Ұсынып отырылған құрал қазақ тілінен диктант материалдарының жиынтығы



Дата03.07.2016
өлшемі119.95 Kb.
#174189


Кіріспе
Қоғамда адам бір-бірімен тіл арқылы қатынас жасайды.Тіл де тарихи жағдай мен табиғат заңына байланысты дамып отырады. Оны жетілдіруде адамның еңбегі ерекше.

Мектепте оқушылардың сауатты болуы тек теориялық біліммен шектеліп қалмайды. Білім беруде тәжірибеге көп көңіл бөлудің нәтижесі оқу жылының соңында өз жемісін беріп жатады.

Тілдің барлық саласы бір-бірімен байланысты.Соған орай оқушылардың фонетика, лексика, морфология және синтаксистерден алған білімдері өзара тығыз байланыста болғаны жөн. Жоғарыда айтылғандарды бір жүйеге салып,оқушылардың білімін арттыру – мектеп мұғалімінің бірден-бір қиын да абыройлы міндеті.

Барлық сыныптарда оқушыларды сауатты жазуға үйрету - ең басты мақсаттың бірі. Ол үшін жазбаша жұмыстар алынып отырылуы тиіс. Оның бір түрі – диктант. Диктант латынша «дикто» деген сөзінен алынған.Ол сөз – «естіртіп айту» деген ұғымды білдіреді.

Мұғалім оқушыларға берген теориялық білімін диктант алу арқылы сынап көреді. Қазақ тілі пәнінен білім, білік, дағдыны үнемі есепке алып отыру- бастауыш мектептегі оқу процесінің ең қажет бөлігі.

Диктант оқушылардың білім,білік және дағдыларының деңгейін саналы түрде меңгерілгенін тексеру мақсатында өткізіледі.

Ұсынып отырылған құрал – қазақ тілінен диктант материалдарының жиынтығы.

Диктанттың мақсаты – оқу жылында немесе тоқсандық жұмыс кезінде мемлекеттік бағдарламаның талаптарын орындау және нақты қорытындысын тексеру.

Сондай-ақ құралда оқушылармен жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың үлгілері берілген. Мұғалім тапсырмаларды мүмкіндігіне қарай өзгертуіне, азайтып, көбейтіп алуына болады.Қорытынды сында – әрбір оқушының білімін есепке алудың ерекше мәні бар. Ол оқушы мен мұғалім жұмысының негізгі көрсеткіші болып табылады.

Сөз соңында айтарым.ұсынып отырған диктанттар жинағы баланың білім,білік, дағдыларын анықтап қоймай, балаға тәрбие де береді. Ал, мектеп саласына енді аяқ басқан жас ұстаздарға көмек болады деп ойлаймын.

1 – сынып


І-жарты жылдықта алынатын диктанттар.
1.Дыбыстарды бас әріппен жаз.

а т п ғ р л б қ н м ж з тағы басқа.

2.Берілген буындардан сөз құрастыр.

та- на- ға- ра- ла- тағы басқа.

3.Сөздерді топтап жаз.

Қызылша, алма, асқабақ, сәбіз, алмұрт, қауын, жүзім, қарбыз, өрік, шие.

Көкөністер: қызылша, ...

Жемістер: алма, ...

4.Көру диктанты.

«Кімнің есінде көп сақталады?»

Балық, батыр, жусан, сағат, қайық, домбыра, шағала, асқабақ, мысық.

5.Шығармашылық диктант. Берілген сөзден сөйлем құрастыру.

Нан. Аға, нан ал.

Таға. Ата, ат тағала.


ІІ –жарты жылдық.
ІІ –жарты жылдық басында 15-25 сөз, жыл соңында 25-30 сөз.
Бақылау диктанты
1. Білім
Балалық шақ, балаң шақ, орталау жастық шақ жылдарында қолға алынатын ең қымбат дәулет –білім. (14сөз.)

Тапсарма.

1.Мәтінде неше сөз бар?

2.Мәтіндегі дауысты дыбыстардың астын бір рет сыз.


2. Достық
Біздің ел –көп ұлтты ел. Кез келген отандасың –қай халықтың баласы да – ол сенің досың. (15сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтінде неше сөйлем бар?

2.Мәтіндегі дауыссыз дыбыстардың астын сыз.


3. Ата –анаға көмек


Асыл мектептен келді. Еденді жуды. Інісін шомылдырды. Шәй әзірледі. Анасы мен әкесі риза болып, қызының бетінен сүйді. (17сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтінде неше сөз бас әріппен жазылған?

2. Мәтіндегі бірінші сөйлемді буынға бөліп жаз.


4. Көктем
Көктем келді. Күн жылынды. Қар еріді. Жылғалардан су ақты. Мал төлдей бастады. Ағаштар бүршік жарды. Алыс жақтан құстар ұшып келді. (20сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтіндегі соңғы сөйлемде неше сөз бар?

2.Мәтіндегі алтыншы сөйлемді буынға бөліп жаз.


5. Отбасы
Марат биыл бірінші сыныпты бітірді. Өзі өте ұқыпты бала. Оқуды үздік бітірді.

Әкесі отызда. Анасы жиырма алтыға толды. Бәрінің ортасында жетпіске шыққан әжелері бар. (24сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтінде неше сөйлем бар?

2.Мәтіндегі жіңішке дауысты дыбыстардың астын сыз.
6. Бірлік түбі –береке
Ата – бабаларымыз ежелден көршілес елдермен аралас – құралас болған. Өзге жұртпен тату, достық қарым-қатынаста болуды мақсат еткен. Одан ұтса, ұтылған емес. Сондықтан ұлы Абай: «Адам баласына – адам баласының бәрі дос», – деген еді. (29сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтіндегі Абай атаның сөзін қайта көшіріп жаз.

2.Мәтіндегі жуан дауысты дыбыстардың астын сыз.

2 сынып
І-жарты жылдықта 30-35сөз. ІІ-жарты жылдықта 35-40сөз.
Бақылау диктанты.
1. Күз
Күз. Аспанды сұр бұлт қаптап тұр. Жапырақтар сарғайып, жер бетін бүркеген. Саңқылдап ұшқан бір топ құс жылы жаққа бет алды. Тұп-тұнық су жай ғана толқып жатыр. Осының бәрі күздің керемет көрінісі. (31 сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтінде неше сөйлем бар?

2.Мәтіндегі үшінші сөйлемді буынға бөліп жаз.


2. Алматы
Алматы – Қазақстан республикасының оңтүстік астанасы. Ол Алатаудың етегінде орналасқан. Басы аппақ таулардың баурайындағы әдемі, көркем қала. Қысы жылы. Көктемде, жазда Алматы қызыл, жасыл бояуға енеді. Күзде дүниежүзіне әйгілі апорт алмасы піседі. (32 сөз.)

Тапсырма.

1.Қандай? деген сұраққа жауап беретін сөздердің астын сыз.

2.Әйгілі, апорт сөздерін буынға бөліп жаз.


3. Ақ боран
Қасымның үйі таудағы отарда тұрады. Өзі бауырдағы мектеп-интернатта оқиды. Айына бір, кейде екі рет демалыс күндерінде үйіне барып қайтатын. Қыс түскеннен бері барған жоқ. Жолды қар басып қалған. Машина қатнамайды. Соңғы кез үйінде болғаны есіне түсті. (37 сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтіндегі сөйлем санын жақша ішіне жаз.

2.Тасымалданбайтын сөздерді теріп жаз.


4. Лақ
Менің мүйізі жоқ тоқал ешкім бар. Ол ақ лақ туды. Лағын жақсы көреді. Қасынан шықпайды. Бір күні жаңбыр жауды. Енесі лағын іздеді. Маңырап жүр. Лақ шөптің қуысында ұйықтап жатыр екен. Лағын тауып бердім. Ешкі алғыс айтқандай маңырап жіберді. (38 сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтіннен не істеді? деген сұраққа жауап беретін сөздердің астын сыз.

2.Маңырап, қуысында деген сөздерін тасымалдап жаз.

5. Көктем
Мезгіл ерте көктем болатын. Жел үш-төрт күн қатарынан соқты. Жердің беті қардан тазарды .Күн жылынды. Көк атаулы қаптап шыға бастады. Бүгін де аспанды айнадай жарқыратып, күн нұрын төгіп тұр. Ауа сондай таза. Айнала көкпеңбек. Гүлдер де бүр жара бастаған. Дала қандай әдемі! (42 сөз.)

Тапсырма.

1.Мәтіндегі бесінші сөйлемді буынға бөліп жаз.

2.Көктем сөзіне дыбыстық талдау жаса.


6. Экология және денсаулық
Сені қоршаған айналаңдағы заттардың бәрі – қоршаған орта. Тірі организмдердің барлығы таза ауамен демалып, таза су ішіп, таза экологиялық тағамдармен қоректенулері керек. Денсаулықты сақтау үшін жиі таза ауада болған жөн.

Табиғат аясындағы су тоғандарын, өзендерді, көлдерді ластама! Демалыс жорықтарға шыққан кезде айналаңа тамақ қалдықтарын тастама. Оларды жинап жүр. (47 сөз)

Тапсырма.

1.Мәтіннен үшінші сөйлемдегі жуан айтылған сөздердің астын сыз.

2.Қимылды білдіретін сөздердің астын екі рет сыз.

3 сынып
І-жарыты жылдықта 40-50 сөз. ІІ-жарты жылдықта 50-60 сөз.


Бақылау диктанты.


  1. Орман іші

Қыркүйек айы. Күн жылы. Мектеп оқушылары орманға серуенге барды. Оқушыларды табиғаттану пәнінің мұғалімі Дина Үкітаева алып барды. Орманда қайың, терек, қарағаш, шырша өсіп тұр. Ағаштардың жапырақтары сарғая бастаған.

Ағаштың бұталарында түрлі құстар ұшып-қонып жүр. Оқушылар құстардың, ағаштардың атын дәптеріне жазып алды. (41 сөз)

Тапсырма.

1.Көпше түрде жазылған зат есімдердің астын бір рет сыз.

2.Орман сөзіне дыбыстық талдау жаса.




  1. Тас қақпа

Шоқаннаң бір зерттей қарағаны осы тас қақпа және оның айналасындағы көне жұрт белгісі болды. Қаланың Семей аталуының – осы қорған ішіндегі жеті шатырлы балшық үйлер болғандығынан делінген дерек тапты. Ол жеті шатыр бір кездегі көшпелі қазақ жоңғар елдерінің бекініс етіп тұрғанын дәлелдейді екен. Шоқан күнделігіне жазып қойды. (46 сөз)

Тапсырма.

1.Мәтіндегі сөйлем санын жақша ішіне жазып қой.

2.Көшпелі сөзіне дыбыстық талдау жаса.


  1. Өзендер

Кең байтақ өлкемізде үлкенді-кішілі өзендер көп-ақ. Олар –Шу, Талас, Келес, Сырдария. Бұл өзендердің бойында халықтар ерте кезден-ақ жиі қоныстанды, қалалар өсті. Сырдария Шымкет, Қызылорда жерлерін аралап өтеді. Сырдария Аралға құяды. Оның төменгі ағысында көптеген көне қалалардың орны кездеседі. Сырдарияның төменгі ағысында Жент қаласы болған. Монғол шапқыншылығынан кейін көп қала қирап кеткен. (51 сөз.)

Тапсырма.

1.Жалқы есімдердің астын сыз.

2.Соңғы сөйлемнің алдындағы сөйлемнен сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін тауып, тиісті сызықпен сыз.


  1. Жол қозғалысы

Көшеде жүру тәртібін барша жаяу адамдар орындауы қажет. Жол қауіпсіздігін сақтау үшін көптеген шаралар жасалған. Жаяу адамдарға арнап жер асты өтпелері салынған. Мемлекеттік автоинспекция жол тәртібінің бұзылмауын бақылайды.

Бұл – қырағы, әрі сақ адамдардан құралған полиция қызметкерлерінің айрықша бөлімшесі. Олар еліміздің жолдарында тәртіп болуын қадағалайды. Адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтайды. Олар арнайы мектепте оқиды. Мамандығына сәйкес білім алады. (57 сөз.)

Тапсырма.

1.Соңғы сөйлемдегі етістіктерді тауып, астын сыз.

2.Мамандығына деген сөзін қалай тасымалдауға болады?




  1. Құлын

Азамат қалада тұрады. Күндіз балабақшаға барады. Қалған уақытта әжесінің қасында жүреді. Әжесі оған қызық ертегілер айтады. Өлең үйретеді. Бәрін құмарта тыңдайды.

Өткен жазда Азамат әжесімен ауылға барды. Ауылда бәрі қызық сияқты. Үйдің сыртында бие байлаулы тұр. Қасында құлыны бар. Тұлымшағы желпілдеген құлынды жақсы көрмеу мүмкін емес. Азамат әжесінің ылғи «құлыным» деп өзін жақсы көретінін енді түсінгендей болды. Мен де осындай «құлынмын» деп ойлады. (63 сөз.)

Тапсырма.

1.Бірінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

2.Соңғы сөйлемді буынға бөліп жаз.




  1. Төрт маусым

Жыл он екі ай – көктем, жаз, күз, қыс болып төрт маусымға бөлінеді. Әр маусымда үш ай болады. Көшпелі халық жыл мезгілдеріне қарай қонысын – көктеу, жайлау, күздеу, қыстау деп атаған.

Ертеректе ауыл наурыз, сәуір, мамыр айларында қыстаудан көктеуге көшетін. Мал төлдететін. Содан соң жайлауға көшіп баратын. Онда маусым, шілде, тамыз айларын өткізетін. Осы күнгі малшылар да солай істейді. Бұл малшыларға өте қолайлы. (62сөз.)

Тапсырма.

1.Етістіктердің астын сыз.

2.Сан есімнің астын ирек сыз.

4-сынып
І-жарты жылдықта 65-70 сөз. Екінші жарты жылдықта 75-80 сөз.
Бақылау диктанты.


  1. Көк кит.

Көк киттердің кейбіреулерінің ұзындығы отыз метр болса, салмағы жүз елу тартады. Кит аулаушылар мұндай киттің біреуінен алпыс тонна ет, отыз тонна май алады. Киттің тілі төрт тоннаға жуық, бауыры бір тонна болады. Жаңа туған бала киттің ұзындығы екі-үш метр, салмағы екі тонна болған. Бала киттің салмағы күн сайын жүз килограмм ауырлайды. Ал жеті-сегіз айда оның ауырлығы жиырма төрт тоннаға жуық, бауыры бір тоннаға жетеді. (65сөз.)

Тапсырма.

1.Күрделі сан есімдерді теріп жаз.

2.Бірінші сөйлемдегі дауыссыз қатаң дыбыстардың астын сыз.

3.Соңғы сөйлемнен тасымалданбайтын сөздерді көшіріп жаз.




  1. Балапан қайың мен бала.

Аспан боп-боз. Ақ бас таулардың төбесіне сұрғылт бұлт шөккен. Тау бөктері мен етегі сап-сары. Суық жел жыландай жалақтайды. Күзгі суықтың ызғары қатая бастаған.

Ыстық-суыққа көндікпеген бала қайыңның жапырақтары қушиып, реңі сарғыш тартқан. Керімнің қайыңдарды аяп тұрғанын апасы көрді. Апасы Керімге сарғыш, қызғылт жапырақтар қайыңның жазғы желең көйлегі екенін айтты. Қайың күзде түгел жапырақтарын сыпырып тастайды. Сол кезде оның қабығы қалыңдайды. Апасы баласына қайыңның одан кейін тоңбайтынын түсіндірді. (67сөз.)

Тапсырма.

1.Керімнің деген сөзді сөз құрамына талда.

2.Бұлт шөккен деген сөздегі ұяң, үнді, қатаң дауыссыз дыбыстар жеке жазып көрсет.

3.Соңғы сөйлемдегі зат есімдердің септік жалғауларын анықтап жаз.

3. Аққу
Көктемде Жайық өңіріне аққулар қос-қостан ұшып келеді. Көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сұңқылдаған аққулардың дауысын тыңдадым. Тобымен орман ішіне қонды.

Таңертең ерте оянып, тысқа шықтым. Өзенге кешкісін қармақ құрып кеткенбіз. Келсем, аққу жүр екен. Қармақ аяғына кіріп кетіпті. Көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп кеттім. Аяғынан ұстадым да, қармақтан босаттым. Рахмет айтқандай, бір саңқ етіп арғы беттегі тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (73 сөз.)

Тапсырма.

1.Аққулардың деген сөзді сөз құрамына талдап, жалғауларын анықтап, үстіне жаз.

2.Соңғы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

3.Қармақ сөзін үш жақта жекеше, көпше түрде тәуелде.
4. Бала Мұқан.
Баланың мінезі ауыл адамдарына бір түрлі қызық көрінетін еді.Өзге балалардай айқайлап жүгіруді де білмейді.Өзге бала асық ойнаса, ол сиыр, жылқының топайын жинап,өз алдына ойнай береді. Жанындағы балалардың еш нәрсесіне тимейді. Өзіне соқтыққанды аямайды да. Кейбір балалардың әке-шешесі келіп, Мұқанды қорқытайын десе, балпаңдап қаша да алмайтын. Оның жүгірдім дегеніне аяғы ұзындар аяңдап жетіп алады. Біреудің жекіп айтқан сөзіне оның қайтаратын жауабы жоқ. Бетінен қорыққан белгі де білінбей, қиық көзінің қиырымен қарайды да тұрады.(75сөз.)

Тапсырма.

1.Етістіктердің астын сыз.

2.Бала деген сөзді жеті септікте септеп жаз.

3.Адамдарына деген сөздің тасымалдап жазу түрлерін жаз.

5. Қасқырды жеңген бала.


Серғазы әке тапсырмасын бұлжытпай орындап тұрған. Күтпеген жерден отардың шеті дүр ете қалды. Жалт қараған Серғазының көзіне әр қойды бір тартып дөңгелетіп жүрген көкжал қасқыр ілікті. Алғашқыда даусы да шықпады. Мылтығын да ата алмады. Ұшар-жұмар үркіп келе жатқан топқа атты борбайға бір салып араласа кетті. Бірақ қасқыр баладан сескенген жоқ. Арс етіп аттың құйрығына жармасты.

Серғазы саспады. Есіне қалтасындағы екі басты бәкісі түсті. Ептеп тісімен ашты. Сосын жүрек тұсын дәлдеп сұқты. Қасқырдың қауқары кеми берді де сұлқ құлады. (78 сөз. )

Тапсырма.

1.Мәтіндегі бірінше сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

2.Қасқыр деген сөзді жеті септікте септеп жаз.

3.Қасқырдың деген сөзді сөз құрамына талда.

6. Адам мен табиғат.
Адам мен табиғат егіз. Табиғаттың адамға берері мол. Тек соны түсіне білу керек. Өзге адамдардан жақсы қасиеттерді үйренгенің сияқты, табиғаттан да үйренуге болады.

Топырақтан үлгі ал. Ол өте кішіпейіл және бүкіл тіршілік атаулының қайнар бұлағы. Құлпырған гүл де, жайқалған орман да топырақтан өсіп шығады. Бірақ мынаны ұмытпа: топыраққа не ексең, сол шығады. Қалай баптасаң, солай шығады.

Ең маңыздысы, табиғаттан жомарттықты үйрен. Табиғаттың адамға берер пайдасы шексіз. Сонысына ешқашан ақы талап етпейді. Кісіге жақсылық жаса, бірақ ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе! Адам бол! Адал бол! (84сөз.)

Тапсырма.

1.Үйрен етістігін үш шақта айналдырып жаз.

2.Табиғат деген сөзді жеті септікте септеп жаз.



3. Мәтіндегі шылаулардың астын бір рет сөз.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет