Шоқаны бар ел Шоқтығы биік ел Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Қожабекова З. Е. география ғылымдарының кандидаты



Дата25.02.2016
өлшемі66.15 Kb.
#19231
Шоқаны бар ел - Шоқтығы биік ел

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Қожабекова З.Е.

география ғылымдарының кандидаты
Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тарихында өз елінің болашағын дұрыс болжап, сеніммен алға қараған, шығыстану саласындағы аса көрнекті ғалым.

Әйгілі ғалымның тарих, этнография, география, фольклор сияқты ғылымның салаларын сіңірген еңбегі қыруар.

Шоқан тек өз халқының ғана емес, Орта Азия және Шығыс халықтарының да тарихын, мәдениетін, табиғатын, әдебиетін зерттеді. Шоқан мектеп оқуының ғылыми негізде құрылып, табиғаттың сырларын ашуға бағытталуын, халықтың жаппай білім алуын халқымыздың алдыңғы қатарлы, мәдениетті елдерді қуып жетуді аңсады.

Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлихановтың 2015 жылы 180 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Қырғыз хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлианов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті.

Мұхаммед - Қанафия Уәлиханов қазақ даласының Еуропаға ашылған терезесі, жасын - ғұмырлы тағдыр иесі, иісі қазақ ұлтының басын біріктіруде күш - жігерін аямаған Абылай ханның ұрпағы

XIX ғасырдың ортасы төл тарихымыздың зерттелуіндегі елеулі кезең, өйткені 1845 жылы Ресейде Орыс геграфиялық қоғамы құрылды (ОГҚ). 1845 - 1861 жылдары бұл мекеменің қызметі Ресей тарихнамасындағы буржуазиялық бағыттың дамуымен және революциялық – демократиялық ағымның (В.Г.Белинский, А.И.Герцен, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов және т.б.) қалыптасуымен тығыз байланысты жүреді. Ал Семей Географиялық Қоғам бөлімшесі Петр Петрович Семенов Тян-Шанскийдің рұқсат беруімен 1902 жылы 13 сәуірде ашылған болатын.

Шоқан Қашқарға XIX ғ. екінші жартысында 50 жылдардың ортасында барды. Бұл –Орта Азияда Еуропалық мемлекеттердің Үлкен ойынының басталған тұсы. Әрі отарлауға жарайтын жерлерді іздеу, танысу жұмысы басталған уақыт. Қашқар сондай аймақтардың бірі еді. Алайда оған ешкім ене алмады. Батыс Еуропадан алғаш болып Үндістан, Кашмир арқылы А.Шлегенвейт экспедициясы Қашқарға енбек болып қырғынға ұшырады. Ал Шоқан - Әлімбай Қашқарға еніп аман есен келіп, тіпті Петербордың өзіне жетіп Жағрапиялық қоғамның алдында баяндама жасап, Шығыс Түркістанды ғылыми жолмен зерттеудің бастамасын жасап, А.Шлегенвейттің қаза болу себептерін бірінші анықтаған орыстың тұңғыш барлаушысы атанған болатын. [1]

Құпия өлкеде өткізген алты ай ішінде Шоқан елге саясат үшін де, ғылым үшін де аса зор маңызы бар көптеген деректерді жинастырып әкелді. «Шыңғыс хан ұрпағын» қарт Петербург үлкен құрметпен қарсы алады. Оның атына Азиялық департамент пен Бас штабтан арнайы сыйақы тағайындалады. Жас ғалым Императорлық география қоғамының (алдында, яғни 1857 жылы 27 ақпанда П.П.Семеновтың ұсынысымен 22 жасар Шоқан Уәлиханов Императорлық Орыс Геграфиялық Қоғамына мүшелікке сайланған болатын толық мүшесі болып сайланады. Осында біраз жұмыстардан кейін Шоқан Отанына оралады.

Оның «Жоңғар очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қырғыздар шежіресі» және тағы да басқа еңбектерінде қазақтардың физикалық кейпі туралы «түріктер мен моңғолдардың араласуы нәтижесінде қалыптасты, бірақ моңғол тамыры недәуір басым болған» дейді.

Ш.Уәлихановтың зерттеушілік таланты мен парасаттылығы, нәзік байқампаздығы мен суреткерлік қабілеттілігі 1856 - 1859 жылдардағы саяхаттарының негізінде жазылған жолсапар очерктерінен ерекше танылады. Бүған көз жеткізу үшін «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деп аталатын түңғыш жолсапар очеркіне зер салалық. Оны автор «1 тамыз 1856 жыл. Қытайдың Бараходжир атты шекаралық бекеті» - деген жолдарымен бастап, екі ел шекарасында түрғанын, мүның жауапты да қатерлі екенін бірден алға жаяды. Сөйтіп, оқырман назарын өзіне алаңсыз аударып алады.

Қазақ халқының ұлттық мақтанышы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – бірнеше ғылым саласында еңбек етіп, олардың әрқайсысында айқын із қалдырған ғалым. Ол әсіресе шығыс тіл білімі, тарихы және этнографиясы жөніндегі ғылыми еңбектеріне байланысты өшпес даңққа бөленеді.

Ш.Ш.Уәлиханов небары 30 жылға жетпейтін уақыт өмір сүрді. Бірақ осы қысқа өмірінің өзінде саяхатшы ғалым артына мол ғылыми мұра қалдырды. Шоқанның өшпес мұрасы бүгінгі Отандық тарих пен басқа қоғамдық ғылымдар саласын терең зерттеу мен насихаттау ісінде орны бөлек.

Ол 30 - ға да толмастан өкпе ауруынан қайтыс болды, оның аққан жұлдыздай қысқа өмірі ғылым үшін өте құнды жылдар болған.

Шоқанды өз халқының тарихы, қоғамдық құрылымы, саяси өмірі, білімі, кәсібі, имандылық қасиеттері әр уақытта толғандырды, бұлар оның шығармаларының өзекті тақырыбы болды. Ол өз халқын сүйді, оның болашағына сенді, мақтан тұтты. Шоқан өз халқының азаттыққа жетіп, білім алуын армандады. [2]

Шоқан шығармаларынан халқына деген шексіз жаңашырлығын, сүйіспеншілігін байқаймыз. Патша үкіметінің қазақтарға кемісітушілік саясатын қолданып отырғанына ол үзілді- кесілді қарсы шықты. Халқының сауатсыз болғанын жасырмай айтқан Шоқан оның қабілетті, өркениетті қабылдай алатын ел екенін де дәлелдеді.

Шоқан орыстың ХІХ ғасырдағы озат ойшылдары, революционер демократтары Белинский, Чернышевский, Добролюбовтардың идеяларынан рухани нәр алды. Сондай -ақ, Көшпенді халықтың арасынан шыққан, ғылым мен прогрестің шыңына көтеріліп, Россия ориенталистерінің қатарынан құрметті орынға ие болып, Қазақстанның шығыстану ғылымын ашып берді. Жас ғалымның ғылыми зерттеу еңбектерінің тарихи маңызы зор. Орыс жолдастары мен достары Шоқан қайтыс болғаннан кейін оның жарияланбай қалған еңбектерін жинап бастырған болатын. Шоқанның шығармалары 1904 жылы Петербургте академик Н.И.Веселовскийдің редакциясымен басылып шықты. Осы кітаптың алғы сөзінде академик Н.И.Веселовскйй былай деп жазды: «...Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың шығысты зерттеуші ғалымдарының барлығы да оны ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». Бұл – Ғалым Шоқанға берілген әділ баға еді.

Шоқан - тарихшы, географ, этнограф, әрі ауыз әдебиетін жинап зерттеуші болды. Өзі билеуші таптың қатарынан шыққанымен, Шоқан қалың бұқараның аяусыз қаналып отырғандығын көре білді, халықтың ой - тілегін, арман - мүддесін қорғады, қазақ даласындағы басқарушылық тәртіптің өзгеруін қалады. Мұның барлығы Шоқанның демократтығын сипаттай түседі.

Шоқан Орта Азия елдерінің артта қалуына себепкер болған жағдай - монархиялық тәртіп пен ислам діні деп түсінді. Сондықтан да дамуға кесел жасап отырған ислам дінін Шоқан қатал сынға алды. Ол жалпы дін атаулының прогреске бөгет болатынын, ғылым мен мәдениеттің дамуына кесел жасайтынын, әсіресе ислам дінінің реакциялық сипатын анық айтты. Ол тоқырау мен құлдыраудың себебі болған, халықтың басын айналдырып, санасын улаған дінді орта ғасырлық идеология деп санады.

«Мұсылмандық туралы» деген еңбегінде Шоқан былай деп жазды: « дін фанатизмі атаулының бәрінің халықтардың әлеумет өмірінің дамуына келтіретін зияны туралы көп айтып жатуды артық деп санаймыз. Европада да теологияның етек алып кетуі халықтардың дамуына мүлдем кесел болғаны белгілі».[3]

Орыс педагогикасының прогресшіл идеялары да Шоқанның ағартушылық көзқарастарына әсер етті. Ол мұсылман мектептері орнына, «ой мен сезімнің өсуіне бөгет жасаудан басқа түк пайдасы жоқ, жансыз схоластика болмайтын мектептер» ашуды талап етті.

Ұлы ағартушы ең алдымен ұлы орыс халқынан үйрену керектігін, ол үшін орыс оқуына бой ұрып, қазақ даласына тарату халықтың орысқа деген достығын күшейтетіндігіні мұның өзі игілікті іс екендігін көргендікпен болжады. Шоқан қазақтарға орыс тілін білудің маңызын баса айтқан адам болды. «Орыс тілін білмеген қазақ,- деп жазды ол өзінің бір мақаласында,- оның заң-законын да білмейді».

Шоқан туған халқының әдет - ғұрпы мен психологиясының біраз жақтарын талдай келіп, қазақ арасындағы кейбір жағымсыз әдеттерді мейлінше сынады, бұларды қазақ қауымын ілгері бастырмай келе жатқан мерездер деп ашынды. Мысалы осындай феодалдық өмірдің басты мерездерінің бірі - барымта екендігін, оның жұрттың көпшілігі баюдың, мал жинаудың ең жеңіл әдісі деп қате түсініп жүргенін дәлелдеді. Ол мұндай «кәсіппен» айналысқан адамның еңбекке ынтасы болмайды, ал белгілі бір кәсіппен айналысу уақыт, зор ынта тілейді деп дұрыс тұжырымдады. Осылайша ол жастарды да мұндай жағымсыз кәсіптен бойын аулақ салуға шақырды. Бұл жағымсыз әдеттің адамды арамтамақтыққа, еріншектікке итермелейтінін айта келіп, ол қазақ даласында түрлі кәсіптің дамуына оның кедергі келтіретіні жөнінде дұрыс қорытынды жасады.

Шоқанның халықтық психология туралы пікірлерінде материалистік тенденция басым, бұл оның көптеген еңбектерінен анық байқалады. Мысалы «Записка №1» деген еңбегінде адам психикасы сыртқы ортаға, әсірісе географиялық, табиғат жағдайларының әсеріне байланысты қалыптасып отырады деген пікір айтады. Бірақ Шоқан адам психологиясының қалыптасуындағы тарихи - қоғамдық факторлардың шешуші рөлін дұрыс ұғына алмады, оның ойынша, жұрттың сана - сезімін, әдет - ғұрпын географиялық орта билейді, халықтың прогреске жетуі материалдық өмір жағдайымен емес, идеологиялық факторлармен, ағартушылық әрекетпен жүзеге асатын болады. Осыған орай адамдардың мінез - құлқы мен әдет - ғұрыптарының қалыптасуында географиялық орта мен табиғаттың рөлін Шоқанның асыра бағалап жіберген кездері де болды. [4,5]

Шоқан ғұмыры бар жоғы отыз жыл ғана болса да, оның бейнесі біздің жүрегімізден еш уақытта да өшпек емес. Ол жазып қалдырған толағай туындылар мен көкейкесті мәселелерге толы еңбектер, зерттеулер қазір де өз мән - мағынасын жоғалтпай, жаңа өмірмен үндестік тапқан сайын ғұлама ғалым жөніндегі әсерлі естеліктер де біздің жадымыздан берік орын ала бермек.


Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ахметова А. Комментарии – В кн.; Чокан Валиханов в воспоминаниях современников. А.–А., 1964, с. 192

2. Валиханов Ч., Собр.соч..: т.4 – А-А, 1968, стр 589-592.

3. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата: Издательство АН Каз ССР. 1961-1978.

4. Марғұлан Ә. Ш.Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметінің очеркі шығ. жин. Алматы, 1961, 1-том, 21 бет

5. Марғұлан Ә.Х. «Шоқан және Манас», Алматы, 1971.



Резюме

Шокан Уалиханов известный казахский ученый, историк, этнограф, фольклорист, путешественник и просветитель. В статье рассматриваются основные моменты его жизни, этапы его становления как ученого – этнографа. Особо отмечено его влияние и вклад в развитие географии.



Summary

Shokan Ualikhanov was famous Kazakh scientist, historian, ethnographer, folklorist, traveler and educator. The article deals with the main points of his life, stages of its formation as a scientist - ethnographer. The article highlights his impact and contribution to the development of geography.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет