Сүлеймен Бақырғани және оның даналық сөздері



Дата23.02.2016
өлшемі145.5 Kb.
#5761
Сүлеймен Бақырғани және оның даналық сөздері
Қарахандықтар тұсындағы жазба әдебиеттің белді өкілдерінің бірі — Сүлеймен Бақырғани. Ол — түркі даласына сопылық ілімді алғаш үгіттеген әрі осы жолда жаңа бағыт салған Құл Қожа Ахмет Иасауидің сенімді шәкірттерінің бірі. Ұстазына рухани жағынан байланған ақын иасауия тариқатын берік ұстап, осы силсиланы жыр-жолдарымен үгіттеп отырған. Бақырғанидың осы салада жазған бірнеше даналық сөздері біздің заманымызға дейін жетіп келді. Оның қаламынан туындаған “Ақыр заман кітабы”, “Миғражнама”, “Бибі Мариям” секілді шығармалары сопылыққа ден қойған дәруіштердің қолдан тастамайтын негізгі діни кітаптарына айналған. Арада бірнеше ғасырлар өтсе де, ақын мұрасы кейінгі ұрпақ тарапынан бірнеше рет көшіріліп, атадан балаға жеткізіліп отырған. ХІХ ғасырға дейін осындай құймақұлақтар мен хұснихатшылардың негізінде аман-есен жеткен оның хикметтері Қазақ қаласында баспахана ашылған соң, онда жиі-жиі жарық көріп тұрды. Қолда бар деректерге қарағанда, Бақырғанидың “Ақыр заман кітабы” алғаш рет Қазақ университетінен 1846 жылы жарық көрсе, содан кейін түркі тілдерінде ұзын саны он алты рет баспа көріпті (1; 99). Өкінішке орай, кезінде осындай сұраныспен жарық көрген ақын еңбектері біраз уақыт бойына қайта шығуына тиым салынып, кітапхана сөрелерінен алынып тасталды. Бірақ, шынайы ақиқаттың жерде жатпайтынындай, Бақырғани хикметтері араға бір ғасырға жуық уақыт салып барып, қайта жаңғыра бастады.

Орта ғасырлық шайырларда өз аттарын шығарудан бұрын, өздерінің туған жерінің даңқын өсіруді қалаған жақсы қасиет болған. Қожа Ахмет Иасауи, Жүсіп Баласағұни, Ахмет Йугнеки, Бурхануддин Рабғұзи, Сейф Сараи секілді ақындар есімдерінің соңында арабтың қатыстық сын есіміне жалғанатын “и” дыбысын қабылдап тұрған Иасауи, Баласағұни, Йугнеки, Рабғұзи, Сараи деген аттар олардың қай жерден шыққанын анықтап тұр. Сүлеймен Атаның атымен қабаттаса жүретін Бақырғани деген атауға қарап, оның Бақырған қыстағында дүниеге келгенін аңғаруға болады. Бірақ, осы күнге дейін ақынның қашан әрі қай жерде туылғаны туралы ғылымда бір пікір қалыптасқан жоқ. Мысалы, “Оңтүстік Қазақстан. Шығармашыл зиялылар” деген кітапта ақынның туған жерін: “Хәкім Атаның туған жылы белгісіз. 1186 жылы Хорезмде қайтыс болғанымен туған жері Түркістан қаласының іргесіндегі Өзгент шаһары (Бұл күндері Жаңақорған ауданының кеңшары)”,-деп (2; 8) берсе, Ташкенттен шыққан жинақта: “Ол Хорезмнің Бақырған деген кентінде туылып (туылған жылы анық емес), 1186 жылы дүниеден өткен”, - деген (3; 3) мәлімет келтірілген. Ал, “Қазақ совет энциклопедиясында” ақынның Арал теңізіне таяу, Қарақалпақыстан жеріндегі Қоңырат қаласының үстірт жағындағы темір жазығында туылғаны, Түркістан, Сайрам, Үргеніш сияқты кенттерден білім алғандығы хақында дерек келтірілсе (4; 115), «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында оның дүниеге келген жері Қарақалпақыстандағы бұрынғы Бақырған қаласы деп берілген (5; 271). Біз де, осы соңғы кітаптарға арқа сүйеп, оның Қарақалпақстан аймағында дүниеге келген болар деп қабылдаймыз. Ақынның туған жылына келер болсақ, бұл келешектің жұмысы екені анық.

Сүлеймен Бақырғани өз заманында Хәкім Ата лақабымен танымал болған. Оның аты-жөні Қазаннан шыққан кітаптарының кейбірінде “Хәкім ата кітабы” болып жазылса, кейде “Бақырған кітабы” деп те беріледі. Ақын өзі туралы хикметтерінің соңында бұл жолдарды жазған “Құл Сүлеймен сөйледі, Сырын халықтан іздеді” деп, “Құл Сүлеймен” деген қолтаңба қалдырса, кейбір даналық сөздерінде “Хәкім Сүлеймен құл-дур, сатып жесін дәруіштер” деп, “Хәкім Сүлеймен” екендігін айтады. Ақынның атымен қосарлана жүретін “Хәкім” лақабының сырын Әлішер Науаи: “Хәкім ата — аты Сүлеймен. Қожа Ахмет Иасауидің мүриді. Бір күні Қожа тамақ пісіруге әмір бергенінде, ашпаз отын жетпейді депті. Ол шәкірттеріне отын әкеліңдер деп жұмсағанда, жаңбыр жауып кетіпті. Шәкірттер отын теріп келгенінше жауынға малынып су болыпты. Хәкім ата терген отындарын тонына орап, құрғақ етіп әкеліпті. Қожа хазірет сонда: “Ей, перзент, хәкімдік іс қылдың”, —депті. Содан бастап, бұл лақап оған телініпті. Хәкім атаға содан хикмет тілі беріліпті”. Сонымен бірге, Бақырғанидың Хәкім лақабына қатысты осыған ұқсас тағы бір аңыз бар. Бір риуаятта даладан отын теріп келу оқиғасы Қызырдың Иасауиге қонақ болып келуімен байланыстырылады. Сүлейменнің тапқырлығына сүйсінген Қызыр оған “Бұдан былай лақабың Хәкім болсын. Жым жүрме, жақсылықты үгітте” деп батасын беріпті. Содан бастап, Сүлеймен хикметтер шығара бастапты.

Жоғарыдағы деректерде Бақырғанидың Хәкім лақабы отын терумен байланыстырылған. Расында, оның хикметтерінің ішінен осы мәндес жолдарды кездестіреміз:


Ескі-усқын бөркім бар, сарық-сасық көркім бар,

Шайхым отунға айтса, бармасқа не еркім бар.

Туным отунға чулғаб, танам туыққа терлаб,

`Ишқдін мухаббат ізләб, Хизр Илийас атам бар, –


деген шумақта ақынның “Ұстазым отынға жұмсаса бармасқа, не шарам бар?” деген жерлер біздің ойымызды нақтылай түседі.

Бақырғани есімімен қатар жүретін “Ата” сөзі сопылық дүниетаныммен тікелей байланысты. “Хәкім Ата” лақабымен танымал болған ақын “Ата” титулын қартайғандығынан емес, қайта жасатайынан көреген болғандығынан алған. Қазақтың діни дүниетанымында әлі күнге Қошқар ата, Ибрахим ата, Исмаиыл ата секілді әулиелерге “ата” сөзін қолдануында өзіндік мәні бар. Себебі, тариқатқа кірген мүридті ақиқатқа жетелеуші ұстаз арабша “шәйх”, парсыша “пір” деп аталады. Бұл сөздердің тікелей тәржімасы кәрі, жасы келіп қалған адам деген мағына береді. Яғни, түркіше баламасы “ата”. Махмұд Қашқаридың “Диуани лұғат түркінде” бұл сөздің жасы келіп қалған кәрі адамға қарата айтылатыны жазылған. Ал, “Ата” сопылық дүниетанымда бұл “шәйх” пен “пирдің” орнын басатын, ақиқатқа жетелеуші рухани ұстаз.

Тариқат жолында ұстаз бен шәкірттің, пір мен мүридтің арасында толық түсінік пайда болмайынша, Хақты іздеуші ақиқатқа жете алмайды. Осы жағынан алғанда Бақырғани ұстазының қасиетті дұғасын алып, оның белді ізбасарына айналған. Пір мен мүридтің арасында рухани байланыс Сүлеймен Хәкімнің он бес жасынан бастау алғандығы кейбір деректерде айтылады. Кәмелетке жаңа толған Бақырғани медресеге қатынағанында басқа балаларға ұқсап Құранды желкесіне аспастан, екі алақанымен көтеріп барып, сабақ аяқталған соң үйіне келгенше артына бұрылып қармайды екен. Бір күні мешіт қасында отырған Ахмет Иасауи бұл жағдайды көріп, таң қалыпты. Содан бастап, Түркістанның пірі Сүлейменге Құран оқыту үшін қасына алыпты. Он бес жастан оған мүрид болыпты. Ұстаз тәрбиесіне қанық шәкірт Иасауиді дәріптеп жыр-жолдарына қосып отырған.
Субхан Ізім өзі-дур, ол Мустафа буйурды,

Бабам Арслан текурді, шайхым Ахмад Йасауи.

Мустафаниң хирқасын киді, еді луқмасын,

Тутды Қағба халқасын, шайхым Ахмад Йасауи, –


деген Бақырғани өзінің пірін дәріптеп, мақтайды. Ахмет Иасауидің Хақ тағаланың құдіретімен әулиелікке жеткенін, Мұхаммед пайғамбардың құрмасын аманат ретінде Арыстан бабтың алып келгенін, соның нәтижесінде Түркістан пірінің ләдун ілімін меңгергенін айтады. Алла тағала әулиелікті кез-келген пендеге сыйлай бермейді. Ал, Иасауи асыл текті.
Асыл ерур ханадан, білмас уны куб надан,

Білур уны Хақ йаздан, шайхым Ахмад Йасауи.

Исхақ баба йарыны, шайх Ибрахим қулыны,

Машаихлар улуғы, шайхым Ахмад Йасауи, –


деп, Иасауидің түп негізін санамалап өтіп, оның асыл тектілерден екендігін, оны көп надандардың білмейтіндігін айтады. Иасы суымен сусындаған ұстазы уақытында қаршыға, сұңқар, лашын ұстағанын да алға тартады. Оның атақ-даңқы мұсылмандар тұрмақ, айнала төңіректегі християн, яһуди дін өкілдерінің арасына да тарағанын, он сегіз мың әлемде танымал болғанын Бақырғани мақтан тұтады. “Бабтардың бабы Хорасан, сансыз туман Үндістан, Бабалар басы Арыстандардың” ізін жалғастырушы Иасауи екендігіне назар аударады. Иасауи Қызырмен сұхбаттас, Ілияспен сыйлас болғандықтан да, оның беделі күллі түркі даласына тарағанын айтады. Ұстазын қатты дәріптеген Сүлеймен хикметінің соңында “Түркістанға баралық, қызметінде болалық” деп, барша жұртты оның шәкірті болуға үндейді.

Сүлеймен Бақырғани – өзінің машұқын іздеген ғашық адам. Осы жолда барша қиындықтарға щыдауға, жалындаған оттың азабына төзуге де дайын. Оның жер басып жүруіне де, ғашықтық себеп болған. Өмірінің бар мәні де, осы әлеммен тікелей байланысты. Басқалар ойын қуып, әлсіз шаһуаттың соңында жүргенінде, бұның көзіне жас алып биабанды тентіреп жүруі де осы ғашықтықтың салдары. Бақырғанидың нәзік жүрегі қашан машұқын таппайынша зіркілдейді.


`Ашықдын сурмаңыз дунийа `уқба,

`Ашық мағшуқы учун хәрдәм уләдур.

`Ашықны куйдурур `ишқ уты,

`Ашықлар `ишқ утыға мубтәладур.


Осы жолдарды жазған ақын өмірінің соңына дейін ғашық болып өтті. Сүйіктісін іздеуде “дүние істерінен” бас тартты. Ғашығы үшін әр дәйім өліп, тірілді. Тариқат жолына ден қойған ғашықты ғашықтық оты өртеді. Соңында ақын “Ғашықтар бар, ғашықтық отына күйіп жанған” деп жар салды. Бұның сырын өзгелер тұрмақ, айналасындағы кейбір сопысымақтар да түсінген жоқ. Оның ғашықтық сыр дегенін, басқалар келекеге айналдырды. Ақынның айтып отырған ғашықтығы – мәңгілікке талпыныс, тар қапасқа қамалған жанды тордан азат етіп, шексіз махаббат дариясына ұшыру. Сүлеймен Бақырғани: “Ғашықтардан дүние ісін сұрамаңыз”, – деп жырласа, ұстазы Қожа Ахмет Иасауи:
`Ашық қуллар бу дунийаны кузгә ілмәс,

Дунийа `ишқын заһид қуллар тілгә алмас,-


деп, шын ғашықтардың дүние ісіне алданбайтындығын, діндарлардың оны ауызға да алмайтындығын айтқан. Себебі, дүние – Жаратушы мен жаралғанның арасындағы негізгі бөгет.

Мұндай жолда ғашық болу – кез-келгеннің маңдайына жазбаған. Иасауидің “Тағала Алла ғашықтарға берді ғашқын”, – деп жырлауында осы мәселе жатыр. Себебі, адам ғашық болмайынша Хақтың жамалын көре алмайды. Түркістан пірі:


`Ишқы тексә куйдургісі жану тәнні,

`Ишқы тексә уайран қылур ма-у мәнні,

`Ишқ булмаса таныб болмас Мәулім сәні,

Хәрне қылсаң ғашық қылғыл пәруәрдігар, –


деп, ғашықтық болмаса, Жаратушыны да танып болмайтындығын айтқан. Оның жамалын көру үшін әуелі, ғашықтық оты жан мен тәнді аластау керек. Сонда, менмендік жоғалады. Ал, Жаратушымен қауышу үшін, жүректе күпірлік қалмауы тиіс.

Сопылардың түсінігіндегі ғашықтық әлемі бұл – сыр. Иасауидің жазғанындай, ол сырды жан баласына жеткізуге болмайды. Айтсаң болды, айнала төңірегіңдегі тас жүректер сені жазалауға дайын. Парсы ақыны Фариуддин Аттардың:


Ей, дел, әгәр дәм зәни әз серр-е ешқ,

Жой-е ту бежуз-е дор-о отеш нист.

яғни:

Ей, жүрек, егер ғашықтық сырын ашар болсаң,



Барар жерің дар мен оттан басқа ешнәрсе де емес, –
деп, жырлағаны соны меңзейді. Шайыр осы жолды жазу арқылы сопылық тариқатта бұрын жан тәслім еткендердің хәлінен мол мәлімет беріп отыр. От пен дар – ғашықтардың соңғы барар жері. Ол сырды ашып, қара тобырға түсіндірмекші болған Ибрахим Әдһам мен Мансұр Халлажды өлім құшты. Ахмет Иасауидің:
`Ишқ йулыда ғашық болыб Мансур өтті,

Белін бағлаб Хақ `ишқыны мухкәм тутты, –


деп жазғанындай, ғашықтық шарабына мас болған Халлаж “Әнәл Хақ” яғни “Мен Хақпын” деп, Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірін өзіне теңестіріп еді, оның сөзін түсінбеген халық естен ауысқан диуананы дар ағашына асып өлтірді. Ұлы сырды ашқан Ибрахим Әдһам жалындап жанған отқа отын болды.

Халыққа ғашықтықтың сырын ашып айтпастан, астарлап қана жеткізу керек. Мәуләуидің:


Ешқ ро “айн” о “шин” “қоф” мәдон,

Бәлки сирри әст дәр се хәрфе нәһон,

яғни:

Ғашықтықты “а” “ш” “қ”-тің қосындысы деп білме,



Қайта ол – осы үш әріптің астына жасырынған бір, —

(жолма-жол аударма)


десе, және бір жерде:
Қожа Ахмет Иасауи бұл сырдың түпсіз терең дарияның түбінде жатқанын айтады.
`Ишқ гәуһары тубсіз дарийа ічрә пенһан,

Жандын кечіб гәуһар алған болды жанан.


Су астында жатқан асыл жаухарды алу оңай емес. Оны тек, Алла жолында ғашық болғандар ғана алалады. Румидің түсінігінде де, ғашықтық бұл түпсіз дария:
Дәр нәгәнжәд `ешқ дәр гофто шенид,

`Ешқ дәриаий әст омғаш нопәдид,

яғни:

Ғашықтықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,



Ғашықтық – түбі жоқ шексіз дария.
Сүлеймен Бақырғани да жоғарыдағы ақындармен сырласқандай:
Йол узақдур, тун қатығ, қылғыл жаныңды сатығ,

Тубсіз теңіздур батығ, мухаббатның дарийасы, –


деп, махаббатты түбі жоқ шексіз теңізге теңеген.

Сонымен сопылық дүниетанымдағы ғашықтық дегеніміз не? Бұл сұрақтың жауабын Қожа Ахмет Иасауиді ғашықтық әлеміне алып келген Жүсіп Хамаданидың еңбектерінен табамыз. Оның “Рутбатул хаят” (“Өмір таразысы”) деген шығармасында бұған мынадай анықтама беріпті: “Алла махаббаты махлұқат махаббатына қарағанда күшті, қуатты және құдіреттірек. Нәпсілік яғни шайтани махаббат мен рахмани махаббат арасындағы айырмашылық мынада: махлұқат махаббатында естен тану және дуаналық жүзеге келеді. Ал, Алла Тағалаға ғашық болуда көңілде парасат, хикмет және мағрифат пайда болады. Себебі, шайтанның жолында тікен мен шөп-шалаң ұшыраса, Хақ тағаланың жолында тек қана, жұпар иісті лала кездеседі” (6; 36).

Сүлеймен Бақырғани Хақ жамалын көру үшін ғашық болды. Машұқына жету үшін бар ғұмырын құлшылықпен өткерді. Бұл ғашықтық дегеніміз – Алла дидарына жеткеретін бір құрал ғана. Иасауидің: “`Ашиқ болсаң, `ишқ иулида фәна болғыл”,—деп жырлағанындай, ғашықтық жолдың жемісі – ФӘНА. Сопылар “Рахман” сүресіндегі “Куллу мән ғәләйһә фән” деген аятты осы әлеммен тікелей байланыстырады. Алладан басқасының бәрі жоқ болады. Сонда, ғашықтықтың соңы Жаратушымен бірігу, онымен қауышуға алып барады деп иланады.

Бұны былай түсіндірген дұрыс. Ғашық жоқ іздеген жолаушымен тең. Жол-жөнекей әртүрлі қиыншылықтар кездеседі. Оны басып өту үшін бәріне шыдап бағу керек. Тіпті, өлетін жерде өлу тиіс яғни “өлместен бұрын өл” қағидасын меңгеру қажет. Әуелгі, саты шариғатта жақсы тамақтанып, тариқатта оның жоғын тауып берер пірмен жолдас болып, мағрифатта кез-келген сынаққа дайын болмақ шарт. Сонда ғана жолаушы мақсатына жетеді. Ол – түпсіз Ма`шуқ әлемі. Ғашық дарияға кіріп ғайып болады да, Жаратушымен бірігіп, Бақилыққа сапар шегеді.


ДӘРУИШ

ҒАШЫҚТЫҚ…….— …………—ФАНА……—БАҚА

ДИУАНА

(МӘЖНУН)


Ғалым Ф.Көпрүлүнің: “Қожа Сүлеймен Бақырғанидің Құл Сүлеймен, Хакім Сүлеймен, Хакім Қожа Сүлеймен, Хакім ата сияқты әртүрлі лақап атпен жазған халық өлеңдері, қай жағынан алсақ та А.Ясуидің шығармасына ұқсас”,—деп жазғанындай (7; 235), Бақырған хикметтері құрылысы, жасалу үлгісі жағынан ұстазының даналық сөздеріне өте ұқсас келеді. Ақын өз ойын жеткізуде эпифора (кезекті қайталау) (“Хызр Илийас атам бар”, “сахар уақти болғанда”, “шайхым Ахмад Йасауи”, “Арада `ишқ болмаса”, “Дәруишләрнің ічіндә”, “Дәруишләрнің сухбатында”, “Қупмақ керак, достларым” және т.б.), анафораны (әдепкі қайталау) (“Қани ол? ” , “Алла деген”) жиі қолданып, ғазал, тәржиғ бәнд секілді формаларға жиі жүгінеді. Бақырғани жекелеген сөздерді бірнеше рет қайталап берсе, кейбір өлең жолдарында дыбыс қайталаудың аллитерация, ассонанс түрлері де ұшырасады. Сондай-ақ шайыр тәржиғ бәндтің мураббағ үлгісін де сәтті қолданып отырған («Андин артуқ тақи ажаб даңлари бар» және т.б.)

Қазақтың көне жыр, дастандарында да тәржиғ бәнд секілді кейбір сөздердің бірнеше рет оратылып келетіні кездесетіні белгілі. Осы жағына назар аударған З.Ахметов “Ер Тарғын” жырындағы қайталама жолдар туралы былай дейді: “Бірнеше топ тармақтардан құралған бұл күрделі, ұзақ жыр (“Ер Тарғын” – Т.Қ.) түйдегі – кесек бір ойды сатылап дамытып, тарау-тарау ғып айтудың үлгісі. Әр бөлек сөйлемдер тобының соңында, ой желісінің түйінді-түйінді жерінде белгілі бір сөздер («Кәне шыққан мүйізің?») қайталанып келіп отыратынын көреміз. Мұндағы әр тұста бір оралып отыратын желілі ұйқас осыған байланысты туған” (8; 156).

Бақырғанидың шығармаларында жеті буынды өлең өлшемдері молынан кездеседі. Көне түркі әдебиетінде, негізінен, жеті быннан тұратыны белгілі. Академик З.Ахметов жеті буынды өлең өлшемі хақында былай деп жазған: “Түркі тілдес халықтардың поэзиясында ежелгі заманнан қолданылып келе жатқан өлең өлшемдерінің ең көнесі — жеті буынды өлең. Үйткені ол — түркі тілдес рулар мен тайпалардың көне заманнан сақталған поэзиялық үлгілерінде кеңінен тараған өлшем.

“Егер жеті буынды өлеңнің барлық түркі елдерінің арасында мол жайылғанын еске алсақ, бұл түркі өлеңінің ең бір негізгі және көне өрнегі екені айқындалады”,—деп жазады В.Гордлевский. Мұндай пікірді Ф.Корш те құптайды. Жеті буынды өлеңнің 4 буын + 3 буын болып келетін түрі жайлы айта келіп, Ф.Корш оны “түркі елдеріне ортақ жеті буынды өлеңге тән ең көне” ырғақ дейді. Ал осы ырғақ түркі елдерінің поэзиясында көп қолданылатын болса, қазақ поэзиясында ол жеті буынды өлеңде негізгі өрнек болып табылады” (8; 146-147).

Ғалым жеті буынды өлең өлшемін түркілердің ежелден қолданып келе жатқанын баса айтқан. Бақырғани шығармаларында қаншалықты араб, парсы өлең құрылысын қолданғанымен де, түркілік өлең өлшемін сақтауға тырысқан. Түрколог И.В.Стеблеваның: “Следовательно, классическая тюркоязычная поэзия, начавшая свое существование со времени распространения ислама и мусульманской культуры в Средней и Малой Азии и в Повольже, явилась в основных своих чертах наследницей эпохи рунического письма”, —деп жазғанындай (9; 68), Хәкім Сүлеймен хикметтерінің негізі руна жазулы ескерткіштерден бастау алатындығы ақиқат.

Сүлеймен Бақырғанидың шығармаларында да Қожа Ахмет Иасауидің хикметтеріндегідей, о дүниенің азабынан шошу, қияметтің қаһарынан қорқу секілді діни сенімдер басты назарға алынған. “Болса қияметтің күні, сұраса Құдай онда менен, “Қылған амалдарың қані?” Білмеймін, хәлім не болар”, - деп жырлаған ақын Алла дидарын көру үшін күні-түні Хақтың зікірінде болу керектігін “Құл Сүлеймен білдің бұл күн, қыл ғибадат түні-күн” деген жолдармен берген. Оның ойынша, Жаратқанның дидарын көру – кез-келген пенденің маңдайына жазбаған. Ақын Хақ жамалына ынтықтарды таң сәріде тұрып құлшылық жасауға, Оның атын бірнеше рет қайталап зікір салуға шақырады. Бақырғанидың түсінігінше, күн шықпай тұрып өтелген құлшылық амалдардың ең абзалы. Сол кезде жасалған ғибадатты “Балдан тәтті дәмі” деп ерекше суреттеген. Көңілде егер қиямет күніне деген қауіп-қатер болса, оның шипасы таң сәрідегі мінажатта екені баса айтылады. Ерте тұрған адам “тұрғанға болар рахат, ашылар дәулет-сағадатқа” оңай кенеледі.

Сүлеймен ата Алланың азабынан қаншалықты қорықса, Оның мейірімінен де соншалықты үміткер. “Үмітсіз шайтан” деген тіркесті басты қағида деп санаған ақын, жатса-тұрса Жаратқанның «Рахман» атты мейірімінен үмітін үзбейді”. Ол – “Қаһһар атты ғазабынан қорқып, Тәңірге сыйынушы”. Өзін алдамшы бұл дүнеде “Жолбасшысыз қалған керуенге, Із жоғалтқан қолбасшыға” теңейді. Бірақ, Алла, әрқашанда, шын көңілмен ғибадат еткендерге мейірімді. “Кешір мендей азғанды, жолға салғың жазғанды, мендей жолсыз кезгенді, жолға салғың Тәңірім”, - деп үздіксіз мінажат етеді. Осы уақытқа дейін адасып, теріс жолда жүрген ақын өмір бойына істеген істеріне өкінеді. Күнәлардың кешірушісі, тек, Жаратушы екенін айта келіп, ақын:
Момын қуллар иңрайу Хақ йадыны қуйарму,

Тун-кун Раббын сәнасын айтыб һаргиз туйарму? –

деп, Алла атын көп айтқандар дозақ отына күймейтінін жеткізеді. Оған мысал ретінде, “Намруд оты Халилгә, ешуақытта, зийан болмады”, – деп, Құрандағы Ибраһим пайғамбар мен Намруд патша оқиғасына сілтеме жасайды. Бақырғани “Алла деген пенделер, дозақтың ішінде күйер ме?”, - деп сұрақ қояды да, артынша өзі “Алла деген пенделер тамұқ ішінде күймегей”, - деп қайта жауап беріп отырады. Егер “Дәруіш Алла демесе, дүниені тәрк етпесе, Жолға қадам қоймаса”, - Жаратқанның алтын тәжін кие алмайды дейді ақын.

Ақынның айтыс жанрына құрылған шығармаларының қатарына рух пен Ібілстің тартысын да кіргізуге болады. Оның бұл хикметі рух пен нәпсі айтысына қарағанда ерекше жазылған. Мұнда әр екі жол сайын “ман айтурман мізаллаһ” деген сөз кезекпен қайталанып отырады.

Шығарамада жан: “Алла, Алла”, – деп құлшылық етсем, содан рахат табармын” десе, Ібіліс оған қарсы шығып, оның ғибадат етуіне наразылық білдіреді. Жан бір сөз айтып болмай тұрып, артынша Ібілістің тез жауап қайтаруынан, әзәзілдің адам баласына өте жақын жүретіндігін ақын өте әдемі жеткізген.

Бақырғани шығармаларында зар заман ақындарындай зарлау, өкіну, өшігу басым түсіп жатады. Бірақ, ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ. ұлдарының зарлауына терістік пен батыстан елге төніп келе жатқан жау себеп болса, сопы шайырдың зарлауы оған ұқсамайды. Ол бұл заманның бұзылғанын, қиямет күнінің жақындағанын, тамұқтың азабының күштілігін айтып жырлайды. Оның жанайқайынан күнәлі пенделердің адасып жүргендігі, ертеңгі күні имансыздардың тамұққа отын болатыны хақындағы мұңды шерді аңғаруға болады. Ақын тыным таппай бұл олқылықтың орнын толтыратын Алладан күш – қуат, медет сұрайды. Жаратқанына мінажат етеді, жалынады һәм жалбарынады. Ертелі-кеш Аллаға құлшылық етіп, дұға жасайды. Қазақ әдебиетінде зар заман поэзиясын зерттеген Б.Омарұлының: “Отаршылдық кезеңде айқын көрінген зар заман ағымының бастау көздері ескі дәуірлерден басталады. Ежелгі әдебиет нұсқаларының өзінде жаугершілік пен шапқыншылықтан, зорлық пен зомбылықтан қажып-қалжыраған халықтың көңіл-күйі нақты көрініс тапқан. Баста тұрған дәуренді өткен өмірмен салыстырып, қамығып-қайғыру сарындары, пәле-жаланың бәрін ақызрамандық қауіп-қатерге телитін түсінік келе-келе бір арнаға тоғысып, ортақ ағымды қалыптастырды”, – деп жазғанындай (10; 343), зарлау үрдісі ежелден-ақ, бастау алған болатын.

Әрине, заманның ащы шындығын айтып зарлау Бақырғаниға ұстазы арқылы келген. Иасауи хикметтерінде қоғамның бұзылып, азып-тозып бара жатқаны жиі айтып отырған.
Әулиалар айтқан уағда келді болғай,

Қийаматның куні йауқ болды достлар…

Халқ, елдін меһр-мухаббат кетті достлар.

Ұлық-ишік йаранлардан адәб кетті,

Қызу зә`иф жәуанлардын хәйа кетті…

Мусулман мусулманны қылды қатил,

Нахәқ тутуб Хақ ішләрін қылды батил…

Ажаб шмлуғ зәманәләр болды достлар, –


деп жырлаған ақын, өмір сүрген ортасының хәлінен мол мәлімет берген. Жоғарыдағы жолдарға қарап, сопының елден бөлініп, қараңғы қылуетке кіруіне осындай жағдайлар себеп болған екен деген ой туады. Себебі, өмірінде тек, туралық пен пәктікті ғана аңсаған пір үшін қоғамдағы кез-келген әдепсіз қылық қияметтің болуымен пара-пар деуге болады. Ақынның хикметте халықтан, елден мейір-шапағат, үлкен-кішіден әдеп, ұл-қыздардан ұят кетті, мұсылман мұсылманды өлтірді, нендей сұмдық заман болып жатыр деп жазуы, ащы да болса шындық. Бұл адамзад баласы жаратылғалы бері жалғасып келе жатқан қоғамның айықпас дерті һәм кеселі. Оның бір ғана шипасы – иман. Осындай қоғамдық ауруларды ашып берген ақын: “Ақыр заман ғалымдары залым болды, Қошаметті айтушылар ғалым болды”, - деп, ғалымдардың да бұзылғандығын қатты сынаған. Таза ғалым жоқ жерде жандайшаптардың алға шығып, оқымысты болатындығын ақын ашына отырып жеткізген. Иасауи мұнда өз білгенін, көргенін ғана жазған. Оның: “Құл Ахметтің айтқан сөзінің жалғаны жоқ, Өз-өзіне бір насихат қылғаны жоқ”, – деп жазуы осыны аңғартады. Осы тұрғыдан алғанда заманға сыни көзбен қарауды Бақырғани ұстазынан үйренген деуге толық негіз бар.

Сүлеймен хәкім хикметтерінің ішінде хикаялы, діни қиссаға құрылған жыр-жолдары да кездеседі. Ақын бұл шығармалардың сюжеті мен кейіпкерлерін қасиетті Құраннан, пайғамбарлар өмір тарихы хақында жазылған “Сияр” кітаптарынын алған. Бақырғани Алла елшілері туралы қызықты хикаяттар келтірген. Қарапайым халықтың біле бермейтін тұстарын ол өлең сөзбен жеткізіп отырған.

Оның қаламынан туған шығармалардың ішінде ең тартымты жазылғандарының бірі – “Мәриям” атты дастан. Мұндағы негізгі кейіпкер – Иса пайғамбар. “Таһа” сүресінің 16-35-ші аяттарында Алланың бұл елшісі туралы біраз мәліметтер берілген. Онда Мәриямның болашақ пайғамбар – Исаны қалай дүниеге әкелгендігі, әрі ол баланы қаумының қалай қабылдағаны Жан-жақты сөз болған. “(Мұхаммед Ғ.С.) Құрандағы Мәриямды айтып бер. Сол уақытта ол, тұрған үйінің шығыс жағындағы бір орынға жекеленіп барды. Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған едік. Сондай-ақ оған рухымызды (Жебірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде кездесті. (Мәриям): “Егер сен тақуа болсаң да сенен Аллаға сыйынамын” деді” (“Таһа”, 16-19 аяттар). Қасиетті кітапта Алла Мұхаммед пайғамбарға Мәриям оқиғасын “Уәзкур” яғни “айтып бер” деп ерекше тапсырма берген болатын. Бақырғани шығарманы жазбастан бұрын осы жағына баса назар аударған секілді. Ақын Құрандағы жағдайды толық баяндап қана қоймастан, сонымен бірге, өз жанынан қосып, дастанды жетілдіріп отырған. Шығармада негізінен, Исаның анасы Мәриямды жоғалтуы ұзағынан сөз болады. Туындының басында ақын:
Қадыр қудратын тыңлаб,

Бір суз йад келді-йә,

Кезләб они тутса болмас,

Мәулім ата берді-йә, –


деп, бұл хикаяны жазуды Алланың өзі нәсіп еткенін, әйтпесе, мұндай деректің оңай табылмайтынын айтады.

Дастанда Исаға төрт кітаптың бірі – Інжілдің түскендігі, оның пайғамбарлардың сардары, әулиелердің ұрпағы болғандығы ерекше суреттелген. Оның өте діндар болып, тәркідүниелікке барғандығы, соның арқасында күндіз ораза ұстап, түнде ұйықтамастан намаз оқығандығы да шығармада берілген. Ақын Исаның Алла берген кереметінің арқасында ауруларды емдегенін мына жолдармен жеткізген:


Қай елгә ул кірсә,

Тума кузсізні курсә,

Туруб дуалар қылса,

Кузлік булар ерді-йә.


Ақын шығармада Әзірейілдің кескін-келбетін (портретін) ерекше суреттемесе де, оның бейнесін Мәриямның қорыққан түрі арқылы беруге тырысқан. Жаналғыш періштені көрген уақытта Мәриямның бүткіл денесі тітіреп, сүйектері сықырлап, жүрегі қысылып, шыбын жаны өзін қоярға жер таппайды. Бүкіл адам санасында қорқынышты кейіпте бейнеленетін Әзірейіл Бақырғани дастанында да сол қалпында суреттелген.

Бақырғанидың өзі о дүниенің қамын ойлап, зар еңіреп жүргендіктен де, оның хикаялы жыр-жолдарының басым бөлігі сондай аянышты етіп жазылған. Исаның анасынан айрылуын суреттеген ақын, барша адамзад баласының сүйікті пайғамбары Мұхаммедтің дүниеден өткенін де, өте әдемі жеткізе білген. Мұндай хикметті жазудың ақынға оңайға соқпағанын “өртенейін хош тыңдаңыз, ей, достар” деген жолдардан пайымдауға болады. Бұл шығармада да алғашқы дастандағы секілді қайғы мен өкініш қатар түсіп отырады. Пайғамбардың ауырып жатқанына тоғызыншы күн. Барша жанды-жансыз жаратылыс үнсіз қалған кез. Мұхаммед төсекте жатып, өз жағдайын емес, артында қалып бара жатқан үмметтерінің болашақ хәліне алаңдаулы.


Қайғурур “уммәтім” деб Расул йатыб,

Фатима иғлар ерді башын тутыб.

Әзраил келді фарман бірлә Хақдын етіб,

Шариф тандін азиз жанны алмақ учун.


“Әзірейіл келді жарлықпен Хақтан жетіп, аялы денеден нәзік жанды алу үшін”. Көкірегінде иманы бар пенде бұл хикметті оқи бастағаннан-ақ, көзіне жас үймелейді. Себебі, ақын бұл шығарманы қайғы үстінде отырып жазған. Ол қайғы – дозақ отынан қорқу, жан азабынан шошу.

Көктен енген Әзірейіл әуелі есікті қағады. Фатима барып ашады. Сонда кім келгенін білмек үшін есік жаққа пайғамбар да жарыса қарайды. Қызы оған сәлем береді. Періште қаһарланып оның сәлемін алады. Мұхаммед уақыт сағатының жақындағанын сезеді. Оның сахабалары қатты қайғырады:


Расул айтды: “Сахабалар бәхил қалың,

Ахирәтгә ундәділәр байақ учун.

Арығ йунуб масжид таба кунда келің,

Өзіңізді жәһәннәмдін йулмақ учун”.


Сонда жан тапсырғалы жатқан пайғамбар жарандарына қарап “жаһаннамнан құтылғыларың келсе, мешітке жуынып күнде келіп тұрыңдар” деген өсиет айтады. Әзірейіл Алла елшісінің жанын алады. Жердегі және көктегі барша жан бұған қайғырады. “Дүйсенбі күн Расулулла сапар қылды, Құдайдың жазғанына мойынсұнды”. Аялы денеге Хазірет Аббас су құйып тұрды, күйеу баласы Әли жуды. Періштелер оның мәйітін көтерген қалпы “Сидратул мунтаһаға” алып ұшты дейді ақын. Шығарма соңында Бақырғани пайғамбардың атына салауат айтуға шақырады.

Ақын туындыларында суреттелетін образдар мен сюжеттердің бәрі дерлік, Құран аяттарынан, пайғамбар хадистерінен алынған. Хәкім ата осы жол арқылы арабша, парсыша жазылған ітаптарды оқи алмайтын қарапайым халыққа түсінікті болу үшін түркіше жазған. Біз жоғарыда келтірген Иса мен анасы Мәриям хақындағы қисса мен Мұхаммедтің дүниеден озуы туралы деректер сол заманда түркі халықтарының арасына әлі толық тарай қоймаған болатын. Осы жағын ескерген ақын айналасындағы халыққа дін тарихы мен пайғамбарлар өмірінен мәліметтер келтіріп, оларға Ислам дінінің қыр—сырын да үйретуге тырысқан.

Сүлеймен Бақырғани образ бен сюжетті таңдауда Құран аяттарының ішіндегі ең қайғылы әрі аянышты жерлерін таңдап алады. Оның қасиетті Меккені алғаш тұрғызған әкелі-балалы Ибраһим мен Исмайыл хақында шығарма жазуы осыған дәлел. Барша діни қиссалар мен пайғамбарлар тарихына арналған жинақтарда бұл оқиға қызықты әрі тартымды етіп баяндалған. Құрандағы “Саффат” сүресінің 83—113 аяттарында Алланың Ибраһимды қалай сынағаны айтылған. Онда: “Раббым, маған жақсысынан бір ұл бер. Оны өте мүлайым бір ұлмен қуанттық. Ұлы (Исмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: “Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?” —деді. Ол: “Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың” деді. Сөйтіп екеуі де ұнап, әкесі оны маңдайының үстінен жатқызады. (Құдіретше бауыздаған пышақ өтпейді.). Біз оған: “Әй, Ыбырайым!” —деп дабыстадық: “Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз» (дедік). Шын мәнінде бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі құрбандыққа ауыстырдық”,—деп баяндалған.

Құранның ішінде қысқа берілген оқиғаны Бақырғани өзіне дейін жеткен деректермен толықтырып, әсірелеп көркемдеген. Тіпті, шығарманың кейбір жерлерінде ақынның шабытқа берілгенін де аңғару қиын емес.


Сузім ешіткіл, ей, мумін, кетәр дунийа зәнгәрі,

Исмаилның қиссасы жанға сафа келді-йә.

Қылды `Әббас риуайат Мустафаниң лафзіндін,

Сәхәбәләр ешітіб, кузда йашлар сачды-йа.


Мұнда ақын қиссаны жазарда пайғамбар өсиетіне арқа сүйгенін айтады. Шығарманың негізгі сюжеті ретінде Мұхаммед хадисін жеткізуші Хазірет Аббастың дерегі алынған. Оқиға Алланың Ибраһимге құрбандық шал деген аянымен басталады.

Өз шығармасы арқылы кемелдікті кеңінен жырлаған тақырыбы кейінгі түркі ақындары тарапынан жиі көтерілген. Қараһандықтар, Алтын Орда тұсындағы жазба жәдігерлер мен Қазақ хандығы тұсындағы жыраулардың шығармашылығында да туралық пен пәктік мәселесі жиі қозғалған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ақын-шайырлар да дін тақырыбына жиі атбасын бұрып отырғаны белгілі. Бұл да болса орта ғасырда басталған дәстүрдің күні бүгінге дейін жалғасып жатқанынан хабар берсе керек.

**** **** ****
Біздің заманымызға дейін хаттардың көшірген қолжазбалары арқылы жеткен ақын мұрасын жариялау ХІХ ғасырдың орта тұсында мықтап қолға алынды. Алғаш рет 1846 жылы Қазан университетінен қадим əліппесімен басылған Бақырғани шығармалары өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл-дарына дейін он алты рет жарық көрді. Кешегі кеңес заманында түркі халықтарының əдебиет тарихына қатысты томдар мен жинақтарда ақын хикметтерінен үзінділер жарияланды. Тек өткен ғасырдың соңына қарай 1991 жылы Ташкентте (Өзбекстан), 2000 жылы Қазанда (Татарстан) бұрын Қазан төңкерісіне дейін жарияланған литографиялар негізінде қайта басылды.

Сондай-ақ Бақырғанидың бірнеше хикметтері Б.Сағындықов, Р.Ахметов жəне Н.Мəтбек тарапынан қазақшаға тəржімаланып, жарық көрді (11). Алайда осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарға ақынның барлық шығармалары енгізілместен, тек үзінділері ғана жарияланып келген болатын. Тіпті ХІХ ғасырда Қазанда басылған литографиялық нұсқалар да ақынның мұрасын толық қамтыған жоқ. Онысы түсінікті де. Себебі орта ғасырда Алтайдан Кіші Азияға дейін жалғасып жатқан түркі мұсылман жұртына кеңінен тараған ақын хикметтері түркі диалектілерінде «өңделіп», бірнеше нұсқада жеткендіктен де, оның бəрін жинақтап, жариялау көп машақат пен қажырлы еңбекті талап етері анық. Оның үстіне Бақырғанидың барлық мұрасы ешқашан да бір кітап немесе бір жинақ ретінде жарыққа шықпаған. Сондай-ақ ақын шығармаларын толық қамтыған қолжазбаларды да кездестіру қиын. Осы күндері түркі мұсылман əлемінде кездесетін ортағасырлық түркі шайырларының немесе сопы ақындардың шығармаларына қатысты баяздардың (антологиялардың) ішінен тек «Құл Сүлеймен», «Хакім ата», «Хакім қожа», «Бақырғани» секілді тахаллуспен (псевдониммен) жазылған хикметтер мен даналық сөздерді ірік-теп алып жарыққа шығару - Бақырғани мұрасын жариялаудағы негізгі мəселенің бірі болмақ.


Пайдаланылған әдебиеттер:





  1. Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы. Алматы: Санат, 1999. –192.

  2. Оңтүстік Қазақстан. Шығармашыл зиялылар. Алматы: Нұрлы әлем, 2001. –320.

  3. Боқирғон китоби. Тошкент: Езувчи, 1991. –80с.

  4. ҚСЭ. ІІ том. Алматы: 1973. –640.

  5. Түркістан халықаралық энциклопедиясы. Алматы: 2000. –656.

  6. Хожа Юсуф Хамадоний. Хает мезони. Тошкент: Янги аср авлоди, 2003. –64.

  7. Көпрүлү Ф. Қожа Ахмет Ясауи танымы мен тағылымы. Шымкент (баспа көрсетілмеген), 1999. –254.

  8. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973. –212.

  9. Стеблева И.В. Поэзия тюрков ҮІ–ҮІІІ веков. Москва: Наука, 1965. –148.

  10. Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. Алматы: Білім, 2000. –368б

  11. Сүлеймен Бақырғани. Бақырған кітабы. (Ауд. Б.Сағындықов) // Ежелгі дəуір əдебиеті. Хрестоматия/Құраст. А.Қыраубаева. - Алматы: Анатілі, 1991. 146-176-бб.; Р.Ахметов. Сопылық сарын//Жұлдыз, 1993.№3. 148-153-бб.; Н.Мəтбек. СүлейменБақырғани(Хакімата)//ҚРБҒМ-нің, ҰҒА-ның Хабарлары. Тіл, əдебиет сериясы. 2001. №5. 81-88-бб.



Филология ғылымдарының кандидаты

Төрәлі ҚЫДЫР

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет