Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау қағидасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 мамырдағы №512 қаулысы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі



Дата29.02.2016
өлшемі81.63 Kb.
#30649





Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 мамырдағы №512 қаулысы

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Қоса беріліп отырған Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау қағидасы бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2011 жылғы «13» мамырдағы

№512 қаулысымен

бекітілген
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді.

2. Осы Қағида ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау тәртібін айқындайды, ол:

1) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын бастапқы даярлауды;

2) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын қайта даярлауды;

3) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналының кәсіптік деңгейін қолдауды қамтиды.

3. Осы Қағидада пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:

1) авиациялық оқу орталығы – авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін қолдауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

2) куәлік, сертификат – белгіленген бағдарлама бойынша оқуды аяқтағанын куәландыратын және тағылымдамадан ойдағыдай өткеннен кейін белгілі бір қызмет түрін орындау үшін біліктілік белгісін алуға құқық беретін құжат;

3) оқыту (кәсіптік даярлау) сапасы – авиация персоналының білім алу сапасына қойылатын белгіленген және ұсынылған талаптарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін оқу үдерісінің қабілеті;

4) біліктілік – өзінің қызметтік міндеттері мен функцияларын тиімді және қауіпсіз орындау үшін білімнің, шеберлік пен дағдының қажетті деңгейін иелену;

5) біліктілік белгісі – куәлікте жасалған және соның бір бөлігі болып табылатын жазба, онда осы куәлікке қатысты ерекше шарттар, құқықтар немесе шектеулер көрсетіледі;

6) ұшуға дайындық – ұшатын құрамды кәсіптік даярлау үдерісінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы практикалық шеберлік пен дағдыны иеленеді және жетілдіреді;

7) бастапқы даярлық – белгіленген үлгіде құжаттар бере отырып, авиация кәсібі немесе мамандығы жоқ адамға, сондай-ақ жаңа авиация кәсібін, мамандығын және авиациялық техниканы игеру мақсатында авиация персоналына кәсіптік білім беру үдерісі;

8) қайта даярлау – белгіленген үлгіде құжаттар бере отырып, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық дамуға, өндіріс пен әлеуметтік саланың құрылымдық өзгерістеріне, адамдардың жеке қажеттіліктеріне негізделген жаңа (қосымша) кәсіптік білім, шеберлік пен дағды, кәсіп, мамандық алуға бағытталған авиация персоналын оқыту үдерісі;

9) кәсіптік деңгейді қолдау – белгіленген үлгіде құжаттар бере отырып, авиация персоналын оқыту үдерісі, оның мақсаты ғылыми-техникалық, қолдау әлеуметтік-экономикалық дамуға және азаматтардың жеке қажеттіліктеріне негізделген кәсіптік білімді, шеберлік пен дағдыны жаңарту, кеңейту және тереңдету болып табылады;

10) кәсіптік даярлық – авиация персоналын бастапқы даярлау, қайта даярлау, олардың кәсіптік деңгейін қолдау, тағылымдамадан өткізу, курстар, тренингтер, сондай-ақ авиация персоналын оқытудың өзге де ықтимал түрлерінің барлығы;

11) сертификаттау талаптары – авиациялық оқу орталықтарына авиация персоналын даярлаудың мазмұнына, деңгейіне және сапасына ұйымның сәйкестігін белгілеу мақсатында қойылатын талаптар;

12) теориялық даярлық – авиация персоналын кәсіптік даярлау үдерісінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы арнайы теориялық білім алады, сондай-ақ бекітілген оқыту бағдарламаларына сәйкес оларды сақтайды және жетілдіреді;

13) тренажерлік даярлық – авиация персоналын кәсіптік даярлау үдерісінің кезеңі, одан өткен кезде білім алушы әртүрлі тренажерлік қондырғылардың (авиациялық тренажерлер) көмегімен практикалық шеберлік пен дағдыны алады, сақтайды және жетілдіреді;

14) тағылымдама – мамандықты практикалық игеру, қызмет көрсету объектілеріне бейімдеу және басқару, сондай-ақ жұмыс орнында жылдам іске кірісу және жұмыстың жаңа тәсілдерін игеру мақсатында оқытуды қамтамасыз ететін адамның басшылығымен персоналды жұмыс орнында оқыту;

15) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган).

4. Авиация персоналын бастапқы даярлауды, қайта даярлауды және кәсіптік деңгейін қолдауды уәкілетті орган сертификаттаған авиациялық оқу орталықтары жүргізеді.


2. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау тәртібі
5. Қазақстан Республикасының авиация персоналын бастапқы даярлау, қайта даярлау және олардың кәсіптік деңгейін қолдау дегеніміз кәсіптік қызметте пайдаланылатын мамандандырылған білім мен дағдылар алу және оларды тереңдету мақсатындағы оқыту болып табылады.

6. Авиация персоналы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналын аттестаттау қағидасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде атқаратын лауазымына сәйкестігіне аттестаттаудан өтеді.

Аттестатаудан өтпеген адамдар кәсіптік міндеттерін орындауға жіберілмейді.

7. Авиация персоналы тағылымдамадан өткеннен және тағылымдаманы өткізген лауазымды адамның дербес кәсіптік қызметке жіберу ықтималдығы туралы шешімінен кейін дербес кәсіптік қызметке жіберіледі.

8. Авиация персоналының халықаралық ұшуды орындауына рұқсат ету азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен бағдарламалар бойынша тиісті даярлықтан өткеннен кейін жүзеге асырылады.

9. Авиация персоналының дербес кәсіптік қызметіне рұқсат ету мүмкіндігі туралы негізделген шешім үшін тағылымдаманы өткізген адамдар жауапты болады.

10. Авиация персоналын кәсіптік даярлау және Қазақстан Республикасының сертификатталған авиациялық оқу орталықтарында немесе Қазақстан Республикасы таныған сертификатталған шетелдік авиациялық оқу орталықтарында (орындарында) алған тиісті біліктілік белгілері авиация персоналын аттестаттау және оның қызметіне рұқсат беру үшін негіз болып табылады.

11. Авиация персоналын кәсіптік даярлау оқытудың мынадай негізгі нысандары бойынша жүзеге асырылады:

1) стационарлық күндізгі оқу;

2) сырттай оқу;

3) курстар, семинарлар, тренингтер;

4) жеке оқу.

12. Уәкілетті орган сертификаттаған авиациялық оқу орталықтарымен шарт бойынша жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың авиация персоналын оқытуына рұқсат етіледі.

13. Оқыту үдерісінде даярлықтың мынадай түрлері де көзделген:

1) аудиторияда өзіндік дайындық;

2) практикалық сабақтар.

14. Өзіндік дайындық техникалық құралдармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған аудиторияларда жүргізіледі. Оқытылатын авиация персоналы оқу әдебиетімен қамтамасыз етіледі.

15. Практикалық сабақтар тренажерлерде не тиісті техникалық (зертханалық) жабдықта жүргізіледі.

16. Оқыту нысанына қарамастан әрбір мамандық бойынша даярлықтың мынадай кезеңдері қамтамасыз етіледі:

1) теориялық;

2) тренажерлік;

3) практикалық;

4) ұшу (ұшу құрамы үшін).

17. Әрбір оқыту нысаны мен мамандық бойынша Қазақстан Республикасының авиация персоналын даярлау, қайта даярлау және олардың кәсіптік деңгейін қолдау бағдарламаларын уәкілетті орган бекітеді.

18. Авиация персоналын кәсіптік деңгейін қолдау бойынша оқытуды өткізу нақты санат үшін айқындалған кезеңділік арнайы курстар түрінде немесе жыл бойы өткізілетін курстар, техникалық оқу, тренингтер, семинарлар, симпозиумдар, көрмелер, тұсаукесерлер нысанында жүргізіледі.

19. Авиация персоналын оқытуға тікелей қатысатын авиациялық оқу орталықтарының қызметкерлерін оқыту кәсіптік деңгейді қолдау жөніндегі мамандандырылған курстарда оқыту нысандарына қарамастан, үш жылда кемінде бір рет жүргізіледі.

20. Азаматтық авиация ұйымдарының басшылары авиация персоналын және авиациялық оқу орталықтарының персоналын уақтылы оқытуды қамтамасыз етеді.

21. Авиация персоналының жекелеген санаттарына белгіленген арнайы талаптарға қарамастан, кәсіптік деңгейді қолдау жөніндегі курстарда оқудан өтудің кезеңділігі осы Қағиданың қосымшасына сәйкес болуға тиіс.

22. Біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде авиация персоналына кәсіптік қызметті жүзеге асыру құқығына арналған куәліктер беруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз

етуге тікелей қатысатын

авиация персоналын

кәсіптік даярлау қағидасына

қосымша


Р/с



Персонал санаты

Саны

Кезеңділігі

1

Жұмысқа алғаш қабылданған қызметкерлер

1

Жұмыс істеген алғашқы жылдың ішінде

2

Жоғары басқару буынының басшылары (азаматтық авиация ұйымдарының бірінші басшылары, авиациялық оқу орталықтарының басшылары, бірінші басшылардың орынбасарлары, атқарушы және басқарушы директорлар)

1

6 жыл, сондай-ақ жаңа басқару лауазымына тағайындалған кезде

3

Орта буынның басшылары (қызмет, бөлім, басқарма бастықтары)

1

3 жыл

4

Кез келген бөлімшенің мамандары

1

3 жыл

5

Қызметшілер мен жұмысшылар

1

3 жыл

6

Авиация персоналын оқытуға тікелей қатысатын авиациялық оқу орталықтарының қызметкерлері

1

3 жыл


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет