– Келесі сабақта қайсың бақа ұстап әкелесіңдер? – деп сұрады зоология пәнінің мұғалімі Оспанов. – Мен әкелем, – дедім.
– Қадыров, сен әкелесің. Ұмытып кетпе бірақ.
– Атай, неше бақа әкелейін?
– Бір... екеу әкелсең жетеді.
Мен бір, екеудің орнына тіс порошогінен босаған қаңылтыр қобдишаға толтырып, бес бақа әкелдім. Оның біреуі ғана үлкендеу еді де, басқалары кішкентай ұсақ бақалар болатын.
Бірінші сабақ қазақ тілі. Класқа Майқанова кірді де, класс журналы мен сумкасын менің алдыма стол үстіне қалдырып, өзі тысқа шығып кетті. Қоңырау әлі бола қоймаған. Сол кезде сап етіп, басыма бір қызық ой келе қалды. Кішкентай бақаның бірін Майқанованың сумкасына сүңгіттім де жібердім. Не болар екен?
Қоңырау соғылды, сабақ басталды. Тізім шақырып болғаннан кейін Майқанова сумкасын ашып, қол орамалын суырып алды. Сол кезде кішкентай қара сұр бақа қол орамалмен қоса секіріп шығып, секемшіл мұғалімнің қолының дәл үстіне қонбасы бар ма. Майқанованың шаңқ еткен даусы бір-ақ шығып үлгерді. Өңі құп-қу болып, сылқ етіп құлап бара жатыр...
Майқанова содан сабаққа екі күн бойына келмеді. Шошынып ауырып қалыпты. Жұмысқа бүгін ғана шығып отыр. Бүкіл мектепті даңғаза қылған бақа оқиғасының мән-жайы міне осындай.
...Көз байланып кетті. Жоңышқаның төбесінде дөңбекшіп әлі жатырмын. Не істеймін? Қалай көрінемін мамама. Мынау Қаратай деген... мұндай да жабысқақ пәле болады екен. Көлеңкеше еріп, мамамның соңынан бір қалар емес. Япыр-ай, мамам осыған шынымен-ақ күйеуге шықпақшы ма? Жоқ, мүмкін емес.
Бірсыпыра уақыттан кейін үйден Қаратай мен мамам шықты. Қаратай мотоциклін от алдырып, көшеге қарай бұрды. «Кет. Жоғал. Тезірек кет!» мен оны көңіліммен желкелеймін. Бірақ Қаратай кете қоймады, мамаммен сөйлесіп тұрып алды. Олардың сөздерін трттрт еткен мотор үні маған жөндеп естіртпейді. Сөйлесе тұрып, Қаратайдың қалқиған денесі мамама біртін-біртін жақындап, тақала түсетін тәрізді. «Тоқта! Қайда кимелеп барасың?». Мен Қаратайды желкеден бүріп ұстаймын да, бар күшіммен жұлқылап, лақтырамын көшеге қарай. Өлген мысық тәрізденіп көшенің май шаңына барып, ол топ ете түседі.
Бұл да менің ойымда болып жатқан құбылыс.
Қаратай әрең дегенде «хош сау бол» айтысып, мотоцикліне отырып зырғыта жөнелді. Мамам оның соңынан біраз үнсіз қарап тұрды да үйге кіріп кетті.
Әр нәрсенің шегі бар, мен қашанға жата берейін. Тәуекел деп, үйге кірмекші болдым. Қораның арт жағынан түсіп, үстімнің шөбін қағып, бойымды тәртіпке келтіріп алдым. Жүрегім лүп-лүп етіп, алқымыма тығылады.
Есікті аша бергенімде тынысым мүлде бітіп жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін. Ауыз үйден әжем ұшырасып:
– Сен қайда қаңғып жүрсің? Шешең келді, – деп төр үйді нұсқады. Сонан соң құлағыма сыбырлап: – Байқа, шешең саған ашулы, – деді.
Төр үйге кірдім. Мамам киімшең күйі өз төсегінде бір уыс болып, әрі қарап, бүк түсіп жатыр.
– Мама.
Мамам жауап қатпады. Мен жақындай түсіп, оның уысында көзіне басып алған қол орамалы бар екенін көрдім. Жүрегімді біреу ұстарамен тіліп жібергендей болды.
– Мама, сен жылап жатырмысың?
Мамам басын жайлап көтерді де, маған қарай бұрылды. Жасқа шылаған қоңыр көздері бір түрлі бөтен, суық.
– Иә, жылап жатырмын, – деді ол. Даусы қарлығып, бітіп шықты. – Қайтейін жыламай. Құдай бағын ашпаған мен сорға жылаудан өзге не бұйырған. Қу жалғыз, сенің-ақ күйігіңді тартып өлетін болдым ғой. Осы сен не боп барасың күннен күнге. Бұл не сұмдық? Жүрген жеріңе шөп шықпағыр боп барасың ғой. Ұялмайсың ба бір мезгіл елден-жұрттан. Қу жалғыз-ау, айтшы, не болды мұнша саған бұзылып? Өлтірдің ғой мына сорлы анаңды. Неге тыныш жүрмейсің. Осы саған не жетпейді.
– Маматай, қойшы. Ендігәрі...
Мамам менің жалбарына созған қолымды қағып жіберді:
– Жолама. Мама деуші болма мені. Құдайдың сендей бала беріп, азапқа сап қойғанынан да, қу бас тастағаны артық еді ғой.
– Қойшы маматай... Ең соңғы рет кешірші. Ант етемін...
Мамамның тізесін құшақтай жығылған қалпым еңіреп жылап жібердім.