымен адам баласына тіршіліктің мәнін, өмірдің бағасын білуді ғибрат етіп кетті. Ұлы Абайдың да рухани ізденісінің басы-толық адамды қалыптастыру болған жоқ па? Ендеше, адамзаттың еншісіне тиесілі тіршіліктің мәні мен сәнін келтіретін - адамның өзі. Жазушы Р.Тоқтаровтың туындылары бізді осы ойға жетелейді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. – Алматы. 1987.

  2. Әшімбаев С. Ақиқатқа іңкәрлік. – Алматы. 1997.

  3. Тоқтаров Р. Тұлпардың сыны. – Алматы. 1986.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет