Сынақтардың әсерінен пайда бола бастады. Одан кейінгі тың игеру науқаны



Дата02.07.2016
өлшемі69.74 Kb.
#173105
түріСынақтар
Мырзабаев, А.

Дала сәні кеше көп еді , бүгін сирек, ертең ше.../ А. Мырзабаев //Егемен Қазақстан. - 2007. - 16 қараша (№355-356)
Арқаның сиреген хайуанаттар түрін қорғай аламыз ба? Басқа елдермен салыстырғанда қазақ жері XX ғасырдың ортасына дейін антропогендік қысымды аз көрді. Экологиялық жүйелердің масштабты өзгеріске ұшырауы Семей ядролық және басқа сынақтардың әсерінен пайда бола бастады. Одан кейінгі тың игеру науқаны мен Байқоңыр ғарыш айлағы зардаптары биологиялық көптүрліліктің күрт азаюына әкеп соқтырды. Ұлан-байтак, аймақты жаппай жыртудың салдарынан дуниежүзі бойынша далалық экожүйенің эталоны саналып келген нағыз сайын даланың үлкен бөлігі тез тозуға ұшырады. Олардың тірі табиғатқа жене адамға тигізген зардапты әсерін біз әлі ұзақ уақыт бойы анықтап, таразылайтын шығармыз...

Бұған қоса өткен ғасырдың соңындағы саяси және экономикалық жүйені жаңаша құру кезеңінде қоршаған ортаға қатты соққы тиді. Жер қойнауы қазба байлықтарға толы елдің өндірісін, ауыл шаруашылығын жекешелендіру, нарықтық, қатынастарға көшіру кезінде анық байқалды. Бұл кезеңде қандай да болсын жолмен табиғат қазынасы, тіршілік жаратылысы есебінен пайда табу орын алды.Соның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген жануарларды шетелдерге асыру, ақшалы алпауыттарға сату кеңінен етек алды. Уақытша босаңдықты пайдаланғандар әсіресе, ақбөкенге қырғидай тиді. Қысқа мерзім ішінде даланың ежелгі көркінің мыңдаған табыны құртып жіберілді. Біз әңгімеміздің басын осы бір көзімізге ыстық, жануардьң жай-күйінен өрбіткенді жөн көрдік.
Ақбөкен

Қазақстанда 70-жылдардың соңында 1,8 млн. бас ақбөкен болғаны бүгінде біреулерге сенгісіз көрінуі мүмкін. Теңіз көлінен Бетпақдалаға дейінгі шетсіз-шексіз өлке аралығында еркін жайылған киіктің сол кездегі көптігі сонша, жолдар бойынан да, елді мекендер маңынан да аз кездеспейтін. Оның қазақстандық мөлшері әлемдегі осы жануардың 70 пайызын құрайтын еді. Одан кейін жылына 20-40 пайыз қысқарып, қазір тіпті 50 мыңға жетер-жетпес болып отыр.

Оның бұлайша жойылып кетуіне кезінде мүйізін кесіп алып, сату дүрмегінің дүмпуі әсер еткені белгілі. Он жылда олардың саны тағы да 21 мыңға құлдырап, жер бетінен мүлдем ғайып болудың аз-ақ алдында қалды.

Бір ғажабы, киіктің жаппай қырылуына басқаларды былай қойғанда "Охотсоюзпром" дейтін ресми мекеменің үлесі де аз болмаған. Мәселен, 1991- 1999 жылдарда аталған мекеменің (арнайы квота бойынша аулау доғарылғанға шейін) 397 мың ақбөкенді атқандығы мәлім. Дегенмен, бұл дерек нақты болмауы да мүмкін. Өйткені сол шақта дұрыс бақылау, анық есеп жүргізілген жоқ. Демек "мүйіз тапсырудың" қызған шағында заңды аңшылардың өз бас пайдалары үшін есесін жібермегендері анық.

Арнайы мәліметке сүйенсек, Бетпақдаладағы ақбөкендер популяциясы жасырын аулау жаппай етек алғандықтан құрып бітуге шақ қалған. Бұдан үш-төрт жыл бұрын «Киік II», «Киік III» ғылыми жобасының негізінде жүргізілген зерттеулер осыны айқын байқатты. Жезқазған аймағындағы 12 елді мекенде (бұлар кезінде киіктердің миграциялық жолы болған жерлер ретінде таңдап алынды) болғанымызда бірнеше мотоциклді браконьерлік топтың бар екені анықталды.15-25 адамнан топталып, киік аулаған олардың әрқайсысы әр күн сайын 5-7 текені атып алып жүрген. Осы орайда, ата-бабаларымыздың аң аулауда жөн-жосықсыз жайратып салуға жол бермегендігі еске түседі. Ежелгі аңшылар тұз тағыларын шектен тыс азайтып алмау үшін ұтарлап қуу әдісін қолданған. Ол бойынша мінілген атқа бір-бір жүйрік қосақтаған төрт-бес адам жазық далаға шыққан соң, араларына 15-20 шақырымнан ашық дәліз қалдырып, шеңбер құра қоршайды. Сосын таң алакеуімде бірінші аңшы екіншісіне, екіншісі үшіншісіне қарай киіктерді жосылта қуатын болған. Жүйрік жануарларға ілесе алмай ат болдырғанда қосақтағысына ауысқан олар киік қашан шаршап жығылғанша қуған. Қашып құтылуға шамасы жетпеген ақбөкендер әбден қалжырағанда амалсыздан жантая кетеді екен. Сонда аңшылар асықпай қарап, тек еті қондыларын ғана іріктеп әкетіп отырған. Ал екі-үш сағаттан соң күш жинап, орындарынан тұрған киіктер әдеттегіше жайылып жүре берген.

Айта кету керек, бүгінде ақбөкендердің мүлдем жойылып кетпеуіне үміт бар. Мемлекеттік және үкіметтік емес, сонымен бірге халықаралық ұйымдардың бірлескен бірқатар іс-шаралары арқасында былтыр киік саны 49 мыңға жетті. Бір кездегі 2 миллионнан бар қалғаны осы ғана. Алайда ,бұл көрсеткіш олардың сақталуына толық сенім туғызды алмайды. Неге,десеңіз ауа райының қолайсыз жағдайында түгел қырылып қалуы да кәдік. Сондықтан даланың ғасырлар бойғы еркін еркесін қайта көбейту маңызды шараға айналуы керек. Егер шұғыл амал-әрекет қолданылмаса,оны сақтау үшін генетикалық клондауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Жағдаяттың осындай екені халықаралық табиғатты қорғау одағының Бангкокта өткен үшінші конгресінде де талқыланды. Өкінішке қарай, киіктің экологиялық қызметін көпшілік біле бермейді. Экожүйедегі ірі жануар ретінде қорек тізбегіндегі немесе энергия айналымындағы алғашқы реттік консумент болып табылуы (өсімдікті жеп, энергиясын бірінші алатын жануар) энергия айналымына, әсіресе, азот айналымына пайдалы әсер етіп, детритофагтардың дамуына қолайлы жағдай туғызады.

Ол - қазақ даласының байырғы сәні әрі айрықша жарасымды тіршілік иесі. Халқымыздың небір ғибратты аңыз-әңгімелері, ақындардың өлең-жырлары ақбөкен сұлулығымен, киелігімен сабақтастырылатындығы аян. Заманында Қара теңізге дейінгі байтақ, өлкені кезген киіктің бағзыдан төл өрбітетін мекені - Орталық Қазақстан аймағы. Қыс түсе Бетпақдаланы, Арысқұмды, Қарақұмды, Үстіртті паналап, жаз шыға Арқа төсін толтырып, көсіле жайылуы күні кешетін. Енді көзден бұл-бұл ұшқалы тұрғанда, соңғы тұяқтарын сақтап қалуға барынша әрекет ету керек. Өкінішке қарай, облыста бұл мәселеге назар аудару әзірге көңіл көншітерліктей еместін айтпасқа болмайды.
Ителгі

Қазір бұл құстың ұшырасуы сирек. Оны кейбір саятшылардың қолынан көруге болады. Ителгінің саны бұдан жиырма жыл бұрын 3 мыңнан 5 мыңға дейін жететін. Енді нақты санын білу қиын. Біздің болжамымызша, Қарағанды аймағында небәрі 100 шақтысы сақталған.

Лашыннан ірілеу, ақсұңқарға қарағанда дене бітімі жеңіл құс көп көзге түсе бермейді. Облыстың Шет, Ақтоғай, Қарқаралы, Ұлытау аудандарын жаз айларында мекендеп, күзде оңтүстік өңірге ұшып кетеді. Сонда қыстап шығады.

Ителгінің бір ерекшелігі, өздері ұя салмайды. Қарға тәрізділердін немесе өзге құстардың жартастағы, ағаштағы ұяларын пайдаланады. Негізінен саршұнақтарды қорек етеді. Шіл, ірі үйректерді іліп алуға да бейімді. Жаттыққан кей түрлері дуадаққа шүйлігуден де қаймықпайды.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында ол күрт азайып кетті. Себебі, Араб елдерінің өмірлері мен шейхтарының қымбат бағаға сатып алуына байланысты оны ұстап, пайда табушылар қатары көбейгенді. Оның Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелгеніне қарамастан, Үкіметтің аулауға арнайы лицензия беруі бұған жол ашып берді. Соның салдарынан мыңдаған ителгі шетелге асырылды. Жүздеген ұялар бұзылып, бұл құс енді үйреншікті жерлерінде ұя салудан безді. Бүгінде бір кездегі ителгі сияқты тамаша құстың аспан төрінде самғап жүргені ертедегі елестей көрінеді.
Арқар

Жалпы алғанда арқарлардың бес түрі бар. Солардың Солтүстік Қазақстан өңірлік тармағы облыстың Кент, Едірей, Мыржық, Қызыларай, Ортау, Бұғылы-Тағылы тауларына тараған. Дене пішіні мығым, ірі төс бөлігі ұзын аяқтарға бекіген, мойны қыска, жуан, үлкен мүйізі бұратылып оралған құлжалары мен оларға қарағанда кішілеу аналықтары бұл маңды әлі де мекен етеді. Саны да көңіл кеншітерліктей. Аумағы 1,5 миллион гектарды алатын таулы-тасты өңірде 10 мың аркар бары арнайы авиациялық есептеу арқылы тіркелді.

Өтпелі кезеңдегі босаң төртіп олардың да катарын сиретті. Қартайған, тұқым өсіруге қатыса алмайтын құлжаларды сылтау етіп, атып алу 2002 жылға дейін ұласты. Шетелдік бай аңшылар әрбіреуіне 5900 доллар төлесе болды, атып алуына рұқсат беріліп келді.

Тұяқтының осы түрін аулау әлемдегі ең бір мертебелі саятшылық саналатындықтан басқа елдерде бұл үшін белгіленген баға одан жоғары екенін кейіннен білдік. Салыстырмалы тұрғыда айтсақ, әр басы 20-25 мың долларға бағаланған. Сондықтан біздегі арзымайтын ақшаға қызыққан аңшылар сол кезде жан-жақтан ағылып келіп, жергілікті арқарларды керегінше атып отырған.

Олай дейтініміз, кәрі ғана емес, 7-9 жас аралығындағы, яғни, мүйізі әдемі, жас құлжалардың кептеп атылғандығы кейінгі кезде анықталып отыр. Мұндай бейбастықтың салдарынан түз түлігінің құрамы бұзылып, өз төлі есебінен өсуі әлі түземей келеді.

Арқар өрген жер ырыс дарытар мекенге саналып, оны кездестіру жақсы ырымға баланған. Құдай соған жазса дейміз.



Қарақұйрық

Көп ретте жайран аталатын бұл жануар облыстың шөлейтті аймағында кездеседі. Бұл да Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Шөл өміріне жақсы бейімделгендіктен ұзақ уақыт бойы су ішпей жүре береді. Осынау аса сүйкімді, нәзік аңды аулаушылардың да аз кездеспейтіні жүрек ауыртады. Түнде мәшине жарығына көздерін шағылыстырып, бір орнында үйіріліп қалған жануарларды аяусыз қырып салу, әсіресе, бұдан бұрынғы жылдарда асқынып, қазір сәл де болса саябырсыды. Бұған жануарлар дүниесін қорғау шараларының мықтап қолға алынуы әсер етсе керек.

Аздап болса да қара санының ұлғайып келе жатуы - қуантарлық құбылыс. Қаркаралы ұлттық табиғат қорығына жіберілген марал, елік, бұлан, бұғылар сияқты қарақұйрықты да жерсіндіруге болар еді деп ойлаймыз. Дегенмен, ең бастысы өздерінің ежелгі мекені Бетпақдалада еркін сайран салуына кедергі келтірілмесе болғаны дер едік.

Сілеусін

Кезінде Қызыларай тауларының орман-тоғайлы бөктерлеріңде өмір сүрген бұл жыртқыш аң қазір де көзге ұшырасады деп естиміз. Бірақ нақты айғақ болмағандықтан, бар-жоғына сену ертерек. Ол анықталатын мәселе. Бәлки, өте сақ, жемтігін ағаш бұтақтары арасына тығылып торуылдайтын, жасырынуы шапшаң, көбіне ашқұрсақ тіршілікке үйренген, мысықтан сәл үлкендеу аңның сырт көзге түспеуі танданарлық шығар. Егер де оның сақталғандығы анықталса, бұл әрине, қуанарлық жаңалық.



Бүгінде облыс аумағында шамамен сүт қоректілердің 68, құстардың 205, жорғалаушылардың 13, жыртқыштардың 7, балықтардың 23 түрі тіршілік етеді. Осылардың сақталуына, өсіп-енуіне кесел-кедергі келтіруді тыюға барынша назар аударылса екен. Себебі қазіргі мақсат аз да болса барды сақтау десек, бұл бәрімізге ортақ міндет. Еліміз әлеуеті әлденіп, қай салаға да көмек-қамқорлыққа мүмкіндігі кеңейген шақта арда табиғат тіршілік иелерін қорғау мәселесі айрықша назарда тұру керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет