Скифтер қай тілде сөйледі



Дата16.06.2016
өлшемі74.14 Kb.
#140554
Скифтер қай тілде сөйледі
Осы Еуразия нысанасы (идеясы) – тек саяси одақ құру идеясы ма, жоқ, оның қандай дабір тарихи негізі бар ма? Еуразия құрылығы – ықылым заманнан бері түркі жұртының ата – мекені деген жай жел сөз емес пе? Шығыс ханның жоғарығы мен «Алтынорда» ұлысына дейінгі қазіргі Орталық Түркістан мен Батыс Түркістанға түркі тектілердің, оның ішінде қазақтардың қатысы бар ма? Себебі: скифтер мен сақтардың ата – тегі мен сөйлеген тілін анықтамай, Еуразия кеңістігін кеңістігін «түркі» тарихымен байланыструдың ешқандай да негізі жоқ. Бұлай деуімнің себебінің салдары мынада. Менің кәсібім – жазушы болғандықтанда, басты міндетім – қандай да бір көркем тәсілді қолдана отырып зиялы қауымға ой салу, пікір тудыру, белгілі бір мәселеге мамандардың ықыласын аудару. Сондықтан да мына бір өмірлік оқиғаны назарларыңызға ұсына кеткім келеді. 1995 жылы Ташкент шаһарындағы Ә. Науаи атындағы әдебиет мұражайында өзбек тарихшыларының белді өкілі Рахима ханым Юлдашева әңгіме барысында маған: «Осы біздің тарихымызға қатысты мәдени мұралардың барлығын Шыңғыс ханның тағы әскерлері қанжығасына бөктеріп алып кетіпті. Соларды қайтарудың мүмкіндігі тумай ма?» - деді. Ойының төркінін сезе қойдым. Өзбек тарихын парсы – иран тарихының құрамдас бөлігі деп қарайтын «шығыстық тарихшылар» мен «түрікшіл тарихшылардың» бар екенінен хабардар едім. Мен сондықтан да жасқанбастан, сеніммен: «Бар екені рас. Әлгі жауыздар мен «яншықшылар» (ұрылар) иран мен тәжіктің, арабтын түгел тарихын қанжығасына бөктеріп, Талас, Аңырақай, Енесай, Орхон бойына алып барып, тасқа жабыстырып қойыпты. Техника табылса Қаратауды, Ұлытауды, Алатауды, Алтайды, Қанғайды көшіріп әкетіңіз. Бірақ ол парсының емес, түркі өзбектің тарихы». – деп жауап бердім. Ұяты бар екен, кешірім сұрады.

Мен ойымды айтуын айттым, бірақ Рахима ханым мойындамай кетті және жеңіп кетті. Неге?

Себебі біздің тарихымыздың өткені жоқ, ықылым заманғы тарих – скифтердің тарихы. Ал скифтер - «түркі» емес екені Өзгені былай қойғанда, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері осыған қарсы уәж айтатын қандай ғылыми еңбектер шықты? Егерде осы пікірім жалған десеңіздер, «Қазақстан тарихының» 1-2 томын, К. Байпақовтың «Ұлы жәбек жолы бойындағы орта ғасырдағы Қазақстанның қалалары» ( «Ғылым», 1998), С.Г. Кляшторный мен Т. Сұлтановтың «Қазақстан: үш мың жылдық шежіре» (А., 1992) атты хестоматиялық кітаптарын парақтап қарасаңыз мынадай қорытындыға келесіз.


  1. Жанкенттен – Таразға дейінгі заттық қазба байлықтарымыз – иран тілдес соғдылықтардың тарихи мұразаттары екен. Ал Тараздан – Талғарға дейінгі қазба мұраларда қытайдың қолтаңбасы бар. Тек ішінара көшпелілердің «қанжығасына бөктеріп жүріп түсіріп алған» жүгендерінің ауыздықтары, садақтың ұштары ғана «кездейсоқ жағдайда» табылып отырады екен.

  2. Тарихи оқиғаларға келсек ғылыми пайымдаулар мынаған саяды; Есте жоқ ескі заманнан бастап Шыңғыс ханның шапқыншылығына дейін Қаратеңізбен – Қаңғай арасын түркі тегіне жатпайтын иран тілді соғдылықтар, сақтар мен массагеттер мекендепті. Түріктердің иісі де жоқ.

  3. Түркістанға, Таразға, Сығанаққа, Жанкентке, Сауранға қазақ елінің қатысы жоқ көрінеді. Өйткені, қазақтар мұсылмандықты XIV –XVI ғасырдың арасында қабылдапты. Демек, бұл Түркістанмен қоса Әл – Фарабидан да, Иассауидан да, Қашқаридан да, Баласағұнан да, Иүгінекиден де ерікті түрде бас тарттық деген сөз.

Сонда, қазақ хандығы мен «ақтабан шұбырындыдан» бері қарай ғана отандық тарих туралы сөз етуге құқылы болып шығамыз. Ендеше, бүкіл Қазақстан тарихшылары түркі жұртының емес, «ирантілдес» басқа халықтың тарихын жазуменн айналысып, соншама неге күйінді болады? Скифтерде, сақтарда, хундарда, массагеттерде, соғдыда, туранда неміз бар? Мемлекеттің өз тарихы үшін емес, өзгенің тарихы үшін институт ұстап, қаржы шығындап қай байлығымыз асып барады?

Мәселеге тікелей көшсек, бұл аталған көшпелілер әлемі тереңдетіліп, жаңа көзқараспен зерттелуі тиіс. «Даудың басы - «Ирантілдестердің» - қатарына – ирандықтар және парсы тілі жатпайды. Демек, бұл славяндардың оғнжоламайтыны бесенеден белгілі. Ол көне еврей тілі де емес. Үнді тіліне де қосылмайды. Сонда бұл Еуразияны жайлап алған қандай тіл, қандай ел? Көшпелі еврейлер мен хазар қағандығының тарихы V –X ғасырдың еншісіне тиесілі. Ал біз осы иранның тең жартысы түркі тектес ел екенін неге естен шығарамыз. Олар сонау Мидия мемлекеті тұсынан бері қазіргі қоныстанған жерінде тұрақтап, өсіп - өніп, тарихын жасап келеді емес пе? Әзірбайжандар өзін «ирантілдеспіз» деп атамайды. Түрік тарихшылары скифтердің, сақтардың, массагеттердің арғы тегі – Түркі – («Түркия мемлекет тарихы», 1-4 т., Стамбол, 1997 –1998) деп жазады: Ал біз неге бұдан қашқалақтап отырмыз? Оны Ишпақайдың тұсындағы Мидия мемлекеті толық дәлелдейді. Бұл туралы пікір таластарын «Дулыға» («Жалын», 1994 1-2 т.) атты екі томдық еңбегімізде кеңінен талдағандықтанда, біз тек «ирантілдес» деген терминнің шығу тарихына ғана тоқталып, Мидия тарихының білгір маманы И.М. Дьяковтың «Мидия тарихы» (Л., 1956) атты еңбегінің негізінде ғана ой өрбітеміз.

Әңгімемізді мемлекеттік шекарадан бастайық. Мидия дегеніміз – қазіргі ирандық Азербайжан мен Шығыс Азербайжанның аумағын қамтитын құрама мемлекет болған. Ғалымдар мидиялықтардың атын атағанмен, оларды азербайжандарға, яғни, түркі халықтарына жақындатпайды. Мидия атауы – жеке ұлттық мәнді білдірмейді. Ол барлық көне азуларда, Ассириясы бар, Вавилоны бар, Элладасы бар – Матай, Мадай, Мада – Мата, деген атпен танбалаған. И.М. Дьяконов бұл сөздің төркінін элам, иран, көне еврей, грек тілінен іздеп таба алмайды.

Ал енді осы Мидия деген ұлт, тайпа жоқ болса, онда - «Мидия тілі» деген қайдан шыққан шыбар тіл? Ондай тіл жоқ. Оны шығарып жүрген еуроцентристік, арийлік, үнді – ирандық пиғылдағы ғалымдар. Түркі тілі олар үшін жүрекке қадалған тікен сияқты. Тіпті скиф мемлекеті «билік құрған елді» (Гередот) скиф тілі емес деп дәлелдеді. Оған мына мысал да айғақ болды:

«Бұл мәселенің өзіндік тарихы бар. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында батысеуропалық ғылыми әлемге көне Персияның патшасы ахеменидтер әулетінен шыққан патшалардың сына жазуы табылғанда, оның үш тілде қатар жазылғандығы анықталды. Бірінші жазу – көне парсы тілінде жазылған деп шешілді; одан біраз уақыт өткеннен кейін үшінші жазу ассирия – вавилон тілінің вавилон диалектісінде шекілген деп шешілді (бүгінгі күнмен салыстырып айтсақ аккад тілі). Ел екінші қатардағы жазу көп уақыт бойы анықталмады. Бұл тілдің заңдылығына сүйеніп «туран тілі» деп алынып аталмайтын болды: одан кейін «скиф тілі» деп атау ұсынылды, скифтер индо – европалық тілде сөйлегендіктен бұл сәтсәз теңеу болды және тарихқа үйлеспеді; ақыры белгілі француз шығыстанушысы Ж. Опперт ахменид жазуының екінші үлгісіндегі тілді «мидия тілі» деп атауды ұсынды» - дейді. (63 б.)

Көріп отырсыздар, жалған теориямен «жабдықталған» ғалымдар, игі жақсылықты өздеріне иіп әкелуді мақсат етіп, туранды да, скифті де қатардан сызып тастап, дүниеде аты да, заты да жоқ халықтың тілін ойлап тапқан. Ал былайғы жұртқа «Мидия тілі жоқ» десен сенер ме?Қалайда көшпелі түркілерді мәдениет ошағына жолатпау үшін істелген кесірлік емес пе! Кейіннен «мидия тілі» де жоққа шығарылып, оның орнына «ирантілдес» деген ұғым кірді. Ашығын айтсақ, саясат пен ғылым үйлеспейді. Алайда Миллер бастатқан «ирантілдес» деген бағыттың авторларының астарында Гитлердің арийлік теориясы жатқан еді. Ең үздік нәсіл – арийліктер, олар индо – ирантектілер, демек, бүкіл мәдени мұраның бәрі соларға тиесілі. Ұлы Отан соғысы жылында «арийлік» терия 40 миллион адамның қанына ортақтасқан соң, Дьяконовтың өзі ұғымға тоқтайды. Европалық өктемділік пиғылындағы ғалымдар енді осынау бүркемелі атты жамылып нәсілдік ғылыми бағыт ұстанып отырғандарын жасырғысы келеді. Сылтау біреу:

«Индоевропалық тілдің бір бұтағына саналатын осетин, ауған, тәжік, парсы, курд, тат, талыш және т.б. тілдерді, сондай – ақ Авестаның көне тіліндегі соғды, хорезм, скиф және тағы да көптеген тілдерді «иран тілі» деп атау тұрақтанып қалды. Бұл терминді дәл қазір ауыстыру мүмкін емес, өзінің қолайсыздығына қарамастан және «иран тілі» деп анықтауыштық тұрғыда айтылып, Иран мемлекетінің, яғни, парсы мемлекетінің тілі деген атау – жалған күдік тудырады. «Иран тілі» деп отырған еліміз – Орта Азия мен Совет Одағының (бұрынғы – Т.Ж.) аймағында тұратын халықтардың тілі екені белгілі және ол туралыкейінрек айтамыз» - дейді И.М.Дьяконов өзінің түсініктемесінде (64 – б.).

Сонымен, оның емеуірінінше бүгінгі азербайжан, түрікмен, қазақ, өзбек, түркілер бұрын иран тілінде сөйлеген боп шығады. Әрине, ол жерді «тағы», «қарақшы» көшпелілер басып алып, тілдік өзгеріс енгізген болып шығады ғой. Ендеше, өз көзімен көріп жазған Жан – Жияң мен Бань – Гу өтірік айтқан ғой. Қайдам, «бояушы, бояушы дегенге – сақал, мұртын бояп жүрген» осы ғалымдардың өзі емес пе екен. «Иран» деген терминнің көне атауы «ариана» (яғни, арий – Т.Ж.) дегенді білдіреді, оған фарсылар жатпайды», деуіне қарағанда «арийлік» қисынның сойылын соғып отырғаны бірден байқалады. Арийлер өз үлесін тарихтан алсын – ақ, бірақ көшпелі жұрттың да сыбағасын өзіне қалдыруы керек. Сілтемеде көрсетілген үзіндідегі халықтардың барлығының тағдыры түркі жұртымен тікелей байланысты. Скифтер де, мидиялықтар да түркі тілінің негізінде сөйлеген. Себебі: патша қай тілде сөйлесе – қараша да сол тілде сөйлейді. Біз арыға бармай – ақ, сол Дьяконов түсіндірме бере алмай отырған екі – үш сөздің түбіріне тоқталайықшы. Әуелі дәлелденген сөздердің тізімін береміз: зора - «обида», «насилие» зорлық, зәресін алу, зәре: зарина «алтын», скифше - зарина - «алтын», түрікше – сары, сары тас, сары зат, сәрі – ақша өлшемі; скифше атс – ат, парсыша – сақ – ит, сақ хайуан, сақшы деген сияқты үй күзететін аң; авестада – мұрду – самоубица – мүрде; скифше – ұзб. - «свой» - өзіміз; парс, парфия, бөлігі, оқиғаның бір парасы бір арнасы деген мағынада; пәрәну – пәруана, уәз – ата - әз ата – құдай; арта – авеста да «құрметті» - ардақты; ирокоз – елдің аты – ер оғыз, ер ғуз, ишкуздің баламасы: па сака – су сақтары – су анадан тараған сақтар (Қимақтың шығуы туралы аңызды қараңыз); гиришмиш - тигирмиш жебе – кіруші, тиуші жебенің ұшы; кір – асфальт – кір, жол, осы уақытқа дейін қолданылады. Ал енді қалай түсіндіресін. Біз тек тілге таласып отырғанбыз жоқ, тек әділетті пікірдің айтылуын ғана қалаймыз. Дьяконовтың.

«… Мидиялық – ирандық тіл Мидиядағы ұлтаралық тіл болды; ал скифтердің қоныс аударып келуі бұл тілді орнықтыра түсті, өйткені ол тіл скифтерге өте түсінікті болды, сондықтанда мидиялықтар мен скифтердің қарым – қатынас құралы болды» - деген пікіріне біз сене қоймаймыз.

Керісінше, скифтердің де, мидиялықтардың да тілі көшпелі түркі тілі. Олар қоныс аударғанда да өз тілінің үстемдігін ала келген. Әу басында бұл тіл «туған тілі», «скиф тілі» деп дұрыс аталған. Миллер бастатқан ғалымдар «арийлік» теорияны негіздегенде алдыңғы терминдерді қасақана еуроцентристік, арийлік нәсілдік пиғылымен өзгерткен, оған өзге ғалымдар біліп, не білмегенсіп «иран тілді» деген бүркеншік ат (псевдоним) берген деп тұжырымдаймыз.



Міне, түркі тарихы үшін тікен болып қалыптасқан «ирантілдес» деген жасанды ғылыми терминнің «жасалу» тарихы осындай. Ал, енді Рахима ханымның «бұйымтайын» орындап, «ирандық ескерткіштерді» қайырып береміз бе, жоқ, өз тарихымызды өзіміз көзқараспен талдап, ешқандай беделдің ығында кетпей, тәуелсіз елдің тәуелсіз тарихын жазамыз ба? Әрине, шешілмеген түйін көп. Бірақта «көшкен елдің жұртын сағалаған ұлт» емес екенімізді, мынау сайын дала – ежелден біздің ата – бабамыз мекен еткен өз отанымыз екенін дәлелдейтін кез жетті емес пе?! Менің ойымша, Қазақстан ғалымдарының «ирантілдес» деген ұғымға терең мән беріп, оның астарын ашатын кемелді шағы келді. Әрине кейбіреуіміздің беделімізге шіреку түсер. Бірақ, ғалым деген сөз – дербес ойлай білетін адам адам дегенді білдіретін ұғым екенін есімізден шығармайық. Менің, Еуразия туралы бас қосуда аударғым келген түйткілді мәселенің бірі осы.
Тұрсын Жұртбай, жазушы – ғалым,

Филология ғылымының кандидаты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет